Табылдың әні

…Үтірмен Сені бітірдім,
Бітірмей, жырым, нүктемен.
Бергі жағында үтірдің
Өлең-өмір тұр бітпеген.
Табылды ДОСЫМОВ.
Әлбетте өлең қуған жастың ақындар қатарына қосылуы ұзынсонар тізімге ілігуден басталады. Ал бұл тізімге негізінен жеке жыр жинағы әлі шыға қоймаған немесе «Жас қанат», «Жас дәурен» деген тәрізді топтамаларға енген әйтпесе мардымсыз көлемдегі бірді-екілі биттің терісіндей жұқа кітапшалары жарияланғанына кәдімгідей риза боп жүргендердің есімдері таңбаланады.
Мәселе онда ғана емес. Мәселе әуелі бұл тізімді кім жасағанына келіп тіреледі. Қателескен жоқ па? Дөп басты ма? Фактімен сөйлейік. 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Иранбек Оразбаевқа (қазіргі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран Ғайыпқа) берген сұхбатында әйгілі Әбіш Кекілбаев «…Қай-қайсысының да сөз саптауынан орашолақтық, аяқ тастасынан солқылдақтық таба алмайсыз» деп 13 жас ақынның аты-жөнін айтып өтіпті. Осылардың ішінде кейін, басқа сыйлықтарды былай қойғанда, даусыз талантының арқасында Мемлекеттік сыйлық алған бір ақын бар, ұсынылып, даусыз лайық бола тұра сол Мемлекеттік сыйлықты ала алмаған екі ақын бар. Әрі-беріден соң әңгіме сол бар болғыр сыйлықта да емес, әңгіме басқада — қазір осы шоғыр туралы қазақ әдебиетінің бар-жоғын түгендеп жүргендер жаңылыспай тиянақты пікір айта алады.
Біз бір ғана тізімге әлдеқалай тоқталып өттік, әйтпесе одан бергі кезде де Жазушылар одағының пленумдарында, әдеби жыл қорытындыларында Сейфолла, Исраил, Несіпбек, Ұлықбек, Ғалым… жасаған баяндамаларда талай тізімдер ұсынылды. Одан соң да талайлар талай тізімдерді оқыды. Бір тәуірі, жас қаламгерлерді, қалай болғанда да, осы тізімдер әйтеуір аз да болса, мерейлендірді, қанаттандырды.
Дегенмен, айтпағымыз бұл да емес. Осындай тізімдерге Табылды Досымовтың фамилиясы ілікпейтін. Себебін ойлап табу да аса қиын емес сияқты. Біздіңше былай. Табыл (курстасым болмаған соң ба, оның шын аты Табылды екенін күні кешеге дейін білмеппін де, дегенмен басқалар секілді мен де Табыл дей берейін) өз тұстастарымен қатарласа жинақ шығарған жоқ. Бәлкім, өлеңдері аздық етті, ал көп өлең жазуға тәбеті шаппады немесе сол кездері кітап жариялауды мақсат та еткен жоқ.
КазГУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы университеттің) тарихында, әрідегісін кім білсін, біз көрген беріде қатар-құрбысын әнімен һәм өлеңімен қатар тербеген ерекше екі талант болып еді.
Біріншісі — Бауыржан Үсенов. Рас, Бауыржан — өлең мен ән ғана емес, өлең мен ән және… домбыра еді. Бертінде жазылған «Кешкі бөлме. Бауыржан Үсеновтің әні» дейтін өлеңімде сол студенттік бозбала шақтың бір суретін көз алдыма елестеткем.
Дәметпесек те боз биенің сорпасынан,
Қара шайды қымызға ішелік теліп.
Себебі,
ХІХ ғасырдың ортасынан
Отыр, міне, Бауыржан Үсенов келіп.
Терезеден үңіледі оймақ-аспан,
Хабарымыз мол —
Біржан кім,
Ақан кім?
Тыңдайды, түбі қартаятынын ойламастан,
Ай-хай,
иелері болашақ мұрт пен сақалдың.
Әзірге армансызбыз жастауларымыз,
Көбірек тамсанады ағаларымыз.
(Қыздар,
неге жоқ шашбауларыңыз,
Қайтер екен кейін біздің балаларымыз?)
Беу, аққулар айдын бетінде жүзіп керілді,
Біз қыран болып қызыл түлкіге түселік пе?
(Қыздар,
сыйласаңдаршы жүзіктеріңді,
Сері Бауыржан Үсеновке).
Ол — өкіл еді ежелгі елшіліктегі,
Табысқысы келді гүлдері құлпыра беретін бақпен.
ХХ ғасырдың кемшіліктері
Түзелмеді, әттең.
Сосын бөленіп тағдырдың торқасына,
Әуеніне қаншама құс еріп,
…Кетіп қалды ХІХ ғасырдың ортасына,
Қайтадан Бауыржан Үсенов.
Ал Табыл туралы бұлай жаза алмайсыз. Себебі, қалың жұрттың көңіліне берік орныққан пайым бойынша, ол — өлең мен ән және… гитара. Ол өзінің ән-өлеңдерін гитарамен орындайтындықтан, бізге сырттан келген анықтама бойынша, бард. «Википедия» былай дейді: «Бард (от кельт. *bardos) — певец или поэт; как правило, одиночный исполнитель песен собственного сочинения. Бард— поэт и певец в Средние века. Бард — представитель авторской песни; в более широком смысле — автор-исполнитель». Әрине, өзі мәтінін жазып, өзі музыкасын шығарып, өзі орындайтын «автор-исполнительдер» бұл қазақта жеткілікті, бірақ Табыл Досымовтың жөні тым басқа еді ғой.
Өткен, 2013 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан (демеушілік жасаған осы «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедке көп рахмет) «Із тастап аққан бір жұлдыз…» атты кітапты құрастырғандар (Жұмабай Құлиев, Серік Жанболат, Қаншайым Байдәулетова, Тәуірбек Жұмабергенұлы) Табылдың туындыларын мынадай бөлімдерге жіктепті: Лирикалық әндер. Бардтық әндер. Өлеңдер жинағы. Осыларды қарасаңыз, расында да Табыл тек қана бард емес екенін аңғарасыз. Дегенмен, Табылдың даңқын жайған бард үлгісіндегі өнері екені және рас.
Бір ерекшелігі, әсіресе, жетпісінші жылдардан бастап, әсіресе, сол кезде пайда болған «Дос-Мұқасанға» еліктейтін ансамбльдер сахнаны жаппай жаулап алғаннан бастап гитара тәрізді еуропалық нұсқадағы шекті, шексіз аспаптарға біртүрлі қауіппен (әрине, домбырамен теңестіруден шошынғандықтан) немесе сол қауіпке жетелейтін аз-мұз күдікпен қарайтындардың өзі, ес тоқтатқандарды былай қойғанда, егде тартқандардың өзі, Табылдың гитарасын жатсынған жоқ. Түбі осындай бір ерекше дарқан таланттың келетінін сезгендей, сол сезім алдамағандай бір күй-көңіл пайда болды.
Расына келгенде, жаңылыспасақ, Шоқанның досы, орыс зерттеушісі Г.Потанинге үнемі «ән салып тұрғандай болып көрінетін қазақ даласының» жұрты басқа ұлттардың ән-күй аспаптарына тіпті де бойкот жариялап көрген емес. Құлақпен тыңдап, ішпен түсінетін музыканы былай қойғанда, бөгде тілді де жатырқамай, «Қарағым айналайын, черный көзім, Никогда не забуду айтқан сөзің» деп құрыққа сырық жалғап жіберетіндер де осы қазақтар емес пе еді?! Ал сырнай-гармонь ше? Сыр сүлейлерінің жалғасы Нартай Бекежанұлының «…Сырнайын ақын Нартай қолына алсын, Жаңғыртып аспан астын әнге салсын» дегенін қайда қоясыз, гармоньмен ән әуелеткен Майра Уәлиқызы мен Шашубайды қалай ескермейсіз?! Айталық, «Менің атым Майра, Түрлен, әнім, сайра. Әкку-рәрә, рира-рәрә, Рира-рәкім, рира-рәрә» деген қайырманың әр жағынан гармонь үні естіліп тұрғандай ғой.
Міне, осы фактілерді саралай келгенде, бұл дүниеге Табылдың да келмейтін жөні жоқ екен-ау.
Жігіттер, артық айтсам, кінә тақпа,
Батайық күліп-ойнап рахатқа.
Өмірден кәрі де өтер, бәрі бекер,
Берілген тірлік бізге прокатқа, —
деген тәрізді шумақтар гитараға қосылуға, оның ішінде бардтық әуенге өзінен-өзі сұранып тұрған сияқты ғой.
Ал «Асан қайғыны аңсау» ше? Табыл ұланғайыр қазақ даласын (қазақ даласын ғана ма?) тұтас шарлап өткен Асан ата Атырау өңіріндегі Дендерге де түйе шалдырып өткенінен бастайтын бұл бардтық әнін сол бабаның еш хабарсыз ізім-қайым жоғалған себептерін болжалдаумен әдіптейді:
Асан қайғы атам неге кешікті,
кезікпеді ме гүл-мекен?!
Ел айтушы еді бекерден-бекер
кешікпейді деп бұл көкем.
Атоммен жемдеп корабльдерін
күрлеген біздің ғасырға,
Желден де жүйрік желмаясы
жете алмай қалып жүр ме екен?!.
Осы туындының екі өзгеше тұсы бар. Біріншіден, көне аңызға өзек болған Асан қайғы бабамыздың Жерұйық іздеп жүріп, қай өңірге барғанда не айтқаны баяндалғанмен, оның сол сапардан қашан, қалай оралғаны, расында да, айтылмайды екен. Екіншіден, Асан қайғы, түйе, дала атаулары әлбетте домбыраға әйтпесе қобызға, тіпті симфониялық оркестерге арналған шығармаларға енгізілсе, мұны қалыптасқан заңдылық ретінде қабылдайтынымыз анық. Ал бұл оқиғаны әншінің үлкен сахнада бардтық әуенмен айтып тұрғаны, сол әуенде желмаяға атом мен корабль терминдерінің қосақталуы кәдімгідей бөлекше әсер береді екен. Біздіңше, осы шығарма домбырамен орындалса, әлгі тұшынуымыздың дәмі тіл үйірмей қалатын секілді.
Өз өлеңдерін бардтық әуендерге осылайша бейімдейтін Табылдың көкіреккөзі басқалардың да осы ыңғайға жығылуға бейім өлеңдерін тез таниды. Қазіргі замандас ақынымыз, ол кезде жас қаламгер Светқали Нұржановтың сәйгүлік туралы өлеңі әуелде «Жалын» журналында жарияланғанын, оған қазақ әдебиетінің тарланбозы Әбділдә Тәжібаевтың шын жүректен жылы лебіз айтқанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Сол кезгі (тіпті қазіргі де) қабылдауымыз бойынша әнге қосуға тіпті де мүмкін еместей көрінетін осы өлеңді Табыл бірден тап басыпты:
Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген,
Үйіме үнсіз түнеріп, қайғырып келем.
Талықсып жатып содан соң, кетемін ұйықтап,
Ұйықтап кетсем, түсімде сәйгүлік көрем…
Сондай-ақ, бардтық әнге лайықты мәтіндер іздеген шақта Табылдың назарына өмірден тым ерте өткен, есімі енді ғана қайтадан жиі айтыла бастаған Марат Отарәлиевтің «Елге сәлем» атты наз бен мұң қатар арбасқан өлеңі немесе Жарасқан Әбдірашевтің 1971 жылы жарық көрген «Найзағайлы жаз» жыр жинағында жарияланған, бозбалалық дәуреннің бір естелігіндей болып қалған, «…Оралған шығарсың мұңды боп, Баянды махаббат портына» деген жолдармен аяқталатын өлеңі ілігуі — талғампаздықтың үйреніп алатын үлгісіндей-ақ.
«Ақынды ақын оятпаса, болмайды…» (Мұқағали). Табыл оята да білді, ояна да білді. Оның Ақан серіге арнаған, алматылық студенттік тіршіліктің бір сәтін бейнелейтін, тағы да қайталап айтайық, бардтық үлгіге салмаса, домбыраға жүгінсе, бояуы көз тартпайтындай көрінетін тағы бір әнін тыңдаған-ақ шығарсыз.
Жастық атты,
Жастық атты,
Жастық атты жүргенде дүрбелеңмен,
Аруларға ғашық боп қызғанарлық.
«Таң асырып торыны» мінбегенмен,
Қылаңдарға таксилеп біз де бардық,
—деген жолдармен басталатын, одан әрі «Сіздікіндей көк бұйра болмағанмен, Көсіп-көсіп шақшадан біз де атқанбыз» немесе «Екеуара бір шапан» жамылмай-ақ, Бір қолшатыр астында сырласқанбыз» әйтпесе «Енді қашан, ағажан, келесің?» — деп, Әлгі арудың жәудіреп қалғаны шын» деп жалғасатын ән-өлеңі сауықты түнді сарғайған таңға жалғастырумен тәмамдалады:
Шақшамды алып,
Шақшамды алып,
Шақшамды алып тағы бір көсіп, күліп,
Жыр құрадым баяғы ақындардай.
Таң алдында трамвай тосып тұрып,
Қиналғаным болмаса атым болмай.
Осы әнді тыңдап (оқып) отырып, Ақан сері де ғашықтықтың шырғалаңдары туралы талай (бізге жеткен, жетпеген) әндерін қазіргі студенттермен шамалас бозбала шағында төгіп-төгіп тастаған шығар-ақ деген ойға ұмтыласың-ақ. (Рас, біздің кітаптардан көріп жүргеніміз Ақан серінің берідегі, тоқтасқан шақтағы суретттері ғой).
Сұхбаттарының бірінде Табыл «…Анау Кеңшіліктің, Жұматайдың, Бауыржан Үсеновтің қасында еріп жүрген кезімде біраз шығармалар жазыппын» депті («Айқын» газеті, 8 желтоқсан 2005 жыл, Қаншайым Байдәулет). Әрине, одан соң да талай туындылар дүниеге келді ғой. Сондай шығармалардың бірі — «Бауыржан өлгенде» (кітапта «Бауыржан дос» деген атау беріліпті). Сол өлеңнің қайырмасы мынау:
…Достар, сонда қабіріме келмеңдер,
Тірілерді танымайды өлгендер!
Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,
Мен сендерді күтем ылғи тамұқта!
Достар, сонда қабіріме келмеңдер!
Тірілерді танымайды өлгендер!
Өлмеңдер!
Ерлеңдер!
Басқасын айтпағанда, осы бір шумақта сөз танитын кісінің жүрегін дір еткізер, сосын ойландырар біраз түйткілдер бар. «Өлгендер қайтып келмейтіні» (Б.Соқпақбаев) тәрізді өлгендердің тірілерді танымайтыны да, әрине, рас, бірақ осыны осыншама суық, «достан да, дұшпаннан да көңілі қалғандай» (Абай) қамырықты күйде айтқаны несі?! Ал «Мен сендерді күтем ылғи тамұқта» дегенде нені мегзеді екен?
Осы арада тоқтала кеткен мақұл. Табыл, жоғарыда айтқанымыздай, өзі мәтін жазып, оның әнін өзі шығарып, оны гитарамен өзі орындайтындардың алғашқысы емес, бірақ қазақтан шыққан тұңғыш бард екені еш дау туғызбайды. Оның шығармалары — құлақ үйренген, әлдебір ескі саздардың шапанын жамылған жаттанды ыңыл-әуен емес, тосын музыка, ынтықтырар ырғақ; оған қоса — бірде көңілден кетпейтін өрнекті суреттермен нақышталған, бірде селт еткізерлік оқыс сыр-ойларға құрылған, сол себепті әлдебір шумағы түсіп қалса, орны ойсырап тұратын тұтас дүние. Көпшілік есіне түсіруіне болады, әсіресе, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдарының басында тәуелсіздік туралы, бұған дейін қандай қиянаттар көргеніміз, қандай тәлкектерді бастан кешкеніміз туралы домбырамен айтылатын саяси, тұрмыстық, әдеби, мәдени толғаулар, термелер көбейіп кетті, кемітіп қайтеміз, оның тыңдармандары да жеткілікті болды, қазір солардың есте қалғандары көп пе? Ал Табылдың бергіні айтпағанда, сонау студенттік дәуренінде дүниеге келген ән-өлеңдері де әлі сол күйі су жаңа ақ көйлектей жұтынып тұр.
Музыка білгірі болмаған соң бір мәселені, әрине, қазбалап айта алмаймыз. «Мата даңқымен бөз өтетінін» ескерсек, оған «ұялмаған әнші болатынын» қоссақ, тіпті «өлі арыстаннан тірі тышқан артық емес» екенін дәлелдей алмайтынымызды мойындасақ, Табылдың, әсіресе, бардтық әндеріне аса сақтықпен қараудың, оны орындаушылардың (орындағысы келетіндердің) шама-шарқын, өре-деңгейін таразылап отырудың жөн-жосығы қалай болатыны турасында кеңес беруден қиналамыз-ақ.
Ал Табылдың талғампаздығымен тайталасу оңай емес. Мысалы, лирикалық әндерге мәтін таңдағанда оның Жарасқанның жоғарыда айтқан «Найзағайлы жаз» кітабына енген тағы бір туындысына — «Жолықтым саған, оңымнан самал ескен-ді…» деп басталатын өлеңіне қалауы түсуі әйтпесе Шәкизада Әбдікәрімовтің бозбала шағында жазған «Күнікей қыз ба ең Күн астындағы…» деп басталатын өлеңіне назар аударуы тегін емес еді. Өйткені осы қос ақынның жұлқынып жүрген, бұлқынып жүрген замандастары жылы қабыл алған бұл өлеңдерде ғашықтық сезім сондай бір мөлдір, өмірлік те, өлеңдік те әлдебір есеп-қисаптық мүдделерден аулақ шынайы леппен жырланады. Әйтпесе Табылдың заманында да КазГУ-дің журналистика немесе филология факультеттерінде қай кездегідей де жас ақындар аз емес еді және Табыл сол қатар-құрбыларының әдемі өлеңдеріне де бірнеше әндер шығарғаны белгілі.
Бұдан шығатын қорытынды, Табыл өзінің жекеменшік әуендерін де аялап ұстап, оларды жұртшылық сүйсіне қоштайтындай тәуір жасау-жиһаздармен ұзатуды көздеген екен. Одан әрі талдасақ, Табыл өзі ықыласы түскен әлгі мәтіндерге ортақол сазгерлік көзбен емес, сауатты композиторлық көкірекпен үңілгені байқалады. Өйткені әуен-саз — жартылай фабрикат, ал жүрегіңді шымырлататын әсерлі әуен-сазыңыз жүйелі мағынамен үйлесіп тұрса, ол — толыққанды туынды. Осы ретте көкте тыраулап бара жатқан тырналардың ба, әйтпесе қарашада айдынына қырау қона бастаған өзен-көлдермен қоштасқан қаздардың ба, әйтеуір жүрегіңді елжірете сыңсыған құстардың үнін құлағыңа әкелетін «Құстар қайтып барады» (Нұрғиса Тілендиев) әніне Тұмағаңның — Тұманбай Молдағалиевтің емес, жеңіл-желпі желдірме жолдар құрай салатын кездейсоқ бір өлеңшінің мәтіні жапсырылса, бұл әннің сөздерін тап қазіргідей тебірене ыңылдап айтар ма едік?! Немесе «Атамекенге» (Ескендір Хасанғалиев) тапқыр да жинақы Қадыр Мырзалиевтің сөзінен тіпті басқаша, ретсіз тыпырлаған, тепсінген мәтін тап болса, сахнаның сәні келер ме еді?! Екі әнге ғана тоқталып отырғанымыз болмаса, мұндай әңгімені, әрине, басқа да, соның ішінде қазіргі де, бірқатар композиторларға қатысты сүйсіне айтуға болар еді. Дегенмен, бұл жайт өз алдына бөлек мәселе және қоғамдық пікірдің сынына жиі ілігіп жүрген мәселе. Ал тақырыбымызға оралсақ, Табыл әуенді зырылдақ сазгерлерше емес, талғампаз ақындарша іріктейтінін мойындамасқа болмайды.
Бір қызығы, Владимир Высоцкий кезінде Андрей Вознесенскийдің «Песня акына» деп аталатын өлеңіне әуен жазып, гитарамен шырқаған ғой. А.Вознесенскийдің таңдамалы шығармаларының томдықтарына еніп жүрген бұл өлеңнің мәтінін толық келтіре кетейік:
Ни славы, и ни коровы,
ни тяжкой короны земной —
пошли мне, Господь, второго, —
чтоб вытянул петь со мной!
Прошу не любви ворованной,
не милостей на денек —
пошли мне, Господь, второго, —
чтоб не был так одинок.
Чтоб было с кем пасоваться,
аукаться через степь,
для сердца, не для оваций,
на два голоса спеть!
Чтоб кто-нибудь меня понял,
не часто, ну, хоть разок,
из раненых губ моих поднял
царапнутый пулей рожок.
И пусть мой напарник певчий,
забыв, что мы сила вдвоем,
меня, побледнев от соперничества,
прирежет за общим столом.
Прости ему.Пусть до гроба
одиночеством окружен.
Пошли ему, Бог, второго —
такого, как я и как он.
Рас, бұл ретте А.Вознесенский біз әр қырынан келіп талдайтын атауды «Акын — поэт-импровизатор, а также исполнитель своих и народных произведений эпического и лирического характера у тюркоязычных народов Ср. Азии» деген сияқты анықтамалықтардан сүзіп алған шығар деп ойлайтынымыз анық. Екіншіден, бұл өлең аса таңдай қағарлықтай інжу-маржан да емес екені белгілі. Бірақ бізді өзіне жақын тартқан себеп — осы өлеңнің жалпы мазмұны және оған В.Высоцкийдің назары түсуі. В.Высоцкий сахнада жүріп айтқан, кейін зерттеушілер фонограммадан қағазға түсірген сөздерінің бірінде былай депті: «…Я занимаюсь авторской песней — сам пишу тексты, мелодии, сам исполняю. Это неумирающее искусство, оно началась очень давно, много-много веков назад. У нас — среди акынов, а у них — среди всяких Гомеров. У нас тоже с гуслями ходили и пели песни» («О песнях, о себе»). Демек В.Высоцкий А.Вознесенскийдің бұл өлеңін бекерге таңдап алмаған екен. Дегенмен, бізге керегі бұдан да басқа, үшінші қосымша себеп — Табылдың мәтін, тақырып таңдаудағы осыған ұқсас өзіне тән ерекшелігі.
Жоғарыдағы өлеңге қайта оралсақ, дүниеге ақындық көңілмен емес, күнделікті шаруасын алаңсыз атқарып жүрген жазықсыз пенденің көзімен қарасақ, айталық, Вознесенскийдің де, Высоцкийдің де сол заманда жалғанды жападан жалғыз кезіп жүрген ештеңесі жоқ еді ғой, талай айтулы ақындардың ортасында шалқыды-ақ. Бірақ оларға да бәрібір әлдекім жетіспейтіндей көрінеді де тұрады екен.
Мысалы, Табыл есімі ескерусіз қалып бара жатқан талант Марат Отарәлиевке ән арнайды: «…Қыршын жасыңның қайтармақ болып есесін, Кеудемде менің құпия ғұмыр кешесің. Екеуміз кейде кеземіз, аға, кешкілік, Гурьевтің шалшық көшесін». Одан әрі: «…Қызынып алып өлең оқисың тік тұрып, Мен үнсіз қалам қос жанарыма шық тұнып. Сонан соң, сосын… кетесің көзден ғайып боп, Жалғанның жалған екенін маған ұқтырып». Табылдың «Егер Владимир Высоцкий шарап туралы қазақша ән айтқан болса…» дейтін өлеңі де шарап ішкен (ішетін) қазақ ақынын таба алмай қалғандықтың емес, өзгеше өнер жолындағы өзімен рухтас әлдекімдерді іздегендіктің салдары болса керек. Осы ретте тілге оралып отыр, Булат Окуджаваның Пушкинді еске түсіріп, «…Былое нельзя воротить, и печалиться не о чем,У каждой эпохи свои подрастают леса… А все-таки жаль, что нельзя с Александром Сергеичем, Поужинать в «Яр» заскочить хоть на четверть часа» дейтін бардтық әні біздің ауық-ауық Абаймен немесе Мұқағалимен мұңдасатынымыз сияқты әлдебір наз-аңсау ғой.
Дегенмен, Табыл өнерінің тамыры әуелі, әрине, ұлтымызға тым әріде сіңген жыраулық-жыршылық дәстүрден нәр алатынын алдымен айтуға тиіспіз. Оған қоса В.Высоцкий шет жағасын айтып кеткен басқа деректерді де қысқаша баяндай кеткеннің зияны жоқ. Мысалы, біздің заманымызға дейінгі VІІ-VІ ғасырларда Ежелгі Грекияда ғұмыр кешкен, грек эпостарын қалыптастыруға зор еңбек сіңірген аэдтерді немесе Францияда ХІ-ХІІІ ғасырларда өз өлеңдерін өздері музыкалық аспапта орындап ел кезген трубадурларды әйтпесе Қапқаз өңірінде өз ұлттық аспаптарымен жыр төккен, өркен жаю кезеңі шамамен ІV-V ғасырлардан бастау алатын ашуғтарды еске түсіруге болады.
Дегенмен, мұның бәрі бұрын талай зерттелген (әлі де зерттеліп жатқан) жеке объектілердің нысанасы. Біздің тақырыбымыз Табылдың бардтық өнеріне қатысты болғандықтан бері жылжиық. Себебі Табыл, жоғарыда сөз арасында айта кеткеніміздей, Владимир Высоцкийді бекер ауызға алып отырған жоқ. Табылдың сырттай тәлім алған мектебі, негізінен, осы лек.
Телевизия мен радио қатаң цензураның бақылауында болған шақта, мысалы, біздің ұрпақ Владимир Высоцкийдің көптеген әндерімен негізінен үнтаспалар (магнитофон) арқылы қауышты. Себебі оның достық, ғашықтық, спорт тәрізді қауіпсіз тақырыптарға бағышталған туындылары спектакльдер, кинофильмдер мен санаулы мөлшердегі күйтабақтар арқылы таралғаны болмаса, одан әлдеқайда көп мол мұрасына даңғыл жол ашылған жоқ. Тыңдарманды, әлбетте, көпшілікке тегіс жетпеген, тек үнтаспаларға ғана әртүрлі сапамен жазылған сол бұғаудағы әндер қызықтыратын. Өйткені онда өзіміз күнделікті көріп жүрген, бірақ компартиялық нұсқау бойынша, дауыстап айтуға болмайтын, жеке басқа, қоғамға қатысты әлеуметтік әлдебір дерттерді қозғайтын ащы сарындар бар еді және Хрущевтің «жылымығынан» соң пайда болған орыстың танымал бардтарының шығармаларында осы сарын малды маңдайға ұрғандай олақ, қарабайыр тіркестермен емес, жетілген поэзиялық көркемдікпен әдіптелген жолдар арқылы баян етілетін.
Міне, сол ағысқа қосыла кетерлік, жұртшылықты тұтас үйіріп аларлық мұндай дара талант ол кезде қазақ топырағында болмай шықты, одан кейін де ұзақ уақыт бойы табыла қоймады. Сөйтіп жүргенде… Біздің Табыл Досымовты жамырай қуана қарсы алғандығымыздың негізгі себебі — осы.
Әрине, әскери міндетін алаңсыз атқарған, студенттік дәуреннің шат-шадыман шуағына бөленген жас жігіттің бірден терең тақырыптарға сүңгіп кетуі мүмкін де емес еді. Сол себепті Табылдың алғашқы қадамдары «Табиғат беріп қойған күз хабарын, Мен сені күзден дағы қызғанамын. Әйтсе де сезбейсің-ау өзіңді ойлап, Бұлқынып жүрегімнің, Бұлқынып жүрегімнің, Бұлқынып жүрегімнің сыздағанын» («Солдат сағынышы») немесе «Ақ дидарың-ай сенің, ақ дидарың-ай, Сезесің бе кеудемде от-күй барын-ай, еркем-ай, Жүрегімді неге көп қинадың-ай, Ақ дидарың-ай» («Астананың аруы») деген тәрізді ойнақы ән-өлеңдермен басталуы заңдылық болатын. Дегенмен, соның өзінде де ол, мысалы, Жанат Әскербекқызының «Қара гүл» атты өлеңіне ән шығаруы арқылы дүниенің бірыңғай сәулелі сәттерден тұрмайтынын еске салып қоюды ұмытпады. Ал бері келе…
Осы тұста адам баласы ешуақытта қоғамнан тыс бола алмайтыны туралы классикалық тұжырымға тағы да ден қоюға тура келеді. Табылдың өнері гүлденген шақ қоғамдық құрылыстың біреуі құлап, екінші қоғамдық құрылыс әлі аяқтанып болмаған кезеңге тап келді. Бұл, сирек туар даналар болмаса, көпшілік алда не болатынын болжай да алмаған өліара кезең еді. Бұрынғы экономикалық жүйелер қирады, әртүрлі партиялар туып жатты, мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің рольдері алмасты, ең бастысы, ниет пен пиғыл өзгерді. Сондай түсініксіз кезеңге бәрімізбен бірге ірі денесімен, бірақ нәзік жүрегімен Табыл да қойып кетті.
Астын сызып айта кетелік, қазақ поэзиясындағы өзгеше леп, қарабайыр тілмен айтқанда, жаңаша сөз саптау, міне, осы кезден басталды. Ал бұл кезге дейінгі сараптамашылар, яғни қолжазбадан кітаптың жарық көруіне дейінгі аралықтағы әдеби, саяси сүзгішілер, басқасын айтпағанда, тіпті жеке басыңа қатысты пессимизмнің өзін жаратпайтын. Енді мына жаңа заманда нені қалай жырлау керектігі толықтай ақынның өз билігіне көшті.
Табылдың көптеген тұздықты ән-өлеңдері, міне, осы кезде дүниеге келді. Қазіргі Атырау қаласы Гурьев атанып тұрған кезде ол «Тұңғыш балықшылар — Гурьевтердің әкесі Гурий Назарьев ақсақалдың рухына ашық хат» жазды. Бұл әннің астарында таза патриоттық сезім жатқаны мәлім. Ал «Әулет диалогында» лирикалық кейіпкер басқа арнаға түсіп, ән-өлеңіне төрт ұрпақтың — ата мен әкенің, өзі мен ұлының арасындағы заманға қатысты жауабы табылмайтын сауалды пікір қайшылықтарын өзек етеді. Яғни бір топырақта екі дәуірде ғұмыр кешкен екі әулеттің қысқаша сипаттамалары деуге боларлық осы екі туынды тарихтың екі мезеті туралы нақты деректер беріп, оған қоса, бұған дейін кім болғанымыз һәм алда кім болмағымыз жөніндегі екі түрлі ойды қатар өрбітеді. Бұны, әрине, ақын саналы түрде құрастырған параллелизмге телудің жөні жоқ. Соншама жылдамдықпен өрбіген сол кезеңдегі ауыс-түйістер осындай одағай үндестіктерді су тегін «сыйлай» салатын. Бұл ғана емес, мысалы, «Желтоқсандағы жыр-әнін» автор «Мен — қазақпын, Жүре алмайтын, аттанбаса, күлмесе, Мен — қазақпын, Ішкен асын тастай салар жыр десе» деп асқақ үнмен бастаса, кейінгі «Қазақ едім дегенше…» деген өлеңінде «Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші, Талай дарын дүниеге келтіріп ем десеңші. Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді, Алыбымды «абайсыз» өлтіріп ем десеңші» деп мұңға батады. Бұл шумақтар одан әрі «Қазақ едім дегенше, бастық едім десеңші…» немесе «Қазақ едім дегенше, дінсіз едім десеңші, Қазақ едім дегенше, құнсыз едім десеңші…» болып жалғасып, тынысыңды тым ащы түтінмен барлықтыра түседі. «Өкпелемеші», «Биіктік», «Достарға» тәрізді жарқын, жадыраңқы ән-өлеңдер құйылған ақынның көкірегінен енді «Өмірзая», «Замани зар», «Жалғыздық», «Табылдың әні» секілді қамырықты туындылар туады. Дегенмен, бұл шығармаларды, басқа да көптеген өлеңдерді толық талдау, әрине, бір мақаланың көлеміне сыймайды. Тек бір анық нәрсе сол, өткенін бүгінгімен салыстыру, сөйтіп оқшау ой қорыту Табылға ғана емес, сол тұстағы көптеген ақындарға тән қолтаңба еді. Жарасқанның «Құлпытас» кітабы немесе Есенбай Дүйсенбайұлының «Сызу» поэмасы әйтпесе Тыныштықбектің бір ғана «Қара өлең, саған айтам…» туындысы осының нақты мысалдары емес пе?!
Сөзімізді тиянақтайық. Белгілі мәдениеттанушы, ақын, әдебиетші Әуезхан Қодардың Табыл туралы жазған мақаласындағы мына жолдар қайта-қайта көзіме түсе берді: «…Мен алғаш рет оның гитарамен айтқан әндерін тыңдағанда, ғажап күйде қалдым. Өйткені оның гитарасының нақышы бөлек еді. Қазақтың сарынына да, орыстың екпініне де ұқсамайтын. Оның нақышында қазақ даласына қайдан келгені белгісіз еуропалық интеллектуализм бар еді. Жас кезінде әндері ойнақы, көңілді болатын. Кейін қалың қайғыға сүңгіген, тіпті қайтып кері жүзе алмайтындай халге енгендей ауыр боп кетіпті»… Ал неге бұлай болды? Бұның себебін әрқалай болжамдауға болар, бірақ ешкім енді тап басып айта алмайтын сияқты.
Мақаламыздың басында жас ақындар тізімдері туралы аз-кем пікір айтқан едік қой. Алдағы бір замандарда «қазақтан шыққан бардтар» дейтін тізім де пайда болмас деймісің. Міне, сол тізімнің басында Табыл Досымов тұратындығына ешкім күдік келтіре қоймас-ақ.
Ертай АШЫҚБАЕВ.
ӘН ФЕСТИВАЛІНЕН ҚАЛЫП ҚОЙМАҢЫЗ!
Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 29 мамыры күні Ақтөбе қаласында ҚР Мәдениет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш бард Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» атты ән фестивалі өтеді.
Студенттер сарайында өтетін бұл фестивальдің басталу уақыты — 18.30. Қалып қоймаңыз!




