Тарих

Әйтеке бидің мұрасы мен мирасы

Көбінесе қазаққа ғана тән сипат тәрізді ұғынылатын шешендік ділмәр шабыт, бейнелілік — бәлаға өнерінің де айқын ерекшелігі. Мұндағы гәп қазақ пен арабтың ортақ көшпелі өмір сүру тақыретінде, екеуінің де ақынжандылығында болса керек.

Мәселен, Әзіреті Әлінің жорыққа аттанайын деп тұрған әскердің алдында сөйлеген сөздері, осы орайда халифаның ойды образға бөлеп беру шеберлігі бәлағаның даусыз табысының бірінен саналады. Ондай нұсқаларда әдетте бір сөз екінші сөзден, бір ой екінші ойдан таралып шығып, моншаққа тізген ызғындай бірінің ізін бірі басып отырады. Қазақтың шешендік өнерінде де бір сөз бір сөзден таралып келіп отырады, бірақ бізде сөз осы ретпен шумақтап оралып, соңына қарай қозданатыны бар. Мұның айқын бір үлгісін жоғарыдағы Әйтеке сөзін баз қалпында толық келтірген кезде көреміз: «Адамға тәттінің жақсысы — туыс. Туысыңмен әуелде туыспау керек. Туысқан екенсің — сөз қуыспау керек. Туысыңнан кетсең, басың азар, құрмет тұтып сөйлессең, қасың азаяр, Ағайынмен той тойлас, саудаласпа. Жауыңменен саудалас, той тойласпа». Сөздің ішіне түсіп, ойдың түбін қуатын батындық тәуил қисынымен келгенде осы бір шағын кесектен батыстық философияға тән, екі ойдың негізінде жаңа пікір түйетін сүлделеудің (силлогиканың) және бір түйінмен тұжырылатын импликацияның арба із жол сорабын көргендей боласың (Европа ойжоруының өзі шығыстық неоплатонизм мен исламиедегі тәуилдің қорытпасынан шыққан ғой). Екінші жағынан, пікір көркем тұлғаланып тұр, мұнысымен әдеби шығармаға тартатын қазақ шешендік өнеріне анық бой ұрады. Ата салты бәрімізге жақ. Соның ішінде Әйтекеден қалған сөз мирасын ыңғай мұсылмандық өреден іздесек, бастан жақты айырғандай болар едік. Қалай десек те бидің шешен сөз өнерінің бастау-бұлағы, арқа сүйеген негізі, нәр алған ортасы — ел іші. Әйтеке — бір сөзден өліп, бір сөзден тірілген қазақтың ақуыз сөз мектебінің маржанын тереңнен теріп, тайыздан сүзген тұлға. Арқасын ислами құндылықтарға беріп тұрып, аяғын бәлағаның дәлелдеуіндегі білімге, топикасындағы пікірге, риторикасындағы сендіруге тірей тұрып, қазақы қара сөзді шекесінен шертіп пайдаланады. Не айтса да қазақтың ғана қалыбынан құйылатын қорғасындай сөздің мөрін танытады. Оның себебі, Сейітқұл әулеті — билік кетпеген, батырлық аумаған, құты шайқалмаған ырысты тұқым болумен қатар жарып айтар қабілеті бар орта еді. Өңірдің небір сөз ұстаған сүт бетінде зүбдат қаймағы Нұратадағы қара қоныста апталап, айлап жатып, мәжіліс құрғаны шүбәсіз. Әйтеке заманында баяғы қырық мың үйлі Алшынның басы өскен, өскелеңдеген. Бізге қорытындысы Кеңес кезінде ұсынылған 1897 жылғы халық санағы Мәуереннахр қазақтарының жан санын жүз мыңға әрең жеткізгеніне екіұшты сенеміз. Мұның өзі өзағаңның ежелгі «статистикалық геноцидінің» салқыны болу керек. Неге десеңіз, сол халық санағының ізін суытпай жарық көрген «Шура» журналындағы бір дереккөз Самарқанд уәлаятын ғана мекендейтін қазақтың санын 210 мыңға жеткізеді (уәлаяттағы өзбек саны – 390 мың, тәжік – 210 мың). 1920 жылдары Темірбек Жүргенов Бұхар маңын 70 мың қазақ мекендейтінін жазған-ды. Өзбекстандағы бүгінгі қазақ саны ресми есеппен миллионға тартады. Ендеше екі өзен аралығындағы ызғындай қандастарымыз мұндай қалың ортада асыл сөздің мәйегін ембей отыра алмасы анық. Тарихи отандағы қазақтардың арасында бүгінде «қау» сөзі ұмытылған, ал Өзбекстандағы ағайын түнді таңға ұрып қау тыңдауға жиналады, яғни жыр, терме, шешен сөз тыңдайды. Шешен сөз көбінесе қаһарман жырдың текерлемесінде, ара-арасында айтылады. Мұның өзі эпостың Мәуереннахр қазақтары ішінде айрықша қадірленгенін, ол заман өңірде біреуге бас идіріп, біреуге жер бүйдіріп әділ билік айту батырлар жырымен сабақтас өрістегенін көрсетеді. Аталы сөз айтып, көшелі ой сабақтаудың басы — дала перзентінің көзін қойып, көңілін ашатын әліппе есепті қаһармандық эпос. Шешеннің, бидің естіміш білімдарлығы естігенін жазулы хаттай сақтауға баулитын жыршылық мектеппен тікелей байланысты. Қазақтың шешен сөзінің сұсымен айбындырған қорғасындай салмағы жыр-толғаудағы серттесе сөйлеуді (суггестика) еске салады. Бидің тіліп өтпе батылдығы, өткір, сілтілі сөзі ерлік жырларымызға, ереуілді күйлерімізге тән турашылдықпен, сыншылдықпен қойындасып жатыр. Жыр-толғаудың шамырқана шығандап, сатырлата құйғытып отыратын жігерлі сазы билеріміздің тұтасымен қусырып, төгілте айтатын машығымен төркіндес. Ислам тұрғысынан қарағанда өлең-жыр — күнә да емес, сауап та емес. Софылық осы орайда көптеген халықтық дәстүрлермен қоса өлең-жыр мүмкіндігін де өз мүддесіне қапысыз пайдаланған. Мәуереннахрдағы бахшылық өнер өлең айтып, шиғыр сөйлегендерді арнайы даярлайтын ұйымдасқан, этникалық дәстүрге ие кәсіби сипаттағы өзіндік бір мектепке жатады. Бахшылықты ұстаздан шәкірт еншілеп, тұтас бахшы әулетін құру — берік орныққан салт. Әдетте қазақ эпос үйрену мектебі айтысқа түсу, терме айту, тақпақ шығарудан басталса, өзбек бахшысы кішкентайынан жарапазан айтып, мұсылман апокрифтері — қисса жаттап шыңдалады. Осы үш жағдай бахшылық өнер мен софылық тәлім беруді өзара жақындастырады. Өзбек бахшысының ұстаздан үйренген жыр мәтінін еш қоспасыз, баз қалпында дерлік жырлап беретін дәстүрі — жыр мәтіні әр айтылған сайын өзгеріске түсіп, түрленіп отырады дейтін белгілі Пэрри — Лорд теориясының шеңберіне сыймай отырған санаулы, бірегей құбылыстың бірі. Мұның өзі эпостағы кітаптық дәстүрге қоса софы мен мүрид арасында қалыптасқан берік тәртіптік жүйені де еске салғандай болады. Өзбек фольклортанушысы Тура Мирзоевтың жазуынша, өзбек бахшылары көбінесе медресе жанында, тәлаба тәртібімен тәрбиеленген. Әйтеке кішкентайынан медреселі жерде тәлім-тәрбиеге ие бола тұрып кітаптан алатын білімге үйірсектемеуі неліктен, жазуға машғұл болмауы қалай дегенде біз алдымен жоғарыда айтылған жәйттерді есте ұстауымыз керек. Асылзадалармен білім қырқасына қатар шыққан, кәміл софылардың алдын көрген болашақ ұлыс бегі далалық қалпын титтей бұзбайды.

Мұның мәнісін нақшабандияның өзге тариқаттарға ұқсамайтын ерекшелігінен іздеу керек.

Нақшилар жалпы софылықтағы ас-су ішпей, қатып-семіп жүріп риязат шегуді (аскеза), ғұмырынша үйленбей, қара тоң боп өтуді (целибат) қабылдамайды. Тиісінше, мүридтерді қазыққа байлап ұстамайды. Топталып, забияда тұру міндетті емес. Тариқат жергілікті диқан, саудагер халықтың мүддесіне сәйкестендіріліп құрылғандықтан, мүрид қайта қалың көпшіліктің ішінде жүріп-тұрғанын қолай көреді. Тариқатқа кірерде мүршидіне берген антынан аттамаса болғаны.

Бізге жеткен деректер Әйтекенің жиырма жасында Нұрата, Самарқанд төңірегіндегі алпыс мың үйлі алшынға, қырық мың үйлі қарақалпаққа, жүз мың түтін өзбекке ұлыс би болып сайланғанын айтады. Ол заман медресе шәкіртті дайындық бөлімі — тазыкрияны қосқанда бастауыш ибтидияда, орталау рошдияда, орта икдадияда, барлығы он төрт жыл оқытқан (оның екі жылында мүрид болып, дағуаға тұрады). Сонда тәлаба орта дәрежелі оқу орнын жиырма-жиырма бір жасында бітіріп шығады. Одан әрі төрт-бес жыл тәжірибе жинақтап, шәкірт құрап, халфе ұстайтын дәрежеге жетіседі. Атақты Хожа Ахрардың өзінің қолы иршад-куәлікке жиырма жеті жасында жеткен. Биден туған мырза — Әйтеке болса медресе бітірген жиырма жасында бүйтіп ишандық бұлтаққа түсіп жатпайды, ата жолынан айнымай, елге қайтып, билікке араласады. Алдағы асуларға дайындалғандай қалып танытады. Бабын болжап отырған ұстаздарының қабілетті шәкіртті өз талабымен жіберуі неліктен?

* * *

Хожа Ахрар дәуірінен бастап нақши софылар негізінен екі жағдайды күйттеді: жергілікті отырықшы халықты билік басындағы көшпелі өзбек сұлтандарының талан-таражынан қорғау және мемлекеттің шегіне көрші бәдәуи түркі тайпаларын келтірмеу. Жалпақ тілмен айтқанда, Бұхар, Самарқанд жағындағы түрікмен араласқан тәжікті (сартты) Зарафшан, Жызақ, Әндіжан жағындағы көшпелі дәшті қыпшақтардан (өзбектен), Түркістан жағындағы жете, қаңлы тайпаларынан, Арқадағы жауынгер Әбілхайыр ұлысынан қорғаған ғой. Хожа Ахрар тұсында нақшбандия бұрынғыша мүрид құрап, сүкіт сақтап отырғанды місе тұтпай, елдің саяси-әлеуметтік өміріне белсене араласады. Хожа Ахрардың «Мүрид ұстау — шайхының ісі, мұсылман баласын залым билеушілердің тізе батырып, азар беруінен қорғау үшін билік басындағы төбел топқа жағып, Алла разылығы үшін оларды оң жолға бастауымыз керек» деген нұсқамасы бойынша тариқат ел ішіндегі абыройлы, дәріпті кісілердің ығын алып, әккі саясат қолдануға көшеді.

Билік үшін қырқысқан әулеттерді жарастырып, ұйытып ұстап, уәлі сөзімен иландырған (ишандырған) мәмілегерлік қызметіне орай нақши софылардың «ишан» атанатыны осы тұс. Мәуереннахрда Шайбан әулеті мен көшпелі Жошы әулетінің арасындағы ежелгі бақкүндестікті өршітпей, ел мен елдің арасын қиюластырып келген де осы ишандық даға (миссия). Исламда тікелей дінге шақыру қуатталмайды. Құрандағы мәні жойылған аяттар мансұқ естіледі де, мәні жойылмаған насих аяттары бойынша уағыз, яғни насихат айтылады. Отырықшының қолынан бермегенін жолынан алғысы кеп тұратын бәдәуи тайпаларды нақши софылардың мәдени өмірге ауыздықтап, көндіктіруі Ислам атымен жүргізілді. Дәл Хожа Ахрар дәуірінен бастап Түркістан атырабында софылардын мұрсалдық (миссионерлік) қарекеті қарқындап, аз уақытта айтағалсын жетістікке жетеді. Айтылмыш кезеңде Мәуереннахрды, онымен қоса Түркістан өлкесін Исламға кіргізу толық және түпкілікті тиянақталды. Кеңес дәуірінде тарих ғылымы софылардың кең етек көшпелі елдің ішіне күзгі қарғадай ауып барып, суша сіңіп алуын қосымша табыс көзін іздеу, баюдың амалы деп түсіндірген. Сауда жасап, кәсіп күйттегендердің тариқаты — нақшбандия, алдымен сарт жұртына тас арасынан жол тапқан су сияқты өмірге бейім болуды үйреткен нақшбандия бас есебін ойламады демейміз. Софы болып дала кезген, ауыл шолған талайы аңқау елді алдап, қорасын қойға, шарасын майға толтырғаны анық. Реті келгенде хандар аударыспағын да жасап отырған. Талай хан-әмір софының қарғатайына айналған. Мысалы, Ақсақ Темір әулетін Хожа Ахрар мен оның тұқымы софылар қолындағы хүкімет-сымаққа айналдырып, елді табандатқан қырық жыл бойы билеп тұрды. Қаршы, Самарқанд уәлаятында ғана Ахрар әулетінің 375 мың танаб уақыф жері болды (60 мың гектар құнарлы алқап!).

Бірақ осылай екен деп, софылықтың көшпелі елге аз уақытта қарқындап таралуын жоғарыдағыдай пәндәуи себепке ғана тіреп қойсақ, мұның өзі тарихқа бейтарап көзқарас болмай шығар еді. Түркістан жеріне софылықтың таралуының объективті заңдылығы бар. Айтты-айтпады, заманында Исламды таратудың белгілі бір табиғи шек-шекарасы болған ғой. Араб мұрсалдары шығыста Мәуереннахрға жетіп, ат басын іріккен. Одан арғы өңірді «Билад ат-түрік» («Түрік елі») деп атап, қатты жауынгер бұл елді өз еркіне қойған да. Түркістанға Ислам алдыңғы ортағасырда, кіндік араб халифалығына наразы оппозициялық көзқарастағы топтар ауып келгеннен кейін барып тарала бастады. Бұйдагері белгілі Исхақ бап болған бұл қайсандар сүннә дәбіндегі Мәуереннахрмен көп тіресті, тіресе жүріп шафиғи, исмаилие, софылық секілді сүннә жолына шалыс тұстары бар ағым-бағыттардың ықпалына ұшырады. Кейінгі дәуірде Түркістан атырабында ірі мұсылман ұлыстарының пайда болуы бұған дейінгі ел басқару пошымын қайта қарап, дәстүрлі сүннәлық ел ұстау жорасына, жұрт билеу тәртібіне жүгінуге мәжбүр етіп отырды. Аймақ билеушілері Мәуереннахр мен Хорасан дін мектептерімен, қауымдарымен ұдайы аралас-құраластықтың нәтижесінде өз идеяларын олардағы қалыптасқан, уақыт сынынан өткен пошымдарға орай жүзеге асыратын тәсіл тапты. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан мәдениет жағынан исламдық Мәуереннахрға көп тәуелді болып шықты, осы өреден келгенде өлкенің қалай да Исламға толық көшпей қоймайтыны анық еді. Нақшбандия Мәуереннахрда алдымен Темір ұрпағының, соңыра Шайбан әулетінің бір орталықтан басқарылатын қуатты мемлекет құру ойының оң жамбасына келгені сияқты, Түркістан ұлыстарының интеграциялық тілек-мақсаты Хожа Ахрар тұсынан бермен әдап-әрканы, қағида-көзқарасы көпке түсінікті болып, атқарылуы жеңілдеген тариқаттың тілегімен тоқайласты. Сөзіміздің жарқын мысалы — Жүніс хан тұсында күшті ұлыс болуға бет алған Моғолстан. Жүністің қолы билікке Мәуереннахрдағы Темір әулетінің қолдауымен жеткені тарихтан мәлім. Ал Темір әулетінің түптартуында Хожа Ахрар тұрғанын ілгеріде айттық. Нәтижесінде Жүніс Хазірет-и Ишанның көрнекті мүриді болды да шықты. Шындығында Қазақ Ордасының құрылу тарихы осы Жүніс хан атымен көбірек байланысты.

Әбілхайыр ұлысынан бөліне көшкен Керей, Жәнібек сұлтандарды Мәуереннахр бетке арқау-күзеу жасамақ боп Моғолстанның батысындағы Шу мен Талас арасынан иқта жер беріп қоныстандырған Жүніс ханның ағасы Есен-бұға болғанымен (шамамен 1459-1460 жылдары), қазақтың халық ретінде ұйысу процесі Жүніс хан билік құрған кезеңде (1462-1487 жылдары) қарқын алды. Жаңа халықтың негізін қалаған этникалық процестер болашақ жаңа ұлыстың керегесін жайып, уығын шанышқан саяси жағдайларға кеп жамалды. Соның ішінде мұрсалдық, дағуа айту саясаттағы идеологиясының маңызды бөлігіне айналған нақшбандияның Қазақ Ордасын дүниеге келтірудегі рөлін аттап өтер болсақ, тарихымыз түгел тарих болмай қалар еді.

* * *

Әрине, нақши софылар мен алғашқы қазақ сұлтандарының байланысын көзге шұқып көрсететін дерек еш жерде кездеспейді. Дегенмен, осы тұста Жәнібек ханға Әбу-Саид дейтін лақаб есімнің берілуі көңіл аударарлық. Нақши софылар саясатқа алаңсыз араласқаннан кейін зайырлы билікті киелеуге көшкен еді. Мысалы, Мәуереннахрдағы өзбек әулеттерінен шыққан билеушілер елді пайғамбар (с.ғ.с.) ұрпағына ғана қарата қолданылатын саид атағымен биледі. Бірақ бұл үрдіс кейінірек, ХVІІІ ғасырдан басталған. Ал содан аттай екі ғасыр бұрын алғашқы қазақ билеушісіне асыл сүйекке ғана тән «саид» атағының таңылуы софылардың жаңа мемлекеттік құрылымға қаншалықты мән бергендігінің дәлелі емес пе?! Қазақ хандығының құрылуы дейтін тарихи уақиғаның жалпы жұрт біле бермейтін астары көп болған сияқты. Шындығында, алдында «өзбек-қазақ», соңыра «қазақ» дейтін этнониммен дараланған жаңа тайпалық одақ Мәуереннахрды жаулап алған Шайбан тұқымына қарсы дау — қарғаша түрінде жобаланғаны байқалады. Ақиқатқа дес берсек, Жошы тұқымынан зәбір көріп, Мәуереннахрды паналаған Мұхаммед Шайбаниды саясына тартып, соңыра хан тағына отырғызған да софылар. Мұхаммедтің інісі Махмуд сұлтан нақшбандияның Бұхар шонжарлары қатарынан жасақталған жаңа тармағы — жуйбар шайхтарына мүрид еді деген әңгіме негізінде рас болуы керек. Софылықтың өз іші де майлы қасықтай айналып тұрған жоқ. Соған сай ол құрық салған билеушілердің де тайға артқан қоржындай екі жаққа кезек бұлтыңдауы өзінше бір дағды. Біз бұл жерде Мұхаммед Шайбанидің билікке қолы жетіп алғаннан кейін Хожа Ахрар тұқымының тоз-тозын шығарып, қаңғытып жібергенін, бірақ соңыра оның өз тұқымының Махдум-и ағзамның, жуйбар шайхтарының тұтымына түскенін айтып отырмыз. Қазақтың айы шалқасынан туып, күні тұтылған замандарды қайдам, ал бақ жұлдызы көтеріліп, қаптаған жауға іргесін алдырмай, қаһарлы елдермен терезесі тең тұрған шағында қазақ хандарының да софылықтан құр қалғаны кемде-кем. Заманында дәргейіне бүкіл Дәшті-Қыпшақты қаратқан Қасым хан Бұхар шайхы Хожа Сағдыға қол тапсырып, мүрид болған. Шығай ханның софылықтың қайнаған ортасы — Офарикентке келіп тұрғанына қарағанда, ол да піріне — Самарқанд шайхысына жақындаған-ау. Оның ұлы Тәуекел ұзақ уақыт осында Абдолла ханға қызмет еткен, соңыра хандық тізгінін ұстағаннан кейін жүз жиырма сенімді адамымен Хожа Исқах шайхқа қол тапсырып, дағуасына тұрады. Түркістанды, Ташкентті және Фарғонаның бір бөлігін екі ғасыр бойы қазаққа билететін 1599 жылғы келісімшартқа нақши шайхтарының ишаратымен рұқсат болған. Сөйткен Тәуекел әуелгі пірімен қатар екінші бір шайхқа бейіл бергеннен кейін ханның ісі оңғарылмағанын, ақыры ажал тапқанын сездіреді софылар тарихшысы Мұхаммед Әуез.

Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезеңінде әртүрлі пікір, әртүрлі әрекет болған. Соның ішінде ат төбеліндей топтың ат түгіндей қалың елді уысына алып, ың-шыңсыз басқаруы әлгі қозғалысқа қатысушылардың бір-біріне ділгерлігіне де көп байланысты болса керек. Әсіресе, билік басындағылар орталықтанған күшті мемлекет құру барысында айналасынан рухани тірек іздеуі қалыпты жағдай. Осы орайда Мәуереннахрдың қауіпсіздігін күйттеген нақшбандияның шекаралас көршілерді өз саяси ықпал аймағында ұстау әрекетін Қазақ хандары объективті түрде софылықтың біріктірушілік рөлі ретінде қарастыруы түсінікті еді.

Тәуекел мен Есім хан заманында Қазақ хандығының ежелден көксеген арманы жүзеге асып, нақши софылардың білдірмей берген көмегінің арқасында оңтүстік шекарасы ретке келді — шаруашылық ісінің бойын ширатып, қанын жүргізіп отыратын Түркістан, Ташкент аймағы қазақ дәргейіне қарады. «Алмақтың да салмағы бар». Ендігі міндет — шығыс беттен тыным бермей тұрған қалмақтың бетін қайтарып, Қазақ хандығының, соған қоса Мәуереннахрдың шығыс іргесін бекіту, Алашты Хақназар, Қасым хан заманындағы кенересіне келтіріп, бір орталықтан басқарылатын қуатты, орнықты мемлекетке айналдыру. Осынау ауыр міндеттің екі басы бір жылы туған төл, Бұхарда, Самарқандта жасынан балапандай баулынған, қырандай бапталған Таваккул Мұхаммед Батыр-Хан мен әл-Текие Бәйбекұлына сеніп тапсырылуы желдің қай жақтан соққанын анық танытады емес пе. «Хан — қазық, би — арқан». Асылы, осы мәтел сұлтандардың беделі түсіп, бидің қадірі артқан Тәуке заманын нұсқаса керек. Бірақ бидің де биі бар. Алдынан тоқтылы қой дау бітпейтін тайғанақ би бар, әр сөзіне бір мысал іздеп, әр үкімге бір мақал айтқан жай әншейін көп-ауыз би бар. Көтеріп айта беретін ел ішінің әңгімесі ме, әлде шынымен болған оқиға ма, кім білсін, әйтеуір Әйтекеден қалған сара сөздің басы деп ұсынылатын хикаяның бірі мынадай.

Әйтекенің бес-алты жастағы кезі екен. Көрші Қосуақ бидің үйінде бір топ даугер жиылып, өтті-кетті ұсақ даудың шетіне шыға алмай ырғасып жатады. Сөйтсе іргесі түрулі киіз үйдің жанында «хан талапай» иіріп отырған топ баланың біреуі «Би біреу болуы керек, қалғаны тіреу болуы керек» деп қоймайды. Үйде отырғандар:

— Әй, бала, мұны кімге айтып отырсың? — деп сұраса, бала:

—    Керекті кісісіне айтып отырмын, — деп, асығын тастап, тұрып жүре беріпті.

Үлкейгенде алдына екі даугер келіпті. Соғып алған түлкіге таласулы. Біреуі:

—    Түлкінің жүні жетілсін деп, алты ай жаз сыртынан бағып жүр едім, — дейді.

Екіншісі:

—    Мен кешегі қансонарда ізімен келіп індеттім, — дейді. Сонда Әйтеке іркілместен:

—    Түлкі арлан болса — ізімен келгендікі, ұрғашы болса — жүні жетілсін деп ін баққандікі. Өйткені, ұрғашы түлкі ін сақтайды, еркек түлкі түз сақтайды, —  депті.

Бұл екі тәмсілдің алғашқысы орталықтанған билік тармағын (төбе би) жасақтау жайлы мемлекетшіл арман-аңсарды нұсқайды, екіншісі не нәрсенің де себебін қазып, салдарын түптейтін белгілі тәуил тәжірибесін көрсетіп тұр. Екеуін қосқанда, Әз Тәуке заманының қазақты баяғы кереге биліктен заңмен басқаруға көшіру хақындағы толғақты дәбін аңғартады.

Заңмен басқарудың басы — соңыра атақты Жеті жарғыны қабылдайтын Тәуке тұсындағы Хан кеңесі. Хан кеңесінің құрамына енгізілгеннен кейін билер халықтың шын сынына түсті. Іріктеле, сұрыптала келіп, бұрынғы жалтақтары мен тайғанақтары шетке қағылды, қара басы кетсе де халықтың қамын жейтін нағыз ата билер қалды. Билер кеңесіне неше кісінің мүше болғаны жөнінде басы ашық дерек жоқ. Төле, Қазыбек, Әйтекеден басқа Қаражігіт, Қу дауысты Құттыбай, Шаппа, Тиес, Сасық, Әнет тәрізді билердің аттары аталады. Би саны жетеу болсын, тоғыз болсын, Кеңестің төбе биі қарақалпақ Сасық болсын, басқа болсын, алдыңғы үшеуі қазақтың үш жүзінің төбе биі болып отырсын, осы орайда өзге екі ұлыс бектен жасы үлкен Әйтеке жолы үлкен деп бас болып билік айтудан шегіне тұрсын, әйтеуір, осы үш би мен Тәуке тізе қосып өрбіткен екен дейтін әңгіменің соқпа-соқпасында ханның Кіші жүздің ұлыс бегіне деген айрықша құрметі аңғарылып қалатынын сезінгендей боласың. Мына бір сөз.

Әз Тәуке:

—    Дауда билік айтқан кезде сөзді жасы үлкен бастауы, жасы кішінің қоштауы жөн бе, әлде жасы кіші бастап, жасы үлкен қоштаса бола бере ме?

Төле би:

— Төбеде тұрған кісі төрт жағын түгел көреді. Төменде тұрған екі жағын және беткейде тұрған төменгі жағын ғана көреді. Сондықтан жасы үлкеннің — оңы мен солын, алды мен артын болжаған ағаның алдымен билік айтқаны дұрыс қой.

Қазыбек:

— Жасы үлкен аға әділ төреші бола алмайды. Себебі, артында қайрылары жоқ. Сондықтан алдында айбынды ағасы бар, артында именерлік інісі бар, алды-артына қарайлар, билігін абайлап жүргізетін ортаншы бидің төрелік айтуы орынды ғой.

Әйтеке:

— Ағасы келсе, ардақты атын байлайтындай, қонағы келсе, құрметтеп жайлайтындай тындырымды інісі болса, қанат-құйрығы сай болып, көңілі жай болып, ағаның алар тынысы болса, інінің міндеті басқару, ағаның реті бас бағу емес пе?!

Сонда Тәуке хан билердің, әсіресе, Әйтекенің тақияға тас тастағандай жауабына риза болып ықыластаныпты, дейді шежіре.

Бүгінгі біз келістіре алмай, қарқарасын қоқыратып, шашып алып жүрген ескінің жасырын мұқамдаса сөйлеуінің алтын қазығы әріде жатыр — Әйтеке билікті өзінен жасы кіші, бірақ жолы үлкен екі биге беріп отырғандай сыңай танытқанымен, шындап келгенде басқару жабдығын жолы кіші ініге табыстау орынды болатынын ишаралайды. Мұны хан да қапысыз түсінген, шежіренің «ықылас танытты» деуі соның дәлелі. Екеуара емеурінмен ұғынысудың және бір ұшқыны Тәукені алғаш хан сайлау тарихынан және Бас пір таңдау төңірегіндегі әңгімеден де аңғарылады.

* * *

Салқам Жәңгір жау қолынан өлгеннен кейін табандатқан жиырма сегіз жыл бойы қазақ жұрты хансыз өмір сүрді. Нәмеңгерлік (регенттік) жалпы біздің халқымызға тән емес үрдіс болатын. Оның үстіне бұл кезең елдің тағдыры шарға түсіп тұрған зауалды шаққа тура келді. Сөйтсе-дағы Салқам Жәңгірдің Тәукеден үлкен екі ұлы — Уәли Бақы, Тәукемен атасы да, енесі де бір Абақ таққа отырмады. Дұрысы, отыр-ғызылмады. Бәрі де бұл шақта Мәуереннахрда он екі фән жадығатын фәһлім қып жатқан Тәукені күтті. Бүгінде тарихшылар Тәукені хан тағына 1680 жылы отырды деп бәтуаласты. Бұл жылы, шежіренің айтуынша, отыз алты жасар Әйтеке Қазалыда Кіші жүздің «игі жақсысы» бас қосқан келелі кеңесте осы ұлыстың төбе биі боп сайланады. Сол жылы ол Түркістанда өткен хан сайлауында алты ата Әлімнің, төрт ата Кетенің, он екі ата Байұлының, төрт ата Шөмекей мен жеті ата Жетірудың атынан отыз үш шарды толық салғызып, Тәукені ақ киізге көтеруге ересен ықпал етеді. Баяғы қазақ болса мұндайда «Екеуінің келген жерінің қиынын-ай!» дер еді.

Ең қызығы — Бас пір сайлауы.

Әбіш аға Кекілбаевтың жазуынша, бұрындары бейтаныс кісіге «төрт тіреуін» — ауыл-аймағының пірін, биін, батырын, мырзасын айтқызып танысатын салт болған. Пір (бір) — фарсиша «шал», шайхтың дәл мағынасы. Софылар Қазақ даласын толық уысына алған кезде хандық, оның ішіндегі жүздер, іргелі рулар ғана емес, ықпалды батыр-билер де меншікті пір ұстаған. Айталық, Төле бидің пірінің аты Мағзаман, Қазыбек бидің пірі Ер Сейтімбет, Әйтекенің пірі Мүсірәлі (лақабы Сұпы Әзиз). Пір қожада ішінен таңдалған. Бірақ шежіре алдыңғы екеуін еш іркілместен қожа атағанымен, Мүсірәлінің ұрқын керейттен таратады. Және осал тұқым емес, Доспамбет керейт ішіндегі атақты Жандос шешеннің немересі, Жәдік бидің ұлы. Демек, қазақ екендігі даусыз. Шежіре бала кезінен Түркістанда, Ахтан сопының қолында мүрид болып тұрғанда Әйтеке іздеп келіп алып кеткенін де нақпа-нақ айтады. Бұған қарағанда софылардың билік иелерін киелейтін белгілі әдісі қазақ ішінде алғаш Әйтекенің қолымен жүзеге асып, осыдан «қожа» субэтникалық тобын қара қазақтан жасақтау ісі бастау алуы әбден мүмкін.

Қысқасы, сол жолы үш пір Бас пір болудың сынағына түсіп, Мүсірәлі мұғжиза (керемет) көрсетіп елді таңырқатып, жеңіп шығады. Тәуке хан: «Үш жүздің пірі Мүсірәлі қожаның іргесі Кіші жүздің Қаракесек әулетінің ортасында болады. Хан Кеңесіне дейінгі жолмен шешілетін бүкіл дау әзіреті піріміз Мүсірәлі қожаның алдында мәмілесін тауып отырсын», — деген жарлық шашады. Сол Мүсірәлі Билер кеңесі әзірлеп ұсынған Жеті жарғының жобасын қарап шығып, түсініктеме жазып, Ата заңға ислами рух дарытқан дейтін әңгіме бар.

Бас пір сайлауы қашан өткерілгені жөнінде пікір әрнеки. Бірқатар автор Тәуке хан сайланғаннан кейінгі уақытты, енді біреулер қолмен қойғандай етіп 1678 жылды айтып жүр. Ал Мұқадес Есләмғалиев Тәукені хан сайлаған жиынды атайды және дәлел ретінде ел ішіне кеңінен тараған: «Әз Тәукені хан сайлап, /Софы Әзіні пір сайлап, /Қонды дейді ақсарбас/ Әйтеке бидің төріне» деп келетін сөзді алға тартады. Соңғы пікір біздің де көкейімізге қонады: 1680 жылғы хан сайлауында медресе көрген, ханоқох көрген қос мүрид тізе қосып әудесіп, үш бірдей шаруаны орнына келтіреді. Әйтеке бастасының, сабақтасының хан боп сайлануы жолында ақырына дейін ат шабысады, ал Тәуке өзі хан сайланып алғаннан кейін қызметі жаққан биді Бас пір арқылы үш жүзге ықпалын жүргізетіндей дәрежеге жеткізеді. Әйтекенің сол тұста ұсынған ел іргесін бекіту жобасы да екеуі көрген тәрбиемен біте қайнасып жатыр: тұрақты әскер ұстау; оқ-дәрілі қарумен жарақтану; шекара күзету; қағазбен, кітаппен келетін әскери өнер үйрену; бас сардар — жоғары қолбасшыға тек ханға, Билер кеңесіне бағынатындай құқық беру; ел басқару ісіне халықтың бүкіл жігін тарту және орыстан сақтану.

Әйтеке жобасы бұл қалпымен отырықшы елдің — кейінгі ортағасырдағы шонжар мемлекет Мәуереннахрдың жұрт билеу жорасын еске салады. Қазіргі тілмен айтқанда, ашық елдің тәуелсіздігі — жан-жағыңа қатты тәуелді болу екендігін ұққан елдің тірлігін көлденең тартады. Әйтекетанушылардың айтуынша, екі сөйлеп, өтірік күлмейтін қайсар бидің келген жерінде оқыған-тоқығанынан түзген бұл ислах-реформасы әсіресе, төре-сұлтандар тарапынан қолдау таппай, мұның арты бидің 1699 жылы, Күлтөбедегі жиыннан кейін Хан ордасынан кетуіне, араға шамалы уақыт салып, сұлтандар қысас қылып ішкізген удан қайтыс болуына әкеп соқтырған-мыс.

Не айтсақ та, не жазсақ та, өткен заманға елшімізді жіберіп алғандай нақ-нақ сөйлеуден сақтанайықшы, ағайын.

Әйтекені бағалау ісінің шеңберінде оның үнсіз қалуын бағалау да кіруі тиіс. Одан да өмірінің соңғы кезеңінде дақпыртының шыкпай кету себебін мына бір сөзден іздесек, әлдеқайда ұтымды.

Әйтеке өлейін деп жатқанда қасында отырған қарақалпақ таланттасы Қожамқұл:

— Би, неге өкіндің? Айтпақ бірдеңең бар ма? — деп сұрапты. «Ғарыздасқың келе ме?» дегені ғой.

— Қайсыбірін айтайын!? — депті жарықтық бабамыз.

Қайсыбірін айтсын, өткені, бүгіні, ертеңгісі көз алдынан мөрдей болып тізбектеле өтіп жатса. Бәрі жалған екен. «Құлымның иті бол, итімнің құлы бол» деп үйрететін тәу ұстаздарынан көрген-баққаны — көрешек екен де, өмірінің соңғы жылдарына тапқаны — келешек екен. Әттең, шындыққа соң қанықты… Софылық — өз деңгейінде болса ғана софылық екен. «Тақуалық» ұғымының төркіні — сақтану. Дүние тіршілігінде бұрыстықтан, пәле-жаладан сақтану. Тақуа осы жолда қылдай ауытқып кетіп жатса да өзі біледі. Ал «софының» асыл түбі — арабтың «жүн», «қыл» дейтін сөзі. Яғни софылыққа кісі ғұмырынша тура жолдан қылдай ауытқымағанда ғана ие болмақ. Софылық замандардан заманға оза бермеген. Қазір шын софы жоқ, сопысыну (лжесуфий) ғана бар. Қылдай ауытқымаған софылар тарих еншісіне өткен. Заманында көпшілігі-ақ ғұмырының соңында дүние тіршілігін тәрк етіп, мағрифа есігін ашудың алдында тұрған. Біреулері хақиқатқа көңіл таластырған. Қай-қайсысы да өзі тапқан жолды дұрыс деп білген. Шындығында кімнің тапқаны дұрыс екендігі бір Аллаға мәлім. Сол сияқты Әйтеке бабамыз да өмірінің соңғы сәттерінде халқының тағдыры да, өзінің тағдыры да қақпақылға түскенін жіті сезініп, ақыры тәубеге келіп, бір шындыққа көз жеткізіп, өз жолын тауып барып көз жұмған-ау деп бағамдаймыз.

Әйтеке жолы…

Ақиқат жолы ма?

2008 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button