Қос қаламгердің мерейтойлары лайықты атап өтіледі

Нәзира Табылдинова:
Қос қаламгердің мерейтойлары лайықты атап өтіледі
Биыл Ақтөбенің айтулы перзенттері, қазақ әдебиетінің орны бөлек екі тұлғасы, көрнекті қаламгер Тобық Жармағамбетов пен сыршыл ақын Сағи Жиенбаевтың туғандарына 80 жыл толды. Жерлестері екі ардақтысының мерейтойын қазанның 17-18-19 күндері облыстық деңгейде атап өтеді.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нәзира Табылдиновадан екі жазушының мерейтойына орайластырылған шаралар барысы туралы сұраған едік.
— Жем-Сағыздың бойында қазақ әдебиетінің бағына туған екі қаламгердің мерейтойын қалай өткізгелі жатырсыздар?
— Ақтөбенің Байғанин ауданынан Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаев, Қажығали Мұқанбетқалиев, Мәди Айымбетов сияқты қазақтың небір дүлдүл ақындары мен жазушылары шыққаны белгілі. Биыл «Кіші Жазушылар одағы» атанған Жарқамыстағы мектепте бір сыныпта оқыған Тобық пен Сағидың 80 жылдық мерейтойын облыс деңгейінде лайықты қарсы алуды жерлестері өздеріне парыз санайды. Тобық Жармағамбетов өмірден ерте озғанымен, ол «Нәзік бұлттар», «Отамалы», «Қара жаңбыр», «Қызыл ай», тағы да басқа өлмес шығармаларымен ел есінде қалды. Абыройлы алпысын тойлап үлгермеген Сағи Жиенбаевтың «Жадымдасың, жас күнім», «Әлия», «Оймауыт», «Сол бір көктем» есімде» сияқты туған жерін жырға қосқан сыршыл лирикасы оқырманын тапқалы қашан. Кейінгі жас буынды олардың асыл қазынасымен таныстыру, әрдайым есімдерін ардақтау, оны жастайынан білетін жерлестерінің жадында жаңғыртып отыру елдігімізді байқатса керек. Исі қазаққа ортақ тұлғалар болса да, оларға деген туған жұртының сый-құрметі қалай екен деп сынайтын сырт көз де бар екенін білеміз. Сондықтан биылғы жылдың басынан бері Ақтөбе қаласындағы, аудан орталықтарындағы, ауылдардағы кітапханаларда дәстүрлі шаралардан бөлек Тобық пен Сағидың шығармашылығына арналған танымдық сағаттар, оқырман конференцияларын, кездесулер, кітап көрмелері тұрақты түрде ұйымдастырылды. Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Тобықтың 80 жылдығына «Талантымен танылған тұлға» деген атпен, ал Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Сағидың сырлы саздары» атты әдеби кеш және кездесу өткізді.
Облыстық әкімдіктің мұрындық болуымен «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен осы өңірдің қаламгерлерінің 20 кітабын шығарды, солардың ішінде Тобық пен Сағидың шығармалары да жарық көрді. Сағидың таңдаулы 80 өлеңін Ахтанов атындағы драма театрдың актерлері аса шеберлікпен тыңдарман жүрегіне жеткізе оқып, дискіге жаздырды. Той барысында осы дискілер қонақтарға сыйға беріледі. Сол сияқты Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының екі қатарлы дербес ғимаратқа көшіріліп, басыбайлы баспаналы болып жатқанын да жақсы жаңалық деп есептеймін.
Енді облыс көлеміндегі ірі шара туралы айтайын. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолдауымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы үш күндік шара ұйымдастырып жатыр. 17 қазан күні түстен кейін сағат 15.00-де Достық үйінде «Қаламының ұшында сөзі қалған…» деген тақырыпта Тобық Жармағамбетовтің туғанына сексен жыл толуына арналған әдеби-сазды кеш өтеді. Ал 18 қазанда сағат 11-де Тахауи Ахтанов атындағы драма театрда «Даланың сыршыл жүрегі» атты Сағи Жиенбаевқа арналған кеш ұйымдастырылуда. Қазанның он тоғызында Сағи мен Тобықтың туған жері Байғанин ауданында шара жалғасын табады.
Қарауылкелдідегі кездесуге келген қонақтар мен екі жазушының отбасы мүшелерінен басқа да баруға тілек білдіруші әріптестерін, жазушы-журналистерді апарып-қайтуға мүмкіндік бар екенін еске сала кеткенді жөн санап отырмын.
— Мүйізі қарағайдай екі қаламгердің мерейтойларына кімдер шақырылды, сырттан келетін қонақтар бар шығар?
— Алматыдан Тобық Жармағамбетовтің немере інісі Аманғос Жалмағамбетов, досы Сәдуақас Нұржанов, Сағи Жиенбаевтың жары Уазипа апай, үлкен қызы Қарлығаш келеді. Ақтөбеде Тобық Жармағамбетовтің жұбайы Сәпия апамыз, қарындасы Әсем Мырзағұловалар бар.
Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов, жазушы, «Мереке» баспалар үйінің директоры Мереке Құлкенов, әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаева, жазушы жерлесіміз Табыл Құлиясов, журналист, жазушы Жанат Елшібектер қатысады. Қонақтарды 17 қазан күні күтіп аламыз.
Кеште тойға арнайы шақырылған, Тобық пен Сағидың көзін көрген, олардың шығармашылығымен етене таныс жазушылар, әдебиет сыншылары айтатын әңгімелер мен естеліктері жерлестері үшін қызықты болары сөзсіз. Кеш барысында Сағи Жиенбаевтың сөздеріне жазылған «Ауыл қарттары», «Ана», «Туған жер» тәрізді талай әндері шырқалады, Тобыққа арналған әндер де орындалады.
Тағы бір айта кететін нәрсе — Ақтөбенің зиялы қауымын, әдебиетші ғалымдарды, мұғалімдерді, студент жастарды, оқушыларды, барша жұртты 17 қазан күні облыстық Достық үйінде басталатын Тобық Жармағамбетовтың, 18 қазан күні сағат 11.00-де Ахтанов атындағы драма театрда болатын Сағи Жиенбаевтың есімдерін ұлықтауға арналған әдемі әдеби шараға қатысуға шақырамыз.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.
Мұқағали МАҚАТАЕВ
Жез қоңырау
…Мыңғырған мың жылқының арасында жалғыз жирен құлынның ғана мойнында әдемі, құйттай жез қоңырауы бар еді. Оның сыңғыры сұмдық тұнық-тұғын. Жылқылар жайылғанда да, жусағанда да, күндіз де, түнде де, сол
жез қоңыраудың үні бірде о жерден, бірде бұ жерден дыбыс беріп қояр еді, біртүрлі рахат, біртүрлі сүйкімді естілетін. Жылқы жусап жатса, анда-санда бір ғана сыңғыр етіп, «тыныштық, қорықпа!» дегендей, ал қайсыбір мазасыз түнде жылқы үрке қалса, жез қоңырау толассыз шырылдап беретін. Көзге түртсе белгісіз түнекте табыннан адасып қалсақ, әлдеқайда алыстан үздігіп естілген жез қоңыраудың үнін бағытқа алып, үйір-үйір жылқымызды жинап алатын едік. Жез қоңыраудың қасиеті солай еді.
Сағидың поэзиясы — мен үшін сол жез қоңырау. Бірде-бір артық сөзі жоқ, бірде-бір тәртіпсіз буыны жоқ, артық өлшем, жетпей жығылу дегендерді іздесе таптырмайтын Сағи поэзиясы сол жез қоңырауды елестетеді. Қандайда затты, қандайда қимыл-құбылысты алмасын, Сағи оған сағилық әр, өң, сағилық мінез бермей қолынан шығармайды. Міне, мен өз басым, оның өлеңдеріндегі кейде бір ой, тақырып, образ қайталауы сияқты кінәларын кешіремін. Оқи отырып, тіпті ол кемшіліктерін байқағым да келмейді. Себебі, сиқыр, оллаһи, сиқыр! Нағыз лириктің құдіреті осынысында болса керек! «Оркиігіндегі» «Оркиігін» оқып берейін.
Бір уыс бұлттай бал дене,
Суырылып шығып ақ нұрдан,
Көзімнен ұшқан сәуледей,
Зу ете түсті-ау алдымнан…
Жөнелді-ау, желмен өбісіп,
Тұңғиық түпсіз аймаққа…
Жалғанның жалғыз серісі,
Барасың жалғыз қай жаққа?!
Басыңа қандай туды күн,
Қалды ма көңлің жат елден,
Құйын боп жүрген мұңлығым,
Құтылармысың қатерден?!
Еркелеп қырдың таңына,
Жанарың шықтай мөлдіреп,
Кездесермісің тағы да,
Көрісермісің соңғы рет.
Сен бе едің алау шаттығым,
Зуылдап өтер бір келіп.
Дүниенің мөлдір пәктігі
Өзіңмен ғана жүр ме еріп?
Кеттің-ау бетке күнді ұстап,
Шыққандай жаңа пейіштен…
Сен ұшқан жаққа бірге ұшты-ау,
Менің бір аппақ періштем».
Мен бұл лириканың (өлеңнің емес) құдіретін дәлелдеп жатпаймын. Тек мынаған назар аударыңыздар. Бірінші шумақтың төртінші жолындағы «зу ете түсті-ау алдымнан» дегендегі «түсті-ау»-дың «ау» дейтін шылауын, екінші шумақтағы «жөнелді-ау»-дың «ау» шылауын алып тастап, ең соңғы шумақтағы «кеттің-ау бетке күнді ұстап»-тағы «кеттің-ау»-дың «ау» шылауын алып тастап оқып көріңізші, лирика нендей халге түсер екен. «Зу ете түсті, жөнелді, кетті» дегендей ешқандай динамикасыз, харакетсіз, баяндау қалпында өлең болып қала берген болар еді. Бұл жердегі «ау» шылауы дәл осы сәтте ақынның аузынан лап еткен ақ жалынын, өкінішін аңғартып отыр. Осы «ау» шылауы дәл осы сәтте осы өлеңнің стержені болып тұр. Тіпті шылаудың өзінің лирикада қандай нәзіктік атқарып тұрғанына көзіміз жетті ғой. Ендеше, нәзіктікпен байқап-байқап қатынас жасайық. Нәзіктікке сотқарлау сыншының сойқан балғасы емес, арудың бір тал шашы да ауыр тиюі мүмкін…
Мына бір өлеңге назар аударып көрейік:
Ошақта қалды от өліп,
Сипаймын жылы денесін.
Көзімді жаймен көтеріп,
Көремін жалын елесін.
Отырмын күлді уыстап,
Сең-тоғыс ойлар жанымда,
Мынау күл қалай туыспақ.
Алмас жүз, асау жалынға?!
Бір сәтте күлге жан бітіп,
Қолымды қыршып алғаны.
Бұрқ ете түсті шаңғытып,
Қасқыр көз шоқ боп ар жағы.
Шоқ жатыр көзі қанталап,
Жасырған жүзін күлменен.
Жел соқса ұшар анталап,
Қып-қызыл өрт қой бұл деген!
Бұл да осы жылдың тәуір өлеңі. Былайша қарағанда, ештеңе де емес сияқты. Өшкен оттың күлімен ойнап отырған лирикалық герой күл астындағы оттан қалған қозға қолын қыршытып алады. Мұнда тұрған не бар? Тіпті ақынның өшкен оттың қозындағы күлде не шаруасы бар дегендей атүсті сұрақтар да қоюға болар еді. Алайда ақынның дүниетанымы, оның күлге деген көзқарасы мүлде бөлек екен. «Мынау күл қалай туыспақ, Алмас жүз асау жалынға?!» — деп аңырады. Ақын жүрегінде өмірдің өткен де кеткен бір сәтіне деген аянышты бір діріл бар… Мүмкін, ақын осы сөнген от арқылы өз өмірін де, өзгенің өмірін де ойлайтын шығар, лап етіп жастық шақты да есіне алған болар?! Дәл осылай ма, жоқ па, әйтеуір, оты өшкен ошақ ақынды мазалай берді. Ол оның «жылы денесін сипайды». Бірақ осы бір азадай ауыр басталған жыр кейінгі екі шумақта шұғыл бұрылыс жасайды да, «Қасқыр көз шоқ» көрінеді. Өшкен отқа өкініп отырған лирикалық герой мынадай оқыс оқиғадан секем алып, «қып-қызыл өрт қой бұл деген!» — деп әлгіндегі көңіл мұңы үрейге айналады. Бар-жоғы 16 жол өлең осыншама толқуға салады. Жәйбарақат жатқан адам психологиясын оятып, оның сезімін қытықтайды. Лириканың сиқырлығы да осында жатыр…
(«1969 жылғы қазақ поэзиясы» мақаласынан.)
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
Сағи
Қазақстанның жері де, аспаны да тың деген бір сөзбен тыныстап тұрған бір шағы еді. Кейде тың деген сөзге тың жер, тыңайған жер деген үш-төрт сөзді қосып жиі айтатынбыз. Тыңға арнап өлең жазбаған ақын болған емес. Сол тұста бұрын әдебиетте аты естілмеген бір топ жас ақындардың да орталықтан шығатын газет-журналдардан бірлі-жарым өлеңдерін оқи бастадық. Біздің ақындар бұрын мақташы қыз, жылқышы қыз деген өлеңдер жазса, үлкендеріміз “Тың көтерген қарындас” десек, мен қатарлы студенттер тың көтеруге сонау алыс Украинадан, Мәскеуден тыңға келген құрбыларымызды мақтап өлеңдер жаза бастадық. Қызылордадан Сағидың, Канапияның, Нұрханның өлеңдерін оқысақ, Алматының өзінен Еркештің, Қадырдың, Шәмілдің, менің де өлеңдерімді оқи бастады жұрт. Сол жас ақындардың ішінде көп үміт күттіретіндердің ең белдісі, ең беделдісі осы Сағи Жиенбаев болатын. Оның өлеңдері техникалық жағынан өте мықты еді. Сөйтіп тыңды оятып жүргенде арада екі жылдай уақыт өтті. “Пионер” журналында қызмет істеймін, әрі оқимын. 1956 жылдың көктемі еді. Мен отырған бөлмеге өзімдей жас жігіт кіріп келді де маған қолын беріп: “Сағи”, — деп өзінің атын атады. Көп жылдан бері көре алмай жүрген туысымды көргендей күліп жібердім мен. Ол оқушылардың көктемгі каникулға шыққанын, соны пайдаланып бізбенен танысып сәлемдесейін деп келгенін айтты. “Сәлемші болсаң төрге шық”, — деп мен оны жатырқамай жақсы қарсы алдым. Ол айтты: “Сенің студент екеніңді білемін. Жатақханада тұратының да белгілі. Егер қарсы болмасаң, Ізтай ағаға барайық. Ол кісінің квартирасы бар шығар, ал жолды баста деді”, — Сағи. Ізтайды да осы жолы тұңғыш рет көретінін айтты. “Егер ол кісі пәтер жағынан қысылса, менің жатақханама барамыз. Менің төсегіме жатасың. Мен Едіге досыммен бірге жата тұрамын”, — дедім. Ізағаң да Сағиды өте жылы қарсы алды. Өздері жерлес боп шықты. Әңгімелесіп, әзілдесіп екеуі менің бар-жоғымды ұмытып кеткендей болды. “Е, мына қонақ өзінің туысқанын тапты ғой, мен жүре берейін”, — деп ойладым да келген жолыммен кетіп отырдым. Сонымен Сағидың Алматыға сол жылы жазда көшіп келгендерін бір-ақ білдім.
Қазақтың атақты ақыны Сағи Жиенбаевпен біздің ұзақ жылғы туысқан, дос болып араласқан өміріміз осылай басталды. Сағиды Сырбай, Жұбан ағалары “Қазақ әдебиетіне” жұмысқа алды. “Қазақ әдебиетінің” әдеби қызметкері деген жұмыс ол кездегі біздің ұғымымызда осал қызмет болмайтын. Шәміл “Жұлдыздың”, Сағи “Қазақ әдебиетінің” поэзиясын қарайды. Тұманбай да “Пионер” журналының өлеңдеріне жауап береді. Біздің үштік одағымыз осылай басталды. Тастақта үш үй қатар көрші тұрамыз. Кімнің үйінде дәмді тамақ болса, соны бөлісіп жейміз. Үш жігіт бір үйдің баласындай өмір кештік. Жазғандарымызды бірімізге біріміз оқимыз. Газет-журналға шыға қалсақ, оны да бірге тойлаймыз. Біздің сол бала жігіт кезіндегі достығымыз осы күнге дейін жалғасып келеді. Алдымен Шәміл кетті елуін тойламай, Сағи алпысын тойламай ол кетті. Солардың юбилейін басқарсын, елге солар туралы білгенін айтсын деп Құдай өзі қалдырған шығар мені. Бүгін Сағидың 75-іне арнап мақала жаза бастадым мен.
Сағи көп те жазған жоқ, аз да жазған жоқ. Оның өзінің соңына қалдырған еңбектері бүгінде туған елінің қолында. Сырға, мұңға, от сезімге толы өлеңдер, көктемге ұқсайтын шуақты сезімдер, кісіні сергітуден, көңілдегі ұйықтаған ойларды оятудан жаңылмайтын. Сағи жырларын өлең сүйетін қазақтың оқымайтыны, оны аяламайтыны жоқ шығар. Сағи өз жазған өлеңдерін оқуға өте шебер еді. Мен онымен Түркіменстанға, өзіміздің Оңтүстікке бірге бардым. Жарысып өлең оқыдық. Жарысып өлең жаздық. Бірімізге біріміздің ұнайтынымызды көзіміз айтатын. Өзіміз көп үндей бермейтін едік. Мен елуге келгенде менің жерлестерімнің алдында Сағи менің творчеством туралы баяндама жасады. Мен оған “Белинскийге жақындап қалыпсыз-ау, аға”, — деп қолын алдым. “Осы сын жанрын көп қуаламаймыз ғой. Әйтпесе, өлеңді жаза білетін адам ол жайында айта да біледі ғой” деп ол да күлді. Сағи не жазса да жақсы жазатын. Оның лирикасы өз замандастарының жақсы лирикасындай көңілді қуанышқа, нұрға, бақытқа толтыратын еді. Сағидың қысқа поэмалары да ерекше мақтауға тұратын дүниелер еді. Бүкіл үлкен өлеңнің бір жерінде сүрінбей жорғалап отыратын оның қаламы отты да, ойлы дүниелерді аз тудырған жоқ. Сағи жазған барлық өлең жақсы. Сағи аударған аудармаларға көзің қуанып, көңіл толады. Шынында ақын деген сөзде халықтың ұлы махаббаты жатыр емес пе? Халықтың аузына ақын болып ілінген екенсің, ол сенің ел жүрегін еріте біліп, сол халықтың махаббатына бөленгенің.
Мен Сағидың кітабын оқып отырып әлсіз, әлжуаз дүниелерді кезіктірген емеспін. Сағидың да, Қадырдың да, Мұқағалидың, Әділбек пен менің де сүйікті ақын ағам Қуандық Шаңғытбаев аға Сағи туралы бір мақаласында: “Сағи Жиенбаев — лирик. Және оқитын жұртқа көптен бері танымал, көп қатарына ұқсамайтын, өз қолтаңбасы бар лирик. Оның шынайы шабытынан шыққан өлеңдері жалпақ жұрттың жүрегіне жол тауып жатты. Сонда өлеңді қадыр тұтатын қауым Сағи лирикасын неге жақсы көреді. Өйткені өмір бар ол өлеңдерде, ыстығы мен суығы, кермегі мен тәттісі қым-қуыт араласып, астасып жатқан кәдімгі дүниеяй өмір”, — деп ұстаз ақын дәл айтқан. Өмірінде тек жақсы өлеңдер жазған өнегелі Қуан ағаның осы бағасына менің қосып-аларым жоқ. Қатарым болған соң мен Сағиды, Қадырды қадағалап оқимын.
“Жер менен көкті жалғаған
Ақ жолақ жатты тартылып.
Адырда тұрған аруана
Қарады бір сәт маңқиып.
Майысып әлсіз бұралған
Қамыстар үкі тағынып.
Айдын көлге — аэродромға
Құс келіп жатыр ағылып.
Қалтырап қорқып, дүрлігіп
Құрбан боп кетпей теп-тегін,
Киіктер жонда иіріліп
Күтіп тұр газик өткенін.
Сәулені кешіп, жел желпіп
Көңілде үрей — дық қалмай.
Дәуірдің барлық перзенті
Бір-бірін үнсіз ұққандай”.
Осы төрт шумақ өлеңде кісіні қайран қалдыратыны ақынның көзі. Даланың осы бір суреті сіздің көңіліңізді оятып, жақсылық ауасымен тыныстатып, жақсы бір тілекке, үмітке бастап апаратын сияқты. Момын табиғат, соны қабылдаған ақынның момақан жүрегі оқырманын тіпті де бейжай қалдырмайды. Сағидың да, оның қаламдастарының ғұмыр-мақсаттары — өлең жазу, жақсы өлең жазу болатын. Мансап қолға тие қалса, оны да сол ақындыққа қызмет еткізуге пайдаландық. Сағи біраз қызмет істеді. Бар қызметі өлең маңында болатын. “Жазушы” баспасының поэзия редакциясының басшысы болып Сағи кеңсе қызметін аяқтады. Жақсы өлең оқыса жанып түсетін бауырым ақындықты ту етіп өтті дүниеден.
“Ұясына шығып ап,
Ұшады бір құс күнде.
Жүреді ылғи зымырап,
Туған жердің үстінде.
Жанымның жас бұлбұлын,
Қарауылға ілмеңдер.
Құс екен деп бір күні,
Атып қойып жүрмеңдер”
Сағидың бұл айтып отырғаны да жанымен туысып, табысып кеткен поэзиясы. Мен сендерді сүйдім. Менің өлеңдерім тек махаббаттан. Арманнан, оттан жаралып еді. Құдайым сені жарылқасын, досым, өзімді-өзім қорғармын тірімде. Өлеңіме мейірімді бола көріңдер, дейді ақын Сағи.
Сағи Жиенбаев қазақ өлеңін аударма арқылы байытуға көп атсалысқан үлкен ақын. Ол бұл салада ақын ағалары Қасымды, Қуандықты, Мұзафарды, Ізтайды, Ғафуды үлгі тұтатын. Жақсы жасаған аудармасын ақын достарына оқып беруді өзінің бір қызығындай көретін.
Машинада жүріп оның радиосын тыңдаймын. Сағи өзінің ақын бауырлары Мыңжасар Маңғытаевтың, Ескендір Хасанғалиевтің, Әсет Бейсеуовтің, Дүнгенбай Ботбаевтың көп әндеріне өлеңдер жазыпты. Аса шебер қолдан туған өлеңдер ғажайып әндерге қосылғанда, тыңдаушының көңілін қуанышқа бөлейтінін өз жанымызбен сезіп жүрміз. Кейде ойлаймын, жас композиторлар Сағи ағасының өлең кітаптарына қараса, өздерінің әндерінің бағын ашатын керемет өлеңдер тауып алар еді.
Сағидың өлеңдерін оқып, әнге жазылған жырларын тыңдап мен өз жаныма көп ләззат аламын. Қатар жүргенде Сағидың кітаптарына мен мақала жазбаппын ғой. Соным бекер-ақ болған екен. Қатарлас шауып келе жатқан жүйріктер біріне-бірі тілектес боп, жетелесіп, жеделдесіп сөреге жетеді екен.
Өлең өлкесінде қатар ұшқан Сағи ақынның жетпіс бесіндегі айтар аз ғана сөзі осы. Аллам өмір беріп жатса, бұл достар жөнінде айтылар сөзім әлі көп деп ойлаймын мен.
2010 жыл.
Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ
Сағидың даусы
Әдебиетке әу бастан жазғытұрымның нөсер жаңбырындай өз даусын естіртіп, өлең өлкесін жайната келгендерде кемел шақ бар да, балалық балаң шақ жоқ па, қалай? Мұндай бақыт санаулы саңлақтардың ғана маңдайына жазылған-ау. Алпыс жасында дүниеден өткен Сағи Жиенбаевтың қырық жылдық ақпа-төкпе ақындық асуларынан атойлап тұрған бала шәкірт балаңдықтың ізін байқамаймыз. Сірә, поэзия әлеміне ерте көктемдей бірден бүр жарып, алтын күрекше еркіндей келген ерекшелігінен шығар бұл. Сіз ақынның тұла бойы тұңғышындай кіп-кішкентай «Қарлығаш» жинағын көңіл көзінен қайта бір өткізіп көріңізші: адамгершілік асыл қасиеттерді таңғы шықтай тап-таза қалпында мөлдіретіп жеткізе білген тамаша таланттың қолтаңбасы сол алғашқы кітабынан-ақ анық танылар еді.
Өз тұстастары Қадыр, Тұманбайлар секілді, Сағи — өмірде де, өлеңде де ерте есейген ұрпақтың өкілі, өйткені:
Ерте көрдім соғыстың да не екенін,
Қаңырап қалды менің туған мекенім.
Қырға шықтым қарттарға мен қосылып,
Жалаң аяқ, жабылмастан етегім…
Еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін еңбек қазанын қайнатуға шоқтай жинаған кезең суреттерін кестелеген шоғыр жырлардан жаралы жылдар бейнесі елестейді. Бірақ ол — еңсені езетін мұң сөзі емес, ширығып, шиыршық атқан лирикалық бейненің «уақыт пен өзі жайлы» монологы, жан мен жүрек естелігі. Ал «ат қылып ойнар шыбықпен шапқылап бұзау қайтарып», «арқырап жүрген асауды арбаға жегіп, шөп тартқан» сол жас қаһарманның:
Ұмыттық шалқып ойнауды,
Бір үйдің бір-бір көзі боп,
Тездету үшін тойларды,
Ержету үшін тезірек…
немесе:
Қыр жақтан қас қарая шұбап келіп,
Жатушы ек жертөлені жұмақ көріп,
Біріміз бірімізге арқа сүйеп,
Біріміз бірімізге қуат беріп.
Балға алдық, орақ та алдық, күрек те алдық,
Көзіміз қарауытып… жүдеп-талдық.
Әйтеуір, ошағынан от өшірмей,
Шаңырағын бір-бір үйдің тіреп қалдық, —
деген өзекжарды толғанысы өз толқынының ортақ өмірбаяны екеніне риясыз иланасың. Сондай-ақ, бүкіл бір буынның автопортреті іспетті қабылданатын әрі өрелі дастанға лайық өмір-тірлік өрнектері сыйып кеткен «Жолда» атты өлеңінде «қос доңғалақ шиқылын қара жолдың құлағына тыңдатып» келе жатқан қам көңіл бала: «Алдымдағы жалғыз серік — жануар, қолымдағы жалғыз қару — таяғым»,— деп батқан күнге батпан мұң шертуші еді. Өгіз айдаған сол таяқ көп ұзамай ақ қағазға өрнектеген әрбір әрпінен азаматтық пейіл мен адамгершілік мейір самалы аңқылдап есіп тұратын ақындық қаламға айналып, азабы көп қара жол ағынан жарылатын жыр сапарына ұласады. Сөйтіп, елуінші жылдардың екінші жартысында, Нұрпейіс Байғаниндей ағыны терең ақдария шыққан елдің поэзия патшалығындағы жалғыз елшісіндей боп, қазақ лирикасының қазыналы теңізіне бір әдемі ақ толқын қосылғаны қандай қуаныш!
Заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ұлттық поэзиямызға жаңа желпініс, айшықты ажар-көрік, сырлы саз әкелген осынау ақ толқындар тобын «жыл келгендей жаңалыққа» балағаны жадымызда. «Көк аспанға жүрегімен бір самғап, балапаны ұшқанын ерте көрген» сыбызғы үнді сырбаз ақынның тырнақ алды тұңғыш туындылары кезінде ұлы Мұхаңның назарын аударып: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін сүйсініп оқыдым, оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар… біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар, поэзияға керек нәрсе — осы шыншылдық», — деген риза жүрек бағасын естуі аз олжа ма? Және ол бедірейген бедеу ақиқат емес, «бетіңе ыстық демі сезіліп» тұратын шыншылдық. Сағи саздарының да түп негізі оның азаматтық тұғырнамасында жатыр. Бұларға кемеліне толған керемет шеберлікті қосыңыз. Сол төрт таған сапа-қасиет — «толып жатқан образ, көпшілікке ортақ шындық, бетіңе ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық», азаматтық тұрғысының айқындығы — бәрі төркіндесіп келгенде Сағи ақынның шырын қаламына оралған кез келген тақырып ет жүректі елжіретер шынайы өнер шығармасына айналып жүре береді. Сірә, Жиенбаев музасының тағы бір алабөтен жақсы сипаты кезінде Н.Тихонов «ақын көңілінің күні» деп атаған дүниеге көзқарас жарқындығымен сабақтас болса керек. Содан ба екен, Сағи саздары адам жанын «Айлы сонатадай» әлдилеп, арман асқарына алып ұшады, тіпті, ол қайғыны айтып отырып та, көңіліңе күн шуақты сезім құйып, жарық жалғанға деген құштарлығыңа қанат бітіріп қояды. Оның табиғат өлеңдері мен махаббат лирикалары әлемдік поэзия классикасынан саналуға әбден-ақ лайықты!
…Көктем сайын құстар қаптап кеп ұя салатын ауыл шетіндегі жалғыз терекке жасыл түсіп, балапандар жайрап қалады.
Қимылдап жатыр кейбірі,
Секілді тірі қалатын.
Кейбірі әлсіз жерді ұрып,
Жия алмай жатыр қанатын.
Шыр ете қалды біреуі,
Біреуі соған қосылды.
Біреуі шөпке сүйеніп,
Қайталап жатты осы үнді.
Әкетті жел де өсіріп,
Барады жүрек суылдап —
Балапан құсқа қосылып,
Даланың өзі шырылдап.
Былай қарағанда мұндағы жайлар кәдуілгі кездейсоқ бакытсыздықтың бірі сияқты.
Ал тереңірек үңілген оқушы осы он шумақ өлеңнен, мейлі автор соғыс туралы ештеңе демесе де, балалықтарын сонау сұрапыл дауыл сойқаны соққан жетім-жесір тағдырларды көз алдыңнан өткізетіні айдан анық. «Балапан құсқа қосылып» байтақ «даланың шырылдауы» жан түршіктірер көрініс қой! Соны көріп тұрып, қастыққа қалай қарсы шықпассың!? «Сүт туралы баллададағы» қызыл қасқа сиырдың үлпілдеген үрпіне жаутаңдай қараған бала мен бұзау, сосын жесір ана-лардың жадау көңілін жақсы ырыммен желпіндіріп, оң аяғын көтеретін сәбилер («Оң аяқ»), көп жыл өтсе де, көкесінің қан майданнан қайтпасына сенбей жүрген жеткіншек («Сенбеймін»), соғыс салмағын көтеріп, жоқтықты жеңіп шыққаны үшін наградталысымен көгалда алысып ойнап жатқан қарасирақтар («Медаль») — қай-қайсысы да қабырға қайыстырар әрі көзге қуаныш жасын үйірілтер көріністер ғой. Бұлардың бәрінде де және ел аман, жер тыныш тірліктен күй шертетін «Құлын», «Балықшы туралы баллада», «Бауыр» секілді толып жатқан толғауы тоқсан толғаныстарда да, айналып-үйіріліп келгенде, ойыңда өткен соғыс жаңғырығын оятып, күрескерлікке үндейтін азаматтық ауқымды саз бар.
Сағи шығармашылығын жарқ еткен әр өлеңі сайын жарқын белеске бастап, өн бойынан үзілмес өзек-желі боп келген соғыс пен бейбітшілік, жеңіс берекесі мен мерекесі, бел шешпей өткен балалық пен аяулы аналар, ауыл қарттары жайлы жырлары әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан тиянақты зерттеуді күтеді. Тарлан лирик Қуандық Шаңғытбаев ағамыз тап басып танығандай: «Сағидың соғыс жылдарына арналған өлеңдері поэзиямыздың үздік үлгілерінің сапында өз орнын тапты десек, мұнда ешқандай асыра сілтеу де, артық мақтау да жоқ екеніне талас болмаса керек… көзіңе ас, ерніңе күлкі шақыратын, өзегіңе от тастап, кеудеңе тұңғиық мерей рақатын толтыратын нағыз хрестоматиялық дүниелер».
Бұл айтылған саф таза сапа-қасиет ақынның ақ толқындай үйіріліп тұрған лирикалық дастандарына да тән. Соның ішінде Әлия мен Нүркен хақындағы поэмалары ғажайып лириктің эпикалық қарымын да танытып еді. Сонау алпысыншы жылдар басында біздің әдеби сынымыз бен қалың жұртшылықты елең еткізген:
Құйқылжытып асыға,
Құстар әнге салады.
Көк теректің басына
Көктем шығып барады,—
деп құлпырып түскен жыр топтамасының құлақкүйі қандай еді! Мына жалғыз шумақты оқысымен-ақ, өз кеудеңде де бір көктем бүршік жарып, жан дүниең жырлай бастағанын сезінесің ғой.
Жазира Жемнің бойында Оймауыт деген ауыл бар. Сағи сонда туған. Ару аналар мен аруаналардың өлкесі. Ақ сағым көтерген белдер, ақ самал желдер, ақ нөсер жаңбырлар, сабасынан аспай-саспай, сабырлы ағып жатқан жуас Жем, бозала таң мен бозторғай, ақ мұнарда жүзген ақтылы қой, әппақ әлем… Ақын — табиғат бөбегі. Ана сүтімен бірге сіңетін мінездей, талант табиғаты да туған топыраққа тартады дейді ғой. С.Жиенбаевтың көсемсіп көкірек көтермейтін, даңғаза даңқ пен дақпырттан аулақ жүрер адамдық бітім-болмысы мен ақындық жаратылысында аңқылдаған сол аймаққа тән ақтық пен пәктік бар еді. Бұл жөнінде бір тебіренісінде былай толғаныпты:
Өзгерген жоқпын әлі мен,
Өтсе де талай жел-құйын.
Өзіңде қандай сәби ем,
Сәбимін әлі — сол күйім.
Анығында, туған жерге арналған сол сәбилік сезім өмірінің ақырына дейін Сағи суреткерлігінің жібек желісі, алтын арқауы болды. Бұл саладағы жырларындағы лирикалық қаһарманның ыстық жүрек лүпілінен ұлан-байтақ Қазақстанға деген перзенттік ұлы махаббаттың тыныс-лебі еседі. Аумағы үлкен, ауқымы мол дем-тыныс, кең тыныс. Сағи поэзиясы арқылы Қазақстанның қиыр түпкіріндегі ешқайда құймайтын кішкентай Жем өзені сонау Ақ Жайық пен Атырауға ақ толқын жамыратып, Сырмен сырласып, Ертіске еркелеп, Көкше көріністерімен жалғасты. «Қарақалпақ жерінде» «Қарақұм оттарына» көз тігіп, «Ыстықкөл самалына» құшақ ашып, «Кавказ дәптерінен» «Ақеділ толқындарына» тіл қатты… Мұның бәрі Сағи Жиенбаевты халықтар достығының қалтқысыз жыршысы еткен айрықша қадір-қасиеті екенінде шүбә жоқ. Ал оның көркем аударма саласындағы көп-көп жемісті еңбегі өз алдына бір төбе. Бәрі-бәрі классикалық тәржімелер екенін мойындамақ керек.
Теңіз әлемінде алдымен қозғалған тегеурінді бір толқын өзінен кейінгі жаңа толқындардың да жамырай шығуына себепкер болып жатады. Осыған ұксас құбылыс әдебиет әлеміне де тән. Алпысыншы жылдардан бастап, күні бүгінге дейін өлең теңізіне үздіксіз құйып жатқан толқындардың қай-қайсысына да Сағи шайыр шабытының шарапаты тигені айдан анық. Тірлігінде ешкімнің бетіне жел боп тимей, атақ-мансап қумай, мақтау-марапат күтпей, заман, саясат ауанына қарап ауа жайылмай, поэзиядағы бір шыкқан биігінен төмен түспей кеткен С.Жиенбаевтың қазақ өлеңін өрге көтеруге қосқан үлесі өлшеусіз көл-көсір. Біз бәріміз де Сағи мектебінің шәкірттеріміз. Сағи дегенде, менің есіме шығыс жұлдыздары Жәми, Сағди есімдері түседі. Аты жағынан ғана емес, ақындық заты тұрғысынан да ұқсастығынан шығар. Ертеректегі бір толғанысымда мынадай түйінді ой болушы еді:’
Майсалы самал сайларда
Майыса есіп майда леп,
Сайрайды бозторғайлар да:
«Сағидай жырлау қайда?!» — деп.
Бұл солай екені ақиқат. Сағи поэзиясының сазы «үн мен ұғым үйлесімінің» (Қ.Шаңғытбаев) даусы, сөз бен әуен жарастығының даусы, адал сезім, адамгершіл рух, іңкәр сұлулық даусы екендігін жарық дүниеге құштар көңіліңді құс жанының қанатындай желпіген ақжелең шығармаларынан анық танисыз.
Білмеймін, танып дауыстан,
Аңсай ма далам елжіреп,
Сағына күтіп алыстан,
Сағидың даусы келді деп?
Бір өлеңінде ол осылай толғаныпты. «Аяулым болған жандарға керексіз енді дегізбе!» — деп түйінделетін өлеңі де бар. Сағидың даусы, Сағи сазы… Бұл — қазақ лирикасындағы айрықша нұрлы дауыс, сырлы саз. Ол дауыс, ол саз уақыт озған сайын, қоғам, ұрпақтар толқыны жаңарған сайын қалың қауымға жаңа сәнмен жаңғыра жетіп тұруы тиіс! Келешекте де керек, қадірлі қазынамыз деп қастерленуге лайық. Алдағы мамыр айында С.Жиенбаевтың туғанына 70 жыл толады. Қазақстан Жазушылар одағы, әсіресе, ақын дүниеге келген Ақтөбе өңірі мұны республикалық деңгейде өз дәрежесінде атап өтіп жатса, өскен елдіктің бұл да бір белгісі ғой.
2004 жыл.
Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ
Сағыныш
Көктем келсе,
Керемет бір күйге енер.
Күтті оларды гүлдеп талай жиделер.
Құшақ жая аңсағанда боз белдер
Ағытылды самал желмен түймелер.
Ақ шулан бұлт
Жарқамысқа төкпеді;
Тектілерін іздейтін
Көк те, бәлкім, өкпелі.
Нар қамыс та теңселеді еріксіз
Тобық, Сағи бұл өмірден кеткелі.
Қызғалдағы қаптап өсер ғашық қыр,
Жанарынан түсірмей жас басып тұр…
Қос жұлдызын толқынымен тербеткен
Жем өзені
Тасымады арнасынан асып бір.
Нәзік бұлтын жырлады Ертай тамсанып,
Сағыныштың салмағы, ол қанша жүк.
Сағиым деп Қоскөл жатты мөлдіреп
Ұшты құстар түстік жаққа ән салып.
Тебірентті сағынышты сонша жыл
Қалам ұстар жеткіншегін, аңсады ұл.
Қос атаның батасы ма бұл деумен
Алақанын жайып тұрды тамса нұр.
Өтті Өтежан
Өкінумен тіл қатып.
Есенбайың пәк жүректі жырлатып.
Абызым деп Тобығын, сағынатын Сағиын
Жүрді Сәбит жүрегіне мұң батып.
Тағдыр — тірлік пенделердің өткелі,
Тобық, Сағи мына күнге жетпеді.
Сексенінде
Партасына оралар деп күтеді
Қос жұлдызын Жарқамыстың мектебі…
«Жоқ, ол ұмытылмайды!»
«Отамалы». Бұл – ақтөбелік талантты жазушы Тобық Жармағамбетовтың баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Қалам сілтесіне қарағанда, оның кітапқа шықпаған көркем дүниелері облыстық газетте жариялануы әбден мүмкін. Сөз еткелі отырған «Отамалысын», шатастырмасам, мектепте жүргенімде «Жұлдыз» журналынан оқыған сияқтымын. Біледі-ау деген әр-әркімнен сұрастырғанымда көбі екіұшты дүдәмал пікірлерін білдірген. «Газет-журналдардың бірінде жарияланған болуы керек…». Ал ең ақиқаты бұдан елу жыл бұрын «Таңғы шық» жинағынан оқығам. Балаң шақтағы әсерімді майын тамызып, маңайымдағы сыныптас достарым мен көрші-қолаңның өзіме тетелес қара сирақтарына қос жанарым боталап тұрып шертіп бергенім еміс-еміс есімде…
Содан бері осы аңыз-әңгіменің ұзын-ырғасы қанша мәрте қайталанып айтылды десейші. Оның да себебі бар. Әдеттегі қазақшылық әсірелікке басып мың мәрте, жүз мәрте демей-ақ қояйын, әйтеуір жыл сайын көктемнің соңына таман сүр қар сұйылып, жер жалаңаштана айналып соғар алай-дүлей ызғарлы боран кезінде еске түсіретінім анық. Өйткені табиғат-құдірет ешқашан қателеспейді, өз амал-әрекетінен жаңылмайды да. Табан астынан, тұтқиылдан төнген сынақ сағатының салмағы мен сабағын өлшеп-екшеу мүмкін де емес.
Ғажабы сол, осынау сұрапыл сәттің суретін сиқыр сөзбен сызған Тобықтың әңгімесін бейжай оқи алмайсың. Шамырқана шиыршық ата басталған хикая бірден баурап ала жөнеледі. Әлқиссасына үңілген мезетте-ақ оқиға ішіне сүңгіп кеткеніңді аңғармайсың, аза бойың тітіреп, сай сүйегің сырқырайды. «…Қаптай жауған қар қиыршықтарының әрқайсысында осы аңыздың мұз боп қатқан түйіршіктері ұшып жүреді. Сол кезде аңыздың әлсіреп жеткен зар-шері кең даланы көктемгі тұмандай бүркеп кетеді. Бұл мұң біресе жазыққа жайылып, біресе бұлтқа сіңеді. Биік құздың басынан жел болып құлап, сай-салаға тығылады. Өзен бетінде шыны толқын болып ойнайды. Жер үсті, аспан асты жүрек зарына толып, төбелердің баурайын қайғы шарбысы қорғап алады».
Аңыздан арна тартқан шып-шымыр әңгіменің көтерген жүгі зілмауыр. Желмен бірге жеткен шер құлазыған қазақ даласының тарих қатпарларына айналған көне кескінін көзіңе көлбеңдетеді. «Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып жұт жортады. Әр төбенің ар жағынан суырылып шығып, боран ышқынатын. Әр төбенің астында қасқыр жататын. Сол көп төбелердің бірінің баурайында Отамалы деген қойшы өмір сүрген екен».
Мінеки, трагедиялы әңгіменің бас геройы – осы Отамалы қойшы. Бүкіл ғұмырын байдың есігінде, қойдың соңында өткізген талайсыз жанның аянышты халін өзек еткен шағын шығарманың мегзер ойы тұңғиық. Жалғыздық – Отамалыға тағдыр теліген сый. Қаршадайынан ата-анасынан айырылып, тұлдыр күн кешкен оның өксікті өмірі тауқыметке толы еді. Туыс-бауырды көрмеді, жақын-жуықтың жылы алақанын сезбеді, жар құшып, бала сүймеді. Баспанасы бай үйінің іргесіндегі шошайған жыртық лашық. Онда үш сирақты ошақтан басқа іліп алар ештеңе де жоқ. Оны мүсіркейтін, оны түсінетін тек қос мақұлық – қасындағы иті мен көктегі қарлығаш қана. Суық түсе қимай-қимай қоштасқан қарлығашы әзірге көрінбейді. Сыңар серігі екеуі ұзақ қысты әне-міне шығарып салмақ. Тақия төбелердің, жолбарыс жонды жоталардың жалаңаштанып, тіпті күнгей беттерінің көгеріңкі рең ала бастағаны байқалады. Сәл шыдаса, тәйірі немене бес күн де өте шығар. Бел босап, аяқ ұзарар күн таяу. Өмір өткелектерінің өткір өтінде шыңдалған Отамалы қойшы бәрін-бәрін аңғарады. Көмпіс те, байсал. Жаратқанның пешенесіне жазғанына мойынұсынса да, тіршіліктің қасіретті қамытын мойындамайды. Арыстан жалды асау ағысқа қарсы жүреді-ау әрдайым. Оның үстіне көкірегі сара қуаяқ жетімек табиғат тілін жетік меңгеріп, көңіл сарайына құйып алған. Оның жиған-терген тәжірибесі бір басына жететіндей-ақ. Өмірдің ауыр азабы мен даланың ащы сабағы үйреткен ғой. Қазір де ымырт үйіріле қолына таяғын ұстап шошаласынан шыққан Отамалының жүрегі әлденеден секем алғандай, басын шайқады. Расымен табиғат тамыршысы алапат бір сұмдықтың көз жетпес қияннан мысықтабандап келе жатқанын сезген-ді. «Күн шапыраштанып, қып-қызыл боп батып бара жатыр екен. Ол көзін қысыңқырап, күнге біраз қарады. Ішінен бірдеңелерді айтып күбірледі. Басын шайқады. Қырағы, әлі оты сөнбеген көздерін аспанға аударып, оған да барлай қараған болды. Алыстағы жардың басында бір топ қарға шуласып жүр. Отамалы басын тағы шайқады…»
Иә, ежелден айтылар жоралғы бар. «Кешке қарай қарғалар ұясына кірмей, ұзақ ұшты… Ертең күн суық болады, бүгін түн суық болады». Отамалы осы түнде қой жаюдан біраз қашқақтап көріп еді. Бірақ, оны түсінетін, оның сөзіне құлақ асатын бұл жалғанда тірі пенде табылмады. Өкініштің уын жаламас үшін кәнігі малшы өз ойын төңірегіндегі байдың жандайшап қожайынсымақтарына да ескертеді. Амал нешік, миғұла месқарын көрсоқырлық танытады. Кешкі құбылыстың сүрепетін, күн райының қабағын жыға ажыратар білігі жоқ желжуан қолын сілтейді. «Ұнамайдысы не? Құр сандырақ. Қайдағы боран? Қар кетіп, көктем келді емес пе?!» Отамалы түңілмеді. Байдың қаһарынан ықпай, тура өзімен тілдесуді жөн санады. Алайда, әлгінде ғана жылтыраған үміт сәулесі дір-дір еткен күйі жалп етіп өшкен. Танауының астынан арғыны көрмейтін бай мен қойшы арасындағы әңгімені жазушы Жармағамбетов шымыр диалогтармен шебер өрнектейді. Жеңіл қағытпа сауал-жауаптасулардан характерлер шарпысуын айқын көреміз. Кәнеки, текетірес эпизодқа зер салайықшы:
«Қара мұртты шұбатын ішіп болды. Зереңді кішірек қызына ұстатты да, біраз уақыт мұртын сүртіп отырды. Содан кейін көзін ашыңқырап, Отамалыға қарады:
— Отамалы намаздыгерде келмейтін!..
— Я, байеке, Отамалы намаздыгерде келіп отыр, – деді сөзін бөліп-бөліп салмақтап айтты.
— Отамалы намаздыгерде етігін жамайтын, я қойын қайыратын. Қойларын түнгі өріске алып шығуға дайындалатын.
— Дұрыс, байеке. Бірақ бүгін Отамалы етігін жамаған жоқ. Бүгін кешке қарай қарға ұясына кірмей, қиналып біраз ұшты… Отамалыға киім керек. Ертең күн суық болады… Бүгін түн суық болады…
— Оны Отамалыға кім айтты?
— Оны Отамалыға батып бара жатқан күн айтты.
— Күн батып кетті ме?
— Күн батты.
— Ендеше Отамалы мазасызданбасын. Күн айтты да кетті, ал Отамалы қойын өріске айдап шығуы керек.
— Отамалының үйінде ештеңе жоқ. Отамалыға қалың тон керек.
— Отамалыға көктем берілді.
— Отамалыға тымақ керек.
— Отамалыға жылы түн берілді.
— Отамалыға жақсы ат керек.
— Отамалыға екі аяқ, бір таяқ берілді.
Отамалы түнеріп қалды. Көпке дейін үндеген жоқ. Қастары көзін жауып отыр. Ақырында еріндерін ашып, қою дауыспен:
— Отамалы қойларды өріске шығармайды. Күн суық болады. Түн суық болады. Қойлар ығып кетеді. Отамалы қойларды өріске шығармайды, — деді.
Байдың көзі шапыраштанып кетті.
— Қазірден бастап Отамалы қойға кетеді! — деп ақырды.
Отамалы үндеген жоқ. Баяғы міз бақпас күйі. Бірақ бұл жолы байға қарап қалыпты. Түйіліңкірей қарағандай. Аспанда жүрген бүркіттің төмендегі жәндіктерді байыппен шолатынындай көзқарас. Біраз отырыстан кейін жаймен ғана:
— О, Жапан, мен айтып болдым, – деді. Осы кезде ұршығын тоқтатып қойып, манадан әңгімеге құлақ түріп отырған байдың әйелі шап ете түсті.
— Ендеше жазығың да болды. Айтты ғой саған. Немене, тісіңді тіреу, жағыңды сүйеу қылып.
Отамалы әйел жаққа қараған жоқ. Тек Жапан байға қадалып қалыпты. Жапан әйеліне бірдеме дер ме екен деп күтіп еді, бірақ ол әйелін қоштағандай үндемей қалды.
Сосын Отамалы жайлап түрегелді де, бұрылып шығып кетті. Есіктің алдында иті әлі тұр екен. Ол күннің батып кеткен орнына қарап тұр. Иесін көріп, құйрығын бұлғаңдатты.
Дала қараңғыланып қалыпты. Темірқазық, Жетіқарақшылар көріне бастаған. Олар бір жанып, бір сөніп, селкілдеп тұр. Ауа салқын. Жер беті сәл тоңазып, кілегейлене қататын түрі бар.
Отамалы үшінші рет басын шайқады…»
Күштінің аты – күшті. «Әй қайдағы мықтылық. Таза мәңгүрттік та. Әйтпесе, өз малы – өз байлығы емес пе?! Айдың-күннің аманында тажал аузына тығылмас еді. Мейлі. Басқа түскенді көрермін». Отамалы байғұс ескертпесін жұқалап та, жұмбақтап та жеткізген. Елп етпеді ғой ешқайсысы да. Ең өкініштісі құлаққа ілмегені. Дәрменсіз, түңілген Отамалы бай үйінен мойны салбырап шықты. Еңсесін тіктей алмаған қалпы әлгінде күн ұясына жасырынған көкжиекке соңғы рет жанар жүгірте, бұлтсыз аспанды шола барлаған.
Дереу құлазыған лашығына бас сұғып, қаңырап тұрған ошағымен іштей қоштасты. Бөгелместен кері оралған бойда күндегіше бір қора қойын алдына салып, түнгі өріске бет алды. Желдеп жайылған қой-ешкі көрінер-көрінбес көкті бытырлата үзіп, ашқарақтана ілгері ұмтылады. Әдеттегідей емес, денесі әп-сәтте мұздап қоя берген. Жұқалтаң көнетоз шапанының өңірін қапсыра орай бүркеген болды. Маңдай тұстан соққан ызғырық жел сумаңдап, етек-жеңінен бірдей кіріп, тұла бойын тінткілей бастады. Табанынан да сыз білініп, басындағы жылусыз құлақшынын милықтата қымтанған-ды. Әншейінде селк етпейтін Отамалының жүрегі де аспандағы дір-дір еткен жұлдыздардай, біртүрлі үрейлене, үркектей соғатын секілді. Жалма-жан күш-қуатын шақырып, маңайына сергек назар аударды. Қарлы құйын ақтүтекке ұласқандай. Найза қиыршық жер-дүниені бүркеп, іркес-тіркес төбелерді танымастай қымтап, сай-саланы қуалап жүр. Қылтанақтай бұта біткенді жұлмалап ызылдаған, ысқырған әлем-тапырық аласапыранмен жалғыз өзі алысып Отамалы келеді. Кірелі-шығасы есі бар ол отарынан көз жазып қалғысы жоқ. Үскірік боранмен жағаласып күнімен ықты, түнімен ықты. Ішін аяз қарып, аштық бүріп барады. Бірақ ащы өмір тұздығымен суарылған көнтері адам әлі келеді сүйретіліп. Қарлы қалың боран көз аштырар емес. Нешінші тәулік ығып келе жатыр? Анық бажайлай алмайтын тәрізді. Алдындағы жыланша ирелеңдеген қара-құраңнан біраз жайды ұққандай. Отары тоз-тоз болып шашылып қалғанға ұқсайды. Кеше ме, әлде алдыңғы күні ме, қойдың бетін ауылға бұрғаны?! Сонда бұ қалай? Ендігі ауылға жетіп жығылса керек еді? Мүмкін емес. Ә, сонда…
Отамалы еңіреп жылап жіберді. Айғайлаған үнін естірткісі келмеген шыны боран бір уыс қарды оның бет-аузына тығындай түсті. «Алла бейшарам-ай! Сорлым-ау! Жарықтығым-ау, енді не істейін…» Ағыл-тегіл көз жасы іле-шала үсіген бетінде қатып жатыр. Дауысы да құмығып шығады. Жанарының алдына қою қара мұртын алтын зереңге батырып, шұбат ішіп отырған Жапан байдың сұлбасы көлбеңдеп тұра қалған. «Ашқарақ жауыз! Қарғыс атқыр!»
Көңілге үміт сәулесін сыздықтатқан ұлпа мамық қар қойлардың жүрісін қиындатқан. Қатты аяз қайта тұрса, омбылаған қалыптарында серейіп-серейіп қатып қалары сөзсіз. Үсті-басына, құйрығына мұз моншақтарын қадап алған жалғыз серігі — иті де әбден қалжыраған. Иесінің қас-қабағын аңдап, мұңайысты қыңсылайды. «Енді не істейміз?» Қайтадан түн пердесін түсірді. Бұйрат төбелердің бозғылт бояуларын қараңғылық демде жұтып жібергендей. Ақ түтек қайтадан ішін тартып ызылдай бастаған. Қойлар да, ит те, боран да суық қараңғы түннің құшағына сіңіп кетті. Таяқ тастам жерді көре алмай қиналған Отамалының есіне бай мен оның әйелі, қыздары ауық-ауық оралады. Бейқам-ау, бейқам. Селк етпейтін сияқты. Көмек қолын созатын түрі жоқ. Бойындағы соңғы қайратын қайрап, жалынын қайта жаныған. Қойлар түнімен ықты. Боран ертеңіне ұзақ күнге толастамады. Сақал-мұртын мұз басқан Отамалы да долы дүлеймен кешке дейін арпалысып, қойлармен бірге ықты. Тұла бойын үсік шалып, өңменінен өткен өкпек жел әбден әлсіретіп, қатты қалжыратқан. Енді кішкене шыдаса, боран ашылмас па екен, көкек айында қар ұзақ жатқанда, ақирек ентігін баспай, осылайша тоқтамай соққанды кім көрген?!
Бірақ тағдыр не деген қатал. Бұған хас таланттың оқиға шарықтауын суреттейтін тұсы көзіңді жеткізе түседі. Төмендегі көріністі толқымай оқу мүмкін емес.
Отамалы түршігіп кетті.
«О, аспан! О, көк! Тәңірі!»
Желдің өтінде екі қолын қанатша жайып жіберіп теңселіп тұрып қалды. Көзі бұлдырап, ақ бораннан бөтен ештеңені көрмей кетті. Тағы қарады. Қойлар жаппай тоқтап, қарға ұйлығыса құлап жатыр.
Отамалының есі тағы ауып кеткендей. Еріні кемсеңдеп, ақ қарға көз жастары үзіліп түсті. Кенет құшақтап тұрған қозысы сусып қарға құлады. Отамалы да жерге ұшып түсті. Тез арада-ақ қозыны қардан суырып алғысы келді. Бірақ, үсіген қолдары қозыны дұрыстап ұстай алмады. Саулық маңырап, жаны шығып барады. Қозы бір-екі рет тұншыға маңырады да, үні өшіп қалды.
Отамалының демі тарылып, көмейіне суық толып кетті. Шапанын сыпырған болып, қолы жеткен жерді жапқыштап жүр.
Боран ызалы иттей ырылдап тұр. Отамалы бешпетшең. Арқасынан жел өтіп барады. Қолдары икемге келуден кеткен.
Кенет ол артына бұрылды. Қатып жатқан қозылар. Маңырап, жаны шыға қиналған әлсіз саулықтар. Көбі шоңқиып-шоңқиып отыр. Қаншасы туа алмай қиналып жатқанын санап тауысу мүмкін емес. Боранның улы тілі бәрінің де маңайын жалап-жұқтап, зырғып жүр. Ол аяқтарын сүйретіп, бір саулыққа келді. Саулықтың көзіне де жас қатып қалыпты. Өлген мұз қозысын жалап, қақсап тұр. Отамалының жүрегі қарс айырылды. Жүгірген болып, ана саулыққа бір, мына саулыққа бір барды. Қозылар дүниеге келе сала қатып жатыр. Боран мен аяз жап-жас өмірлерді үзіп, топ үстінде ойнақтап, секіріп жүр».
Бетпе-бет келген өлімге қасқайып қарсы тұрған Отамалы мейірімсіз тағдырмен аянбай арпалысуда. Өмірінің ақтық сәтінде де арын сатпай күреседі, адамдық һәм пенделік қажырлы қайратын көрсетеді. «Қайдасың тас жүрек! Буындырайын! Тоқтаңдар, иттер, тоқтаңдар!». Үскірік желге құшағын жайып сұлап түседі.
Соңғы демі таусыларда «Тоқтаңдар, иттер!» деп ышқына айғайлап құлап түскенде, бес күн бойы бой бермей соққан ақтүтек боранның да омыртқасы сықыр-сықыр етіп үзіліпті-міс… Ысқырған желдің де аузына құм құйылып, тұншығып өліпті. Күннің көзі жадырап ашылып, қалың қар сел боп еріп кетіпті. Жетіқарақшы мен Темірқазық орындарына қайта келіп, селкілдемей бекем тұрыпты. Қойлар мен қозылар қызғалдақты баурайда мәңгі бақи жайылып жүр деседі…
Ал бес күн соққан боранды халық «Отамалы», «Бесқонақ», «Құралай» атап кетіпті. Жыл сайын дәл осы уақытта бір соғып тұрады екен…
Жазушы Тобық Жармағамбетов ел ішіндегі аңызды арқау еткен қасіретке толы баянын серіппеше тартылған оқиғалар желісі арқылы ұтқыр өреді. Шойындай шымыр шығарманың әсері терең тебіреніске түсіріп қана қоймай, тікелей оқиғаның ішіне батырып жібереді. Тіпті кейіпкердің жанында жүргендей, ет жүрегің елжіреп, онымен бірге қиналып, онымен бірге күйзелесің-ау. Әңгіменің соңғы парағын жапқанда қос жанарың боталап, жан дүниең құлазып, жүрегіңе жақын жайсаң жанды жоғалтып алғандай күй кешесің. Міне, жазушы шеберлігі — бұл. Қалам қуатының күштілігі — бұл.
«Отамалы» — повестьке бергісіз әдемі әңгіме. Қазақ әдебиетіне қосылған кесек олжадай көрінген тұңғыш туындысында бірден кең тынысын байқатқан қаламгердің өзіндік қолтаңбасы атойлап-ақ тұр. Кейіпкерлер мүсінін кейіптеу, образдың ішкі әлемін ашудағы тебіреністі де, тегеурінді монологтар, адам мен табиғаттың шайқасын бейнелеудегі психологиялық ой-иірімдер, жан күйзелісін кескіндеудегі сөз бояуы мен реңкі көңіл тойдырып, көз қуантады.
Белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев «Отамалы» әңгімесін аса жоғары бағалап, қордалы ойын төмендегіше түйеді.
«Халық трагедиясы — халық творчествосының мотиві, аңыз мотиві жалаң қайталанып қана қойған жоқ, бүкіл бір дәуірдің бетпақ жүзін бір аударып тастаған, адамгершілік атынан ауыр үкім оқыған телегей-теңіз сырға айналып кетті. Кең әлем көпсінген, кең әлемге сыймаған жұдырықтай өмір, мұңға батып буланған көз жасы, қарс айырылған көңіл, түтеп, жарылып кетейін деп тұрған ашу, кек, ыза, арпалыс, адам рухының ұлы жеңісі — бір әңгіменің бойында қаншама дару. Бұл шығарма тұнып тұрған ой, образ».
Иә, бұл әңгіме не үшін керек? Бұл әңгіме ата-бабалардың өткен өлмеші өмірін, ауыр азалы тіршілігін танып, түсіну үшін керек.
Бұл әңгіме уақыт үнімен сарындас. Бүгінгі бостан да, азат ойдың биігінен зерделесек те, өз мәнін еш жоймайтынын айқын сезінеміз. Қазіргі бақытты өмірді бағалау үшін де осындай ғұмырлы туындылар қажет-ақ!
Кезінде өз бет-бейнесін қалам қарымымен айшықтаған тума дарын иесі Тобық Жармағамбетов өнернамасы хақында көрнекті әдебиетші-ғалымдар, ақын-жазушылар мен замандастары жылы лебіздерін білдіргені мәлім. Тахауи Ахтанов, Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин, Мағзом Сүндетов, Төкен Әбдірахманов, Қажығали Мұханбетқалиев, т.б. тәрізді сөз киесін қастерлеген қаламгерлердің ой-пікірлерін мерзімдік баспасөз беттерінен талай мәрте оқыдық та.
Жақсы жазушы атанған Тобық ағаны өз басым танымаймын. Бірде-бір рет көріп, жүздесудің сәті түспепті. Шалғайда жүргендіктен шығар. Қазақстан Жазушылар одағы шығарған анықтамалықта да өмірден қырық жасында өткен суреткер жайында өте сараң жазылыпты. Үстіміздегі жылқы жылы сексеннің сеңгіріне шығар еді. ҚазМУ-дің филфагын бітіргеннен соң туып-өскен елінде мұғалім болыпты. Облыстық телевизия мен Ақтөбе облыстық газетінде жауапты қызметтер атқарған. Көзі тірісінде «Нәзік бұлттар», «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Соңғы хат» кітаптары жарық көріпті. Ал 1984 жылы «Жазушы» баспасы елу жылдық мерейтойына орайластырып повестер мен әңгімелерін «Ақ жауын» деген атпен шығарды.
Көркем әдебиеттегі дара сүрлеу-соқпағын әуелден-ақ құрметтейтін Зейнолла Серікқалиев қазақ прозасының қазыналарын басып шығаратын төл жобасы «Раритет» баспасынан толғаныс-толғамы күйлі-мұңды прозашының «Отамалы» жинағын ұсынғаны оқырман қауымға белгілі.
* * *
… Қадірлі оқырман, тақырып аясында өзім естіген мына бір жайды айта кеткім келеді. Әңгімеміздің тұздығына жарап қалар. Әлі есімде. 2009 жылдың қоңыр күзі еді. Ару Алматының мүлгіп тұрған шағы. Нағыз мизамшуақ. Жыл құсындай он екі айда бір айналып келер еңбек демалысын тиімді өткізуді ойлайсың ғой. Әдеттегідей екі аптаңда курортта «жөнделіп» алып, қалған күндеріңді туған-туыстарың мен дос-жарандарыңа арнайсың. Аман-саулығын біліп, сәлем беріп дегендей. Мәңгі ұмытылмас жастық дәуреніңнің куәсі болған гүл-қала, арман-қала Алматының әр бұрышы, әр ғимараты көзге ыстық. Сондай жүрекке жақын ұялардың бірі — Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысында бой көтерген Баспалар үйі. Қазақ қаламгерлерінің құттыханасы. Мен үшін әуелден киелі де, қасиетті саналатын Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағынан кейінгі қастерлі мекен — түрлі баспалар орналасқан алты қабатты ғимарат.
Қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов бастаған марқасқалар тобына ілескен классиктер мен сөз зергерлерінің дені осында еңбек етті. Қаламгерлердің талай буыны алмасып тер төгуде. Қазақ ақын-жазушыларының кітаптары, білім ордаларының оқулықтары тура осы жерде жазылып қалың оқырманға жол тартуда. Біз егжей-тегжейлі әңгіме тиегі етіп отырған жазушы Тобық Жармағамбетов повестері мен әңгімелері де дәл осында әзірленіп, кітап боп басуға жіберілетін. Бұл жолы да жақсылықтың үстінен түскенбіз. «Қайнар» баспасының директоры, белгілі қаламгер Оразбек Сәрсенбаев ағаға, «Ана тілінің» тізгінін ұстап отырған Жақау досқа (Дәуренбеков) кіріп шықтық. Мәре-сәреміз. «Жазушы» баспасының бас редакторы Дүйсенбайұлы Есенбай ағаға арнайы жолығып, сәлем берген едік.
— Аман-есенсіңдер ме? Халдерің қалай? — Салмақты қалпынан жазбайтын Есаға бар ынты-шынтымен жөн сұраған. — Газеттеріңді оқып тұрамын. Бәрі жақсы ғой. Бірақ, өлеңді өте аз басасыңдар. Поэзияға орынды көбірек берген дұрыс. Ақынжанды қазаққа өлеңдер артық етпейді.
— Пікіріңіздің жаны бар. Жұрттың дені біздің «Егеменнен» әдеби дүниелерді молынан күтетін секілді.
— Міне, мен соны айтып отырмын емес пе, — деді де Есенбай аға алдында жатқан үш-төрт кітапты маған ұстатқан. Артынша жымиып күлді. — Түнеугүні маған Мұхтар Мағауин звондады.
— Прагадан ба? — дедім шыдамсыздана килігіп.
— Жо-ғ-а, — деді ақын аға қатты таңырқай. — Осы жерден, өзіміздің Алматының аэропортынан. Сенерімді де, сенбесімді де білмедім. «Жаңа ғана Чехиядан жеттім. Алмания арқылы ұшқанбыз. Әбден қалжырап тұрмын. Мұнда көп кідірмейміз. Ертең елге, Баршатасқа тартамыз. Қайтарда асықпай, жата-жастана шер тарқатамыз ғой. Есенбай, менің саған айтайын деген тығыз шаруам бар. Соны жылдамдатып қолға алшы. Біз Тобықты есімізден шығарған сықылдымыз. Биыл оның жетпіс бес жылдығы. Әзірге ешқайсысымыз үндемейміз. Тездетіп өзің әдемі бір еске алу жазшы. Шіркін, өзім-ақ қағып тастар едім, бірақ уақытым жоқ. Өзің біліп тұрсың… Созылып кетеді ғой… Үш-төрт күн жатпай-тұрмай бірдеңе қылғайсың. Бая-ғы-да «Сентябрь түнін» бүкіл жатақхана кезекке тұрып оқығанымыз қайда?.. Соны шынымен-ақ ұмыттық па? Ә?.. Жоқ!.. Тобық ұмытылмайтын жазушы!»
— Расында қызық екен. Бір жағынан Мұхаңның азаматтығы…
— Сөйтіп, Жанатжан, сенің Мұхтар ағаң маған үлкен жұмыс тапсырып кетті. Жалпы, өзің Мағауин туралы жақсы жазып жүрсің. «Егемендегі» материалың ұнады. Сонымен Тобық жерлесім жайлы эссе жазбақпын. Мұхтар досымның сөзі біраз ой салды маған… Қазақтың ғажап жазушысы хақындағы жүрекжарды лебізі көкейімнен кетпейді-ау, кетпейді. «Жоқ, ол ұмытылмайды!» Мен де естелік-эссемді тура осылай атайтын шығармын… Бұдан артық тақырып таппаймыз.
Әлгінде ғана қолыма ұстатқан кітаптарды аударып-төңкеріп қызыға қарағаным есте. Бәрі де әр жылдары жарық көрген Тобық Жармағамбетовтың кітаптары. Кейбірінде жазушының сыйға тартқан қолтаңбалары жазылыпты. Почеркі оқушы баланың жазуындай көркем көрінген. Толық мәтіні ойымда қалмапты. Көшіріп алуды ескермеппін. О кезде Тобық аға автографының қажет боларын білді дейсіз бе?! Орайлы тұста жадыдағы көріністі жаңғыртып жатқаным да. Есенбай ағаның бірде жазушы Тобық Жармағамбетовке қатысты жоғарыдағы Мағауиннің айтқандарын Қазақ радиосынан сыр ғып шерткенін де естігеніміз бар. Қаз-қалпында. Содан бері де төрт-бес жыл зулапты. Өмір-жалған соңына қарайлаушы ма еді? Таңдайында жырдың ұясы бар қазақтың Есенбай ақыны да мынау ғапыл-дүниеден озған. Бірер жылдың бедері… Жаныңыз жәннатта болғай, жайсаң аға!
Өлең сүйер еліңіз барда Сіздің де есіміңіз өшпейді.
Тағы бір елең еткізер дерекке зер салыңызшы. Бұған дейін мән бермегенім рас. Қаламгерлер Тобық пен Есенбай бір топырақта туып-өсіпті. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында.
Миымда Мағауин сөзі жаңғырады:
– Жоқ, ол ұмытылмайды!
Жанат ЕЛШІБЕК,
халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты.
Астана қаласы.
Тобықтың тұғыры
Жазушы Тобық Жармағамбетов кезінде жергілікті облыстық телеарнада қызмет еткен. Ақтөбе телеарнасының дамуына, аяқтан тұруына бір кісідей атсалысқан.
Жақында «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ұжымы Тобық ағаның туғанына 80 жыл толу құрметіне арналған еске алу шарасын өткізді. Оған телеарна басшылығы мен ұжымы, жазушының қарындастары Әсем, Тілектес Жармағамбетовалар, ақын-жазушылар Төрежан Мәндібай, Кәрім Айнабеков, Жақсылық Айжанов, ардагер журналист Төлеміс Меңдіғалилар қатысты.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Тобық Жармағамбетов еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Кейін Ақтөбе телеарнасында, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде қызмет еткен. Жазушымен телеарнада кезінде бірге қызмет еткен ардагер журналист Төлеміс Меңдіғалидің айтуынша, журналист Тобық телеарнаның шығармашылық тұрғыда өсуіне көп үлесін қосқан. «Тіпті телеарнаны құру, мазмұнды хабарлар ұйымдастыру бағытында Қарағандыда өткен арнайы курстарға да қатысып қайтқаны туралы деректер бар», — дейді Т.Меңдіғали.
— Тобық аға өмірден ерте кетті. Алайда, оның артында мол мұра қалды. Жас кезімізде жазушының шығармаларын жастанып оқыдық. Кейін, ағамыздың мерейтойларын өткізуге, шығармаларын жинақтауға үлесімізді қостық. 1994 жылы Тобық ағаның туғанына 60 жыл толу құрметіне жазушының туған жері Жарқамыста үлкен той өткіздік. Ол кезде облыстық «Ақтөбе» газетінде жауапты хатшының орынбасары болып жұмыс істеп жүрдім. Газетте сол жолы журналист Нұрмұханбет Дияровтың «Тобықты біле ме екен бүгінгі жұрт» атты мақаласы жарияланды. Ол кезде, рас, Тобық ағамыздың аты көп аталмайтын. Осы мақаладан кейін редакцияға хабарласушылар көп болды, естеліктер келіп жатты. Соның нәтижесінде іле-шала «Тобықты біледі екен бүгінгі жұрт» деген мақала жарияланды. Тобық ағаның кітабын шығару барысында да көп жұмыстар атқардық, — дейді «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Раукен Отыншин.
Кездесуге келген жазушының қарындасы Әсем Мырзағұлқызы да ағасы туралы естеліктер айтты.Тобық Жармағамбетовтің есімін, шығармашылығын насихаттауда, бүгінгі ұрпақтың жадында сақтауда үлкен жұмыстар атқарып келе жатқан облыстық «Ақтөбе» газетінің, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ұжымына алғысын білдірді.
— Шүкір, Тобық ағамыздың атын халқы ұмытпайды. Кітаптары шығып, мектептерге, көшелерге есімі беріліп жатыр. Енді туған жері Жарқамыста жазушының музейі ашылса екен деген бір арманым орындалса… — дейді Әсем Жармағамбетова.
Кездесуде сөз алған ақын Жақсылық Айжанов жазушының мектеп жасынан-ақ зерек, білімді болып өскенін, айналасына болсын деп тұратын қайырымы мол адам болғанын айтады:
— Тобық Жармағамбетов мектепте өте жақсы оқыған. Кейін Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған соң елге оралып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Оның алдын көрген шәкірттері ұстаз Тобықтың сабақ берудегі ерекшелігін жыр қылып айтады: «Алдыңда жас ұстаз емес, абыз әдемі әңгіме айтып отырғандай, ұйып қалушы едік», — деп еске алады шәкірттері.
Тобық ағамыз өте мейірімді кісі болған. Кезінде өзі тұрған Уәлиханов көшесіндегі үйдің терезесінен сыртқа қарап тұрса, 15 шақты бала хоккей ойнап жүр дейді. Алайда, балаларды қолында хоккейдің құралдары жоқ, таяқ ұстап жүр екен. Тобық ағамыз жалақы алғанда сол балалардың барлығына бірдей хоккей ойнау үшін қажетті заттарды сатып алып берген, — дейді Ж.Айжанов.
Ж.Айжанов өз сөзінде Тобықтың туған жерінде жасалып жатқан игі шаралар туралы да айтты. Жазушының арғы атасының атына қойылған Кәдірқұл бұлағының айналасы ретке келтірілмек. Тобық аға тұрған үй жөнделіп, сол жерде «кіші жазушылар одағы» атанған Жарқамыс ауылынан шыққан қаламгерлердің аллеясы жасалмақ.
— Бұған қоса Тобық ағамыздың «Сәния» және «Бозторғай» деп аталатын еш жерде жарық көрмеген әңгімелері табылды. Бұл әңгімелер «Ақтөбе» газетінде жарияланатын болады, — деді Ж.Айжанов.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.
Оқушылар Тобықты таныды
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымы Ақтөбе қаласындағы №47 орта мектептің ұстаздарымен бірлесіп жазушы Тобық Жармағамбетовтің туғанына 80 жыл толу құрметіне орай «Қаламы қарымды қаламгер» атты әдеби танымдық сағат өткізді. Бұл — «Оқитын өлке» акциясы аясында ұйымдастырылған шара.
Әдеби танымдық сағатты өткізудегі мақсат — жазушының бай мұрасын жастарға өнеге, ұрпаққа ұлағат етіп, талантты тұлғаның шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау, жасөспірімдердің қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігін арттыру. Бұл күні кітапханашылар жазушының өмірі мен еңбектеріне тоқталып, оқушыларға «Отамалы» повесі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
«Қаламы қарымды қаламгер» атты кітап көрмесінде жазушының әр жылдарда шыққан еңбектері мен түрлі деңгейдегі басылымдарда жарық көрген мақалалары, Тобық туралы естеліктер қойылған. Шарада Тобық туындыларындағы қанатты сөздер топтамасынан да көрме ұйымдастырылды. Көрмені тамашалауға келгендерге Тобықтың «Адам дүние сияқты дөңгелек емес, ол екі айналып келмейді», «Ер жігіт өзін ойламайды, елін ойлайды» секілді сөздерінің терең мағынасы мен мазмұны түсіндірілді. «Жазушының нұрлы әлемі» атты слайдтан Тобықтың естелік суреттері көрсетілді.
Әдеби кеште ақын Нұрлыбек Қалауовтың «Біз — оқитын өлкенің тұрғынымыз» атты өлеңін оқушы Ақтолқын Рысқалиева мәнерлеп оқып берсе, Ақжібек Рақымберді, Әділ Есенов, Досжан Есбол жазушының шығармашылығы төңірегінде қойылған сұрақтарға белсенді жауап берді.
Лариса КӘРІБАЙҚЫЗЫ,
С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері.
Ақтөбе қаласы.




