Мәдениет

«Үш жүзден Жанқожа ағам аруағы асқан…»

 …Расында, қазақта батыр көп. Қаны сұйылмаған, қаруы жиылмаған кешегі бабалардың тектілігінен болар бұл, бәлкім? Бәлки, қазіргідей саусағыңды қимылдатсаң, бұйырғаны алақаныңа түсетін заманда емес, «егеулі найза қолға алып» ертеңгі ұрпаққа қалар ұлан-ғайыр даланың ұлтарақтай да үлесін жатқа  бермеу үшін қазақтың кез келген атұстары түн қатып, ер үстінен түспеген кезеңнің әр жауынгері шынымен батыр болған шығар? Әйтеуір, арада өткен сан жылдар, әлде ғасырлар призмасынан қарайтын болсақ, аңыз-әфсана аралас әңгімелер арасынан сол батырлардың сом тұлғалары сан алуан кейіпте көз алдыңа келеді. Өз төрі мен жеріне, руы мен қанына тартқыш қазекем өз Батырын әспеттейді-ай кеп…Тек батыр емес, әулие. Тек батыр емес, Атымтай-жомарт. Тек батыр емес, шешен. Тек батыр емес… көсем!

…Әр-әр жерде жыл құрғатпай өтіп жататын батырлар тойына барып жүрміз. Өткен жиындағы батырдан айнымайтын портрет той төрінен орын алады. (Апыр-ай, дулыға, сауытын  былай қойғанда, сақалдарына дейін айнымайтынын қайтерсің?).

Жанқожа батыр тойына шақыру алғанда да, екіұдай сезімде болып, «дайын сценарийді» түртіп алғанбыз. Бірақ…

 

«Наркескен»

 

Батыр тойынан тапқан үлкен олжамыз — Әбдісаттар Оспанов ағамыздың «Наркескен» атты трилогиясы болды. Жанқожа батырдың өмірі мен жауынгерлік жорығын қазақы тілмен байыпты баяндаған үш кітап… бас алдырмайды. Нақты дәйектер мен деректер, «…талай небір ботагөз де балғын аруларды аюша жаншып…», «…қалбиған саз қамал енді өзіне арнап салынған тас зындандай…» деп келетін орамдар, жыраулардың түйдек-түйдек  төкпелері… Үш томды оқып шыққанда Жанқожа бейнесі кәдімгі қасыңда жүргендей сомдалып шыға келеді. Батыр тойын ұйымдастырушалардың аса бір ұтымды ісі осы кітаптың жарық көруі мен оның тойға келгендерге сыйлыққа таратылуы болды деп ойлаймыз. Ал өз басымыз  Әбсаттар Оспанов ағамыз туралы аз білетінімізге ұялдық. «Шөп те өлең, шөңге де өлеңге» кеткен есіл уақыт-ай» дедік те, «Наркескенді» қайта парақтадық.

Кітаптың тұсаукесері той қарсаңында Қызылорда қаласындағы Б.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өткізілді.

 

Қазыналы Қазалыдағы той

Жан-жақтан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан, Ресейдің Омбысынан келген меймандар алғашқы күні Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалының алаңында бой түзеген Жанқожа батыр ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Қармақшы ауданындағы Қорқыт баба кешеніне аялдап, құран бағыштады, ел ағалары Ұ.Қараманов, Ө.Озғанбаев, Қ.Ыдырысов, Б.Смағұл және  басқа қонақтар кешен жұмысымен танысты.

Келесі күні той батырдың кесенесі орналасқан өз мекені — Қазалыда жалғасты.

Бұрын да болғам. Осы ауданның «Мәдениет» деген кеңшарында практикада жүріп «Қасиетті  Сырға шомылып алайық» деп кілең студент күріш суаратын арыққа суға түскенбіз…

Аудан орталығы жадаулау көрінді. Көк шаң, жасыл желек аз. Тазалықтың аздығы ұялтты. Ал адамдары…  Танысын- танымасын, «тойға келдіңіздер ме, үйге жүріңіздер» деп жік-жапар болып жатқан бір халық.  Қазақты  қаншалықты қонақжай десек те, осы сөзді соңғы он жыл бедерінде қазалылықтардан есіттік.

Той десе, ештеңесі қалмаса да, бәрін шашатын қазақпыз ғой, Қазалы тойға шашылды. Көше бойлай тігілген ақшаңқан үйлерде есеп жоқ. Әдемі ән, әуезді күй. Айтпақшы, облысымыздың Шалқар қаласынан арнайы барып, Жанқожаның жиені Байқазақ бабамыздың атынан екі үй тіккен және Ақтөбеден барған бірнеше мейманның сапар шығынын мойнына алған шалқарлық кәсіпкер, Байқазақ батыр ұрпағы Абай Ноғаев дейтін азаматқа ерекше алғыс айта кеткіміз келеді.

Бір  таңғаларлығы, тойға жиналған халықтың көптігіне қарамай, ұйымдастыру деңгейінің жоғары болғаны. Меймандардың  аяғын жерге тигізбеген қазалылықтар оларды  Жанқожа батыр кесенесіне бастап апарды,  Ақтан батыр кесенесіне аялдатты, Жанқожа батыр ауылына  соқтырды.  Батыр ауылының тойдан ұтқан тағы бір тұсы — ауылға дейінгі жол асфальтталыпты,  «Тағзым» атты кең де салтанатты алаң ашылыпты. Батыр бабаларының шапағаты ұрпағына тигені деп топшыладық, әйтпесе қиян даладағы ауылға жол қашан келерін кім білсін?

Той аясында өткен барлық шараларды тізбелеп шығу мүмкін емес, басты- бастыларына тоқталар болсақ, жеті жұп қатынасқан республикалық ақындар айтысы, «Жанқожа батыр жас ақындар жүрегінде» атты жас ақындар айтысы,  жыраулар фестивалі, «Ел қорғаны ер Жәкем» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасы, «Түйе палуан» атағы үшін қазақша күрестен, қол күрестен, гір тасын көтеруден өткен спорттық шаралар, эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт, «Ауыздықпен алысқан хас батырдың тұлпары» атты ат бәйгесі.

Республикалық айтысты Жүрсін Ерман жүргізіп, өткізді. Жүрсіннің жүйріктері өзара жұптасып айтысып, Жанқожа бабаның ерлігі мен өнегелі істерін жырға қосты. Бабаның тойына арнайы келген құрметті қонақтар Асанәлі Әшімов, Елмұра Жаңабергенова, Алмас Алматов, Молдахмет Қаназ, Нұрперзент Домбаев, Жетіскен Мәкенәлі ақындардың өнерін сарапқа салды.
Нәтижесінде Бекарыс Шойбеков жеңімпаз болып танылды және бірінші дәрежелі жүлдені Мейірбек Сұлтанхан, екінші дәрежелі жүлдені Әсем Ережеқызы, үшінші дәрежелі жүлдені Жансая Мусина, Иранғайып Күзенбай, Еркебұлан Қайназаров өзара бөліске салды.

Ал Қазалы аудандық мәдениет орталығында өткен  «Ел қорғаны Ер Жәкем» атты аймақтық жас ақындар мүшәйрасына Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе қалалары мен аудандардан барлығы 20 талапкер қатысты. Қазылар алқасы олардың Жанқожа батырға арнау өлеңдерінің мағынасына, шумақ ұйқасына, сахна мәдениетін игеру деңгейіне, өлеңнің жатқа оқылуына басты назар аударды.
Нәтижесінде бас жүлдені қазалылық Есет Табынбаев жеңіп алса, жүлделі І орынды қазалылық Сапар Абдулла иеленді. Жүлделі ІІ орындарды Байқоңыр қаласынан Ұлықбек Тәңірбергенов, Сырдария ауданынан Салтанат Қожа иеленді. ІІІ орындарға қызылордалық Мөлдір Айтбай, шиелілік Бекжан Ержігіт, қазалылық Ұлан Қалиев табан тіреді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Ауыздықпен алысқан хас батырдың тұлпары» атты ат бәйгесі Әбдіраман төбе баурайында өтті. Ресейдің Орынбор қаласынан және Қазақстанның 14 облысынан қатысқан аламан бәйгенің «ЖАНҚОЖА БАТЫР» атындағы бас жүлдесін Алматы облысынан Байбатыр Сатыбалдиев ( шетел автокөлігі «Лэнд крузер»), ІІ орын —»Ақтан батыр» атындағы жүлдені Алматы облысы Сәбит Оспанов, ІІІ орын — «Тәйімбет Көмекбаев» атындағы жүлдені Қазалы ауданынан Серік Естенқұлов, ІY орын — «Саяси қуғын-сүргін құрбаны Өте» атындағы жүлдені қазалылық Ниетәлі Әбікәримов жеңіп алды.

Той өтті.  «Үш жүзден Жанқожа ағам аруағы асқан…» деп  әйгілі Төремұрат жырау айтқандай, кеше бір жағы қырғын  қалмақ, бір жағы ормандай орыстан қасиетті қазақ жерін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап өткен қасиетті баба рухы Қазалы аспанында асқақтап тұрды.  Ел келген қонақтарға жапырылып қызмет қылды. Бәрін айтып тауыса алмаспыз, бірақ көзімізге түскен  бүгінгі қылқандай екі бала, ертеңгі ел сүйенер азамат болар жастар, Қазалы аудандық әкімшілігінің қызметкерлері Балгүл Мәмен мен Марғұлан Ахметовке бөлекше ықылас білдіргіміз келеді.

 

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Ақтөбе-Қазалы-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button