Мәдениет

Ізтайдың ізі

Ізтай Мәмбетов әдебиетке дауылдата келді. Оның өлеңдерінен оқырмандар ерекше бір лепті, өзгеше мінезді түйсінді. Сондықтан да ақын шығармаларына жұртшылық құмартушылықпен қарады.

Мен туыппын ақпандатқан боранда,

Кім біледі бәлкім әлде содан ба.

Алақұйын мінезім бар ашулы,

Қапелімде басылам ба, болам ба?

Осы бір өлең шумақтарын талайлар ілезде жаттап алып, айтып жүрді. Сол тұстарда ол жарқ етіп «Күлімдеген қара көздер қалалық» деп аталатын дүниесімен және көрінді. Енді ғана мұрт өсіріп, бой түзей бастаған көптеген бозбалалар осы туындыдағы сөздері өз сырым, өз мұңым деп ұқты.

Алға ауданындағы Табантал өзені бойында 1929 жылы дүниеге келген Ізтай Мәмбетов қазақтың ақын-жазушыларының қаймағы жиналған Алматыда сонау елуінші жылдардың басында осылайша танылды, осылайша мойындалды.

Әдеби ортаға арындай енген сол ақынды өз жерлестері ақтөбеліктер қаншалықты білді, оның шығармаларымен қаншалықты таныс болды? Жауабы көңілге күдік тудырар осы сауалды біз күні кешеге дейін ашық қоя алмай келдік. Өйткені облысты былай қойғанда, Алға ауданының өзінде Ізтайды белсеніп іздеушілер қарасы тым аз болды. Соның салдарынан кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын өздері туып-өскен өңірден бір кездері осындай талант иесі түлеп ұшқанын білмеді.

Дегенмен, «Өз елі өз ұлдарын ескірмесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген аталы сөзге тоқтаған ел азаматтары биыл ақынның туғанына 85 жыл толуы қарсаңында бір серпіліс білдірді.

Сол ізгі ниеттің бастауы ретінде қаңтар айында аудандық балалар кітапханасында жыр сүйер жас оқырмандардың қатысуымен «Ізтай оқулары» өткізілді. Ал ақпанда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жергілікті филиалында ақын шығармашылығына арналып «Ізім қалсын…» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұған жалғасып Алға қаласындағы «Нұрталап» балалар шығармашылық орталығында «Тек өзімнің сырым емес жазғаным» атты әдеби кеш және өткізілді.

Енді, міне, Бестамақ орта мектебінде аудандық «Ізтай оқулары» тағы да туын көтерді. Бұл шараға ауданнның көптеген мектептерінен жырқұмар балғындар жиналуы ерекше атап өтерлік көрініс болды. Сондай-ақ, жиынның жоғары деңгейде өтуіне мектеп ұжымы ғана емес, ауданның білім, мәдениет бөлімдері барынша атсалысты.

Мектеп залында көрнекі жерге ілінген ақыннның портреті, оған жалғас тұста ұйымдастырылған кітап көрмесі, дыбыс күшейткіш арқылы үздіксіз беріліп тұрған ақын жырлары салтанатты сәтті сәулелендіре түсті. 

Бұл жиында ақынның өмірбаяны, шығармашылық келбеті, жетістіктері сахналық көріністермен сабақтастырыла берілді. Көрермендерге ақынның әкесі Тілеулі мен анасы Күнзирадан Айман, Ізбасқан (Ізтай), Айжан, Дания, Темірхан деген бес перзент болғаны айтылып, әңгіме желісі одан әрі жалғастырылды. 

Ізтай Ақтөбедегі №6 қазақ орта мектебін 1947 жылы үздік бітіріп шығады. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінде сол кездегі белгілі ғұламалар Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Төлеген Тәжібаевтан дәріс алады.

Дарынды жас қаламгер 1952 жылдың өзінде-ақ «Әдебиет және искусство» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі болады. Кейіннен «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» редакцияларында, Қазақстан Жазушылар одағында әртүрлі қызметтер атқарады.

Сол кездердің бәрінде де ақынның туған жер, өскен өлке тақырыбын жадынан шығармағаны, оған «Табантал», «Бесқоспа», «Ақтөбем», «Туған жерге», «Бұлақ» өлеңдері куә екендігі сүйіспеншілікпен жеткізілді. Ырысты Сағадинова, Жансая Жәкенова, Нұршат Жалғасбай секілді оқушылар жәдігер жырларды мәнерлеп оқыды.

Ал Ұлмекен Өтепова мен Береке Бөлекбай орындаған «Қарагөз» әні көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.

Ізтай ақынның «Өгей шеше» өлеңінің сахналық көрінісі көрермендердің жан дүниесін босатты. Өз басынан өткен өмірдің поэзия арқылы бейнеленуіне кезінде ақын Сәбит Мұқанов: «Өгей шеше талай заман бойы әдеби шығармаларда жақсы ұғымға ие болған емес еді, Ізтай ол туралы керемет өлең жазды. Онда ол нағыз кісілігі жетіп тұрған әйел өгей шеше бола алмайтынын дәлелдеп шықты» деп баға берген екен.

Бұл күні ақын жазған дастандар мен поэмалардан үзінділер оқылды, ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.

Тек өзімнің сырым емес жазғаным,

Көпшіліктің көңілі боп маздадым,

деп бір оқушы тебіреніп жыр оқыса, енді бірі:

Жадымда жүрсің Табантал,

Жасырын ағып жылысқан.

Жайқалып өскен жағаң тал,

Жанымнан алғаш жыр ұшқан, —

деп ақын сырын бүгінгі ұрпақ аузымен жария етті.

Ақын шығармаларын кеңінен зерттеу, оны ғылыми жобаларда қарастыру мәселелесі де ойластырылып жатқанын біліп, бір ырза болып қалдық. Осы мектептің оқушысы Аязби Сағынғалиевтың ақын дастандарындағы тарихи бейнелерді қарастырған еңбегі республикалық сайысқа қатысыпты.   

Бұл күні Бестамақ ауылында ақын рухы асқақтап тұрды. Әр үйдің шаңырағынан Ізтай өлеңдері айналаға тарап жатқандай сезілді. Ал наурыз айының орта тұсы болғанына қарамастан нақ сол сәтте көшеде Ізтайдың ақ бораны ойнақ салып тұрды.         

…Әкімі ақынын іздеген елдің мәртебесі қашанда жоғары болатыны әлімсақтан айтылып жүр. Аудан басшысы Асқар Шериязданов талантты қаламгер Ізтай ақынның ізі өшпейтінін, бұл бағытта атқарылар шаралар алда да кеңінен жалғасып, жас ұрпақтың жадында жауһар жырлардың жаңғыра беретіндігін үлкен сеніммен айтты.

Біз соған қуандық.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Алға ауданы.

 

 

Монографияның мерейі

 

Жақында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің мәжіліс залында филология ғылымының кандидаты, доцент Тілектес Тоқсанбаеваның «Ізтай Мәмбетовтің поэтикалық әлемі» деп аталатын монографиясының жарыққа шығуына арналған басқосу өтті.

Монографияда қазақ поэзиясына өзіндік жыр жолдарымен үн қосып, өз оқырмандарына жауһардан асыл сыйлаған қазақтың біртуар талантты ақындарының бірі Ізтай Мәмбетовтің тағдыры мен шығармашылығына арналған зерттеулер, лирикалық шығармалары, поэмалары және көркем аударма саласындағы ізденістері талданып, туындылардың көркемдік қуаты, поэтикалық шыңы әр қырынан тұңғыш рет жан-жақты жүйелілікпен қарастырылған болатын.

Шараға шақырылған қонақтар зерделі журналист И.Асқар, филология ғылымының докторы, профессор А.Мұсаев, филология ғылымының кандидаты, доцент Ғ.Ниязовалар Ізтай ақын туралы ой бөлісіп, монографияға өз пікірлерін білдірді. Ал университеттің студенттері ақынның «Мен туыппын ақпандатқан боранда», «Мен — ақынмын», «Өгей шешеме», «Өмірім менің», «Мәмбетовтер» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Жиналған барша қауымның назарына Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Ізтайдың өшпес іздері» атты кітап көрмесіне арналған библиографиялық шолу ұсынды. Бұл кітап көрмесі тек С.Бәйішев атындағы университетте ғана жасақталып қоймай, Ақтөбе қаласындағы І.Мәмбетов білім есігін ашқан Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектепте, Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының оқу залында тұрақты көрме ретінде ұсынылған еді. Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясы ретінде шыққан «Жәдігер» кітабы, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан көп томдықтың Ізтай Мәмбетов туындыларына арналған Х томы, ақынның «Жол ұзақ» (1966), «Тарланбоз» (1974), «Ақпан» (1983) кітаптары мен аудармалары, ақындар С.Жиенбаевтың, М.Құрманалиннің ақынға арнаған өлеңдері, т.б. жәдігерліктер көрменің мазмұнын байытып тұрды.

Ғалым Тілектес Тоқсанбаеваның монографиясы, міне, осылайша ауқымды шараның сәнін келтіріп, жылы ықыласқа ие болды.

 

Назерке ҚҰЛЖАНОВА,

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

 

 

Табанталдан шыққан ақын

 

Жақында Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының «Желкен» әдеби клубы серіктесіміз Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің мәжіліс залында қазақтың белгілі ақыны Ізтай Мәмбетовтің туғанына 85 жыл толу құрметіне арнап «Табанталдан шыққан ақын» атты жыр кешін өткізді.

Кеште «Әнге арналған ғұмыр» атты кітап көрмесі, «Ізтай Мәмбетов поэзиясы мәңгі тірі» слайды ұсынылды.

Жыр кешінің құрметті қонағы, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Тілектес Тоқсанбаеваақынның қиын тағдыры мен құлаққа етене жақын, жүрекке жылы, қанша оқысаң да, жалықтырмайтын өлеңдері туралы әңгімелеп, өзінің ғылыми жұмысы ретінде неліктен Ізтай Мәмбетовты таңдағанын, оның қыздары және бауырларымен таныс болып, сырласқаны жайлы айтып, оқырмандардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Көшекбаева ақынның лирикасы және аудармалары жөнінде қызықты әңгімелесе, «Еңбек және соғыс ардагері» мұражайының жетекшісі Задагүл Сатыбалдина Ізтай поэзиясының мәңгілігін айтып тебіренді.

«Желкен» әдеби клубының мүшелері Әділет Қонысбеков, Жания Қонақбаева, Фарида Раева  мен жыр сүйер оқырмандарымыз Айдана Сейтқазиева, Салтанат Әбдіғазы, Камила Кенжеғұлова, Әсем Әбдірахмановалар  ақынның сыршыл, ғажайып жырларын төгіп, осы өлеңдерден алған әсерлерімен бөлісті.

№6 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Дина Мұхамбедиярова І.Мәмбетовтың осы мектептің түлегі екендігімен мақтанатынын, оның жырлары патриоттыққа, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелейтінін айта келе, Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы мен өз мектептерінің арасындағы үлкен достықтың бір айғағы байыпты өткізілген осы шара екенін атап өтіп, рухани достарына алғысын білдірді.

Н.Байғанин атындағы кітапхана директоры Бақытгүл Снабаева бірлесе ұйымдастырылған кештің жақсы өткендігін, қатысушылардың шынайы қызығушылықтарын көріп, қуанатындығын,  жерлес ақын-жазушыларымыздың өмірі әруақытта үлгі екендігін айта келе, сүйікті оқырмандарын кітап оқуға шақырды.

Жыр кешіне «Желкен» әдеби клубының мүшелері,  Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектептің жоғары сынып оқушылары,  М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, барлығы 100 оқырман қатысты.

 

З.ҚАРАСАЕВА,

«Желкен» әдеби клубының жетекшісі.

Ақтөбе қаласы. 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button