Құқық

Нотариустар: табыс пен талап

Жуырда Парламентте талқыға салынған «Нотариаттық туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың үлкен дау-дамай тудырғандығы белгілі. Депутаттар аталған өзгерістердегі нотариаттық төлемдерді біркелкілендіруге байланысты көптеген сын-ескертпелерін айтты. Бағадағы берекетсіздікті біреулер халық үшін үшін қолайлы дегенді айтса, енді бірқатары тұрғындардың қалтасын қағудың жаңа тәсіліне кейістік білдірді.

Біз өз тарапымыздан нотариустарға қатысты мәселелерді білмек ниетпен, облыстық нотариалдық палата төрағасы Әлмұрат Дербісалиновке жолыққанбыз. Сонымен…

– Арнайы заңға енгізілмекші болған өзгерістерде мемлекеттік және жеке нотариустардың қызмет бағасы ақысындағы айырмашылық айтылған еді. Мысалы, мемлекеттен қаржыландырылатын мемлекеттік нотариустардың әлеуметтік жағдайының нашарлығы көрсетілген екен. Осы айтылып отырған мәселе рас па?

– Шындығында, мемлекеттік және жеке нотариустардың қызмет ақысының көлемі тең. Алайда ақылы сипаттағы қызмет пен техникалық-құқықтық жағынан жеке нотариустар ақы алады. Мемлекеттік нотариустар қазір азайды және біздің облысымызда бірде-біреуі жоқ. Жалпы, еліміз бойынша заманында тек он шақты ғана мемлекеттік нотариус қана болды. Сондықтан да жеке және мемлекеттік нотариустар мәселесін көтеру ақылға қонымсыз. Өйткені тұрғындардың барлығы жеке нотариустардың қызметіне жүгініп отыр. Еліміздің батыс аймағында мемлекеттік нотариус мүлдем жоқ. Мысалы, Алматы мен Астана сияқты бас қалаларымызда ресми құжаттарды куәландыру үшін үш-төрт мемлекеттік нотариустан бар шығар. Оның үстіне, осы мемлекеттік салада ұзақ жыл тер төгіп, бұрынғы қалпын қимай, зейнеткерлікке шыққанша осы істі кәсіп етуге мүдделі бірді-екілі ақсақалдарымыз да болуы мүмкін. Сол себепті де олар Салық кодексінің аясында ғана ақы алады. Баға бірдей болғанымен, ақыл-кеңес беру, құжаттардың жобасы жасалатын болса, мемлекеттен жалақы алып отырған маман қосымша ақыға жоламайды. Ал жеке нотариустар жалпы жиналыста белгілі бір бағаны белгілейді. Демек, облыс көлеміндегі жеке нотариустардың қызмет ақысы бірдей деуге негіз бар.

Мысалы, азаматтардың қолының түпнұсқалығын бекіту жеке және мемлекеттік нотариустарда – 39 теңгеден. Ал мәтінін өзіміз құрастырсақ, бұл сомаға үстеме қосылады. Өйткені жалпы көпшілік құжат толтырудың үлгісін білмегендіктен, біздің көмегімізге жүгінеді. Мысалы, пәтерді сату-сатып алу шартының міндетін, ақы төлейтін мерзімі, кикілжіңдер туындағанда айтылар соңғы сөзді айтатын органды белгілеу жағынан бұқара хабарсыз ғой. Мемлекеттік нотариустардың жалақысы төмен болғандықтан, барлығы жекеге кетті. 30 мың теңгеге бейнетті жұмысты атқару қайдан оңай болсын? Ал біз бюджетке салық төлеп отырмыз. Депутаттардың алаңдаушылығы маған түсінікті. Өйткені ел көлемінде жеке нотариустардың қызмет ақысы әркелкі. Біз 2006 жылы жалпы жиналыста соңғы болып тарифтерді бекіттік. Оған дейін ақылы қызмет мүлдем болған емес. Барлық облыстар бекіткеннен кейін ғана бұл істі қолға алдық.

– Қазір қандай да болмасын құжатты куәландыратын жағдайға жеттік. Тіпті, мемлекеттің әлеуметтік жәрдемін алу үшін де құжаттардың көшірмесін куәландыру қажет. Осындайда сенімдірек деген түсінікпен елдің мемлекеттік нотариустарды іздейтін кезі бола ма? Жеке нотариустарға сенім қалыптасып болды ма?

– Мәселе – мынада. Жеке нотариустар Әділет министрлігіне емтихан тапсырады. Олардың біліктілігін қадағалауда, бақылауда судьяларға қойылатын талаптардан айырмасы аз. Күні кешеге дейін нотариустар, адвокаттар, судьялардың емтихандары бір болды. Жақында ғана судьялар бөлініп шықты. Емтихандар бірдей болды әрі компьютер арқылы сынақ алынатындықтан, қылтың-сылтыңға жол берілмейді. Тиісті сауалдардан 65 ұпай жинағандары келесі кезеңге өтеді. Одан кейінгі әңгімелесу кезінде де сұрақты қарша боратады. Сонан соң ғана біліктілік комиссиясының шешімі шығады. Сонымен қатар тек нотариустар ғана арнайы байқауға қатысады. Бір жыл сынақ мерзімінен де өтетін – нотариустар. Мысал үшін айтар болсақ, адвокаттардың сынақ мерзімі 3-4 ай болса, судьяларда алты ай ғана. Бір жылдан соң ғана арнайы тексерілгеннен кейін есепке алады. Осы шаралар атқарылған соң ғана арнайы лицензия беру үшін құжаттар қабылданады. Сонан соң ғана бос қызмет орны болмағандықтан, арнайы конкурсқа қатысады. Мәселен, бір орынға 30-40 адамның таласуы да мүмкін. Білімі, еңбек өтілі мұқият тексерілген нотариусқа қалайша сенбеске? Ешкімнің ойына шек келтіре алмаспын. Психологиялық сенбеушіліктің де болуын жоққа шығармаймын. Сенбеген адамды мәжбүрлеуге де құқымыз жоқ. Қайталап айтайын, 30 мың теңге жалақы үшін мемлекеттік нотариустық қызметтен көбі қашқақтайды.

– Сіз осы саланың басы-қасында жүрген адамдардың бірісіз. Осы жеке нотариустардың табысы күнкөрістеріне жете ме?

– Жетеді. Өйткені біз кәсіпкерлер сияқты еңбек етеміз ғой. Бірақ заң бойынша кәсіпкер емеспіз. Көбіне ұсақ жұмыстар арқылы пайда табамыз. Пайда күнделікті шағын жұмыстардан құралып отыр. Күнделікті азық-түлік дүкендерінде нан сататындармен бірдейміз.

– Біліктілік талаптарына байланысты сынақтар бойынша нотариустарға ерекше талап қойылатындығын білдік. Бірақ адам мен мәселенің тағдырын шешуге байланысты жұмыстарыңыз жеңілірек сияқты. Осындай қиындықтарға қарамастан нотариус болуға құмарлар саны көп пе? Мысалы, Ырғыз ауданында ұзақ уақыт бойына нотариус табылмай келді емес пе?

– Нотариус болғысы келетіндер қашан да көп. Мәселен, қазір облыста лицензиясы бар отыз адамдай бос жүр. Бұлар – ақтөбеліктер. Сонымен қатар басқа облыстардан келуге құмартып отырғандардың қарасы мол. Мысалы, былтыр облысымызға екі нотариус сырттан келді. Олардың өзі аудандарда жұмыс жасап жатыр. Жергілікті заңгерлердің аудан орталықтарына барғылары жоқ. Ал былтырғы екеудің бірі Астанадан, енді бірі Қостанай қалаларынан келді. Ал Ырғыз ауданына келер болсақ, онда ертеректе бір нотариус кеткелі адам табылмай келгені рас. Тек былтыр ғана бұрын сот орындарында қызмет жасаған бір нотариус жұмыс жасауға келісті. Лицензиясын алып, табысты еңбек етіп жатыр. Оның рұқсатын алып, құжаттарын жинауды жеделдеттік. Жақында алғашқы тексеруінен ойдағыдай өтті. Кеңсесін де реттеп алды.

– Нотариустардың саны қалай реттеледі? Неге бос жұмыс орны жоқ?

– Кеше ғана Парламент қабырғасында талқыланып жатқан өзгертулер мен толықтырулар тек бір ғана мәселені шешеді. Мысалы, біркелкі тариф бізге де қолайлы. Халық үшін де жаман емес. Менің ойымша, ел көлемінде ортақ тариф болуы тиіс. Себебі бізді шылқыған бай немесе артық ақшасы мол деген түсінік болмауы қажет. Мысалы, жалпы жиналыстарда бағаны ұдайы реттеп отырамыз. Артық ақша алғандығын дәлелдесек, кез келген нотариусқа қайтартамыз. Болмаса жауапкершілікке тартылады. Бетімен кетікісі келгендер де болғанымен, уақытында тәртіпке салдық. Заң бойынша өзіндік тариф қоюға мүмкіндігі болғанымен, жалпы жиналыстың шешімін де сыйлау қажет. Біздің ішкі мәселемізден тұрғындар зардап шекпеуі тиіс. Бұл ортақ беделімізге кесірін тигізеді. Егер заң жобасы бойынша ортақ тариф болса, алып қашпа әңгімелерден құтылар едік.

Нотариаттыққа жалпы жүйелі түрдегі көзқарас қажет. Заң бойынша халықаралық талаптар негізінде 16 мың тұрғынға бір нотариус керек. Ең болмаса Ресейдегідей 20 мың тұрғынға бір нотариус болғаны дұрыс. Көршілеріміз – Халықаралық латын нотариатының мүшесі. Отандық әріптестеріміз мөрлерінде Елтаңба бейнесі болмағандықтан, ол одаққа кіргізілмей отыр. Егер ол бейне болса, нотариустар мемлекет атынан сөйлейтін дәрежеге жетер еді. 1997 жылдан бері Парламенттегі және басқа да құзырлы орындардағы жиналыстарға қатысып келеміз. Онда мемлекеттік нышандар туралы заңнамаларға өзгеріс енгізуді де ұсындық. Елтаңба бейнесі болмаса, бізді Халықаралық латын нотариаты одағына кіргізбейді.

– Одан не ұтар едік?

– Ол еліміздің халықаралық беделіне пайда әкелер еді. Біз 12 жылдан бері осы ұйымға кіре алмай отырмыз. Тіпті, бізден әлсіздеу Молдавия да кіріп үлгерді. Былай қарағанда, олардың нотариалдық қызмет сапасы әлдеқайда төмен. Мысалы, біз құқықтық құжаттарды өзіміз реттейміз, Жоғарғы сотқа дейін жететін құжаттарды рәсімдейміз. Тіпті, әдістемелік құрал да шығардық. Біліміміз бен біліктілігіміз судьялардан да кем емес. Нотариустардың санына келер болсақ, Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны қазір 400 мыңдық белестен асты. Тиісінше 20 нотариус болуы керек болса, бізде 59 нотариус бар. Үш есеге көп. Шындығына келсек, санымыздың көптігі табысымызға кері әсер етіп отырған жоқ. Пайда біреуге аз, біреуге молырақ болар. 20 нотариус болғанның өзінде миллионер болып кетпейтініміз анық. Маман лицензия алғаннан соң, ешқандай шектеусіз жұмыс жасауға құқылы. Адвокаттар сияқты санымыз көп болса, мықтылар суырылып шығады. Оңды-солды мөрді баса беретін болсақ, қылмысқа жағдай туғызатындай көрінеміз.

Өмірде қылмыстық әлемнің серкелеріне дейін күшті қорғаушыларды таңдайды. Сондайлар қорқытып-үркітіп немесе бопсалау арқылы мөр қойғызады деген жағымсыз түсінік бар. Сондықтан да шектеулер көп.

– Бұл іспен республикалық палата айналыспады ма?

– Соңғы үш жылда республикалық палатамен байланысты үздік. Енді олар бізді осы заң арқылы күштеп кіргізбекші. Республикалық палатаның қатарында болуымызды осындай жолмен міндеттемек. Олар біз көтерген мәселелерді шешуге талпынған да жоқ. Палатаның бұрынғы басшысы қызметінен алынып тасталғандықтан, соған наразылық ретінде республикалық ұйымнан шығып кеткенбіз.

Қазіргі басшы екі жарым жылдан бері шөптің басын сындырған жоқ. Бізге құқымызды қорғайтын бұрынғы басшымыздай адам қажет. Мысалы, оларға жыл сайын төлейтін жарнамызды өз кәдемізге жаратып, бірталай шаруа тындырдық. Кеңсе алуға жұмсаған несиемізді төледік, жөндеу жүргіздік. Мен іскер адам болғандықтан, өткір мәселелерді көтеріп жүретіндігім басшыларға да жақпады.

– Қызмет сапасы туралы бірталай айтылған сияқты. Ал сол нотариустардың проблемасы бар ма?

– Біздің қиындықтарымыздың барлығы оң шешімін тапқан. Салық кодексіне байланысты қайшылықтардан өттік. Кассалық аппаратқа байланысты азғантай кикілжіңдердің болғаны рас. Біз тарапымыздан қосымша құн салығынан құтылдық. Табыс салығы да 10 пайызға дейін төмендетілді. Бұның барлығы – үлкен еңбектің жемісі.

Біздің палата аудандардағы нотариустардың жұмысын қадағалап отыр. Бүгінге дейін артық ақша алуға байланысты шағымдарды қарап, халықтың пайдасына шештік. Ауылдық жерлерде қызмет ақысы төмен әрі ірі-ірі келісімдер де көп жасала бермейді.

Қаладағы 59 нотариустың барлығы пайдаға белшесінен батып жатқан жоқ. Ол ұзақ жылғы тәжірибе мен еңбектің нәтижесінде болады.

– Жерлестеріміз нотариустарға негізінен қандай мәселелермен келеді?

– Көбісі – құжаттардың көшірмелерін куәландыру. Негізінен мектептердің сұратпайтын құжаты жоқ. Кеңес заманында мектепке берілетін құжаттарға нотариустардың қажет шамалы болатын. Мысалы, мектеп директорының мөрі бар емес пе? Құжаттың түпнұсқасын қарап, мөрін басып берсе жетпей ме? Жай ғана куәліктің көшірмесін куәландыру бізде – 128 теңге. Бірақ оның өзі ақша емес пе? Біз кезінде әскери комиссариат, мектеп, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінен құжат әкелгендерді қабылдамай да көрдік. Бірақ біз кінәлі болып қала жаздадық. Осындай сансыз құжатты куәландыруды сұрайды.  Бұл мәселе Ақтөбеде емес, Астанада шешілуі тиіс. Ксерокөшірме үшін он теңгенің орнына мектептер тұрғындарды бізге жіберіп, 128 теңге көлемінде шығынға батырады. Сонда директор өз оқушысын танымаса, кім кінәлі? Ал алдын ала сақтанатын банктердің жөні басқа.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button