Білім

ҰБТ: алғашқы нәтижелер

Аптаның бастапқы үш күнінде, яғни маусымның 2-4-і аралығында  облыстағы 4508 мектеп түлегі ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды.

Әзірге жоғары балл — 123. Жоғары ұпайдың иесі  — Байғанин ауданы

№3 Қарауылкелді орта мектебінің оқушысы Аян Оразбек.

Екі күнгі тестілеудің нәтижесі бойынша 83 түлек «Алтын белгіні» қорғады. 

 

Тестілеудің бастапқы күні Ақтөбе қаласындағы 30 мектептің түлектері мен Хромтау, Әйтеке би аудандарының мектеп бітірушілері сынақ тапсырды.

Бірінші күні тестілеуге 1809 бала қатысуы керек еді. Дегенмен, түрлі себептерге байланысты тестілеуге қатысуға ниет білдірген оқушылардың 1636-сы сынаққа қатысты, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Бастапқы кезеңде 2 оқушы 122 ұпай жинады. Олар: Ақтөбе қаласындағы №1 мектептің түлегі, «Алтын белгі» аттестатына үміткер — Зульфия Ниятова мен Ақтөбе қаласындағы №16 орыс орта мектебінің оқушысы — Қайнар Жакеев.

Маусымның 3-і күні ҰБТ облыстағы 9 ауданның орталығында (Алға, Әйтеке би, Хромтау аудандарынан басқа) ұйымдастырылды. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша 83 түлек «Алтын белгіні» қорғапты. Ал шектеулі балл жинай алмаған оқушылардың саны — 498.

Байғанин ауданындағы №3 Қарауылкелді орта мектебінің оқушысы Аян Оразбек 123 ұпай жинады. Екінші кезеңде 4 оқушы 122  балл алды. Олардың  арасында «Алтын белгіні» дәлелдеген  Шалқар қаласындағы №2 мектептің оқушылары Меруерт Бигеева мен Бақытгүл Рамазан бар, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.  

Кеше облыс орталығындағы тестілеу өткізілетін 3 пунктте 1441 түлек сынақ тапсырды. 

 

Екі түлек те «Алтын белгіні» қорғады

 

Біз ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші кезеңінде түлектері жоғары ұпай жинаған Ақтөбе қаласындағы №1 мектепке барған едік. Бұл — аралас мектеп. Бір сынып — қазақ сыныбы, екі сынып — орыс сыныбы. Жалпы мектеп бітірушілердің саны — 61. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 3 сыныптан 49 түлек қатысыпты. Орыс сыныптарының орташа балы — 100. Қазақ сыныбының ұпайы — 77. Жалпы мектеп бойынша орташа балл — 88. Тестілеуге қатысқан 49 баланың 18-і 100-ден астам балл жинаған.

Былтырғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен салыстырғанда биылғы көрсеткішіміз 3 балға көп. 2 түлегіміз «Алтын белгі» аттестатына үміткер болған еді. Екеуі де білімдерін дәлелдеді. Зульфия Ниятова — 122 балл, ал Әзиза Бержанова — 121 балл жинады. Сынақ тестілеулер барысында да олардың нәтижелері «5»-ке бағаланды.

Оқу жылының басында тестілеуге дайындық жоспары жасалды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалғанда ең алдымен мұғалімнің әзірлігін зерттейміз. Өйткені оқушының жетістікке жетуі — мұғалімнің тиісті білімді жеткілікті деңгейде жеткізуіне байланысты.

Тестілеуде жоғары ұпай жинаған — 11 «б» сыныбы. Бұл сыныпта еңбекқор, зерек оқушылар көп. «Алтын белгіні» дәлелдеген екі қызымыз осы сыныптың оқушылары.  Айта кету керек, бұл сыныпты тестілеуге дайындауда мектеп директорының орынбасары Разия Қажығалиқызының еңбегі зор, — дейді №1 мектептің директоры Жездігүл Мұқанова.  

 

Бізді ұстаздарымыз дайындады

репетитор жалдаған жоқпыз

 

Зульфия НИЯТОВА, №1 мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

— Тестілеу басталарда қобалжығаным рас. Дегенмен, тест тапсырмаларымен танысып шыққанымда, қиналуға негіз жоқ екенін түсіндім. Себебі барлық сұрақтар оқулықтардан келді.

124 балл жинайтыныма сенімді болып едім. Дегенмен, 3 қате кетті. Үшеуі үш пәннен: математика, биология, орыс тілі. Математикадан күрделі логикалық есеп болды. Бірақ тест тапсырып болған соң ол есептің жауабын шештім. Сәл ойлансам, қалған екі қатені жібермеуге болатын еді…  

Астана мен Алматы қалаларындағы медициналық жоғары оқу орнындарының бірінің стоматология факультетіне құжат тапсыруды жоспарлап отырмын. Стоматолог — өте қажет мамандық. Кәсіби білім алған соң өз бизнесімді ашқым келеді.

Стоматология мамандығы бойынша берілетін мемлекетттік грантты жеңіп алу үшін қазақ тілін қоспағанда кем дегенде 97 балл жинау керек екен. Сондықтан жеңіске жету үшін тынбай еңбектендім. Репетитор жалдаған жоқпын. Тестілеуге дайындыйтын орталықтарға да барғанды да жөн көрмедім. Мені және біздің мектептің оқушыларының бәрін тестілеуге мұғалімдеріміз дайындады. Жетістікке жеткенім үшін әкем — Ерболатқа, анам — Калимаға шексіз алғыс айтамын. Сонымен қатар, мектеп директоры Жездігүл Исмағұлқызы мен мектеп мұғалімдерінің барлығына ризашылығымды білдіремін.

 

 

Алғысымыз шексіз!

 

Кеше тестілеудің үшінші кезеңі өтті. Бұл күні Ақтөбе қаласындағы 30 мектеп пен 3 облыстық мектеп-интернаттың түлектері және Алға ауданының 8 мектебінің оқушылары ҰБТ-ға қатысты.

Біз тестілеу басталар алдында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіндегі тестілеу пунктіне барған едік. Мұнда облыс орталығындағы 11 мектептің 532 оқушысы сынақ тапсырды. Солардың бірі  — 2012 жылы Ақтөбеге Қытайдан келген Іңкәр Бақытнұр. Ол Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназиясының түлегі.  

  Бүгін тестілеу тапсырамын. Сынақтан қанша балл жинайтыным маңызды емес. Маңыздысы, менің ана тілінде өтетін жауапты сынаққа қатысуым. Өйткені мен бұдан екі жыл бұрын Қытайдың Үрімші қаласынан келдім. Ол кезде бір ауыз қазақ тілін білмеуші едім. Қазақша әріп те танымайтынмын. Екі-ақ жылдың ішінде ана тілінде еркін сөйлей алатын дәрежеге жеттім. Бұл — мен үшін үлке-ен жетістік. 5-сыныпты бітірген сіңлім Інжу қазақ тілін менен де еркін меңгеріп алды. Ол да №21 мектеп-гимназиясында оқиды. Інжу мұнда 3-сыныптан бастап оқып жатыр. Атажұртымызға келіп, қандастарымыздың ыстық ықыласына бөлендік. Мектептегі әр мұғалім, әр оқушы сіңлім екеуміздің  ана тілін үйренуімізге тілекші болды. Бізге мұғалімдеріміз бар ықыласымен тіл үйретті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы мектебіміздің мұғалімдеріне шын көңілден шексіз алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, тестілеу тапсыратын барлық түлектерге сынақтан жоғары балл жинауларына тілектеспін, — дейді Іңкәр Бақытнұр.

 

Түлектер үшін маңызды сынақтың — бастапқы қорытындылары осы. Облыс түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуді қалай тапсырғаны туралы материал  газетіміздің алдағы нөмірлерінде жарияланады. 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button