Білім

Балдырған

Атамекен

 

Бай елдің ұланымын

 

Қазақстанның байлығы өте көп, қазынасы жеткілікті.

Ең алдымен, біздің еліміздің табиғаты өте сұлу. Биік-биік асқар таулар, мөп-мөлдір көлдер, неше түрлі өсімдіктер мен дәрілік қасиеті бар алуан шөптер өседі. Сондай табиғат аясында еркін сайран салып жүретін аңдар мен құстар, жануарлар да жеткілікті.

Мен Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкені әрқашан мақтан тұтамын. Қазақстанның кең даласындай ұланғайыр дала ешбір жерде жоқ шығар.

Өз Отанын сүю — әрбір азаматтың борышы. Мен де өз Отанымды сүйемін.

 

Гаухар САФИЕВА,

№31 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Ауыл

 

Айналам жайнап тұрса…

 

Менің туған жерім — Ақтөбе қаласы. Бірақ мен қазір ауылда, нағашыларымның қолында өсіп жатырмын. Нағашыларымның ауылы маған ыстық, өзімді сол ауылда туғандай сезінемін.

Алғаш келген кезде маған бәрі таңсық болды. Әрі таңдана, әрі қызыға қарадым. Ал қазір осы ауылдың жайнап өсуіне, таза болуына өзім де атсалысамын. Көктем тазалық маусымы екені белгілі. Өзімнің үйімнің айналасы, мектебімнің маңайы таза болуын қадағалаймын.

Ауылымыздың таза, әдемі болып жайнап-жайқалып өсуі бәрімізге де жақсы.

 

Ізбасар БОЛАТБЕК,

Сапақкөл орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Ойыл ауданы.

 

Аяулы жан

 

Мейірімді жүрек

 

Мен де барлық балалар сияқты өмірге әкелген анама мәңгі қарыздармын.

Әр адам дүниеге келіп, көзін ашқанда мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — Ана.

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да — Ана.

Ана — жел жағымызға пана, бәріміз үшін дара және дана тұлға.

Ана деген сөзді айта алмайтын тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ шығар, сірә.

Аналарға арналған ән-жыр, шумақтар әлі де аздық етеді. Сондай аз шумақтардың бірі менің көңілімде сақталып қалды:

Отының да өшпеуін,

Бақытының көшпеуін,

Шаңырақтың құламауын,

Сәбиінің жыламауын,

Сұм соғыстың болмауын,

Қызыл гүлдің солмауын

Тілейтұғын мамалар,

Аман болшы, ақ жаулықты аналар.

 

Аяжан ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

Северный орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Пікір

 

Досың қандай?

 

Достық деген сөзді әр адам әрқалай түсінеді.

Егер екі достың арасындағы байланыс бір-біріне деген бауырмалдыққа толып тұрса, мен оны шынайы достық деп білемін. Достықтықтың біріншісі —  осы.

Ал екіншісі — амал достық. Алдап, қиналғанда тастап кете беретін достарды, біріне-бірі жамандық тілейтіндерді амал достыққа жатқызамыз.

Әрқашанда достарыңа адал болыңдар. Адал достықты ешқашан жоғалтып алмаңдар. Қиналған достың қасынан табылып, көмек қолын соза біліңдер. Сонда ғана достықтарың адал достыққа ұласады.

Достық деген — таусылмайтын ән екен,

Достық деген — басқа қонар бақ екен.

Досың сенің — құлатпайтын тірегің,

Досың сенің — бірге соққан жүрегің.

 

Жұлдыз ӨМІРЗАҚОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

 

Оқушының өлеңі

 

Көктем

 

Көктемде күн жайнайды,

Құстар көкте сайрайды.

Балалар көп ойнайды,

Қызыққа бір тоймайды.

 

Гауһар МЕҢДІҒАЛИ,

Жарық орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Қобда ауданы.

 

Мектебім

 

Алтын ұям — мектебім,

Алғысым саған көп менің.

Білім алып өзіңнен,

Талшыбықтай көктедім.

 

Исатай ӘДІЛҰЛЫ,

№8 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Ұлан сөзі

 

Мен — елімнің ұланымын,

Самғап ұшар қыранымын.

Биікке қанат қағамын,

Ел қорғаны боламын.

 

Қуанышбек СӘДІРҒАЛИЕВ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

 

Дос

 

Қиындықта іс түскенде басыңа,

Ең алдымен келіп жүрер қасыңа.

Адал жүрек, ақ ниетті асыл жан,

Ықыласы шуақ болып шашылған.

 

Шыңғыс РАХАТОВ,

№45 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Тәуелсіздік

 

Тәуелсіздік — байлығы ұлы елімнің,

Қасиетті өзегі тірегімнің.

Желбірейді көк байрақ аспанымда,

Менің елім көркейді қас-қағымда.

 

Ұлболсын ҚАЛИЕВА,

Қосарал орта мектебінің оқушысы.

Байғанин ауданы.

 

Сөзжұмбақ

 

Дала сәні

 

     Қарлығаш

  бҰлбұл

    Сұңқар

    Тоқылдақ

    Аққу

қаРға

 

1. Үйге ұя салатын құс. 2. Әнші құс. 3. Жыртқыш құс. 4. Орман емшісі. 5. Киелі құс. 6. Қар үстінде жорғалайтын құс.

 

Құрастырған Шынар БАҚЫТ,

М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Мен салған сурет

 

«Бауырсақ» ертегісінің ізімен                                                                                                                           

 

Суретті салған ТОМИРИС НҰРЛАНҚЫЗЫ,

№15 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

ГАЗЕТІМІЗДІҢ №54-55 САНЫНДА (6.05.2014) ЖАРИЯЛАНҒАН СӨЗЖҰМБАҚТЫҢ ЖАУАБЫ:

 

1. Алматы. 2. Сағат. 3. Ту. 4. Ана. 5. Нан. 6. Алма.

 

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button