Отбасылық бюджет қалай басқарылады?
Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (АӨҚО ҚРА) Қазақстан Республикасы халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы және қор нарығы туралы оқыту мақалалары сериясын жариялауды жалғастырады.
Отбасы бюджетін қалай тиімді етуге болады? Бүгінгі күні қазақстандықтардың көпшілігі алатын жалақыларының жаман емес болуына қарамастан жасаған шығындарының орнын толтыра алмай жатады. Мұндай жағдайға жолықпау үшін отбасылық бюджетті құрып үйрену қажет.
Отбасылық бюджеттің түрлері
Дәстүрлі түрде бюджеттің үш түрі бар деп саналады: бірлескен, бірлескен-жеке және жеке бюджет. Бюджеттің түрін таңдауда отбасы мүшелерінің барлығының пікірі ескерілуі тиіс. Әйтпесе кикілжіңдер туындауы мүмкін.
Отбасылық бюджеттің ең кең тараған түріне бірлескен түрі жатады. Отбасылық бюджеттің бұл түрін әдетте табыс деңгейі тең болмаса зайыбы жартылай немесе толықтай күйеуінің асыруында болатын жұптар пайдаланады. Мұндайда ерлі-зайыптылар қолда бар соманы қалай жұмсау керектігін бірігіп шешеді және келешек шығындарды талқылап, бюджетті бірлесіп жоспарлайды. Жеке бюджет түрінде ерлі-зайыптылар керісінше бюджеттерін дербес түрде құрастырады. Бюджеттің бірлескен-жеке түрінде ерлі-зайыптылар үй шығындарын бірге көтереді, бірақ одан қалған ақшаларын әркім өз қажеттілігіне жұмсайды.
Шығындар мен кірістерді есепке алу
«Бюджет» сөзі тікелей аударғанда «әмиян» деген сөзді береді. Тұрмыстық деңгейде бұл сөз ақша шығыстары мен кірістерін есепке алуды білдіреді. Бюджет екі бөлікке бөлінеді – кіріс және шығыс. Қаржылық әл-ауқатқа жетудегі ең маңызды қадам – іс жүзіндегі жасалынған шығындардың көлемін анықтау. Біріншіден, отбасының барлық шығындарын анықтап, оларды топтасыра білу қажет: қажетті шығындар мен уақытша шығындар. Кейініректе бірінші санаттың шығындарынан азықтану, коммуналдық қызметтер, көлік, балаларды оқыту сияқты отбасылық бюджеттің негізгі көрсеткіштері қалыптастырылады. Уақытша сипаттағы шығындарға жоспарлы (аяқ-киім жөндеу, туыстарға сыйлық алу, күтпеген жағдайлар) және уақытша «көңіл-күйді көтеретін» жоспарланбаған шығындар жатқызылады. Шығындардың соңғы аталған түрлерін біртіндеп қысқарта бастау қажет, себебі олар отбасылық бюджетке орны толмайтын нұқсан келтіріп жатады. Сіз өз шығындарыңызды нақты білетін болсаңыз, сіз оларды жоспарлап үйренесіз, соның нәтижесінде әрқашанда бір соманың қалуын қамтамасыз ететін боласыз.
Отбасылық бюджетті жоспарлау мәселелерін зерттеумен айналысатын аналитиктердің көпшілігінің пікірінше, шығындар мен кірістерді жүйелі түрде есепке алу шығындардың 20%-ын үнемдеуге мүмкіндік береді, жылына бұл сома отбасының екі айлық жалақысын құрауы мүмкін. Бұл қаражаттарды үнемдей алсаңыз, оны сіз адал еңбекпен таптыңыз деуге тұрады, себебі үнемделген теңге еңбек етіп тапқан теңгеге тең болады. Бұл ақшаны сіз тиімді түрде инвестициялап, келешекте қандайда бір табысқа қол жеткізе аласыз.
Жеке қаржылық жоспар
Тағы бір пайдалы кеңес – кез келген табысыңыздың 10-20%-ын сақтап қойыңыз. Осылайша, сіз өз тұрақтандыру қорыңызды немесе, қарапайым тілмен айтқанда, ақша қорын жинақтайсыз. Бұл соманы мысал үшін депозитке сала отырып, сіз, біріншіден, күтпеген шығындар туындаған кезде өз қаржылық қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етесіз, екіншіден, бұл ақшалар енді өз бетінше жұмыс жасап сізге табыс әкелетін болады.
Сондай-ақ, өз ақшаларыңызды жинақтай отырып, сіз жоспарлы түрде, отбасы бюджетіне нұқсан келтірмей, жеке қаржылық жоспар көмегімен өз қаржылық мақсаттарыңызға жете аласыз.
«Жеке қаржылық жоспар» дегеніміз адамның НЕГЕ және ҚАНДАЙ ЖОЛМЕН қол жеткізгісі келетіні. Мысалы, бұл автокөлік делік. Айта кететін жайт, мақсат қою жеке қаржылық жоспар құрудың алғашқы сатысы болып есептеледі. Мақсат жалпы болмауы тиіс, оны ұқыптылықпен нақтылау қажет. Автокөліктің моделін, түсін, жылын, құнын нақтылаған жөн. Бұдан кейін мақсатыңызды өз табыстарыңыз және мүмкіндіктеріңізбен салыстыру қажет. Бұдан кейін көз алдыңызда бүтін бейне пайда болады – ай сайын сіз қанша қаржы қалдырып тұруыңыз қажет және қаржылық мақсатқа қол жеткізу үшін қанша уақыт қажет болып табылады. Мақсатты отбасылық бюджеттің мүмкіндіктерін есепке ала отырып түзетуге болады. Жеке қаржылық жоспарды құрудағы соңғы қадам – мақсатқа жету жолдарын анықтау. Бұл кезеңде «Қанша ақша қалдырып тұру қажет?», «Ақшаны қайда салуға болады?» және «Қашан бастау қажет?» деген сұрақтарға жауап іздеу қажет.
Өз бюджетіңіз бен жеке қаржылық жоспарыңызды басқару идеясынан бас тартудан бұрын келесі сұрақтарға жауап беріп көріңіз:
1. Сіздің отбасыңыз жыл сайын құрылатын бюджетті ұстанады ма?
2. Сіздің отбасыңыз жыл сайын азық-түлікке, киімге және тұрғын үй үшін қанша ақша жұмсайтынын білесіз бе?
3. Бүгінгі күн, ағымдағы апта, ай, жылға қойған қаржылық мақсаттарыңыз бар ма? Сұрақтардың кемінде біреуіне теріс жауап берсеңіз, өз қаржыларыңызды басқару мен бақылау туралы ойланатын уақыт келді деген сөз. Отбасы бюджетін басқару деген – жеке өнер. Негізі бұл – әдетте бір ай мерзіміне құралатын отбасының ақшалай шығыстары мен кірістерін реттеуге бағытталған жоспар. Сіздің келешектегі әл-ауқатыңыз кірістер мен шығыстарды басқара алуыңызға тәуелді болады.
Жанар МАЗЕМБАЕВА,
сарапшы.




Айлық жалақының 10-20 пайызын егер айлығың төмен болса қалай жинақтайсың. Осы жағына келісе алмайтындығымды білдіргім келеді.
Отбасылық бюджет туралы айту үшін, қазақстандық отбасының орташа шығынын есептеу керек. Егер шығыны табысынан асып жатса, тіпті жетпей жатса, үнемдеп көбейту туралы әңгіме бос ертегі. Маған осы туралы мәлімет керек еді. Орыстардың отбасының орташа бюджеті туралы көп материал таптым, ал қазақстандық отбасының орташа бюджеті туралы сандық деректерді таппай отырмын.
оңбағандар шығыс барда кіріс жоқ.кіріс болса шығыс жоқ
кіріс батыстан кіріп шығыстан шығады.ауыздан кіріп арттан шыққандайғо
бюджет деп осыны айт