Мәдениет

Күйдің пірі – Қазанғап

Қазағымның күмбірлеген домбырасының шанағынан төгілген әуеннің айтары мол. Сөзбен айтып жеткізе алмас сырың да, шаттыққа толы қуанышың да, көкірекке сыймас құлазыған көңілің де жансыз домбыраның тілімен-ақ жүрекке жетеді. Құлан қуып, қаза болған хан баласының қайғылы хабарын естірткен де «Ақсақ құлан» күйінің құдіреті. «Аман бол, шешем, аман бол!» деп Құрманғазыны анасымен қоштастыратын да осы домбыра. Ал жансызға тіл бітіріп, сөйлететін, сезім мен санаңды оятатын арқалы талант иелері – күйшілер, домбырашылар…

«Мынау біздің ұлттық өнеріміз, мынау біздің күйіміз!» деп әлемдік мәдениет деңгейінде мақтана аламыз.

Қазақтың күй өнерінің негізін салып, бүгінгі күнге жеткізіп кеткен күйші бабаларымыз аз емес. Қазақ даласының әр өңірінде туған олардың әрқайсысы өзіндік стилімен ерекшеленеді. Құрманғазының, Тәттімбеттің, Сүгірдің, Динаның, Абылдың, Дәулеткерейдің өздеріне ғана тән күйшілік дәстүрі болды.

Осындай дербес мектептің негізін қалап кеткен халық күйшісі – Қазанғап Тілепбергенұлы. Мұны академик Ахмет Жұбанов та: «Қазақ домбыра өнеріндегі жеті мектептің бірі – Қазанғап дәстүрі», – деп атап көрсеткен.

Ұлы күйші көп жылдарға дейін зерттелмей келді. Шындығын айтқанда, кешегі кеңес дәуірінде зерттетпеді, Қазанғаптың күйлерінен астар іздестірілді. Қазақ музыкасын профессионалдық тұрғыдан зерттеп, бір ізге түсірген, ұлттық өнерімізге еңбек сіңірген академик Ахмет Жұбанов 1940 жылдары Қазанғапты жарыққа шығармақ болған. Кітап та жазады. Алайда Ахаңның үстінен «шаш ал десе, бас алатын» біреулер арыз жазып, кедергі келтірген көрінеді. Кейін кітапты өзгертіңкіреп жариялауға тура келеді. Сол кездегі жандайшаптардың қойған айыбы – Қазанғап қыз-келіншектерді күйге қосыпты, пессимистік сарын басым, күйлерінен феодолизмнің исі аңқып тұр, ескі заманды аңсаушы. Тағы бір «айыбы» – кеңес үкіметін дәріптейтін күй шығармапты. Алланың берген сыйымен күй тартып, ел аралап, серілік құрған Қазанғап жаңа қоғамды қолдай қоя ма? Саясатта не шаруасы бар. Әрі ол кеңес тұсында төрт-ақ жыл өмір сүрді.

Мұның бәрі жай ғана сылтау. Әңгіменің мәні басқада-тұғын. Қазанғаптың атын ататпай, күйлерін жарыққа шығармайтындай басты себептердің бірі – күйшінің отарлық езгіге қарсы болып, халықтың мұңын мұңдауы, жоғын жоқтауы. Патша өкіметі қазақ даласында отарлау саясатын жүргізбек болғанда Жем-Сағыз өзендері, Мұғалжар тауы, Ұлы Борсық құмы бойынан көтерілгендердің арасында Ерназар мен Бекет батырлар бар еді. Қос батыр түрмеге қамалғанда, күйші жүрегі қан жылады. Көкіректе жиналған запыранды домбыра арқылы шығарды. «Қос қыран», «Бекеттің жыр күйі» атты күйлерді батырлардың ерлігіне арнады. Елдегі аласапыран жағдайға, қос ұлдың қамауға алынғанына ағайын мұңайып, зар илегенде, «Шырылдатпа», «Жіберсейші», «Ерназар, Бекеттің зары» күйлерін шығарды.

1916 жылы 25 шілдеде орыс патшасы қара жұмысқа қазақтардан солдат алу туралы жарлық бергені тарихтан мәлім. Патшаның бұл жарлығына қарсы болған қазақтар бір жерден екінші жерге үдере көшкенде, мүмкіндігі жоқтар жұртта қалып қойған. Мұны да Қазанғап «Жұртта қалған» деп күйге қосады. Бұл күйлерден жазықсыз зәбір көрген қазақтың мұңы естіледі. Осылайша орысқа қарсы шығып, домбырамен жырлаған Қазанғаптың күйлері кеңес үкіметіне үрей туғызды. Елін, халқын сүйген Қазанғаптың патриоттық рухтағы күйлері кешегі кезеңде қалай ұнай қойсын?

Дегенмен қайраткер Ахмет Жұбанов қайтпас қажырлылық танытып, қазақ музыкасының антологиясына ұлы күйшінің есімін енгізді. Күйшінің есімі онсыз да белгілі-тін. Елдегілер жасыруға келмейтін Қазанғаптың күйлерін орындап жүрді. Ал А.Жұбанов ұлы күйшінің күйлерін жинастырып, нотаға түсіргеннен кейін ашық насихатталып, халық арасына тарай бастады. Сондай-ақ, күйші туралы мәлімет 1975 жылы жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясында жазылды. Сол энциклопедияның 6-томында: «Қазанқап (Қазанғап) Тілепбергенұлы 1854 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған, 1921 жылы сонда жерленген. Қазақтың халық күйшісі, композитор. Жасынан ән-күйге құмар болған. Тұңғыш күйі «Торы ат» деп жазылған. Энциклопедияда атап көрсетілген күйшінің тырнақалды «Торы ат» күйі «Торы аттың кекіл қақпайы» деп те аталады. Бұл туындыны өзінің алғашқы ұстазы Шүйт Орынбайға тартып беріп сынатып, батасын алған екен. Кейінірек ұстазына арнап «Орынбай Ақжелең» күйін шығарады.

Қазанғаптанушы Жайлау Асылханов Доңызтауда өткен Төреш күйші Қазанғапқа, ал кейін Қазанғап сол өңірдің күйшісі Мәңкеге бата бергенін айтады.

Жалпы, күйшілер арасында «Ақжелең» күйі кең тараған. Мәселен, Боғданың «Кербез Ақжелең», «Кербез керік», Ұзақтың «Ұзақ Ақжелең», Құрманғазының «Бас Ақжелең», Дәулеткерейдің «Қыз Ақжелең», Абылдың «Ақжелең», Махамбеттің «Ақжелең» атты күйлері болған. Осындай дәстүрлі «Ақжелеңді» Қазанғап одан әрі дамытып, «Ақжелеңнің» 62 түрін шығарыпты. Қазанғаптанушылардың айтуынша, солардың қырыққа жуығы белгілі көрінеді.

Қазанғап қашан да күй тартуды алдымен «Ақжелеңнің» бір түрі «Күй шақырудан» бастайды екен. Ақжелең сөзінің өзі көңілділікті, ақ жарқындықты, думанды көңіл-күйді білдіреді. Соған сәйкес күйлер де жеңіл, ойнақы орындалады. Дегенмен әрбір «Ақжелеңнің» мазмұнына, болмысына, оқиғасы мен құбылысына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. Онда көтеріңкі көңіл-күймен қатар мұңды жағдай да көрініс табады. Көңіл құлазып, ренішке беріле бастаған кезде құбылып, күрт сергітіп, рухыңды көтеретін қайрат, күш-жігер төгіліп бір салады. Қазанғаптың «Ақжелеңінің» саны неге алпыс екімен байланысты? Өйткені ол – адамның алпыс екі тамырының қуат-күші, жүрек пен алпыс екі тамырдың тынысы. Жүректің сезіміне, көңіл-күйге байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан олардың орындалу өрнегі де сан қилы.

Қазанғаптың лирикаға құрылған «Ақжелеңінің» 15 күйі Балжан қызға арналған. Қазанғап Балжанмен Қарақалпақ елін аралап жүргенде танысады. Уәли деген байдың жалғыз қызы екен. Сұлу, киім киісі де, жүріс-тұрысы да ерекше. Ол кезде Балжан 15 жаста екен. Қазанғап ауыл-аймақты күймен сусындатып, бірнеше күннен кейін еліне жиналады. Сол кезде Балжан қыз күйші ағасын қимай, жиі-жиі келіп тұруын өтінеді.

Алайда Қазанғап араға жылдар салып барып оралады. Келсе, Балжан ұзатылып жатады. Күйші тойдың үстінен түседі. Уәли бай күй тартып, думанға айналдыратын адамның келгеніне қуанады. Балжан Қазанғапты көргеніне қуанады. Оң жағынан орын береді. Ішкі сезімін ірке алмаған еркін қыз Қазанғапқа күткенін, енді тағдырдың жазуымен күйеуге шығып бара жатқанын айтады. Қазанғап той үстінде «18 жасар Балжан қыз» күйін шығарады. Той бірнеше күнге созылады. Балжан күй тарттырып, жібермеуге айналады. Қыздың алты бірдей адуын ағаларынан қорыққан және намысқа тырысқан жеңгелері күйшіден еліне қайтуын өтінеді. Жағдайды түсінген Қазанғап қоштасу  ретінде тағы бір күй орындайды. Бірнеше күн Қазанғап күйлеріне қанық болған тойшылар жаңа күй екенін аңғарып, күйдің атын сұрайды. Ал Қазанғап үндемей отырады да, шешуін өздеріне қалдырады. Сонда Балжан қыз: «Қазанғап ағаның келгеніне бірнеше күн болды. Күйдің мазмұны рұқсат сұрап тұрған секілді», – депті. «Рұқсат берші, Балжан қыз» күйі осылай туған. Бұдан кейін Балжанды бірнеше жыл көрмесе де, қазір бұрынғы шолжаңдықты қойып, қазақ әйелдеріне тән ұстамды жанға айналған болар деген оймен «Балжан әйел» күйін шығарады.

Қазанғапта махаббат лирикасымен қатар табиғат лирикасына құрылған күйлер де бар. «Жем суының тасқыны» күйінен өзеннің сылдырап аққан сұлу ағысын, буырқана тасыған толқынын естіп, айналасындағы әсем табиғатты аңғаруға болады. Сондай-ақ, өзен бойындағы ауыл адамдарының тіршілігін, мінез-құлқын, қонақжай, ыстық-ықыластарын да түсіне аласың. «Дүркін-дүркін дүние», «Қап, әттеген-ай», «Домалатпай Ақжелең», «Ілме», «Жаңылтпаш» атты лирикалық күйлері көңіл-күйге құрылған.

Бірде Бүркітбай байдың жорғасының жүрісін, сұлулығын көріп сүйсінген Қазанғап «Торы жорға аттың бөгелек қағуы» күйін суат басында шығарған көрінеді. «Торы аттың кекіл қақпайы», «Майда қоңыр», «Бөгелек», «Ақсұңқар құс» күйлері жан-жануарларға арналған.

Ақтөбе өңірінде Үсен төре деген күйші өткен. Өзі бай, өзі күйші Үсен төре бұрын-соңды көрмеген Қазанғапты жылы шыраймен қабылдай қоймайды. Қазанғап үйде жүрген келіншектен ілулі тұрған домбыраны сұрайды. Келіншек атасы Үсеннің жақтырмайтынын білсе де, қонаққа амалсыз алып береді. Содан Қазанғап бірнеше күйді қайырып тастайды. Риза болған Үсен төре басын көтеріп, Қазанғап екенін біледі, жөн сұрасады. Қазанғап кетерінде «Қанша байлық болғанмен, дүние екі айналып келмес. Заман өзгерер, маңдайдағы бақ-дәулет мәңгі болмас» деген секілді терең ойды білдіретін «Өттің дүние, кеттің дүние» атты философиялық күйін Үсенге арнап шығарады. «Жұртта қалған», «Көкіл» күйлерінен де үлкен философиялық тұжырымдар лебі еседі.

Сондай-ақ, Қазанғап бұрынғы жыраулық дәстүрді домбыра тілімен дамыта білген. «Ноғайлының босуы», «Балжанның жыр күйі», «Бекеттің жыр күйі» күйлері жыраулық сарынмен үндес келеді.

Қазанғап домбыраны оңқай да, солақай да тартқан. Ал күйлерін орындаудағы өзіндік шеберлігі  әрі ерекшелігі – сүйретпе қағыс пен ілме қағысты астастыра отырып, саусақ тимейтін пернелердің өзінен дыбыс шығаратындығы. Сондай-ақ, қарсы қағыс, буын-буынмен тарту да Қазанғапқа тән. Күй мазмұнына қарай оң қол мен сол қолды ауада кейде сермеп, кейде әсем билете отырып, күйдің мәнін жеткізу, бейнелік көріністер жасау, баурап алу үшін саптап тарту тәсілін де пайдаланған.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген, Қазанғаптың шәкірті аз болмаған. Олар – Матай Қуантайұлы, Құрманғали Өмірзақов, Кәдіралы Ержанов, Нұрқат Қосуақұлы, Медеубай Бақтыбергенұлы және басқа көптеген домбырашылар. Сондай шәкірттерінің бірі – Жәлекеш Айпақов. А.Жұбанов Қазанғаптың күйлерін зерттеп жүріп, 1965 жылдары Шалқарда Жәлекешті кездестіреді. Оның шеберлігіне тәнті болған Жұбанов Алматыға алдырып, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестріне домбырашы етіп қабылдайды. Барлық жағдайын жасайды. Оның себебі бар. 1904 жылы туған Жәлекеш Қазанғаптың көзін көрген, әкесі қоңсылас қонған. Ж.Айпақовтың орындауындағы Қазанғаптың 13 күйі Қазақ радиосында 1975 жылға дейін беріліп келген. Қазанғап күйлерін алғашқы насихаттаушылар ретінде оған Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі атағы берілген.

А.Жұбанов Кәдіралы Ержанов орындаған Қазанғаптың күйлерін магнитофон таспасына жазып алған. Мол мұраны сол күйінде жеткізген еңбегін бағалаған академик Кәдіралыға консерватория есебінен өмірлік стипендия тағайындаған. К.Ержанов 1885 жылы туған, яғни Қазанғапты көзімен көріп, күйшінің өзі орындаған күйлерін құлағымен тыңдап, жүрегімен қабылдаған шебер домбырашы болған.

Ахаң бастап берген соқпақ жалғасын тапты. 1978 жылдың маусымында Қазақ Ұлттық ғылым академиясының экспедициясы Шалқар ауданына келді. Экспедицияның басында академияның корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Бегежан Сүлейменов және ұлттық фольклордың, жалпы, өнеріміз бен мәдениетіміздің нағыз жанашыры Мардан Байділдаев болды. Ел аралап, күйші туралы деректер жинады. Осы сапарда күйшінің қызы Ақілгекті жолықтырып, бірқатар мәліметтерге қанығады. Қазанғаптың 75 жастағы шәкірті Шүрен Сартовпен кездесіп, бірнеше күйді таспаға жазып алады. Экспедицияның жемісті еңбегі нәтижесінде Қазанғаптың бейіті анықталды. 1921 жылы Қазанғап қайтыс болғанда ағайын-туыспен бірге Кәдіралы, Балмағамбет және басқа шәкірттері басын қарайтып, бейітін тұрғызған екен. Бірақ қиын уақытта тұрғызылғандықтан, кейініректе жермен-жексен болады. Дегенмен 1994 жылы сол кездегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арынның басшылық етуімен Қазанғаптың 140 жылдығы атап өтілді. Ақтөбеде екі күн бойы ғылыми конференция, күй сайысы өткізілді. Той Шалқар ауданында жалғасып, күйші жерленген Ақбауыр құмындағы бейіті жаңартылды.

Қазанғап мұрасын Ахмет Жұбановтан кейін беріле зерттеп, зор тер төккен Сәдуақас Балмағамбетов еді. Сәдуақас 1974 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясын бітіргеннен бастап сол оқу орнында еңбек етті. Сол кездегі билік Қазанғапқа әлі де қырын қарап тұрғанына қарамастан, қазанғаптануға кірісіп кетті. Күйшінің өмірі туралы бұрын да жетік білетін. Себебі Сәдуақас сол өңірде туған. Күйлеріне бала кезінен қанық. Қазанғаптың шәкірті болған әкесі Балмағамбеттен талай күйді үйреніп өсті. Енді тек ғылыми тұрғыдан зерттеп, дәлелдеу еді. «Тірі Қазанғап» атанған С.Балмағамбетов балалық, студенттік шақтан кейінгі тура 25 жылдық профессионалдық ғұмырын Қазанғапты ғылыми зерттеуге арнады.

Қазанғаптанушы, шалқарлық белгілі журналист Мұхамбетәли Есмағамбетов Сәдуақастың қалай «Тірі Қазанғап» екенін айтып еді. Ұлы сазгер Нұрағаң (Тілендиев) бір отырыста Сәдуақастың тартқан күйіне тәнті болып, кімнің күйі екенін сұрапты. Қашаннан сырбаз, ешкімге бас имейтін, өткір мінезді Сәкең: «Немене, Қазанғап Тілепбергенұлы деген қазақтың ұлы күйшісін білмеуші ме ең, бұл сол Қазанғаптың «Кербез Ақжелеңі», – деген екен. Сонда Нұрағаң: «Ойпырмай, сонда бұл күйді Қазанғаптың өзі қалай тартты екен, сен нағыз тірі Қазанғаптың өзісің ғой», – деп Сәдуақастың домбыра тарту шеберлігіне өз бағасын берген екен. Содан кейін С.Балмағамбетов күйші-домбырашылар, өнер адамдары арасында, ел ішінде «Тірі Қазанғап» атанып кеткен.

С.Балмағамбетов Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп, 1983 жылы күйтабаққа жаздырды. «Саз зергері Қазанғап» атты кітап өзі қайтыс болған соң екі жылдан кейін, яғни 2001 жылы профессор Айтжан Тоқтағанның көмегімен жарық көрді. Кітапта Қазанғаптың 20 күйінің нотасы берілген, әрбір күйдің шығу тарихы айтылған. С.Балмағамбетовтің орындауындағы «Қазанғаптың күйлері» атты үнтаспа шығарылды.

Қазанғаптанушылар ішінде Абдулхамит Райымбергеновті де атап өтуіміз керек. Ол ұзақ жылдар бойы Қазанғап күйлерін орындап, қалың жұртқа таныстыруда. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері марқұм Бақыт Басығараев өмір бойы Қазанғап күйлерін тартып, халыққа жеткізді. Қазанғапты зерттеу қиынға соғып жүрген кездері академик Ахмет Жұбанов Б.Басығараевтың өкінішіне байланысты хат жазып, түптің түбінде Қазанғаптың халықтың рухани байлығына айналатынын айтқан.

2004 жылы Қазанғаптың туғанына 150 жыл толды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі «Күй тәңірі – Қазанғап» атты шығармашылық кеш ұйымдастырды. Сол сияқты танымдық, насихаттық мақсатта басқа да шаралар өткізілді. Сол жылы Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде күй кеші өтті. Кеште ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбек Қазанғаптың күйшілігі туралы тұшымды әңгімелер айтты. 2005 жылы Ақтөбеде күй сайысы өтті. Оған Астана, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Орал, Атырау және Ақтөбе облыстарынан отызға жуық күйші қатысып, екі күн бойы Ақтөбе аспанын күймен көмкерді. Сайыс Қазанғаптың туып-өскен, жерленген жері Шалқар ауданында қорытындыланды. Күйшілер Қазанғаптың бейіті басында болып, тағзым етті, орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

Облыстық мәдениет басқармасының, халық шығармашылығы үйінің ұйымдастыруымен басқа да игі шаралар жасалды. Жергілікті «Димаш-Әли» дыбыс жазу студиясы «Күйдің пірі – Қазанғап» атты компакт-диск шығарды. Мұнда Қазанғаптың 20 күйі қазанғаптанушылар Бақыт Басығараевтың, Жайлау Асылхановтың, Нұрболат Жанамановтың орындауында берілгін. Сондай-ақ, С.Балмағамбетовтің «Саз зергері – Қазанғап» кітабы қайта өңделіп, «Қазанғап» деген атпен жарық көрді. Кітапты толықтырып, баспаға әзірлеген – Нұрболат Жанаманов.

Нұрболат – Қазанғаптың күйлерін насихаттап, мұрасының ұмытылмауы үшін тер төгіп жүрген бірден-бір адам. Қазанғап ұмыт қалмаса екен деп Ақтөбеге де, Алматыға да, Астанаға да өз еркімен өз қаржысына сан қатынаумен жүреді. Сондай-ақ, Қазанғаптың күйлерін шебер орындаушы. Шебер деген олқы соғар, себебі Қазанғаптың тойына келген белгілі профессор Айтжан Тоқтаған Нұрболаттың шеберлігі туралы: «Музыкалық білімі барлардың өзі осылай тарта алмас», – деп, оның табиғи талантына таңданыс білдіргені бар.

– 1979 жылы желтоқсанда Алматыда М.Әуезовтің музей-үйінде Рахманқұл Бердібаев, Сәдуақас Балмағамбетов, Бекежан Сүлейменов, Мардан Байділдаевтардың ұйымдастыруымен Қазанғаптың 125 жылдығы атап өтілді, – дейді Н.Жанаманов. – Студент едім, барып Қазанғаптың күйлерін орындадым. Сол кезде Асқар Тоқмағамбетов риза болғаннан тұрып келіп, батасын берді. Кейін Төлеу Қосанов радиоға жаздырып алды. Қазақстан телевизиясы 45 минут хабар жүргізді. 1980 жылы Алматыда «Студенттер көктемі» байқауына қатысып, бірінші орын алдым. Профессор Әубәкіров консерваторияға шақырып еді, бармадым.

Тарихшы-ғалым Зәкратдин Байдосов 1908 жылы Ресейдің императорлық географиялық қоғамының шақыруымен Қазанғап пен бір жыршы Орынборда 10 күн бойы күй тартып, жыр жырлағаны туралы архивтік деректі Ресей архивінен кездестірген көрінеді.

Ахаң бастаған ауыр да игілікті еңбектің нәтижесінде Қазанғап қайта оралды. Өнер сүйген адам үшін, жалпы, қазақ үшін ең қуаныштысы – осы.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button