Білім

«Басты құндылығымыз — білімді ұрпақ»

Кеше ақтөбелік білім беру саласы қызметкерлері дәстүрлі тамыз конференциясында бас қосты.

Конференция «Білім берудің инновациялық стратегиясы — мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» тақырыбымен өткізілді.

Пленарлық отырысқа қала әкімі Ерхан Омаров қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева қатысты.

Қала әкімі Ерхан Омаров өз сөзінде: «Тәуелсіз елдің басты құндылығы — білімді ұрпақ», — деп атап өтіп, білім беру саласын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жөнінде айтты. Биыл Ақтөбе қаласы бойынша білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі, өткен жылғымен салыстырғанда, 12 пайызға артқан. Оқушылар санының жылдан-жылға көбеюіне байланысты, қалада бүгінде бірнеше мектептер құрылысы (12-шағын аудан, Ақжар-2 және Заречный-4 аудандарында) жүріп жатыр және тағы да жаңа мектептер құрылысы (Жаңақоныс, «Нұр Ақтөбе» аудандары) қолға алынбақ. Сонымен қатар, балабақшалар саны да көбейіп келеді. Қазір қалада 46 мемлекеттік және 20 жеке балабақша бар. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 75,5 пайызға жетіп отыр.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша, ҰБТ-да ақтөбелік түлектер өте жақсы көрсеткішке қол жеткізді: орташа балл — 88,6. Бұл — еліміздің ірі қалалары арасында Алматы қаласынан кейінгі екінші көрсеткіш.

«Бұл — үлкен жетістік. Алдағы уақытта осы көрсеткішті түсіріп алмау керек», — дей келіп, қала әкімі ақтөбелік ұстаздар қауымының осы мақсатта жемісті еңбек ететініне сенім білдірді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, ақтөбелік мұғалімдердің 52 пайызы — жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер.

Жиында жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесі де сөз етілді. Қалалық білім бөлімінің басшысы жаз кезінде облысымыздағы тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырған №52 мектептің тәжірибесін үлгі етті. «Бұл — оқушыларға патриоттық тәрбие беру мақсатында да маңызды қадам», — деді ол. Сондай-ақ, жиында рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатындағы жұмыстарды күшейту керектігі атап айтылды. Мысалы, бірен-саран болса да, ата-аналарының ықпалымен дәстүрлі емес діни ағымдар жетегінде жүрген оқушылар бар көрінеді…

Жаңа оқу жылы қарсаңында үздік көрсеткіштері үшін үш білім беру ұйымына — №41 орта мектепке, «Нұрсәт» балабақшасына және қалалық жас туристер стансасына қала әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді. Сонымен бірге, үздік танылған педагогтарға да сыйақылар табысталды. Конференция жұмысы бүгін де жалғасады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button