Мәдениет

Тобықты оқы, толғанарсың, толқырсың!

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында «Оқитын өлке» акциясы аясында белгілі қазақ жазушысы Тобық Жармағамбетовтың шығармашылығына арналған «Талантымен танылған тұлға» атты әдеби кеш өтті.

Кешке облысымыздағы Тобықты көрген, әріптес болған ардагер журналистер, тума-туыстары, достары, сондай-ақ, студенттер қатысты.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер Тобық Жармағамбетовтың өмірі мен шығармашылығы туралы оның Байғанин ауданы  Жарқамыстағы орта мектепте оқытқан ұстазы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ниетжан Берікұлы кеңінен әңгімеледі.  Жазушының «Қызыл ай» повесінің кейіпкері ардагер журналист Төлеміс Меңдіғали Тобықпен қалай танысқаны, осы  шығарманың тууына 1937 жылы жазықсыз қудаланып, Магаданға айдалған өзінің туған әкесі, қарапайым еңбек адамы  Шалпық Сидақовтың тағдыры түрткі болғаны жайында айтты. Қазақстанның құрметті журналисі Кәдірбай Бекмағамбетов әріптесі әрі жерлесі Тобықты тебірене еске алды. Ақын Нұрлыбек Қалауов пен  Батан Отарбаева апамыз да өз лебіздерін білдірді. Тобықтың қарындасы Әсем Жармағамбетова апай жазушы інісінің балалық шағы, шығармашылық ізденістері туралы естеліктерімен бөлісті. Әсем Мырзағұлқызының шөберелері Зере мен Биязы жазушыға арнаған өлеңдерін оқып берді.

Шара барысында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әнші-термешісі Елдос Жұмағұл Кердері Әубәкірдің «Қазағым» термесін орындады. Әлия Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің І курс оқушысы А.Батенова мен Қазақ гуманитарлық  заң колледжінің І курс  оқушысы А.Жалғасова  Мұхтар Құрманалин,  Ертай Ашықбаев сынды ақындардың Тобыққа арнаған өлеңдерін жатқа оқыды.

Кеште өлкетану бөлімінің кітапханашысы С.Сұлтанаева «Табиғат толғағынан туған талант» атты көрмеге билиографиялық шолу жасады.

Аз ғұмырында қаламынан «Отамалы», «Қара жаңбыр», «Екі жүрек», «Ақ жауын», «Қызыл ай», «Бәйтеректің жас шағы» секілді небір классикалық дүниелер туған Тобықтай жазушының кітаптарын қашанда оқырмандары іздеп жүріп оқиды деп сенеміз.

 

Сағи Жиенбаев — 80

Сәулелі сырлар

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында қазақтың нәзік те сыршыл ақыны Сағи Жиенбаевтың 80 жылдығына арналған өзге ұлт жастары арасында «Сырлы ақынның нұрлы жырлары» атты Сағи оқулары өтті.

Шараға шақырылған ақынның ұстазы, профессор Ниетжан Берікұлы, халықаралық «Қазақ тілі» ұйымы облыстық басқарма төрағасының орынбасары Орынбасар Оразов, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, белгілі ақын, көсемсөзші, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы, Қазақстанның құрметті журналисі Кәдірбай Бекмағамбетов, Сағидың нағашы апасы Батан Отарбаева, нағашы інісі Дүйсенбай Досжанов, ардагер ұстаз, ақынның институтта бірге оқыған досы Зоя Әбілғазықызы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің доценті Мұхтар Миров сияқты құрметті қонақтар Сағи Жиенбаевтың балалығы, студент кезі, өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісті, қызықты әрі тағылымды әңгімелер айтты.

Ақынның жары Өзипа онлайн режимінде өзінің лебізін білдірді. Байғанин ауданынан келген талапкер ақын Ерболат Шандин кеште Сағидың образын сомдады.

№2 мектептің 3-сынып оқушысы Әнел Мәулітшәріп ақынның «Достарым», «Қазақстан», ал №50 қазақ орта мектебінің мектепке дейінгі дайындық тобының оқушысы Әсем Мәулітшәріп «Ана қолы», «Бақыт» өлеңдерін нәшіне келтіре оқыды.

Ал қаламыздағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы мемлекеттік тілді меңгерген 20 шақты өзге ұлт өкілдері Сағидың жырларын жатқа оқыды. Кеште оқырмандар назарына «Сәулелі жырдың сарбазы» атты үлкен кітап көрмесі ұсынылды, онда ақынның кітаптарымен қатар осы кітапхана шығарған Сағидың 80 жылдығына арналған «Әнге айналған Сағи өлеңдері» кітабы болды. Кітапхана ұжымы даярлаған «Өмірі жырға толы Сағи ақын» атты деректі фильм көрсетілді.

Кешті кітапхана директоры Марат Төлебай қорытты, Сағи оқуларына қатысқан студенттер мен оқушыларды марапаттады. Ол үстіміздегі жылы С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына 35 жыл толатынын, соған орай алдағы уақытта жас ақындар арасында «Сағи жыры санамызда тұр сайрап…» атты мүшәйра өткізілетіні туралы оқырмандардың есіне салды.

 

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button