Барша әлем бағалайды

Алыс-жақын шетелдерден Астанаға күн сайын жүздеген қонақтар келеді: ресми тұлғалар, туристер, іскерлік сапармен жүрген кәсіпкерлер, т.б. Астанадағы әріптестеріміз — орталық басылымдар мен телеарналардағы журналистер арқылы олардың пікірлері әрдайым жұртшылыққа жетіп жатады. Елорда мерейі — бүкіл ел мерейі. Астана күні қарсаңында шетелдіктер пікірлеріне тағы бір үңілдік:
Елбасы еңбегімен байланыстырады
Үстіміздегі жылдың 27 маусымында ұлттық арна тілшісі Ғабит Ұзақбай хабарлады: «Қазақстанның қарқынды дамуы, Астананың сәулетті құрылысы қазір кімді де болсын, таңғалдырмай қоймайды. Шетелден келген туристер үшін қызықтап, тамашалайтын орындар көп. Тіпті ресми тұлғалар мен делегацияның өзі елордамыздың ерекше сәулетін жоғары бағалайды».
Шетелдіктер мұндай жетістіктерді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен байланыстырады екен.
Осы орайда ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күресу жөніндегі үйлестірушісі Рут Фридом Пойман ханымның пікірі беріліпті: «Қазақстанда алғаш рет осыдан 20 жыл бұрын болдым. Менің қазақ жеріне келуім Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы ауыстырып, оны Астанаға көшіру туралы шешімімен тұспа-тұс келді. Бүгінде дәл осындай тарихи кезеңнің болғанына сену қиын. 16 жыл өтер-өтпесте әсем қала Астана бой көтерді. Келген сайын шаһардың даму қарқынына тәнті боламын, «Хан шатыр», «Бәйтерек», Орталық концерт залының сәулеті айрықша. ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысқанымда Бейбітшілік және келісім сарайы мені ерекше әсерге бөледі. Аз ғана мерзімде Опера театры іске қосылды, бүгінде жаңа мұражайдың құрылысы жүріп жатыр. Қала көшелеріне жас көшеттер отырғызылып жатқанын байқадым. 20-40 жылдан кейін Астананың жасыл желегі жайқалған шаһарға айналуына тілектеспін» («Қазақстан» РТРК-ның — kaztrk.kz —порталынан алынды).
Мұнда — тұрақтылық, онда — хаос…
Жапон елінің Қазақстандағы алғашқы елшісі Акира Мацуи «Экспресс К» газетінің тілшісі Наталья Абсалямовамен сұхбатында: «Өзімнің Астанаға алғашқы сапарым есімде жақсы сақталып қалды. Ол кезде Астана әлі Ақмола болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын көшіру жөнінде шешім қабылдағаннан кейін, Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев шетелдік елшілерді болашақ астанамен таныстыру үшін арнайы сапар ұйымдастырды. Бұл желтоқсан айы болатын. Ұшақтан түскенімізде қарсы алушылар бізге: «Сіздер үшін қолайлы ауа райы «ұйымдастырылды» — бар болғаны жиырма градус суық және жел» — деп қуанышты түрде хабарлады. Қай жаққа қарасаң да — аппақ қар. Маған микрофон ұстаған журналист жетіп келіп: «Иә, әсеріңіз қандай?» — деп сұрады. Мен шынымды айттым: «Ой, сондай суық!». Ол кезде қаланың осыншалық тез өсетініне сену қиын еді. Қазір, міне, әсем ғимараттарға толы, жайқалған гүл мен жасыл желекке бөленген Астананы көріп тұрып, өз көзіме өзім сенбедім. Соңғы рет мұнда бұдан бес жыл бұрын болдым, ол кезде бәрі басқаша еді. Сіздердің Президенттеріңіз мықты. Қазақстанның бұдан әрі де дами беретініне сенемін…
Қазақстаннан кейін мен Болгарияда, одан соң Нигерияда жұмыс істедім. Нигерия да табиғи ресурстарға бай ел, кезінде олар да өз астанасын Лагостан Абуджаға көшірген. Бірақ тәуелсіздік алғанына отыз жыл өтсе де, Нигерия кедейліктен құтыла алмай отыр…».
Елші қазақтар мен жапондардың бір-біріне ұқсайтыны жөнінде де айтады: «Қазақстандықтар мен жапондардың ұқсастықтары бар: үлкендерді сыйлайды және адамдармен араласқанды ұнатады» («ЭК», 2011 жыл, 28 қыркүйек).
Жапон елшісінің әңгімесімен Нигерия елінің қарапайым азаматы, сәулетші әрі суретші Боб Усороһтың өткен жылғы Астана күні қарсаңында «Алаш айнасы» газетінде жарияланған сөзі үндес шығыпты: «1996 жылы досым екеуіміз Қазақстан астанасының Алматы қаласынан Ақмолаға көшетінін естіген едік. Басында аз уақыттың ішінде ірі қалаға айналады деп, әрине, ойлаған жоқпыз. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, міне, қазақ халқы жас астананы тұрғыза алды. Қаланың тұрақты дамып жатқанын бірнеше өлшем бойынша анықтауға болады. Соның ең бастысы — алға қойған мақсаттардың, жоспарлардың өз уақытында орындалып жатқаны. Нигерияның да астанасы — жас қала. Абуджа 1991 жылы астана болды. Оның Астанадан айырмашылығы — халқының тығыз орналасқандығы. Мұның себебі айтпаса да түсінікті. Ал құрылыс қарқыны жағынан Астана оны басып озады. Тағы бір артықшылығы — саяси тұрақтылығы. Абуджада – үнемі хаос, саяси тұрақсыздық… Астана қарқынды да тұрақты дами берсін деп тілеймін. Қала модернизациясы, Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттер сәтті орындала берсін!» («Алаш айнасы», 2013 жыл, 6 шілде).
«Келгің келе беретін қала»
Украиналық журналист, «Бизнес» газетінің экономикалық шолушысы Геннадий Кобаль Астанаға осылай деп баға берді.
Украин журналисінің лебізін BNews.kz агенттігінің Киевтегі меншікті тілшісі жеткізіп отыр. Назгүл Сансызбайдың айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігі осы елдің журналистері үшін жыл сайын Астанаға сапар ұйымдастырады. Геннадий Кобаль — Астанада жуырда ғана болған журналистердің бірі. Өз пікірін ол: «Астана — әлемдегі ең жас астаналардың бірі, алайда, мұндағы жағдайдың жайлылығына ғасырлық тарихы бар көптеген қалалар қызғанышпен қарар еді. 700 мың адам өмір сүріп, еңбек етіп жатқан қала үшін таза ауа — маңызды көрсеткіш. Астана әкімдігінің экологиялық жағдайға ерекше көңіл бөлетінін, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы, жайлы жағдай жасауға тырысатынын үлкен сарапшы болмай-ақ байқайсың» — деп жеткізіпті.
Сондай-ақ, Геннадий Кобаль Астанадан аз уақыт ішінде достар тауып үлгергенін айтып, Қазақстанға тағы да келетінін жеткізіпті.
Енді бір журналист — словакиялық “Business Journal Slovakia” журналының бас редакторы Джеймс Макинтош өзінің сонау 2007 жылы жазылған мақаласында: «Әр ғимарат жақында ғана тұрғызылған немесе енді тұрғызылып жатыр. Сәулеті, өлшемі, орналасуы жағынан алғанда, олардың әрқайсысы өзіндік бір жаңалыққа ие. Жарқ-жұрқ еткен осы ғимараттардың барлығы ұшы-қиыры жоқ, шет-шегіне көз жетпейтін дала төсінде салынып жатыр…
Келбеті қазіргі замандық болғанына қарамастан, бұл — «суық жүзді» қала емес, адамды өзінің ашық-жарқындығымен, тілеулестігімен баурайтын мекен. Қала ортасынан өтіп жатқан Есіл өзені жағалауындағы жаяу жүргіншілерге арналған кең жолдағы көріністер жаныңды жылылыққа, шуаққа бөлейді, нақ осы жерде серуендей жүріп мен бұрын-соңды кездестірмеген әсем де заманауи тұрғын үй кешендерінің келбетін тамашаладым…
Батыл бастамалар, жан тербейтін сұлулық пен көптеген ғимараттардағы қайталанбас ерекшелік — Астананы тартымды ететін, міне, осылар» — деп, елордамызды шын жүректен мақтап қана қоймай, өз оқырмандарын Астананы көруге асығуға шықырыпты. «Іскерлік сапар ма немесе жай қыдырасыз ба — әйтеуір бір себеппен Қазақстанға барып, Астананы көріңіз: жаныңыз рахаттанып қайтасыз» — депті Макинтош мырза. (“Business Journal Slovakia” , 2007 жыл, қазан)
Ресейлік саясаттанушы, Кеңес кезінен белгілі публицист Рой Медведев те өзінің Астанаға сапарынан кейін, мұнда тағы бір келуді армандайтынын жеткізіпті. Былай депті: «Бұл — о баста жаңа Қазақстанның символы ретінде ғана емес, сонымен бірге, Еуразия кеңістігінің орталығы ретінде де ойластырылған қала… Әсіресе, жаңа астананың ғана емес, бүкіл елдің символына айналған «Астана-Бәйтерек» монументін ерекше атағым келеді. Бұл — ұшар басына жалпы алаңы 1,5 мың шаршы метр болатын алтын шар орналасқан, биіктігі 97 метрге жететін алып ағаш сынды ғимарат. Күн нұрына бөленіп, төменге жүздеген түске боялған сәуле шашып тұрады. Лифт ішінде, металл діңгектер арасынан біз астананы және оны қоршаған даланы көреміз. Айналасына үлкен саябақ та салынып жатыр… Астанаға енді 10-15 жылдан кейін келер ме еді! Біздің мәдениетіміздің орталықтарының бірі, Еуразия деп аталатын үлкен кеңістіктің символы сынды қаланың сол кезде қандай болатынын көргің келеді» (Ресейдің «Аспекты» басылымы, 2007 жыл, №10.).
Интернет арқылы әзірленді.
ВРЗ
Ташкенттен табысты…
«Forbes» журналы жуырда ТМД қалаларының кезекті экономикалық рейтингін жариялапты. Рейтингке ең ірі деген 19 қала қатыстырылған. Табыс табуға мүмкіндіктің жоғарылығы жағынын Астана осы рейтингте бесінші орында тұр.
Рейтингті «Forbes» журналының орысша нұсқасының сарапшылары түзген. Сарапшылардың қорытынды пікірі бойынша, Орталық Азия елдері ішінде, экономиканы дамыту мақсатында, орта және шағын бизнеске сүйену арқылы, Қазақстан неғұрлым заманға лайық, тиімді бағыт ұстанып отыр.
Табыс табуға қай қала қаншалықты мүмкіндік ұсынады дегенге келгенде, Астананың 19 қала арасында 5-ші орынға орналасқанын жоғарыда айттық. Бұл тұрғыда Астананы «басып озған» қалалар — Алматы, Вильнюс, Таллин және Минск. Ал Ташкент, Ашхабад, Баку, Ереван, Киев пен Рига сынды астаналар біздің бас қаламыздан кейінгі орындарда тұр.
Астананы салу – елбасының ерен ерлігі
Нұрлан ЕШМАҒАМБЕТОВ, кәсіпкер, меценат:
Тәуелсіздіктің көк туы желбіреп тұрғанына – 23 жыл. Отанымыз өзінің өткен тарихын зерделеп, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен, халықтың қолдауымен еңсесі көтерілген еліміздің экономикасы, саяси әл-ауқаты жылдан-жылға көтерілу үстінде.
Елбасының бастауымен бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз, ЕҚЫҰ саммитінің Астанада, Алматы мен Астанадай қос шаһарымызда Азиаданың өтуі, 2017 жылы өтетін ЭКСПО-ның елордамызда ұйымдастырылуы – мұның бәрі жас мемлекетіміздің әлем алдындағы абыройын асқақтататын дүбірлі оқиғалар.
Ең бастысы, біз бабалар аманат еткен киелі жерімізде құрған мемлекетімізде ынтымағымызды сақтай білдік. Соның арқасында берекелі бірлігіміз төрткіл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан тәуелсіз мемлекетке айналды.
Қазақ ұлтының мемлекетіміздегі саны ресми түрде 11 миллионнан асып, жыл өткен сайын молайып өсіп келеді. Біздер сабыр сақтап, алдымен осыған шүкір дейік. Қазаққа жер бетінен жойылу қаупі туған небір алмағайып замандарда ұлт ретінде сақтап қалған бірінші төзімділік болса, екінші – шүкіршілік.
Бұқар жырау бабамыздың тасқа басқандай анық айтып кеткен сөзі бар: «Жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса бәрі оңбас». Саяси қайшылықтар туындаған толқымалы сәттерде қарапайым халыққа ең бастысы сабыр мен төзім керек. Қай кезде де ел басқарған билік өкілдерінің жетістіктерімен қатар кемшіліктері де болады. Тек кемшіліктерді ғана тізіп алғаннан бұрын жетістіктер мен жеңістерді салмақтап, салыстыра білген дұрыс. Еліміз ұстанатын ислам дінінің де басты насихаты — сабыр ете білу. Құран кәрімнің «Ниса» сүресі, 59-аятында Алла тағала «Әй мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» дейді. Дәстүрлі дініміздің қағидалары бүгінгі ұрпақты төніп тұрған қауіп-қатерден құтқарады. Патшаны Алланың қалауымен ел сайлайды. Қазіргі күнде әр отбасы өзінің беріктігімен, тәрбиесімен, ішкі иманымен мемлекетімізге қомақты үлес қоса алады. Сол себепті әрқайсысымыз өз ойымыз бен іс-әрекетімізге абай болайық.
Ел болып сайлаған Елбасымыз қазақтан алғаш болып қасиетті Мекке қаласындағы Қағбаның ішіне кіргенде ең алдымен еліміздің амандығын тілеген. Оның қазіргі ұстанған саясаты, барлық мақсат-мұраты – бейбітшілікті барынша ұзақ сақтау. Ұлттық руханиятымыздағы босап қалған арналарды қайта толтыру үшін, тарихымызды жаңғыртып, тілімізді қайта жандандыру үшін ең алдымен бейбітшілік пен тыныштық керек екенін Елбасымыз дәл түсінген. Ал ел астанасын орталыққа көшірудің астарында түсінген адамға үлкен көрегендік жатыр. Астана болса, егістік алқапқа бай солтүстік өңірлерді мемлекетіміздің қазығына мықтап байлап, барынша қазақтандыруға септігін тигізді. Солтүстік облыстарының инфраструктурасын жақсартуға әсер етіп, оңтүстіктегі қазағы қалың аймақтан жұмыс күшін тартып, елімізге пайдалы ішкі миграция тудырды. Әлем алдындағы беделімізді арттыратын Елорданың сәнді құрылыс нысандары бір төбе. Қай қырынан алып қарасақ та, Астананы салу Елбасының басты ерлігі. Ханға тік қарап уәж айтатын орақ тілді, от ауызды жыраулар мен билердің елі болсақ та, сын айтудың өз жөні бар. Қазіргі уақытта Ресей мен Қытайдай қос алпауыттың арасынан жол тауып отырған Тұңғыш Президентімізге ел болып жан-жақты қолдау көрсеткеніміз абзал деп ойлаймын.
Бүгінгі қазақ ұлты — бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты — бұрынғы «қызыл идеологияның» қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты — өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге, Мәңгілік Ел ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық. Қазіргі кезде әлем жұртшылығы ұлы реформатор, ұлт лидері деп таныған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен Үкімет осы бағытта үлкен мемлекеттік бағдарлама жасап, барлық деңгейдегі билік өкілдері елдің индустриялық-инновациялық даму жолына түсуін қатаң бақылауына алып, жіті қадағалап отыр. Түсінген адамға мұның түпкі астарында да мемлекеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстын жатыр. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік гүлденуі мен қауіпсіздігі халықтың білімі мен интеллектілік ресурсымен тығыз байланысты. Интеллектуалды ұлт болу тар шеңбердегі ұғым емес, оның түпкі иірімінде ұлттық негіз, ұлттық ұстын, ұлттық болмыс жатыр. Ұлттың сапалық құрамын арттыру тек қан тазалығын жақсартумен ғана шектелмейді, рух тазалығын тәрбиелеу арқылы да биік мұратқа жетуге болады. Оның түпкі мақсатында инновациялық терең білім алу қажеттілігі мен технологиялар әлемінде қабілеттілік таныту сұранысы менмұндалап тұр.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел басқару ісінде халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі мен әлемдік тәжірибені тал бойына тоғыстырған алғыр көшбасшы. Ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысын терең білу, маңдай тіреген проблемалардың ең елеулісін тап басып тани алу, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті. Оның бастамасымен тәуелсіз Қазақ елінде дүниежүзілік тарихи маңызы бар істер атқарылды. 1991 жылдың күзінде 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына от бүркіп, апат қаупін төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 459 ядролық жарылыс өткен бұл полигон енді мәңгіге тыншыды. Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарының, Ресейдің, Францияның билеушілерімен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға 1994 жылы келісті. Бұл біз үшін өтеуі қымбат келісім еді. Өйткені ядролық державалар (АҚШ, Англия, Ресей, Қытай, Франция) Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және бүгінгі шекараларының өзгермейтініне құрметін білдірді. Қазақстанға экономикалық қысым көрсетуге бармайтынын мәлімдеді. 1995 жылы соңғы ядролық қару Қазақ елінен әкетілді. Осылайша, адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды.
Егемендікке қол жеткізген сәттен бастап өз елін жарқын болашаққа бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды ұлы Көшбасшысы бар Қазақ елі — аз уақыт ішінде тарихта бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі Қазақстанның басты мақсаты — экономикасы дамыған, бәсекелестікке қабілетті, ең дамыған 30 елдің қатарынан көріну. Мәңгілік Қазақстан жобасы — осы мақсатқа жеткізетін Ұлы бастама. Ағымдағы жылдың 17 қаңтарындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауы осыдан бір жыл бұрын Елбасы өзі жария еткен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын, яғни қазақстандық дамудың бағыт-бағдарын айқындап берді. «Мәңгілік Қазақстан жобасы ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Стратегияны мүлтіксіз орындау, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» — деп атап өтті Елбасы өз Жолдауында.
Елбасы Жолдауында еліміздің экономикасын, шағын бизнесті, әлеуметтік саланы дамыту, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру, ұлттық білім берудің сапасын жақсарту, инфрақұрылымдық үш тағанның қарқынды дамуы бұдан өзге де маңызды мәселелер сөз етілді.
«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек». Елбасы Жолдауында айтылған осы бір сөздер әрбір саналы азаматтың жанын тербері сөзсіз.
Ел мен тіл егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі – ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, Мәңгілік Елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Ол – мемлекеттік тіл қазақ тілі. Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру елімізде табандылықпен жалғасып келеді. Мемлекеттік тілді дамытуға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді.
Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп, енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн деп ой түйді. Олай болса, ана тілімізді мәңгілік тіл ету және Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру өз қолымызда.
Ендеше, алға қойған ұлы мақсаты бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды.
«Айқын» газеті, 27 маусым 2014 жыл.
Президенттің көршісі
Бұл әжей туралы еліміз ғана емес, көршілес елдердің журналистері де жарыса жазды. Болашақта да талай естелік кітаптарда оның есімі аталатынына шүбәміз жоқ. Енді ше, ол — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қара шаңырағымен 53 жыл бойы көрші тұрған. Содан болар, соңғы кезде Президенттің балалық шағын көрген Евдокия Санжароваға қызығушылық танытушылардың қарасы көбейді. Бұл — оны іздеп тауып, қалың бұқараға таныстырған журналистердің арқасы екенін айтпай кетуге болмас. Біз Қостанайда өмірге келіп, жастық шағын Шамалғанда өткізген, соңғы 14 жылда ақтөбелік атанған кейуанамен кездесіп, бала һәм бозбала, жалпы көрші Нұрсұлтанның қандай болғанын білуге тырысқан едік. Мархабат, танысыңыз…
Жуырдағы кездесу
Алдымен бірер аптада бұрын Мемлекет басшысының Дуся әжеймен (көрші-қолаң әжейді солай атап кеткен — ред.) болған Ақтөбедегі кездесуі туралы қысқаша қайталайық. Бұл кездесудің жөні бөлек. Ең алдымен, Президенттің өзі осында жасаған жұмыс сапарында арнайы уақыт тауып, бұрынғы көршісіне сәлем берді! Бұған 93-тегі қария қатты толқып, көзіне жас алды. Нұрсұлтан Әбішұлы әжейдің қолын алып, артынша құшақтап, сабырға шақырды:
— Дуся апай, не болған сізге? Жыламаңыз! Мұндайда қуану керек қой!..
Бірақ Дуся әжейдің толқуы бірден басыла қойған жоқ. Әрине, мемлекет басқарып отырған кісіні көргенде кез келген адамның қобалжитыны хақ. Ал Елбасыны бала кезінен бастап білетін, соңғы рет оны осыдан 15 жыл бұрын көрген Дуся әжейдің толқуының реті бөлек. Әке-шешесінің көзін көрген қариямен Нұрсұлтан Әбішұлы да риясыз әңгімелесті. Әңгіме барысында Евдокия Иванқызының қолын ұстап отыруының өзі ерекше ықыласты білдіретін еді. «Дару» емханасында денсаулығын түзеп жатқан кейіпкеріміз де бала Нұрсұлтанның болмысы өзгермегенін, ал жүріс-тұрысы осыдан 15 жыл бұрынғыдай екенін тілге тиек етті. Елбасы бұған жылы жымиды.
— Сара қалай? — деп емірене сұраған әжей қыздардың да хал-жағдайын сұрауды ұмытқан жоқ. Елбасы барлық сұрақтарға ықыластана жауап беріп, қарияға денсаулық тіледі. Содан соң «Менен азын-аулақ сый болсын» деп тұрмыстық техникаларды тарту етті.
Қоштасар сәтте: «Ауырмаңыз» деп жымиған Президент іле-шала: «Біз әлі кездесеміз…» дегенде толқымаған адам болған жоқ. Шіркін, жылы сөз қандай жақсы, әжей бір көтеріліп қалды.
Бала Нұрсұлтаннан дана Нұрсұлтанға дейін
Евдокия Санжарова — Қостанайдың тумасы. Кейін жолдасымен бірге Алматы облысындағы Шамалған ауылына қоныс аударған. Біз одан Назарбаевтар әулеті туралы естелік әңгімелермен бөлісуін сұрадық.
— Біз Назарбаевтармен өте тату тұрдық. Әбіш пен Әлжан жолдасым екеумізден үлкен болса да, бірден тіл табысып кеттік. Біз көшіп барғанда Сұлтан (Елбасын айтады — ред.) жеті жаста еді, ал Сатыбалды тіпті кішкентай болатын. Әнипа мен Болат кейін дүниеге келді.
Бір отбасының адамдарындай едік. Моншамыз ортақ болатын. Оны алма-кезек қыздырып, керек-жарағын бірге әзірлейтінбіз. Кейін бір үйдің балаларындай үлкен дастарқаннан шай ішетінбіз. Әлжан көптеген әндерді жатқа білетін. Ол әуелетіп ән салғанда, баршамыз сілтідей тынатынбыз. Мақтағаным емес, даусы керемет еді.
…Сұлтан өте жақсы бала болып өсті. Әрдайым жарқылдап жүретін. Сүйкімді еді. Екі көзі жанып тұратын. Менің еріммен жақсы араласты. Кім-кіммен де лезде тіл табысып, ешкімді жатырқамайтын.
Бізде жапырағы жайқалып, гүлге оранған әсем бақ болды. Кішкентай Сұлтан үйге келіп: «Дуся апай, сіздерден гүл алсам бола ма?» – деп сұрайтын. Сондағысы көрші үйлердегі қыздарды қуантқысы келетін. Қаршадайынан осындай романтик боп өсті. Жалпы, кісінің көңілін қалдырмайтын. Мереке-мейрамдарда бәрін құттықтап, жұртты риза етіп жүретін.
Бәрі де текке байланысты. Ата қаны, ана сүтімен дарыған қасиет Сұлтанды биік шыңдарға шығарды. Әке-шешесі өте жайсаң, еңбекқор адамдар еді, жарықтық.
Оның Президент болатынын білгем жоқ. Әйтпесе, өмір бойы атқарған сауыншылық жұмысымды тастап, соған қарайтын едім ғой (күледі). Бірақ оның жоғары лауазымды қызметте болатынын іштей сездім. Өйткені Теміртауға барып оқыды, одан соң Украинада білімін жетілдірді. Білімге деген құштарлығын сөзбен жеткізу қиын еді.
…Ең бастысы, ол қандай асуды бағындырса да, азаматтық келбетін жоғалтқан жоқ. Тіпті Президент болған кезде де Шамалғандағы үйге келіп, бізбен амандасып кететін. Міне, Ақтөбеге келгенде де маған арнайы соғып отыр. Қалай толқымайын, — дейді Евдокия әжей.
Ақтөбенің тұрғыны
Евдокия әжей Ақтөбенің тұрғыны атанғанына да он төрт жыл болды. Біз оның бұнда қалай келгенін сұраған едік.
— 1999 жылы жалғыз ұлымыз Сашадан айырылып қалдық. Шалым кенеттен болған қазаны көтере алмады. Көп ұзамай ол да бақилық болып, жалғыз қалғасын осындағы сіңліме көшіп келдім. Осы аралықта Ақтөбеге үйренісіп кеттім. Ауасы жайлы, тұрғындары мейірімді аймақ өзіме ұнайды, — деп ағынан жарылды қария.
Елбасының көршісі ретінде дәріптеп, жұртшылыққа танытқан журналистерге ерекше риза екенін айтқан Дуся әжей Президентті әлі де көретініне сенеді. Сенімі алдамағай!
Мирал ЖАРМҰХАМБЕТОВ,
Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
Алғашқы сапар немесе жан жадыратқан жеті сағат
Қазіргі Әйтеке би ауданында жиырма жылдай басшылық қызметте болған Есімқан Есенбаев бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Ғасыр нұры» деп аталатын қайырымдылық қорының жетекшісі ретінде имандылық шараларының ұйытқысы болып жүр. Ол өзінің Елбасымен кездескен сәттерін тебірене әңгімелейді. Есімқан Қалмағамбетұлының естелігін біз қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.
…1992 жыл. Дәл осы жылы Президент Ақтөбе облысында іссапармен келіп, сол кездегі Комсомол ауданында болды. Соның алдында мені осы ауданға әкім етіп жіберген. Бірер күн өткен соң облыс басшылығынан «Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келуі мүмкін. Сіздің ауданды көрсетуді дұрыс көріп отырмыз» деген хабар түсті.
Шынын айтайын, қатты толқыдым. Сенер-сенбесімді де білмедім. Қашық аудан, ауа райы да ыстық. Әуелі өзім ойланып-толғанып, маңызды тапсырманы жүрегімнен өткізіп алдым.
Екінің бірінің ел тағдырын қолына ала алмайтыны да шындық. Ұлтының тағдыры үшін жанын пида етуге дайын адам ғана мұндай жанкештілікке бара алады.
Президент және Премьер-Министрдің екеуі бірдей сапарға өте сирек шығады, ол тәжірибе қазір тоқтатылған. Бұл жолы екеуі де келетінін білдік.
20 тамызда күні бойы Президент сапарынан толық хабардар болып отырдым. Кешке қарай Президент туралы жазылған материалдарды қараған боламын, бірақ ол кезде жарытып ештеңе жазыла қоймаған кез.
Ақтөбе ауданының картоп өсірумен шұғылданатын «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарында болған кездесуде жекешелендіру туралы пікіріне елең ете қалғанбыз. Сол күні Президент Хромтау ауданында, Шилісай өндірістік бірлестігінде болғанын телерадио хабарларынан естідік.
Ендігі кезек бізде. 21 тамыз. Комсомол ауданындағы «Ярославский» кеңшары, № 6 бригаданың далалық қосы. Сағат 11-ге таяу екі тікұшақ қонатыны хабарланды. Айнала толған адам. Бір қызығы, егістік алқабына жиналғандар арасында Ресей Федерациясының Орынбор облысының аралас аудандарынан келген қонақтар да бар еді. Бәрі де Қазақстан Президентін көргісі, мүмкін болса, қолын алып амандасқысы келетінін, алғыс білдіретінін айтады. Хаттамалық тәртіп бойынша автокөліктер тікұшақ қонатын жерден екі-үш шақырым қашық тұрақтауы керек. Қарсы алушылар көліктерін қаңтарып қойып, үш шақырымды елемей жаяу келді. Президент тікұшағы қонды. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Премьер-Министр Сергей Терещенко, оның бірінші орынбасары Олег Сосковец, облыс басшылары, басқа да ресми адамдар түсті. Комсомол халқы ғана емес, көрші Орынбор облысынан келген адамдар да аса бір зор ықыласпен, ризашылық сезіммен қарсы алды. Бір қызығы —сол сәтте алдын ала барлап жүретіндер, арнайы күзет сарбаздары қазіргідей қатаң бақылауға алған жоқ сияқты. Барлығы да жақынырақ барғысы келетіні, қолдарын ұсынып, амандасқысы келетіні заңды. Халықтың өз Президентіне деген қызығушылығы, оны жақсы көруі айрықша болатын.
Егіс алқабының №6 бригадасы. Ақшаңқан үйлер бой түзеген. Екеуін жапсарлас етіп құрдық та, үшіншісін сәл алшақтау бөлек орналастырдық. Кеңшар директоры В. Добровольский мен бригадир А.Гетманчук те ерекше толқу үстінде. Менің көңіл күйім күтіп алғанға дейінгіден басқаша, енді әр сәтті бақылауда ұстауым, ауданның бірінші басшысы ретінде барлық шаруаға жауапты екенімді сезіндім. Сол жылы егіс алқабы ерекше бітік еді. Жайқалып тұрған алқапқа барлығы да қызыға әрі қанағат сезіммен қарады. Дала қосындағы тігілген ағаш үйлерде түскі тамақ ұсындық.
Комиссия Президентке шай құюды дәрігер Дәметкен Зейноллақызына тапсырды. Ол да ерекше абыржуын жасыра алмай, толқумен жүрді. Тағы бір айта кететін жайт, Президенттің қос басындағы диқандар ішетін ыдыстан су ішкені болды. Бұл Мемлекет басшысы тарапынан күтпеген қадам әрі хаттама бойынша олай жасауға болмайды. Дегенмен, Президент халықтың ықыласын көріп, оларға ілтипат көрсетті.
Президент егістікті аралаған кезде астық шығымына, күтіміне ризашылық сезімін жасырған жоқ. Шынында да сол жылғы астықты сөздің шын мағынасындағы алтын астық деп атауға болатын еді. Осы жерде бір айрықша тоқталатын мәселе бар. Бір күн бұрын Ақтөбе ауданының «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарында болғанда Президент енді шаруашылықтарды бөліп беру керек десе, комсомолдық диқандардың нығыздап айтқан пікірлерінен, ұсыныстарынан кейін райынан қайтқандай болды. Оны кейін газеттерде шаруашылық басшылары мен мамандар қолдап, көпшілік арасында оң пікір туғызды.
Нұрсұлтан Назарбаев және жоғары мәртебелі ресми басшылар Комсомол ауданының орталығына бет алды. Жолдың екі жағына жіті көз салып қояды. Өте аңғарымпаз, тез ойлап, жылдам түйін жасайды екен. Ел тілегі егіс үстінде екенін байқап келе жатқан Нұрағаң «мына алқаптар биыл өте жақсы астық береді» деп көңілдене түсті.
Аудан орталығына келе жатқанда жағалай күтіп тұрған адамдарды көріп, оларға күлімдей, қол бұлғады. Аудан халқы алаңға түгел жиналды десем болады. Қиындық туғызғаны да сол. Әдетте ірі қалаларда тек шақырылған адамдар ғана келеді, айналасы қоршаулы болады. Ал аудан орталығында жағдай басқаша. Ел алғашқы Президентін көргісі, әр адам жақын барғысы, қолын ұстап амандасқысы келеді. Бұған әлемдік тәжірибе бойынша да рұқсат етілмейді. Қалың халықты қатар орналастырып, олармен сөйлесіп, кішіні де, үлкенді де ренжітпей көңілін тапқан аудан азаматтары — Іскендір Мұратқанов пен аудандық милиция бөлімінің бастығы Ғалым Дәулеталинге мың да бір алғыс. Осы екі зиялы азамат биік парасаттылық, біліктілік көрсетті.
Аудан орталығының бас алаңы. Кеңестер үйі мен Мәдениет үйінің ортасы. Президент ізет білдіре амандасып, халыққа бет алды. Аман-саулық сұрасқан соң жиналғандарға кезек берді. Сол жылдарғы халықтың жағдайын бүгінгі күнмен салыстыруға мүлде болмайды. Елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тым күрделі болатын, жұмыс орындары да аз, жалақы кешігіп төленеді. Соған қарамай біздің ауданның халқы ешқандай ашу-ыза, келеңсіздік білдірген жоқ. Қайта Президентке сара саясаты мен ел Тәуелсіздігі үшін алғыс сезімдерін білдірді. Сұрақ дегеннен гөрі пікірлесу ретінде айтқандары: «Неге ауыл адамдарына өздері өсірген астықты қымбаттатуға рұқсат етпейді, өнеркәсіп орындары өнімдері бағаларын қымбаттатып жатыр ғой» деген тілек болды. Президент оларға: «Біз халықтың аз қамтылған, тек бір зейнетақымен ғана отырған отбасылар жағдайын ойлауымыз керек. Астық, нанмен басқа зауыт өнімін салыстыруға болмайды. Бірақ ел экономикасы жаңа бағытпен, өзгеше арнамен дамып келеді. Сондықтан ерте ме, кеш пе, бағалар босатылады. Бәріңізге де мәлім, Кеңес Одағы тарағаннан кейін әр мемлекет түрлі экономикалық жағдайда қалды. Жаңа бір азаматтың нан бағасына айтқан пікірі де соған байланысты. Нарықтық экономиканы таңдадық, сондықтан баға әртүрлі болуы заңға қайшы емес». Ақылды адамдар ықпалды келеді деген, парасатты айтылған ойға халық та қосылды.
Президентке аудан халқы асқан ризашылық білдіріп, бірінші сапары болғасын арғымақ ат мінгізіп, шапан кигізді, ақ тілекпен бата берілді.
Халықтың көтеріңкі көңіл күйі, өзіне деген ықыласымен қанаттанған Президент қоштасуға емеурін білдіргенде, шайдай ашық аспанннан күтпеген жерден жаңбыр құйды. Нұрағаңның тегін емес екендігін жиналғандар растай түсіп, «Нұр, нұр жауды, еліміз нұрлы болады, Нұрсұлтан Әбішұлының жолы болады» деп жорып, қуаныштарын жасырмай, айқайлап айтып жатты.
Жақсы ырым деп жорып, көңіл күйінің ерекше екенін сезіп, өзім де қуанып, мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін ғой, ырым жасағым келетінін Президентке тікелей жеткіздім.
— Нұрсұлтан Әбішұлы, ғафу етіңіз, кешіріңіз, бәріміз де шексіз қуаныштымыз, аудан халқы сәт сапар тілейді, осы топтың арасында менің кішкентай балам Ақылбек бар. Кешеден бері сізді көремін деп жүгіріп жүр. Сол баланы шақыруға, сізді жақын көруіне рұқсат етесіз бе? — деп сұрадым. Президент:
– Қане, — деп келісімін берді. Жүгіріп келген Ақылбекке ақ батасын беріп, кекілінен сипады. Нұр үстіне нұр деген осы деп шаттана түстік.
… Бесін мезгілінде Президент және оның қасындағылар ұшып кетті.
Президенттің аудан ахуалымен танысқан, адамдармен пікірлескен жеті сағатқа жуық уақыты күні бүгінгідей есімде, қанағат сезіммен еске аламын.
…Арада жиырма екі жыл өткенде Елбасының Ақтөбеге келу сапарында мен тағы да оған ақ тілегімді айту мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде өткен шақ ойға оралып еді…
Балнияз ӘЖНИЯЗОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суретті түсірген Мұрат Мәмбетов,
Каз ТАГ фототілшісі.
Біз — елорданың құрдасымыз!
1998 жылы бас қаламыздың атауы Астана болып өзгерді. Сол уақыттан бастап Елордамыз экономикалық өркендеумен қатар әлем жұртшылығы мойындаған ірі қалаға айналды. Астана — еліміздегі тыныштық пен татулықтың, тұрақтылық пен экономикалық өркендеудің жарқын жетістігі бола білді. Ал осыдан он алты жыл бұрын дүниеге келген сәбилер де бүгінде Астанамен қатар өсіп келеді.
Мереке қарсаңында біз Астананың ақтөбелік құрдастарымен тілдестік.
Дархан — болашақ дәрігер
Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектептің оқушысы Дархан Жүргенбай Астанаға алғаш рет 2007 жылы барыпты. Бұған дейін Алматы, Орал, Қарағанды қалаларын аралап көрген Дарханға Елорданың көркі ерекше әсер еткен.
— Сол жылы қаңтар айында Астана қаласында тұратын ағам Қайрат үйленді. Ата-анаммен бірге мен де сол тойға бардым. Мақсатым — жаңа Астананы көру. Пойыздан түскен кезде қаланың қатты суық екенін байқадым. Келесі күні жаяу Астананы аралағым келгенмен аяздан ешқайда шыға алмадым. Бірақ туысқан ағаларым «Астана-Бәйтерек» кешеніне алып барды. Кешен маған қатты ұнады. Суретке түсіп мәз болдық. Қыс мезгілі болса да Астананың көркі ерекше екен. Көше бойындағы мұздан жасалған түрлі бейнелер сырттан келген адамға айрықша әсер қалдырса, түнде жарық беретін әдемі шамдар Елорданың көркін тіпті құлпыртып жібереді.
Болашақта Елорда орта Азиядағы ірі бизнес орталығына айналатынына сенімдімін. Себебі қалаға шетелдерден қонақтар көп келеді әрі бұл жерде іскер жастардың қатары мол. Еліміздің бас қаласы Астанада жастардың сапалы білім алып, еңбек етуіне барлық мүмкіндік жасалған, — дейді Дархан.
Дархан — мектепте үздік оқушылардың бірі. Облыстағы кіші ғылым академиясы өткізетін ғылыми жарыстарға қатысады. Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәнін сүйіп оқитын Дархан мектепті аяқтаған соң М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде хирургия саласы бойынша білім алғысы келеді. Оның бұл ойын ата-анасы да құптап отыр. Сондықтан қазірден бастап биология пәніне ерекше мән береді.
— Қазір еліміздің медицина саласы қарқынды дамып жатыр. Біздің облыстың өзінде заманауи үлгідегі ауруханалардың қатары көбейді. Сондықтан өзім туып-өскен қалада білім алып, еліме қызмет еткім келеді, — дейді Дархан.
Дархан үш ай демалыста ата-анасына қолғабыс етеді. Қасиетті Рамазан айында әкесімен бірге Түркістан қаласына барып, тарихи жерлерді аралап қайтпақ.
Астана — жастардың қаласы
Астана құрдасы Гауһар Жантаева жыл сайын Елордаға қыдырып қайтатынын айтады. Алғаш бас қалаға сапары 2008 жылы түсіпті. Туысқан апасы Эльвирамен бірге қаланың көрікті жерлерін аралап, демалысты қызықты өткізген.
— Мүмкіндік болса, жазғы демалысты Астана қаласында өткізуге тырысамын. Қалаға алғаш барғаным әлі есімде. Есіл өзенінің сол жағалауындағы әдемі ғимараттар көздің жауын алады. Ол уақытта кейбір нысандардың құрылысы әлі аяқталмаған еді. Соның өзінде қала сырттан келгендерге ерекше әсер қалдыратын.
Әр барған сайын Елордамыздың көркейіп келе жатқанын байқаймын. Әсіресе, Президент мұражайы, «Астана-Бәйтерек» пен «Думан», «Мега» ойын-сауық орталықтарында көп уақытымды өткіздім. «Думан» ойын-сауық орталығында әлем елдерінің көрнекті ескерткіштерінің макеттері орналасқан. Есілдің жағалауындағы саябақтар мен демалыс орындарын аралаудан да жалыққан емеспін. Астана этнопаркі де өте қызық. Бұнда еліміздің барлық қалаларының макеттері бейнеленген, — дейді Гауһар.
Гауһар болашақта Назарбаев университетінде білім алғысы келеді. Мақсатына жету үшін қазірден бастап оқуға ден қойған. Ол мектептің үздік оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер балалардың қатарында. Ағылшын және орыс тілі мен математика пәнін сүйіп оқиды.
— Астана — жастардың қаласы. Бұл қалада білім алып, еңбек ету әрбір жастың арманы. Мен де болашағымды осы қаламен байланыстырғым келеді. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп, оқып жүрмін. Назарбаев университетінде білікті ұстаздар мен танымал ғалымдар дәріс береді екен, әрі студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Осыған қарап алдағы уақытта бұл білім ордасының әлемдегі үздік оқу орнының біріне айналатынына сенімдімін. Ал бұндай университетті бітірген жастың жұмыссыз қалмайтыны анық, — дейді Гауһар.
Гауһар биылғы үш ай каникулда ешқайда бармай, ата-анасына көмектеседі. Қазір ол «Мега Ақтөбе» ойын-сауық, сауда орталығында жұмыс істейді. Осылайша, бос уақытын тиімді өткізуге тырысып жүр. Қыздарының бұл шешімін әкесі Нұрболат пен анасы Айсұлу құп көріпті. Бұдан бөлек қолы қалт етсе, ағылшын тіліндегі түрлі кітаптар оқиды. Бұл — тілді терең меңгеруге септігін тигізеді. Апасы Күнсұлу мен інісі Алдияр Гауһардың еңбекқорлығына риза. Күнсұлу дүкеннен ағылшын тіліндегі кітаптарды көрсе, сіңлісіне әкеліп беруге тырысады.
«Бас қалаға барғым келеді…»
Туған күні Астана күнімен тұспа-тұс келген жастардың бірі — Махаббат Жамалова Ақтөбе қаласындағы №4 қазақ-орыс орта мектебінде білім алады. Ол Астананы көруге құштар.
— Жыл сайын жазғы каникул кезінде ата-анаммен бірге Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларына қыдырып қайтамын. Бірақ әзірге Астана қаласына жолымыз түспепті. Теледидардан Елорданың көрікті жерлерін көргенде таң қаламын, мен де осы қалаға барсам деп армандаймын. Әсіресе, «Салтанат сарайы», «Пирамида», «Астана — Бәйтерек», «Триумф Астана», «Думан» сияқты ғимараттар мен «Қазақ елі», «Шабыт», «Тәуелсіздік сарайы», «Хан Шатыры» секілді нысандарды сәулет өнерінің жауһарлары санауға болады. Елорда туралы хабарларда көркіне көз тоймайтын саябақтар мен субұрқақтарды да көрсетіп жатады. Олардың өзі асқан шеберлікпен үйлесім тапқан. Көшелердің барлығы мұнтаздай таза. Бас қаланың көркіне тек ел тұрғындары емес, сырт жердің азаматтары да қызығушылық танытады екен. Оны газет-журналдардан оқып жүрмін, — дейді Махаббат.
Махаббат бос уақытында сурет салып, кітап оқығанды ұнатады. Қолы қалт етсе, анасы Гүлжамалға көмектеседі. Анасы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде, ал әкесі Сәкен мұнай саласында еңбек етеді. Махаббат болашақта анасының жолын қуып, дәрігер болғысы келеді.
— Алла бұйыртса, мектеп бітірген соң Астана қаласындағы медициналық жоғары оқу орнының біріне түскім келеді. Қазірден бастап биология, химия пәндерін тереңдетіп оқып жатырмын. Болашақта жақсы хирург болуды армандаймын. Жер-жердегі науқас жандарды емдеп, солардың алғысына бөленсем деймін. Менің басты арманым — сол. Ол үшін тынбай оқып, іздену керек. Ата-анам да өздерінің көмегін аямай, барын салып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, әке-шешеме шексіз ризашылығымды білдіремін және газет оқырмандарының барлығын шын жүректен Астана күнімен құттықтаймын. Біле білгенге бұл мейрамның мән-маңызы зор. Мен Астананың құрдасы болғаныма мақтанамын! — дейді Махаббат.
P.S.
Астана құрдастарының арманы көп. Барлығының мақсаты айқын, ойы бір. Біз жастардың мақсат-мұраттарына жететініне кәміл сенеміз.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Астана — қазақтың ұлттық астанасы!
Биыл Астана қаласының Тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш Елордасы мәртебесін алғанына 16 жыл толды. Астананың бүкіл әлем жұртшылығына сауын айтып, Елорда ретінде жұмыс жасай бастаған күнінің тарихы 1998 жылдың еншісіне жазылды.
Тоқсаныншы жылдың аяғы мен жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында жаңа Астананың құрылысына қатысты құжаттар әзірлеу бақыты сол уақыттағы Парламенттің маңдайына бұйырды.
«Елорданың әуежайға апаратын жолдың сол жақ бетінде, сол жағалауда ол кезде сай-сала, жыра, батпақ, қаулап өскен ағаштардан басқа ештеңе жоқ еді. Жиырма шақты Мәжіліс депутаты автобуспен сол жерлерді аралап, құрылысшылардың эскизін көргенде біртүрлі күмәнмен қарағанымыз рас», — дейді сол жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді АЙТАЛЫ.
Бүгінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қызмет етіп жатқан профессормен Астана туралы әңгімелескен едік:
— Астананы біз таңдадық дейміз ғой, шын мәнінде оны таңдаған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы 1996 жылы 6 шілде күні Астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді Парламент депутаттары үнсіз қабылдады. Бұл үнсіздіктің астарында келісу де, оған қоса сенімсіздік те жатыр еді. Себебі Астана — Мәскеу, Мадрид, Лондон сынды астана бола алар ма екен деген күдік болды көңілде. Сондықтан бұл шешім Елбасына да, елге де сын болды. Астананы көшіргеннен кейін бүкіл әлем Қазақстанға көз тікті, сынай қарады. Аз уақыт өткеннен кейін үлкен саяси тұлғалар тарапынан «Астана былай деді, Астана мынандай пікір айтты» сынды әңгімелер айтыла бастады, басқа мемлекеттер Астанамен санаса бастады.
Ал енді Астананың құрылысы туралы айтсам, ол кезде мен Парламент Мәжілісінің депутаты болдым. Сол кезде «Астана арнайы экономикалық аймақ туралы» Заң жобасы жасалып, ол 2003 жылы қабылдануы тиіс болды. Заң жобасы Мәжіліске келгеннен кейін, болашақ құрылыс орындарын көрейік деген ниетпен жиырма шақты депутат автобуспен сол жағалауға бардық. Елорданың әуежайға апаратын жолдың сол жақ бетінде, сол жағалауда ол кезде сай-сала, жыра, батпақ, қаулап өскен ағаштардан басқа ештеңе жоқ еді. «Мына жерде Ақорда, мына жерде Үкімет үйі, мына жерде цирк болады…» деп айтып келе жатқан құрылысшылардың эскизін көргенде біртүрлі күмәнмен қарағанымыз рас. Дегенмен, сапар соңында депутаттар автобус ішінде шағын жиналыс өткізіп: «Болсын! Жақсы сөз — жарым ырыс. Заңды қолдайық», — деп бір шешімге келдік… Астана тез өсті, батыл өсті. Осылайша, ол өз болашағына алдымен қазақ халқын, содан кейін әлемді сендірді.
— «…Астана — Мәскеу, Мадрид, Лондон сынды астана бола алар ма екен деген күдік болды көңілде», — дедіңіз. Астана сондай бола алды ма?
— Астана — Мәскеу не Лондон емес. Бұл қалалар — метрополиялар, бұл қалалар — әлемді билеуші, әмір жүргізуші қала болғысы келді, тарихта солай болып қалды да. Ал біздің Астанамыз — еркін ұлттың ордасы. Кезіндегі Доспамбет жырау айтқан «Еңсесі биік, емініп кірер ақ орда»!
Жалпы қай елдің болмасын астанасының көшірілуі — үлкен саяси шешім. Алпысыншы жылдары Латын Америкасының көптеген елдеріндегі ұлтаралық қозғалыстар нәтижесінде жүздеген мемлекет тәуелсіздік алып, өз астаналарын таңдаған болатын. Астана таңдау әлемдегі ең үлкен оқиғалардың бірі болып саналады. Жаңағы оқиға үлкен құбылыс ретінде тарихта жазылды. Бір елдің астанасын таңдағанда оның экономикалық, экологиялық, саяси тұрғыдағы рөлін қарап, саралайды. Азаттық алған жас мемлекеттің өз астанасын таңдауында үлкен бір ұлттық идея жатады. Бұл дегеніміз — бұрын отарлауда болған елдің басын біріктіру. Біздің Елордасын таңдауымыздың астарында да руға, жүзге бөлінген қазақтың басын біріктіру идеясы жатыр. Және біз сол мақсатқа әлі де жұмыс жасап жатырмыз.
Жаңа айтып кеткенімдей, астана таңдаудың астарында қазақ үшін үлкен тарихи мақсаттар жатыр. Мысалы, бір кездері әскери бекініс, кеңес үкіметі кезінде облыс орталығы болған Ақмола, кейін Целиноград, кейін қайтадан Ақмола болған қаланың Астана болып өзгеруінде де біздің ұлттық санамыздағы бұлқыныстар жатыр деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда Астана біз үшін әкімшілік те, экономикалық та, демографиялық тұрғыдан да өзгерген қала болды. Біздің ұлттық астанамызға айналды! … Алматы қазақ елінің шартты түрдегі астанасы еді. Себебі Алматының бес тұрғынының тек біреуі ғана қазақ болды. Яғни Алматы халқының 20 пайызы ғана қазақ еді, қалған 80 пайызы өзге ұлт өкілдері болатын. Мысалы, сол жылдарда Киев тұрғындарының 74 пайызы украиндар, Минск халқының 72 пайызы беларустер, бакуліктердің 70 пайызы әзірбайжандар, өзбек астанасы халқының 76 пайызы өзбектер болды. Осы тұрғыдан алғанда Алматы демографиялық көрсеткіштері жағынан ұлт астанасы бола алмады.
Ал жаңа астана — Астанамызға алғашқы күннен бастап жан-жақтан халқымыз ағылды. Жастар жағы Астанада оқуға, жұмыс жасауға ұмтылды. Қазір Елордамызда қазақтың саны көп. Қазақ тіліндегі мектептер де көбейіп келеді. Көшеде адамдардың мемлекеттік тілде шүйіркелесіп, түрлі мәдени шараларда қазақ ұлттық өнеріне тәнті болып отырған қазақ санын көп көруге болады. Осының өзінен Астананың ұлттың ұйысып, бірігуінде үлкен роль атқарып отырғанын көруге болады.
— Кейбіреулер «Астана суық қала» деп айтып жатады. Мұның мәні неде? Жалпы, бүгінде астаналық психология қалыптасып үлгерді ме?
— Астана бірден қалыптаспайды. Шаһардың сәулеті дами береді, әрине, бірақ құрылыстан басқа Астана халқының мәдениеті, психологиясы деген болады. Астаналық психология! Ол психология қазір қалыптасу үстінде. Мысалы, еліміздің оңтүстігінен, батысы мен шығысынан ағылған қазақтарды, басқа да ұлттарды астаналық ету, яғни астаналық мәдениетке, астаналық психологияға баулу бір күннің ісі емес. Француздарда: «Парижді астана ететін француздар емес, Парижді астана ететін Париждің өзі» деген сөз бар. Сол сияқты Астананы астана қылатын адамдар емес, Астананың өзі. Өзі болғанда қаланың сәулеті, мәдени орталықтары, жоғары оқу орындары, жалпы қаланың ахуалы. Кейде баспасөз беттерінде «Астана — Еуразия орталығы» деп жазылып жатады. Бұл тұста біз Астананың қала ретіндегі ұлттық маңызын ескере бермейтін секілдіміз. Сондықтан Астананы — ұлттық Астана дегеніміз дұрыс болады!
… Мен 2007 жылға дейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болып қызмет еттім. Одан кейінгі жылдары да біраз уақыт бойы Астанада тұрдым. Қазір Ақтөбедемін. Кезінде Астанаға ішінен қарасам, бүгінде сыртынан қарап, тамсанамын. Осы қаланың қалыптасуына заң тұрғысынан қолдау көрсеткенімді мақтаныш етемін. Біздің Астана өсе береді, көркейе береді. Бүгінде Елбасының батырлығы, батылдығы, тәуекелге баруы ақталды деуге болады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.
Астананың сәулеті
Астананың тарихы — Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас қаланы Алматыдан Астанаға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойған күнінен бастау алады. 1998 жылы Астананың негізін қалауға халықаралық байқау жарияланды. Қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеуде Елбасы Н.Назарбаевтың қалаға еуропалық келбет беру идеясы ескерілді.
Астана құрылысының бас жобасының авторы — белгілі жапон сәулетшісі Кишё Курокава (Kisho Kurokawa). Курокаваның бас жобалары бойынша жасалатын сәулеттік ансамбльдер қазіргі заман дизайны мен азиялық айшықты үйлестіреді. Бұл қалаға қайталанбас келбет берді, ал сұлулығы мен ғимараттарының биіктігі бойынша қала Токио, Нью-Йорк және Дубаймен таласқа түсе алады.
Атақты сәулетші Норман Фостер әлемдегі бірегей дін үйін — Бейбітшілік сарайын салды. Сәулетшінің командасы Қазақстан астанасы үшін үлкен ойын-сауық орталығы — «Хан Шатырды» салды. Дегенмен, Астананың бейнесін қалыптастырып, оған рух беріп отырған басты адам — Нұрсұлтан Назарбаев. Барлық жоба-жоспар Мемлекет басшысымен келісіледі.
Тәуелсіздік сарайы
Астанадағы сәулет жарасымдылығының көркі — Тәуелсіздік сарайы.
Тәуелсіздік сарайы — халықаралық деңгейде ірі конференциялар мен саммиттер, әртүрлі деңгейдегі жиындар мен көрмелер, концерттер мен мерекелік шаралар өткізуге болатын әмбебап сарай. Оның құрылысы 2007 жылдың желтоқсан айында басталып, 2008 жылдың күзінде аяқталды. 2008 жылғы 15 желтоқсанда салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Сарай үш қабаттан тұрады. Сарайдың бірінші-екінші қабатында баспасөз орталығы, мейрамхана, мәжіліс залдары, салтанатты кештер өткізуге арналған сахна алаңы, залдар мен көрме залдары, өнер және Қазақстан тарихы мұражайлары, қолөнер мен этнография, археология және антропология галереясы орналасқан. Ал үшінші қабатта кинотеатр, 30-дан астам кеңсе, қойма, технология мұражайы мен Астана қаласының шағын макеті бар.
Тәуелсіздік сарайында өткізілген алғашқы үлкен шара — Шанхай ынтымақтастық ұйымы үкімет басшыларының отырысы болды.
«Қазақ елі» монументі
Бұл — қазақ халқының асқақ рухының нышаны, мемлекеттіктің қастерлі белгісі. Ескерткіш кешен ақ мәрмәрдан құйылған колонналардан тұрады. Олардың ортасында биіктігі — 91 метр болатын зәулім мұнара көкпен таласады, бұл Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылды меңзейді. Биік тұғырдың ұшар басына азаттық пен мәрттіктің нышаны — самұрық құс қондырылған. Қоладан құйылып, алтын жалатылған құс мүсінінің салмағы — 2,5 тонна. Мемориалдық ансамбль бірнеше мүсіндер жиынтығынан, барельефтерден тұрады. Ата Заңға қол қойып жатқан Елбасының анты мен аманаты да сәтті бейнеленген. «Қаһарман», «Жасампаздық», «Болашақ» барельефтері де еліміздің өткені мен жаңа тарихынан сыр шертеді.
Кешеннің авторлары — сәулетші Саматбек Бөкебай мен суретші Сембіғали Смағұлов.
Бейбітшілік және келісім сарайы
Бейбітшілік және келісім сарайы — сәулет өнерінің бірегей туындысы.
Пирамидаға ұқсас тұрғызылған сарай 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды.
Бейбітшілік және келісім сарайын салу — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Сарай әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостерменнің басшылығымен салынды.
Болат пен тастан тұрғызылған сарай өзара рухани түсінушіліктің жаһандық орталығына айналды. Ғимарат экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холлы тәрізді етіп салынған.
Пирамиданың керегесі берік, салмақ түскенде майыспайтын, жуан металл трубаларынан керілген. Олар биіктей келе тот баспайтын бұрандалармен бекітілген де, алдын ала ойластырылған жоба бойынша кескінді өрнектер құраған.
Сарайдың ішкі жоспарлау мәнері де өзгеше. Ғимарат төменнен жоғарыға қарай бес қабатқа бөлінген. Бесінші қабатта, пирамиданың биігінде 200 орынды көркем зал көз тартады. Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің форумдары осы жерде Республика Президентінің қатысуымен өтеді.
Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, университет, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. Сарай ғимаратының құрылысы құбылмалы ауа райын ескере отырып салынған. Оның кіре берісі жер астында орналасқан.
ҚР тұңғыш президенті мұражайы
Еліміздің бас қаласы Астанада ҚР Тұңғыш Президенті Мұражайы қонақтардың баратын басты орынына айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Мұражайы — Қазақстанның қазіргі тарихының мұражайы. Мұражай 2004 жылдың 28 тамызында Президенттің Жарлығымен құрылды. Елбасының бұрынғы Резиденциясы ғимаратындағы алғашқы келушілерді мұражай 2005 жылдың наурызында қабылдады.
Мұражай экспозицияларының негізгі идеясы — республиканың мемлекеттік егемендігінің қалыптасуы мен тәуелсіз демократиялық мемлекет құрылысындағы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тарихи рөлін көрсету.
Былтыр Президент күніне орай ашылған «Тарихи таңдау бастамасы» атты Елбасымыздың жеке мұрағаты қорынан ұйымдастырылған көрмеде бұрын-соңды ешкім көрмеген, тарихи маңызы бар іс-қағаздар мен жәдігерлер көпшіліктің назарына ұсынылды.
Көрмеде Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағатынан бірегей материалдар жинағы: қолжазбалар, жұмыс блокноттары, күнделіктердегі жазбалар, ресми құжаттар, алғаш сайлау науқаны кезіндегі фото және бейнематериалдар жиналған. Сондай-ақ, Елбасының жеке заттары, оған берілген кәдесыйлар, жәдігерлер топтамасы бар.
«Бәйтерек»
Астананың көрнекі орындарының бірегейі — тәуелсіз қазақ елінің символына арналған «Астана — Бәйтерек» монументі. Идея авторы — Елбасы Н.Назарбаев. «Бәйтерек» 2002 жылы салынды. Бұл монумент — қазақ елі тамырын жеті қабат жер астына жіберген мәуелі бәйтеректей тарихы тереңде жатқан ел екендігінің дәлелі іспетті. Тамырым менің тереңде, жапырағым биікте, әлі де өсеміз, өркендейміз деген ұғымды береді.
Түр-түсі үнемі өзгеріп отыратын құбылмалы шыныдан құйылған алып шардың — Самұрықтың алтын жұмыртқасының диаметрі — 22 метр де, салмағы — 300 тонна.
Бәйтеректің ең биік тұсы — 97 метрдегі «Аялы алақан» композициясы. Онда ҚР Тұңғыш Президентінің алақаны таңбаланған. Оған саусағың тисе, «Менің елім» әуені шалқи жөнеледі, бүкіл Қазақстан ән салып жатқандай…
«Хәзірет сұлтан» мешіті
«Хәзірет сұлтан» мешіті — Қазақстан бойынша ең үлкен күмбезді мешіт. Оның биіктігі — 51, ені — 28,1 метр. Ал бұл күмбездің жиегіндегі 8 күмбездің әрқайсысының ені — 7,6 метр, ал вестибюль күмбезінің ені — 15,2 метр. Мешіттің айшықты келбетін 4 мұнара толықтырады. Олардың әрқайсысының биіктігі — 77 метр.
Астананың орталығында орналасқан «Хәзірет сұлтан» мешіті бір мезгілде 5 мың, ал мұсылман мерекелерінде 10 мың адамды қабылдай алады.
Айта кету керек, «Хәзірет сұлтан» мешіті 2012 жылы 6 шілдеде ашылды.
Чемпиондар мұзайдыны
VII қысқы Азия ойындары Қазақстанға үш керемет нысан тарту етті. «Алау» мұз сарайы — солардың бірі. VII қысқы Азия ойындарында «Алау» мұзайдынында 9 континенттік рекорд жасалды. «Алау» — рекордтар ұясы деген статусқа иеленіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, коньки тебу стадиондарының дүниежүзілік рейтингінде 17-орынға ие болды.
«Алау» — «жылдам мұз» дайындауға мүмкіндік беретін, соңғы үлгідегі жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған, әлемдік деңгейдегі мұз сарайы. Сарайда 8 000 орындық мінбесі бар ұзындығы 400 метрлік мұз жолы, 2 хоккей алаңы, төреші алқасы залы, баспасөз мәслихатын өткізуге арналған конгресс зал, спортшылардың киім ауыстыруына арналған 8 бөлме бар.
«Алау» мұзайдыны — кәсіби спортшыларға да, әуесқойларға да спортпен айналысу үшін кешенді қызметтер ұсынатын спорттық орталық. Ол коньки тебу, шорт-трек, хоккей, керлинг, мәнерлеп сырғанау және спорт жарыстарын өткізуге арналған. Сонымен қатар, мұнда қосымша фитнесс орталығы да бар.
Айта кету керек, «Алау» мұз сарайының құрылысы 2007 жылы басталып, төрт жылға созылды. Жұмысты «Сембол» түрік компаниясы жүргізді.
Мұхитаралы
Еңселі елордамыздың төріндегі «Думан» ойын-сауық орталығы 2003 жылдың мамырында ашылды. Ол бірегей сауықтық кешеннен, ТМД көлемінде теңдесі жоқ океанариумнан, 5D кинотеатрдан, күмбезасты кеңістіктен және басқа да бірнеше нысаннан тұрады. «Думанның» океанариумы «мұхитарал» деп те аталады. Ол — мұхит атаулыдан 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан бірден-бір океанариум. Бұл керемет мекенде теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі тіршілік етеді. Олардың жалпы саны 2000-нан асады. «Теңіз тұрғындары» үшін тіршілікке қажеттінің бәрі 11 шақырымдық құбыр арқылы беріледі. Мұндағы су бірегей жүйемен тазартылып, қажетті химиялық құраммен байытылып отырады. Океанариумда әрқайсысы 11 аквариумнан тұратын екі ірі көрме аймағы бар. Алғашқысынан пиранья, паку, теңіз шаяны сияқты Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-шығыс Азия тұщы суқоймаларының жәндіктерін тамашалауға болады. Ал екінші аймақта маржандар, теңіз инебалығы, сусиыр, түлкібалық сияқты мекендеушілер бар. Мұхиттың ірі жәндіктерін бас аквариумнан көруге болады.
«Хан шатыр»
Бұл — Орталық Азиядағы ең үлкен сауда-ойын-сауық орталығы және шатыр пішінінде салынған әлемдегі ең биік ғимарат. Атақты Норман Фостер туындыларының бірі. Нысан 2010 жылы 6 шілдеде Астана күніне орай ашылды.
«Хан Шатыр» Астана архитектурасында үйлесімді орнын алды. Ол Президент Резиденциясы мен үкіметтік ғимараттар кешенінен бастау алатын қаланың басты орталық белдеуін аяқтап тұр. Шатырдың құрылысы кезінде пайдаланылған көптеген технологиялар мен материалдардың теңдесі жоқ. Олардың кейбірі әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет қолданылған.
Ғимараттың орталығындағы кең алаң көрме және ойын-сауық шараларына арналған. Нысанның 40 000 шаршы метр аумағы дәмхана, мейрамхана, кинотеатр мен дүкендерге берілген. Сауда мен қызмет көрсету нысандарынан басқа, мұнда заман талабына сай фитнес орталығы, сұлулық салоны бар.
Тропикалық су бағы мен алыс Мальдив аралдарынан арнайы әкелінген жұмсақ құм төселген керемет жағажай — орталықтың ең қызықты орындарының бірі. Осы жерде жылдың кез келген мезгілінде тура Жерорта теңізінде демалып жатқандай сезімге бөленіп, рахат алуға болады.
Астана — әртүрлі мәдениет тоғысқан қала. Ондағы сәулет өнерінде шығыс пен батыс сәулеті үйлесім тапқан.
Интернет материалдары бойынша әзірленді.
Көрмелік нысандардың кереметі
Енді үш жылдан кейін еліміздің бас қаласы — Астанада халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің өтетіні баршаға белгілі. Әлемнің 160 мемлекеті өз өнімдерін ұсынатын айтулы шараға дайындық жұмыстары өткен жылдан басталып кетті. Көрменің өте жоғары деңгейде, талапқа сай өтуі тиіс екенін ұдайы айтып жүретін Елбасының өзі бұған айрықша мән беріп отыр.
Біз қазақ жерінде өтетін ЭКСПО-ға арналған нысандарға тоқталуды жөн көрдік.
Өткеннің озық өрнектері
Дүниежүзілік көрменің ауқымы кең. Онда тек республиканың ғана өнімдері ұсынылмайды. Жоспар бойынша ЭКСПО-ға мүше 160 елдің барлығы тақырыпқа сай өз өнімдерін әкелмекші. Ал көрменің өзін 5 миллионға жуық адам тамашалайды деп күтілуде. Және сонша адамның көрмені белгілі бір уақыт аралығында келіп көретінін келтіре кетейік. Яғни 3 айдан астам уақыт бойы Қазақстанға ат арытып келетіндердің қатары мол болады.
Әлқисса… ЭКСПО-ның баяғыдан қалыптасқан екі түрі бар: бірі — әрбір 5 жылда бір болатын әлемдік әмбебап көрме, екіншісі — екі ірі көрме арасындағы халықаралық арнайы көрме. Біздің жеңіп алғанымыз — осы аралық көрме. Біз ұтып алған жағдайдағы талап — ұйымдастырушы көрме залдарын қатысушыларға тегін ұсынады. ЭКСПО-2017 шарасының ұйымдастырушылары оны өткізуге 1 млрд. еуро қаржы кетеді деп есептеп отыр. Өйткені салынатын құрылыстардан бөлек, келімді-кетімді қонақтардың да қарасы қалың. Айталық, 2010 жылы Қытайда «Тамаша қала — тамаша тіршілік» тақырыбымен көрме өткенде, оны 70 млн. халық тамашалаған екен. Бізге де іргелі мемлекеттердің басшыларын есептемегенде, көптеген телеарналар һәм газет-журнал мен сайт журналистері, сарапшылар һәм бақылаушылардың арнайы келетіні айтпаса да түсінікті.
Жалпы, бүгінге дейін 64 көрме өткізілген 160 жылдан астам уақыт ішінде халықаралық көрменің өзіндік мұрасы пайда болды. Олар — Лондондағы Хрусталь сарайы; Париждегі Эйфель мұнарасы мен Александр III көпірі; Венадағы Ротонда күмбез астындағы павильоны, Мельбурндегі патшалық көрме павильоны, т.б. Аталған нысандар өтіп кеткен көрмелердің басты жаңалықтары болса да, олар қазірде де өз бағасын жойған жоқ. Осы ғимараттардың барлығын «Экспо» көрмесі өмірге әкелді. Аталған елдер халықаралық көрме өткізу арқылы өзінің болашағын, мәдениетін қалыптастырып алды. Болашағын дейтініміз, бұл нысандарды, зәулім ғимараттарды көру үшін әлемнің әр түкпірінен келетін туристер көп. Мәселен, Эйфель мұнарасын бір ай ішінде 2 млн. халық аралап кетеді екен. Мұнда ең атақты қылқалам шеберлерінің түпнұсқадағы картиналары қойылған. Лондондағы Хрусталь сарайы халықаралық көрменің нағыз үлгісі әрі феноменіне айналған.
«Біздерде мынадай болады…»
Көрме кешенінің ең үздік эскиз-идеясына арналған байқауда «Adrian Smith+Gordon Gill» компаниясы жеңіске жеткен еді. Енді шетелдік сәулетшілер Астананың ажарын аша түсуде маңызы зор ЭКСПО-2017 нысандарын тұрғызуға атсалысатын болады. Олардың бірқатарының ұлы жобасы дайын тұр.
ЭКСПО-2017-ге арналған «Adrian Smith+Gordon Gill» дизайны жаңартылмалы ресурстардың көмегімен өндірілетін бүкіл энергияны ЭКСПО аймағы жұмсайтын Болашақ Энергиясының тұжырымдамасын қамтиды. Ғимараттар «ақылды желі» арқылы жеткізілетін инновациялық технологияларды пайдаланатын энергия генераторы болатындай етіп құрастырылады. Одан басқа, ЭКСПО аймағы көліктің жаңартылмалы жанармайға көшуін қолдайтын инфрақұрылымды қамтамасыз етпекші.
Барлық құрылыстар қуатты Күннің көзінен және/немесе желден алатын «Энергетикалық станциялар» түрінде әзірленбекші. Ғимараттар осы энергияны пайдаланады немесе аймақты энергия жинақтау үшін қолданылады. Екі бөлікке бөлінген, 174 гектар жерді алатын жоба көрме және мәдени павильондардан, тұрғын аудандардан, қызмет көрсету орындарынан, соның ішінде «шоппинг», әлеуметтік-мәдени, оқу және қоғамдық оңтайлылық орындары, саябақтар, паркингтерден тұрады.
Атап айтсақ, ЭКСПО-2017 көрме алаңының айқындауыш нышаны Қазақстан Павильонының (20,000 шаршы/м) сфероидты ғимараты болып табылады. ЭКСПО-Ситидің ортасында орналасқан павильон өнімділігі жоғары қасбеттің сыртқы қабатының құрылымымен әзірленген: ішкі көріністегі шамадан тыс күн сәулесінің бір уақытта қысқаруы кезінде энергияның өндірілуін ұлғайту, жылу шығынын азайту мүмкіндігін беретін орнатылған мөлдір шыны және біріктірілген фото-электр элементтері. ЭКСПО-ның барлық ғимараттары олардың бағыты мен орналасуын барынша пайдаланатындай етіп жоспарланған.
Шар түріндегі әлемдегі ең үлкен ғимараттың да орны бөлек. Көрме кешенінің жобасына жауапты «Adrian Smith+Gordon Gill» компаниясының серіктесі Р.Форест ЭКСПО-2017 көрме кешенінің орталық ғимараты әлемде сфера (шар) түріндегі ең үлкен ғимарат болады деп бағалап отыр. Үш қабатты ғимараттың диаметрі 150 метрге дейін жетеді екен. «Бұл табиғатта ең көп таралған форма, оның материалдық бөлінісі тиімді әрі құрылымдық тиімділігі де жоғары» дейді сәулетші. Қазақстандық павильонның эскизі табиғаттан үлгі алуға әрі болашақ экологиялық дизайнды қалыптастыруға мүмкіндік бермекші.
Бұдан басқа нысандардың қатарында «Энергия әлемі», «Тіршілік үшін энергия», «Менің болашақ энергиям» павильондары бар. Олардың аумағы нақты құрылыста шамамен әрбіреуі 4000 шаршы метрден, жалпы аумағы 16000 шаршы метрді алады деседі.
Ұлттық стиль ұлықталады
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтың айтуынша, аталған нысандарда ұлттық колорит һәм стильге айрықша мән берілетін болады. Соның арқасында шетелден келген меймандар естелік үшін суретке түскенде кешеннің Қазақстаннан екені «менмұндалап» тұрады. «Бұл жай ғана сәулеттік стиль емес, ол бірден танылатын архитектура болады. Ұлттық колорит бірден байқалады» — дейді осы істің басы-қасында жүрген дизайнер мамандар.
Жалпы, құрылыс кезінде тың сәулеттік шешімдер мен технологиялар іске асырылады. Нысандардың көбі «жасыл» энергетикамен қамтамасыз етіледі. Яғни жел, күн қуатымен қызмет етеді.
— Ең бастысы, көрме кешенін салуда әлемдік сәулетшілердің тәжірибесін үйреніп, жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Бұл құрылыстың негізгі пайдасы — отандық құрылыс материалдарын қолданамыз.
Көрмеден кейін Қазақстанның бас қаласына көзге көрінерлік алып сәулет кешенімен қатар, жаңа инновациялық әлеует мұраға қалады. Яғни Астана қоршаған ортаға қауіпсіз тұрақты энергетиканы дамытудағы әлемдік көшбасшы қалаға айналады. Бұл жетістік қарқынды түрде дамып келе жатқан Қазақстанды әлемдегі «жасыл» бағытта жылжитын бірден-бір мемлекет ретінде көрсетеді, — деді журналистерге берген сұхбатында Т.Ермегияев.
P.S. Үстіміздегі жылдың II тоқсанынан, осы шілде айынан басталатын көрме кешенінің құрылысы 2016 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл халықаралық деңгейдегі айтулы шараның арқасында Алаш елінің аты кезекті рет айдай әлемге танылып қана қоймай, ЭКСПО-ға арналып салынған инфрақұрылымды нысандар көрмеден кейін де жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады. Ендеше, берекесі мол істің қайырын көруге жазсын!
Ғаламтор материалдары негізінде дайындаған Айбек СЕРІКҰЛЫ.



