«Мен кіммін?»
(«Өрлеуде» А.Токбасова дәрісінен алған әсер)
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.»
Абай.
… «Кім өзін-өзі тану сабағына қатысып көрді?» … Мүлгіген тыныштық. Естігенде, үстіңе бір шелек мұздай су құйып жібергендей, үнсіз қалдық. Міне, күтпеген жерден соққы беру деген — осы! «Көрген жоқпыз», — деп айтуға тіл бармайды. (Жалпы кемшілігіңді мойындау – ең соңғы сәтте.)
«Неге?» — деді тағы да Айжан апай. «Уақыт жоқ», — дедім күнделікті үйренген сөзді оп-оңай тілге тиек етіп. Бірақ сол сөзімді қалай тез айтсам, солай шоқ басып кеткендей тез айныдым.
… Айтуға оңай! Ол — менің өзім! Ал өзіңді тануға, тану жолдарына қатыспай, қолыңды тигізбей, күнделікті өмір күйбеңіне ілесіп, бір сүрең тірлікпен өмір сүре беру дегенің – нағыз жалқаулық, бойкүйездік. Абай айтқан «мені» мен «менікін» айырар сәт осы емес пе?! Негізі, мен өзім де сыршыл, ойшыл, сезімтал жан едім, ал бүгін көр кеуде, ықылассыз бейнедей қалдым. Бұл не? Қорқу? Таңғалу? Жүрексіну? Кейде ішіңде болып жататын тайталастардың бірі жеңер тұсы болады, бүгін мені өмірге талпыну, құштарлық жеңді. Күмән емес, сенім жетеледі. Істеп жүрген кәсібімнен шын рақат тауып, шөлім басылғандай, ықыласты кейіппен қалдым. Бәрі де сезім!
Біз оқушыға әмір беріп, соны ойландырып, соны жұмыстандырып, өзіміз құр бақылаушы сияқты қалып қоямыз. Жоқ, сен де ерінбе, сен де бірге ойлан, жаныңды аяма, барыңмен кіріс, шыныңды сал, ол өмір ғой. Олардың көңілі бізден де қорғаншақ, бізден де сезімтал, бізден де сенгіш! Ендеше сол сезімдерді таза, ақ қолмен тәрбиелеу жолында жүрек көздеріңді тұмшалама, «жігерлен, сілкін, қайраттан, бекін» деп, өзімді қамшылай түстім. Кейде тіпті үнемі өзімді ой жазуға итермелегім келді. Мен мұны жақсы көруші едім ғой… Ал қазір менің сүйікті ісім бір жерде керексіз ойыншықтай еленбей қалыпты. «Жүрегімнің түбіне терең бойлап», өзімнен мүлдем басқа талпыныс, ұмтылыс, өршеңдікпен жұмылысты сездім. Мен жаңамын! Мен оқушымын! Мен талапкермін! Мен… мен… мен… Әйтеуір енді Айжан апай: «Мен кіммін?» — деп сұрар болса, «Мен жаңа Нұргүлмін!» — деп жауап берер едім. Қандай жақсы! Қандай жеңіл!
«Жұрттан ұялған жақсы, ал өзіңнен ұялу бәрінен де жақсы», — депті
Л.Толстой. Мен өз ұятымнан өзім рақаттандым. Себебі мен ұмтылдым, құштарландым, тезірек сабаққа барғым келді. Балаларымды сағынышпен көріп, бауырыма басқым келді. Олар мені күнде асыға күтеді, ал мен өзімді танымай жүр екем. Оларға берер шексіз махаббатымды іркіп, жүрегіме сақтап, көрсетпей тыққандаймын. Әсіресе, өз балаларыма енжар, шаршаңқы, қатқыл екенмін. Ал алдымдағы шәкірттеріме жан жылуымды аямай, төзімді, шыдамды қараймын. Жоқ! Енді мен ондай болмаймын. Менің балам ба, ендеше, ол да мендей жүректі болып өссін, жүрекке салсын, жүрегіне үңілсін. Бойымда қалғып кеткен сезімдерімді оятып, оларға аналық мейірім, аналық шапағатыммен келіп, талмай еңбектенемін.
Мен өзімді таптым. Менің санама сыналап жеткен сабақ көздері мені тірілткендей болды. Абайды оқытып жүріп, сол арқылы өзіме үңілмегендей болдым. Енді мақсат анық, тілек біреу: ол — өзімнің мүмкіндіктерімді барынша таныту.
Нұргүл НӨКЕН,
№40 мектептің мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.



