Тұлға

Жас баладай сенгіш еді…

Алдын ала айтайын, мен Қуандық ағамен руласпын. Ол — Төртқарадан Құламан да, мен Сексенмін. Ақын Қуандық Шаңғытбаев туралы айту оңай емес. Бұл кісінің шығармашылығын талдау қолымнан келмейді. Қазақтың әдебиет сыншылары — Төлеген Тоқбергенов, Құлбек Ергөбек, ақындар — Сырбай Мәуленов, Берқайыр Аманшин, Жұмекен Нәжмеденов, Сағи Жиенбаев, прозаик Бек Тоғысбаев оның шығармашылығын терең талдап, аса мықты шайыр екенін, әзіл сөздің шебері драматург екенін, білікті  аудармашы екенін, қазақтың көне сөзінің энциклопедиясы іспетті жан екенін дәлелдеп берген. Сондықтан мен бұл кісімен қалай кездесіп, қалай құрмет тұтқаным туралы ғана айтпақпын.

1960 жылы Қызылорда педогогикалық институты физика-математика факультетінің соңғы курсында оқитынмын. Физматтың үлкен залында қазақтың бір топ жазушыларымен кездесу болады деген хабарландыру тұрды. Зал аузы-мұрнына дейін толды.

Ғабит Мүсірепов, Қасым Қайсенов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Берқайыр Аманшин, Сағи Жиенбаевтар залға кіріп келгенде ду қол шапалақтап, орнымыздан тұрдық. Кездесуді Ғабит Мүсіреповтің өзі жүргізіп отырды. Ғафу Қайырбеков Қасымның «Дариға, сол қыз» әнін айтты. Екінші болып Қуандық Шаңғытбаев шықты. Ұзын бойлы, ақ сары сұлу жігіт екен. «Алматы», «Ақын» деген әдемі өлеңдерін оқып берді. Бұлардан соң оқыған «Көк түс» деген өлеңі тіпті керемет әсерлі еді:

Дүр ете ғап көйлегінің етегі,

Көк жалындай шалқып, тасып кетеді.

Аппақ қолмен тізесіне бір басып,

Сәл ұялып қыз тұсымнан өтеді.

Тістеп алған бидайықтың үш талын,

Көп бұрайды көк орамал ұштарын.

Көк шалғында көгілдірдей көлбеңдеп,

Өте шықты-ау, қанбай қалды-ау құштарым.

Өте шықты-ау, ұйтқып лезде көк жалын,

Неге тұрмын?

…Білмей қойдым ол жағын.

Қызыққаннан, қызғанғаннан не пайда,

Әттең, неге он сегізде болмадым!

Зал  дуылдап тұрып кеттік. Студенттік өмір — махаббатың дер шағы емес пе? Әркім өз сүйіктісіне осындай бір өлең жаза алмағанына өкінеді. Берқайыр да, Сағи да өлең оқыды. Сағи осы институттың түлегі ғой. Оны танитындар көп болды. Кездесу аяқталды. «Бұлармен қайта жолығармын-ау» деген ой қаперімде болған жоқ.

Ауылға келгесін «қағынып», өлең жазатын болдым. 1963 жылы «Сыраның оқуы» деген екі шумақ әзіл өлеңім «Қазақ әдебиетіне» шыға келді.

Институтты  ұнатқан,

Сырттан оқып бір ағай.

Нелер қиын сынақтан,

Оңай өтіп жүр ағай.

Өттім дейді құламай,

Кездескенде кейде ағай:

— Мен емес-ау, шырақ-ай,

Сыра оқып жүр, — дейді ағай.

Менің осы өлеңімді редакцияда бірге қызмет істеп жүрген Сағи Жиенбаев, Ізтай Мәмбетов, Ғафу Қайырбековтер оқып, күлген. Және жүрген жерлерінде айта жүрген. Содан оны оқыған ақындар кейін «Арақтың оқуы», «Коньяктың оқуы» деп, менің өлеңімнің «талап», итін шығарды. Алғашқы ой айтқан мен  жолда қалып, солар ойлап тапқандай етті. «Апа» деген өлеңді жазып ем, содан айнытпай біреу «Қарындасым» деген өлең жазды. Біреу соны бір ой айтса, өңін теріс айналдырып не «мұрнын» қисайтып қайта жазып, өзінің өлеңі ете қоятын жарықтық «баукеспе ұры» жазғыштар көп қой?!.

1964 жылы жазда бір топ өлеңдерімді алып, Алматыға бардым. «Қазақ әдебиетінде» қызмет істейтін Ізтай, Сағиларға жолықтым. Ертеңіне Ізтай мені ертіп, Қуандық Шаңғытбаевтың үйіне апарды. Үйде өздері отыр екен. Мәриям жеңгеміз шай қойды. Ізтай Қуан ағаға мені әлгі «Сыраның оқуын» жазған жігіт деп таныстырды. «Шалқарданмын» деген соң, «Қай жеріненсің» демей ме?

—  Кішіқұмнанмын.

— Онда менің нағашым болдың ғой? Сексенсің бе?

— Иә,Сексенмін. Оның ішінде отыз жыл болыс болған Жолымбеттің Ахметінің туысымын. Сіздің анаңыз Бәтима Ахметтің қызы емес пе?

Қуан аға маған таңырқай қарады.

— Сен оны қайдан білесің?

— Әкем айтқан. Бәтиманы  жас кезінде  Сексеуілдің (Арал ауданы) бір Жақайымына айттырып қойған екен. Алайда, сіздің әкеңіз Төлеген Бәтима апамызды алып қашып кеткен. Апамыз төркіндеп бір келгенде әкеме: «Аға, мен бата бұзған адаммын  ғой. Содан болды ма екен, балам жалғыз» деген екен, — деп, Қуан ағаның өз өмірбаянын өзіне айтып бердім. Сөйтіп, менің өзіне жақын нағашы екеніме көзі жетті.

Әңгіме үстінде Ізтай екеуміз Қуан ағаның әр сөзін ықыласпен тыңдап отырдық. Мұны аңғарған Мәриям жеңгеміз де ықыластанып, бір әңгімені бастап жіберді.

— Мен онда Ақтөбедегі қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқимын. Қыздардың аузында — бір-ақ адам. Ол — Қуандық. Әдемі жігіт дейді, ақын дейді, білімді ұстаз дейді. Отыра қалып мақтайды. Оның лекциясына жасырынып барып, физматтың қыздары да қатысады. Бір күні Қуандықтың маған тесіле қарап тұрғанын байқадым. Өте шықтым. Сол күннен бастап қыздардың бәрі мақтап жүрген керемет жігіт соңымнан қалмады. Мен де ойлағам: «керемет жігіт-ау» деп…  Сөйтсем, бұл ағаларың өзімдей-ақ жан екен, —  деп, бізге күле қарады.

Ал біз Қуандық ағаға қарастық. Қуан аға ренжудің орнына, әдемі көзімен келіншегіне сүйсіне қарап отыр екен. Қандай әсем жұп! Әзілдері де жарасымды!

Ізаға (Ізтай) ертеңіне мені «Қазақфильмдегі»  Қуан ағаның кеңсесіне алып келді. «Пікір айтыңызшы» деп, менің өлеңдерімді берді.

— Ертең маған келсін. Талдап, жазып қоямын, — деді.

Ертеңіне Қуан ағаға жалғыз келдім. Айтқанындай, жазып қойыпты. «Төрежан, сен сюжетке бейім екенсің. Тілің де жетіп тұр. Мына үш өлеңіңді баспасөзге қазір-ақ жіберуге болады. Өзің әзілкешсің бе, қалай? Мына бір өлеңіңде әзіл ой бар:

Мотоцикл Төлеген

Алғанда бір қуанды.

Жығылды да, өлімнен

Қалғанда бір қуанды» — деп, жалғыз шумақ өлеңімді қайта оқып, күліп қойды». Кесімді сөзі: «Өлең жазуыңа болады» — болды.

Қуанып, шығып кеттім. Ізтай мен Сағи сол үш өлеңді «Қазақ әдебиетіне» басты. Тіпті Сағи менің бес өлеңімді 1968 жылы шыққан жастардың «Жас Керуен» деп аталатын жинағына енгізді.  Өзі сол кітапты талдап мақала жазып, менің де өлеңдерімді көппен бірге мақтап қойды. Үш белгілі ақын қолдаса да, кежегем кейін тартып, өлең жазбадым. Өлең жазбасам да, бұл ақындармен достығым сақталып қалды.

1967 жылдың жазында Жетісайда, бірге оқыған кластасым Қайрат Жұмағалиевтің үйінде отыр едік. Ақ «Волга» судай ағып келіп, үй жанына тоқтады да, ішінен Қалижан Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев, Әділбек Абайділданов түсіп келе жатты. Үйге кірді. Сәлемдестік. Қалижанның күнара Қайраттың шешесі Жаңылғанымның асқан ащы көжесінінің суын ішіп кететін әдеті бар екен. Қайраттың құлағына сыбырладым: «Шайға отырсын, ұстап қалайық».

Қуан аға  мені бірден танып «Әй, Сексен, Шалқар аман ба?» — деп қойды. Шай үстінде қызу әңгіме басталды. Сол жылы Қалижанның «Махамбет қабірінің басында» деген керемет өлеңі шығып, мақталып тұрған. Сол өлең тағы мақталды. Қуан аға Шәмші Қалдаяқовтың жаңа әні — «Сыған серенадасын» жер-көкке  сыйғызбай мақтады. Тіпті «Шәмшінің бұрынғы әндерінің бәрі — бір төбе де, мына әні —  бір төбе» деді. Әділбек Абайділдановтың ән салатын өнері бар екен. Оның әнін тыңдадық. Сол жолы бір-бірімізді қимай тарастық.

Қуандық ағамен бұдан соң да талай кездестім. Оспанхан Әубәкіровтың үйіне барсам, көршісі Қуан ағамен бірге боламын. Бекен Әбдіразақовтың үйіне барсам, әйелі Қазына — Төртқараның қызы, Қуан ағаны шақыртады. Шәміл Мұхамбетжановтың, Ибраһим Исаның үйіне барсам да, «Қуан ағамен бірге  отырған көңілді ғой» — дейтін едім.

1990 жылы ғой деймін. Жазушылар одағында тұрғам. Қуан аға: «Әй, Сексен! Сен кетіп қалма» — деді де, бір кеңсеге кіріп кетті. Күттім. Далаға шықтық. Мейрамханаға бардық. Шарап іштік. Сөйлесіп отырып маған «Әй, Сексен», «Әй, Сексен» дей берді. «Осыған нағашы ретінде бір әдемі наз айтпағаным қалай?» — деп ойладым. Содан:

— Неге «Сексен, Сексен» дей бересіз? Менің атым жоқ па? Сіздің қазақ лирикасының атасы атанып жүргеніңіз менің текті апам — Бәтиманың шапағаты шығар? Болмаса, әкеңіз жай аңшы болған. Далада құс атып, қоян атып жүрген адам?! – деп салдым.

Айтуын айтсам да қорқып отырмын. Ол менің нағашылығымды пайдаланып айтып отырғанымды білді. Аз-кем күліп, бетіме  тіктеп қарады.

—  Болыстың қызын анау-мынау адам алып қаша алмайды. Менің әкем ит жүгіртіп, құс салған. Жорға жарыстырған, өлең шығарып, ән де салған! Сері жігіт болған! Байдың баласы! — деді.

— Солай ма еді? Әй, бәсе, менің апама жай адам теңесе алатын ба еді? — деп, жуып-шайып жатырмын.

Бұл назым — өтірік наз еді. Сексен деген аттан неге қашайын — атамның аты ғой?

Қуандық ағаның өмірі ерлікке толы десе болғандай. Ол — «Халық жауының» баласы. Сол үшін пионерден шығарып, масқаралаған. «Ар» атты алғашқы өлеңдер жинағын өртеп жіберген. Оны кез келген уақытта ұстап кету қаупі төніп тұрды. Қазақ әдебиетінің бағына Әуезовті сақтап қалған кең құдай Шаңғытбаевты да сақтап қалған ғой…

Қуандық ағаны еске алғанда, сырлы жүрек, сұлу жыр, сырбаз ақын көз алдыңа келеді. Ол ақ көңіл адам еді. Арамдығы жоқ, сөзге жас баладай сенгіш, сәл нәрсеге мұңданып, сәл нәрсеге қуанатын, ұлыларға тән қарапайым мінез иесі еді.

Осымен, Қуан аға туралы естелігімді аяқтаймын. Енді «Өзің кім едің?» дейтіндер болса, айтайын: ақын бола алмасам да, қара жаяу емеспін. Сатирик  жазушы болдым. Шығармашылығымды әдеби қауым жақсы біледі. Ал жас күнгі ұрыларым әлі соңымнан қалмай, еріп келеді…

   Төрежан МӘНДІБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button