«Шекті Тілеу батыр Айтұлы»
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалар
(кітапша)
Кітапшаны шығарушы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Мәдениет комитеті, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы.
(Түркістан, 2011 жыл, 20-бет.)
Жауапты редактор: М.Садықбек, редакция алқасы: тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Б.Көмеков, редакторы: Н.Дүкенбаев, мәтінді дайындаған: тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаев.
…Тілеу батыр бабамыздың Тәукені хан сайлауға қатысқаны туралы ертедегі жырда былай деп айтылған:
«…Үш ана Күлтөбеде жиналғанда,
Сөз тапқан атам Тілеу ойланбай-ақ.
Сайланған ханы Тәуке таққа отырып,
Үш ана тарқасады мақұлдап-ақ.
Адамның сұңқары деп атақ алған,
Бір қазақ Тілеудей-ақ жаратылмақ.
Атамыз Қара Тілеу бидің басы,
Замандасы Әз-Тәуке хан қиялдасы…».
Күлтөбеде хан сайлауға сол кездегі бүкіл қазақтың игі жақсылары мен бетке ұстарлары қатынасқан, яғни бүкіл қазақтық құрылтай болған. Осы негізгі бас қосуда Тілеу батыр да сөз алып, Тәуке ханды жақтаған. Осы жиында Тілеу батырдың сөздері өтімді болып, ол «Адамның сұңқары» атанады. Сондай-ақ, Тәуке хан Тілеу батырға риза болып, оны өзінің ақылшы, кеңесшілерінің бірі етеді. Осындай іс-әрекеттерден біз Тілеу батырды тек Шектінің немесе Кіші Жүздің батыры ғана емес, сонымен бірге, бүкіл Алаш көлеміндегі ірі қайраткер болған деп түсінеміз.
Тілеу батырдың бүкіл алаштық деңгейдегі тағы бір ісіне оның бүкіл қазақтың рухани көсемі — Сопы Әзізді пір сайлауға қатысуы жатады. Кіші Жүздегі Жетіру бірлестігінің бір тайпасы — Керейттен шыққан Мүсірәлі сопы өз заманында білімімен де, ерекше қасиеттерімен де танымал екен. Ол туралы «Жеті өлікке жан бергізген» деген сөздер бар. Ел болғаннан кейін оны басқаратын саяси басшы қандай қажет болса, рухани басшы да дәл сондай қажет. Рухани көсем елдің, халықтың ішкі рухани ұйытқысы болып, бірлік пен ынтымақтың, татулықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Рухани көсемді сайлау да аса маңызды халықтық, мемлекеттік шараның біріне жатады. Тілеу батырдың бүкіл қазақтық рухани көсемді сайлауға қатысқандығы Ақтөбе өңіріндегі қалың жұртшылыққа жақсы мәлім.
Тілеу батырдың есімін бүкіл елге танытып, әлі күнге дейін есімін ардақтатып отырған келесі бір ісіне оның 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы Сайрам қаласы түбіндегі шайқаста Кіші Жүз әскеріне қолбасшылық етуі мен сондағы ұрыстардың бірінде қаза тауып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанында жерленуі жатады…(10-11 беттер).
…Сайрамды бағындыру — жоңғарларға тікелей Түркістанға қарай жол ашар еді. Мұны басқалармен бірге Тілеу батыр да жақсы түсінеді… Кіші Жүздің 17 мың әскеріне қолбасшы болып, ол Сайрамды қорғауға аттанады. Батырмен бірге ұлдарының бірі Жолдыаяқ батыр да осы соғысқа қатынасады…
Сайрам түбінде жоңғарлар қатты қарсылықтарға тап болады… Ауыр ұрыстардың бірінде Тілеу батыр және ұлы Жолдыаяқ батыр қаза табады…
…Сайрам түбіндегі ұрыстарда қазақ елінің болашағы шешіледі. Тілеу батырдың қазақ тарихындағы орны мен рөлін осыдан көреміз.
…Ел үшін, жер үшін жанын пида еткен қолбасшы әрі мемлекет қайраткері Тілеу батырдың денесі Яссауи кесенесі жанына жерленеді. Ұлы Жолдыаяқ батырдың денесі де әкесімен қатар қойылады. Осындай белгілі тұлғаның Түркістанда жерленуінің өзін заңдылық деуге болады. Біріншіден, Тілеу батыр секілді Отаны үшін жанын берген мемлекет қайраткері әрі қолбасшының қайда жерленетінін Тәуке хан анықтаған деуге толық негіз бар. Белгілі ірі тұлғалардың астанада жерленуі орталықтың, орталық биліктің маңызын арттырары анық.
Екіншіден, Қазақ елінің қай аймағының өкілі болмасын Түркістанда жерленуі арқылы сол аймақтың орталықпен байланысын рухани тұрғыда байланыстырып, жалғастырып тұрады. Үшіншіден, Тілеу батырдың Түркістанда жерленуі — батырға деген құрмет, басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Өйткені халқын сүйіп, еліне, жеріне адал қызмет еткен, Отан үшін жанын берген азаматтың өзі өлсе де, аруағы ардақталып отыратындығын көреміз (12,13,14-бет).
Үзінді жасаған Кемейдұлла ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ.



