Мәдениет

Балнұр Қыдырбек: кәсіби композитор шабытты күтіп отырмайды

Жақында Ақтөбеге  танымал композитор, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Балнұр Қыдырбек келіп, Мәртөк ауданында халықпен жүздесті, қаладағы арнаулы және жоғары оқу орындарында кездесулер өткізді. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда авторлық концертін өткізді. Композитормен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.

— Балнұр Балғабекқызы, әуелі сапарыңыздың мән-мақсатына тоқтала кетсеңіз.

— Негізгі мақсат — композиторлар мен елдегі орындаушылардың, музыка мамандарының  арасындағы байланысты нығайтып, композиторлардың шығармашылығын насихаттау ғана емес. Сондай-ақ, белгілі композиторлардың  шығармаларын астаналық оркестр мен әншілер ғана емес, жергілікті жердің оркестрлері мен әншілерінің орындауына мүмкіндік беру әрі олардың кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал ету деп ойлаймын. Мысалы, кеше Ақтөбе филармониясы жанындағы камералық оркестр эстрадалық-симфониялық оркестрге арналған шығармаларымды орындады, әншілер әндерімді айтты.  Осы арқылы камералық оркестрдің репертуары да жаңарды, байи түсті деуге болады.

— Композиторлар одағына басшылық жасап отырсыз, шығармашылық ұйымның  қазіргі  халі қалай?

— 2005 жылы наурыз айында Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым, ол кісі менің «Қалқаман-Мамыр» атты шығармамның партитурасын көріп отырып, композиторлардың қазіргі жағдайына, жалақысына, қаламақысына  қатысты сұрақтар қойды.  Композиторлардың басындағы  жағдайды айттым. Сол бойда Мәдениет министрлігіне «Композиторлар одағына қаржы бөлінсін» деген  тапсырма берді.  Елбасына: «Сіздің қабылдауыңызға бірінші рет келіп отырмын, екінші рет сәті түсе қоймас. Мәдениет министрлігіне берген сіздің осы тапсырмаңыз орындала ма, жоқ па, соны жарты жылдан кейін тексеріп көріңізші», — дедім. Ол кісі менің көзімше блокнотына жазып алды. Айтқандай-ақ, кейін сол кездегі  Мәдениет және ақпарат  министрі Есетжан Қосыбаевқа барғанда одан: «Көшпенділер» фильмін түсіргелі жатырмыз, қаражат жоқ», —деген жауап алдым. Алты   айдан соң Нұрсұлтан Әбішұлы өзі тексеріп,  Мәдениет министрлігінің Композиторлар одағына  қаржы аудармағанын анықтайды, содан кейін көп ұзамай Қосыбаев  қызметінен кетті.  Оның орнына Ертісбаев келді, ол Елбасының тапсырмасы бойынша «Астана-Бәйтерек» конкурсын ұйымдастырып, Қазақстан композиторлары мен драматургтеріне мемлекеттік гранттар бөлді. Драматургтерді қоспағанда сол конкурс әлі де жалғасын табар ма еді, кейін  ақындар, суретшілер дау шығарып, конкурс одан әрі өткізілмей қалды.

Композиторлар одағына басшы болып  2007 жылы келдім. Құрдымға кетіп бара жатқан жерінен әупірімдеп сақтап қалдым, яғни жертөледен екінші қабатқа шығардым. Қазір Еркеғали Рахмадиев әкемізден қалған бұрынғы Композиторлар одағының үйін жекешелендіріп алдық,  соның бір бөлмесін ғана пайдаланып, қалғанын  жалға беріп отырмыз. Өзім Астана мен Алматының арасында жүремін. Өйткені мемлекеттік тапсырыс беретіндер — Астанада. Одақ — Алматыда.

Композиторлар одағы да басқа одақтар сияқты коммерциялық емес ұйымға жатады. Киноматографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянконың ызаланып айтатыны бар: «Біздің одақты кинологтар одағымен шатастыратындар бар», — деп. Нағыз парадокс қой.  Осыдан-ақ бәрі түсінікті емес пе?

Сіздің  белгілі жазушы, журналист Балғабек Қыдырбекұлының қызы екеніңізді білеміз.  Алматыда орыс мектебінде оқысаңыз да, қазақшаңыз ешкімнен кем емес, тіліңіз жатық, көркем. Бұл мәселеде Балғабек ағамыздың үлкен әсері болғаны сөзсіз.

— Әкем қызық адам еді. Менің үш жасымда бір қоймадан 2 пианиноның біреуін жарты ақшасын біреуден қарызға алып, сатып алыпты. Онда да  бедел салып алған шығар, ол кезде мұндай дүниелер қат еді ғой. Оған әжем мен анам  қатты ренжіпті. Сондағы арманы: «Балнұр көршінің қызы сияқты пианинода ойнай алатын болса екен!». Ол қыз бала небәрі 3-сыныпта оқиды екен. Мен жеті жасқа келгенде Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне бару үшін өтетін төрт деңгейлі тексеруге де ерінбей-жалықпай ертіп апарғаны есімде. Бес баласының әрқайсысын әр жалғыздай мәпелеп өсірді. Бірақ талапшыл да болды. Ол уақта Алматыда қазақ мектебі бірді-екілі болғандықтан, көбі орыс мектебінде оқитын. Аулада бірге ойнайтын Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Тайыр Жароков сынды атақты ақын-жазушылардың менімен құрдас балалары да орысша оқыды, кейін олар қазақша екі сөздің басын қоса алмайтын болды.  Ал менің әкем өзі арнайы бағдарлама жасап, балаларын  ана тілінен ажырамасын деп біраз тер төкті. 1-3 сынып аралығында қазақ ертегілерін оқытты. Жай оқытып қана қоймайды, соңынан мазмұнын айтқызады. Одан «Батырлар жырының» үш томын оқыдық, оны да қадағалап отырды. 20 жыл бойы «Социалистік Қазақстан» газетін күнде оқытады. Балалары түнгі корректор қызметін атқардық. Соның пайдасы болар, қазірдің өзінде орысша болсын, қазақша болсын, газет бетіндегі қатені бірден көремін.

Әкем: «Бес томдық ең жақсы шығармам — бес балам» деп отыратын. Үш інім бар, Алғатбек Балғабекұлы экономика ғылымдарының докторы, профессор, Алматбек Балғабекұлы техникалық ғылымдардың, Дулатбек Балғабекұлы саяси ғылымдардың докторлары. Шаһинұр сіңлім о дүниелік болып кетті, ол да музыка маманы еді, Құрманғазы атындағы консерваторияда арнаулы фортепиано кафедрасының доценті болды.

Кеңес заманында бізді  қазақта 1917 жылдың арғы жағында тарих та, мәдениет те, әдебиет те болмаған деп оқытты. Мен әкемнің арқасында қазақтың тарихын да, ақын-жырауларын да біліп өстім. Композиторлыққа шындап бет бұрғанымды байқаған әкем маған: «Сен он жыл ішінде барлық жанрда шығарма жазып өзіңді байқап көр, сонда ғана шыңдаласың», — деген еді. Композитор болу үшін тек қана арнаулы музыкалық білім ғана емес, терең эрудиция керек. Кәсіби композитор шабыт күтіп отырмайды, ол күнбе-күн жұмыс істейді, тынбайды. Қазір 500-ге тарта музыкалық шығармам болса, ол тынымсыз еңбектің, ізденістің жемісі, қазіргі деңгейге көтерілуіме әкемнің берген бағыт-бағдары әсер етті деп ойлаймын.

— Филармонияда өткен концертіңізде Ақтөбенің жиені екеніңізді біліп алдық. Анаңыз туралы да айта кетсеңіз. Мінезіңіз бірбеткей, өжет адам екеніңіз байқалады, нағашыларыңызға тартқансыз ба?

— Әкем де бірбеткей, әділдікті сүйетін, турашыл адам болатын. Менің анам —Сафура Сейдалықызы. Нағашы атамыз Сейдалы Оразалин Алашорданың Ақтөбе бөлімшесінің басшысы болған. Қазір Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылында кезінде сол кісі салдырған мектеп бар. Бүгінде ол мектепте 230-дай оқушы білім алуда.  2014 жылы Сейдалы атамның 90 жылдығы тойланады деп отырмыз. Осында бөлелерім бар.

Анам Алматыдағы №56 мектепте директор қызметін атқарды, мамандығы — физика пәнінің мұғалімі. Қазір аман-есен балаларының ортасында жүріп жатыр.

— Балнұр Балғабекқызы, концертте өзіңіз жүргізуші болып хабарлағанда, басқалар сияқты «кансерт» болмаса «аркестр» демей, о әрпін сол күйінде хабарладыңыз. Көрермендердің тосырқай қарағандары болды. Себебін түсіндіре кетсеңіз.

— «Концерт» пен «оркестр» сөздері халықаралық терминдер, бізге орыс тілі арқылы енген сөздер. Еділ бойындағы емес, Мәскеу диалектісі арқылы келді. Сондықтан біз де соларға еліктеп, «о» әрпін «а» әрпіне айналдырып оқимыз. Ал ертең латын әліпбиіне көшсек, онсыз да «koncert» айтатын боламыз. Отан сөзін «атан» деп оқу, болмаса олжа сөзін «алжа» деу жүйкеге тимей ме?

— Енді жеке шығармашылығызға қатысты бір сұрақ. Ішіндегі ең күрделісі қайсысы, соңғы кезде жазған қомақты туындыларыңыз туралы айта кетсеңіз.

— Шығармаларымның ішіндегі үлкен дүние деп «Қалқаман-Мамыр» опера-балетін айтар едім. Шәкәрімнің осы аттас дастаны бойынша либреттосын Кәукен Кенжетаев жазды.  Опера-балет – синтетикалық жанр. Көркемдік биігіне балет арқылы, драмтургиялық шырқау шегіне опера арқылы көтеріледі.

Қазан айында Алматыдағы  Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда   «Реквием» атты шығармамның тұсаукесері өтті. Ұзақтығы — бір жарым сағат. Онда бейбітшілік, бірлік, рухани келісім идеялары дәріптеледі. «Реквием» «Құлху-Алла» сүресімен басталып, біздің заманға дейінгі ІІ ғасырдағы сақ әдетімен аят түсіріліп бітеді. Шығармада уақыт тоғысындағы ұрпақтар сабақтастығы, өз халқына қызмет ету мәселесі айтылады. 250 жыл бойы ел тәуелсіздігі, жеке қазақ мемлекетін орнату туралы үлкен арман-мақсат  атадан балаға ауысып, бір әулеттің алты ұрпағының өмірі үлгі ретінде алынды. Шығарма 7 бөлімнен тұрады. Шығармада Жетісудің  Дәурен сал Құдабайұлы, Шүкітай Әбдікерімов, Пышан Жәлмендеұлы, Иса Тергеусізұлы, Бейсебай Қаратаев, Тәбия Қаражанова, Омарқұл Итаяқов сияқты есімі ел жадынан  өше бастаған  халық композиторларының әндері мен мақамдары пайдаланылды, Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Тұманбай Молдағалиев өлеңдері алынды.

Енді осы «Реквиемнің» тұсаукесері 28 қараша күні  Астанада өтеді.

— Алға қойған қандай мақсат-жоспарларыңыз бар, сол жөнінде ой бөліссеңіз.

— Менің көптен ойымда жүрген бір шаруа бар. 1967 жылы әкем «Айдас» деген магнитофон сатып әкелген-ді. Соны қызық көріп, түймелерін басып жүретінмін. Үйге келген ата-әжелердің айтқан әндерін жазып алатынмын. Ол кісілер де өз дауыстарын өздері естігенді қызық көре ме, маған бар білген әндерін орындап беретін. Сөйтіп, бірнеше таспаны толтырыппын, бір жерге салып қойғанмын. Кейін ол туралы ұмытып та кетіппін. Күндердің күнінде сол таспаларды тауып алғаннан кейін қарасам, Жетісу өңірінің әншілік мектебі өкілдерінің дүниелері екен. Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институты жыл сайын фольклор жинауға Бетпақдалаға, Үстіртке экспедиция шығарып жүріп, мұрнының астында тұрған Алматы облысы туралы ескермесе керек. Қазір Жетісу өлкесінің фольклорына қатысты менің 3-4 пленкамнан басқа ештеңе жоқ. Жетісу мектебінің өкілдері Дәурен сал Құдабайұлы, Пышан Жәлмендеұлы, Шүкітай Әбдікерімов, Бейсебай Қаратаев, Тәбия Омарқұлдардың әндері сақталған. Соларды аман-сау тұрғанда жарыққа шығарсам деймін. Бәрін осы таза күйінде  нотаға түсіріп, оркестрге лайықтап, түрлеп,  толық бір қолдан шығарсам деген жоспарым бар.  Қазір әнді өңдеудің әлегі бір басына жетеді. Әннің түпнұсқасы мүлдем өзгеріп кетеді. Сондықтан Жетісу әншілерінің мұрасын бұрынғы қалпында халыққа жеткізсем деп жүрмін.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button