Мәдениет

Ақ жолдағы Айталы

… Қазір саяси құрылымы мен мазмұны, алдына қойған мақсат-мүддесі тұрғысынан бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған тәуел­сіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік си­па­ты сарапшы саясаткердің тұрақты наза­рында. Бірақ ол әсте саясатшыл емес. Оны өтпелі кезеңнің қиыншылығынан, жаңалық іздеушілер қатарынан да таба алмайсыз. Ол – барды бардай айта алатын, қоғамның демократия теңізінде еркін жүзгенін, елінің байқаусыз қате жібермегенін қалайтын, қиын­дықтан шығар жолды мегзей білетін парасатты ойдың, терең білімнің иесі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демо­кратия мәселелері жөніндегі халықпен, саяси партиялармен, діни бірлестіктермен, ұлттық-мәдени орталықтармен үнқатысуға барып, көптеген көкейкесті мәселелерді тұрақты ортаға салып отыруы халықтың қоғамымызда жүріп жатқан демократиялық үдерістерге деген сенімін ұялатып отырғаны сөзсіз.

Бірақ 70 жылдан астам уақыт бойы то­талитарлық жүйеде өмір сүрген Қазақстанда демократиялық қайта құрулардың өзіне тән ерекшеліктері, қиындықтарының болатын­ды­­ғы түсінікті. Батыстық демократия қоға­мы­мыз­да жерсінбей, ұлттық идеямен астаса алмай отырғаны жасырын емес. Сондықтан Айталының Қазақстан демократиясы ұлт­сыздық дертпен ауырады деуінің реті бар. Сол себепті ол жалпы демократияның бас­тауы саналатын әлеуметтік әділеттілікті еліміздегі этнос өкілдерінің бірлігі мен ын­тымағына игі әсер ететін, қоғамдағы орнық­тылықтың маңызды факторы ретінде алға тартады. Осы бағытта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бізде демократиялық мәде­ниеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркін­дікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түсі­ну елді тұрақ­сыздыққа ұрындыруы, біздің бо­лашаққа арналған барлық жоспарлары­мызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойын­дауымыз керек» деген сөзіне жүгінеді.

Амангелді Айталы қоғамымыздың демо­кратиялық ба­ғыт­пен баянды алға жылжуын мемлекеттік би­лік тармақтарының ішінде халықтық сипа­ты басымырақ Парламенттің шынайы қалып­тасуымен, оның әлемдік парламентаризмнің қағидаттарына сәйкес қызмет етуімен байла­ныста қарастырады. «Қазақстан парламен­та­риз­мінің дамуы тың және тыңайған жерлерді игеру емес, бұл — коммунистік диктатураның бульдозерімен қалың асфальт құйып, ауыр катокпен тегістеп тастаған топырағынан пай­да болып келе жатқан парламентаризм» деген пікірмен келіспеу қиын. Саясаткердің ойын­ша, Парламент бақылау функциясына ие болуға тиісті, онсыз парламентаризм қалып­таса алмайды. Халық өзінің бірден-бір өкілді органы арқылы атқарушы билікті бақылауға алғаны жөн. Айталы биліктің жоғары эше­лонындағы лауазым иелерінің заңсыз әрекет­теріне қоғамдық және мемлекеттік мүддені көздейтін парламенттік тексеріс ұйымдасты­ру­ды қажет деп есептейді. Сонда ғана заң шы­ғарушы органның қызметі күшті әрі тиімді болады. Сонда ғана Парламент ел Пре­зиденті артып отырған сенім биігінен көріне алар еді.

Елімізде жүзеге асып жатқан демокра­тия­лық үдерістердің маңызды бір қыры — сайлау жүйесі. Өйткені сайлау демократия­сы, бірін­шіден, өктемдік пен бағынышты­лық­қа негіз­дел­меген, әріптестік пен келісім­ге құрылған, саяси және заңдық шешімдерді жасап, оның қабылдануына қатысқан бар­лық субъектілер­дің бәсекелестігі мен өзара бағыныштылығы­на конституциялық кепіл­дік берген еркіндік. Осы мағынада электо­рат­тық демократия қо­ғам­ның ішкі мазмұ­нын құрайды және сайлау үдерісі арқылы азамат өзінің құқықтық мә­дениетін жүзеге асырады. Сонымен қатар, мұндай демокра­тия — билік жүйесінің барлық субъектілері­нің, ең бірінші, заң шығарушы органдар ар­қылы мемлекеттің іс-әрекетіне саяси-құ­қық­тық баға беру мен тексеріс жүргізудің тұрақты амалы.

Қоғамның демократиялық сипатын та­ны­татын елеулі факторлардың бірі — көппар­­тиялық жүйе. Еліміздегі саяси партия туралы заңның партиялардың сан жағынан өсуіне қолайлы жағдай туғызғаны анық. Сайлау науқандарында олардың бәсекеге түсуі дәс­түр­ге айналды. Соңғы Парламент додасына 6 партияның қатысуы тілге тиек бола алады. Бірақ партиялардың сапа, маз­мұн жағынан жетілуі, ұстанған жолдарының тиянақтылығы бедерлі болмай отыр. Олар­дың идеологиясы бұлдыр, саяси ұстанымда­ры айқын емес. Сол себепті шынайы көппар­тиялық жүйе қалып­тас­ты деп айтуға әлі ерте. Әділ, ашық сайлау­лар негізінде құрыл­ған Парламенттегі партия­лық фракциялар саяси плюрализмнің бірден-бір көзі болған­да ғана көппартиялық жүйе толыққанды қа­лыптасты деуге болады. Біздегі партияларды бірер лидерлері арқылы таныма­са, олардың бағдарламалары мен саяси іс-әрекеттерін сайлау науқанынан тыс кезде ешкім біле бермейді. Партиялар қатарында шынайы пікірталас жоқ. Ондай саяси бәсеке­лестікке дайын болмаған партиялар алға жыл­жи ал­майды және өспейді, олардың келешегі кү­мәнді. Халықтың оған сенімі де бола бер­мей­ді. Айталының бейнелеп айтқанындай, қазақстандық саяси партиялардың көбісі қыстай ұйықтап, жазда тіршілік ететін аюдай.

Қазіргі қоғамтану саласында қалам тар­тып жүрген белсенді ғалым қайраткерлерден Аман­гелді Айталыны ерекше бедерлейтін ерек­­шелік —оның ұлт мұратын айрықша биік ұстайтындығы. Ол — ғалымдық жол­дың алғашқы қадамынан бергі 40 жылдан астам уақыт ұлт мәселесін тұрақты зерттеп, оны философиялық, саясаттанулық, әлеу­метта­ну­­лық ғылымдар тұрғысынан зерделеп келе жатқан ғалым. Мейлі ол демократияны сөз етсін, не Парламентті айтсын, болмаса кез келген басқа қандай мәселе туралы ой қоз­ғаса да алдыңғы ұстанымда Темірқазық­тай болып ұлт мүддесі тұрады, елімізді ме­кен еткен бүкіл этностардың талап-тілектері ескеріледі. Оның «Ұлттану», «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы» т.б. еңбектері, ондаған ғылыми-публицисти­калық мақала-сұхбат­тары сөзімізге дәлел. Айталы қазақ мемле­кет құраушы ұлт ретінде елдегі тұрақтылыққа, татулыққа тарих пен ел алдында жауап­ты деп санайды. Сол сияқты ол мемлекет құраушы қазақ ұлтының өсіп жетілуі еліміз­дегі диаспоралардың өзара үйле­сім та­буымен, олардың көңіл күйімен тығыз бай­ланысты деген қағиданы саралап, қоғам­дағы ұлтаралық келісімді әлеуметтік филосо­­фия мәселесі ретінде қарастырып, оның деңгей­лері, экономикалық, әлеуметтік және пси­хо­логиялық аспектілерін ашып келеді. Бұл жай мақсат емес. Ол — қоғамдық қажетті­лік. Еліміздегі топтастырушы, ұйытқы ұлт — қазақ халқының ұйымшылдығы күшті болмайын­ша, ол қалған этнос мүшелерін топтастыра алмайды, оған көшбасшы бол­майды. Бұл бағытта Айталы еліміздегі ұлт­тық саясаттың көбіне «дос болайық, бір болайық, ешқандай кикілжің болмасын» дегенге негізделуін жетім­сіз деп есептейді. Бұл саясаттың нақты істерді талап ететінін атап көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстанды ота­ным деп түсінетін әрбір этнос өкілі де рухани ынтымақтастық пен келелі келісім арқылы ортақ мемлекеттің тағдырына жауапты екенін ұғыну қажеттігі де маңызды мәселе.

Қазір қазақ сан жағынан да, сапа жағы­нан да оң өзгерістерді бастан кешуде. Соны­мен бір­ге, қазақ қоғамы үшін жаһанданудың, орыс­та­нудың, батыстанудың, америкалану­дың қаупі күшті. Жаһанданудан туындаған қазақ болмысындағы біреулердің байлығын, енді біреулердің шайлығын ойлап, ұлттық құн­дылықтарға салқындықпен қарауын Аман­гелді Айталы қазақ халқының ұлтішілік тұтас­тығына ең алдымен кері әсер етеді деп есеп­тейді. Оның пікірінше, тіл, діл, мәде­ниет, дәстүр жағынан өз болмысымен дара­л­анып тұрған ұлт ерекшеліктерін ескермей жасалған заңдар ұлтішілік және ұлтаралық қатынас­тарды реттей алмайды. Сондықтан ол білім, мәдениет, бұқаралық ақпарат құрал­дары, көші-қон, отбасы және неке, сайлау, жер, сот жүйесі, мемлекеттік қызмет және басқа да қазақтың тағдырына қатысты салаларды құқықтық жағынан реттеуде ұлттық дәстүрлер мен ұлттың тарихи даму ерекшеліктерін қатаң ескеруді ұсынады.

Көпұлтты мемлекеттерде этностардың өзара ынтымақтастығы және бірлесуімен қа­тар олардың бәсекелестігі, қайшылығы, дау-жанжалдар болып қалуы мүмкін. Өмірдің аты өмір. Әрине, олардың болмағаны жөн. Алайда, ондай оқиғалар болды ма, оның се­беп-салдарларын байыптап, арнайы зерттеу ләзім, білген дұрыс. Мәселенің ақ-қарасын ажырат­қан жөн. Қылмыскерлерді отырғыза салудан оңай жоқ, бірақ мұнымен мәселе шешілмейді. Мәселе қордалана береді. Оның бір күні үлкен шиеленістерге соқты­руы ғажап емес. Сондықтан А.Айталы Елба­сымыздың ұлттар­дың қайшылықты мүдде­ле­рін үйлестіруге ерекше маңыз беріп, елі­міздегі ұлтаралық мә­селелерге аса ыждағат­тық танытып отыр­ғанын бүкіл ел болып қолдаудың қажеттігін айрықша атайды. Бұл алға қарқынды жыл­жуымыздың әлеуметтік кепілдіктерінің ма­ңызды бағыты болып саналады.

Шынында да, ұлттық қатынастар — мей­­­лін­­ше нәзік, шетін сала. Бұл салада бір ғана шындық, бір ғана ақиқат бола бермей­ді. Сондай-ақ, іргеміз бір, ниеттес елдермен жарасымды, өркениетті экономикалық, саяси, мәдени, ғылыми қарым-қатынаста болуымыз — табиғи заңдылық та өмірлік қа­жеттілік. А.Айталы көрші орыстың мәде­ни, ғылыми дү­ниесінен аулақ болу біздің өз мәдение­тімізді кедейлетеді деп санайды. Ресей біздің мәңгілік сыйластықта болатын көршіміз. Сондықтан Қазақстанның тәуел­сіз ел болуы орыс-қазақ қатынастарына жаңа мазмұн беретінін біздер терең түсі­нуіміз керек.

Ұлттық мүдденің қайнарында жатқан құн­­дылықтар туралы сөз қозғағанда А.Айта­лы­ны ерекше толғандыратын мәселе — ана тіліміз­дің бүгінгі күйі. Рас, тәуелсіздік жыл­да­ры қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы бағытында көп нәрсе жүзеге асты. Егемен­діктің елең-алаңында мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміз 1995 жылы конститу­циялық шешімге ие болды. Ол «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңда нақты­лана түсті. Мұны жүзеге асыру бағытында Үкіметтің арнайы қаулы-қарар­лары мен мем­лекеттік бағдарламалар қабыл­данғаны белгілі. Сан жылдар теперіш көрген тіліміз кеңісті­гінде оң өзгерістер орын алып, жаңа бағыттар қалыптасты. Дегенмен, мем­ле­кеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін мең­геру қажеттілігі елде әлі басымдыққа ие болмай тұр. Мұны, әсіресе, билік басын­дағылар мен экономика, бизнес, банк сала­сындағылар толық мойын­дай қойған жоқ. Айталыша айтқанда, оларға қазақ тілінен орыс тілі жа­қын, теңгеден сом, доллар ыс­тық. Шынайы ұлтшыл азаматты, өз сөзімен айтқанда, «туған анасының омыра­уын тіс­тей­тін тағылар сияқты туған тіліне, мәде­ние­тіне жат ұрпақтар тобы өмірге кел­гені» қинайды. Осыларды ойлай отырып, ұлт мәселесінің майталман тамыршысының қа­зақ Арал апаты сияқты мәдени апатқа ұшы­раған ұлт дегенімен келіспеске амал жоқ. Оның «Дә­рігердің ағзаның жансызданған жерін жан­дан­дыратыны сияқты, ұлты­мыздың жан­сыз­данған бөлігін жандандыру (реанимация) шараларын қолға алу қажет» деуі жайдан-жай емес.

Ғалым тығырықтан шығар жолдарды ұсы­нады. Оның бірі — ұлттық намыс, тілге деген ұлттық қажеттілік. Бүгінгі күні ұлттық тілдің намысы қандастарымыздың өзінен саналы іс-әрекетті, табандылықты, рухани ізденістерді талап етіп отыр. Екіншісі — мемлекеттік тілді қызметке тұрудың қажетті шартына айнал­дыру. Бұл үшін мемлекеттік тіл туралы ар­найы заң керек. Осындай себептермен автор­дың Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ ғалымдары дайындап, «Ана тілі» газетінде жарияланған «Мемлекеттік тіл тура­лы» Заң жобасын жа­сау­ға белсене атсалыс­қанын түсінуге бо­лады. Үшіншісі — әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанның азаматты­ғын аламын дегенге қазақ тілін білу талабын қою. Ал ресми лауазым иелерінің қазақ тілі десе сайрай кететін толып жатқан іс-шаралары, әртүрлі жарыстары және курстары есеп беруге қолайлы болғанымен, бізді діттеген нысанамызға жеткізе алмай отыр.

Ұлттық мәселені ешуақытта діннен бөле қарауға болмайды. Дін — ұлттық белгінің ерекше түрі ғана емес, оның рухани мазмұны. Елбасымыздың «Бүкіл дүниежүзінде мил­лиард­таған адамдардың технологиялық жаңа­лықтарға бейімделу қиындығы, жаһандық рыноктың қатал талаптары салдарынан адамзаттың діни ақиқатқа жаппай оралуы жүрді» деуі де, елордамыздың әлемдік діндердің тұ­рақты басқосуына мұрындық болып жүргені де жайдан-жай емес. Сол сияқты А.Айталы­ның пікірінше, бүгін капиталды алға тартып, рухани құндылықтарға екінші кезекті ұсынып отырған батыстық капитализмнің, дінсіздікті, рухсыздықты насихаттаған социализмнің дәмін татып отырған адамзаттың дінге мойын бұруы тегіннен-тегін емес. Тілсіз адам қоғамы болмайтыны сияқты, дінсіз мемлекет болмай­ды. Тек ұлттың болмысымен, наным-сенімі­мен, мәдениетімен, дүниетанымымен берік, тығыз байланысқан дін ғана өміршең. Ұлт діннен қуат алып, дін ұлттан қолдау тапқанда ғана дін ізгілік дарытады. Дін ұлттық мәде­ниетке сүйенсе, ұлттық мәдениет діннен сусындайды.

Амангелді Айталының әлемдік діндерге, әсіресе, оның ішінде исламға қатысты ойла­ры өзінің парасатты пайымдылығымен, то­лымды толғаныстарымен қызғылықты. Мұсылман діні — ұлтық мәдениетіміздің, салт-дәстүрі­міз­дің әлеуетті тірегі. Егер соң­ғы үш жүз жыл­дай отарлықтың бар қасі­ретін, кеңестік қырғынның талай ойранын көріп, бірақ бе­ріспей, бүгінгі күнге аман-есен жетсек, ол біз­дің діннің де арқасы екені айқын. Дін тек ұлт­ты рухани таным, мәдени дәстүрлер негізін­де ғана біріктіріп қоймай, бұқара халықты әлеуметтік негізде де біріктіретінін айта оты­рып, автор ойын: «Біздің заманымыздың ма­ңызды талабы өр­кениеттер арасындағы ынты­мақтастық пен өзара байланыстарды қолдау, әсіресе, дін­аралық қарым-қатынастарды ізгілік жолына, өзара сыйластыққа, толеранттылық­қа тәрбиелеу, зорлық-зомбылық, күш қолда­ну­дан бас тартып, бейбіт, парасат арнасына бейім­деу болып отыр», — деп түйіндейді.

Қырық жылдан астам жоғары білім жүйе­сінде ғылыми және оқытушылық жұ­мыс­ты оңтайлы ұштастырып келе жатқан ға­лым-ұстазды бүгінгі білім саласы терең ойланды­рады. Соңғы кездері жүзеге асып жатқан оң өзгерістермен қатар бұл салада қордаланған күр­делі қайшылықтар мен қиыншылықтар жет­кілікті. Этностық тамы­ры­нан айрылған бі­лім­нің мазмұны ұлттың дамуына қайшы келе­тіні белгілі. Сондай-ақ, жоғары оқу орында­рын­да жемқорлықтың етек алуы, пара беріп баға алуға дағдыланған студенттер мен пара алып дағдыланған оқы­ту­шылардың көбеюі де бүгінгі ащы да болса шындығымыз. Нарық пен білімді байланыс­тыруды бір жақты түсі­нудің салдарынан бі­лімнің сапасына емес, білімді ұйымдастырға­нымызға ақы алу кең етек алып отыр. Айталы білім саласынан қар­жы үнемдеу — бо­лашақты ұрлаумен тең дей отырып, жоғары оқу орындарын мүмкінді­гін­ше мемлекет тарапынан қаржыландыратын­дай қайтадан реформа жасау қажет деп есептейді.

Қазіргі қоғамдық жүйемізге етене кіріп алған сыбайлас жемқорлық тақырыбына Амангелді Айталы бірнеше мақала жазды. Қазір рухани індетке айналған бұл қоғамдық құбылысты автор билік өкілдігін саудаға салу, жеке мүдде үшін қоғамдық парыздан бас тарту, дәлірек айтқанда, парасатты па­ры­­зыңды жеке мүддеге құл ету деп санайды.

Әлі толыққанды тәуелсіз экономикамыз қалыптаса алмай отырғанда миллиардтаған ақ­шалардың сыбайлас жемқорлардың көме­йіне құйылып жатқаны өкінішті-ақ. Қарапа­йым халықты қайсыбіреулердің баю үшін еш­нәрседен тайынбайтыны мазасыздан­ды­рады, қапаландырады. Қоғамымыздың осын­дай әртүрлі әрекеттерге тиісті тосқауыл қоя алмай отырғаны кімді болса да қынжылтады.

Әбекеңше айтқанда, сыбайлас жемқор­лық­тың да өз пирамидасы бар. Сондықтан би­ліктің жоғары деңгейіндегі сыбайлас жем­қорлықты ауыздықтайтын арнайы заң ке­рек. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы, жо­ғары лауазымды мемлекеттік шенеунік­терді сергек бақылай алатын тетік, олардың тарапынан жасалуы мүмкін қылмыстың алдын алатын, оны анықтаудың кешенді іс-әрекеттері қажет.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Президен­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғам үшін, әсіресе, өндіруші саладағы ірі кәсіпорындар мен инвесторлардың жұмысында толық мөл­­дірліктің болуына қол жеткізу қажет де­гені белгілі. Бұл мәселені одан әрі созуға жол беруге болмайды. Үкімет және бұл мә­селеге жауапты министрлер мұнда мемле­кет­тік көз­қарас үлгісін көрсетуі тиіс. Егер Қазақстан­дағы жұмыс істейтін әрбір компа­ния өзінің барлық ақшаларын — қанша тапқанын, жұмсағанын, қайдан пайда алға­нын адал көрсететін болса, онда Үкімет мү­шелері біреу­лердің мүдделерін тоқайлас­ты­рып отыр деген сөз де шықпайды деген сөзі бүгін де өзекті болып отыр.

Ылғи ізденіс үстіндегі ғалымның шетел­дік тәжірибелер мен қазақстандық материал­дар­ды ғылыми айналымға алған мақа­лалары мен сұх­баттары оқырман жүрегінен жол табуы жай­дан-жай болмаса керек. Амангелді Әбді­рах­манұлы Айталының Отан алдындағы қа­жыр­лы еңбегі, ғылыми табыс­тары ескеріліп, бірнеше медальдармен, «Қа­зақстан Республи­касының ғылымын дамы­туға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен мара­патталды. Сегіз жылдық парламентарийлік белсенді қызметінде екі рет, 1998, 2001 жыл­дары «Құрмет», «Парасат» орден­дерімен аталып өтуінің өзі де көп нәрсені аңғартса керек.

Азамат әруақытта отбасымен көрікті. Үш ұл-қыз өсіріп, немерелер сүйген Айталы — үл­кен әулеттің отағасы. Айбары — ақпарат­тық технология, Жанары маркетинг сала­сында қызмет етеді, Айдары — әскери қыз­метте, полковник. Отбасының тынымсыз тір­лігін тындырып отырған Гүлекең, Гүлжан замандасымыздың отағасының табысындағы үлесі айрықша.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы.

 

(Бұл мақала ықшамдалып беріліп отыр).

Амангелдi Айталы: Ұлтыңның ұлылығын ұлықтай бiл

 

Бал мен  у

 

— Амангелдi Әбдiрахманұлы, қазiргi ұрпақ үшiн Алаш идеясының басты тағылымы неде  деп ойлайсыз?

— Тарихи даулы кезеңдерде белгiлi бiр ұлттың мақсатын көздеп, арманын танытатын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, болашағына жол сiлтейтiн адамдарға сұраныс болады. ХХ ғасырдың басында қазақтар үшiн бұл топ Алаш зиялылары, оның iшiнде Алаш партиясының төңiрегiне топтасқан интеллигенция  өкiлдерi болды. Осы кезеңге дейiн қазақта дербес мемлекет құру, ұлттық үкiметтiң белгiлерiн айқындау, оның басшы, қосшы күштерiн көрсетiп, дiннiң орнын, отбасылық жағдайды анықтап, бағдарлама қабылдау болған емес.

Мiне, Алаш партиясы осы жолды халыққа көрсеттi. Мұның бәрi қазақтың  ой-арманынан туған дүние ғой. Себебi, отарланған ұлт әр уақытта сол құлшылықтан құтылуды армандайды. Сол арманды қазақ зиялылары газет тарату, партия құру, елге шығу және басқа жолдармен насихаттап отырды. Сондықтан  қазақтың ғасырлар бойы көксеген мұратын айқындаған кiм десек, Алаш партиясы мен Алаш зиялылары ойда тұрары анық.

— Сiз қазақ қоғамындағы ұлтшылдық пен ұлтсыздықтың қыр-сырын терең зерттеп жүрген жанның бiрiсiз. Бiздiң қоғамда осы екеуiнiң  қайсысы басым?

— Ұлтшылдық  деген ғылыми әдебиеттерде екi түрлi мағынада қолданылады. Бiрi  жағымды, бiрi жағымсыз ұғым. Мәселен, сан жағынан басым Қытайдың ұлтшылдығы мен сол елдегi саны аз халықтардың ұлтшылдығын салыстыруға келе ме? Орыстың  ұлтшылдығы мен пәлен ғасыр бойы отарлауды бастан кешкен қазақтың ұлтшылдығы да екi басқа дүние. Сондықтан ұлтшылдық ұғымына белгiлi бiр контексте, белгiлi бiр жағдайға сәйкес қарап, баға беру керек. Ал қазақ  ұлтшылдығы дегенге келсек, бұл негiзiнен патриоттық сезiмнен, отаншылдықтан, ұлтжандылықтан, оның ертеңiне алаңдаушылықтан туындап отыр.

Алаш зиялыларын  кезiнде кеңес өкiметi «ұлтшыл» деп кiнәлаған ғой. Сонда осы оқығандар өздерiн  «ұлтшыл» деп атағандарына келiсе отырып,  оларға қарсы мынадай уәж айтады: «Казахский национализм — это нищенствующий национализм. Это национализм, который хочет выживать, это национализм, который хочет себя защишать, сохранить. Это не наступательный национализм, это оборонительный национализм»  дейдi. Мiне, сондықтан да ұлтшылдықтың қыр-сыры өте көп. Мына батыс зерттеушiлерiнiң: «Ұлтшылдық  дегенiң  ыдыс сияқты. Оған бал құюға да, у құюға да болады», — деуi тегiн емес. Мысалы, қазiргi Ресейдегi бас көтерiп жатқан орыс фашизмi — бұл нағыз у. Ал көптеген елдерде олай емес. Грузин ұлтшылдығы — бұл Ресейдiң өктемдiгiне деген грузин халқының  қарсылығынан туып отыр. Қазақ азаматтарының  бойындағы  ұлтшылдықты да отаршылдықтан әбден жапа шеккен халықтың өзiн-өзi қорғауға ұмтылуы деп түсiну керек. Кешегi желтоқсанның 29-ы күнi КСРО-ның құрылғанына 90 жыл  толды. Соған байланысты Ресейде көптеген ғылыми мақалалар жарық көрдi. Бұл мақалалар «Неге Кеңестер Одағы құлады?» деген сұраққа жауап iздейдi. Сонда орыс ұлтшылдарының айтатыны — «Құлаған себебi, ең алдымен, Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағы деп атау үлкен қателiк болды,  сол ұлттардың бәрi Ресей Федерациясының автономиясы болып қалуы керек едi.  Екiншi үлкен қателiгi, коммунистiк партияның сол кездерi ұлттық мектептердi ашқаны», — дегенге саяды.  Ұлттық мектептер арқылы ұлт өкiлдерi өздерiнiң санасын көтердi, ұлт тiлiнде бiлiм алды, сауатын ашты. Айналып келгенде сол кадрлар бiздi менсiнбей одақтан шығып кеттi», — деп өкiнiш бiлдiре жазуда.

Сондықтан бiз тәуелсiздiктi қазақ  ұлтына  тағдырдың берген сыйы деп қабылдауымыз қажет. Бүгiнде сол тәуелсiздiктi баянды етуден, ел болып, ұлт болып мәртебемiздi көтеруден асқан мiндет жоқ.

Өкiнiшке қарай, елiмiзде ұлтсыздық та басым болып тұр. Өйткенi Кеңес Одағы кезiнде ұлт тiлiнде бiлiм беретiн көптеген мектептер жабылып қалды. Балалардың басым көпшiлiгi орыс тiлiнде бiлiм алды. Ол үшiн жастарды кiнәлауға болмайды. Бүгiнгi ұлтсыздықтың төркiнi әрiде жатыр. Оның әкесi де орысша оқыған — ұлтсыз адам. Атасы да орысша оқыған, ұлтсызданған. Мiне, осылай бiрнеше ұрпақ қалыптасты. Сондықтан ұлттық мүддеге немқұрайдылық таныту бiздiң психологиямыздан, таным-түсiнiгiмiзден, тұрмыс-тiршiлiгiмiзден жиi байқалып қалады. Дегенмен, қандай қиын болса да, қазақтың ұлттық санасы бiрте-бiрте күш алып келедi. Физикада энергияның сақталу заңы деген бар. Ол ешуақытта да табиғат өзегiнiң жоғалмайтынын дәлелдейдi. Ұлт та табиғаттың бiр бөлшегi ғой. Сол заңдылыққа сәйкес қазақ халқының бойындағы ұлт ретiнде сақталу механизмi, Құдайға шүкiр, қайта iске қосылды. Түбi жаман болмас.

— Сонда ұлт болып ұйысу үшiн не iстеу керек?

— Ең алдымен, жағдайды терең түсiнiп, талдап, таразылай бiлуге үйренуiмiз керек. Ашығын айтсақ, қазiр әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан екi қазақ ұлты қалыптасты. Бiрi — тоғышарлық психология торына түскен бай қазақтар. Олар қазақ ұлтының, тiлiнiң, мәдениетiнiң ертеңгi тағдырын көп ойламайды. Олар «Қазақстан менiң жүрегiмде!» деп айтуы мүмкiн. Қазақстан жүрегiнде болғанмен, қаржысы — шетелде. Бұлар жаңағы ұлтсызданған, байлыққа әбден тойынған топ. Екiншiсi — адал еңбегiмен тұрмыс кешкен, отбасын, бала-шағасын ұлттық дәстүрге, тiлiне икемдеп күн кешкен қазақтар. Мiне, осы екi топтың арасында күрес бар, бәсеке бар. Сонымен қатар, қазақтардың дiнге көзқарасы да тарамданып кеттi. Батыста бiлiм алған, интернеттi меңгерген жастар өздерiн «жаңа мұсылмандар» деп бiледi. Әлгi жаңа қазақ, ескi қазақ дегендей. Оның үстiне «евромұсылман» дейтiн ұғым пайда болды. Олар «бiз мұсылмандықты Еуропаның демократиялық либералды идеясымен байытамыз. Сонда ғана бiз әлемдiк деңгейдегi дiн боламыз», — дейдi. Мiне, осылайша жiктелу көп.

Бойымызға, қанымызға, санамызға батпандап кiрген ұлтсыздық дертi, әй, бiр ұрпақпен кете қоймас. Және өздерiн  бұрынғы «коммунист-интернационалист» санайтындар да жетерлiк. Олардың да өз ұрпағына қалдырар «аманаты», тәрбиесі аз емес. Сондықтан бұл жағдайлардың сақталуы жарты ғасырға дейiн созылады-ау деп ойлаймын. Онда да бiз мықты ұлттық саясат жүргiзiп отырсақ ғана…

 

Бiр есептiк көрсеткiш: пара ма, жоқ па?

 

— Қазiргi кезде мемлекетiмiз парақорлықпен, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргiзiп келедi. Бiрақ әлi ауыздықталар емес. Осының негiзгi себебi неде деп ойлайсыз?

— Жалпы, жемқорлық адамзат ұрпағымен бiрге жаратылған  ғой (күлдi). Жемқорлықсыз мемлекет жоқ. Мәселе — жемқорлықтың деңгейiнде, онымен күрестiң тиiмдiлiгiнде. Бiздiң күресiмiз тиiмсiз болып отыр. Қазақстан тәрiздi жемқорлық асқынып кеткен жағдай өзге елдерде де бар. Олар көбiне бұған қарсы екi түрлi заң қолданады. Бiрiншiсi билiк басындағы iрi жемқорлықпен күресуге бағытталса, екiншiсi ұсақ-түйек, тiптi, етiмiз өлiп кеткен, азды-көптi пара берiп, шаруамызды бiтiруге үйренген жемқорлық психологияны ауыздықтауға арналған. Бiз әлi де болса, заң жүзiнде осындай күрес жолдарын анықтай алмай жатырмыз. Мысалы, «парақорлық ордасы» деп жоғары оқу орындарын, денсаулық сақтау мекемелерiн, құқық қорғау орындарын кiнәлап жатады. Кейде бiр құжатыңды түзетудiң өзi әбден әуре-сарсаңға салады. Сонда әлгi шенеунiк: «Бiз пара алмаймыз, жұмысын бiтiргенiмiз үшiн өздерi еңбегiмiзге төлейдi. Ал миллиардтап алып жатқан жоғарыдағыларды қайтесiз? Мiне, парақорлар солар!» — деп уәж айтады. Сондықтан үлкен парақорлықты тыймай, халықтың санасына сiңiп қалған психология өздiгiнен кете қоймайды.

Сыбайлас жемқорлық туралы және мемлекеттiк қызметке байланысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар керек. Мәселен, заңымызда «мемлекеттiк қызметшi бiр есептiк көрсеткiшке дейiн сый алуға болады» деп жазылған тармақ бар. Маған талай шенеунiк айтты: «Аға, бiр есептiк көрсеткiш деген не тәйiрi, мәселен, сiзге жеңiл-желпi бiр ручка сыйлады. Онда тұрған не бар? Соны да жемқорлық деп санауға бола ма?» Мен оларға: «Саған бiр ручка сыйлап қоймайды ғой. Бiр есептiк көрсеткiш деп те ешкiм есептеп жатпайды. Мәселе заңда «сыйақы алуына болады» деп көрсетiлуiнде ғой», — деймiн. Мемлекеттiк қызметкер немесе құқық қорғаушы өзiнiң кәсiби мiндетiн адал атқарғаны үшiн әр адамнан сыйақы дәмете берсе, не болғаны? Сондықтан осы бапты алып тастау жөнiндегi  ұсынысыма депутаттар да, прокуратура қызметкерлерi де көнбедi ғой. Сол бап әлi бар… Демек, бiр жағынан заңды жетiлдiру керек. Екiншi жағынан, ел iшiндегi «құрғақ қасық ауыз жыртады»  деп, бiрдеңе беруге бейiм тұратын аңғалдық психологиядан арылу қажет.

— Амангелдi аға, заңдылық мәселесiн әдемi қозғадыңыз. Айтайын дегенiм, адам құқығын қорғауға байланысты қазiргi соттардың жұмысы көңiлiңiзден шыға ма? Көбiне әдiлеттiлiк таппадық  деп шағым айтушылар да аз емес…

— Депутат кезiмде де, кейiн де Жоғарғы Сот төрағаларымен бұл жөнiнде әңгiмелескенiм бар. Олар былай дейдi: «Iстi болып 100 адам сотқа келсе, қабылданған шешiм тең жартысының ойынан шығады, өзге жартысының көңiлiнен шықпайды. Өйткенi бәрiне бiрдей жағу мүмкiн емес. Қоғамдық пiкiрдiң әртүрлi болатыны рас. Бiреу заңды түсiнедi, бiреу түсiнбейдi. Бiреу сол заңды түсiнсе де өзiне қарай бұрмалағысы келедi», — дедi. Бұл пiкiрдiң жаны бар. Дегенмен, сот процесiнде әдiлетсiздiктiң орын алатыны кездесiп қалады. Сол үшiн де Жоғарғы Соттың 5-6 судьясын жұмыстан алғаны белгiлi. Бiрқатары қылмыстық жауапкершiлiкке тартылып, процесс әлi жүрiп жатыр. Бұл жағдай сот жүйесi қызметкерлерiне сабақ болар деп ойлаймыз. Пенде қанша дар ағашының қасында тұрса да, пара берсе бас тартпайды. «Мүмкiн, байқамай қалар, мүмкiн, құтылып кетермiн» деп ойлайды.  Адамның психологиясында дүниеге жақындық, пендешiлiк бола беретiн шығар. Мәселе соны тыя бiлуде ғой. Көптеген елдерде 100 адам пара алса, соның 95-i ұсталады. Бiзде соның көбi құтылып кетiп жатады. Бұл — бiр. Екiншiсi, адамның таным-түсiнiгiне, имандылығына, тәрбие мен дәстүрге көп байланысты.  Бiздiң дәстүрiмiз соңғы уақытта бұзылды ғой. Ақша алдыға шықты. Адамгершiлiк кейiнде қалды. Сондықтан бiраз уақытқа дейiн бiзге қиын болатын сияқты. Жаңа ұрпақ келiп, бұл мәселеге басқаша қарамаса болмайды.

 

Сарбаздар да руға бөлiнедi

 

«Мықты ұлт болу үшiн мықты идеология керек» деп жатамыз. Жуырда бiр танысымыздан естiп қалдық. Ұлтты қорғауға тиiстi әскерилерiмiздiң өзi руға бөлiнедi екен. Бұл қалай?

— Әскерге балалар қайдан келедi? Космостан келген жоқ қой, руға бөлiнетiн елден алынды. Мен бiрде әскерге шақырылған жас жауынгерлермен әңгiмелестiм. Себебi, әскери бөлiмде бiр жауынгер өзiне-өзi қол салып қайтыс болды да, соған барғанмын. Сонда қызмет етiп жүргендер «руды сұрасамыз» дейдi. Өйткенi жерлес, ауылдас немесе рулас болып жатса, өзара тез тiл табысып, түсiнiсуге, бауырласып кетуге жақсы екен. Ал ендi бiр ұлттың немесе бiр рулы елдiң балалары бiр-бiрiмен тереңiрек танысып, өздi-өзi көмектесiп, қолұшын берiп жүрсе, несi айып?

Армияда руға бөлiнудiң жағымсыз көрiнiс табуы сарбаздардан гөрi офицерлерге көп байланысты. Мәселе — соларда. Шен бөлгенде, контрактiмен әскерге алғанда жиi байқалып қалады. Айталық, бiр мықты офицер Қорғаныс министрлiгiнде отыр. Оның туыстары Қазақстанның бiр ауданында. Ол контрактiмен қызмет атқаруға тек сол ағайындарын тартып, өзгелерге қырын қарауы әбден мүмкiн. Қызмет бабымен шен берер кезде де ала қойды бөле қырқып, соларға басымдық берерi анық. Бұл ендi — қылмыс, ешқандай туысқандық парызға жатпайды.

— Жапон елi де руға бөлiнедi деп есiттiк. Бiрақ қандай да бiр лауазым иесi болу үшiн қызмет атқару кезiнде руы құпия сақталады екен. Ал бiзде мұндай талаптар  қарастырылмағаны қалай?

— Бұл ендi мәдениетке байланысты ғой. Мәселен, қазақ ретiнде мен де бiр рудың өкiлiмiн. Сол руластарым кейде съезд жасап жатады. Жиын өткiзедi. Сол жиынға мен «пәленше деген руданмын» деп баруға арланамын. Ұят қой. Мына дүниеге келген соң бiз бiр-бiрiмiзбен араласып, бiрге жұмыс iстеп, жақсылы-жаманды өмiр сүрiп жатырмыз. Руыңды бiл, оның қазақ деген үлкен арнаға барып қосылатынын бiл. Бiрақ оны бөлектеп, жiлiктеп жатудың қажетi қанша? Бiз  ата-бабаны сыйлаудың жолы осы екен деп, бiрiнен-бiрiн асырып, бас-басына ескерткiш қоюдан не ұтар  екенбiз? Одан гөрi ұлттық топтасуға бастайтын ескерткiштер орнатылса ғой деп ойлаймын.

 

Ұлттың ұпайын кiм түгендейдi?

 

— Қазақтың зиялы қауым өкiлдерi арасында кедендiк одаққа күмән-күдiкпен қарайтындар аз емес. Бұл жөнiнде көзқарасыңыз қандай?

— Оның белгiлi бiр себебi де бар шығар. Бiз «одақ» деген сөзден қорқып қалған халықпыз ғой. Бұл — бiр. Екiншiден, кедендiк одақтың негiзгi идеясын бұрмалап, оны бұрынғы кеңестер заманын қалпына келтiрудiң бiр жолы деп түсiну Ресейдiң өзiнде күшейiп отыр. Жақында Ресейдiң үлкен бiр ғалымы қазiргi саяси ахуалға көңiлi толмай ереуiлдер ұйымдастырып жатқан жастарға ақыл айтты. «Сендер Путинге тимеңдер, қайта оның саясатын қолдаңдар. Путин кедендiк одақ арқылы орыс жерiн жинастырып жатыр», — дедi ол. «Орыс жерi» деп тұрғаны қазiргi ТМД аумағы, оның iшiнде Қазақстан мен Беларусь болса керек.

Белгiлi физик, Нобель сыйлығының лауреаты  Алферов: «Эти, так называемые  независимые республики, от которых ничего не зависить, сами приползли к России», — деп жазды. Әне, Ресейге өздерi қосылып жатыр, бiзсiз күндерiн көре алмайды дейдi. Мұның бәрi бiздiң елдегi жағымсыз көңiл күйдiң пайда болуына, халықтың өзiне деген сенiмiне селкеу түсiруде. Әсiресе, әрi-сәрi күй кешкен дүбәра қазақтардың арасында «әй, түбi орыссыз, оның тiлiнсiз, мәдениетiнсiз күн көре алмайтын шығармыз» деген пiкiр кең тарай бастады.

— Амангелдi аға, мемлекеттiк қызметкердi аттестациядан өткiзуге байланысты елiмiзде үлкен жұмыстар қолға алынды. Сол кезде мемлекеттiк тiлдi меңгеру, әр қызметкердiң  ұлттық мүддеге көзқарасы тәрiздi талаптарды енгiзуге болмас па едi?

— Мемлекеттiк қызметке барғандардан ұлт мүддесiн қорғамаймын деп кiм айтады? Бiрақ мемлекеттiк тiлдi бiлу керектiгi жөнiндегi талапты қоюға әбден болатын едi. Өйткенi ол басқа емес, мемлекеттiк қызметкер ғой. Бiз бiр кезде мемлекеттiк тiл туралы заңның жобасын жасадық. Арамызда мықты-мықты заңгерлер де, басқа мамандар да болды. Елдi дүрлiктiрмес үшiн тiл бiлудi екi кезең бойынша жүзеге асырмақ болдық. Бiрiншi кезеңде «мемлекеттiк қызметке қабылданған қазақтар  қазақ тiлiн бiлетiн болсын», — дедiк. Қазiр Үкiмет құрамының 88 пайызы — қазақ. Екiншi кезеңде ғана басқа ұлт өкiлдерiне талап қоюға болады. Алайда, өкiнiшке қарай,  сол заң жобасы да өтпедi ғой. Өткiзбеген билiк басындағы өз қазағың. Ол заң күшiне ену үшiн әр министр келiсiмiн беруi тиiстi болатын. Бiреуi де қолдамады. Содан соң Мәсiмовтiң  қолымен хат келдi. Онда: «Құрметтi азаматтар, заң жобасын оқыдық. Бұл заңды қабылдауға әлi ертелеу. Бiз тiлдi меңгертудiң басқа жолдарын қарастырып жатырмыз…» дегендей. Кейiн Мәсiмовпен кездестiк те. Оған айттық, мына мемлекеттiк қызметтi бөлiп қарастырайық. Өйткенi кейбiр қызметтер мемлекеттiк тiлдi бiлудi тiкелей мiндеттейдi. Сондықтан арнайы қаулы шығару керек дедiк.

Кеше Президенттiң бiр сөзiнен аңғарып қалдым. Әр министрлiкте жауапты хатшы қызметi бар. «Олардың мемлекеттiк тiлдi бiлуi — мiндеттi» деген пiкiр бiлдiрдi. Мiне, осындай мүмкiндiк одан әрi жалғаса берер деген ойдамын.

— Елбасы Қазақстан халқына арнаған өткен желтоқсандағы Жолдауында «Қазақстанның болашағы қазақ тiлiнде» деп ашып айтты. Оның өмiрдiң барлық саласында үстемдiк етiп, күнделiктi қатынас тiлiне айналуы үшiн ең алдымен, «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуi қажет» екенiн тағы да еске салды. Мен бұл сөздi қарапайым тұрғындарға емес, тiкелей мемлекеттiк қызметкерлерге бағытталған деп бiлемiн. Сiз қалай ойлайсыз?

— Оныңыз рас. Мемлекеттi басқаратын ұлттық кадрларды атына емес, затына қарап iрiктеудiң кезi келдi. Министрлер, депутаттар, әкiмдер… Мұны қолға алмай болмайды. Мына еврейлер Сталиндi «елдi қуғын-сүргiнге салды» деп қанша жамандағанымен, оның «кадры решают все» деген сөзiн төбесiне көтередi. Бұл мәселе әлi маңызын жойған жоқ. Мысалы, сол еврейлер елiн алыңыз. Олардың да барлығы бiрдей ұлтшыл емес. Олар да жерге бөлiнедi.  Бiрақ  бәрi де ұлт мүддесiне келгенде бiрiгiп кетедi. «Если это проблема не работает на евреев, превратите эту проблему в пустяк» дейдi олар. Мiне, әрбiр iстiң астарына үңiлiп, ақ-қарасын айырып отыратын — кадр. Мемлекеттiң тағдыры сенiп тапсырылған, оның ең бiр шешушi буындарында отырған азаматтар өз ұлтына жаны ауыратын болса деймiз ғой, баяғы. Ол мәселенi тек iскерлiкпен шешiп қана қоймай, бұл «қазаққа не бередi,  не бермейдi?» деп отырса, қанеки!  Әрине, үмiтсiз емеспiз, ондай заман да келер.

— Әңгiмеңiзге рахмет.

                 Әңгiмелескен

Суханбердi ОразалыҰлы.

2013 жыл.

(Сұхбат ықшамдалып берілді)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button