Денсаулық

ЖИТС: үрей мен үміт

Биыл төрт айдың ішінде облыста адам иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған алты адам тіркелген. Бұл мәліметті таратушы жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығы соңғы жылдары ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтыратындардың саны көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. 

Аурудан айыққың келсе…

Мен ұзақ жылдардан бері осы кеселдің алдын алумен айналысып жүрген мамандардың бірімін. Көпшілік арасында бұндай ауру жезөкшелер, есірткі қолданушылар, гомосексуалистер арасында ғана кездеседі деген түсінік қалыптасқан. Бірақ қазіргі таңда АИТВ-ға кез келген адам шалдығуы мүмкін. Әсіресе, соңғы уақытта ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар саны көбейді. Олардың көпшілігі кездейсоқ кездесудің соңы осындай жағдайға тап қылғанын айтады. Ал ауруды жұқтырғанын білгеннен кейін емге келмейтіндер де бар. Оларда «бұл ауру емделмейді, сондықтан емделіп керегі не» деген түсінік қалыптасқан. Бір ғана мысал, 1989 жылы облыста алғаш осы дертті жұқтырған адам, қазір жүйелі ем қабылдағанның арқасында өмір сүріп жатыр. Отбасын құрып, балалы-шағалы болды. Сондықтан аталған дертке шалдыққанын білген азамат дереу дәрігердің бақылауында болуы керек, — деді облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаева.

АИТВ вирусы ағзаға түскеннен кейін бірден ақ қан түйіршіктерін зақымдауға кіріседі. Вирус бір мезетте миллиондап көбейіп, ақ қан түйіршіктерін біртіндеп жоя бастайды. Ақ қан түйіршіктері азайған сайын адамның қорғаныс қабілеті төмендейді, иммундық жүйесі зақымдалады. Сөйтіп, иммунитеті жоғалған адам кез келген ауру түрінен өліп кетуі ғажап емес. АИТВ жұқтырған адам ешқандай ем-дом қабылдамаған жағдайда 5-6 жылдың, әрі кеткенде 10 жылдың ішінде өмірімен қоштасуы әбден мүмкін. Бірақ әлем медицинасы ойлап тапқан препараттарды дәрігердің кеңесімен уақытында қабылдап отырған жағдайда дәрі-дәрмектер ағзадағы ақ қан түйіршіктерін көбейтіп, вирустың белсенділігін төмендетіп, науқастың ұзақ өмір сүруіне кепілдік береді.

Тимурдың «түсінігі»

 

АИТВ вирусын жұқтырған адамдардың көпшілігі бірнеше жылға дейін өзінің ауырғанын сезбей, сау адамша жүруі мүмкін. Егер ол  адам тиісті емін алмаса, уақыт өте келе оның бойындағы бұл дерт асқынады. ЖИТС орталығындағы емделушілердің көпшілігі ауруын асқындырып алғандар. Соның  бірі — Тимур.

— 2002 жылы Ресей Федерациясының жоғарғы оқу орындарының біріне құжат тапсырмақ болдым. Адам иммун тапшылығы вирусына сертификат алу мақсатымен  ЖИТС  орталығына барып, қан тапсырдым. Келесі күні тексеру қорытындысы  белгілі болды. Тестілеу нәтижесі жұқпаның бар екенін көрсетті. Бірақ бұл қорытындыға сенімсіздік танытып, қателік кеткен болар деген оймен қайта тапсырдым. Тексеру қорытындысы өзгермеді. Орталық мамандары есепке тұрып, дәрігердің  тұрақты бақылауында болу керектігін,  мамандандырылған медициналық көмектен бас тартпауымды ескертті.  Дәрігерлер   құпиялылықтың сақталатынына  кепілдік  берсе де, «таныс-жақындарым менің диагнозым туралы білсе, не болады?» деген үрей  туды. «Өзімді жақсы сезінемін, олай болса неге мен есепке тұруым керек, өзімді неге барлығына жария қылуым керек» деген оймен  дәрігерге есепке тұрмайтынымды айттым. Дәрігер АИТВ жұқпасының салдары бірден байқалмай, бірнеше жылдардан соң білінуі мүмкін екендігін ескертті. Мен жас едім, айналамдағы өзгерістердің барлығына жеңіл қарадым. Дәрігерлер қанша айтса да, бұл жағдайдың  күрделілігіне мән бермеппін. Содан кейінгі жылдар зымырап өтіп жатты, тек жеті жылдан кейін ғана денсаулығым сыр бере бастады, — дейді Тимур.

Алғашында Тимур қатты арықтап кеткеніне мән бермеді. Бірақ уақыт өткен сайын бойын әлсіздік билеп, қатты жөтелге тап болды. Учаскелік дәрігерге барып қаралғанында өкпе қабынуы деген диагноз қойды. Сөйтіп, ем қабылдай бастайды. Алайда, жағдайы нашарлай берді. Сонда ғана ЖИТС орталығы дәрігерінің айтқан сөздері есіне түсіп, орталық дәрігерлерінің көмегіне жүгінуге шешім қабылдайды. Орталық мамандары тексеру жүргізіп, иммунитетінің тым төмендеп кеткенін айтады. Тез арада емдеу амалдарын жүргізеді. Тағайындалған антиретровирустық терапиядан соң жағдайы жақсарып, салмағы да артып, иммунитеті де жоғарылай бастайды. Бүгінде Тимурдың есепке тұрып, тұрақты терапия қабылдап жатқанына бес  жыл болыпты.

Бұл вирусты жұқтырған адамдар мен сияқты жеңіл ойға салынып, үрейге бой алдырмағандары дұрыс.  Ескі көзқарастан арылып, уақытында ем алса, бәрі жақсы болатынына сенуі керек. Мен секілді емді кеш бастағандығына өкініп қалмаса екен деймін. Қазіргі таңда елімізде  халық үшін, оның ішінде біз секілді науқастарға жақсы жағдай жасалған. Тегін медициналық көмек те көрсетіледі. Оған да өзім көз жеткіздім.   Осы орайда маған өмір сүру мүмкіндігін сыйлаған, бойыма жігер мен күш берген, жарқын болашаққа деген үміт отын тұтатқан,  жүрегіме   сенім ұялатқан   ЖИТС орталығының  дәрігерлеріне  алғыс айтқым келеді. Дәрігерлердің  зор еңбектері мен шыдамдылықтарының арқасында бүгінде мен денсаулығымды сақтап қала алдым, — дейді Тимур.

Тимур қазір жұрт қатарлы өмір сүріп жатыр. Тұрақты жұмысы да бар. Бірақ жас болып ештеңенің байыбына бармағанына, бұл ауру туралы білсе де одан сақтанудың жолын қарастырмағанына өкінеді.

Тимурдың басындағы жағдай өзгелерге сабақ болары сөзсіз. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастырған абзал.

P.S.Қазіргі таңда облыс бойынша адам иммун тапшылығы вирусына шалдыққан  129 адам диспансерлік тіркеуде тұр.  Олардың барлығы әртүрлі жағдайда ауру жұқтырған. Бірі өзге біреумен төсектес болып оны өз әйеліне немесе керісінше әйелі күйеуіне жұқтырса, енді бірін кездейсоқ жыныстық қатынастардың соңы осындай ауыр жағдайға тап келтірген. Бүгінгі күні интернет желісі де аталған дерттің жылдам таралуына әсерін тигізіп отыр. Себебі интернет арқылы танысып, кездейсоқ жыныстық қатынастарға баратындар көбейген.

 Кәмшат  ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button