Тұлға

Құрметке лайық адам

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.

Қазақтың аймаңдай ақыны Әбу Сәрсенбаевтың сонау бір артта қалған алыс жылдары жазылған осы бір жыры әлі күнге дейін жүректі қозғайды. Әсіресе, соғыстың зардабын балапан кезімізде сезінген біздер үшін оның мәні түсінікті. Біз енді есімізді жия бастағанда майданнан елге оралған жаралы жауынгерлерді көріп, оларға ел қорғаған батырлар ретінде қарайтынбыз. Солардың ерік-жігерінің мықтылығы, алға қойған мақсаттарына жетпей тынбайтын қайсарлығы біздерге де үлгі болғандай еді.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері — Тахау Байсадақов, ең алдымен, майдангер. Ол сол бір қанды қырғын соғыста жауға қарсы ерлікпен шайқасып, бір аяғын беріп оралды. Осы жағдай Әбу ақынның әлгі өлеңін оқығанда ең алдымен көңілге оралады.

Қазақтан патша жарлығымен солдатқа адам алу туралы дүрбелеңді кезең —
1916 жылы дүниеге келген ол әкелер тағдырының бір айналып өз басына да соғатынын сол кезде білді деймісің.

Балаң кезінен алдынан шыққан сан тосқауылдар мен кедергілерге қарамастан алға ұмтылған оның жұлдызы оңынан туғандай сәттері де, керісінше торыққан, қажыған кездері де аз болмаған секілді.

Оның алғашқы мектептерінің бірі — комсомол ұйымы болды. 1937 жылы шілде айының басында ауылда жұмыс істеп жүрген оны аудандық комсомол комитеті шақыртады. Ауылдық кеңес төрағасымен бірге бір тайға салт мініп, Қарабұтаққа келеді. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ислам Дүйсенбин дереу қызметке қабылдайды да, арада бірер ай өткенде аудандық комсомол конференциясында есеп бөлімінің меңгерушісі болып сайланады. Жиырманың үстіне енді ғана шыққан жас жігіт сол тұста қуғын-сүргіннің лаңын айқын сезінеді.

Бұл ахуал кейінірек Тахау ағаның күнделіктегі жазбаларынан былайша орын алыпты: «Мұндай жағдай біздің Қарабұтақ ауданына да келді. Бірінші болып аудандық атқару комитетінің төрағасы Ақшолақов ұсталды. Содан соң аупарткомның  екінші хатшысы Дәукеновті Қыстаубаев Мизам екеуміз әңгімелесіп отырғанда НКВД бастығының орынбасары Жанбаев келіп алып кетіп, жауып тастады. Ауданнан және ауылдардан көптеген адамдар ұсталып, жабылды.

Міне, содан бастап көптеген комсомол мүшелері халық жауының тұқымы делініп, комсомолдан шығарылды. Жастарды комсомол қатарына алуда көптеген сенбеушіліктер орын алды. Баяғы Қайрақтыда өзім оқыған Шыңдалин Әбуғали аупарткомда қызмет істейді және аудандық комсомол комитетінде бюро мүшесі екен, ол да ұсталып кетті. Бір кездері Қарақалпақтан көшіп келе жатып, біздің үйге қонып өткен Жақас ағамыз №17 ауылда кеңестің төрағасы, ол да осы науқанның қармағына ілігіпті».

Кім-кімнің де өмірінде өзінің оң ықпалын тигізген, адамгершілік қасиетімен есте сақталып қалатын адамдар болатын. Комсомолдың қатардағы жауынгері Тахау үшін сондай жандардың бірі — Құлшәріп Өміршин болғаны сөзсіз. 1938 жылдың басында армия қатарынан оралған бұл азамат аудандық комсомол ұйымының жетекшісі болып сайланады. Сол сайлаудың тұсында аудандық комитеттің бюро мүшелері іріктеледі. Тахау Байсадақов «халық жауының туысы» деген желеумен мүшелікке өтпей қалады. Жиынды басқарып отырған аупарткомның екінші хатшысы «бюро мүшелігіне өтпесін, жұмысын істей берсін, келешектегі жағдайын Өміршин өзі қарасын» деп қаулы алғызды. Өмірдің өз құшағына ылғи да ала бермейтінін, оның талай сыны алдан шығатынын бұрын да сезінген жас жігіт бұған мойымайды. Қайта өзіне тапсырылған міндеттерді артығымен орындауға күш-жігерін аянбай жұмсай түседі.

Жаңа хатшы Өміршин де оны қолдап, «ал, сен бала, қорықпа, бай баласы емес дегізіп ауылыңнан қағаз алғыз» дейді. Содан кейін жігерлі жігітті нұсқаушылық қызметке ауыстырады. Бұл кезде жастар комсомол қатарына көптеп алына бастайды, шаруашылықтарда бастауыш ұйымдардың рөлі арта түседі. Нұсқаушының міндеті — сол қызу жұмыстардың қалың ортасында жүру. Қызметін жоғары деңгейде атқарып, сенімге енген Тахауды партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылдайды.

Сол тұста Құлшәріп Өміршин обкомға қызметке ауысады да, аудандық комсомол комитетінің хатшылық міндетін атқару уақытша Тахау Байсадақовқа жүктеледі. Құлшәріп Өміршин обкомға барған соң, «облыстық әскери комиссариат арқылы армиядан қалдырып, аудандық комсомол комитетінің хатшылығына бекіттірейін» дейді ізбасарына. Бірақ ол «армияға түбі алмай қоймайды ғой» деп келіспейді.

Айтқандай, 1939 жылдың 5 қарашасында жұмысшы, шаруа Қызыл армиясының қатарына шақырылады.

1939 жылдың 13 қарашасы күні ол Қарабұтақтан армия қатарына аттанады. Жүрегі жалындаған жас жігіттің алдында — Отан қорғау міндеті тұрды. Ол бірақ осы сапардан елге қашан ораларын, қандай жағдайда қайтатынын тіпті де білмейтін еді…

Ал жас жауынгердің күнделігінде былай деп жазылыпты: «Біз барғасын көп кешікпей 31 қараша күні Финляндия бізге қарсы соғыс жариялады. Кеңес-фин соғысы басталды. Желтоқсан айының ішінде ант қабылдадық. Содан кейін біздің бөлімімізді Старыцина деген қалаға алып келді. Мұнда қаңтар айының соңына дейін тұрдық. Бұл қалада әскери казарма жоқ екен, бір ғимараттың ішінде нар сәкінің үстінде тығылысып жаттық. Асханамыз — орыстың шіркеуі болды».

1940 жылдың қаңтар айының аяқ шамасында олар фин соғысына кірісуге бұйрық алады.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді». Осындай қауіпті сәттер оның басынан сан мәрте өтеді. Соның бірінде — фин соғысы кезінде әскери тәртіп бойынша күніне жеті шақырым жер ауыстырып, қыстың қақаған аязында жертөле қазып, соған орналасып отырады. Бірде түнгі ауысымда пеш түбінде бір орыс, бір әзербайжан және екі қазақ баласы қалады. Бір кезде бомба түскендей бірдеңе гүрс етеді де, жертөленің төбесі ішіне құлап түседі. Содан үш жігіт сол арада қаза табады. Мұндай қатерлі шақтан аман қалуды ол тағдырдың сыйы деп түсінеді.

Финдермен келісімге келіп, екі арада тыныштық орнағанымен, оның әскери қызметі жалғаса береді. Маусым айында кіші командирлер даярлайтын тоғыз айлық полктық мектеп ашылып, сол мектепке қабылданады, онда саперлер даярлайтын саптан табылады. 1941 жылдың сәуір айында емтихан тапсырып, бөлімше командирі дәрежесін алады.

Тахау ағаның естелігінде айтылғандай, 1941 жылдың маусым айының бас шамасында дивизия штабынан бір саяси қызметкер келіп, олармен жиналыс өткізеді. Ол өзінің сөзінде Германияның соғыс жариялайтын қаупі бар екендігін білдіреді. Осылайша, алда тағы да қиын күндер күтіп тұрғанын сезеді ол.

Олар соғыстың басталғанын Финляндиямен жаңа шекара аумағында  тұрып естиді. Содан бастап қару-жарақпен толық жарақтандырылып, ел қорғауға кіріседі.

1943 жылдың шілде айының соңында оны үшінші Украин майданының 59-гвардиялық атқыштар дивизиясының 183-гвардиялық атқыштар полкіне взвод командирінің орынбасары етіп жібереді. Ол келгенде взвод командирі болмайды да, бірден соның орнын басады. Арада он бес күннен кейін үш айлық курсты бітірген кіші лейтенант командир болып келеді. Ол соғысқа бірінші келіп тұрған жас жігіт екен. Осы жағдайын айтып, тәжірибелі жауынгерге «өзің үйлестіре бер, мен де үйренермін» деді. Сол кезде біздің әскерлер Харьковты жаудан босату үшін күш жинап, қорғаныс соғып жатады.

Харьков қаласын азат ету шабуылы тамыз айында басталады. Сол тұста взводты басқару міндеті тағы да оған жүктеледі. Қалаға жеті шақырым қалғанда, 1943 жылғы 20 тамызда шабуыл жасау үстінде ол сол аяқтың қара санынан жаралы болады да, дереу госпитальға жөнелтіледі. Көп ұзамай «Харьковты жаудан босаттық» деген жылы хабар жетеді. Осы операция қорытындысымен марапатталғандар қатарында Тахау Байсадақовтың кеудесіне жауынгерлік Қызыл Ту ордені тағылады.

1944 жылдың он екінші қазаны күні госпитальдан тиісті құжаттарын алып, бес жыл армия қатарында болып, Финляндия мен Отан соғысына қатынасып, Отан үшін бір аяқты беріп, елге бет алады…

Тахау аға өмірде сан түрлі тағдыр иелерімен кездеседі. Мәселен, Черкасс станциясында лагерьге басшылық етіп тұрған тұсында соғыста жаралы болып, елге қайтарылған жауынгер Қуаныш Сайымовты қиын жағдайдан құтқарып, қамқорлық көрсетеді. Ол елге жеткесін хат жазып, алғысын білдіреді. Арада біраз жыл өткен кезде бұл екі жауынгер Қарабұтақ ауданында кездеседі. Сол бір өткен шақты еске алысып, бір-біріне құрметтерін одан әрі жалғастырады.

Соғысқа дейін аудандық комсомол комитетін басқарған Құлшәріп Өміршин кейінірек Ақтөбеге келген бір сапарында аудан басшысы Жағыпар Әміровке: «Хатшы жолдас,  мен сізді білемін. Менің өтінішім — Тахаңды есіңізден шығармаңыз, тиісті жерде көмектесіңіз. Бұл жігіт сізді жерге қаратпайды, сеніміңізді ақтайды», — деп тілегін айтады.

Бір жылдары облысты басқарған Жұмабек Тәшенов Тахауға: «Жігітім, сырттай оқы. Ал келесі айда Ойыл аудандық кеңесіне төрағалыққа ұсынамын. Ойлан, шешіміңді айт!» — дейді. Тахаң «Жай айтылған сөз шығар», — дейді де қояды. Тағы бірде: «Қалай, бала, ойландың ба, не шештің?»– демей ме?!

Мұны күтпеген Тахаң: «Жұмеке, ниетіңізге рахмет! Мен өзім жарымжан адаммын ғой. Әлі мойнымда төрт-бес жанұям, қарт әке-шешем бар. Басқа ауданға қызметке жағдайым көтермейді», —- дейді. Сонда «тілді, ақылды алмадың» деп, Тәшенов ашуланыпты деседі.

Бөгетсай ауылы — Тахаңның көп жыл еңбек етіп, өзінің білімі мен білігін, ұйымдастырушылық қабілет-қарымын көрсетіп, елге қызмет еткен, көпке қамқорлық жасаған құтты мекені. Оның өмірімен жете танысқан адам оны халыққа  қызмет  ету  үшін  туған деп бағалар еді. Сондықтан да болар, бөгетсайлықтар оның есімін жұртшылық жадында қалдыру мақсатында ауылдың бір көшесін Тахау Байсадақов атымен атады.

Сол өңірде көптен бері аудандық тіл қоғамына жетекшілік етіп келе жатқан Мәриям Жұмағалиева мынадай естелік айтады: «1938  жылы  ағай  Қарабұтақ ауданында комсомол  комитетінде  істегенде, менің  анам  есепке  тұруға  құндақтағы  мені  көтеріп  барған екен. Сонда  алдағыны  болжай  білген  Тахау  ағай: «Балтәтті,  мына  қызың  тіл  маманы  болады», — депті. Кейін  менің  әкем Төреғали  Бөгетсай МТС-да  директор, ал  Тахау  ағай селолық  кеңестің  төрағасы  болып, көп  жылдар  бойы тату-тәтті, қиын  кезеңдері бір  ауыздан  сөз,  бір  жеңнен  қол  шығарып  қызмет  етті. Еңбектері  абыройлы  болды».

Жақсыны елі ұмытпайды. Ол туралы еске алып, ылғи да айтып жүреді. Біз де Тахау аға туралы бірсыпыра пікірлерді оқып көргенбіз. Соларға көңіл аударған адам қайсар тұлғаның келбетін өз көкірегінде сомдай түседі.

Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері Көпжасар Еңсепов: «Тахаудың  нағыз  азаматтығы  халқының  ықыласынан-ақ  көрініп  тұрды. Оның өмірдегі ұстанымы, атқарған қызметі ол өмірден өткен соң да көмескіленген жоқ» десе, Муфтолла Қалилин: «Тахау ағамыз әуелгі кезде елде комсомол ұйымында қызмет атқарып, оған қоса ауылда сауатсыздар оқуын ашып, ересектерді оқытқан. Соғыстан кейін Бөгетсай селолық советіне хатшы, сонан соң төрағасы болды. Бөгетсай ауылы көлемі кең, халқы көп, әртүрлі ұлттар тұратын елді мекен. Әрине, жұмыс Тәкең түгіл, сау адамға да оңай емес. Ағамыз сол бөгетсайлық Сағынтайдың қызы Қалиса жеңгемізбен бас қосып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Балалы-шағалы болды. Жанғали, Бибізада, Мырзағали, Жолдыбай, Руслан, Ерлан, Қасымжан секілді перзенттер өмір жалғастығын жасады. Соғыстан алғашқы келген кезден бастап елге қамқорлығы, оның ішінде жағдайы нашарларға деген көмегі айрықша болды» депті.

Журналист Сәндібек Әлібековтің Тахау аға туралы кең толғамды жазбасын оқып, көп жайтқа куә болғандай сезіндім.

«Тахаң — бар болғаны жеті класс бітірген адам. Бірақ ескерімді, іскер адамға осы білім де аздық етпеді. Бөгетсай селолық кеңесінде хатшы, кейін көп жылдар оның төрағасы болғанда жергілікті кеңестің рөлі, беделі, құқы өте жоғары еді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі адамдардың барлық қоғамдық жұмыстары сол кеңес арқылы шешілетін. Біздің бала кезімізден білетініміз, ол кісі барлық кезде уақытпен санаспай қызмет жасайтын. Кім болса да, алдына келген адамды жылы қабылдап, барлық жағдайды түсіндіретін. Сондықтан бәрі де ол кісіге баруға, ақылдасуға құмар еді. Ал жасы кішілерге тапсырма бергенде, сол адамнан оны пысықтап: «қайталашы, мен не дедім?» — деп сұрайтын».

…Ардагерлер — алтын қазынамыз. Олардың бастарынан кешкен қиындықтары, келер ұрпақ үшін атқарған істері, жас буынды жақсы жолға жетелеген үлгісі — біздің тарапымыздан әрқашанда жоғары құрметке лайық деп есептейміз.

Тахау Байсадақов сынды екі майданның ері атанған, Қарабұтақ өңірінің өркендеуіне қапысыз еңбек сіңірген, Белқопа, Бөгетсай секілді селолық кеңестерді басқарғаны өз алдына, тіпті «Тасөткел» кеңшарында ферма тізгінін ұстап, алғы шептен шегінбеген, ерлігі мен еңбегі Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, көптеген медальдармен атап өтілген, өзі бірнеше мәрте аудандық және облыстық кеңестің депутаты болған  абзал ағаның абыройлы ғұмырының үзік сәттерінен бүгінгі толқын аз да болса хабардар болсын деген ниетпен осы жолдарды қағазға түсірдік.

 

Кеңес БІРМАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button