Білім

Алдыңда толған кәсіп…

Алдыңда толған кәсіп…емлекеттік тапсырыс бойынша 4178 оқушы колледждерде тегін білім алады. Мұның ішінде  600 орын Үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыратын мамандар үшін бөлінген. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен бөлінген қаржы — 107 миллион 714 мың теңге. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс үшін  жергілікті бюджеттен де бөлінген қаржы көп.

Біз мемлекеттік тапсырыс негізінде кәсіптік білім беру туралы облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратовамен сөйлескен едік.   

 

 

Тегін оқыту. 4178 орын

 

Маусымның 25-і күні облыс әкімдігінің  «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарында мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы» қаулысы шықты.

— Соған сәйкес, Ақтөбе қаласындағы кәсіптік және техникалық мамандар даярлайтын білім мекемелері  3318, ал аудандардағы колледждер 860 оқушыны мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін  қабылдайды. Айта кету керек, 9-сыныптан кейін — 2771 орын, 11-сыныптан соң 1407 орын бөлінді, — дейді Жанат Бақытжанқызы. Оның айтуынша, биыл біздің облыста индустрияландыру нысандары үшін 600 маман даярланады. ҚР «Білім туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдары мен «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы мемлекеттік тапсырыс бойынша жастардың тегін білім алуына негіз болып отыр.

Облыс әкімдігінің қаулысы шықпастан бұрын, алдын ала қала, аудан әкімдеріне хат жіберіп, қажетті мамандықтар туралы білеміз. Сол бойынша қандай мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс берілетіндігі анықталады. Мысалы, Әйтеке би ауданына 75 маман қажет екен. Соған байланысты мемлекеттік тапсырыстың 50-і — газбен қамтамасыз ету мамандығы үшін бөлініп отыр. Сонымен бірг, бұл ауданға 25 трактор-машинист керек. Ал Ойылға қажет 50 маманның тең жартысы —  есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығының иелері, қалғаны — мал дәрігерлері, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

 

Жаңа үлгі:

түлектер жұмыспен қамтылады

 

Кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерге талапкерлерді қабылдаудағы бір ерекшелік, биылдан бастап мемлекеттік тапсырыстың жаңа үлгісі енгізілді. Үйлестіру кеңесінің отырысында техникалық және кәсіптік білім беру басшылары мен әлеуметтік серіктестер бірлесіп, облысқа қажетті мамандарды сарапқа салыпты. Бұл туралы Жанат Бақытжанқызы былай дейді:

Биылдан бастап қажетті мамандарды анықтауда әлеуметтік серіктестердің де сұранысы ескерілді. Себебі колледждердің әлеуметтік серіктестері өздеріне қажет мамандарды міндетті түрде жұмысқа қабылдайтындарына сендіріп отыр. Яғни мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған әр түлек жұмыспен қамтылатын болады.

Бірлескен талдау, жан-жақты талқылаудың нәтижесінде, 7 бағыт бойынша  мемлекеттік тапсырыс үлесі анықталды. Техникалық және технологиялық мамандықтарға басымдық беріліп отыр: 56,1 пайыз. Ауыл шаруашылығы саласының үлесі де аз емес — 19,8 пайыз. Медициналық мамандықтарға бөлінген мемлекеттік тапсырыстың үлесі — 7,3 пайыз. Ал білім беру саласының мамандарына қажеттілік — 6 пайыз. Сұраныстың 4,8 пайызы — экономика және қызмет көрсету саласы үшін бөлініпті. Тау-кен өнеркәсібінің үлесі — 4,2 пайыз, мәдениет саласына қажеттілік — 1,8 пайыз.

Облыста колледждер мен әлеуметтік серіктестер арасында әріптестік байланыс жақсы жолға қойылған.

Бір ғана мысал, облыстық әкімдік пен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы арасындағы қазақстандық мамандарды оқытуды қаржыландыру келісімі бойынша 2012 жылдан бері облыстағы 16 колледжде 16 мамандық бойынша мың оқушы оқып жатыр, — дейді Жанат Самұратова.

 

Жеңілдіктер кімге тиесілі?

 

Жанат Бақытжанқызы квота бойынша оқуға түсетін әлеуметтік топтың көптігін айтады:

2012 жылғы ақпанның 28-інде №264 «Техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасын белгілеу туралы» Үкіметтің қаулысы шыққан болатын.  Соған байланысты І, ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектерге 1 пайыз квота бөлінеді. Сонымен қатар, 0,5 пайыз  квота жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға, соғыс мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға да  тиесілі. Ал ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша білім алғысы келетін ауыл жастары үшін бөлінетін квотаның үлесі —  30 пайыз. Қазақстан Республикасы азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдары үшін 2 пайыз квота бөлінді. Жеңілдіктер жетім балалалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да (1 пайыз) бөлініп отыр.

Айта кету керек, 2012 жылдан бастап мемекеттік тапсырысты орналастыру конкурстық негізде жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты жыл сайын мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын жекеменшік колледждердің саны артуда. Жекеменшік оқу орындарына мемлекеттік тапсырысты бөлуде алдымен колледждің материалдық-техникалық базасының мықтылығы, әлеуметтік серіктестері және түлектерінің жұмысқа қабылдану көрсеткіші есепке алынады.

Жалпы біздің  облыста 123 мамандық бойынша маман даярлайтын  41 колледж бар. Онда 36 676 оқушы білім алып жүр. Олардың 12 682-сі (35 пайыз) мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жатыр.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Кедергісіз орта — әлеуметтік қорғаудың басты шарты

 

Мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамымыздың игілігін толыққанды деңгейде көруі тиіс. Бұл үшін олар ретіне қарай жұмысқа орналасып, жан-жақты қолдау-көмекті сезінуі қажет. Осы тұрғыда біздің облысымызда қандай шаралар жүзеге асырылуда.

Біздің сауалдарымызға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аман Жекеев жауап береді.

— Қоғамның көкейкесті мәселелерінің біріне айналып отырған осы жаймен кімдер шұғылданады?

— Мүгедектердің қызметін ұйымдастыру және оларға көмек көрсету үшін біздің облысымызда мүгедектердің сегіз қоғамдық бірлестіктері қызмет етеді. Олардың қатарында облыстық мүгедектер қоғамы, облыстық зағиптар қоғамы, облыстық мылқаулар қоғамы, сал ауруымен сырқаттанатын азаматтарды қорғау қоғамы, оқшауланған соғысқа қатысқан мүгедек жауынгерлер қоғамы, «Чернобыль құрбандары» қоғамы, мүгедек балаларды қорғау қоғамы бар. Бізде үйге әлеуметтік қызмет көрсетуді әлеуметтік көмек көрсететін 15 бөлімше жүзеге асырады, олар 1675 жалғызілікті және жеке өзі тұратын азаматтарды қамтиды, олардың ішінде 248 мүгедек және 501 мүгедек балалар орналасқан. Мәртөк ауданында 10 мүгедек балаға арнаулы әлеуметтік қызмет жасау үшін күндізгі бөлімше жұмыс істейді.

— Соңғы кездері «кедергісіз орта» сөз тіркесін жиі ести бастадық. Облысымызда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін нендей шаруалар тындырылды. Соған тоқталып өтсеңіз.

— Жалпы алғанда біздің еліміздегі мүгедектік орындық-арбаларды пайдаланушылар үшін кедергісіз орта мәселесі негізгі проблема болып отыр. Елбасымыз өзінің Жолдауында мүгедек жандарды қоғамға белсенді түрде кірістіруге жан-жақты ықпал ету және олар үшін кедергісіз орта құру туралы арнайы қадап тұрып айтты. Біз бұл арада мемлекеттік қызметтерді ғана пайдаланып қоймаймыз. Мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 16,5 млн. теңге қаржы қарастырылды. 2014 жылы бұл мақсатқа 27 млн. теңге бөлінді.

Тұрақты түрде өзге адамдардың күтімін және медициналық қызмет көрсетуді қажетсінетін жалғызбасты қарт адамдар мен мүгедектердің жекелеген тобының уақытша немесе тұрақты тұруы үшін облыста 2 мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекеме, 310 орындық жалпы типтегі Ақтөбе қарттар және мүгедектер интернат үйі, 360 орындық ересек мүгедектерге арналған психоневрологиялық интернат үйі жұмыс істейді.

Облыстың екі медициналық-әлеуметтік мекемесінде қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету бойынша бүгінгі күні 672 адам қамтылып отыр. Интернат үйлерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі толық көлемде жүзеге асырылуда. Екі интернатта да күрделі жөндеу жүргізілді, мұнда қоныстанушылардың жайлы тұруы үшін жақсы жағдайлар жасалған.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыс орны мен оқитын жерлеріне, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына жеткізу үшін көлік қызметі ұсынылады, оларға мүгедектерді тасымалдау үшін қажетті құрылымдармен жабдықталған үш инва-такси қызмет көрсетеді. Өткен жылы 3194 мүгедек осындай қызметтерді пайдаланды.

— Уақыт ілгері жылжыған сайын мүгедек жандарға жағдай жасау талабы жоғарылай түсуде. Осы тұрғыдан алғанда биылғы жылға қандай шаралар белгіленіп отыр?

— Биылғы жылға белгіленіп отырған жоспарлар бар екенін айтып өткім келеді. Мәселен, 2014 жылы мүгедек жандарды қосымша қолдау мақсатында Мүгедектер күніне орай 30 мың теңгеден әлеуметтік төлем жасау белгіленді. Былтыр мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық құралдармен, санаториялық-курорттық сауықтырумен және протездік-ортопедиялық қызметтермен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 231,4 млн. теңге бөлінген болатын. 2014 жылдың 1 қаңтарына есептегенде 4519 мүгедек қалпына келтірудің жеке бағдарламасына сәйкес әртүрлі қосалқы құралдармен, санаториялық-курорттық сауықтырумен және протездік-ортопедиялық бұйымдармен, гигиеналық заттармен қамтамасыз етілді, оларға жеке көмекші қызметтері көрсетілуде, құлағы тосаң жандарға ишаралау тілі мамандары көмектеседі.

— Біздің облысымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерінің азаматтық ұстанымдары тұрғысынан белсенділігі байқалады. Оларды жұмысқа орналастыру жайы қалай? Мұндай санаттағы адамдардың қаншасы «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасына қатыстырылуда?

— Облыс бойынша жұмыс істейтін мүгедек жандардың саны 1971 адамды құрайды. 2013 жылы 3 пайыздық квота бойынша 779 мүгедек адам жұмысқа орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға 452 адам жіберілді, әлеуметтік жұмыс орындарымен 76 мүгедек қамтылды, жастар практикасына 24 адам енді. 2014 жылдың бірінші тоқсанында 145 мүгедек жұмысқа орналастырылды.

2014 жылы 2288 мүгедекті жұмысқа орналастыру мәселесін шешу міндеті алда тұр. Олардың ішінде 9 адам бірінші топтағы мүгедектер.

Көзделген мақсатты жүзеге асыру үшін облыстың аумағында орналасқан кәсіпорындар мен ұйымдарда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру тұрғысынан 1830 бірліктегі жұмыс орындарын иелену қарастырылуда.  Мүгедектерді квота бойынша жұмысқа орналастырумен бірге «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша да шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша 26, екінші бағытпен 24, ал үшінші бағыт бойынша 408 адам жұмысқа орналаспақшы. Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу үшін Ақтөбе қаласында және аудандарда 17 арнайы жәрмеңке өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2012-2018 жылдарға мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және тіршілік сапасын жақсарту бойынша шаралар жоспарының екінші кезеңі аумағы бекітілді. Бұл да игілікті қадам болады деп есептейміз.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button