Тұңғыш мектеп

Күздебіздің облыстағы тұңғыш мектепке 150 жыл толады. Ырғыз өңіріндегі бастауыш мектептің ашылуы Шахмұрат Құлыбеков есімімен тікелей байланысты.
Екі қате
1862 жылы Орынбор қазақ мектебінің алғашқы түлектері Ыбырай Алтынсарин —Торғайға, Шахмұрат Құлыбеков — Ырғызға оқытушылыққа бекітілген. Шахмұрат Құлыбеков 1863 жылы Ырғызға мектеп ашу мақсатымен келген. Ол да Ыбырай сияқты бастапқыда балаларды үйде оқыта бастайды. Оның ұйытқы болуымен 1864 жылы қазанның 25-і күні бастауыш қазақ мектебі салтанатты түрде ашылады. Үлкен жиынға қазақ ауылдарының халқы мен бекіністің барлық шенділері қатысқан. Мектептің ашылу құрметіне ұлттық ойындар өткізіледі.
Білім шаңырағына дәулетті отбасылардың 13-15 баласы қабылданады.
Мектеп өзінің тарихи міндетін адал атқарып, өңірдегі халық ағарту ісіне жол салды.
Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қазақ зиялыларының алғашқы легінің өкілі Ш.Құлыбековтің қызметіне лайықты баға берілмей келеді. Шахмұрат Құлыбеков есімі «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында жоқ. «Ақтөбе» энциклопедиясында да ол бір жерде ғана аталады. Оның өзінде «Патша үкіметі «түземдерді» оқыту, сауатын ашу ісін басқаруды және 1860 жылы Торғайда қазақ балалары үшін мектеп ашуды Ы.Алтынсаринге міндеттеді. Патша үкіметінің қазақ арасындағы оқу ісін әрі итеріп, бері жыққан әрекетіне, тежеуіне қарамай бұл іске ол тікелей араласты. Тыңнан жол салу оңай болмады десе де 1864 ж.
(8 қаңтар) құрамында 14 оқушысы бар Ырғыз бастауыш мектебін ашады. Орынборда өзімен бірге оқыған Шахмурад Құлыбеков мұнда алғашқы мұғалім болады» деп қате мәлімет береді. Біріншіден, Ырғызда мектеп ашу ісі Шахмұрат Құлыбековке тапсырылған. Ол бұл міндетті абыроймен атқарды. Екіншіден, қаңтардың 8-і Торғайдағы мектептің ашылған күні болатын.
Ырғыздағы білім шаңырақтары
Ырғыздағы бастауыш мектеп 1879 жылы жабылып, Ресей халық ағарту министрінің жарлығымен орыс-қырғыз (қазақ) училищесі болып қайта құрылды. 1887 жылы 15 қыркүйекте екінші оқу орны — Ырғыз қалалық бір кластық қыздар училищесі жұмыс істеді. Оған 17 қыз бала оқуға қабылданды. Бір жылдан кейін осы оқу орнының жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат бой көтерді.
Айта кету керек, Ыбырай Алтынсарин ұсынысымен қыздар мектебі 1891 жылы — Торғайда, 1896 жылы — Ақтөбеде ашылды. Сөйтіп, Ырғыз өңірі ілім-білім мен өркениет игіліктеріне өзгелерден ертерек қол жеткізді.
1915 жылы Ырғыз өңірінде қалалық екі орыс-қазақ училищесі, селолық екі кластық орыс-қазақ училищесі, селолық екі кластық орыс училищесі, қалалық екі кластық орыс-қазақ мектебі, селолық бір кластық орыс-қазақ мектебі, 35 ауыл мектебі, медресе (оның жанынан бір орыс класы жұмыс істеген), кешкі мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Ырғыз қаласындағы 5 оқу орнында 1432 бала білім алған. Ырғыздың қалалық екі кластық орыс-қазақ училищесінің жанынан етік тігетін кәсіптік бөлім ашылған.
Шалғайдағы Ырғызда осы білім шаңырақтарының ашылуына қазақтың тұңғыш педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин белсене араласты. Ыбырай Алтынсариннің өтінішімен Ырғыз қаласындағы оқу орындарында Тимофеев, Григорьев, Спиридонов, Сахарова, Царегородцев, Васильева сынды білімді, тәжірибелі мұғалімдер еңбек еткен. Осы білім ошақтарынан халыққа адал қызмет еткен бірнеше азаматтар тәрбиеленіп шықты. Бөлебай Сарбатыров, Мұхамед-Рахым Сәтбаев, Медіресін Тереков, Жәнет Сүгірбаев, Мұса Дайрабаев, Алман Әзірмәмбетов, Ахмет Тұңғашин, Әбіш Тойбазаров, Төлепберген Хасанов, Таран Беркінбаев, Сержан Шонанов, Төлепберген Серғалиев, Нұркен Оразымбетов, Ахметжан Кәдіров, Теңізбай Баймурзин, Әли Сәрсенбин, т.б. зиялылар кейін Ресейдің және шетелдердің жоғары оқу орындарын бітіріп, халық шаруашылығының түрлі салаларында абыройлы еңбек етті. Ахмет пен Мұхамедияр Тұңғашиндерге Варшава университетінің мал дәрігері бөлімін үздік оқығаны үшін Орынбор губернаторы Лобачевскийдің бұйрығымен арнаулы стипендия тағайындалған. Төлепберген Серғалиев Петербургтегі Александр І атындағы темір жол инженерлерін даярлайтын институтты аяқтап, өз мамандығы бойынша ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Училище түлегі Бөлекбай Сарбатыров өзі оқып шыққан оқу орнында көп жыл ұстаз болса, Теңізбай Баймурзин Қазақстанның әскери комиссары қызметін атқарды.
Алаштың ардақты ұлдары Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Бәймен Алманов, Тел Жаманмұрыновтар Ыбырай мен Шахмұраттардың ұйытқы болуымен ашылған мектептерде білім алған.
Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін де Ырғызда білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ауданда қазір 22 мектеп бар. Тұрғындардың сұранысына байланысты 2002-2003 оқу жылдарынан бері М.Төлегенов, Ө.Қанахин, Т.Жаманмұрынов аттарындағы және Шеңбертал, Темірастау негізгі мектептері орта мектеп мәртебесін иеленді. 2003 жылы Нұра ауылында 360 орындық Т.Жүргенов атындағы орта мектеп еңсе тіктеді. Аталған білім шаңырағының жанында 40 орындық интернат та бой көтерді. 2006 жылы Ырғыз ауылында 400 орындық қазақ мектебі пайдалануға берілді. 2007 жылы Ырғыз негізгі мектебі орта мектеп атанды. Арада 2 жыл өткен соң осы орта мектептің негізінде Ырғыз гимназиясы ашылды. 2010 жылы Аманкөл ауылында Т.Жаманмұрынов атындағы орта мектеп заман талабына сай бой көтерген ғимаратқа көшті. Ал былтыр екі мектеп еңсе көтерді. Құйылыс пен Құтикөл ауылдарында әрқайсысы 150 орындық жаңа мектептер салынды. Осы жылы аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір Жайсаңбай ауылындағы Ө.Қанахин атындағы орта мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша биыл пайдалануға беріледі.
Орынбордағы қазақ мектебі
Қазақ жастарына орысша білім, тәрбие беруде 1850-1869 жылдары жұмыс істеген Орынбор Шекаралық комиссиясы жанынан ашылған қазақ мектеп-интернаты ерекше рөл атқарды.
Шекаралық комиссия Кіші жүздегі сұлтандар мен дистанциялық бастықтары жанында іс жүргізе алатын, сонымен қатар тек қазақтар ғана тағайындалатын қызмет орындарында жұмыс істеуге қабілетті қызметкерлер даярлау үшін 1844 жылы 14 маусымда арнаулы ереже қабылдайды. Дегенмен, түрлі себептермен мектеп 1850 жылы 22 тамызда ашылады. 7 жылдық мектеп 19 жыл жұмыс істеді. Бастапқы жылы онда 20 шәкірт оқыды. Оларға 3 мұғалім сабақ берді. 1859 жылы 40 бала тәрбиеленді. Ал мұғалімдердің саны 9-ға жетті.
1862 жылы мектептің оқу мерзімі 6 жыл болып қысқартылды. 1869 жылы мектеп жабылып қалды.
Орынбор қазақ мектебін 19 жыл ішінде 48 жас бітіріп шықты. Олардың кейбіреулері Шекаралық комиссияның өзіне жұмысқа қалдырылды. Бірқатары өз еліне барып, жергілікті әкімшілік-басқару аппаратында еңбек етті. Кейбірі 1860 жылдары Қазақстанда жаңадан ашылған мектептерде сабақ берді. Мысалы, осы мектептің алғашқы түлегі Нұрым Мұңсызбаев Тройцкіде ашылған қазақ мектебінде дәріс берді.
1859 жылы Шекаралық комиссияның төрағасы В.Григорьев генерал-губернаторға 4 бекіністе мектеп ашу қажеттігін айтып, оның толық жобасын ұсынады. Генерал-губернатор 1862 жылы мектеп үйі салынып болуын күтпей-ақ, алғашқы 2 бекіністе жеке үйлерде бала оқыта беру керектігін айтып, облыстық басқармаға ұсыныс жасайды. Сөйтіп, облыс басшылары Орынбор бекінісіне (Торғай) — Ыбырай Алтынсаринді, Орал бекінісіне (Ырғыз) — Шахмұрат Құлыбековті оқытушылыққа бекітеді. Екеуіне де басқарманың аударма қызметі қоса тапсырылады.
1864 жылы 8 қаңтарда Орынбор бекінісінде мектеп құрылысы аяқталып, оқу салтанатты түрде ашылады. Осыған байланысты ат жарысы ұйымдастырылып, халыққа қонақасы беріледі. Мектепке 13 (кейбір деректе — 14) бала қабылданады.
Облыстық басқарма 1864-1865 оқу жылының қорытындысында бағдарламаны жақсы меңгерген үздік оқушыларға кітаптар сыйлайды.
Орынбор мектебін кейінірек бітірген жастардан Байқадам Орынбаев, Ізтілеу Жақсыбаев, С.Нұрмұханбетовтер де мектептерде қызмет істеді. Сонымен қатар бұл мектепті 1857 жылы бітірген, еңбек жолын Орынбор Шекара комиссиясының кеңесінен бастаған Мірғали Бақтияров қазақ халының рухани мұраларын зерттеп жүрген орыс ғалымдарына көп көмегін тигізіп, игілікті іс тындырды.
Қазақ халқының оқу-білімін дамытуға үлкен үлес қосқан осы оқу орнының ғимаратында қазір №3 негізгі жалпы білім беру мектебі орналасқан.
Шахмұрат Құлыбеков кім?
Шахмұрат Құлыбековтің өмірі мен қызметі зерттелмеген. Төменде қолда бар деректерді ұсынып отырмыз.
Шахмұрат туралы алғаш рет ырғыздық өлкетанушы Сейілхан Оразымбетовтің 1996 жылы жарық көрген «Ырғыз» кітабында жазылды. Ш.Құлыбековтің дүниеге келген және өмірден өткен уақыты әзірге белгісіз. Ағартушының өмір жолы мен қызметі туралы жобамен ғана айтуға болады.
Патша өкіметі Орынбор шекара комиссиясы жанынан 1850 жылы қазақ балаларына арнап мектеп ашқаны белгілі. Ондағы мақсаты — қазақ балаларына білім беріп, лауазымды қызметте еңбек етулеріне жағдай жасау емес, писерлер мен тілмаштар даярлау еді.
Шахмұрат Құлыбеков Ыбырай Алтынсаринмен бірге осы мектепке 1850 жылы оқуға түсіп, оны 1857 жылы бітіріп шыққаны анық. Мектеп ережесінде 8-12 жастағы балалардың ғана оқуға қабылданатыны көрсетілген. Олай болса, Шахмұрат Құлыбеков 1838-1842 жылдары дүниеге келген деп шамалаймыз. Шекаралық комиссия мектебінің талабы қатал болғанын, Ыбырайдың өзі атасы Балғожа бидің беделінің арқасында ғана оқуға қабылданғанын ескерсек, Шахмұраттың әкесі де ықпалды адамдардың бірі болғанын байқауға болады. Оның үстіне Ереженің 12-параграфында: «Мектепке тек қана қазақтардың, әсіресе, ата-аналары үкіметке еңбек сіңірген немесе үкіметке шындап берілгендігімен көрінген адамдардың балалары ғана қабылданады» делінген. Қолда бар там-тұм деректердің өзі Шахмұраттың қабілетті оқушы болғанын айғақтайды. Мысалы, 1853 жылы мамырдың 31-індегі «Бітірушінің сынақ актісінде» былай делінген: «Сынаққа қатысушылардың қорытындысы бойынша үздік үлгерім мен көрегенділігі үшін мақтау қағазымен 3-кластан Ш.Құлыбеков, Т.Қоспақов, Н.Мұңсызбаев, Ы.Алтынсарин және Ш.Көшербаев наградталады». Шахмұраттың үздік 5 баланың бірі болып мектеп бітіргені, сөйтіп, 1857 жылы Орынбор арнаулы әскери корпусының бұйығымен Ш.Құлыбеков, Ы.Алтынсарин, Т.Қоспақов, Ш.Көшербаев және М.Бақтияровқа «зауряд хорунжий» деген әскери атақ берілгені де бекер емес.
Мектепті үздік бітірген Шахмұрат бастапқыда осында тілмаш болады. Одан кейін Ырғызда бастауыш мектептің ашылуының басы-қасында болып, сол мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Бұдан соң Ш.Құлыбеков біраз уақыт уезд бастығының көмекшісі болған деген дерек бар. Шахмұрат Құлыбековтің одан кейінгі тағдыры белгісіз. Журналист Р.Өтеміс «Атадан қалған асыл жол» кітабында Ш.Құлыбековтің баласы Әбдірахман Құлыбековтің әуелі Алашорда құрамында болып, 1920 жылы партия қатарына өткенін, кейін жікшілдер тартысына араласқанын, сол кезде әкесінің қызметтері бетіне басылғанын жазады.
Айта кету керек, Ырғыз ауданында 1999 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі Ш.Құлыбеков атындағы қазақша күрес турнирі өткізіліп келеді. Оған көршілес Шалқар, Әйтеке би, Жангелдин аудандарынан жас спортшылар қатысады.
Биыл күзде облыстағы алғашқы білім шаңырағының ашылғанына 150 жыл толады. Осы мерейтойды жоғары деңгейде атап өту елдігімізге сын. Бұл шараны облыстық деңгейде ұйымдастыру керек. Шара аясында облыстағы білім беру ісінің тарихын жүйелеп қайта қарап шығу артық болмас еді. Ғалымдар Шахмұрат Құлыбековтің қызметін жан-жақты зерттесе, көптеген жаңа дерек табылатыны анық. Тағы бір ұсыныс — Шахмұрат Құлыбековтің есімін облыс орталығындағы мектептердің біріне беру керек.
Мейірхан ӘТТИЕВ.




