Денсаулық

Ізгілік іздеген адам

Әдетте, ақ халатты абзал жандарды көргенде ең алдымен олардың бойынан ізгілік ізін сезінгендей болып, өз тағдырымызды өзімізден артық сеніп тапсыратындай күй кешетініміз бар. Бұл дәрігер әуелі емдеуші деп емес, ерекше бір жанашырыңдай, өзіңнің жоқтаушыңдай деп ойлайтындықтан болса керек.

Тұрар аға да бала кезінде нақ сондай күйді бастан жиі кешетін. Рас, ол кезде дәл қазіргідей ауыл сайын дәрігер алдыңнан шыға бермейді. Бірақ ауыл адамдарының бұл мамандық иесі туралы түсінігі, ерекше құрмет-сыйластығы сырттарынан жиі айтылатын. Сондай әңгімелердің әсері ме, көкірегінде дәрігерлер туралы жақсы әсер қалыптасты. Бәлкім, сол жасөспірім шағында «дәрігер болсам» деп армандамаған да шығар, өйткені елде елуінші жылдардың дүрлікпесінің ізі әлі де басыла қоймаған еді. Бұндай жағдайда әр отбасы үшін баласына мамандық таңдап, оқуға түсіруден де басқа маңызды мәселелер жетіп-артылатын.

Оның үстіне, әкесі Шериязданнан бір жарым жаста қалған бала Тұрар оның бет-бейнесін, кескін-келбетін ауылдағы үлкендердің айтуымен ғана елестететін. Асқар тау – әкесінің жұмыскер шаруа адам болғаны, қол шеберлігімен ер шауып, домбыра жасайтыны, әуендетіп, әлдебір әсем саздарды шертетіні кейде өзі көргендей-ақ көз алдына келетіні бар. Қазақта айтылатын «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөздің мәнін ол мейлінше жақсы ұғынып өсті. Қай жерге барса да, «мынау Шериязданның баласы ғой» деген мейірімге толы жылы сөзді есейгенінше көп естіді. Сондайда өзі бейнесін елестете де алмайтын аяулы әкесінің жылы алақанын сезініп тұрғандай әсерде болатын.

Анасы Жамал соғыстың сұрапыл жылдарында ұжымшар шаруасына білек сыбана кірісіп жүріп, жалғыз ұлды жетілдірсем деп ұмтылды. Соның арасында Тұрардың өзінен он бес жас үлкен апасы Мәрия да қатарға қосылып, ауылдық кеңестің хатшылығына сайланды. Қазақта жиі айтылатындай, қыздың жанашыр екендігін де ол осы тұста сезінді. Сол апасының да жанашырлығының арқасы болар, өзін қатарынан кем қылмай өсірген анасына да көп алаңдамай оқуға аттанды.

1957 жылы 224 жас жігіттер мен балаң қыздар сынақты сәтті тапсырып, Ақтөбеде жаңадан ашылған медициналық институттың табалдырығынан имене аттады. Содан 164-і ғана аман-есен, алдыртпай-жұлдыртпай дегендей, 1963 жылы алғашқы түлектер есебінде үлкен өмірге қанат қақты. Бүкіл сабағы орыс тілінде өтетін, терминдері латынша дәрігерлік мамандықты игеру, әсіресе, ауылдан келген балаларға қиынға соқты. Бір сабақты түсінбей қалдың ба, соны игеріп, сынақ тапсырмай алға жылжу жоқ. Осындай қатаң талаптың әсерінен бе, студенттер сабақтан соң жеңіл тамақтанып алып, келесі күннің тапсырмаларын пысықтауға кірісетін. Ол кезде жаңадан ашылып жатқан оқу орны болғандықтан да болу керек, институттың материалдық-техникалық базасы кемшіндеу еді. «Көрнекі құралдармен өткізілетін сабақтарда бір қабырғаға бәріміз телміріп қарап отыратынбыз», – деп еске алады сол күндерді Тұрар аға.

Алпысыншы жылдардың басында облыста дәрігер кадрларына қардарлық басым болатын. Сол себептен де алғашқы түлектердің басым бөлігін ауылдарға жіберді. Жас маман Тұрар Шериязданов Ойыл ауданындағы туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері болып тағайындалды.

Қазақ арасындағы қауіпті дерттің қорқынышты тұсы – оған көпшіліктің аса мән бермейтіндігінде еді. Сондықтан да ауруханаға алынған сырқаттарды емдеумен қатар тұрғындарды жаппай тексеруден өткізу, ауру белгісі байқалғандарды емдеуге алып, бақылауда ұстау ерекше маңызға ие болатын. Жас дәрігер осы шаруаларды жолға қоюмен қатар шаруашылық жұмыстарын да қолға алды. Оның тікелей араласып, қатысуымен диспансер ғимараты үлкейтілді, жылу жүйесі, су құбыры реттелді. Мұнда бір мезгілде жетпіс бес адам емделіп жататындай жағдай жасалды. Өткен күндерге ой жүгірткенде, Тұрар аға сол кезде жасалған емнің өтімді болғандығын баса айтады. «Өйткені адамдардың көбісі бұрын дәрі ішпеген, организмдері таза болатын, – дейді ол, – оның үстіне, сырқаттардың үзбей қымыз ішуіне қол жеткіздік. Осындай ем нәтижесінде туберкулезбен ауырғандардың көбінің үш-төрт айда беті бері қарап қалатын».

Тұрар Шериязданұлы 1975 жылы Темір аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне жіберілді. Бұл орындағы он жылға жуық уақыт текке өтпеді. Ауданның денсаулық сақтау саласында өркенді өзгерістер орын алды, материалдық-техникалық база нығайтылды, кадрлармен қамту жақсара түсті. Осы тұста Кеңқияқ, Қайыңды, Теректі ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылыстары қолға алынды. Малшы-егіншілерге көшпелі дәрігерлер бригадасы жіберіліп, көптеген адамдар тексеруден өткізілді. Сол жылдары ауданда ана өлімі болған жоқ деуге болады.

Тұрекең одан кейін осы ауданда санитарлық-эпидемиологиялық стансаның бас дәрігері, кәсіподақ қызметкерлері орталық комитетінің сенімді дәрігері, облыстық еңбек қорғау басқармасының бас маманы, міндетті медициналық сақтандыру қоры филиалының бөлім бастығы, «Әйгерім» клиникасы бас дәрігерінің орынбасары, медициналық жедел жәрдем ауруханасы емханасының меңгерушісі қызметтерінде болғанда да бұған дейін жинақтаған практикалық тәжірибесі мен білік-дағдыларының салмағын айқын сезінді. Беріректе облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет атқарды. Ал соңғы бес жылдық көлемінде бір кезде өзі алғашқы түлегі болған М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әлеуметтік медицина және денсаулық сақтауды басқару кафедрасының аға оқытушысы ретінде болашақ мамандарға тәлім-тәрбие беруде.

Тұрекең үшін тіршілікте соншама қадірлі, өз өмірін олардан бөлектей алмайтын екі топ қимас достары бар. Оның біріншісі – Ойыл қазақ орта мектебінен үлкен өмірге бірге қанат қаққан құрдастары. Екіншісі – Ақтөбе медицина институтында бірге оқыған студент бауырлары. Әлі күнге дейін солардың көбісімен қарым-қатынасын үзген емес.

Сыныптастары Идош Асқаров, Мақсот Балғынов, Аманжан Қошқарбаев, Мәриза Ермекова, студенттік достар Есенғос Мәмбеталин, Абай Жанғабылов, Әбдікәрім Хамзин, Үкіметолла Әлниязов, тағы басқаларының есімдерін әрдайым жүрек түкпірінің тереңінде сақтайды. Оларды көрмесе, сағынатын, іздейтін тұстары көп. Шалқар, Мұғалжар өңірлерінде денсаулық сақтау саласын басқарған Жолдыбай Жүсіпов, Ереван Баймұхамбетов секілді білікті дәрігер-жолдастардың жарқын бейнесін ұмытпайды.

Бірінші ректор Алмағанбет Дайыров, ұстаздар Алексей Сорокин, Валентина Морозова, тағы басқалары нағыз жалынды жастық шағын осы оқу орнының өркендеуіне арнап, өздері де ғылым жолында есейді, кейіннен республикаға танымал есімдерге айналды.

Дүние жүзіне танымал ғалым, Денсаулық сақтау министрі болған Ишанбай Қарақұлов – Тұрекеңнің пір тұтатын адамдарының бірі. Сондықтан да ол кісіні өзіне ұстаз санады, алыстан көрініп тұратын шамшырақтай сезініп, соған қарап бағыт ұстауға тырысты. Биыл туғанына жүз жыл толған уақытта қолына қалам ұстап, қайталанбас ұлағат иесі туралы ойларын баспасөз арқылы жұртшылыққа ұсынды. Көне Көкжар – жаңа Ойыл жұртында дүниеге келіп, сол өңірдің перзенті ретінде алыс айдынға шыққан, елге мақтаныш әкелген ілгері буынның іргелі өкілі хақында сүйіспеншілікпен сөз қозғады.

Тұрар ағаның өмірлік серігі Күләш апа да ұзақ уақыт бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етті. Ол медбике ретінде талай сырқаттың тән азабын жеңілдетіп, жылы сөзімен талай жанның көкірегіне ертеңгі күнге сенімі мен үмітін орнатты.

Дәрігерлер отбасында Азамат, Асқар, Талғат есімді үш перзент дүниеге келіп, олар ер жете бастағанда ата-ана алдында бір ғана мақсат болды. Ол – ізгілікті ұландар тәрбиелеу. Шүкір, солай болып шықты да. Қазір әке жолын қуған Азамат терапевт-дәрігер,  Ақтөбе қаласындағы әскери госпитальда бөлім бастығы, шені – подполковник. Асқар – мемлекеттік қызметте, көпшілікке сыйлы, іскер азамат. Талғат Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, математика ғылымдарының кандидаты. Келіндері Мөлдір, Лия, Гүлмира – бір-біріне ынтымағы жарасқан тату-тәтті абысын-ажындар. Азат, Әйгерім, Айгүл, Гүлжанат, Аслан, Жұлдыз, Әсел, Ақбота есімді немерелер – Шерияздановтар әулетінің шаттығы.

«КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», жоғары санатты дәрігер Тұрар Шериязданов бүгінде тіршіліктің жетінші белесіне қол созып отыр. Арттағы жолдар, кейін қалған іздер ізгілікке ұмтылу үстіндегі қадамдар сияқты көрінеді бізге.

…Балалықтың әсерлі бір сәттері көз алдыңда тұрып қалатыны бар ғой. Сонау бала шағында Ақшатаудан «Қаракөл» ұжымшарына өгіз арбамен көшіп бара жатқанда Ойыл өзенін жалдап өткендері санада сақталып қалыпты. «Ойылдың сол кездегі суы терең еді, өткелдің өзінде кейбір жері ат үзеңгісіне жетіп, зәреміз кететін. Айналаның шөбі қалың, белуардан келеді. Барқын құмына түнделетін ендік. Кең далада шырылдаған торғай үні естіліп, қарлығаш ұшып жүретіні жадымда. Сол кездің табиғаты сондай көркем еді», – деп еске алады енді Тұрар аға.

Таза табиғаттың, кең даланың құшағында өскен, көркемдікке құштар сол таза бала көңіл егделіктің есігін ашып, айналаға ақсақалдық көзімен қарай бастаған бүгінде де  баяғы ауылды аңсайды. Ойылдың арнасын кеңге жайған терең суын көргісі келеді, өзгеше естілетін құстар үніне құлақ түрсем дейді…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button