«Атан қомында туған адам»
Ебіней Бөкетовтің Ишанбай ағаны «Атан қомында туған адам» деуі тегін емес. Қарапайым қорықшы Қарақұлдың қырық құрау қара шаңырағына он үшінші сәби алдын ала дайындалған жөргекке іңгәлап түсе қалған жоқ. Анасы Ақанайдың толғағы Ащы Ойыл бойындағы ел заманның түксиген қабағын бағып, түнере күй кешкен күндердің бірінде қысты. Ауыл ақсақалдары сәбидің есімін ырым етіп Ишанбай деп қойды. 1913-1923 жылдарда Ойыл бойын жайлаған оба ауруы жыртық шекпенді ауылды одан әрі күйзелтіп жіберді. Ет жақынынан айырылып, қайғыдан қан жұтпаған түтін қалмады. Қарақұл мен Ақанайдың отбасында да үш сәбиі – ұлдары Жаналы мен Мұқағали, қызы Жәния о дүниелік болды. Белгілі Ақпан, Қазан төңкерістерінің де қайырын сезіне алмаған Ащы Ойыл жұрты 1919 жылы сол кездің нәубетті сипатындай үдере көшулер толқынында ата жұртын тастап, беймәлім қиырға бет алды. Қарақұлдың шаңырағы Қарақалпақстанға, Қытай (Қыпшақ) ауданының Молда-шалы қыстағына келіп орнықты, ал қалғандары қопарыла көтеріліп Ақтөбе облысы Қобда ауданының он сегізінші (Ақсай ауылдық кеңесі) ауылына барып қоныс тепті.
Әлдекімдердің айтуымен «тұманды теңіз өріне» ескексіз қайықпен шыққан Қарақұл әулетіне мамыра-жай өмір жағалауы бәрібір жеткізбеді. Азан шақырып қойған аты Мұқаналы болғанмен, табиғатынан тура мінезді, сотқар болып өскендіктен Таусоғар атанып кеткен кесек тұлғалы, тағдырына көнгісі келмей бес қаруын асынған, қабағына кек қатқан қатулы топтың ішінде Үстірт, Қарақалпақ арқылы жолшыбай ұрыс сала жүріп Тескентау (Ауғанстан) асып кеткен атпал азамат 1921 жылы кері қайтып, туған жердің топырағын құшып тұрып өзіне-өзі іштей бір ант еткен-ді. Ол анты енді туған жердің азаттығы үшін қандай қиындықтан болсын тайсалмау еді. Таусоғар антынан таймады. Мұстафа Шоқайдың Түркістан Республикасын құру жөніндегі азаттық идеясын қолдады. Жиырма үш жасында Хорезм Халық Республикасы Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы болып сайланған, іле-шала Түркістан ұлтшылдар ұйымымен байланысқан, панисламистік контрреволюциялық пиғылдағы адам ретінде айыпталған Меңдіқожа Ибнәминовтің көмекшісі қызметін атқарды. Белгілі нәубет Меңдіқожаның да өмірін ерте қиды. Осы Мендіқожаның қасында болып, күрескерлік рухтың ыстық-суығында ширыққан Таусоғар ағасының түн қатқан суық жүрісі, қабағындағы ызғарды байқатқысы келмей қинала күлімсіреп: «Інім, әлі біз жеңеміз», – деп түсініксіздеу қысқа қайырып, маңдайынан сипағаны он екі жасар Ишанбайдың өшпестей болып есінде қалды.
1926 жылы Қарақұл Бисенбиннің отбасы Ойылға оралды, келесі жылы ол туған жер топырағында көз жұмды. Қарақалпақстанның Маңғыт арнасында екі-үш ай сауатсыздар үйірмесінде, бір жылдай Түрікменстанның Ташауз қаласында, жетім балалар үйінде білімін көтерген Ишанбайды Ойыл болыстық комитетіндегілер хатшы етіп қызметке алды. Саудагер Сұлтан көсенің затын тасып, Төлеу байдың малын бағып, май шайқаушы Сапардың жұмысын істеп, он бес жасында ғана қолына тұңғыш рет әліппе ұстаған Ишанбайдың соңғы екі-үш жылда алған білімі сауатсыздарды алдарқатудан әріге аспайтын. Жалпы, халық білімге сусаған шақ-ты. Сондықтан сауатсыздықты жою науқаны қанат жайған 1927 жылы республикалық Білім беру комиссариатының арнаулы комиссиясы Ойылда да болды, үй-күйсіз қырық шақты жетім баланы жинап, сегіз арбамен Орынборға жөнелтті. Солардың арасында Ишанбай да, әзірге белгісіз, бірақ кейінгі қоғамдық, ғылыми үлкен қайраткерлік өмірін бастауға аттанды.
Сан тарау таңдау мен сан қилы әрекет алдынан самсап шыға келгенде әлі жиырмаға да толмаған жалын жасындағы жігіттің ыстық қаны басына тепті. Оралдың медицина техникумы мен Алматының медицина институтында бірге оқыған, кейін көрнекті дәрігер, медицина ғылымының докторы, академик Х.Жұматов: «Орынборға шала сауатты күйде келген Ишанбайдың білімге деген құштарлығы ерекше болды. Айналдырған бір-екі жылда оның бәрімізден көш ілгері кеткенін біз байқамай да қалдық», – деп еске алады. Айтса айтқандай, И.Қарақұлов Оралда, өзі өлкелік медициналық техникумның дайындық курсында оқи жүріп, тесік өкпе қара шаруа балаларын жинады, соларды білімге тартып, солар оқитын мектепті басқарды, тіпті, Ақтөбе округтік халыққа білім беру комитеті жанындағы сауатсыздықты жою жөніндегі комиссияның тапсырмасымен Қобда ауданына арнайы қызметке жіберілді. Әйтеуір, өмір тауқыметінен құтылып, оның қызығын көру үмітінің айқындала түсуі жас жігітті қанаттандырғаны сонша, енді ол осыған жеткізген заманауи өзгерістердің қай-қайсысына болсын бейжай қарай алмастай еді. Сондықтан ол Оралдың өлкелік медициналық техникумының директоры Зобнинмен де, Алматының медициналық институтының директоры Қасаболатовпен де тең дәрежеде пікір таластырудан тайсалған жоқ. Зобнин өзі берген мінездемеде өте жоғары бағалаған, Қасаболатов бесжылдықтың үшінші жылының екпіндісі құрметті атағымен марапаттаған оқушы-студент, ащы шындықты ашық айтқанда, жаңағы екеуіне де жақпай қалды. Алғашқысына техникум газетіндегі айтыс, екіншісіне Қасаболатовтың бұйрығымен И.Қарақұловтың институттан қуылып, іле-шала қайта қабылдануы куә.
Есенғали Қасаболатов – Алаштың белгілі қайраткерлерінің және қазақтың алғашқы жоғары білімді дәрігерлерінің бірі. Ғалым-қаламгер Мақсат Тәж-Мұраттың «Батыс Алашорда» атты анықтамалық еңбегінде айтылғандай, ол 1931 жылғы маусым айында жаңадан ұйымдастырылып жатқан Алматы медицина институтына шақырылып, қыркүйекте осы оқу орнының тұңғыш директоры болып тағайындалды. Әрі аштық, әрі ұйымдық құрылымдар төңірегіндегі текетірестер қысқан кезеңде мыңнан бір нұсқасы жоқ оқу орнын тақыр жерде көтеру, саяси доданың қайнауынан өткен қайраткер болса да, оған оңайға тиген жоқ. Таяуда ғана тәркілеу мен ауылды күштеп отырықшыландыру науқанына батыл қарсы шығып, сол үшін «Меңдешев тобы құрамында жікшіл күреске қатысты» деген «қоңырау ілінген» Е.Қасаболатовты заманның «ұрысқақ та тырысқақ» мінезі тағы да өз иіріміне тартып әкетті.
Өзгеше болуы мүмкін бе еді? Е.Қасаболатов жұмысқа кіріскенде ең басты қиындық тек жаңа оқу орнының материалдық-техникалық базасының жоқтығы, білікті, кәсіби оқытушылардың тапшылығы ғана емес-ті, одан да ауыры шым-шытыр таптық та, рулық та кереғар көзқарастардың кері ықпалының әлі де күштілігі болатын. Тіпті, игі әрекеттің өзі осының ызғарынан суынып, демікпелік кеселге ұрынбай қалмады. Әйтпесе саяси шыңдалған әрі осы саланың жоғары білімді маманына бұл міндет дөп-ақ жүктелгендей еді, бірақ үміт ақталмады. Е.Қасаболатовқа «студент жастардан ұлтшыл-контрреволюциялық топ құрды» деген айып тағылды.
Кеш те болса білімге ерекше құштарлықпен ұмтылу мүмкіндігі туып, тұлабойын мамықтай қалқытқан сезіммен өзі де жетімдерді қолынан жетелеп жүріп, мұны Ғани Мұратбаев үрдісіндегі ағартушылық деуге де болар, оқуға тартқан жігіттің үлкен арманның етегінен енді ұстадым-ау деп жүрген сәтіндегі күйзелісі, бір жағынан, сол кезеңнің боямасыз бейнесін де елестеткендей еді. Іс жүзінде тартыстың ешқандай саяси астары жоқ-ты. Студенттер құрамының ала-құлалығы, тұрмыстың ауырлығы, таптық жіктелу психологиясының күштілігі, осының өзі-ақ «бір атым насыбайдан көңілі қалатын» кесел мінезді қазаққа аз жүк емес-ті. Е.Қасаболатовтан кейін осы жоғары оқу орнын басқаруға тағайындалған Харира Мұхамбетованың республикалық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы естелігін парақтай отырып, еріксіз осындай ойға келесіз. «Қазақ КСР Егіншілік халық комиссарының орынбасары қызметін атқарып жүрген мені Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Л.Мирзоян кабинетіне шақырып: «Біз сізді іскер ұйымдастырушы ретінде жақсы білеміз, сондықтан Алматының медициналық институтын басқаруға жібергелі отырмыз», – деді. Арнаулы білімімнің жоқтығын айтып, келісім бермедім. Алайда қарсылығыма қарамастан өлкелік партия комитетінің бюросы мені институтқа директор етіп тағайындады, – деп жазады Х.Мұхамбетова естелігінде. – Жағдай қай жағынан болсын өте ауыр екен. Оқу корпустары жарақталмаған, кафедралар, зертханалар қаланың әр бұрышындағы тоқал үйлерге орналастырылған (институттың алғашқы түлектерінің бірі Хабиболла Аменовтың айтуына қарағанда, олар он бес жерде шашырап жатты – С.Б.). Оқу корпустарын тұрғызу үшін қала орталығынан жер сұрағанымызбен қала әкімшілігі қолдамады, әйтеуір, өлкелік партия комитетіне шағына жүріп, ақыры солардың көмегімен орталықтан жер алдық. Бұл – бір ғана проблема, ал студенттеріміздің тұрмыстық жағдайы іс жүзінде адам аярлықтай. Оқу корпустары жаңағыдай болғанда, жатақханалары одан да мүшкіл, студенттер жиі төбелесетін. Азық-түлік те карточка арқылы бөлінеді, студенттер ғана емес, оқытушыларға да солай. Жағдайымызды айтып жолдаған өтініштерімізге КСРО Денсаулық сақтау министрлігі құлақ асқан жоқ, институт тікелей сол министрлікке қарайтын, амалсыз СОКП Орталық Комитетіне дейін шағындық. Өйткені жаңағы қиындықтарға қоса, білікті кадр республиканың өзінде жетіспейтін, амал жоқ, одақтас республикалардан оқытушылар шақыруға тура келді. Бір жылдың ішінде ғана Архангельскіден үш адам – хирург, профессор И.С.Баккал, терапевт С.И.Телятников, бала дәрігері Федорович, Воронежден профессорлар В.Г.Ермолаев, В.П.Рощин, Қазаннан А.Н.Сызганов шақырылды (бұлардың бәрі тек аталған институттың ғана емес, республиканың денсаулық сақтау ісіне зор үлес қосты. Қазан медицина институтының түлегі Александр Николаевич Сызганов сол кезде осы институттың аспиранты еді, кейін ол республикамызда денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушылардың ірі қайраткерлерінің біріне айналды – С.Б.).
Дегенмен ауырлықты ең алдымен өзіміздің көтеруімізге тура келді. Әсіресе, студенттермен жұмыс ерекше қиындық келтірді. Жасыратын несі бар, олардың арасында жағдайды әдейі ушықтыратындар да табылды. Ондайларды институттан шығарайық, арамызды тазартайық деген де ұсыныс айтылды. Мен ол пікірмен келіспедім, бірде-бір студент институттан шығарылған жоқ. Оның орнына И.Қарақұлов, Е.Оразақов, А.Павлин (аталған студенттер кейін саланың мақтаныштарына айналды – С.Б.) сияқты белсенді жастардың бастамасымен арнаулы топ құрылды. Топ жаңағыдай ыңғайдағылармен тіл табыса білді, үлгерімі төмен студенттерге көмек көрсетті, институттың мерзімдік басылымын шығарып тұрды.
Арнаулы медициналық білімім болмағандықтан, өтініш жасай жүріп қызметімнен босандым, өлкелік партия комитеті мені Семей педагогикалық институтына директор етіп жіберді де, Алматы медицина институтына Мәскеуден шақырылған дәрігер В.В.Зикеев директор болып тағайындалды».
Жігерлі студент болашақ дәрігерлердің сол жылдардағы ірі форумдарының бәріне дерлік қатысты. Институттың бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Оқу орнындағы қат-қабат жұмыстарға іс жүзінде оның директорымен бірдей жауап берді. В.В.Зикеевтің жоғары курс студентін бірнеше дүркін жеке бұйрығымен марапаттауы, республиканың Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Ұ.Құлымбетов пен оның хатшысы Т.Жұмабаев қол қойған Орталық Атқару Комитеті Төралқасының 1936 жылғы 3 наурыздағы қаулысында институттың ұлттық кадрлар даярлаудағы жұмысы жоғары бағаланып, институт директоры В.В.Зикеевпен, профессорлар С.И.Телятников және Г.Н.Удинцевпен, ғылыми қызметкер Х.А.Барлыбаевпен бірге студент, бастауыш партия ұйымының хатшысы И.Қарақұлов есімінің де ерекше бөліп аталуы – осының дәлелі.
Институтты жоғары үлгеріммен аяқтаған, қоғамдық қызметпен бірге ғылыми ізденістерге де белсене ден қойған И.Қарақұлов осы оқу орнының аспирантурасына қалдырылды. Тіпті, осыдан дәл жарты жыл бұрын, яғни 1936 жылғы 19 қазанда институттың жалпы гигиена кафедрасының меңгерушісі, профессор Н.П.Попов институт директорының атына: «…Ең қабілетті, дарынды студенттердің бірі… аспирантураға қабылданғаны жөн ғана емес, ол өте қажеттілік» – деп ұсыныс жазып, оны өзінің кафедрасына қалдыруды өтінген де болатын.
Келесі 1937 жылдың маусым айында жұмысшы асханасында кезекте тұрған И.Қарақұловты әлдекім иығынан түртті. «Сізді іздеп жүрміз, Мирзоян шақырады», – деді. «Кім?!». «Өлкелік партия комитетінің хатшысы». Хабар аспирантқа төбеден түскендей әсер етті. Бірақ Мирзоянды араластырып әзілдесуге кімнің батылы барады. Левон Исаевич Ишанбайды жылы қабылдады. Елдегі әлеуметтік жағдаймен байсалды таныстырып, денсаулық сақтау ісін түбегейлі түзету үшін арнаулы экспедициялар ұйымдастыру қажеттігін және оған сол экспедициялардың бірін басқаруды жүктегелі отырғанын айтты. Сөйтіп, Л.Мирзоянның жеке бастамасымен ұйымдастырылған он екі экспедицияның бірін басқару Қазақ Денсаулық сақтау халық комиссарының 1937 жылғы 7 маусымдағы бұйрығымен И.Қарақұловқа тапсырылды.
Болашақ мемлекеттік қайраткердің қалыптасу жолы нақ осы кезден басталады және ол сол кезеңнің ерекшелігімен, яғни мемлекеттің ұлттық кадрға зәрулігімен ғана емес, аталған қайраткердің еліне сүйіспеншілігінің табиғилығымен, адами үйірсектігімен, сондай-ақ қызметке адалдығымен сипатталады. Экспедицияның бір өзі бір томдық материалдары осындай ойға жетелейді. Күнделікті жазбалар, мұқият толтырылып, сақталған хаттамалар, тіпті, талдама зерттеулер… Қарақалпақ Автономиялық Республикасымен, қазіргі Атырау облысымен, сондай-ақ Ақтөбе облысының Ойыл, Шалқар, Темір аудандарымен шектесіп жатқан ауқымды аумақтың медициналық ахуалы қандай? Айналдырған үш айды қалай тиімді пайдалануға болады? Істі неден бастау керек? Жаңағы құжаттарда осындай сұрақтардың жауабы толық та айқын берілген.
Он бес ауылдық кеңес, әр ауылдық кеңесте үштен беске дейін серіктік, әр серіктікте жайылым ыңғайына қарай үш-төрт елді мекен, әр елді мекенде отыздан жүз елуге дейін адам тұрады. Демек, жүз елуге жуық елді мекендегі он екі мыңға жуық тұрғынға он бес кереуеттік жалғыз аурухана қызмет көрсетеді, онда бар болғаны бір дәрігер, бір фельдшер, бір акушер, бір медбике жұмыс істейді. Үш-ақ адамнан тұратын аудандық денсаулық сақтау бөлімін жақында ғана Қостанай фельдшерлік техникумын бітірген комсомол мүшесі басқарады, іс жайынан мүлдем бейхабар. Сондықтан соның ұсынысымен аудандық аурухананың бүкіл жауапкершілігі де И.Қарақұловқа жүктелді.
Үш айда 8 341 адамның денсаулығын тексеріп, 342 адамды жатқызып емдеген, 111 адамға сәтті операция жасаған, 14 бөбектің кіндігін кескен экспедицияның ауданға келуі де, кетуі де әрі қуанышты, әрі өкінішті салтанатпен өтті. Ал жас дәрігер И.Қарақұлов үшін үлкен өмір мектебі болды және шамасы ол үкімет басшыларының назарына іліксе керек, іле-шала Денсаулық сақтау Халық комиссары болып тағайындалды. Араға тағы екі-үш ай салып, бірінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.
Өмір И.Қарақұлов үшін шарықтау мен құлдилау, шаттану мен егесу кеңістігі сияқты, біреуге жағып, біреуге жақпаса да күрессіз өткен күні некен-саяқ. Жыл жарымдық қана комиссарлық шарықтау 1939 жылдың ортасында қою оқиғалармен тұйықталған рухани күйзелуге ұласты. Мәселе қызметтен алыну ғана емес, сүйікті жары Ираида тұңғышын босану үстінде қайтыс болды. Мариясына ана сүтін ему бақыты бұйырмады, комиссарлық лауазымның биік беделі де оған қорған бола алған жоқ. Ишанбай аға қызын Мәскеудегі өзі жақсы танитын, талай жетімнің бағын ашқан О.В.Васильевскаяның қолына тапсырды. Ольга Владимировнаның аналық мейірімі шексіз-ді, бірақ амал не, мәскеуліктердің өзі фашизм төндірген орасан қауіптің астында қалды. Төбеден ажал оғы жауған осындай сұрапыл күндерде, кейін «Сырласу» атты кітабында толқи жазғанындай, шиеттей сәбиін іздеп аласұрған, жолшыбай «көр азабынан» өтіп Алматыға жеткен И.Қарақұловтың кейінгі күндері де «аллаға шүкір» дейтіндей болған жоқ. Ірілі-ұсақты саяси текетірестерден құтылып, жаны қалаған ғылыми жұмыспен еркін айналысудың сәті түспеді. Бактериологиялық жегінің құрсауындағы ұлтының қамы үшін, кейбір «патриоттар» әдейі тұйыққа тірегенде, өз басын қауіпке тігіп, денесіне сынақ жүргізуден тайсалмаған И.Қарақұлов ең алдымен мемлекеттің мүддесін, соның қауіпсіздігін көздеген ерекше құпия тапсырмамен КСРО Мемлекеттік шекарасының санитариялық қауіпсіздігін қорғау жөніндегі жұмысты басқарып жүрген жерінен КСРО Қарулы күштерінің ғылыми-зерттеу институтына жіберілді. Әуелі Свердловскіде, кейін Сталинградта оқшауланған жағдайда қызмет етті.
Күш қайратына да, ой қайратына да қатал И.Қарақұловқа жаңағы ерекше тапсырманы адал орындағаны үшін Бас қолбасшы алғыс хат жариялады. Қызыл алаңдағы Жеңіс шеруіне тікелей И.Сталиннен шақыру қағазын алған жалғыз қазақ та осы Ишанбай аға. Алайда таза ғалым, шын патриот үшін маңыздысы басқа – енді бактериологиялық, химиялық алапат апатты адамзаттың күлін көкке ұшыру емес, өскелең өміршеңдік тұрғыда зерттеуге жол ашылды. Үлкен ғылыми кеңістікке шыға бастаған И.Қарақұловтың теориялық, деректемелік талдауларды зертханалық сынақ нәтижелерімен ұштастырған ізденісі алда да толастаған жоқ. Көп адамға құпия, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған әскери жабық тақырыпта кандидаттық, кейін докторлық диссертация қорғады. Нақ осы тақырыпта ғалым қаламынан туған тоғыз еңбектің жетеуі өте құпия проблемаларды қозғайды. Ол еліміздің жабық мекемелерінде, санаулы ғана мамандар алдында, тіпті, осындай құпиялық жағдайда өткізілген республикалық форумдарда сөз сөйлеп, баяндамалар жасады. Осындай баяндамалардың бірінде жиырма екі тармақтан тұратын өзекті мәселелер көтерді. Ал оның әрқайсысының адам өмірі мен мемлекет қауіпсіздігі үшін қаншалықты маңызды екені кім-кімге де түсінікті болар.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды, бірақ фашизм тізе түккенмен, фашистік психология тізе бүккен жоқ. Қарулы күштер қақтығыстарының қандай бағыт ұстарын кім біледі?! Жаңағы дүлей күшті тек бейбіт мақсатқа ғана жұмсайтын күн қашан туады?! Ишанбай ағаның соншалықты мұқияттылықпен қағазға түсірген ғылыми ой ұшқындарын.., үзік-үзік деректерді, фактілерді.., тұжырымдарды.., жеке мұрағатындағы осы мазмұндас жазбаларды оқығанда ғалымның бұл мәселеге ерекше мән бергеніне қайран қаласыз. Атом жайлап барады.., қалғып-мүлгіп жүрмейік.., батыста адам ағзасын иондалған сәулемен зақымдайтын арнайы құрылымдар туралы айтыла бастады.., ішкі ағзаларды ірітетін инфрадыбысты қарулар шығару қаупі бар.., АҚШ-тың әскери ведомствосы адамды ұрпақсыз қалдыратын әдісті іздестіруде, әлем ғалымдары «гендік инженерия» туралы бекер дабыл қағып жүрген жоқ.., географиялық орналасу аймағына, тектік ерекшелігіне орай халықтың жекелеген топтарына арналған химиялық, биологиялық және басқа да зиянды заттар қолдану ұсынылуда, профессор Р.Хаммершлега Лос-Анджелесте жасаған баяндамасында Пентагонда «этникалық» деп аталатын осындай қаруды қолдану мүмкіндігін зерттеп жатқанын хабарлады.., әскери мақсатта психотроптық заттар пайдаланылмақшы .., мұндай жаңа қарулар әзірлеу мен жасауға тыйым салатын халықаралық келісімдер неге жоқ.., оларды полигонда сынап барып жойғаннан гөрі зертханалардың өзінде тұншықтыру әлдеқайда жеңіл және пайдалы емес пе?!.. Ғалым қауіптің орасан зардабын білім, тәжірибесімен сезіп, білген соң күйінеді. Академик С.Балмұханов сияқты салалық ғалымдардың, мемлекеттік, қоғамдық қайраткерлердің ерекше күш салуымен Семей полигоны жабылды. Өкінішке орай, дүние жүзіндегі ядролық қаруға ие төртінші мемлекет бола тұра осындай тәуекелге барған елдің ғаламдық тарихи ұстанымы алапат қарудың «құдіретіне» құлдық ұрған психологияны еңсере алмай отыр.
Бұл келер жылдардың үлесінде, ал Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан және одан кейінгі жылдарда қазақ ғалымдарының бір шоғыры, осы бактериологиялық, радиологиялық індеттің алдын алу үшін де оны тереңдей зерттеуге жұмылды. Жаңағы С.Балмұханов пен болашақ академик Х.Жұматов Мәскеуде осы жабық тақырыптан докторлық қорғау үшін еңбектеніп жүрсе, белгілі чекист-дәрігер Қ.Мәкіров Челябіде Қорғаныс министрлігінің ерекше тапсырмаларын орындаумен бірге әскери эпидемия тақырыбындағы докторлық еңбегін аяқтау қарсаңында еді. Солармен жазысқан хаттарда құпия қызметтегі осы аға ұрпақ өкілдерінің елдік мінезі, туған жерге деген сағынышы, Ишанбай ағаның рухани да, материалдық та көмегіне алғыс сезімі алабөтен айқын аңғарылып тұрады.
И.Қарақұлов – құпия деректермен жұмыс істесе де өзін мейлінше ашық ұстаған, әріптес, отандастарымен ғана емес, шетел ғалымдарымен, қоғам қайраткерлерімен де тығыз араласқан, емен-жарқын сыр бөліскен ірі тұлғалардың бірі. С.Асфендияров атындағы Алматы медицина университетінің И.Қарақұлов құрып, негізін қалап кеткен эпидемиология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы С.Әміреев: «Ишанбай ағаның Мәскеуге әр сапары ондағы мүйізі қарағайдай ғалымдар үшін де айтулы мерекедей болатын, көп мәселелер осындай дастарқан басында-ақ шешіліп жататын», – дейді. Мұндай ерекше қызу қанды әрі мәнді қауышуларды Дағыстанның атақты шайыры Расул Гамзатовқа қатысты естуші едік, қайран Ишанбай ағаның құшағы да ересен кең және ыстық болыпты-ау! Оның әлемге танымал ғылым қайраткерлерімен, атап айтқанда, КСРО Денсаулық сақтау министрі, академик Б.В.Петровскиймен, орыстың тағы бір атақты академигі К.И.Скрябинмен, КСРО Медицина Ғылым академиясының құрметті академигі, чехословак Карел Рашкамен, Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты, үнділік Сахиб Сингхпен, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры М.Г.Кандаумен, отандық тұлғалар М.Әуезовпен, С.Мұқановпен, І.Омаровпен, Б.Момышұлымен және басқаларымен жазысқан хаттарын парақтағанда, Ишанбай ағаның адамдармен қарым-қатынасындағы сезімталдығына, қайнары терең еңбекқорлығына, ғылымға, дәлірегі, адами құндылыққа адалдығына қайран қаласыз. Осы еңбекқорлығын Кеңес Армиясының Бас эпидемиологы, академик А.Я.Алымов былай бағалады: «Ишанбай Қарақұлұлының бруцеллез эпидемиологиясы бойынша өз жұмысында келтірген материалдарына кеңес елінде ғана емес, сонымен бірге шетелдерде жарияланған әдебиеттер де тең келе алмайды. Басылымдарда жарық көрген барлық мәліметтерді қосқанның өзінде де оның деректері бізге белгілінің бәрінен асып кетеді».
Иә, 1948 жылы құрылып, 193 елдің басын біріктірген Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының қазақтан шыққан алғашқы сарапшыларының бірі ретінде ғалым осы халықаралық беделді ұйымның, сондай-ақ басқа да шетел басылымдарының салалық деректерін жіті қадағалап отыратындықтан, И.Қарақұловтан ақыл-кеңес сұрайтындар, өз елімізді былай қойғанда, шетелдіктер арасында да аз болған жоқ. Солардың бірі Үндістанның белгілі «MedіcaІ Dіdest» журналының бас редакторы 1961 жылғы 29 тамызда Бомбейден: «Құрметті сэр! Сіздің «Бруцеллездің алдын алу мен емдеу ерекшеліктері» атты мақалыңызды және институт директоры арқылы 1959 жылы Бомбейде оқыған лекцияңызды алдық. Сол үшін Сізге көп-көп рахмет! Мақала жарияланысымен журналдың сол нөмірін жібереміз. Сондай-ақ, Сіздің пікіріңізді білу үшін «MedіcaІ Dіdestің» 1961 жылғы мамыр-маусым айларындағы бүкіл нөмірін жолдап отырмыз», – деп жазды.
Адами құндылыққа адалдығы дегенде, ең алдымен И.Қарақұловтың бүкіл қызметінің тән сұлулығымен бірге жан сұлулығының қатар сақталуына арналғанын айтқан дұрыс болар. Ғалым ретінде жұқпалы індеттің табиғатын тереңдете ашып берсе, мемлекет қайраткері ретінде ол республикада емдеу-профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық мекемелер жүйесін, жоғары білім беретін медицина оқу орындарын, көптеген ғылыми-зерттеу институттарын құрып, дамытуға зор үлес қосты. Соның қай-қайсысы болсын, әдеттегідей, жаңа істі бастаудағы кедергілер арқылы өтті. Мұндай кедергіні жою үшін И.Қарақұловқа жеке адами байланыстарын да іске қосуына тура келді. Академик Н.Н.Жуков-Вережниковтың Мәскеуден 1961 жылғы 3 желтоқсанда жолдаған хатында: «Министрліктің орталық аппаратында Целиноградта мединститут ашу жөніндегі ойыңызға қарсылық күшейіп барады… құдай ақына, партиялық қолдауға сүйеніп көріңізші, әйтпесе кеш қалуыңыз мүмкін», – деп мазасыздануы тегін емес. Іле-шала И.Қарақұлов сол Н.Н.Жуков-Вережниковпен және медицина ғылымының кандидаты М.Айқымбаевпен бірігіп, КСРО Денсаулық сақтау министрі С.В.Курашовқа жеделхат жолдады. Өлкенің құрамындағы облыстардың бірде-бірінде мұндай оқу орнының жоқтығын, мұнда әр он мың тұрғынға екі-үш дәрігерден ғана келетінін, өлкелік партия комитетінің хатшылары Т.И.Соколовпен, С.Ниязбековпен, өлкелік атқару комитетінің төрағасы В.В.Мацкевичпен бұл мәселеде ортақ пікірге келгендерін егжей-тегжейлі баяндап, Целиноградта медициналық институт пен өлкелік медицина ғылыми-зерттеу институтын ашуға ықпал етуін өтінді. Осы мазмұндағы өтінішті республиканың Орталық Партия Комитетіне де жолдады. Сөйтіп, ақыры мәселе оң шешілді.
Тән тазалығына осынша мән берген И.Қарақұловты жан тазалығы да аз толғандырмаса керек, әр түрлі кездесулерде, әсіресе, жастар үшін өзекті сұрақтар жиі қойыла берді де, уақыттың тапшылығына қарамастан осы сұрақтарға толыққанды жауап беру үшін кітап жазуға отырды. Кейін «Сырласу» деген атпен бірнеше қайтара жарық көрген «Қырық сұрағы» осылай дүниеге келді. Еңбекті өзі де сырбаз қаламгер, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов жоғары бағалап, оған алғысөз жазды. Оқырмандардың ыстық лебіздері қаншама?! Семейден Ахмет Жүнісов деген азамат Ишанбай ағаның «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген ата-баба ізін Қобыландыға барып тірейтін «Жаңа туған» кімнен туған?» атты мақаласын оқысымен авторға іле ыстық ықыласын білдіріп хат жолдады. Ал белгілі қаламгер, көне әңгіменің шебері Ж.Бектұров: «…Осы тақырыпта қалам тартуыңыз түбі сіздің көп еңбектеріңіздің ішіндегі ең сүбелісі болып қалар…» – деп ақтарыла жазыпты 1972 жылғы 16 сәуірдегі хатында. Аталған мақала – қысқартылған нұсқасы. Ал оның бұдан әлдеқайда көлемді мәтіні, сондай-ақ «Қара кете», «Қоблан» (қарақалпақтар «Қобыланды» демейді, «Қоблан» дейді – С.Б.) атты еңбектері, шамасы, ғалым оны мамандардың сүзгісінен өткізіп алса керек, сол қолжазбаларға білдірілген пікірлер республикалық мұрағатта сақтаулы.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарында республикада денсаулық сақтау саласын басқару екінші қайтара тапсырылған ғалымның тікелей міндетімен қоса, осындай тарихи, елтану тақырыптарында да қыруар іс тындырғаны және мемлекетіміздің жүйкесі мен тамыры дерлік құрылымдардың біразына бірінші болып із салуы еріксіз сүйсіндіреді. Медицина саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор.., оның тікелей күш салуымен республикада бірінші рет жұқпалы аурудың алдын алуға бағытталған ведомствоаралық үкімет комиссиясы құрылды… Алматы қалалық «Білім» қоғамының, Қазақстан астрономиялық қоғамының тұңғыш басшысы.., республикалық бейбітшілік қорғау комитетін, Совет-Үндістан достығының Қазақ бөлімшесін, Қазақстан эпидемиологтары, микробиологтары, гигиенистері мен инфекционистерінің біріккен ғылыми қоғамын, Қазақ телевизиясында киносаяхатшылар клубын құрушылардың бірі. Кейде бұған амалсыз мойын сұнуға тура келетін. И.Қарақұловты бірде республиканың Орталық партия Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы шақырды. «Сізге Қазақ астрономиялық қоғамын құруды тапсырғалы отырмыз», – деді. «Ойбай-ау, астрономиядан мен не білемін?» – деп азарда-безер болды Ишекең. «Астрономияны білетіндерді табамыз, іскер басшы табылмай отыр, сіз нақ сондай басшысыз…». Хатшы айтты, бітті. Сол сияқты… «1974 жылы экранға шыққан «Киносаяхат клубы» Қазақ теледидарының тұңғыш танымдық хабары еді. Көрерменді бірден баурап алды, аптасына үш жүзге дейін хат келетін. Мұндай аса қызықты хабарды жүргізуге талантты, тілі орамды, көпті көрген, білімді азамат қажет болды. Әрі ойлап, бері ойлап, Ишанбай ағаға қолқа салдық. Шаруасы онсыз да бастан асып жататын аға, әрине, бірден келісе қоймады, бірақ режиссер Ыдырыс Қасымов екеуміз бір ай бойы екі жақтап жүріп ақыры көндірдік, хат жауып кетті», – дейді Қоғамдық-саяси редакцияның сол кездегі бас редакторы Төлеубай Қаймолдинов аға жайлы естелігінде.
Өз проблемаңмен бірге өзгенің проблемасына да салауатты араласу екінің бірінің пешенесіне жазыла бермеген. Мұрағат құжаттарын ақтарғанда И.Қарақұловтың адами болмысы осы тұрғыдан да ыстық ықыласты оятып, айқындала түседі. Мұрағаттағы депутатқа, министрге, досқа, туысқанға тек жеке мүддені көздеп жазылған көп сипатты бес жүзге жуық хаттағы өтініш, талаптардың бәрі бірдей, әрине, әділетті емес еді. Ол ірі лауазымды қызмет көлеңкесінде бұғып қалмай, әділеттісіне қолынан келетін көмегін аямаған. Шалғайда, Атырау облысының сол кездегі Есбол ауданында дәрігерлік қызметте жүрген Н.Әжіғалиевтің қабілетін де ерте тани білді. Жас дәрігердің хатына ағалық ақыл-кеңесін айтып, егжей-тегжейлі жауап жазды. 1958 жылғы 29-31 қаңтарда өтетін республикалық ғылыми кеңеске баяндама әзірлеуді ұсынды. Н.Әжіғалиев кейін Алматыға қызметке ауысты. С.Балмұхановтың жетекшілігімен онкология саласында елеулі еңбектер жазды. Қазір ол медицина ғылымының докторы, республиканың осы саладағы ірі қайраткерлерінің бірі, Халықаралық ақпараттандыру саласының академигі.
Ғылыммен шектеліп қалмай, кең өрісте көсіле еңбек ету – санаулы қайраткерлерге ғана тән мінез. И.Қарақұлов, міне, еліне осылай қызмет еткен, көпшілік көзінен тасаланбайтын, ізделіп жүретін ғалым. Белгілі кинорежиссер Ш.Айманов 1953 жылғы 21 тамызда оған арнайы хат жолдап, қазақ әйел дәрігері туралы кино түсіре бастайтынын, сценарий мәтінін жіберіп отырғанын, енді ғалымның пікірін асыға күтетінін білдіріпті. И.Қарақұлов та көп күттірмей тоғыз түрлі ескертумен жауап жазыпты. Өмірлік позициясы айқын да берік жанға сұраныс пен ықылас қашан да аз болмайды ғой. Ойшыл ақын Қадыр Мырза Әлінің Ишанбай ағаға арнап:
«Айтқан бойда еретін сөз болса бір – сенікі.
Көз жасымды көретін көз болса бір – сенікі.
Ауыздығын кемірген атқа мінсем – сенікі.
Бір телефон өмірде жатқа білсем – сенікі.
Будан гүлін біреудің сұрыптасам – сенікі
Туған күнін біреудің ұмытпасам – сенікі.
Азырқанбай алатын сыйым болса – сенікі.
Шақыртпай-ақ баратын үйім болса – сенікі.
Басқаларға бұлдайтын төрім болса – сенікі.
Өмір бойы толмайтын орын болса – сенікі», –
деп жыр толғауының сыры да осыдан шығар.
И.Қарақұлов – тірлігінде өз сөзін әдемі айта білген тұлға. Ал ол туралы соңғы сөз әзірге айтылған жоқ және айтылмауы да мүмкін-ау!
Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ, журналист.
(«Егемен Қазақстан» газеті, 29 шілде 2009 жыл).




