Мәдениет

ТАБАНТАЛДАН ШЫҚҚАН ТАЛАНТ

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын Ізтай Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған «Жыр әлемінің Ізтайы» атты әдеби-сазды кездесу өтті. Көрме ұйымдастырылды.

Алдымен Ізтай Мәмбетовтің өмірбаяны мен ақынның жүріп өткен жолы қатысушы студенттерге таныстырылды: «Ізтай Мәмбетов (1929-1974ж.ж.) — қазақтың лирик, эпик ақыны, журналист, аудармашы. №6 Ақтөбе қазақ орта мектебінде оқып, үздік бітіріп, кейін Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінде оқыды. Ақтөбеге келіп, тоғыз айдай облыстық газетте, кейін республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналы редакцияларында қызмет істеді. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» деген атпен 1955 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Таңдаулы өлеңдері рухани асыл мұраға айналды».

Кездесуге ақынды көзі тірісінде көрген, кездескен адамдар шақырылды. Алдымен ақынның «Табантал» өлеңін Г.Назарова оқыды. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Тілектес Тоқсанбаева былай деді: «Ізтай аға Алға өңірінің Табантал деген өзенінің бойында дүниеге келіп, туған шешесінен жастайынан жетім қалған. Көп қиындық көрген өзінің мұңын, жетім бала психологиясын «Өгей шеше» өлеңіне сыйғыза білді. Бұл өлең жөнінде жазушы Сәбит Мұқанов жазушылардың бір жиналысында: «Өгей шеше талай заман бойы әдеби шығармаларда жақсы ұғымға ие болған емес еді. Ізтай бірінші рет ол туралы керемет өлең жазды. Онда ол нағыз кісілігі жетіп тұрған әйел өгей шеше бола алмайтынын дәлелдеп шықты», — деген екен». Осы жерде Гүлнар Ахметжанова ақынның «Өгей шеше» өлеңін жатқа оқыды.

Еңбек ардагері, ұстаз Зоя Бралова өзінің педагогикалық еңбек жолында оқушылар арасында көптеген ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырғанын, оның ішінде, 1971 жылы 24 наурызда Ақтөбе педагогикалық училищесінде Ізтай Мәмбетовпен кездесу өткізгені, ақынның «Дос көңілдер» кітабына қызы Майраға арнап қолтаңба алғаны туралы естеліктер айтты.

Ал еңбек ардагері, журналист Кәдірбай Бекмағанбетов: «Ізтай Мәмбетов ширек ғасырлық ақындық жолында жиырмаға жуық өлең кітап жазып, әлем әдебиеті мен орыс классиктерінің қыруар маржандарын өз ана тіліне аударған іскер азамат ақын екендігі белгілі. Кезінде Ізтай Мәмбетовпен тұстас өмір сүрген замандасы белгілі қазақ ақыны Ғафу Қайырбеков ол туралы: «Оны замандастары мен біз көбірек білеміз. Оның ақ көңілділігі, баладай тәуекелшіл сенімшілділігі, ер-жомарттығы, тура кететін шыншылдығы — бәрі жұртты еріксіз баулап әкететін қасиеттер еді», — деген екен. Үлкендер оны еркелетіп «Ізтай» десе, кішілер «Із аға» деп ізет тұтатын еді», — деді.

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы Нағима Есенова келген қонақтарға кітап көрмесін таныстырып өтті. Студенттер ақынның өлеңдерін оқыды. Кеш Ізтай Мәмбетовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Қаракөз» әнімен аяқталды.

Ж.КУКАНОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері. <!– /* Font Definitions */ @font-face {font-family:»KZ Arial»; panose-1:2 11 6 4 2 2 2 2 2 4; mso-font-charset:204; mso-generic-font-family:swiss; mso-font-pitch:variable; mso-font-signature:647 0 0 0 159 0;} /* Style Definitions */ p.MsoNormal, li.MsoNormal, div.MsoNormal {mso-style-parent:»»; margin:0cm; margin-bottom:.0001pt; mso-pagination:widow-orphan; font-size:12.0pt; font-family:»Times New Roman»; mso-fareast-font-family:»Times New Roman»;} @page Section1 {size:612.0pt 792.0pt; margin:2.0cm 42.5pt 2.0cm 3.0cm; mso-header-margin:36.0pt; mso-footer-margin:36.0pt; mso-paper-source:0;} div.Section1 {page:Section1;} –>

Айман МӘМБЕТОВА:

«Тетелес өскен бауырым еді…»

Ізтай Мәмбетовтің әпкесі Айман әже қазір Алға ауданында тұрады. Ақиық ақынның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Айман әже бізге бауыры жайында естелік әңгімелерін айтып берді.

— Біздің отбасымызда бес бала болды. Әкем Тілеулі қарапайым шаруа, еңбекқор адам еді. Ізтайдың еңбекқорлығы, табандылығы әкемізге ұқсаған. Анамыз бұл өмірден ерте озды. Ол кезде мен он жетіде, ал Ізтай он төрт-ақ жаста болатын. Ізтайдың анамызға арналған «Арнау» өлеңі бар. Кейін әкем тағы да үйленді. Өгей шешеміз өте жақсы адам болды. Ізтайдың ол кісіге де арнап «Өгей шешеме» деп шығарған өлеңі бар. Балалардың тұңғышы мен, менен кейін өзіммен тетелес Ізтай, шын есімі Ізбасқан, сосын Айжан, Дания, Темірхан. Біздерге де жеке-жеке арнап шығарған Ізтайымның өлеңдері бар. Бір өлеңінде ол:

«Біз бір анадан бесеу едік, Өмірдің күнгейінде өсіп едік…» — деп келтіреді. Қалған жолдарын ұмытып қалыппын. Қанша дегенмен қарттық жеңді ғой,— деп Айман әжей кең тыныстап алып, әңгімесін сабақтай жөнелді.Ізтай екеуіміз қатар өскесін бе, ол көп жағдайда сырларын маған айтатын. Қарапайым сөзбен емес, өлең жолдарымен жеткізетін. Біз Алға ауданы Бесқоспа деген жердің Табантал өзенінің бойында өмірге келіппіз. Бірақ мен есімді білгеннен Ақтөбе қаласында тұрдық. Ізтайдың туған жерімізге де арнап шығарған өлеңі бар, ұмытпасам мына жолдарын оқып берейін:

Жадымда жүрсің, Табантал,

Жасырын ағып жылысқан.

Жайқалып өскен жағаң тал,

Жанымнан алғаш жыр ұшқан.

Жадымда сұлу балалық,

Талыңды тай ғып жүгірген,

Табанды тасқа жара ғып,

Қалыспай қызық дүбірден.

Осы өлең жолдарын оқығаннан кейін Айман әжейдің есіне балалық шағы түсті ме, ұзақ ойға кетті. Сәл кідірістен соң ол:

— Ол кезде қалада бір ғана қазақ мектебі болды. № 6 мектепті Ізтай «Алтын медальмен» тәмәмдап, Ақтөбедегі екі жылдық Нұрпейіс Байғанин атындағы институтқа оқуға түсті. Кейін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға қабылданды. Алматыға барғандағы алғашқы кездерде Ізтай көптеген қиыншылықтарды бастан кешті. Оқуға түскенмен, жатақхана болмай қиналды. Ізтай сол қиыншылықтардың барлығына мойымай, табандылығының арқасында жеңе білді. Оқу оқыған шақта оның киетін дұрыс киімі де жоқ еді. Шолақ тонын тастамастан киді. Жұпыны киініп жүрсе де оған қыздар көп қарайтын. Олар Ізтайымның білімі мен сезімталдығын жоғары бағалаған болу керек…

Айман әже бауырының өзіне арнап жазған хатын әлі күнге дейін сақтап жүр. 1953 жылдың 9 наурызында жазылған хаттың қағазы әбден сарғайып, ішіндегі жазулар өшіріліп қалған. Сөз арасында әжей: «Ізтайымның жазуын менен басқа ешкім түсінбейді», — деп қояды. Хатта не туралы жазылғанын біз түсінбегенмен, Айман әже жаттап алыпты.

Сағыныш орап ішіне,

Алыстан жылы хат келді.

Түсірдім сонда есіме

Балалық мұңсыз жас кезді.

Айманым менің, Айманым,

Менің де аз ба арманым.

Жасыма, әлі көрерміз

Еңбектің қызып жанғанын,— деген өлең жолдарын айтқанда, Айман әженің көзіне жас үйірілді.

Айман әженің айтуынша, Ізтай Мәмбетов Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргеннен соң «Жұлдыз» журналында қызмет істейді. Кейін Мұғрипа екеуі шаңырақ көтереді.

— Келіншегі сымбатты әрі ақылды еді. Әрдайым оны еркелетіп Мұқыш дейтін. Мұғрипа Ізтайға төрт қыз сыйлады. Тұңғышы Жібекті ата-әжесі бауырына басты.

Ізтай өлең жазатын кезде бөлмесінің есігін тарс жауып алып, көпке дейін ашпайтын. Кенже қызы Гүлшат есікті түрткенде ғана жауап қайтаратын. Ізтай маған Алматыдан кітаптарын пошта арқылы жолдайтын. Үйде бұрын оның кітаптары көп еді, қазір қолымда бар болғаны екі-ақ кітабы қалыпты. Үйге келген қонақтар алып кетеді. Ізтайды бір көріп келу үшін бірнеше рет Алматыға бардым. Ол ауылға келетін болса, міндетті түрде алдын ала хабарлайтын. Содан біз барымызша дайындаламыз. Ол үйге жалғыз келмейді, атақты ақын-жазушылардың біреуін ерте келеді. Олар келген күні үйде өлең оқылып, мәре-сәре болатынбыз. Сөйткен інімді сұм ажал ерте алып кетті. Артында тұяғы да қалмады. Сол үшін қынжыламын. Мерейтойы құрметіне Ақтөбеден болмаса Алматыдан Ізтайдың атына көше берілсе екен деп тілеп отырамын, — деп әже бізден осы тілегін басшыларға жеткізуімізді сұрады.

Ақынның 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар Алға қаласында басталып та кетті. Мерейтой құрметіне арналған ауқымды шара ақынның кіндік қаны тамған жері Бесқоспа-Табанталда маусым айында ұйымдастырылмақшы.

Бибінұр СЕЙІТОВА.

ІЗТАЙДЫҢ ӨШПЕС ІЗДЕРІ

Алғаның Табанталында кіндік қаны тамған ақиық ақын Ізтай Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толу мерейтойын атап өтуге дайындық өткен жылдың қоңыр күзінде-ақ басталып кеткен болатын. Аудандық балалар кітапханасына жерлес ақынның есімі беріліп, осы салтанатта аудан әкімінің орынбасары Нұрхан Ағниязов Ізтай мұралары туралы кеңінен әңгімелеп, оның туған жерінде 80 жылдығын атап өту туралы ой қозғаған болатын. Өткен аптада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық ішкі саясат бөлімінің және жергілікті «Жұлдыз –Звезда» газетінің ұйымдастыруымен Мәдениет үйінде «Ізтайдың өшпес іздері» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.

Сахна төріне ақынның үлкен суреті ілініп, арнайы күнтізбелер жасалынды. Жиынға ақынның Алғада тұратын тума-туыстары, оның көзін көрген дос-інілері, ауданның мекеме-ұжым басшылары, мектептердің жоғары сынып оқушылары көп жиналды.

Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы аудан әкімінің орынбасары Нұрхан Ағниязов шағын баяндама жасады. Алғада кіндік қаны тамып, Астана-Алматыда ғұмырының көп жылдары өткен Ізтай ақын туған жерді өмір бойы жырлаумен өтті. Оның «Ақтөбе қыры ақ дауыл», «Табантал», «Бесқоспа» тәрізді өлеңдері алғалық көкірегі ояу оқырмандардың бәріне таныс.

Кешке арнайы келген зейнеткер журналист Төлеуғали Бисенов Ізтай Мәмбетовпен Алматыдағы «Просвещенец» санаторийінде кездескенін, оның өлеңдерінің бала кезден серігі болғанын айта келіп, ақынға арнаған жүрекжарды жыр шумақтарын оқыды.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ізтаймен Ақтөбеде көрші тұрған Есентай Сүлейменовтің естелігі де қызықты болды. Ес-ақаңның ағасы, алғалық азамат, көп жыл Өзбекстанның Бұхарасында басшы қызметтер атқарған, Өзбекстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған Абдолла Сүлейменов пен ақын Ізтай өте жақын дос болған. Абдолланың шақыруымен Өзбекстанға қонаққа барған Ізтайдың «Бұхара жырлары» топтамасы мен әйгілі «Гүлжазираға» (Абдолла Сүлейменовтің зайыбы — авт.) деген өлеңі осы сапарда туған болатын.

Ізтай ақынға келін болып келетін Арухан апайдың да Ізтай туралы тебіренісі өте жылы шықты.

Кеш барысында алғалық оқырмандар ақын өлеңдерін оқып, оның өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.

Кешті аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы, ақынжанды азамат Бекжан Аппазов қорытындылап, бұл тойдың бастамасы ғана екенін, үлкен той жазда, ақынның туған жері Табанталда өтетінін хабарлады.

Мерекелік кешке жиналғандар жерлес ақындарына тағы бір тағзым етті. Олардың бойын Ізтай шығармашылығына деген құрмет пен мақтаныш сезімі кернегендей болды. Аудандық саз мектебінің жанынан құрылған «Сөз өнері» үйірмесінің (жетекшісі С.Мұсағалиева) шәкірттері Әділхан Ниет пен Жәнібек Маратовтың айтыс үлгісі, №3 қазақ орта мектебінің «Жазира» би тобы (жетекшісі Б.Жұмабаева) көрермендерге әдемі әсер сыйлады.

Әдеби-сазды кешті аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің редакторы Шара Елеусізқызы мен Бесқоспа орта мектебінің директоры, Ізтай мұраларын зерттеп жүрген әдебиетші Қанат Дәулеталин жүргізіп отырды.

Б.СЕЙІТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button