Ұлт деген ұлы ынтымақтастық
Амангелді АЙТАЛЫ,
профессор, философия ғылымдарының
докторы
(Жалғасы. Басы газетіміздің өткен сандарында).
Ұлт мәселесі туралы сөз қозғағанда, «ұлтшылдық» пен «ұлтсыздық» деген ұғымдарды байыбына бармай жиі айтамыз.
«Ұлтшылдық» деген не? У ма, бал ма? — деген сауал туады.
Ұлтшылдық пен ұлтсыздық психологиясы өз ұлтын және басқа да жақын қарым-қатынастағы ұлттардың бір-бірін қабылдауына байланысты туады. Ұлт саясатын айқындау барысында бірқатар мемлекеттер ұлт ұғымын, ел халқының қалай түсінетініне мән береді. Ресейдің осы мәселеге арналған зерттеулеріне жүгінсек, сауалға жауап бергендердің 48,6%-ы: «Ұлт қасиетті, адамға табиғаттан, Алладан берілген» — деп қастерлейді; 48,2%-ы: «Ұлты арқылы адам Отанын, ата-бабасын, тарихын танып, елін сақтайды» — депті; 41,2% -ы: «Әрбір дені дұрыс адам ұлтымен мақтануға тиіс» — деген. 16,4%-ы: «Ұлт адамдарды қауымдастырып, ортақ мақсатқа қол жеткізеді» — десе, 11,8%-ы: «Болашақты айтпағанда, ұлт бүгіннің өзінде көп жағдайда ескірген ұғым» — депті. 9,7%-ы: «Адамдар тегіне қарамай, ұлтын өзі таңдауға хұқылы болсын» — деген. Ұлттар мидай араласып, орыс ұлтына сіңісіп бара жатқан ресейлік қоғамда бұндай жауапқа таңғалуға болмайды. Сауалға жауап бергендердің 6,3%-ы: «Ұлт ұғымы адамдарды жікке бөліп, бір-біріне қарсы қояды» — деген. Ең бір назар аударатын жағдай, 50 жастан асқандар арасында ұлт ұғымын қасиетті деп санайтындар көбейе түседі.
Бұл мәселеге немістердің де пікірі көңіл аударарлық. «Шпигель» журналының зерттеуі бойынша, «Сіз үшін ұлт деген нені білдіреді? — деген сауалға 14 пен 29 арасындағы жастардың 31%-ы? «Ештеңені де білдірмейді» — десе, 21%-ы «Ескірген ұғым» — депті. «Немістердің басқа да ұлттардан артықшылықтары бар ма? — деген сауалға 52%-ы «Жоқ» десе, 45%-ы: «Кейбір халықтардан артықшылықтары бар» — депті, ал 2%-ы тіпті фашистік ұстанымда болған. «Егер артықшылықтар болатын болса, немістер қай халықтардан артық?» — деген сауалға 87%-ы: поляктардан, 74%-ы: түріктерден, 63%-ы: орыстардан, 20% -ы: француздардан, 11%-ы: американдықтардан — деген.
Осылай біреулер үшін ұлт қасиетті, киелі болса, екіншілер үшін ұлттың тарихы, өткен асулары — құндылық, үшіншілер үшін ұлт — патриотизмнің қайнар бұлағы, ұлттық ар-намыс еңбек етуге, күреске қуат, қажыр-қайрат береді. Бұл әр халыққа тән ұлттық патриотизм. Сонымен бірге, ұлт туралы бейжай туралы болмаса жағымсыз пікірлер де баршылық.
Әр адамға ұлттық құндылықтары, үйренген ортасы соншалықты қымбат, қадірлі көрінеді, тіпті өз ұлтынан артық құнды ештеңе болуы мүмкін емес сияқты. Сондықтан басқа ұлттардың құндылығын ол алыс, бұлдыр, көзге көрінерліктей бағалы емес деп қабылдауы да мүмкін. Шынында да адамдарға өз халқының өзгеде жоқ қасиеттерін жинап-теріп, оның артықшылығын психологиялық, идеологиялық тұрғыдан сендіруі қиын шаруа емес. Осылайша өз ұлтына өзгеде жоқ қасиеттерді жапсырады. Абай айтқандай: «Ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп…» ойлау қазақтарға да тән. Қазақты өзбекпен, ноғаймен, орыспен салыстыра келе, Абай олардың бірлігін, өнерде, шаруада да қазақтан зор екендігін айтып, «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» — деп сұрайды. Мұндай өзімшіл психологияны этноцентристік психология деп атайды. Бұл індетке терең шалдыққандар — өз ұлтын, ортасын басқалардан артық қоятын отарлаушы ұлттар.
Себебі астам пікірдегі олар өз этносының артықшылығын өзгелерге мойындатуға тырысады. Кейде бұл құбылысты этникалық нарциссизм — өзін-өзі сүюшілік, менмендік дейді. Көне грек аңызы бойынша, Нарцисс судан өз бейнесін көріп, өзіне-өзі сүйсінгендігі соншалықты, көз алмастан қарап, сол күйінде қатып қалып өмірден кеткен. Өлгеннен кейін ол нарцис атты гүлге айналған.
Адамның өз халқының мәдениетіне, тарихына көзқарасы әралуан. Әсіресе, империялық ұстанымдағы ұлттар астамшылық психологиясымен ерекшеленеді. Ол індетке шалдыққан ұлт өкілдері өздерін ерекше жаратылған, тіршіліктің ішіндегі ең маңдайалдысы деп есептейді. Осыдан келіп басқалармен қарым-қатынасын оның ортасы, ұлты, нәсілі басқалардан артық деген қағидаға негіздейді.
Ұлттық өркөкіректік бара-бара ұлылық дертіне, ұлттық даңғойлыққа шалдықтырады. Ондай ұлттың өкілдері өздеріне ерекше құрмет, ерекше хұқық талап етеді, осылай ұлтшылдықтың асқан түрлері шовинизмге, одан фашизмге ұласады, түптің түбінде өзін-өзі құртуға апарады.
Өмірде астамшыл ұлтшылдықтың көріністері бір-бірімен байланысып, ықпалдасып жатады. Менменсіген орыс шовинизмі еуропа ұлтшылдығы алдында төменшіктеп, бәсеңдеп қалады. Орыстардың «Чем быть азиатом в Европе, лучше быть европейцем в Азии» деуі, Ресейдің азиялықтарды айтқанына көндіру, мойын ұсындыру мақсатын айқындайды. Орыс интеллегенциясы өзін-өзі танудан гөрі, Азияда нағыз еуропашылдар болғысы келді. Бірақ қанша тыраштанғанымен орыс отаршылдары орыстанудан, шоқындырудан, елді мекен, жер-су аттарын орыстандырудан аса алмады, еуропалықтардай ел басқарудың өркениетті үлгісін көрсете алмады. Дегенмен, қазақ зиялылары аз да болса орыс демократтарынан үйреніп, орыс білімінен сусындағанын да айта кеткен жөн.
Астамшылдық психологиясы басқаларды кемсітумен, олар туралы әртүрлі ғылыми теориялар таратумен, халықтарды «ең мықты», «орташа», «төмен» деп жікке бөлумен қатар жүреді. Ол «теориялар» жылдардан жылдарға, ғасырдан ғасырға ұласып, ел ішінде наным-сенімдер қалыптастырады. Осылай астамшылықты негіздейтін «эволюция басқыштары» немесе «даму сатылары» деген тұжырым өмірге келді. Адамзаттың даму барысында халықтар әртүрлі деңгейден көрінеді, біреулері кібіртіктеп, екіншісі тоқтап, ал үшіншісі алға өрлейді. Сонымен адамзат эволюцияның әртүрлі кезеңдерінде дамып келеді. Осыдан келіп адамзат эволюциясының басқышы деген тұжырым жасалды. Ол басқыштың жоғарғы жағында өркениетті деген елдер орын алса, ортасында өркениетті елдерге мәдениеттері ұқсас, үйлесімді мәдениеттер орын алады, ең төменгі жағында «мәдениетсіз», «жабайылар» орналасқан. «Эволюциялық басқыштарда» да орналасудың басты критериі еуропа мәдениетіне сәйкестілігі, сондықтан да бұл пікір шындықтан аулақ, субъективті психологияға негізделген. Төменгі басқыштағы көшпенділер жоғарғы басқыштарға орналасқан отырықшы халықтарды рухымен, ақыл-айласымен, білімімен, күшімен талай бас идіргені де тарихи ақиқат.
Басқалардан өз ұлтын жоғары бағалау болмаса шовинизмнің көрініс алуы әртүрлі деңгейде этнос өкілдерінің ерекшеліктеріне, әлеуметтік жағдайларына, этносаралық өзара байланыстарды реттейтін мемлекеттің ұлт саясатына байланысты. Дағдарыстар жағдайында қаһарына мінген шовинистік топтар басқа этносқа қарсы зорлық-зомбылық жасап, оны жер бетінен жоюға дейін барады. Шовинизмнің себептері әртүрлі: этносаралық қатынастарда өз мәртебесін жоғары санау, мүмкін болса этностарды бағындыру, сырттан келген мигранттардан сақтану, өз мүддесі үшін басқа ұлттың табиғи байлығына таласу, экономикалық бәсекелестікте қарсыласын әлсірету, тағы басқалар.
Ұлтшылдықтың тағы бір көрінісін мәдени консерватизм деуге болар. Ұлттың төл ерекшеліктерін тек өткен замандағы құндылықтармен, тұрмысымен ғана өлшеп, ол үлгілерді бүгінгі талапқа сай икемдемей, сол қалпында пайдалануға тырысушылық, оны бүгінгі ұрпақтың қабылдауы не қабылдамауымен есептеспеу де дағдарысқа апарады.
Ұлттық астамшылық, шовинизм қай заманда да сол ұлтты толықтай өз ықпалына икемдей алмаған. Ұлтаралық қатынастарда толеранттылық, төзімділік, сыйластық та тән. Этностар арасында бәсекелестік, сенімсіздік, жек көру де, ынтымақтастық пен бірлестік іс-қимыл жасау да қатар жүреді болмаса кезектесіп те жатады. Ал отарланған, бағынышты ұлттардың ұлтшылдығының астарында патриотизм, өзі-өзі сүю, ішкі ашу-ызаны сыртқа шығару, өзін-өзі сақтаудың амалы жатыр. Кейде өзін басқаларға қарсы қойып, өзін-өзі таныту, өз талабының дұрыстығын дәлелдеу үшін бағынышты ұлт өкілдері де астамшылық, ұлттық тәкапарлыққа, этнопопулизмге ұрынатынын Абай екінші қара сөзінде қазақты сынға алғанын айттық. Бұл қазақтың біз де мықтымыз деген жұбанышы сияқты. Абайдың салыстыру әдісін кейінірек саяси ғылымда компаративтік әдіс деп атады. Этностарды әртүрлі тұрғыдан, мысалы, демографиялық, кәсіби, білім, денсаулық, т.б. деңгейлерден даму үрдісін анықтау әлеуметтік ғылымда бүгін кең тараған оларды сабасына түсіретін ғылыми амал.
Сонымен, ұлтшылдық әртүрлі. Ол у да, бал да құюға болатын сауыт сияқты. Кез келген ұлтшылдықты қисынды немесе қолдауға тұрады деуге болмайды. Оның бір көріністері шындыққа жуыспаса, екіншілері — ұлттың орынды талаптарының белгісі. Мұндай ұлтшылдық — «халқымыздың жаны мен тірегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді», — дейді Мұстафа Шоқай.
Ұлтшылдық — ұлтты тәуелділіктен, кіріптарлықтан азат ету жолы. Тағы да Мұстафа Шоқайша айтсақ: «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек».
Кеңес қоғамында тәрбие алған бүгінгі қазақстандықтар, әсіресе, диаспора өкілдері, ұлтшылдыққа үрке қарайды. Оның себептері де жоқ емес.
Кеңес Одағында халықтар достығы, интернационализм идеологиясы екі қарама-қайшы үрдістердің қыспағында болды.
Бір жағынан, социализм тұсында ұлттық мәдениеттің дамуы, ұлттық театрлар, жоғары оқу орындарының ашылуымен бірге, ұлттық интеллигенция қалыптасып, ұлттық сана өсті. Кеңес заманында әр тарапқа шашырап кеткен қазақ жері жинақталып, шартты болса да, елдің шекарасы айқындалды. Қазақтар Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы деген территорияға шоғырланды, өздерін тұтас ұлт ретінде сезінді. Сөз жоқ, бұл ұлттық сана-сезімді көтеріп, қазақтың беделін өсірді. Осы атамекенде 1991 жылы тәуелсіз қазақ елі пайда болды.
Екінші жағынан, кеңес билігі бір қолымен жаңа ұлт қалыптасуды қолдаса, екінші қолымен сол ұлтты тұншықтыруға тырысты, бірақ жоя алмады. М.Шоқай айтқандай, «коммунистер «балғасымен жаншып, «орағымен» орып тастап» отырды. Осы екіұшты саясат терең қайшылықтарға әкелді. «Союз нерушимый республик свободных» деген жай ғана ұран болды. Кеңестік басқару жүйесі орыс билігі деп дұрыс қабылданды. Жасанды достықтың әр жағында дағдарысқа толы күрделі жүйе жатыр еді. Одақтың іргетасына түскен осы сызат оны қиратып тынды.
Соңғы кезде кеңес социалистік жүйесінің ыдырауына байланысты ұлтшылдыққа «Әлемдегі ең құдіретті де қуатты күш» — деп баға беретіндер де бар. Дегенмен, ұлтшылдық төңірегінде, оның пайда болу себептері мен мәні туралы ғылыми және саяси айтыстар толастар емес. Ұлтшылдық туралы жағымды не жағымсыз деп үзілді-кесілді пікір айтудан гөрі, оны қолдаушылар батыл, әділ істің адамдары ма, әлде қызуқанды даурықпалар ма деген ой келетініні анық.
Кеңестік қоғамтану әдебиетінде ұлтшылдық (национализм) тек жағымсыз мағынада түсіндіріліп, оларға өз ұлтын басқадан жоғары қоюшылар, басқа ұлттарды өз ұлтының мүддесіне икемдеушілер, тіпті күшпен бағындырушы, қудалаушылар деген айдар тағылды. Ұлтшылдық дегеніміз — халықтардың тең хұқығын мойындамау, басқаларға шыдамсыз болу, аралас некеге тыйым салу деп біржақты баға беріліп келді.
1985 жылдан бастап, Батыспен байланыстар ұлғайған сайын, орталық билікке қауіп төндірген 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін, оған тіпті «қазақ ұлтшылдығы» деген баға бергеніне қарамастан, Балтық жағалауы, Грузия, Украинадағы ұлттық қозғалыстар ұлтшылдық ұғымына деген көзқарасты өзгертті. Оған жақсы-жаман деп баға беруден гөрі, оны ғылыми доктрина есебінде зерттей бастады. Енді «Тарихтың қозғаушы күші — таптар» дегеннен гөрі, ұлттық қауымдастыққа қарай ойыса түсті.
Сөз жоқ, жаңа тарихи ақиқатты тәуелсіздік алған елдердің байырғы халықтары мен метрополия әртүрлі тұрғыдан қабылдады. Тәуелсіздікті қазақ, грузин, тағы басқалар ұлт тарихындағы ұлы бетбұрыс, ұлттық жаңару деп қабылдаса, Кеңес одағының ыдырауын, ұлттық қозғалыстарды, дербес мемлекеттердің өмірге келуін Ресейге апат келтіретін ұлтшылдық деп бағалаушылар болды, әлі де бар.
Байырғы ұлттардың тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола бастаған тұста, мұндай саяси жаңаруға дайын емес ресейліктер, Одақтас республикада тұратын орыс диаспораларының бірқатар өкілдері бұрынғы кеңестік дағдыға салынып, тәуелсіздікті «этнократиялық революция», «этнонационализм» деп бағалады, әлі де одан айнығандары аз. Бүгінде «ұлтшылдық» айдары Ресейдің автономиялық республикаларының ұлттық саясатына да таңылып отыр. Ресейдің империялық саясатына қарсылық бұрынғы социалистік мемлекеттерде де анық байқалады. Ресейдің билігі мен қоғамдық санада ұлтшылдық ұғымын сөздің тек ескі мағынасында, тек зиянды саясат пен идеология деп қабылдау әлі де орын алып келеді. Қазақстандықтардың басым көпшілігі Ресейдің саяси идеологиялық ықпалында қалып отыр. Ұлттық мүддені қолдау, мемлекет құраушы ұлттың талабы, отарлау саясатының ұлттың жанына салған жарақатын жазу, орнын толтыру, әлеуметтік, тарихи әділдікке қол жеткізуді, шынайы ұлттық патриотизмді елге зардап әкелетін идеология мен психология ретінде қабылдау әлі де бар. Қазақстандағы бірқатар орыстілді баспасөзде, орыстілді славян, еуропалық диспоралардың арасында қазақ мәселесін «нациократия», «русофобия», басқаларға қарсы бағытталған пиғыл деп ойлайтындар аз емес. Ондайлар қазақпыз дейтін интеллигенция арасында да бар.
Қазақстаннан қоныс аударғандар туралы да қазақ ұлтшылдығынан сескеніп көшкендер деген пікір айтылады. Шындығында, Қазақстаннан қоныс аудару Кеңес Одағы ыдырамастан бұрын басталды. 70 жылдары орыстар, украиндар және тағы басқалар тарихи отандарына орала бастады. 80-90-шы жылдардың басында 1 млн. 200 мың адам РСФСР, Украина, Беларуссияға қоныс аударды. Ал 1991 жылы қыркүйек айындағы зерттеулерге қарағанда, орыс империясына деген көзқарастың терістігін Молдавиядағы орыстардың 79%-ы, Қырғызстанда 54%-ы, Батыс Украинада 59 %-ы, Қазақстанда үш орыстың бірі сезген.
Өкініштісі, империя үстемдігіне деген қарсылықты орыс халқының бірқатары орыс ұлтына қарсылық деп қабылдады.
(Жалғасы бар).



