Мереке

Олар — отан қорғаушылар

7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай қаладағы №6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан қатардағы жауынгерлердің жайымен танысып, мерекелерімен құттықтап, сұхбаттасып қайтқан едік.

— Әскерге не үшін келдіңдер? Қай жерден келдіңдер?

Абзал Самегулин, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

— Қазақта «Ел үмітін ер ақтар» дейді ғой. Әскерге елімнің, жерімнің қорғаны болу үшін келдім. Әскерге келгеніме қуанамын. Мен Астана қаласынан келдім. Әскерге дейін Астанада туризм және спорт саласы мамандығы бойынша білім алып жатқанмын. Әскерге шақырту келген соң  академиялық демалыс алдым. Отан алдындағы борышымды өтеп барғаннан кейін оқуымды жалғастырамын.

Өмірбек Жарболсын, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Мен Тараз қаласынан боламын. Отан алдындағы борышымды өтеу үшін келдім. Әскерге келу — әрбір ер-азаматтың борышы.

Руслан Әбдікенов, 20 жаста, қатардағы жауынгер:

— Мен Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданынан келдім. Әскерге елім үшін, өзім үшін, өзімді сынау үшін келген болатынмын. Менің әскерге келгеніме 10 айдан асты. Енді 2 айдай уақыт қалды. Әскери тәртіпке үйреніп қалыппын.

— Әскерге алғаш рет келгенде қандай қиындықтар болды? Оны қалай жеңдіңіздер?

Абзал Самегулин, 19 жаста, қатардағы жауынгер:
— Әскери өмір — қатаң тәртіп. Алғаш келген кезде қиын болды. Бірақ оған да үйреніп кетесің. Әр азамат оны алдымен ойымен, санасымен жеңе білу керек. Ақылмен, шынайы ниетпен талпынсаң, қандай қиындық болса да, сүрінбей өтіп кетесің.

Өмірбек Жарболсын, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Әскерге алғаш келгенде маған қиын болғаны — бұл жақта суықтау. Тараз жылы аймақ қой, Ақтөбенің суығына шыдауға тура келді. Әрі басында бейтаныс ортаға сіңісу оңай болған жоқ. Кейін үйренісіп кеттім.

Руслан Әбдікенов, 20 жаста, қатардағы жауынгер:

— Мен әскерге келген кезде сапқа тұру, бұйрықтарды орындау, командирді сыйлау, т.б. көптеген таңсық дүниелермен кезіктім. Кейін бәріне үйрендім. Қазір бір ротадағы жауынгерлер бір үйдің баласындаймыз. Әрқайсысының өз орны бар.

—    Әскер жігітті неге үйретеді? Әскерге әлі бармаған жігіттерге не айтасыздар?

Абзал Самегулин, 19 жаста, қатардағы жауынгер:
— Әскер жігітке ата-ананың, үйдің қадірін түсінуге үйретеді. Жалпы, әскерде жүргенде әрбір нәрсені, әрбір затты бағалауды үйренесің. Әскерге келмей жүрген құрдастарыма айтарым: қорқатын ештеңе жоқ, әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуі қажет.

Өмірбек Жарболсын, 19 жаста, қатардағы жауынгер:
— Өз басым әскерден ең бірінші, жауынгерлік машықтарға үйрендім. Шапшаңдыққа, үнемі сақ жүруге үйрендім. Екіншіден, ата-анадан жырақ жүріп өмір сүруге, жеке өзім шешім қабылдай білуге үйрендім. Жалпы, әскери өмірден үйренер дүниелер көп.

Руслан Әбдікенов, 20 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Әскер алдымен жігітті батылдыққа, патриот болуға үйретеді. Бейбіт елде өмір сүріп жүріп, Отанын қорғамаған жігіт, жігіт емес деп ойлаймын. Жас жігітке әскери өмір дұрыс тәлім-тәрбие, жігер-күш береді. Сондықтан әскерден қашудың қажеті жоқ.

—    Әскерде тәртіп қатаң. Барлығы уақытпен, тәртіппен жүреді. Кейде еркіндікті аңсайтын кездеріңіз бола ма?

Өмірбек Жарболсын, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Әрине, кей кездері демалып, қыдырғымыз келеді. Енді жаспыз ғой (жымиып күлді). Бірақ тәртіптен асып кетуге болмайды. Сенбі, жексенбіде кейде осы қаладағы туыстарымызға барып келеміз.

Абзал Самегулин, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Мен үйрендім. Бәрін уақытымен жасағанды жөн көремін. Әскери өмірге төселдік қой.

—    Үшеуіңіздің араңызда Русланның жасы үлкен екен. Әрі Отан алдындағы борышын өтеп қайтар уақыты да таяп қалыпты. Ата-аналарыңызды, бауырларыңызды сағынған боларсыздар. Хабарласып, хат жазысып тұрасыздар ма?

Өмірбек Жарболсын, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Әрине, хат жазып тұрамыз. Ата-анамызды сағынып жүрміз. Русланның борышын өтеп қайтуына 2 айдай уақыт қалды. Амандық болса, біз де сол күнге жетерміз.

Абзал Самегулин, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Мен де ата-анаммен, бауырларыммен хат жазып хабарласып тұрамын. Барлығын сағынып жүрмін. Мен үшін азаматтық борышымды өтеп қайтсам, сол — бақыт.

—    7 мамыр Отан қорғаушылар күніне сіздердің бөлімдеріңізде қандай шаралар өтеді? Мерекеге орай жауынгерлерге айтар тілектеріңіз?

Абзал Самегулин, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Жыл сайын біздің әскери бөлімде мерекелік концерттер, спорттық жарыстар (турникке тартылу, жүгіру, т.б.) өтеді. Жауынгерлер арасында өнерлі жігіттер көп. Түрлі сайыстар да ұйымдастырылады.

Руслан Әбдікенов, 20 жаста, қатардағы жауынгер:

—    Барлық жауынгерлерді, командирлерімізді мерекелерімен құттықтаймын. Денсаулық, қажымас қайрат, шыдамдылық тілеймін.

Өмірбек Жарболсын, 19 жаста, қатардағы жауынгер:

— №6655 әскери бөліміндегі барлық жауынгерлер мен жедел мақсаттағы рота командирі, аға лейтенант Ерболат Жомартовты, материалдық-техникалық қамтамасыз ету рота командирі, аға лейтенант Еркін Қойшыбаевты Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймыз. Еліміз тыныш болып, жауынгерлеріміз көбейе берсін!

 

Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Екі мерекенің еншісі

 

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері  Феодр Евгенович Чемоданов:

— Еліміз екі бірдей мерекені атап өтеді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соғыс және еңбек майданының мүгедектері, тыл белсенділері, барша халқымыз, жастар биыл да Отан қоғаушылардың күні мен Жеңіс мерекесін лайықты қарсы алғалы отыр. Отан қорғаушылар мерекесінің маңызы ерекше. Бұл күн — біздің даңқты Қазақстан Республикасының  тарихи мерекесі деп атауға лайық. Қазақстан әскері өзінің сапалық құрамы жөнінен бірыңғай қорғаныс жағдайын көздейтін, стратегиялық мақсаттағы әлемдегі қазіргі заманғы ең үлгілі әскер құрамы болып есептеледі.  Сондықтан да халқымыз өзінің қорғаныс күштерін, Отан қорғаушы сарбаздарын мақтаныш тұтады.

Жеңіс мерекесі — біздің әрқайсысымызға, үлкен мен кішіге бірдей жақын әрі жүрек толқытатын әсерлі күн. Біздің халқымыз бейбітшілік жолында қан төгіп, ең зұлым жау — неміс фашизмін тізе бүктірді. Сол Ұлы Жеңісімізге биыл 69 жыл толады.

Екі бірдей мереке алдында еске алатын тарихымыздың даңқты беттері жетерлік. Мен Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, еңбек пен соғыс мүгедектерін қос мерекемен құттықтап, зор табыс тілеймін. Біздің бүгінгі жастарымыз да аға ұрпақтың даңқына сай болады деп есептеймін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халқымызды әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіруге шақырып отырған кезде бұл аса маңызды деп ойлаймын. Мен еліміздің сондай биікке көтерілетініне сенемін.

Мемлекет тарапынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, майдан мен тыл ардагерлеріне, мүгедектер қауымына жасалып отырған қамқорлық ерекше. Жергілікті билік тарапынан да жылма-жыл оларға қамқорлық күшейіп келеді. Коммуналдық төлемдерге байланысты жеңілдіктер көрсетілуде. Қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Басқа да жәрдемдер көрсетілуде. Облыстық мүгедектер қоғамы да өзінің қал-қадірінше мүгедектер қауымының мүддесін қорғауға барынша тырысып келеді. Бұл бағытта алда да мақсатты жұмыстар жүргізе беретін болады.

 

Мұражай көрме әкелді

 

Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен «Қос Шынар» Әлия – Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігі Жайсаң көпбейінді колледжінде  батырлардың ерліктерін еске алуға байланысты есте қаларлық үлкен шара өткізді.

Басты мақсаты  жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді көздейтін бұл басқосуға Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайы белсенді үлес қосты.

Салтанатты шараны колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Ақдәулетова ашты. Мұнан кейін колледж оқытушылары мен шәкірттері алдындағы патриоттық тәрбиелік мәні бар әңгімелерді Жайсаң селолық округінің әкімі Ж.Есмұхамбетов, колледж директоры А.Қужақов, «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғ.Байдербес, облыстық Әлия Молдағұлова мемориалдық мұражайының өкілі С.Тәжбенова, т.б. жалғастырды.

Бұдан соң майдан тақырыбын кең ашып көрсететін деректі фильмдер көрсетілді. Сазгер С.Бәйтерековтің көрермен қауымға кең танымал атақты «Әлия» әні шырқалды.

Алдын ала дайындалған семинар өз жұмысын бастап, онда еліміздің мемлекеттік идеологиясына байланысты әңгіме қозғалды. Әрине, бұл жерде де негізгі тақырыпты қоғамдық бірлестік пен мұражайдан келген қонақтар, аталған колледждің басшылары таратты. Сонымен бірге, әңгімеге «Нұр Отан» партиясы аудандық филалының өкілдері, ауданның мұғалімдер қауымы кеңінен араласты. Әлия Молдағұлова мұражайы «Ұлы Отан соғысы. Әлия-Мәншүк» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырды.

Осы күні колледж ғимаратында Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған мергендік өнерден, спорттың өзге де түрлерінен дәстүрлі біріншілік өтті. Оған Мәртөк аудандарының мектептерінен 16 команда қатысты. Жалпы командалық біріншілік бойынша бірінші орынды Мәртөктің №1 орта мектебі, екінші орынды Жайсаң орта мектебі жеңіп алды. Ал Хлебодар орта мектебінің командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздарға мұражай, бірлестік басшылары Алғыс хаттар, марапаттар тапсырды.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Подполковник

 

Әскердегі тәрбие үйдегі тәрбиеден бөлек. Ол жерде ешкім басыңнан сипамайды, еркелетпейді, барлығы қатал тәртіпке негізделген.

— Бұрын қазақтың әр үйінде 8-10 баладан болатын еді. Ал қазір отбасында бір-екі бала, көп дегенде 4 баладан ғана бар. Сондықтан әр үйдің еркесін бірден әскери қатал тәртіпке үйрету оңай емес. Мінез-құлықтары да, отбасында алған тәрбиелері де әртүрлі. Сондықтан әскерде әртүрлі кикілжіңді жағдайлар орын алып жатады. Әскерде сарбаздың барлығы бірдей, ешкім ешкімнен артық емес, —дейді  Ақтөбедегі 6655-әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Манарбек Кадисов.

Подполковниктің әскери салада қызмет етіп жүргеніне биыл жиырма жыл толады екен. «Барлығы мектепте оқып жүргенде «Офицерлер» деген киноны көргеннен басталды. Сол фильмдегі әскери адамдардың өмірін, олардың адамдар үшін, Отаны үшін жасаған жанқиярлық қызметін көріп, мен де солар секілді болғым келді», — дейді ол.

Арманы Алматы жоғары командалық шекара училищесіне алып келген. Алғашқы жылы оқуға түсе алмапты. Бірақ меселі қайтпай, келесі жылы қайтадан оқуға барған. Аталған училищеде төрт жыл білім алғаннан кейін Манарбек өзінің туған жері Орал қаласындағы әскери бөлімшеде взвод командирі, рота командирінің тәрибе жөнінде орынбасары қызметтерін атқарған. Бұдан кейін Ақтау қаласындағы 6656-әскери бөлімде тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі бөлім бастығының көмекшісі, батальон командирінің орынбасары қызметтерінде болды. Қазір Ақтөбедегі 6655-әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары.

— Әкем кезінде ұшқыш болуды армандапты. Алайда, оны әкесі бұл оқуға жібермеген. Жан досы Ресейде оқып, әскери білім алып, зейнетке шыққанша ұшқыш болып жұмыс жасады. Сол арманы ішінде кеткен болуы керек, үйдегі үш ұлымның бірі әскери адам болса деп армандаған. Соны мен орындадым, — дейді подполковник.

Жиырма жыл бойы әскери тәртіппен жүріп-тұрып келе жатқан Манарбек азаматтық өмірдің қандай болатынын тіпті ұмытып қалғанын айтады.

«Қай кезде де, күннің қандай мезгілінде де дабылға дайын тұрамыз. Түнді таңға ұратын кезекшіліктер тағы бар. Сондай кезде қасыңдағы серігіңе сүйенесің. Әскердегі сарбаздарды тәрбиелеймін, солардың қасында күні-түні жүремін деп өз балаларыңның тәрбиесіне мән беруге уақыт бола бермейді. Оның үстіне әскери адам болған соң көшіп-қонып жүре беруге тура келеді. Әйеліңді, бала-шағаңды ертіп, бар деген жеріңе бара бересің. Өзің ғана емес, әйелің де офицер болып кетеді. Әмкери адамның әйелі болудың қаншалықты қиын екенін осыдан түсінуге болады. Мен подполковник болсам, ол атағы жоқ полковник сияқты ғой…» — дейді М.Кадисов.  

Жиырма жылдағы мінсіз еңбегі үшін ол «Қазақстан қарулы күштерінің 10 жылдығы», «10 жылдық мінсіз қызметі үшін», «15 жылдық мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, І,ІІ дәрежелі «Қайсар» төсбелгілерімен наградталған.

— Қазіргі жас жігіттер әскерде әртүрлі жағдай болады екен деген желеумен әскерден қашып жатады. Ол дұрыс емес. Елдің басына күн туса, халқымыз сол жігіттерге сенеді, соларға сүйенеді емес пе? Ендеше, ел ерге қарағанда, ер жерге қараса, ертеңгі күніміз не болады? Сондықтан қандай жағдай болмасын, Отанды қасық қанымыз қалғанша қорғауды парызымыз, борышымыз деп білуіміз керек, — дейді подполковник.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

КАПИТАН

 

Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінің байланыс саласының бастығы, капитан Аян Жәнібеков ағасына еліктеп, әскери адам болуды ұйғарғанын айтады. Мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған Аяннан ата-анасы басқа шешім күткен. Астанадағы, Алматыдағы еліміздің іргелі оқу орындарына баратын болар деген. Бірақ… Аян өз қалауы бойынша әскери училищенің курсанты болып шыға келді.

—    Жалғыз ағам Петропавл қаласындағы әскери училищеде оқыды. Ол ауылға каникулға келгенде погонды әскери киімдеріне қатты қызығатын едім. Оны киіп алып достарыммен серуенге шыққанда барлығы қызығып, «сен де ағаңдай боласың ба?» деп ауыздарының суы құритын. Мен одан сайын мәз боламын. Сол уақытта әскери адам боламын деп нық шешімге келдім. Ағам секілді болғым келді. Жалпы, ағам — біздің әулеттегі тұңғыш әскери адам. Ал туысқан інілеріміздің арасында, яки бізден кейін осы саланы таңдағандар баршылық, — дейді ол. 

Аянның ағасы Қарағанды қаласындағы 6605-әскери бөлімде қызмет етеді, шені майор. Ата-анасы Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Ата-анасы бірі капитан, бірі майор — екі ұлын жылына бір-ақ рет, еңбек демалысына шыққанда ғана көреді. Аян жеті жылдық еңбек тәжірибесінде ағасымен ауылға тек екі рет қана бірге барған. Көбіне еңбек демалыстарының мерзімі сәйкес келе бермейді.

—    Шаңырақта екі ұл ғанасыздар. Әрі екеуіңіз де әскери адамсыздар. Ал әскери адам бұйрық бойынша көшіп-қонып жүре береді. Ата-ананы бағу керек қой… дегем:

—    Рас айтасыз, қазақта қарашаңырақ деген бар. Сол қара шаңырақтың тізгіні кенже ұлда болады ғой. Мен үйдің кенжесімін. Алайда, әскери адам әрі ел қорғаны болар ер азаматтар алдымен Отанына қызмет етуі керек. Отанымыз тыныш болса, шаңырағымызда да тыныштық болады. Мен училищені де үздік аттестатпен аяқтағандықтан, қызмет ететін жерді өзім таңдауға мүмкіндік болды. Алайда, мен бұл артықшылықты пайдаланғаным жоқ, қайда жібересіздер, сонда барамын дедім, — дейді Аян.

Бұйырғаны Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімі болды.  Аян алдымен байланыс взводы командирі болып орналасты. Мінсіз қызметі үшін басшылық оны 2010 жылдан бастап байланыс саласының бастығы етіп тағайындады. Қазір капитан осы әскери бөлімдегі барлық байланыс жүйесінің үздіксіз жұмыс жасауын қадағалайды.

—    Кезінде орыс генералы Белов: «Байланыс бар кезде оны ешкім көрмейді, ал ол бір сәтке жұмыс жасамай қалса, барлығы байқайды» деген болатын. Расында солай ғой. Байланыс бір минутқа үзіліп қалса, радио жүйесі, сымдық, спутниктік байланыстар, әскери құпия байланыстардың жолы бір минутқа кесілетін болса, үлкен жүйенің жұмысы да үзіледі. Сондықтан тұтас жүйенің бір де бір бөлшегінің жұмыс жасамай қалуына жол бермеуіміз керек. Әскери салада бас қолбасшыдан бастап қарапайым сарбаздың арасындағы байланыс бір секундқа да үзілмеуі тиіс. Бұдан әскери байланыстың қаншалықты маңызды екендігін көруге болады, — дейді Аян. 

Қызметінің қиындығын да — қызық, қызығын да — қызық деп әңгімелеген Аянмен арадағы сұхбаттан оның өз жұмысын жақсы көретінін түсіндік.  Әскери адам болудың нәтижесінде төзімділікке, жинақылыққа, қатал тәртіпке әбден үйренген Аян барлық жұмысты тек қана жұмыс уақытында жасауға тырысатынын айтады. Ал қызметтен тыс уақытын отбасына арнайды екен.

7 мамыр — әскердегі ел қорғар азаматтарымыздың, қорғаушыларымыздың мерекесі. «Қандай жағдай болмасын, елімізді, ата-бабамыздың асыл мұрасы — жерімізді, Отанымызды, қазақ елін қорғауымыз керек. Еліміздің егемендігін сақтау — біздің әрқайсысымыздың борышымыз. Қазыбек би айтпақшы, біз «елімізден құт-береке қаш­па­сын деп, жеріміздің шетін жау бас­па­сын деп, найзаға үкі таққан елміз». Сондықтан елімізден құт-береке қаш­па­сын  десек, кірпік ілмей ел тыныштығын сақтауға міндеттіміз», — дейді Аян.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button