Белсенді жастар — ел тірегі

Жас депутаттар форумы
Өткен жұмада ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен еліміздің жас депутаттары қауымдастығы ұйымдастырған облыстың жас депутаттарының екікүндік форумы өтті.
Форумға жас депутаттар, жастар саясаты мәселелер жөніндегі партиялық кураторлар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Шара аясында пікірталас алаңдары, дөңгелек үстелдер, тренингтер, акциялар өткізіліп, қала жастары белсенділік көрсетті.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға жастардың қатысуы» тақырыбында өткен пікірталас алаңында жас депутаттар жастардың қоғамдағы рөліне, олардың облыс және қаланы дамытуға қосып жатқан үлесі, сондай-ақ, өз мамандықтары бойынша қызметке орналасу сияқты мәселелері жайында сөз қозғады.
Пікірталас барысында «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасының орынбасары Н.Ағниязов, Мәжіліс депутаты М.Бегентаев, жас депутаттар қауымдастығының төрағасы О.Толкайловтар сөз сөйлеп, жастарға сенім білдірді.
— Бүгінде елімізде 35 жасқа толмаған 170 депутат бар. Ал Ақтөбе облысында олардың саны — 17. Дегенмен мәслихатқа сайланғандардың саны әлі де болса аз. Сондықтан ақтөбелік жастарды депутат сайлауы кезінде өз кандидатураларын белсенді ұсынуға шақырамын.
Жастар еліміздің болашағы ғана емес, бүгіні де. Көп нәрсе біздің өзімізге байланысты. Еліміздегі жас депутаттардың саны небәрі 8 пайыз ғана. Алдағы уақытта еліміздің жастары ел болашағы үшін қызмет ету жолында белсенділік көрсетіп, бұл көрсеткіш 15-20 пайызға жетсе үлкен жетістік емес пе? Сондықтан жастар жақсы, игі істердің басы-қасында жүріп, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға күш салғаны дұрыс, — деді Қазақстанның жас депутаттары қауымдастығының төрағасы Олег Толкайлов.
Пікірталастан соң форумға қатысушылар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өңірлік жастар саясатын жетілдіру тақырыбында тыңдау ұйымдастырды.
Тыңдауда облыстағы жас депутаттар жастар мәселесіне баса мән берілетініне, нақты жастар жобаларын жүзеге асыру, жоғары білімді түлектерді жұмыспен және үймен қамту мәселелері шешіліп жатқанына тоқталды.
Осы тұста айта кету керек, бүгінде елімізде жастарды қолдауға арналған «Болашақ», «Жастарға қамқорлық», «Дипломмен — ауылға!» сынды ауқымды бағдарламаларға сенімділік артып, олардың өміршеңдігі дәлелденіп келеді.
Форумның екінші күні жастар тренингтерге қатысып, жоғары оқу орындары студенттері арасында «Біздің аула» акциясын өткізді.
Данагүл ҚАЗИХАН.
Бейнеролик және байқау
Сейсенбіде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының және «Жас қыран» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жоғары және арнаулы оқу орындары студенттері арасында «Жастар арна» бейнероликтер байқауы өтті.
Шараның мақсаты — шығармашыл жастарға қолдау көрсету, жастарды патриоттық тәрбиеге, адамгершілікке баулу.
Байқауға 8 оқу орнының студенттері қатысып, бірнеше бағыттар бойынша, оның ішінде «Азаматтық ұстаным», «Рухани құндылықтар», «Сыбайлас жемқорлық», «Мас күйіңде көлік жүргізбе!», «Дін және жастар», «Мен тұратын қала», «Мәдениет және тарих», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» сияқты тақырыпта 16 бейнеролик көрермендерге ұсынылды.
Аталған бейнероликтер қаламыздағы «Локомотив» кинотеатрында көрсетіліп, жиналған жастар байқауға қатысушылардың жұмыстарына баға берді.
Айта кету керек, байқауға ұсынылған барлық бейнероликтер мазмұнды, шеберлікпен және өте сапалы түсірілген.
Қазылардың және көрерменнің бағалауымен 1-орынды Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері Тенгиз Үсенов және Михаил Муха, 2-орынды Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенті Салтанат Алдажарова, 3-орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Райбек Сағадатов иеленді. Байқау жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Байқаудың «Ең үздік» бейнеролигі енді 1 ай бойы «Рика-ТВ» телеарнасында көрерменге ұсынылмақ.
Данагүл ҚАЗИХАН.
Жастар: құқықбұзушылыққа жол жоқ!
Сейсенбіде қаламыздағы Ретро саябағында облыстық прокуратураның қолдауымен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң институты «Құқықбұзушылықсыз болашаққа көзқарас» атты акция өткізді.
Аталған шараға қаламыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
Акцияның мақсаты — жастардың қауіпсіздігін нығайту, қоғамда тәртіп пен реттілікті қалыптастыру, құқықбұзушылыққа жол бермеу, оның алдын алу, жастарды адамгершілікке тәрбиелеу.
Шараның ашылу салтанатында облыстық прокуратураның 1-басқармасының прокуроры Нұрбек Тұрышев сөз сөйлеп, жиналған жастарды тәртіпті болуға, қоғамдық орындарда өздерін мәдениетті ұстауға шақырды.
— Бүгінде көпшілік жастар ұсақ-түйек, кішігірім бұзақылықтар жасағаны үшін, оның ішінде қоғамдық ортаны ластау, қоғамдық орындарда ішімдік ішу, өзгелердің тыныштығын бұзу секілді іс-әрекеттерге барғаны үшін әкімшілік заңнамамен жауапқа тартылатынын біле бермейді. Биыл осындай ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алу және жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жоғары және арнаулы оқу орындарында «Құқықбұзушылыққа нөлдік төзбеушілік» және «Мүлдем төзбеушілік» атты акциялар мен жиындар өткізілген болатын. Ал бүгінгі акция осы шаралардың жалғасы деуге болады. Сондықтан жастарға айтарым — қоғамдық ортада өздеріңізді тәртіпті, жинақы, мәдениетті ұстап, үнемі сақ болып жүріңіздер, — деді Нұрбек Тұрышев.
Шараның барысында Ақтөбе заң институтының, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкерлері де жастарға акцияның маңызы мен жасалып жатқан жұмыстар жайын баяндап, тілектерін білдірді.
Сондай-ақ, арнаулы оқу орындарының студенттері театрландырылған көріністер қойып, концерттік бағдарлама ұсынды.
Шараның соңында студенттер флеш-моб ұйымдастырып, рет-ретімен сап түзеген жастар керемет биімен, іс-қимылдарымен халық назарын өздеріне аударды.
Данагүл ҚАЗИХАН.
Бүгінгі заманның «шоуы» немесе түнгі клубтағы тіршілік
Түнгі клубтар төңірегіндегі түрлі әңгімелер рас па? Онда барғандар міндетті түрде жалаңаштануы керек пе? Ондағы талап пен тәртіп қандай? Осы тектес сұрақтарға жауап іздеген жас тілшіміз қаладағы түнгі клубтың бірін торуылдаған еді.
«Жынды» жұма» немесе «Голая пятницаға» келіңіз!
«Айбек, қал қалай? Осы жұмаға ешқандай жоспар құрма, менің керемет бір ұсынысым бар! Естен кетпейтіндей ғып қыдырамыз». Бұл — сыныптасым Беріктің әлеуметтік желідегі парақшама жазып жіберген хаты. Күн сайын «Америка ашып» отыратын досымның басына тағы қандай ой келді екен?
— Бәрі жақсы, өзің қалайсың? Қайда, кіммен барамыз? Айта бер, — деп жазғаным сол-ақ екен, экраннан қарындаштың сұлбасы көрінді. Демек, өзім сияқты жылдам шешім қабылдап, тез сөйлейтін Берік жауап жазып жатыр. Соған қарағанда, маңызды бір іс-ау…
— Түнгі клубқа барамыз! Онда жұма күні ерекше кеш өтеді екен. Ол «Голая пятница» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, онда бәрі жалаңаш жүреді!
Леп белгісін қойғанына қарағанда Берік өрепкіп тұр. «Бәрі жалаңаш жүреді…» деген жерін анықтамақ болып, бірнеше сұрақ қойдым. Түсінгенім, түнгі клубтағы қыздардың «стриптизі» екен. Алдымен кіру құнын сұрап, сосын таныс қыздарды ерте барсақ қайтеді деген менің ұсынысыма досымның талағы тарс айрылды.
— Өй, сен де! Оларды не істейміз? Біз олардан, олар бізден қысылып, жүрейік сол… Дауай, сөзді қой, барайық. «Входы» арзан, 500-ақ теңге!
Шегінетін жерім қалмаған мен Беріктен бұл әңгімені қайдан естігенін сұрадым. Сөйтсем, теледидардан көріпті. Енді мен де «көк жәшікке» телмірдім. Рас-ей, аты «айқайлап» тұр — «Голая пятница». Байланыс телефондары да жазулы. Дереу қоңырау шалып ем, сыңғырлаған әдемі дауыс бәрін тәптіштеп, түсіндіріп берді. «Жұма күні, бірақ спорттық костюммен келсеңіз, кіргізбейміз. Кіру құны — 500 теңге». Несі бар, барайық…
«Суретке түсіруге рұқсат жоқ»
Ақыры баратын болғасын, түнгі клуб туралы журналистік зерттеу жасамақ болдым. Сөмкеме сандық фотоаппарат, диктофон, тіпті қызметтік куәлігімді де салып алдым. Фоторепортаж әзірлемек те ойым бар.
Сонымен түнгі клубтың алдында тұрмыз. Бізді есік аузында қызметтік форма киген, қолында рациясы бар, етжеңді келген келіншек қарсы алды:
— Тәәәк, қайда барамыз? Бірінші фэйс-бақылаудан өтіңдер!
Келіншектің әмірлі даусына бірден бағынып, қалт тұра қалдық. Бізге ол үстімізді арнайы құрылғымен тексеретіндей көрінген. Алайда қолында рациядан басқа ештеңе жоқ келіншек белімізден аяғымызға дейін қолымен тінтіп шықты. Біздің сұрағымызға күліп жауап қатқан оның әңгімесінен ұққанымыз, кейбіреулер осы тексерістің өзінен соң-ақ есіктің аузынан қайтады екен. Шынымен де кейбір кроссовка киіп келгендерді әлгі тексеруші ішке кіргізбей, қайтарып жатты. Есесіне, қысқа белдемше киген қыздарға — «зеленый свет». Неғұрлым қысқа болса, соғұрлым жақсы, жұма күні олар орталыққа тегін кіреді…
Кассаға ақшамызды төлеп ішке беттедік. «Қуырдақтың көкесі…» осында екен. Қара көзілдірік киген екі жігіт сөмкеміздегі заттардың барлығын үстелге қоюымызды талап етті. Сөмке мен ішіндегі бар затымызды арнайы сақтау бөлмесіне қалдыруымыз керек екен. Тым болмаса фотоаппаратымызды алып кірсек деген тілегіміз орындалмады. «Осындай керемет кештен естелік қалса деп ек…» деген «қулығымыз» да жүзеге аспады. Күзетшілердің айтуынша, бәрі де біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатыр екен. Олар бізге жағалай орналасқан бейнекамераларға қарау керектігін де ескертті.
Сонымен затымыздың бәрін қалдырдық. Алда — ерекше кеш!
Көтерілген етекті көрдік. Ал жалаңаштар қайда?
Түнгі он жарымда клубтың залына кірдік-ау, ақыры. Қою қараңғылық басқан жерде ине шаншар жер жоқ! Топырлаған жастар. Құдды қаланың барлық қыз-жігіттері осында жиналған секілді. Әрқайсысы өзінше көңіл көтеріп-ақ жатыр: біреуі — билеп жатқандарға алыстан көз тігіп тұрса, екіншісі — арақ-шараптан ұрттағанына мәз, ал үшіншісі — залдың «шаңын шығарып», билеп жүр. «Мини» киген арулардан көз сүрінеді. Біз де биге кірісіп, дәл ортадан бір-ақ шықтық. Қолымызды оңды-солды сермеп, теңселіп қоямыз — билеп жатырмыз! Жан-жағымызға қарасақ, бәрі де солай, асқан шеберлікпен көзге түсіп жатқан ешкім жоқ. Бір емес, бірнеше рет байқағаным, қысқа белдемше киген қазақ қыздары етектерін көтеріп әлек. Алғашында клубта қызмет ететін қыздар екен деп ойладым. Бірақ ол ойымнан лезде-ақ айныдым, бір мезгілде осынша бикешті жұмысқа қабылдау мүмкін емес-ті… Сосын… бидің жаңа үлгісі болар деп түйдім. Етек көтеріп, билеу жалғасып жатыр. Клубтың музыкасы да қызық. Кіл техномузыкалар, сөзі жоқ, өзі түсініксіз даңғаза әуен. Бірте-бірте сол музыкаға біз де ілесе бастадық. Тіпті сол аралықта 5-6 адамнан тұратын өзіндік би тобымыз жасақталып та қалды. Дегенмен, бұдан да жалығады екенсің, енді, сыпайылап айтқанда, «демалатын» бөлмеге қарай беттедік. Айнасы бар жерде әдеттегідей адам көп, 4 есіктің екеуі ғана ашылып-жабылады, қалғаны кілттеулі. Кезекте тұрғанда байқағаным, бөлменің іші көк түтін, темекінің исі емес екені бірден сезіледі. Кенет иығымнан түрткен бір жігіт:
— Сенің алдыңда мен кіріп кетейінші, а? — деп өтініш жасағаны. Ығысып, көзі ұясынан шығып кетейін деп тұрған замандасыма жол бердім. Келесі есіктен «темекі шеккен» бір бойжеткен шығып келе жатты. Байқағаным, «ана бөлмеге» кіріп шыққан адамның көңілі көтеріңкі болады екен…
Би алаңына оралдық. Бұнда да темекінің будақтаған түтіні мен ішімдіктердің шөлмегіне жұрттың көзі үйренген. Қаласаң, соның ішінен-ақ сатып алып, бәрінің көзінше сылқыта бер. Ал оның бағасы — бөлек әңгіме. Тіпті кәмелет жасына енді толғандардың да көздері айналып кепті. Бір қолымен шөлмек ұстап, екіншісімен қыз құшақтап жүргендер де жетерлік.
Соларға қараймыз әрі билейміз деп жүргенде, сағат он екіден асыпты. Ал біз күткен, жарнамада «жылт еткен» «оқиға» әлі жоқ. Әрі-бері қараудан шаршаған біз, сыра құйып, соның әсерінен қолы һәм аузы босамай жатқан қызға сұрақты төтесінен қойдық:
— Жалаңаштанатындар қайда?!
Сірә, біз сияқтылар көп болса керек, әңгімелесушіміз тосылып қалмады:
— Жаныңызда жүр. Көшеден қысқа юбка киген қыздарды жиі көретін бе едіңіз? Жоқ, әрине. Ал біз талапқа сай киініп келгендерді тегін-ақ кіргізіп, «шоу» ұйымдастырып жатырмыз. Соларға қарап, «Жұмадағы жалаңаштану» кешімізден ләззат алыңыз…, — деген оған таңдана қарадым. Түсінбегенімді аңғарған ол төтесінен кетті:
— Адамдардың барлығы осының өзінен «кайф» алады. Билеңіз, ішіңіз, танысыңыз — «стрестен» құтыласыз! Бізге барлығы сол үшін келеді…
Даңғаза музыкадан құлақ тұнса да, біз оның айтқандарын анық естідік. Түнгі клубқа келген өзге адамдар да бұны жақсы білетінге ұқсайды. Себебі сағат тілі түнгі 1:40-ты көрсеткенмен, үйге қарай аяңдағысы келетіндерді кездестірмедік. Бәрі де көңіл көтеру орталығының жұмысына дән риза. Керісінше, залға кіруге келетіндердің саны жетерлік. Бәлкім, сөмкемізді алу үшін біраз уақыт бойы тұрғанымыз содан шығар…
P.S. Қала өмірі осылай қайнап жатыр. Сіз бен біздің замандасымыз осылай көңіл көтеріп жүр. Бәлкім: «Онда тұрған не бар?» — дерсіз. Бірақ бүгінгі түнгі клубта етегін көтеріп (Қазақта «етегін көтеріп» деген жақсы сөз емес, — А.С.), «темекі тартып» жүргендер ертеңгі ана екенін, сырақұмар жігіттердің болашақ әке екенін ұмытпасақ етті…
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Табылдының тұяғы
Қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың қадірін қазақ ол дүниеден өткеннен кейін түсінді. Қазір Ақтөбеде, Маңғыстауда Табылды атындағы ән фестивальдері өткізіліп жүр. Бір шүкір етерлігі, Табылдының өзі «Сүлік қара» деп атаған қара гитарасы да егесіз қалған жоқ. Оны ұлы Абыл ұстады. Біз әке жолын қуған оғланмен тілдескен едік.
— Үш қыздың ортасындағы жалғыз ұл болғаныммен, әкем мені тым қатты еркелеткен емес. Өзімшіл болып өспегенімді қалады. Бізге «жүректерің таза болсын» дегенді жиі айтатын. Бір қызығы: «Сен шалдың (атасын айтады — А.Т.) баласысың, мені «тәте» деп айт» дейтін. Өзі де қай жерге барсақ та, мені «інім» деп таныстыратын. «Анаңды да «жеңге» дегенің дұрыс», — деп күлетін. Әкемнің мені өзіне меншіктегісі келмегені — атамды өкпелетіп алам ба дегені ғой. Өзі ол кісіні қатты сыйлады, қай іске де кіріспестен бұрын: «Әкең не дейді екен? Содан сұрау керек» дейтін. Атамның сөзін жерге тастаған емес. Қас-қабағына қарап, елеңдеп отыратын. Өмірінде бір рет те мені «ұлым» деген жоқ. Меніңше, сол арқылы ол «үлкен кісінің айтқаны — заң» дегенді іспен білдіріп, қарттарды құрметтеуге шақырғысы келді.
Әйткенмен, тәтемнен айырылғанда, қатты қиналдым, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қанша айтқанмен, әкенің орны бөлек қой. «Бар жауапкершілік маған түсті» демесем де, оның орнының ойсырап қалғанын шындап сезіндім. Маңдайға жазылғанға шара бар ма?!
— Өзінің ұйықтап кетіп, оянбай қалатынын он жыл бұрын біліп, оны өлеңге қосқан әкең өмірінің соңғы күндерінде ештеңе сездірткен жоқ па?
— Жоқ, білдіртпеді. Дей тұрғанмен, дүниеден озбастан бір-екі күн бұрын көңіл күйі болмай, еңсесі түсіп жүрді. Асқа да тәбеті тартпай: «Өздерің іше беріңдер» деп дастарқанға келмейтін…
— Бұған не себеп болды деп ойлайсың?
— Себеп көп қой. Ешкімді жамандағым келмейді… Бірақ әкемнің аудандық билік тарапынан қысым көргені рас. Оның өнерін тұншықтырғысы келгендер болды. Бұл әкеме қатты ауыр тиді.
Қайтыс боларынан бір апта бұрын Атырауда аудан күндері болып, кезек Индерге келді. Сонда әкемнің қос әні өзінің орындауында шырқалуы тиіс-ті. Алайда, кеш аяқталар тұста белгісіз себептермен ауданымыздың гимніне айналған «Индерім — байтақ мекенім» әні сценарийден алынып тасталыпты. «Неліктен?» деп әкімқаралардан мәнісін сұрағанда, шатақ шығып, аналар полицияның «көмегіне» жүгінеді…
— Бір сұхбатыңда: «Тірі кезінде бірде-бір концертін өткізе алмады» депсің…
— Иә, солай. Өміріндегі басты армандарының бірі — өзінің есеп беру кешін өткізу еді. Өкінішке қарай, Алматы мен Астана секілді орталық қалаларды айтпағанда, ауданның өзінде де кеш өткізе алған жоқ. Себеп — ол артық-ауыс әңгімені жақтырмайтын. Сондықтан өзінің емес, өзгелердің бастама көтеруін қалады. Бірақ «Табылды, концертіңді ұйымдастыр, көместесеміз» дегендер бола қоймады…
Ал ол сол күнді қатты күтті. Тіпті, алғашқы концертіне «Қыр баласы қол созады аспанға» деп тақырып қойып, сахналық безендірілуіне дейін ойластырған болатын. Бірақ дегеніне жете алған жоқ…
— Білуімше, әкең сол кездің өзінде Индер аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Ендеше, неге…
— Әкемнің сіз айтып отырған басшылық қызметті он жыл бойы абыроймен атқарғаны рас. Оның үстіне, «Махамбет» қорының директоры да еді. Әйтсе де, «Ауылдағының аузы сасық» деген сөз бар ғой, ол жерлестерінің «басшылық қызметін асыра пайдаланды» деген сөзіне қалам деп қорықты. Әкем өмір мен өнерде таза жүрді. Біріншісінде — адал жар, қамқор әке, сенімді дос болуға талаптанса, ал шығармашылықта «халтурамен» айналыспауды мұрат тұтты.
— Әкеңнің мұрасы жайында айта отырсаң. Әлдеқашан жазылғанмен, әлі күнге жарияланбаған туындылары бар ма?
— Әкем соңғы жылдары 5-6 айда бір-ақ ән жазып жүрді. Бәлкім, өнерінің кеңінен насихатталмауы, қолдаудың болмағаны әсер еткен болар?! Өнер адамы сезімтал келеді ғой…
Соңғы туындысын айтар болсам, қайтыс боларынан екі ай бұрын Сағат Әбдуәлиевтің «Сағаттың даусы» деген өлеңіне ән шығарды. Ал оның алдында Светқали Нұржанның «Арал қызына» музыка жазған.
— Табылды ағаның өнері көпшілікке мәлім, ал қарапайым өмірде қандай еді? Бізге белгісіз өнері бар шығар…
— Әкем тау тұлғалы болғанмен, жаны өте нәзік еді… Кез келген нәрсеге балаша мәз болатын. Жалпы, күнделікті өмірде көңілді жүретін. Әрине, соңғы 3-4 айды есептемегенде… Керек кезінде бізге, балаларына қатал да бола білді. Әсіресе, апа-қарындастарыма ерекше көңіл бөліп, жіті қадағалайтын.
Ескі дүниелерді көп жинайтын. Соның ішінде қылыш, садақ, ат әбзелдеріне құмар еді. Үйде бұл бұйымдардың түрі-түрі тұр. Сондай-ақ, бізде Махамбеттің портреттері көп . Оның ең үлкені — бөлменің бір бөлігін алып тұр. Әкем Махамбетті осылай жақсы көрді. Кітапханасы да өте бай болатын, бір бөлменің түгелдей дерлік «иесі» — көркем әдебиеттер.
— Сұхбат барысында «әкем барда өнері насихатталмады» деп айтып қалдың. Ал қазір ше?
— Құдайға шүкір, қазіргі таңда әндері жер-жерде дәріптеліп жатыр. Мәселен, ақтаулық достары алғашқы болып еске алу кешін өткізіп, қайғымызға ортақтасты. Сонда көптеген әндері шырқалып, көңілімізді бір серпілтті. Ақтөбедегі Бижан Қалмағанбетов есімді досы да әкемнің құрметіне ән фестивальдерін өткізуді қолға алып, басқа да еске алу шараларын ұйымдастырып жүр. Ол кісіге отбасымның атынан ризашылығымды білдіремін. Осының барлығының басы-қасында әкемнің болмағаны — үлкен өкініш…
— Әкеңнің саған айтқан қандай өсиеті есіңде қалды?
— «Қандай жағдай болса да, туып-өскен ортаны ұмытпай, сол жаққа қарай ат ізін салып тұру — азаматтың ісі. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дегені есімде қалды. Сөйте тұра, «Индерден қалаға көшіп барыңдар. Орталық адамды қай жағынан да өсіреді» деуші еді. Әкем Орал қаласына көшіп баруды армандайтын. Себебі онда араласатын достары көп еді. Сол ортаны, құрдастарының жарасымды қалжыңдарын жиі аңсайтын. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей, көше алмадық…
— «Біз» деп қалдың ғой, ендігі өзің иесі атанған шаңырақ мүшелерімен таныстыра кетсең.
— Анам Қарлығаш — кітапханашы болып жұмыс істейді, үйде 4 ағайындымыз. Үлкен апам Ақбаян — тұрмыста, Атырауда тұрады, екінші апам Айнамкөз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр, қарындасым Әйгерім — мектеп оқушысы. Мен болсам, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал мамандығының 1-курсын биыл тәмамдадым.
— Демек, әкеңнің өнердегі ізін жалғастырмақшысың ғой?
— Иә. Әу баста құрылыс саласына қызыққаным рас. Алайда, ұзақ ойлана келе әкемнің жолын қуғаным дұрыс деп шештім. Сөйтіп, арман қуып, былтыр Алматыдағы өнер академиясына оқуға түстім. Оқу үлгерімім «өте жақсы», шүкір…
Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Сіз хат жазасыз ба?
Бүгінгі күні хат жазу дәстүрінің әдеттен шығып бара жатқаны рас. Қазір қағаз хаттардың орнын электронды хаттар мен смс-тер алмастырды. Алайда, арамызда әлі де болса қағаз бен қаламды серік етіп, бар ойы мен сырын қағазға түсіретін адамдар да жоқ емес.
Бүгінгі «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошташылардың мерекесі қарсаңында жастарға осы тақырып төңірегінде сауал қойған едік.
Гүлнұр Әбілова, студент:
Бүгінде хат жазатын жастардың сирек екендігі рас. Мектеп қабырғасында жүргенде біз үнемі хат жазып, досымызға, алыстағы бауырларымызға амандығымызды, сырымызды айтатын едік. Қазір сәлеміңді қағазға түсіріп жолдағаннан гөрі, «агентпен», жоқ дегенде, электронды поштамен салып жіберу оңай. Бірақ заманға сай «ұшқыр байланыстар» адамның ойлау, сөйлеу мүмкіндігін шектейтінін де мойындауымыз қажет. Кез келген жаңа нәрсенің қоғамға таңсық болатыны сияқты, агент пен электронды поштаның қызығы да дәл қазір таусыла қоймақ емес. Хат жазу — көркем ойлаудың, оны сауатты жеткізудің ғажайып үлгісі. Ойын қағазға жазған адам әр сөзіне ұқыппен қарайды. Хат ойына не келсе, соны жаза салып, жауап күтіп отыратын «агент» емес. Содан да болар, өкінішке орай, бүгінгі күні ойын еркін жеткізіп, сауатты түрде жазатын жастардың саны азайып барады.
Абзал Самегулин, қатардағы жауынгер (№6655 әскери бөлімі):
Мен бұрын қолыма қалам алып хат жазбайтын едім. Көбіне «агент» немесе «смс-пен» хабарлама жіберетінмін. Әскерге келгелі ауылыма, туған-туысқандарыма, дос-жолдастарыма хат жазатын болдым. Әскердегі өмірдің қызығы мен қиындықтары туралы, сағынышымды, айтар сырларым мен сәлемімді хатқа түсіріп, пошта арқылы жіберіп жүрмін. Хаттың соншалықты адамның жан дүниесіне үлкен әсер ететінін түсіндім. Кейде телефонмен айта алмаған әңгімелерімді, мәселелерімді хатқа жазып жіберемін.
Анамның «Бұрын әкең екеуміз хат жазысып аман-саулығымызды білдіретінбіз. Айтар сырымызды, оқып жүрген кезіміздегі қызықтарымызды хатқа түсіріп жіберетін едік. Кейін сол хатымызға жауап келгенше асыға күтетін едік. Қазір жастар хаттың не екенін түсінбейді» деп айтып отыратын. Қазір анамның сол айтқанын жиі есіме аламын. Сауатты жазуға, ойыңды еркін түсіруге хаттың пайдасы мол.
Шапағат АМАНЖОЛ, студент:
Әрине, хат жазатындар бар. Бірақ бұрынғыдай ақ қағазға қаламмен хат жазып, оны поштаға апарып салып жіберетіндер өте аз. Үлкендер жағы: «Қазіргі жастар хат жазбайды. Біз кезінде хатты жарыса жазатын едік», — деп кінәлап жатады. Оған біржақты қарау дұрыс емес. Біріншіден, адам баласы заман талабына сай ығысады. Осыған орай хат жазу дәстүрі ұялы телефон, ғаламтор пайда болғаннан бері бәсеңдей бастады. Күн санап өзгеріп жатқан заманда жазған хатың жіберген мекенжайына бір айдан кейін жетіп, ал жауабы бірнеше аптадан кейін келсе, хат жазудың қандай пайдасы бар? Одан қазір жазғаның жедел түрде жететін «смс-хат» жазу әлдеқайда тиімді.
Жансұлу НАҒАШЫБАЕВА, студент:
Қазіргі кезде хатты барлығы электронды нұсқада жазады. Өз басым соңғы рет 5-6 жыл бұрын әскердегі ағама жазған едім. Хат бұрын 1-2 айда жететін еді, қазір екі аптаға жетпей жіберген мекенжайыңа барып тұрады. Мен өзім хат жазғанды ұнатамын. Себебі бар мұңыңды, сырыңды қаламмен ақ парақтың бетіне түсіргенге жетер ештеңе жоқ. Біреуге хат жазғанда да бар ойыңды саралап, жинақтап, сауатты түрде өз қолтаңбаңмен жазасың, ойыңды нақты, түсінікті етіп жеткізуге тырысасың, жасандылық болмайды. Және хатқа түскен сөздер ешқашан ұмытылмайды. Хат бір бағалы құжат секілді сақталып қалады. Ал қазіргі біз жазып, жіберіп жүрген электронды хаттар өшіріліп қалса, қайта орнына келмейді. Және адамның есінде ұзақ сақталмайды.
Дегенмен, көш соңында қалмай, заман талабына сай барлық мүмкіндікті қолдана білген дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан кез келген адам өзінің дұрыс деп тапқан нұсқасын таңдайды. Ең бастысы, хат сауатты әрі шын ықыласпен жазылса болғаны.
Данагүл ҚАЗИХАН.
Аян СЕЙІТОВ, айтыскер ақын: Жарты жылда бір өлең жазсам, соның өзіне шүкіршілік етемін
— Айтыс аламанында Ақтөбенің атынан өнер көрсетіп жүрген Аян қазіргі таңда қайда жүр?
— Шын мәнінде, мен емес, қазақтың төл өнері — айтыс көлеңкеде қалғандай әсер қалдырады. Соның әсерінен соңғы 4-5 жылда домбыра ұстаған қазақтың қыз-жігіттері де тиісінше қамқорлықты сезінбей келеді. Айта-айта жауыр болған әңгіме десеңіз де, ақиқаты — осы.
Рас, соңғы бірер жылда айтыс сирек болса да ұйымдастырылып жүр. Сондай өнер тойының бірі өткен жылдың күзінде Қызылордада өтіп, сонда Ақтөбенің атынан бап пен бағымды ортаға салғаным бар. Шүкір, Сыр елінен бас жүлдені еншілеп қайттық. Сондай-ақ, осы жылдың маусым айында Оралда республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ол жерден де құр алақан қайтқанымыз жоқ, 14 айтыскердің арасынан 2-орынды қанжығаладық.
— Сені асабалық қырыңмен де көріп жүрміз…
— Иә, ол өнер түрімен де айналысатыным рас. «Той — халықтың қазынасы» демей ме?! Мемлекеттік қызметте болмағаннан кейін, бір жағынан, күнкөрістің қамы… Оған бірнеше жылдың жүзі болып қалды.
— Ал үлкен айтысқа қашан келдің? Сеніңше, бүгінге дейінгі айтыстарыңның ең тартысты да қызықтысы қайсысы?
— Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ірілі-ұсақты айтыстарға қатысып, бағымды сынағанмын. Әйтсе де, өзімді үлкен айтысқа 2005 жылдан қосылдым деп есептеймін. Өйткені сол жылы Қобда ауданында Әлия Молдағұлованың 85 жылдығына арналған өнер бәйгесінде жарқырай көрініп, бас жүлдеге тігілген «темір тұлпарды» қанжылағаным бар. Сондықтан батыр апамыздың рухы мені қолдап, суырыпсалмалық өнер майданында әрдайым көмектесіп келеді деп ойлаймын.
Ал екінші сұрағыңызға келсек, бағымды ашып, мені жұртшылыққа танытқан жоғарыда айтқан айтысым десем, қателесе қоймаспын.
— Әдетте әріптестерің көлік ұтқан айтысын да осы қатарға жатқызатын еді?..
— Басты сыйлықты иемденіп, көрерменнің көзайымы болып жатсаң, жақсы айтыстың деген сөз. Сол себепті оны да елдің есінде қалатын айтыс деуге әбден болады. Жеке басым 9 жылдың ішінде 4 машинаны тізгіндедім. Дегенмен, «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, алғашқы айтысымның орны бөлек.
— Жасыратыны жоқ, көптеген айтыскерлердің беделі бүгінде жеңіп алған көліктерімен өлшенетін халге жетті. Тіпті кейбіреулер сонымен мақтанып, айтыс үстінде «осынша көліктің иесімін» немесе «ол соншасын мінген» деп айтып жатады…
— Мақтанды демей-ақ, өзіңіз секілді журналистер санын сұрағанда, есебін берді дегеніміз дұрыс шығар. Неге десеңіз, өз басым аламанда автөкөлікті олжалаған ақынды ардақтап, қалғанына көзімнің қиығымен қарап көрмеппін. Расында, қанша мықты болса да, бірде-бір машина мінбей кеткен марқұм Оразалы Досбосынов қандай айтыскер еді?! Меніңше, көп ретте бәрі баптан гөрі, баққа байланысты болса керек.
— Ендеше, халық тарапынан бағасын әлі де толыққанды ала алмаған бүгінгі күннің талантты айтыскері кім деп ойлайсың?
— Ахметжан Өзбеков. Тараздық айтыскер ақын қанша мықты болса да, жұртшылық тарапынан бағалана қойған жоқ. Республикалық айтыстарға да сирек қатысады.
— Соған қарағанда, ірі айтыстарға шығу үшін де тамыр таныс керек пе?
— Олай емес. Қанша көкең болса да, олар сені сахнада «құтқарып» қала алмайды. Фонограмманы жазып алып, ән айтып берсең екен, бір жөн… Ал мұнда лезде жауап беріп, тапқырлық таныту керек қой! Менің пікірімше, кейбіреулердің бабы жақсы болғанмен, бағы жанбай жүр. Бұл — уақытша құбылыс.
— Ринат Зайытовтың «Айтыскерлер сахнаға өзара келісіп, айтатын сөздерін жаттап шығады» деген мәлімдемесіне қандай уәж айтасың?
— Келісіп айтысқандарды бұған дейін байқамаппын. Сондықтан бұл пікірге қатысты ештеңе де айтпай-ақ қойғаным жөн. Ал әріптестерімнің, соның ішінде менің аламанға өзіндік әзірлікпен шығатынымызды жоққа шығармаймын.
— Әріптесінің кезінде айтқан сөзін айна-қатесіз қайталап, оның мақамына келгенде де «жиендік» танытатындардың кездесетіні айтылып жүр. Өзің осындай жағдайды өткердің бе?
— Болған… Алайда, оның баршасы да рұқсатпен жүзеге асса, қарсылық танытпаймын. Шыны керек, өтініш білдіргенде, бетін қақпайсың ғой. Оны плагиаттыққа жатқызуға болмас. Өзіміз де кезінде сөйткенбіз… Бастысы, әлгі сөздердің авторының алдынан өтсе болғаны.
— Айтысқа деген адалдық бірте-бірте жоғалып бара жатқандай сезіледі. Бір айтыстағы сөзін бірнеше мәрте қайталап, сөздің киесін ұмытқандар туралы не дейсің?
— Көпшілік болған соң, ондай келеңсіздіктердің орын алатыны рас. Бір белгілісі, әр адам айтыста болмаса да, арының алдында түбінде жауап береді… Өкінішке қарай, қай істе де адалдық деген ұғым кемшін болып барады.
— Шыныңды айтшы, айтыста жүрген 9 жылда өзіңнің көңілің толмай, қарсыласыңа есең кеткен айтысың болды ма? Сөзден жаңылып, бармақ тістеу бәріне де тән…
— Әрдайым өзіне сын көзбен қараған адамның ешқашан көңілі толмайды. Менде де «бұдан да жақсы айтқанда ғой, шіркін» деген ой-тілек болады. Әттеген-айым ретінде Нұрмат Мансұровпен болған айтысымды айта аламын. Қызылордалық әріптесім менен гөрі тапқырлау болып, сөзден жеңілгенімді ұмытпаймын.
— Сондай кездері сені жігерлендіріп, шабытыңа шабыт қосатын кім? Ұстазың бар болар?
— 5-сыныпта оқып жүргенде мектебімізде үйірме ашылып, Айсұлу Қалдина есімді апайымыз бір топ балаларды айтыс өнеріне баулыған-ды. Сондай-ақ, марқұм анама да алғысым шексіз. Негізінен, менің дарынымды дамытқан, шығармашылығымның аз да болса шарықтауына септігін тигізген — үйдегі айна. Соның арқасында бойдағы ұяңдықтан арылып, өз-өзіммен талай «айтысқаным» бар. Әйтпесе, ауылдың баласына айтыстың қыр-сырын кім үйретді дейсіз.
— Арнау өлең немесе әнге мәтін жазуға дағдыланып, оны табыс көзіне айналдырғандар аз емес…
— Қолдан келіп жатса ол мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?! Дегенмен, оған да ептілік қажет. «Хит» болатындай, қысқа да нұсқа сөздерді тауып, әуенге «сіңіре» білу де — өнер. Өзім тапсырыспен жазуға жоқпын. Содан болса керек, ұсыныстардан бірден бас тартамын.
Рас, ерекше бір қуанғанда немесе мұңайғанда, ойыма бір сөздер келіп, санама сақталатыны бар. Қызығы сол, оның музыкасы да көп ұзамай «құйылады». Солай туындаған 5-6 әнім бар. Оларды Заттыбек Көпбосынұлы, Асхат Тарғынов, басқа да ақтөбелік әншілер орындап жүр.
— Жазылғанмен, жарияланбай жатқан өлеңдеріңнің бар екенін білеміз. Поэзияңмен ешкімнің танысқанын қаламайсың ба?
— Жоқ. Әлі күнге бір басылымға немесе жинаққа тапсырып көрмеппін. Өзімнен де бар… Оның үстіне, жарты жылда бір өлең жазсам, соның өзіне шүкіршілік етемін. Яғни бар болғаны 6-4 өлеңнің авторымын.
— Сені толғандырып жүрген мәселеге тоқтала кетсең.
— Қайсыбірін айтайын, көп қой… Мысалы, Ақтөбеден айтыскер ақынның шықпағанына 20 жылға жуықтапты. Бұл дегеніңіз бірталай уақыт қой! Қазіргі таңда шама-шарқымызша Қайнар Алагөзов есімді досым екеуміз туған жеріміздің атынан республикалық айтыстарда өнер көрсетіп келеміз. Өзіңізге белгілі, оның бәріне бару үшін қаражат керек. Жол шығынымызды өтеп бермесе де, жергілікті билік өкілдерінің көңіл бөлуіне болады емес пе?! «Жолың болсын!» деп бір-екі ауыз жылы сөз айтса, мәз болып қалатын едік. Бір қынжылтатыны, бізде «сен тимесең, мен тимен»…
Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Қоғамдық тәртіпті сақтау — ортақ міндет
Облыстық білім басқармасы мен облыстық прокуратура мамандарының ұйымдастыруымен «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің колледжінде өткен шараға облыстық прокуратураның аға прокуроры Н.Тұрышев, облыстық білім бөлімінің өкілдері мен Ақтөбе қаласындағы Сазды полиция бөлімінің инспекторлары, колледж оқытушылары, оқушылар қатысты.
Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен шарада Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауындағы қоршаған ортада тәртіп пен реттілік орнату, тазалық мәселесіне қатысты айтқан тұстарды Н.Тұрышев жиналғандардың есіне тағы бір мәрте салды. Ол құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін әуелі қоғамдық тәртіпті нығайту қажеттігін айтты.
Дөңгелек үстел барысында Сазды полиция бөлімінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Ж.Өтегенов атқарылып жатқан істердің жай-күйі турасында баяндады. Жиынды қорытындылаған колледж директоры Б.Құлбаева тәрбиелі ұрпақты өсіру баршаның ортақ міндеті екенін айтты.
Д.ИМАНОВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті
колледжі директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары.
Тәртіп пен тәрбие
Жақында Ақтөбе қаласындағы №30 қазақ орта мектебінде «Құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» акциясы аясында шаралар ұйымдастырылды.
Іс-шаралар аясында мектеп инспекторы Э.Қосеменова мектеп оқушыларына ұсақ құқықбұзушылықтың орын алуы мен жауапкершілік туралы дәрістер оқыды. Оқушылардан сауалнамалар алынды.
Шара аясында ата-аналар жиналысы да өтті. Жиналыста ата-аналарды толғандырып жүрген көптеген мәселелер айтылды.
Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе — «Отбасы мен мектептің ынтымақтастығы» тақырыбында мектеп психологы Л.Бердібекова баяндама жасады. Ата-аналарға отбасы тәрбиесі жөнінде жазылған кітапшалар таратылды. Екінші мәселе — «Оқушылардың өмір қауіпсіздігі басты назарда» тақырыбында мектеп инспекторы Э.Қосеменованың баяндамасы тыңдалды. Ата-аналарға баланың сабақ уақытындағы қауіпсіздігі және құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік акциясы туралы толық мәлімет берілді.
Мүлдем төзбеушілік — азаматтардың ұсақ құқықбұзушылыққа қарсы әрекеттері немесе ең ұсақ құқықбұзушылықтың өзіне жол бермеуі. Тәртіпсіздіктің салдарынан бала ауыр қылмыс жасауы мүмкін. Ата-ана жауапкершілігі күшейтілген жағдайда ғана көптеген ұсақ тәртіпсіздіктің алдын алуға болады. Мысалы, ата-ана кәмелетке толмаған баласын түнде (сағат түнгі 22.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін) ойын-сауық мекемелеріне баруына тыйым салуы қажет.
Мектеп пен ата-ананың ынтымақтастығы арта түскенде қоғамда тәртіп орнайды.
М.МҰҚАТОВА,
№30 қазақ орта мектебі
директорының
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары.
Ақтөбе қаласы.
Туриада және жас мамандар
Өткен аптада қалалық жас туристер станциясының ұйымдастыруымен қала мектептерінің жас қызметкерлері арасындағы қалалық туриада өткізілді.
Туриаданың мақсаты — қаламыздағы білім саласында қызмет етіп жүрген жас мамандардың спорттық шеберліктерін арттыру, білім беру ұйымдарында туристік-өлкетану жұмыстарын жандандыру, салауатты өмір салтын насихаттау.
Аталған шараға қаламыздағы 10 мектептен 60-қа жуық мұғалім қатысты. Туриада қала маңындағы Россовхоз елді мекеніндегі «Достық» лагерінде өтті.
Туриада бағдарламасы бойынша ұстаздардан құралған командалар екі күн бойы түрлі кросс-жорықтан, аспалы өткел дистанциялары бойынша туристік жол кедергілерінен өтіп бақ сынасты.
Ал кешкі мезгілде мұғалімдер команда мүшелерін өлең жолдарымен таныстырып, көріністер көрсетіп, домбыра тартып, гитарамен ән салып, өз өнерлерін ортаға салды.
Туриаданың қорытындысы бойынша І орынды №40 орта мектеп командасы, ІІ орынды №50 орта мектеп командасы, ІІІ орынды №45 орта мектеп командасы иеленді.
Жеңімпаздар қалалық білім бөлімі және қалалық жас туристер станциясының дипломдарымен, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Екі күнге созылған туризм техникасы бойынша ұйымдастырылған жарыста мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, үлкен әсермен қайтты.
А.БЕКБЕРГЕНОВА,
қалалық жас туристер станциясының әдіскері.




