Мәдениет

Мерейтой

Тобығын туған жұрты есіне алды

 

Ақтөбеде  қазақ әдебиетінің Тобық пен Сағи сынды екі дүлдүлінің тойы үш күн бойы дүркіреп өтті. Алғашқы күні облыстық Достық үйінде  Тобық Жармағамбетовтің туғанына 80 жыл толуына  арналған «Қаламының ұшында сөзі қалған…» атты әдеби-сазды кешке  Астанадан, Алматыдан келген жазушылар қатысты.

Шараға Ақтөбенің зиялы қауымы, оқырмандар, Алматыдан келген Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов, Астанадан келген жазушы жерлесіміз Табыл Құлиясов, әдебиет сыншысы жазушы Айгүл Кемелбаева, журналист, жазушы Жанат Елшібектер сынды қонақтар қатысты. Тобықтың досы Сәдуақас Нұржанов, немере інісі Аманғос Жалмағамбетов, Сағидың жары Уәзипа, қызы Қарлығаш та болды. Тобықтың жары Сәпия, қарындастары Әсем және Тілектес келді.

Шараны ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Алдымен кезінде жазушының өзі қызмет жасаған «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы түсірген Тобықтың өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильм көптің назарына ұсынылды. Фильмде Тобықтың қысқа ғұмырында 7 повесть, 18 әңгіме жазғаны айтылды. Басқа да құнды деректер алға тартылды. Ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев қысқа да нұсқа баяндама жасады. Ол  1966 жылы сол «Жазушы» баспасынан Тобық Жармағамбетовтің «Нәзік бұлттар», одан кейін жарық көрген «Қызыл ай» повестері туралы қызықты әңгімеледі.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова сөз алып, Тобықтың тойына алыстан арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, жиылған жұртты жазушының мерейтойымен құттықтады.

Белгілі әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Бақыт Сарбалаев өзіне сөз кезегі тигенде: «Бүгінде той көп қой, бірақ Тобықтың тойының жөні бөлек.  Ақтөбенің Тобық пен Сағи сияқты төл перзенттерін ұмытпай еске алып жатқаны қуанарлық оқиға. Ақтөбе — республикадағы әдеби шығармалардың кейіпкерлеріне ескерткіш тұрғызған алғашқы облыс, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасының кейіпкерлеріне ескерткіш орнатыпты, мұның да өнегелік мәні бар.

1964 жылы «Таңғы шық» деген атпен сыншылардың мақаларынан тұратын кітап жарық көрді. Сонда саңлақ сыншы Зейнолла Серікқалиев Тобықтың «Отамалысы» туралы керемет пікір білдірді»,— деді.

Жазушы, журналист Жанат Елшібеков былай деді: «Ақтөбе — қазақ әдебиетінің алтын бесігі, небір марғасқалардың елі. 45 жыл журналист болып, барлық жерді шарлап жүрсем де, Ақтөбеге жолым алғаш рет түсіп отыр. Менің Тобық шығармашылығымен таныстығым «Таңғы шықтан» басталды. 10 жылдан бері ізденіп, роман-рецензия кітабымды жазып бітірдім. Тобықтың шығармашылығы туралы осыдан екі-үш жыл бұрын жазылған «Ол ұмытылмайды!» деген мақаламды оқып телефон шалмаған адам аз шығар, осы мақаланың қасында менің өмір бойы жазғандарым еленбей қалды. Айгүл Кемелбаева қарындасым екеуміздің Тобық туралы жазғандарымыз екі басылымда бір күнде жарық көрді, бұл  да тегін жай емес».

Сыншы Айгүл Кемелбаева: «Сағидың «Мені жалғыз демеңдер, жебеушім бар» дейтіні бар, сол айтқандай, мен де бір құдіреттің жебеуімен Ақтөбеге тұңғыш рет қадам басып тұрмын», — дей келіп,  Тобықтың «Отамалысы» туралы қалай жазғаны, ізденгені туралы айтты.

Жерлесіміз Табыл Құлиясов: «Менің бір тілегім бар, Қазақстан Жазушылар одағына да құлаққағыс, Тобықтың көзі тірісінде жарияланбаған шығармаларын кітап етіп шығарса деймін», — деді.

Тобықтың жары Сәпия Кенжебайқызы Тобықты еске алып жатқан еліне, алыстан келген жазушыларға айрықша алғыс айтты. Жазушының мұрасын шашау шығармай сақтап, папкіге бөліп, оның үшеуін бір қапқа салып алып, Алматыдағы Баспалар үйіне қалай барғаны туралы есіне алды. Сол жерде ақын Есенбай Дүйсенбаевпен жолығып қалып, оған: «Ең болмаса баспаның архивінде жатсын» деп  тапсырыпты, кейін сол қолжазбалар  бірінен соң бірі кітап болып жарық көріпті. Сәпия апай: «Тобық көп жазатын. Денсаулығы онша болмаған соң: «Неге жаза бересің?» деп кейимін. Сонда ол: «Мен өлсем, сендерге нан болады ғой», — дейтін.  Енді сол қолжазбаларының соңғы папкісі қолымда, соларды бір кітап етіп шығарса деген ойым бар», — деді.

Ақын Бауыржан Бабажанұлы Тобықтың жары Сәпия Кенжебайқызына жазушының қаламдас інілері, оқырмандар атынан камзол кигізді.

Екі қаламгердің  мерейтойының өтуіне мұрындық болып, басы-қасында жүрген белгілі ақын, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірхан Ақдәулетұлы кешті қорытты.

Кеште «Достық сазы» ансамблі өнер көрсетті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Даланың сыршыл жүрегі

 

Көркем сөздің зергері Тобық Жармағамбетов  пен  ақтаңгер ақын Сағи Жиенбаевтың туғандарына 80 жыл толуына орай өткізіп жатқан үш күндік шараның екінші күні Сағиға арналды. Т.Ахтанов атындағы  драма театрда   Сағи Жиенбаевтың құрметіне «Даланың сыршыл жүрегі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған Алматыдан, Астанадан келген қонақтар қатысты.

Кеш қатысушыларының назарына алдымен «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы «Қаламгер» айдарымен дайындаған Сағи Жиенбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған  деректі фильм ұсынылды.

Кешті ақын Мейірхан Ақдәулетұлы жүргізді. Жиылған қауымға: «Қазақтың Сағиының үлкен тойына, поэзия мерекесіне қош келдіңіздер. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Сағи ағамыздың шығармашылығы туралы көп дүниелер жарияланды. Туған жері Ақтөбеде де ақын тойын атап өтіп отыр. Сағи тойы  одан әрі өзінің Алматысында жалғасады», — деді.

Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев баяндама жасады. Ертай Ахатұлы:

«…Әкесі репрессия құрбаны болған, өзі «халық жауының» баласы ретінде тиісті сыбағасынан құр қалып өскен, балалық шағы соғыс өртіне шарпылған Сағи аға, неге екені белгісіз, кір шалмаған (дұрысы, кір шалмауға тиіс) таза дүниенің жыршысы болып қалыптасты. Суық қаһарын төкпейтін, бұлтты қабағын түймейтін, ылғи жадырап-жайнайтын, кіршіксіз, гүл-шешегі құлпырған дүние — Сағаңның басыбайлы стихиясы еді.

Көктемде бір тоғайлар шуылдайтын,

Көктемде бір тұлабой дуылдайтын.

Бетке жұққан даланың ақ тозаңы

Ақ жаңбырлар жумаса, жуылмайтын, —

деп басталатын өлең лезде жатталып қалмауы мүмкін емес қой. Әйтпесе:

…Көктем зулап  өтіп жатыр төбемнен,

Көкшіл булар көшіп жатыр белеңнен…

Белді буып,

бір жұлдызды бетке алып,

Бір сиқырлы жолға түсіп келем мен, —

деп басталатын шумақтарға ілесіп оқырманның өзі де әлдебір сиқырлы жолға түсіп кеткісі келіп тұратыны және рас емес пе?! Сиқыр дегеннен шығады, кезінде Мұқағали Мақатаев қаламдасы Сағи Жиенбаевтың поэзиясын  мыңғырған мың жылқының арасындағы жалғыз жирен құлынның мойнына тағылған, еркелей сыңғырлаған жез қоңырауға теңегені бар еді. Және сол пікірін одан әрі үстеп, «Сиқыр, оллаһи, сиқыр! Нағыз лириктің құдіреті осынысында болса керек» деп және таңдай қаға тамсанған еді. Қазіргі қазақ поэзиясын Сағи Жиенбаевтың өлеңдерінсіз елестету тіпті мүмкін емес. Егер Сағи Жиенбаевтың өлеңдері болмаса, қазақ әдебиетінің ақ шаңқан отауында әлдебір жүк-жасаулар жетіспей тұратындай жағдай әлдеқашан қалыптасты», — деді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәпен Жұмабаева сөйлеп, кеш қонақтарына ризашылығын білдірді.

Ал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов  сөзін Сағи ағасының өлеңін оқудан бастады, ақынның адам баласын ренжітпейтін, кеуде көтермейтін, қатты сөйлемейтін жұмсақ мінезі туралы айтып өтті. Содан кейін айтулы ақын Есенғали  Сағи ақынның туғанына 80 жыл толуына орай  С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы өткізген жыр мүшәйрасының жеңімпаздарына сыйлықтарын табыс етті.  Мүшәйрада І орынды М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқытушысы Жұлдыз Қожабекова, ІІ орынды Астанадағы Ұлттық өнер университетінің магистрі Балтабек Нұрғалиев, ІІІ орынды Темір аудандық саз мектебінің мұғалімі Сұңғат Жетенов иеленген болатын.

Содан соң сахнаға Алматыдан келген Қазақстан жазушылар одағының хатшысы Бақыт Сарбалаев пен астаналық жазушы, сыншы Айгүл Кемелбаевалар шықты.

Айгүл Кемелбаева: «Сағидың шығармаларының басты ерекшелігі неде десем, ол — адамдарды сүйеді екен, барлық шығармасы мейірімге тұнып тұр», — деді.

Бақыт Сарбалаев: «Сағидың сырбаз, сыршыл ақын екені  Есенғалидың «Жұмсақ» деген мақаласында өте жақсы айтылды. Ақтөбе жұрты әдебиетті сыйлайды екен. Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевқа қойылған ескерткіш те  соның бір айғағы іспетті. Ал Әбілқайыр ханға қойылған керемет ескерткішке таң қалдым, қазаққа рух беріп тұр деп ойлаймын. Бұл — ұлы қолбасшы, хан, батыр Әбілқайырдың алмағайып уақытта қазақ халқы үшін сіңірген еңбегіне әділетті баға берудің  көрінісі», — деді.

Әдеби-сазды кеште  Сағидың сөзіне жазылған «Анашым» әнін әнші Шынтас  Омаров пен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың актрисасы Айнагүл Өлмесековалар жұбы орындады.

Жас ақын Гүлжайнар Қалдина мен Т.Ахтанов атындағы драма театрдың актері Әсет Оразалин  Сағидың өлеңдерін жүрекке жеткізе оқыды.

Ақтөбенің аузы дуалы ақсақалы, қадірлі қарты, Тобық, Өтежан, Сағи, Есенбай, Сәбит секілді ақын-жазушылардың ұстазы Ниетжан Берікұлы сөйледі.  Ақын Жақсылық Айжанов Тобық пен Сағиға арнаған «Сағыныш» атты өлеңін оқып берді.

Алматыдан келген Сағи ағамыздың жары Уәзипа мен қызы Қарлығаш ақынға құрмет көрсетіп жатқан ел-жұртына, жазушыларға алғыс айтты. Мейірхан Ақдәулетұлы ұйымдастырушылар атынан Уәзипа жеңгейге камзол кигізді.

Кеш барысында театр фойесінде қойылған  «Сағидың әсем әлемі» атты кітап көрмесін тамашалауға мүмкіндік болды. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымы дайындаған көрмеге ақынның жарық көрген барлық кітаптары, оның шығармашылығы туралы мерзімді баспасөз беттерінде   жарық көрген мақалалар, ақынның  отбасы, туған-туыстары берген фотосуреттер қойылыпты.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Қос жұлдыз тағы да жарқырады

 

Тынымсыз жағаласқан жел Байғанин өңіріне дейін ілесіп келсе, аудан орталығына кірер тұста оған сіркіреген жаңбыр тамшылары қосылды. Әйтсе де, дірдек қақтырар суық ызғар жоқ еді. Күзгі ерке жел, жылы тамшы.

Әрісі Алматы мен Астанадан, берісі Ақтөбеден жол тартқан қонақтарды Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов бастаған ажарлы топ бір қырдың астынан ас-дәммен, ән-күймен қарсы алды. Жылы жүзді қауышулар одан әрі аудан орталығында жалғасты.

Келесі күні аудандық Мәдениет үйіне халық ағылып келіп жатты. Әуелі жұртшылық жазушы мен ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесімен танысты. Бұл кезде қонақтар аудандық кітапханада болып, қос қаламгер туралы лебіздерге қанықты, өздері де сырлы сөздер айтты, одан соң аудандық музейдегі қымбатты жәдігерлердің тарихына үңілді. Содан соң ғана Мәдениет үйі жүздесу ордасына айналып сала берді.

Белгілі ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев жүргізген «Жемнің қос жұлдызы» деп аталған салтанатты әдеби кеш «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы әзірлеген жазушы Тобық Жармағамбетов туралы «Нәзік сезімді суреткер» және ақын Сағи Жиенбаев жөнінде сыр шертетін «Өлеңнің ерке өзені» деп аталатын қос бейнефильммен басталды.

Бұдан соң алғашқы лебіз білдіру тізгіні аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтыгерей Тұрлыбаевқа беріліп, ол бұл өңірде қадірлі қаламгерлерге қатысты қандай мағыналы да мазмұнды іс-шаралар жасалғанын қысқаша баян етті, «кіші Жазушылар одағы» атанған, қазақ әдебиетіне осы қос қаламгерге қоса Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Қажығали Мұхамбетқалиев, Мәди Айымбетов тәрізді қаламгерлерді сыйлаған аймақтың бүгінгі тынысымен таныстырды.

Ал қаламгерлер тарапынан алғашқы сөз кезегін Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаев алып, Сағи мен Тобықтың ұлттық әдебиетімізде алар орны туралы бағалы пікірлерін ортаға салды.

Осыдан соң тойға алыстан әдейі ат арытып жеткен қаламгерлер сахнаға шықты.

Сонау жылдары журналистік қадамын алғаш бастаған кезде осы өңір топырағын талай басқан, Тоқаңмен де, Сағаңмен де дәмдес болған сатирик жазушы Табыл Құлияс, 1964 жылы «Таңғы шық» деп аталатын ұжымдық жинаққа әңгімелері енген бір кездегі жас жазушылардың кейінгі өмірін түгел зерттеп, тұтас еңбек жазған, соның ішінде Т.Жармағамбетов туралы да толымды мақаланы дүниеге әкелген жазушы әрі журналист Жанат Елшібек, қазіргі әдеби сынның талантты өкілдерінің бірі һәм жазушы, «Отамалы» әңгімесін терең зерттеген Айгүл Кемелбаевалар қос қаламгердің қазақ прозасы мен қазақ поэзиясына қосқан үлестері мен енгізген жаңашылдықтары туралы толғана әңгімеледі.

Ақтөбе өңірін ерекше елең еткізген бұл салтанаттың бастауы мен нақ ортасында жүргендердің әңгімелері, әрине, ерекше әсерлі болмақ.

Белгілі ақын, танымал көсемсөзші, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлының қос аға қалдырып кеткен мұраның терең қадір-қасиеті туралы толғамы осындай салтанаттардың тәрбиелік-тәлімдік мағынасы, оны елдік мазмұнмен байыту хақындағы нақты пікірлермен әдіптелді.

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Раукен Отыншин қос қаламгер туралы жыл басынан бері жүргізіліп келе жатқан шараларды айтып қана қоймай, мысалы, Тобық жазушының бұдан жиырма жыл бұрынғы, мерейлі 60 жылдығына байланысты тойдың басталуы туралы қызықты деректерді тірілтті. (Өз тарапымыздан қоса кетсек, сол кезеңде Тоқаң туралы алғаш сөз қозғап, ол туралы материалдарды жинақтаған, «Сәлем саған, ер Тобық!» атты жинақты шығарудың бастаушысы болған, демеушілер іздеп тапқан сол кезде облыстық «Ақтөбе» газетінде жауапты хатшының орынбасары болған осы Р.Отыншин, көмекшісі газеттің бөлім меңгерушісі Нұрмұханбет Дияров болатын).

Ал облыс әкімшілігі, облыстық мәдениет басқармасы мен облыс орталығындағы әдебиет, өнер өкілдерінің сәлемін облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұхан жеткізді.

Әлбетте, барша қаламгердің екі өмірі бар, шығармашылығын қалың жұрт білсе, жеке тіршілігін достары мен қаламдастары ұмытпақ емес. Қос қаламгердің тұстастарының, екеуін де жақсы білгендердің, бала кезінде бірге өскендердің немесе қызметтес болғандардың әңгімелері бір бөлек. Осы тұрғыда Алматыдан келген отставкадағы полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәду Нұржауов пен Қазақстанның құрметті журналисі Кәдірбай Бекмағамбетовтің лебіздері жарасымды жүздесуді лайықты жалғады. Ал осы өңірден шыққан қаламгерлердің бүгінгі жалғасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанұлы қос ағасына арналған «Сағыныш» атты өлеңін шырайландыра оқып берді.

Мәдениет үйіне лық толы қауым Сағи ағаның зайыбы Уәзипа Жиенбаева мен Тобық ағаның зайыбы София Жармағамбетованы ду қол шапалақтап қарсы алды, олардың әр сөзін қыбыр етпей тыңдады. Қалың жұртшылықтың сүйікті меншігіне айналған туындылардың авторлары туралы апайларымыз ерекше жылылықпен, көзге жас үйірер қимастық сезіммен сөз қозғады. Сондай-ақ, олар осындай биік дәрежедегі шараның өткізілуіне ықыласты болған облыстық және аудандық әкімдікке, облыстық мәдениет басқармасы мен аудандық мәдениет бөліміне, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына, облыстық «Ақтөбе» газетіне алғыс сезімдерін білдірді.

Осы тұста айта кеткен мақұл, аудан әкімі Мамырғали Аққағазов аудан халқы атынан қос апамызға қос ағамыз тақымға басуға тиіс қос тұлпардың жоралғысын жасады, қонақтардың иығына шапан жапты, естелік сыйлықтар ұсынды.

Байғанин ауданы қос таланттың тойына әбден лайықты дайындық жасағаны әр қадамнан аңғарылып отырды. Мысалы, осы салтанатты кеште Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Айналдым елім», «Сенемін бір бақытқа», Тобық туралы сөзін ақын Е.Ашықбаев жазған Орал Байсеңгіровтің «Нәзік бұлттар» әндерін Б.Тәжібаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстазы Сара Ибраимова, аудандық мәдениет үйінің директоры Гүлжан Қонаева, Б.Тәжібаев атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Назерке Мағжанқызы орындады. Сағи Жиенбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Сағидың сырлы саздары» атты аудандық байқаудың бас жүлдегері Данагүл Жанәділова «Оймауыт» өлеңін оқыды. Ал салтанатты кеш осы топырақта туған тағы бір талант Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрәділ Қолдасбаевтың орындауымен аяқталды.

Салтанатты сәт аяқталғанымен жұртшылық тарасып кетуге асықпады. Олар орыс тілінде жазатын айтулы ақын, оның үстіне Сағи Жиенбаевтың «Әлия» поэмасын орыс тіліне аударып, кітап етіп бастырған Амантай Өтегеновпен, белгілі ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлымен қызу әңгімелесіп жатты. Ел тұрғындарының Сағидың қызы Қарлығаш пен Тобықтың қарындастары Әсем мен Тілектеске қояр сауалдары да аз болған жоқ.

…Осылайша Байғанин аспанында қос жұлдыз тағы да жарқырады. Қос жұлдыздың жарығы ешуақытта сөнбейтіні тағы бір мәрте мәлім болды. Кейін оралған шақта алдымыздағы қыраттардың бірінен Тобық жазушымен қолтықтаса Сағи ақын шыға келіп:

Шарладым қыр мен ой ішін,

Жұпарын жұттым жал-құздың.

Жалғызсың, далам, мен үшін,

Сен үшін — мен де жалғызбын, —

дейтіндей көрінді де тұрды.

 

А.ДАСТАНОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button