Мәселе

Жолдың сапасы қандай?

 

Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс…

 

Қазақ «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс. Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дейді. Мұның мәнісі — жол нашар болса, жақын болса да жолаушы жол азабын тартып, жетер жеріне сағаттап жүріп баруы мүмкін. Ал жол жақсы болса кідірмей, алыс болса да жетер жеріне тез жетеді, қиындық көрмейді. Мемлекет қолға алып отырған қазіргі міндет — осы алыс, жақын бағыттардың бәріне де жақсы, жайлы жол салу. Бұләлеуметтік маңызы бар мәселе. Сондықтан да бұл салаға жыл сайын орасан мол қаржы бөлініп келеді. Бірақ сол қаржы тиімді жұмсалып отыр ма? Салынып жатқан жолдардың сапасы қандай? Мұны жақсартудың жолдары қайсы?

Өткен жұма күні «Нұр Отан» ғимаратында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Берік Камалиевтің  төрағалық етуімен және Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғали Есқалиевтің қатысуымен өткен аймақаралық семинар-кеңесте осы мәселелер жан-жақты талқыға түсті.

Семинарға «ҚазЖолҒылыми зерттеу институты» акционерлік қоғамы, «ИнДорТех» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік компаниясы, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай және Ақтөбе облыстық филиалдарының және аталған аймақтардың құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, кеңеске көлік және автомобиль жолдары басқармасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қалалық бөлімінің, аудандық әкімдіктердің, жергілікті жол қажетіне керек материалдар және бұйымдар өндіретін құрылыс компанияларының, инжинирингтік компаниялардың басшылары  шақырылды.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Берік Камалиев сөзінің басында:

— Біз бүгін жол саласында жүрген мамандарды жинап, Ақтөбе қаласында республикалық семинар өткізіп отырмыз. Мұндағы біздің бірінші кезектегі мақсатымыз — осы жол саласындағы құрылыстарға озық технологиялар мен жаңа материалдарды енгізу жөнінде  қандай жұмыстар жасалып жатқанын білу. Яғни жолдың сапасын көтеруге байланысты, жол құрылысы саласында қолданылатын  материалдардың сапасы  жөнінде бүгін  сіздермен біз тағы бір мәрте әңгіме қозғаймыз. Еліміздің барлық аймағында жолдың сапасын жақсарту — бүгінгі күннің талабы. Ол үшін соңғы жылдары жолға, жол құрылысына байланысты көптеген нормативтік құжаттар даярланды. Бұл бағыттағы көптеген маңызды мәселелер шешімін тауып,  тек республикалық дәрежедегі емес, жергілікті, қалалық деңгейдегі жолдарды жақсартудың да сан қыры қарастырылуда. Істің сапасын арттырудың бір жолы — жол құрылысына әлемдік үлгідегі жаңа материалдарды пайдалану болатынына талас жоқ. Сондықтан бүгінгі жол құрылысындағы жаңа технологиялар мен  материалдар жөнінде осында қатысып отырған мамандар жауап береді, — деді.

Осыдан кейін жоғарыда аталған жол мекемелерінің басшылары кезекпен алға шығып, еліміздің жол құрылысына енгізіліп отырған инновациялар мен жаңа технологиялар туралы әңгімеледі. Бұл жұмыстарда  науқаншылдыққа салынып қателіктер жібермеу, жаңа құрылыс материалдарын әр аймақтың ерекшеліктеріне қарай пайдалану керектігі айтылды. Тиімділігіне қарамай, қалай болғанда да жаңа материалдарды  пайдаланамыз дегенді желеу етіп, қаржыны оңды-солды шашудың жөн болмайтыны ескертілді.

 

Әр заманның өзінің лайықты жолы болады

 

Көлік жеккен арба ғана жүретін сүрлеулер ұмытылды. Көтерме жолдар, тіпті кешеге дейін салынып келген асфальт жолдарымыздың өзі бүгінгі талапты қанағаттандырмайтын болып шықты. Қазіргі нөпір техниканың қозғалысы сұрапыл, оған ерекше төзімді, жаңа технологияларды, бүгінгі заманғы жасанды материалдарды қолданған берік жолдар керек. Сондықтан да семинарда осындай жолдар салу, жол құрылысындағы жаңалықтар аз айтылған жоқ. Солардың қатарында, түрлі қосымшалар арқылы түрлендіру жолымен асфальтты бетон сапасын жетілдіру, тозудың жұқа қабатты Сларри-Сил и Микросюрфейсинг технологиясы әңгіме болды. «Жылы» немесе энергия сақтағыш асфальтты бетон туралы айтылды. Асфальтты бетонды жамылғыға арналған сіңіргіш және жаңартқыш құрамдардың қалай қолданылатыны  жайлы пікір алмасылды. Салқын ресайклинг әдісі жайлы сөз болып, топырақтың, жер қабаты элементтерінің және жол жамылғысының тұрақтануы бағытында жасалып жатқан шаруалар ортаға салынды.

Бұл мәселелерді мамандар былай түсіндіреді: Түрлі қосымшалар арқылы түрлендіру жолымен асфальтты бетон сапасын жетілдіру — тиімді тәсіл. Битум мен асфальтты бетонның пайдалану қасиетін полимерлік қосымшалар арқылы түрлендіру битумның ыстыққа төзімділігін арттырады, созылмалық аралығын кеңейтеді, битумның тас материалдармен бірігуін жақсартады. Кешегі кезге дейін біздің елімізде жол құрылысына пайдаланылған материалдар шектеулі, негізінен топырақ, бор, тас сияқты табиғи дүниелер болып келгені белгілі, полимерлік қосымшалар қолдану атымен болған емес. Әлемдік жол құрылысының жаңалығы саналатын бұл әдіске жүргізілген зерттеулер полимерлерді қолдану арқылы асфальтты бетонның мықтылығын,  жарылып кету және жылжып кетуге тұрақтылығының артатынына көз жеткізді. Жылдар бойғы зерттеулер нәтижесінде  бұл материалдарды ірі отандық құрылыс нысандарында жол жамылғылары және аэродромдар құрылысына енгізіп, жол құрылысына да пайдалануға болатыны байқалды.

Осы кезге дейін жол құрылыстарының қоршаған ортаға, адам денсаулығына келтіретін зияндары ескерілмей келді. Асфальт қоспалары орасан жоғары температурада қыздырылып, қайнатылып, ауаға түтін, ыстық бу бөлінетіні қалыпты жағдай сияқты қаралды. Қазіргі жаңа технологиялар мұны азайтуға, тіпті болдырмауға мүмкіндік беруде.

 

Әрбір аймақтың өзіндік ерекшелігі бар

 

Алайда, мамандардың айтуынша, жаңа технологияларды қолданып, жаңа құрылыс материалдарын өндіріске енгізгенде абай болу керек. Қазақстан кең- байтақ және әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Батыс пен шығысы, солтүстігі мен оңтүстігі жыл маусымына қарай өте салқын, керісінше кереғар ыссы болып тұрады. Жол материалдарын қолданғанда осының бәрі ескерілуі шарт. Семинардағы әңгіме кезінде әзірге мұның барлық жерде бірдей ойластырылмағаны да белгілі болып қалды. Сондықтан Берік Камалиев мырза бұл мәселелерге қатты мән беріп, мамандарға үнемі ескертіп отырды. Әсіресе, құрылыс материалдарын аудандастыру, жердің, аймақтың ыңғайына қарай пайдалану талап етіледі. Полимерлік қоспалар барлық аймаққа бірдей жарай бермейтінге ұқсайды. Және оның түрлері өте көп: американдық, австриялық, италияндық, т.б.Олардың сапасы да әртүрлі. Осыларды анықтап, саралайтын Алматы және Орал қалаларының жолдарында тәжірибе учаскелері ашылған. Болашақта олар мұның беріктігін зерттеп, бір тоқтамға келмек. Осы технологиялар бойынша жаңадан салынған  жолдар бақылауға алынып, олардың сапасы зерттелуде. Әрине, жаңа технологиялар мен жол материалдары өте қымбат, оларға мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалуда. Сонша қаржы шығындап, шетелдік жаңа құрылыс материалдардан салынған жолдар берік, ұзақ жылға шыдас беретін сапада ма? Семинар-кеңесте акционерлік қоғам басқармасының төрағасы қойған бұл сауалдарға жол құрылысын жүргізуші мамандар нақты жауап бере алмады. Сол жолдарды неше жыл пайдалануға болатынына келгенде де мүдірді.

 

Ақтөбенің жолдары қай дәрежеде?

 

Ал жол мәселесі тікелей біздің аймақта қалай шешіліп отыр деген сауалға

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов жан-жақты жауап беруге тырысты.

— Бүгінгі жол құрылысына жаңа технологияларды пайдалану жөніндегі республикалық семинарға, бізге жақын аймақтардағы Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының басшылары мен мамандары келіп отыр. Бұл өңірлерде де жаңа технологиялар пайдаланылуда.Олар мұнда сол  өздерінің тәжірибесін айту үшін келді. Ондай тәжірибе біздің облыста да бар. Қиыршық тасты негізгі табанға салу әдісі соңғы уақыт та пайда болып жатыр. Бұл бұрынғы асфальтқа қарағанда нәтижелі, ұзақ пайдалануға келеді. Мұнымен бірге, қазіргі асфальтқа полимерлік қоспаларды қосып жатырмыз. Жол бұрынғыдай таза битуммен, тастың қиыршығымен жасалмайды, қазір оған полимерлер, синтетикалық материалдар қосылады. Одан қалды, жолдың табанына су өтпеу, отырмау үшін  неше түрлі полимер сынды жапқыштарды пайдаланып жатырмыз. Осы қала жолдарынан биыл мұны тұрғындардың өздері де көзбен көрді. Осының арқасында, бұрынғы асфальт жолдар 10-15 жылдан артыққа шыдамайтын болса, мына әдіс арқылы оның пайдалану мерзімі 20 жылға дейін баратын сияқты. Осындай сапалы жол салумен бірге, акционерлік қоғамның алдына шығынды азайту, мемлекет қаржысын үнемдеу мақсаты қойылып отыр.

Бір ескеретін мәселе, келешекте мұндай жоғары сапалы жолдар салынып болғаннан кейін, олардың көбісі ақылы болады. Астана, Алматы қалалары маңынан жүргіншілер мұны да қазірдің өзінде көріп отыр. Қазақстан бойынша 2017 жылға дейін сондай бірнеше жолдар салынбақ. Әрине, ақылы жолдардан түсетін қаржы сол жолдарды жөндеп, күтіп ұстауға жұмсалады, қосымша қаражат көзі болады.

Қазір Ақтөбе облысы бойынша 1894 шақырым республикалық маңызды жол бар. Осы жолдың біз 56 пайызын жөнге келтірдік. Бұл — «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолы. Оның өзімізге қарасты бөлігін  республикада бірінші болып аяқтадық. Солтүстік айналма жол мен Ақтөбе-Мәртөк және Ресей Федерациясына шығатын жолды  қостық. Жалпы, біздің Ақтөбе облысына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінен  619 шақырым жол қарайды. Ол 2006 жылдары салынған Қостанай мен Ақтөбенің екі ортасындағы жол,  сосын Қызылорда облысының шекарасынан бастап, мына Ресей Федерациясына шығатын Орынбор облысына дейінгі жол. Қазіргі талапқа сай бұл жолдардың мәселесі шешілді.

Ендігі біз үшін өте қажет әрі аса  маңызы болып тұрған  Ақтөбе-Астрахан жолы. Ол Ақтөбеден санағанда сонау Астраханға дейін 900 шақырым қашықтықты құрайды. Соның 319 шақырымы  Ақтөбе облысы арқылы өтеді. Бұл жолдың қозғалысы қазір өте  үлкен. Мысалы, мына Қандыағаш елді мекендерінің үстімен жүретін жолдан тәулік бойына 10-15 мың машинаға дейін өтіп жатыр. Түнде қарап отырсаңыз пойыз сияқты, шамдарының жарығы көз алдыртпайды. Жол тозған, ескі. Кешегі алпысыншы, жетпісінші жылдары салынған жол. Қазіргі біздің уақыттың мынадай көлік қозғалысына бұл жолдар шыдамайды. Сол себептен апат та көп, неше түрлі оқыс жағдайлар да болып жатады. Сол себептен бұл жолды  өте қажет деп есептейміз. Егер алда осы 319 шақырым жол салынса, сосын мына 135 шақырым Орскі қаласына дейінгі жол төселетін болса, көп шаруа бірыңғайланады. Сонда 402 шақырым Қандыағаш-Ембі-Шалқар–Ырғыз жолы қалады. Алда осы жолдарды жалғайтын болсақ, 2020 жылдарға таман біздің Ақтөбе облысының жолдары  100 пайызға халықаралық деңгейге жетеді деп сеніммен айтуға болады, — деді филиал директоры.

 

Сапалы жолдың кепілі

 

Семинар-кеңестің барысында жол саласының жоғарғы басшылары мен іскер мамандары біздің аймақтағы жол құрылысына байланысты атқарылып отырған жұмыстарға оң баға берді. Жиында мынадай қорытынды жасалды:

Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының автомобиль жолдары құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарында соңғы жылдары бұрын жол мекемелері қолданбаған жаңа технологиялар қолданылуда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» континентаралық дәлізі құрылысының Ақтөбе аумағындағы учаскесі ( «Ақтөбе-Мәртөк» және «Ақтөбе қаласын солтүстік айналып өту» автожолдары) құрылысында жолдың жоғарғы қабаты қиыршықтасты — маститті асфальтты бетоннан салынды. Ағымдағы жылы қаланың орталық даңғылдарын күрделі жөндеу барысында ( Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова даңғылдары) және республикалық автожол учаскесінің Орал жағынан 33 шақырымын жөндеуде осы технология қарастырылды.

Бұл жабын жолдың  пайдалану қасиетін  жақсартумен ерекшеленеді. Құрамында мықты қиыршық тастың көп, ал асфальтты біріктіргіш зат (мастика) ылғал сіңіргіштік пен суыққа төзімділікті, жолдың беріктігін қамтамасыз етеді. Стандартты асфальтты бетонды қолданғаннан қиыршық тасты — мастикалы асфальтты бетонды қолдану жол табанына түсетін саламаққа қарамастан жылжу тұрақтылығын кепілдендіреді. Мұндай жолдың тікенекті доңғалақтардан тозбайтынын зерттеулер көрсетуде. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында және республикалық автожолдар құрылысында температуралық шытынаулардың алдын алуға, үлкен алаңдарда көлік салмағын бөлу және су мен желден тотығулардан сақтау үшін геосеткалар мен геошарбақтар қолданылуда.

Міне, үлкен жиында айтылған бұл қорытындылар аймақта салынған және ертеңгі салынатын жолдардың сапасына кепілдік беретіндей.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button