Тарих

Еліне тірек болған Тілеу батыр

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде былай дейді: «Адамзат тарихында бұрын болып көрмеген идеологиялық машина жетпіс жыл бойы ұлттық рухани тіректерді күл-талқан қылып қиратып, оның руханиятын кесіп-пісіп шұнтитты да, ортақ бір қалыпқа салып, шегендеді».

Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылы егемендікке қол жеткіздік. Содан бері жиырма үш жыл уақытты еңсердік. Жетпіс жыл үстемдік еткен Кеңес Одағы ыдырап, егеменді ел болғанымыз зор мақтаныш. Бұл — қазақ халқының ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық күресінің жемісі. Егемендік — асыл да ардақты, баға жетпес қасиетті ұғым.

Елбасы осыдан үш жылдай бұрын тарих туралы былай деді: «Патриот болу — өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өз тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей, нағыз патриот бола алмайсың».

ХХ ғасырдың көрнекті ойшылы  А. Тоинбидің: «Өткен шақ өлмейді, ол әлі тірі және осы шақта өмір сүріп жатыр» деген тұжырымынан біз өз тарихынан келелі сабақ алған ұлттардың ғана өміршең болмағын ұғынамыз.Сондықтанда тәуелсіздігімізді мәңгілік ету бағытында тарихымызды дұрыс қалыптастырып, ұмыт болған жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың  аяулы есімдерін қайта тірілтіп, олардың жарқын істерін халыққа дұрыс насихаттай білуіміз керек.

Сондай жайсаңдарымыздың бірі, Сайрам соғысының батыры, әлі де тарихта өз орнын толық ала алмай келе жатқан Тілеу Айтұлы туралы айтпақпыз.

Айтпағымыз — Тілеу Айтұлы кім еді?

Тілеу Айтұлы — аты ерлігімен тарихта қалған және өзінің билігімен ерекшеленген тұлға. 1680 жылы Түркістанда қазақтың игі жайсаңдары Салқам Жәңгірдің бел баласы әз Тәукені хан сайлағанда Тілеу де қатысып, сөз алған би әрі батыр. Күлтөбеде өзінің пікірін, ойын білдірген белгілі ер, Сайрам шайқасының сардары, Тілеу батыр Айтұлының тарихтағы орны жөнінде 2001 жылы шыққан «Ақтөбе» энциклопедиясында былай деп жазылған: «Айтұлы Тілеу — белгілі би, әрі батыр қолбасшы. Мыңдаған санды ел Тілеу есімімен аталады. Алаш жұртына әйгілі Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде әз Тәукені хан сайлауға, Сұпы Әжіні пір сайлауға қатысып, ұсыныс жасап сөйлеген… 1681-1684 жылдары қазақ тағдыры талқыға түскен Сайрам соғысына 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп, бастап барып қатысқан Сардар және сол соғыстың даңқты қаһарманы. 1684 жылы  Сайрам қаласын қорғаудағы шешуі ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ батыр да опат болған. Екеуінің де сүйегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы».

«Ақтөбе» энциклопедиясында жазылғандай, Тілеу батыр Сайрам соғысының хас батырларының бірі болған. Ал Сайрам шайқасы не шайқас?

Сайрам — қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында болған қала. Тәукенің таққа отырғанына бір жыл болғанда, яғни 1681 тауық жылы қалмақтың даңқты ханы Ғалдан-Бошықты қазақ жеріне басып кіреді. Жетісу өңірін тегіс алады. Тәуке тегеурінді қарсылық көрсете алмайды, себебі қалмақтар соғыс өнерінде көп ілгері кетіп, от-қару мылтықпен қаруланған еді. Ғалдан-Бошықты жолындағының бәрін жайпап, Шудан, Таластан асып, Арысқа жетіп, қазақтың қалың ортасына кіреді. Сайрам қаласына келіп маңдай тірейді. Бұдан әрі қазақ Ордасының астанасы —Түркістанды алуды жоспарлайды.

Көреген саясаткер, ақылы мен батырлығы тең қолбасы, атадан асып туған Тілеу ежелгі Тұранның бесігі мен есігі атанған түркі дүниесінің  тәжі, қасиетті де киелі Түркістаннан айрылсақ, келе жатқан түнектің ақыры немен тынарын бірден сезеді. Осы Сайрам соғысына біздің батыс аймақтан әрісі Маңғыстау, берісі Бершүгір, Ұлы Борсық,  Арал өңірі, Сағыз-Жем, Темір өзендерін жайлаған қалың елден шамамен он жеті мыңға жуық қол жинап, Түркістанға аттанады. Әз Тәуке ханның алдынан өткен соң, соғысқа келіп кіреді.

Ол заманда он жеті мың сарбаз өте көп күш болатын, тыңнан қосылған мол қол қазақ жауынгерлерінің рухын көтерді. Сайрам түбіндегі үш жылға созылған текетірес соғыста шебер қолбасы Тілеудің абыройы артып, атақ-даңқы жауына үрей тудырды.

Үш жылға созылған Сайрам соғысының соңғы 1684 жылының жазында адамның сұңқары атанған Тілеу батыр қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін қан майданда ат үстінде шейіт болады. Ол заманда елдің азаттығы үшін ат үстінде шейіт болу — ер мұраты.

Ұлтының азаттығы мен бостандығы, болашағы үшін жанын қиған жаужүрек ұл, дана қолбасы Тілеу Айтұлы әскербасылары мен сарбаздардың ұйғаруы бойынша  Тәуекел баһадүр хан, Салқам Жәңгір, Есім, Тәуке, Абылай хандар, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ  Жәнібек батырлар жатқан қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленеді.Бұл Тілеу батырдың қазақтың біртуар ұлы екенін дәлелдейді.

Сайрам соғысының ел тарихындағы мәні зор. Жоңғарлар жеңіске жеткен жағдайда тарих сахнасынан қазақ халқының жойылып кетуі кәдік еді.

2000 жылы әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқ батырлар күндері өздері жерленген Түркістанда атап өтіліп, осы қаланың бір көшесіне есімдері берілді. Бұл күндер Түркістан қаласының 1500 жылдың мерейтойына сәйкес келді. Түркістандағы Қазақ-Түрік университетінің сол кездегі ректоры, қазіргі күндері Қазақстан Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов: «Қалмақтар Жетісудан бастап көзіне көрінгенді қырып-жоя  отырып, Сайрам қаласына тірелді. Осы тұста қазақ даласының батысынан он жеті мың қол бастап келген Тілеу бабамыз сіз-біз деп бөлінбей, елдің болашағы үшін соғыста шейіт болды. Егер осы бабаларымыз болмаса, олар елді қасық қанын аямай қорғамаса, қазақ халқының болашағы не болар еді?…

Тілеу батыр осы уақытқа дейін қалай дұрыс бағасын алмай келген?

Қазақ хандығының алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі Ұлы шайқаста ерлік көрсетіп, қаза болған қазақтың ең бірінші батыры кім дегенде, мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім. Өйткені қалмақтардың қолында Сайрам кетсе, Түркістан кетсе, қазақ елі не болар еді?  Иранға, парсы еліне сіңіп кетер ме еді? Қазақтың жеке-дара хандық құрып, халық болып отыруына ерліктің, елдіктің туы көкке көтеріліп, жеңіске жетуіне, ұрпақтардың бүгінгі күнге аман жетуіне Тілеу атамыздың қосқан жанкешті ерлігі орасан, Қазақ елін қорғау үшін өмірін құрбан еткен бабалардың ерлігін әділдікпен бағалай білейік», — деді.

Кейінірек «Ақтөбе» газетінде еліміздің ардақты азаматы Мұрат Жұрынов: «Мен Тілеу батыр Айтұлының Сайрам соғысындағы жанқиярлық ерлігі жөнінде толық хабардармын. Сондықтан ҚР ҰҒА ғалымдарының атынан Ақтөбе қаласында Шекті Тілеу батыр Айтұлына ескерткіш орнатылса — өте орынды, ұрпақ тәрбиесіне маңызды, өзгелерге үлгі болар еді деген өтінішімізді облыс басшылығына жеткізгіміз келеді», — деді.

Тілеу батыр Айтұлы туралы қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Егемен Қазақстан» газетінде жан-жақты зерттеу негізінде, кең көлемде, үлкен мақала жазды. Өзінің бір сұхбатында М. Жолдасбеков: «Менің қанша ойлансам да мүмкіндігін дәл тауып айта алмай таң қалатыным: сол Тілеу бабамыздың қазіргі замандағыдай ешбір мүмкіндігі болмаса да, қазақтың ұшы-қиыры жоқ ен даласынан он жеті мың қол жинауы, өміріне қауіпті болса да, оларды екі мың бес жүз шақырымдай қашықтықта жатқан Сайрамға апарып, үш жыл бойы соғысуы, орналастыруы, тұрмыстық жағдай жасауы, сарбаздардың бәрін соған көндіруі, қалай ұйымдастырып, басқарғаны? Хабар мен сәлем арқылы айтқанын мүлтіксіз орындату үшін Тілеу бабамыздың абырой-беделінің, халықты тыңдататын сыйластығы мен құдіретінің деңгейі қандай болу керек деген ойға қалам да, бұл Жаратушымыздың Тілеу деген пендесіне берген ерекше сыйы, қасиеті болар деймін. Сол жағдайларды ескерсек, Тілеу батыр Айтұлына ескерткішті тек Ақтөбеде ғана орнату аз. Тілеу батыр қазақ хандығын қорғау үшін Сайрамға барып, үш жыл соғысып, сонда өзі де, баласы Жолдыаяқ та ерлікпен қаза тапты ғой.  Сондықтан Тілеу батырға ескерткішті  Ақтөбеде ғана емес, Сайрам қаласында да орнату керек», — деген еді.

Міне, осы арада осындай ұсыныстардың Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде қолдау тауып, Тілеу батыр Айтұлының есімін мәңгілікке есте қалдыру үшін Сайрам қаласында оған ескерткіш орнату және қаланың бір көрнекті жердегі көшесіне батырдың есімін беру шаралары қолға алына бастағанын айта кету абзал болар еді. Сондай-ақ осы шаралардың аясында Түркістанда Тілеу батыр туралы деректі фильм түсіру жұмыстары қолға алынды.

Бабалардың ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, төбемізде тәуелсіздіктің көк туы желбіреп тұрған кезде, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп жатырмыз.

Сайрам соғысының батыры Тілеу Айтұлының шейіт болғанына  биыл 330 жыл толып отыр. Ал келер жылы туғанына 385 жыл толады. Қолға қалам алудағы себебім —батырды туған жерінде өз дәрежесінде ұлықтап, жоғарыдағы ағалардың қозғау салған пікірлеріне қосыла отырып, өзімнің  үш ойымды білдіре кетуді жөн санадым.

Біріншіден, осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы Селиверстов көшесі Тілеу батыр Айтұлы атындағы көше болып өзгертілді. Осы көше бір жерде екі жағынан Әбілқайыр және Жеңіс  даңғылдарымен қиылысады.  Осы қиылыстың Жеңіс даңғылы жақ бетінде су бұрқақ орналасқан демалыс орны — шағын гүлзар алаңы бар. Осы алаңға Тілеу Айтұлының  ат үстінде тұрған ескерткішін орнатса деген ойымызды білдіру.

Елордамыз Астанада Керей мен Жәнібек хандарға арналған еңселі ескерткіштің ашылу салтанатында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Кешегімізге көрсетілген құрмет — келешегіміздің жарқын болуына жол ашады. Сондықтан өскелең ұрпақ өткенін танып, болашағын бағамдау үшін мұндай ескерткіштер  қажет», — деп ерекше атап өткен болатын.

Екіншіден, батырдың есімі елді мекенге де берілсе екен деген пікірімді білдіремін. Шалқар ауданында теміржол бойында Қотыртас атты станция бар. Атауы талас тудыратындай ешқандай тарихи маңызы жоқ елді мекен. Бұл бекеттің бұрынғы тарихи атауы Қарағанды станциясы болып атанған. Қарағанды деп аталуының себебі, ауыл маңында өсетін қараған атты шөптесін ағаштың көп болуынан негіз алады. Қарағанды станциясы болып, Ұлы Отан соғысына дейін аталған. Сол қиын-қыстау кезеңде көбісі майданға аттанған шақта, елде сауатсыздық белең алып, екі Қарағандының пошталары мен жүктері ауысып кете берген. Соған байланысты Шалқар ауданындағы Қарағанды станциясы үкімет қаулысымен Қотыртас станциясы болып өзгертілген.  Енді, міне, сол Қотыртас станциясын Тілеу батыр Айтұлы станциясы деп өзгертетін уақыт келген сияқты. Мұндай өзгерісті аудан жұртшылығы ризашылықпен қарсы алады деген ойдамын.

Ал үшіншіден, Шалқар қаласының көрікті бір орталық көшесіне Тілеу Айтұлы атын берсе деген бір тілек.

Жоғарыдағы айтылғандай Шекті Тілеу батыр Айтұлына ескерткіш орнатып, елді мекенге және көшеге атын беру — тарих алдындағы парызымыз және де өскелең ұрпақтың міндеті деп білемін.

…Біз, яғни бүгінгі буын тарих алдындағы тазалығымызды көрсете білсек, келер ұрпақ оны лайықты қабылдап, әрі қарай жалғастырып әкетер еді. Осындай игілікті істер арқылы Тәуелсіздігіміздің туын биіктете түсеріміз анық.

 

Болатбай МУЗЕЕВ,

                                                              Шекті Тілеу батыр Айтұлы атындағы

қоғамдық қордың мүшесі,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button