Саңлақ сүлей – базар жырау
Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаевтардың назарын аударған. С.Сейфуллин «Бұхар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау» десе, М.Жұмабаев «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған» деп Базар жыраудың ақындық қабілетін жоғары бағалаған. Базар жырауды атақты Тұрмағамбет шайыр Ізтілеуовтің өзі ұстазым деп ұлықтап өтсе, М.Байділдаев «Кеншімбай, Оңғар, Жиенбай, Жорықбай, Кете Жүсіп, т.б. ақын, әнші жыраулар Базар жыраудың мектебінен үлгі алған түлектер», — деп Базар жыраудың бағасын асыра түседі.
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романы Базар жыраудың өмірі мен өнерін қамтып жазылғаны және бар. Бұл романда дәстүрлі жыраулық өнердің қыр-сыры Базар жырау бейнесін сомдау арқылы ашылған.
Базар жыраудың шығармалары кеңестік кезеңде «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алдаспан», «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» жинақтары мен «Базар жырау шығармалары» (А., «Жазушы»,1986) кітабына енсе, егеменді ел болған тұста «Жәмиғы қазақ бір туған», «Назбедеу» жинақтары күйінде және «Сырдария кітапханасының» құрамында 1 том болып жарық көрді.
Базар жыраудың әдеби мұрасы филолог мамандар даярлау барысында курстық, дипломдық жұмыстарға, магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертацияларға зерттеу нысаны болып келе жатқанына да көп болды.
Реті келгенде айта кетуіміз керек, Сыр сүлейлерінің шығармашылығы — қазақ әдебиеті делінетін үлкен өнердің құрамдас бөлігі яки бүтіннің бөлшегі. Әдебиетіміздің басқа кезеңдерімен салыстырғанда толық хатталуға жақын қалды деп жүрген ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі кез келген мәселені, демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларынсыз зерттеп-зерделеу дұрыс бола бермейді. Сондай-ақ Сыр сүлейлері шығармаларының әдебиет тарихындағы өзіндік орнын, ерекшеліктерін бүгінгі әдебиеттанудың талап-талғамына сәйкес айтып та отыруымыз қажет.
Негізінен ескіше (арабша) сауатты болған Сыр сүлейлері өздерінің шығармашылықтарында шығыстың классикалық әдебиеті дәстүріне шындап ден қойған болатын. Шығыстық өркениетпен аралас-құралас дамуға кеңестік республикалардың әдебиеті мен өнеріне саналы түрде тосқауыл қойылды. Ұлттық көркемөнеріміздің өркениетті елдердің әдебиетімен, өнерімен шығармашылық байланыста болып, сырттай түлеп, іштей түрленіп өсуіне қойылған бұндай тежеуді Сыр сүлейлері шығармашылықтары да бастан кешті. Діни сюжетті, шытырман оқиғаға толы, негізінен, гуманистік идеяларды насихаттайтын қисса-дастандардың талайының өмірі қысқарды. Көзі қарақты, көңілі ояу адамдардың қолында қалып, күні бүгінге дейін сақталып келген осындай қисса-дастандардың мазмұнында адам миын улайтындай, рухани дүниесіне теріс әсер ететіндей еш нәрсе жоқ. Керісінше, шығыстық өркениет пен әдебиет дәстүрін меңгере отырып жазылған бұндай шығармаларда мұсылман дінінің гуманистік идеялары, адамгершілік сапалар насихатталады. Бұл айтылғандардың Ешнияз сал, Базар жырау, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет Ізтілеуовтердің шығармашылықтарына тікелей қатысты екенін айтсақ, ақиқат ауылынан алыс кетпейміз.
Базар жырау — дәстүрлі ақын. Есін білгелі ел аузындағы жыр-термелерді, толғау-дастандарды жаттап өсу — жыраудың балалық шағына тән базарлы уақыты, ал халық ауыз әдебиетінің мол қазынасы, тарихи әдебиеттің тағылымды мұралары, өзі өмір сүрген өнер ортасы — бұлар оның өмірлік те, өнерлік те оқулықтары еді.
«Құлаштап дүние сені қармансам да,
Керімі келген шығар ер Қорқыттың», —
-дейді Базар жырау. Бұл жолдардағы Қорқыт есімі жай ғана атала салған деп ұғынбағанымыз жөн. Бір қызығы, Сыр сүлейлерінің барлығы да өздерінің жыр, толғауларында Қорқыт есімін атап отырады, өздерінің туындыларын Қорқыт дәстүрінің жалғасы деп меңзейді. Демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларын Қорқыт дәстүрінен бастау алатын, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақын-жыраулар шығармаларымен тығыз байланыста дамып келіп, әдебиет тарихына алтын қор болып қосылған құнды дүниелер деп есептейміз. Базар жырау шығармалары да өзінен бұрынғы әдебиетпен табиғи тамырлас болып келіп, әдебиеттің ұлттық дәстүрін жалғастырған. Ұлан байтақ территориямыздың кеңдігіне, баспа ісінің кешеуілдеп келуіне қарамастан әдебиет дәстүрінің еліміздің әр жерінде қанатын кең жайып, тарап, мықтап орнығуы, тарихи әдебиет туындыларының ұлттық дәстүрге қара тастай берік болуы — ғажайып құбылыс. Әдебиет туындыларының ұлттық дәстүрге тұрақтылығы қазақ көркемөнерінің дәстүрлілігінің өміршеңдігін және мәуелеген жемістей жасампаздығын дәлелдейді.
Өнердің мұраты — адамзатқа қызмет ету. Өнердің тақырыбы — адам тағдыры. Жанрлық тұрғыдан алғанда қазақ поэзиясының дәстүрлі түрі толғаудың да туу, қалыптасу, даму арналарының болатыны секілді, бұндай процесті әрбір әдебиет өкілдерінің шығармашылығы да басынан өткереді және әрбір әдебиет өкілінің ұлттық әдебиет дәстүріне қосқан үлесі оның суреткерлік қарым-қабілеті, таланты, өмірлік тәжірибесі мен білім-білігіне тікелей байланысты болады. Осы тұрғыдан келгенде Базар жырау — ұлттық әдебиет дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оны байытушы.
Базар жырау шығармашылығында, біздіңше, адам, адам тағдыры туралы айту ерекше орын алды, адам туралы жаппай айтудан толғау үлгілі өлеңіміздің тарихында алғаш рет нақты айту, мораль, адамгершілік сапалар мен адамдық қасиеттерді көркем шығарма нысанына нақты адамды ала отырып жырлау жүзеге асты. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлау арқылы Базар жырау шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетілдіре түсті, көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын жолға қойды. Кез келген өнер туындысының бойынан адам бейнесі, оның жан-жақты жасалуы, сомдалуы неғұрлым айқын көрінсе, бұндай ерекшелік әдебиеттің соғұрлым нәтижелі даму жолына түскенін, есейіп келе жатқанын дәлелдей түседі. Демек, поэзиямыздың тарихындағы барынша жетілген, өмір құбылыстарының философиялық мәні мен маңызын, адам өмірінің саяси-әлеуметтік мәселелерін терең жырлайтын Базар жырау толғауларын өз заманының үздік туындылары болды деп нық айтуға болады. Мысалы, жыраудың «Әр кемелге бір зауал» толғауында адам, аң-құс, жануарлар бейнесі типтендіріле отырып, өмір құбылыстарының мәні ашыла түседі, дүниенің жалғандығы мен өткіншілігі, өзгермелілігі «батыр — бір оқтық, бай — бір жұттық» дегендейін ыңғайда жырланады. Желге жеткізбес жүйрік аң — кер құлан, назбедеу тұлпар, қыран бүркіт, бай мен батыр — Базарша айтқанда бәріне де зауал бар, мәңгілік еш нәрсе жоқ. «Әлі де сенде арман жоқ» делінетін толғауда да сондай:
«Көзі ақықтай сүзілген,
Маржандай тісі тізілген,
Келімі келген кермиық,
Сағағынан үзілген,
Белгілі ару қор болып —
Кімдерден жылап қалған жоқ»,
— делініп ару жайында, одан әрі тұлпар ат, батыр туралы айтылып кетеді. Образды ойлаудың бейнелілігі, көркем тіл дәстүрлі қазақ поэзиясын осы тұста да Базарға тән анық ақындық қолтаңбамен байыта түскенін байқау қиын емес. Қазақ әдебиетінің дәстүріне өзіндік мәнерімен ендіріп жіберген осындай үздік үлгілі толғауларын Базекең одан әрі түрлендіре түседі. «Ел жақсыларында» жырау тарихи тұлғаларымызды басқаларға үлгі ете жырлайды. Осы бағыт «Сұм дүниеде» одан әрі жалғаса түседі. Сұм дүниеден бәрі өткен: олар — Әбілқайыр, Нұралы, Есім, Тәуке, Жәнібек, Абылай мен Жәңгір хандар, олар — Баба түкті шашты Әзиз, Сейтпембет, Мағзам, Марал ишан, Софы Әзиз әулиелер, олар — Жабағы, Сыпа, Өтеген, Ақмырза, Қуан, Көшермен батырлар, олар — Қазыбек, Төле, Әйтеке, Мөңке, Көбек, Өтетілеу, Сарытай, Тампыш, Мұрат, Киікбай билер, олар — Жанқожа, Есет, Қыстаубай, Қасым, Сейіл, Бұхарбай, Малайсары, Жантайлақ, Сәмет, Тоғанас, Қарадос, Өске, Бұдабай, Серәлі, Садыр, Орынбай, Шернияз, Шыман, Өтеген, т.б. батырлар мен билер, ақындар мен жыраулар. Бұл айтылғандар — бүкіл қазақ жұртшылығына танымал есімдер. Осыншама тарихи тұлғаларды қамтып жырлау, олардың өмірін өзгелерге үлгі ете отырып толғану Базар жырауға дейінгі ешбір жырауда болған емес. Өз өлкесі мен елінің елеулілерінің есімдерін елеп, өмірлерін көркем шежіреге айналдыра отырып жырлау — Базар жыраудың дара қолтаңбасы. Бүгінгі ұрпақтың жоғарыда аталған есімдерге бейжай қарай алмайтыны, ата-бабаларының атын есітіп, жанын түлетіп, санасын жаңғыртатыны өнердің арқасы, Базар арқылы бізге жеткен мағыналы мағлұмат, құнды деректің әсері екенін айтуымыз керек. Аталған толғаулардағы осыншама адамдардың аттарының аталуы, оларға бірде тікелей, кейде жанама түрде болса да мінездеме, сипаттама жасалуы, сөйте отырып әділ биліктің, көшелі ой мен пайымды парасаттың, сұлулық пен батырлықтың, отансүйгіштік, туған жерге, елге адалдық, т.б. адамгершілік қасиеттердің насихатталып отыруы Базар жырау тұсындағы толғау үлгілі поэзиямыздың өскен өрелі биігі, жеткен жетістігі болып табылады. Адамдық бітім-болмысқа, адамгершілік қасиеттерге қатысты нысанаға алынған, мысалға келтірілген кісі аттары, толғау кейіпкерлері бір қарағанда екінші жоспарда, негізгі мәселенің фонында ғана жырланып өтетіндей болып көрінгенімен, шынтуайтында бұндай ерекшелік толғау жанрының уақыт пен кеңістік алдындағы мүмкіншілігін молайта түсіп, өлең өміріне адам кейпінің, бейнесінің дендей түсуіне жағдай жасап отыр. Базар жырау өзі көтеріп отырған мәселенің мәні мен маңызын осы кейіпкерлерінің адамдық мінез-құлқы мен адамгершілік қасиетін ашу арқылы дәлелдеп береді. Дәл осындай жанрлық сипат толғаудың әдебиет туындысы тұрғысынан негізгі қызметі өмір мен адам танытушылық функциясын толық атқарып шығуына мүмкіншілік жасайды. Толғау өлең өміріне әдеби кейіпкерлерді молынан енгізе отырып, жанр жүгін деректі, нақтылы тарихи адамдар туралы айтумен ауырлата түсу — Базар жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлкен жаңалығы.
Демек, Базар жырау туындылары өз кезі үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де көркем шығарма ретіндегі қызметін мінсіз атқарған құнды дүниелер болды. Екіншіден, толғау жанрының үздік үлгілері күйінде әдебиет тарихына үлкен үлес болып қосылған Базар жырау толғаулары өз кезіндегі әдебиет өкілдерінің шығармашылықтарының дамуына игілікті әсер етті, бұл бағытта жетекшілік роль атқарды, қазақтың кәсіби жазба әдебиетінің қалыптасып, дамуына толық алғышарт бола аларлықтай жағдайда болды. Жауыннан кейінгі көктей дүр ете қалып, бірден кәсіби әдебиеттің даңғыл жолына түсіп, дамуға бет алған қазақ әдебиетінің құнарлы топырағы Базар жырау сияқты сирек таланттыларымыздың шығармашылығы болғанын түйіндер едік.
Кез келген көркем туынды өмір құбылыстарының күнгей жақтарымен бірге, көлеңкелі тұстарын да көрсете алуымен құнды. Базар жырау толғауларындағы негізгі тақырыптар: өткінші дүние, өзгермелі өмір, адам өмірінің қысқалығы, т.б. жырланғанда адамдық мінез-құлықтың жақсы жақтарының айтылуымен бірге, жағымсыз тұстары да сыналып отырады. Оның «Нарманға», «Лепес туралы», «Маутанға», «Қаражан болысқа» толғаулары — осы бағыттағы туындылар. «Қаражан болысқа» — 220 жолдан тұратын көлемді туынды. Базар жыраудың осындай көлемі жағынан ұзақ толғауларының кейінгі ұрпаққа жетуінің бір сыры олардың сол кездің өзінде-ақ хатталып отырғанынан болу керек. Толғаудың композициялық құрылымы, сюжеттік желісі негізгі ойды, идеяны ашу үшін шебер қиюластырылған. Базар жырау бірден Қаражанның сараңдығын бетке баса жөнелмейді, оқырманын ойға шақырып, тыңдарманын тебіреніске түсіріп, адам болмысындағы мінез-құлықтар сырын ұзақ толғап кетеді. «Біреу мәрт, біреу жомарт, біреу нәмәрт» деген сыңайлы адамдар арасындағы алыс-беріс қарым-қатынастардың қазақы тұрмыстағы орнын, маңызын жырлай отырып, оларды жіктеп-жіліктеп тастап отырады. Тыңдарманын еріксіз баурайтын толғаудың әр жолы ойлы, тұжырымды, әр сөзі — алтын, бейнелі, үлгілі.
Ойды ашып отыруда:
«Арғымақ шаба алмайды тер қатқан соң,
Арық ат қисаңдайды ер батқан соң», —
дегендей поэтикалық контраст құрайтын жолдарды жиі қайталап отыру — Базар жырау стиліне тән әдіс. Базар жырау толғауларындағы ой мен сезімнің белгілі оқиға сілемімен, сюжеттік желімен беріліп отыратынына «Қаражан болысқадағы»:
«Сыпалар тыңдап сөзді мен айтқан соң,
Еміреніп есіткендер судай тынды,
Көңіліне жағып Кеңес ұнатқан соң,
Ұлықсат еттің болыс таң атқан соң», —
делінетін жолдар дәлел. Осындай баяндаулар арқылы негізгі идеяны бірнеше қырынан келіп қайталап отыру тақырып ашудағы кәсіби шеберліктің жарқын мысалы болатынын жоққа шығара алмаймыз. Болыстың сараңдығын айтпас бұрын Қаражанның руы Кетеден шыққан игі жақсыларды, атақты адамдарды: Бекмырза, Пірен, Тұңғышбай, Дәуімшар, Қитар, Жұбанбай, Нысанбай, Бекет, Аман, Барақ батыр, Садыр молда, Мыңжасар, Ешнияз, Мырзабектерді жақсы жақтарынан атап өтеді. Домбыраның құлақ күйін келтіргендей осыларды термелеп атап алғаннан кейін:
«Қаражан асып тудың Жиенбайдан,
Мен сені кем көрмеуші ем Атымтайдан,
Дүниенің қызығына түсемін деп,
Талайлар құр қалып жүр абыройдан,
Өзі арық, өзі жауыр, алжыған көк,
Қолыңа қапелімде түсті қайдан», — деп бір түйреп кетеді. Осындай мазмұндағы тирадалар ұзақ толғаудың өн-бойына бірнеше рет қайталанып отырады. Мақтамен бауыздағандай сараңдықтың сырын сызылта отырып түйрей беру сөз түсінетін адамға оңайға соқпасы анық. Базар жырау Қаражанды сөз өнерінің құдірет-күшімен осылайша тірілей өлтіргенге ұқсайды.
Толғау үлгілі поэзиямыздағы оқшау үрдіс жырауларымыздың өз бейнелерін сөзбен сомдауы, жырмен жасауы болып табылады. Жалпы өлең сөздің теориясында ақындық «мен», жыраулық «мен» делінетін ұғымдардың маңызы зор.
Суреткердің стильдік даралығы, көркем шығарманың жанрлық сипаты, ерекшелігі, т.б. қисын-қағидаларды жыраулық немесе ақындық «мендер» яки суреткердің өнердегі өз бейнелерін жасау арқылы түсіндіруге болатынын естен шығармаған ләзім. Басқаларды айтпағанда ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтитын поэзиямызда осындай өнерлік ұғымға қатысты жыраулық бейнелердің небір әсем үлгілерін кездестіруге болар еді. Жыраулар үшін шабыт шақыруға, әруақтануға тиесілі көрінетіндей осы бір авторлық бейнелердің, ақындық шығындаулардың сөз өнеріміздің теориясында өзіндік орны бар.
«Әлім менен Шөменнің,
Мен едім даңқты шайыры,
Екі енені тел емген,
Күшпек санды күреңмін,
Төсімнен тартса жетпейтін
Жуандықтан айылы,
Өзімдей-ақ ұл туар,
Бір адамның зайыбы.
Қабыл алмай алдымнан,
Қазақ халқы кеткен жоқ,
Сөзімнің келсе қайымы».
Базар жыраудың шалқар шабытын, әруақты ақындығын, талантының тегеурінділігін дәлелдейтін бұндай өлең жолдарының үздік үлгілілігі өз алдына, жыраудың осындай жолдарды саналы түрде қайталап отыруы, таңдаушыларының назарын өзіне үнемі аударып отыруға ұмтылуы ерекше деп қоюға тұрарлық жағдай
Саф алтындай жарқыраған, қарапайым да қатпарлы, мазмұнды әрі мағыналы, нақты, затты, көркем, бейнелі, шырайлы ана тіліміз, сөз мәйегі мен асылы — Базар жыраудың әдеби мұрасының айрықша сипаты. Тіл шұбарланбаған, мөлдіреген сұлу сөз дала жырауларының соңғы өкілі Базар жыраудың шығармашылығында тұнып тұр. Ашығын айтар болсақ, Базар жыраудан кейінгі Сыр сүлейлерінің шығармаларында тіл шұбарлау элементтері кездеседі, араб-парсы сөздерінің орынды-орынсыз қолданылулары ұшырасады.
Базар жырау шығармалары қазақ халқының қандай ұрпағының болмасын жанына сәуле, рухына қуат құя беретініне ешқандай күмән жоқ.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.



