Білім

Биыл 16 мың бала мектепке барады

Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Облыстағы 430 білім шаңырағы маусымның 1-інен бастап 1-сыныпқа баратын балалардың ата-аналарынан өтініштер қабылдап жатыр. Өтініштерді қабылдау тамыздың 30-ында аяқталады.   

Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, облыста мектеп жасындағы балалардың саны 16 мыңнан асады. Сол себепті, 1-сынып оқушыларын қабылдау үшін 750 сынып-комплект ашу жоспарланып отыр. Оның көпшілігі, яғни 285-і Ақтөбе қаласына қарасты 72 мектеп үшін ашылады екен.

Облыс орталығындағы кейбір мектептерде орын тапшы. Сондықтан да  балаларын қалаған мектептеріне бере алмай жүрген ата-аналар аз емес. Олар  таңдаған мектептерінде құжат қабылдаудың қиындығын айтады.

Біз осы мәселе жөнінде және жалпы облыс мектептеріне 1-сыныпқа оқушыларды қабылдаудың жұмыс жоспары туралы құзырлы мекемелердің өкілдерімен тілдескен едік. Сонымен…

 

 

1-сыныпқа қабылдау қиын ба?

 

Біз осы сауалды облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековаға қойдық. Оның берген уәжі:

Ата Заңымыздың 30-бабында «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілетіні, орта білім алу міндетті» екені жазылған. Сондықтан кез келген бала үшін мектептердің есігі ашық.

2012 жылы 19 қаңтарда ел Үкіметінің №127 Қаулысы шықты. Балаларды 1-сыныпқа қабылдарда осы құжатты басшылыққа аламыз. Қаулыда бастауыш білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі көрсетілген. Соған сәйкес, бастауыш білім беру мекемелері,  даярлық деңгейіне қарамастан, 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарындағы алты (жеті) жасқа толған барлық балалардың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, алдымен мектептің аумағындағы балаларды қабылдаймыз. Өйткені, бұдан бірнеше жыл бұрын өзіне тиесілі аумақтағы мектепте бала саны толық болғандығына байланысты балаларын бере алмай қиналған ата-аналар да болды. Қаулы осы олқылықтың болмауына сеп.

Дегенмен, мәселенің екінші жағы бар. «Білім туралы» Заңның 49-бабының 1-тармағында  «Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерiнiң баланың тiлегiн, жеке бейiмдiлiгi мен ерекшелiктерiн ескере отырып бiлiм беру ұйымын таңдауға құқығы бар» деп жазылған. Бұл туралы Г.Құлыбекқызы былай дейді:

Заңдылықтардың арасында қайшылықтар бар екені рас… Бұл мәселеде мектеп директорлары кінәлі емес.  Заң талабы — бәрімізге ортақ. Баласын қай мектепке берсе де ата-ананың еркіндегі шаруа. Дегенмен, мектепке ең алдымен сол аумақтағы балалар қабылданады. Бос орын болса, басқа аумақтың да балалары қабылданады. Ата-анасының қалаған мектебі болмаса да, бала далада қалмайды. Қандай жағдайда да мектеппен қамтылады.

Айта кету керек, бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихандар, тестілеулер, сынақтар, конкурстар болмайды. Өткен жылдары кейбір мектептерде мұндай да жағдайлар болып, ата-аналардың наразылығын туғызғаны бар.

 

Бала көп. орын тапшы

 

Ақтөбе қаласында бала саны көп. Әсіресе соңғы екі жылда жалпы оқушылардың өсімі артып отыр.

Мысалы, 2012-2013 оқу жылында облыс мектептерінде 114 036 бала білім алса, өткен оқу жылындағы оқушылардың саны — 115 424. Биылғы оқу жылында 119 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарланып отыр. Ақтөбе қаласында тұратын азаматтардың баласын өз үйінің маңындағы мектептен басқа мектепке беруде қиындықтарға тап болуының басты себебі — осы, бала санының көптігі.

Мектепте орын тапшылығына байланысты жаңадан ашылған мектептер де аз емес. Салынып жатқан мектептер де жетерлік. Мысалы, биыл облыста 17 білім беру мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның 12-сі — мектеп, — дейді бөлім басшысы.

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін маусымның 1-інен бастап ата-аналардан өтініштер қабылданып жатыр. Шілденің 28-і күнгі дерек бойынша 14 108 ата-ана өтініш тапсырған. Оның 7140-ы — Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Облыс бойынша 1-сыныпқа 750 сынып-комплект ашылады. Ақтөбе қаласына қарасты 72 мектеп бар. Сол мектептерге 1-сынып оқушыларын қабылдау үшін 285 сынып-комплект ашу жоспарланып отыр. 

Өткен оқу жылында облыс бойынша 13 971 бала 1-сыныпқа қабылданған болатын. Биылғы оқу жылында да мектеп табалдырығын аттайтын бала аз емес. Жалпы облыста мектеп жасындағы 16 мыңнан астам бала бар.

Өткен оқу жылында орын тығыздығы, әсіресе, №23 мектеп-лицейде болды. Бұл мектепте 224 бала 1-сыныпқа қабылданып, 8 сынып-комплект ашылды. Сонымен қатар 220 бала №40 орта мектептің табалдырығын аттады.  Аталған білім шаңырағында да 8 сынып-комплект ашылды. №27, №35 және №53 мектептерде 7 сынып-комплектіден болды. Бала санының тығыздығы №2, №5, №6, №8, №9, №13, №17, №21 мектептерде де болды. Бұл білім беру мекемелерінің барлығында 1-сынып 6 сынып-комплектіден ашылды, — дейді Г.Құлыбекова. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласындағы көп мектеп жобалық қуаттылығынан артық бала қабылдап отыр. Мысалы, өткен оқу жылында 610 оқушыға арналған №5 мектепте 1154 бала оқыған. Сыйымдылығы 960 орындық №2 мектепте 300 оқушы артық қабылданыпты. №8, №9 мектептердегі де жағдай осындай.

 

Жалған «прописка»

 

Гүлнұр ЖҮСІП, ата-ана:

— Баламды өзіме апарып, әкелуге ыңғайлы мектепке оқуға бергім келіп еді. Дегенмен, «аумағың сәйкес келмейді» деп құжат қабылдамады. 1-сыныпты бітірген ұлым сол мектепте оқиды. Қызымды да сол мектепке бергім келген. Енді екеуін екі мектептен әкелу қиынға соғатын болды. Баламды қалайда сол мектепке беру үшін сол мектептің маңындағы үйлерде тұратын адамдарға қызым екеумізді уақытша тіркеуге алуларын өтініп едім. Ешкім келіспеді.

Мектептегілер Үкіметтің қаулысындағы: «Білім беру ұйымдары қызмет көрсету аумақтарындағы алты (жеті) жасқа толған барлық балаларды бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етуі тиіс» дегенді алға тартады. Ал сонда  «Білім туралы» заңның талабы орындалмай ма? Аталған заңның 49-бабының 1-тармағында  ата-ананың білім беру ұйымын таңдау құқығы бар екені жазылған. Сонда заң мықты ма, қаулы ма? Неге бір-біріне қарама-қайшы? 

 

Бала саны ең көп мектеп

1-сынып: 8-сынып-комплект

 

Гүлнар НӘРІМБЕТОВА, Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-лицейдің директоры:

— Қаулығы сәйкес, алдымен мектептің маңындағы балалардың құжаттарын қабылдап жатырмыз. Бала өте көп.  Сол себепті, 8 сынып-комплект ашуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 6-сынып-комплектіге толатын бала қабылданды. Оның екеуі — қазақ, төртеуі — орыс сыныбы.

Бос орын болса, басқа аумақта тұратын балаларды да қабылдаймыз. Оларға бөлек тізім жасап жатырмыз. Олардың құжаттарын қабылдап алмағанмен, орын болса, кейін хабарласатынымызды айттық. Қазіргі күні мекенжайы біздің мектепке сәйкес келмейтін 6 бала тізімде тұр.

Балаларды мектепке шамадан тыс қабылдай алмауымыздың бір себебі — мектептің жобалық қуаттылығына да байланысты. Мысалы, біздің мектеп  1020 балаға арналған. Дегенмен, өткен оқу жылында 1433 бала оқыды.

 

Көпшіліктің баласын білім сапасы жоғары, үздік мектепке бергісі келетіні анық. Дегенмен, ондай білім шаңырақтары санаулы. «Ата-ана баласын 1-сыныпқа берерде аумағына сәйкес келетін мектепке бергені дұрыс. Өйткені, барлық мектептің 1-сынып оқушылары үшін оқу бағдарламасы ортақ. Мәселе, бастауышта білім берген мұғалімнің біліктілігінде, кәсіби шеберлігінде. Ал тереңдетіліп оқытылатын сыныптар, гимназия-сыныптары мектеп-гимназия, мектеп-лицейлерде негізінен 2-5-сыныптардан бастап ашылады. Оған балалар қабілетіне қарай іріктелінеді», — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button