Бекзат баба былшық би
Зерде
Еліне сөзі ем болған, жер жарған атақ-даңқы бүгінгі буынға дейін үзілмей жетіп, көсемдік пен шешендік өнері жайлы аңызға айналған әңгімелері халықтың құлағында мәңгілік хатталып қалған данағой, дарабоз тұлғалардың бірі біз тілге тиек еткелі отырған Кіші жүздің кенже биі — Былшық атамыз.
Қазақ халқы, құдайға шүкір, би-шешендерден кенде емес. Атақты үш би — Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған олардың біразының есімдері күні бүгінге дейін халықтың жадында. Бұл оларға деген көпшілік құрметі мен сүйіспеншілігінің айғақты белгісі болса керек.
Кеудесі алтын сандық, көргені мен түйгені телегей-теңіз даналар, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, қылыштан өткір қызыл тіл иесі, қара қылды қақ жарған әділ тұлғалар ғана би бола алған. «Тумысы бөлек жақсы адам, ерекше келер басқадан» дегендей, тура билерде туған болмаған. Көктегі күн, жердегі тура билер бар халыққа ортақ Нұр саналған. Шын билер барынша әділ болған.
Қаз дауысты Қазыбек би Төле би дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеде әділет өлді десейші» деп жер таянып жылаған дейді.
Халықтың өзі танып, таңдаған тұлғаның, бидің адами кескін-келбеті қандай болу керек екенін билер қауымының абызы Төле би атамыздың өзі түйіндеген.
Ол былай дейді:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол.
Міне, билер абызының осы өсиетіне адал болуға ант берген, оны бойына бойтұмар етіп таққан, өмір бойы темірқазық тұтқан біртуар дана тұлға, ақтан жаралған әділ би екеу болса бірі, бірі болса соның өзі — Былшық атамыз. Бұрын елге бай құт емес, би құт болғанын және еске салайық.
Тағы да Төле бидің сөзіне құлақ түрейік. Ол былай дейді: «Батыр деген барақ ит, екі қатынның бірі табады, би деген бір бұлақ, қатынның ішінде оны ілуде біреуі табады». Би, міне, осындай тұлға.
Былшық би біздің қара шаңырақтың туған жиені, туған апамыздан туған. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген пікірді өзіме едәуір медет тұтамын. Орайы келіп тұрғанда сөз арасында айта кетсем, кейін сүйек жаңғырттық. Бидің әруақты есімді баласының қызы Алма біздің үйге келін болып түсіп, ошағымыздың отын маздатты. Демек, тамырымыз тереңнен тартылады.
Төр мен төбе үшін, көш бастау, ел бастау, сөз бастау үшін жаралған, ел ішінде ар мен ұяттың ұйтқысы бола білген Былшық бидің ізінен қаңқу сөз ермеген, өмірден періштедей пәк болып өткен.
Ал алтын көрсе жолдан таймай, ақ жібектен таза болып өмірден өту екі адамның бірінің пешенесіне жазылмаған.
Бір-екі дерек келтірейін. Ол үшін Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбайды алайық. Мұны «Абай жолы» романынан оқисыз. Иә, сонымен бірде құдық пен жайылымға таласқан екі рулы елді біріктірмек болған Құнанбай бұл міндетті сол елдің белді азаматы Сүйіндікке жүктеп, шекараға сызық жүргізгенде өзі оның соңынан еріп отырады. Бір жерлерге келгенде, Сүйіндіктің шекара бөлісіне көңілі толмаған Құнанбай оны тоқтатып, «шекараны дәл сызбай, ауытқып барасың ғой» десе керек. Сонда Сүйіндік «Құнеке, мен қойдың ізімен емес, Аллах нұсқаған бағытта жүріп келемін» деп, Құнанбайдың қолдау білдіремін деп екінші жақтан он шақты қой алғанын бетіне басыпты.
Тағы бір мысал. Аға сұлтан болып тұрған кезінде Құнанбай барымтаға барыңқырап, қоныс пен жердің шұрайлысын өз руы — тобықтыға икемдей беріпті. Кейін дау-жанжал туар деп қауіптенген ру ақсақалдары аға сұлтанды қанағат-сабырға шақырады ғой. Сонда Құнанбай: «Естеріңде болсын, халық өседі, мал мыңғырады, бірақ жер өспейді. Жер көптік етпейді» депті. Демек, пендешілік Құнанбайдың да басында болған. Әрине, жақсы адамға сөз ереді.
Дейтұрсақ та Былшық бидің соңынан мұндай бірде-бір қаңқу сөз ермеген. Бұл оның тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан, халқының қамын жеген, ар мен намыс туын жықпаған, қорғансаң – қалқан, сілтесең – семсер сынды адал азамат болғанын білдіреді.
Кешегі кеңес өкіметі орнап, мамыражай бейбіт заман күйреп, парасат, пәктік сиреп, иесіз, ерсіз дүниені тексіздер мен арсыздар билеп, ағасыз ел аза бастаған, көргенсіз біткен көсем, керауыз біткен шешен болған зар заманда, тар жол, тайғақ кешуді таңдаған қоғамда Былшық бидей өресі биік өр тұлғаларға орын болмауы табиғи нәрсе. Түрмеге қойдай тоғытқандар арасында, жазықсыз құрбан болған бейкүнә тұлғалар ортасында би атамыздың болуы сонан.
Сол жылдары тар қапаста қамалғандардың жаңа қоғамға деген наласы мен нағылетін Үкілі Ыбырай былай түйіндеген:
«Айналайын» хүкімет,
Қылғаның қырғын хикмет.
Құрсауға салдың сау басты…
Ақиқат жолын тайғыздың,
Тар түрмеге сыйғыздың,
Аппақ қудай шал күнде,
Қияметке қиғыздың.
Иә, ол бір обал-сауапты ешкім ойламаған, жауыздық жайлаған заман еді ғой.
Кеңес өкіметі осындай қияметтің тоғытына Қазақстанның 110 мыңнан астам ұл-қызын салып азаптаған. Соның бірі — Былшық би.
Қаптай көшкен қауымның,
Қорымы қалды-ау, о жалған.
Ардағы кетіп ауылдың,
Тобыры қалды-ау, о жалған, —
деп зарлаған халықтың көз жасын көріп, маңдайынан сипайтын пенде табылмаған. Бұл — мәңгі басылмайтын өксік.
«Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас еді. Халыққа сөзі өтетін, халық сенетін 500 беткеұстарының көзін жойса жетіп жатыр, қазақтар тізе бүгіп, тағзым етті деп біл»,— деген тегі түрік адмирал Колчактың «ақыл-кеңесі» құдайсыз қоғам орнатамыз деп еліріп-лепірген дінсіздердің солақай саясаты мен оң жамбасына дөп келген тәрізді. Осындай нақақтан күю біздің ұлтымыздың маңдайына молдау жазылғаны байқалады. Өйткені сол нәубет жылдары атылған, асылған, тұқымын тұздай құртқан қазақтар саны грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе, татарлардан төрт есе, ал өзбек ағайындардан бес есе көп болыпты.
Ақтөбенің ақ түрмесінде бес жыл жатып, қайғыменен қан жұтып дүниеден озған абыз ата алдында кеш те болса басымызды иіп, рухы алдында тағзым етіп:
Былшық би өтті дегенше…
Қамқалы тонның жағасы,
Халқының қамқор ағасы,
Иеміз өтті десеңші,
Киеміз өтті десеңші,
— деу ләзім.
«Исатай-Махамбет» поэмасының авторы, ақын Ығылман Шөрекұлының «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар» дегені ойыма оралып отыр. Тауып айтқан. Би туралы естіген-білгені бар кәрі құлақ, зерде-пейілі барлар, облыс қаламгерлері оның артында қалған мұрасын түгелдеуге атсалысар деп үміттенеміз.
Бұл пікірге қоса дана перзенттеріміздің бірі Әбіш Кекілбайұлының: «Жақсыны ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау — өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік» деген аталы, тағылымды сөзін еске салғым келеді.
Соңғы жылдар жүзінде би ата туралы мақала жазғандар арасында бидің немересі Ә.Төлегенұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Қаратаев, рулас інісі С.Қорғанбекұлы және басқалар бар.
Осылардың арасында тұшымдысы мен толымдысы көсемсөзші ініміз Мейірхан Ақдәулетұлының өткен жылдың тамыз айында «Ақтөбе» газетінің бетінде жарық көрген «Тағдыр тұр оғын кезеген» деп аталатын мақаласы қарымды қаламмен, жүректің жылуымен жазылған, тебіреністің лүпілі сезілетін бас-аяғы жұмыр, анау-мынау зерттеу кітабының жүгін арқалаған туынды дер едім. Тынысын сәл кеңейтіп, жеке кітап етіп басып шығаруды тілеп-ақ тұр. Редакциядағы інілеріміздің дені — ақын-жазушылар. Солардың тілімен айтсақ, би бұрылып, хан қайрылып оқитын байыпты ой түйіндері болып шыққан. Бүгін қолыма қалам алып отырғаным да, сөз жоқ, соның әсері.
Ең бастысы «бітер істің басына, жақсы келсін қасыңа» дегендей, бір кезде біз келістіре алмаған шаруаны Мейірхан ініміздің қолға алып, білек сыбана кірісіп, аяқтап шығуға мұрындық болуы қандай алғысқа да лайық, қуана құптарлық қадам. Аллах сәтін салсын дейміз.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жарық көрген қазақтың елу би-шешенінің өмірбаяндық деректері мен өсиеттей өнегелі сөздерін қамтыған екі томдықтан Былшық бидің есімін кездестіре алмай қатты налығаным бар еді. Артында іздеушісі жоқ тұлға тұл екен ғой деген ой түйгенмін.
Осы мақалаға жалғап отырған мына «Кіші жүздің кіші биі» деп аталатын бидің ұрпақтарына арнау сөз сол кезде жазылып, «Ақтөбе» газетінде жарияланған болатын. Мұртын шақпай, ешбір түзету енгізбей қоса жалғап отырмын.
Атақты бидің құрметіне белгі қойып, басын қарайту сияқты игі іске үлес қосуға екі ойлы болып жүрген ағайындар болса ойланар деген үміттемін.
Кіші жүздің кенже биі
«Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, Тәңір таңдайына берген шешен, кейінгі ұрпаққа асыл сөзден мәңгі өлмес мұра қалдырған тарихи тұлғалардың бірі — атақты да әруақты Былшық би. Есімі Бақсайыс бойына ғана емес, берісі Ақтөбе өңірі, әрісі исі қазаққа танымал кісі. Шешімін адам таппас талай даудың қиыннан қиыстырып, амалын ақылмен тапқан, қара қылды қақ жарған әділ қазы, сол үшін тура би атанған әрі қазақта қара сөзге дес бермеген сөз зергері.
Сондықтан бұл есім қарабұтақтық аға буын өкілдеріне ғана емес, қылқандай қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпаққа да кеңінен танымал болар деп топшылаймыз. Бір сөзбен айтқанда Былшық би «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегендей бірегей тұлға, мақтауға ғана емес, есімімен бүгінгі ұрпақ мақтануға лайық өз топырағымыздың төл перзенті. Қара халыққа жатпай-тұрмай адал қызмет еткен адам.
Ол Ақтөбенің абақтысында қамауда кіріптар болып жатып та елге жазған хатын халқына арнапты. Танысып көрелік:
Жатар ма хабар жаманат,
Өзгерді-ау заман ғаламат.
Сөзімді соңғы арнадым,
Халқым-ау, саған аманат.
Артында қалған халқына, келер-өсер ұрпаққа қалдырған оның осындай аманаты бар. Соны бүгін жұртшылыққа жеткізіп, көпшіліктің есіне салуды жөн көріп отырмыз. Ол тәңірге жалбарынып, жалғыз тілек тілепті. Ол — кіндік қаным тамған жерден топырақ бұйырта көр, бір уыс топырақты басқа емес өз ұрпағым салса деген тілек.
Белгілі түрікпеннің бедеуіндей,
Жерім жоқ бәйге берген жарауымда.
Өмірге армандап көп өкінбеймін,
Сүйегім шықса барып тап аулымда, —
деген жолдар соны меңзейді.
Қарабұтақтық қалың халайық! Былшекеңнің бүгінгі өскен-өнген ұрпағы, кеудесі көсем ел азаматтары! Міне, даңқты жерлесіміз, Кіші жүздің кенже биі Былшықтың аманатын орындайтын, басына бір уыс топырақ салатын сәт туды. Кешегі балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, тоз-тоз болған, шыққан тегін білем дегендер текке құрбан болған заманда аға ұрпақ өкілдері орындай алмаған аманатты бүгінгі буын қолға алатын кезең келді.
Жалпы, біз қарны тойса, қалғып кете беретін халықпыз ғой.
Ұлттың рухын көтеріп, елдің елдігін танытатын мұндай мәселелерде жасыратыны жоқ, біз өзгелерден, басқа халықтардан көш кейінбіз. Барымызды елеп, бағалай білмейміз. Мысалы, Грузияда Шота Руставелидің өлеңін әдемілеп жатқа оқитындардан бәйгесі өтіп тұрады екен. Бәйгесіне машина тігеді. Тарихи тұлғаларға, өнер адамдарына осындай сый-құрмет, шіркін, бізде де болса ғой дейміз. Сосын халқына қызмет еткен, ел мен жердің даңқын шығарған, соған өзінің саналы өмірін сарп еткен Былшық би секілді асыл азаматтарымыздың есімін құрметтеу, осындай игі
дәстүрді жалғастырту, оны кейінгі ұрпаққа мирас ету өскен, жетілдім деген елдің парызы болмақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — ел азаматтарына ой салайық деп отырмыз. Бүкіл ел, Қарабұтақ жұрты болып Былшық бидің атына лайық белгі орнатсақ. Халық арасында «Адайлардың моласын көргенде өлгің келеді» деген сөз бар. Осындай бір ел айта жүретіндей етіп басын қарайтсақ.
Қазір Оңтүстік Қазақстан, Талдықорған, Ақмола, Атырау және басқа облыстардың тұрғындары мұндай жұмыстарды мықтап қолға алуда. Қаракерей Қабанбайдың, қанжығалы Бөкенбайдың, азулы Исатайдың дүйім елді дүрліктірген астары берілуде.
Қарабұтақтық азаматтар да қатардан қалмас деп сенеміз. Әрі «өлі риза болмай, тірі байымас» деген сөз бар. Жолымыз болуы үшін құдайды да ұмытпаған жөн болар, ағайын!
«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының басқармасы алғашқылардың бірі болып өз жарнасын енгізуге әзір. Осы мақсат үшін үш мың сом бөледі.
«Қызыл жұлдыз» совхозының ақсақалдарымен бас қосқанымызда олар бұл бастаманы қызу қостап, өз үлестерін қосамыз деген. Енді тездетіп қор жинау есебін ашып, жауапты адамдарды белгілеп дегендей, іске кірісу керек. «Көп түкірсе — көл» деген. Осылай елдігімізді жасайық, ағайын!
Бұл — атақты жерлесіміз Былшық бидің әруағы риза болатын игілікті іс болмақ. Осындай игілікті істен саналы деген азаматтан ешкім шет қалмас деп үміттенеміз.
Н.ҚАРТБАЙҰЛЫ,
зейнеткер.



