«Ақтөбе»-90

«Ақтөбенің» тоқсан жылдығы тойланды

«Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдық мерекесіне арналған салтанатты жиын Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрда өтті. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, сондай-ақ,  облыстық басқармалардың басшылары мен мәслихат депутаттары, ауданнан шақырылған арнайы қонақтар мен ардагер журналистер қатысты.

Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің орындауында  Түркештің күйі «Көңілашармен»  басталған жиында  «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев тоқсан жылдық тарихы бар басылымның өткені мен бүгіні туралы баяндама жасады.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жиналғандарды газеттің мерейтойымен құттықтады.

— Жиырмасыншы жылдардың басында дүниеге келген «Ақтөбе» газеті — өңірдің жылнамасын ғасырға жуық уақыт жазып келе жатқан басылым. Тарихтың талай соқпағынан өткен газет әркез елмен бірге болып, халықтың мұңын бөлісті. Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген Ақтөбе облысының бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді.

«Ақтөбе» — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ел Үкіметінің саясатын сындарлы жүргізіп келе жатқан, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымының бірі.  Алдағы уақытта да ел мүддесі жолында бірлесіп еңбек етіп, еліміздің гүлденуі жолындағы шығармашылық еңбектеріңізде толағай табысқа жете берулеріңізге шын жүректен тілектестігімді білдіремін, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін Сара Нұрқатова басылымда ұзақ жыл еңбек еткен ардагер журналистер Нұрқайыр Телеуов пен Нұхы Қартбайұлын және газеттің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев пен бас редактордың орынбасары Ертай Ашықбаевты, жауапты хатшысы Сәтжан Дәрібайды облыс әкімінің Алғыс хаты және  ақшалай сыйлығымен марапаттады.

Жиында облыстық мәслихаттың атынан әлеуметтік мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қайырбек Тоқтаров  құттықтау сөз сөйлеп, газет қызметкерлері Динара Санғұловаға, Гүлмара Айназароваға, Әсел Нұғымановаларға мәслихаттың арнайы сыйлығын табыс етті. Ал Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева газет тілшілері Ардақ Қонақбаева, Мейрамгүл Сатаева, Айнұр Жалмағанбетоваларға, сондай-ақ, компьютер бөлімі меңгерушісі Нұрша Биданова мен корректор Серік Бисеновке және газет қызметкерлері Аслан Сыдықов пен Әлібек Кангереевке қала әкімінің ақшалай сыйлығын табыстады. Мерекелік жиында газет қызметкерлері Қалдыгүл Мырзатаева мен Айнұр Қалиева Ақтөбе қалалық мәслихатының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Бұдан соң ардагерлер Нұрқайыр Телеуов пен Нұқы Қартбайұлы сөз сөйледі. Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де өз лебіздерін білдірді. Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қасымжан Байсадақов құттықтау сөз сөйлеп, ардагер журналистер Төлеміс Меңдіғали мен Амангелді Мектепбаевқа «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі мен куәлігін тапсырды. Ал «БАҚ — 4Б» ЖШС-ның директоры Бақыт Жаншаева, «Керек-инфо» газетінің бас редакторы Самал Әбдірахманова әріптестерін құттықтап, арнайы сыйлығын ұсынды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің басшылары да газет ұжымы мен оқырмандарына тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, Ұлттық банктің облыстық филиалы, облыстық сот пен прокуратура және аудан әкімдіктерінен келген өкілдер газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Салтанатты шараның соңында «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның директоры  Мейірхан Ақдәулетұлы қонақтарға алғысын білдірді.

Бұдан кейін шара  жергілікті өнерпаздардың ән кешімен жалғасты. Светлана Айтбаева, Манзура Сапарова, Жансұлу Қожабаева халық әндерін нақышына келтіріп орындаса, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі Қазанғап пен Дәулеткерейдің күйлерін шебер орындап, көпшілікті бір серпілтіп тастады.

 

P.S.

Газеттің торқалы тойында басылым қызметкерлерін басқарма басшылары ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Олардың қатарында облыстық денсаулық сақтау, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, мұрағат  және құжаттама, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармалары бар.  Сондай-ақ, «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы мен  мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалы да газет ұжымын арнайы құттықтады.

 

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button