Жалғыз досым — Тобық
Өткен жылы «СаГа» баспасынан Сәду Нұржаудың «Махаббат — Құдай құпиясы» атты кітабы жарыққа шықты. Осында автор бала күнгі досы — Тобық Жармағамбетов туралы естелігін де жариялапты. Сол әңгімені сәл ғана қысқартып, оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.
М.Горький қайтыс болғанда, оның баласы (Пешков) әкесі туралы кітап жазғысы келеді. Сонда бір ақылды адам оған: «Өзің білесің. Бірақ әдетте жазушының ішкі дүниесін, оның творчестволық азап-бейнетін жетік түсінетін, білетін — өзі секілді басқа қаламгер ғана», — депті-міс.
Осыған орай, талантты жазушы Тобық Жармағамбетовтың көз тартар творчествосы туралы, әрине, оның өзіне сай қаламгер жазғаны оңтайлы. Ал егер «оқырман да құр қол емес, оның да пікірін білу артық болмас» десеңіз, онда өз қара басымның айтары былай: «Кезінде, қазақ әдебиеті алаңын құнарлы тілімен құйындатып өткен ерекше бір құбылыс болды: ол — Тобық Жармағамбетов». Ал енді ол құбылысты зерттеу, сараптап-сынау — кәсіби мамандардың өрісі (солай болып та жатыр).
Сондықтан бүгінгі таңда мен Тобықтың көпшілікке аян-баян емес бозбала кезі, оның студенттік шағы туралы әңгіме қозғайын.
Тобықпен алғаш танысқанда, біз 13-14 жаста едік. Содан, ол көз жұмып кеткенге дейін (1973 жыл) біздің қарым-қатынас үзілген жоқ. Оның бергі жағында қаншама заң өзгерді, заман өзгерді? Енді өткенге осы биіктік тұрғысынан қарасаң, кешегі орыс мәдениетіне шоқынған пендешілік өмірдің салдарынан, иек астында байқалмай, бейқам жатқан көптеген заттар көзіңе шалынады, мысалы, «алтынның қолда бар да қадірі жоқ» дегендей, өз тіліміздің дәулет-байлығын шашыратып ала жаздағанымыз… «Тәрбие тілден басталады» деп, атамыз айтпап па еді? Абай атамыздың да өсиеті солай — алдымен өз тіліңді жетік білу, сосын ғана басқа мәдениетті игеру. Ана тілі — Абай сияқты данышпандардың рухани анасы!
Оны мен неге айтып отырмын? Айтайық, осы Тобық іс жүзінде белгілі жазушы бола алар ма еді, егер ол орыс тілінің топансуы астында қалып, тілі күрмелген шала қазақ болса? Әрине, талантты адам түбінде бір жерден тесіп шығады, бірақ әлгі айтқан деңгейге оның жетіп-жетпеуі неғайбыл… Құдай қолдап, Тобық жастайынан ата жолынан тайған жоқ. Неге десең, оның туып–өскен жері әрдайым да тұнып тұрған Ана тілінің ұйытқысы, тасып тұрған тайқазаны болды.
Ғылым баяғыда дәлелдеді, кісі (личность) жастайынан, бозбала кезінде-ақ қалыптаса бастайды. Егер ол жасөспірім, оған қоса басалқы жаратылуынан ұқыпты, талапты болса, онда оған —өмірдің өзі-ақ ұстаз! Ол таңданған көзімен жан-жағына қарайды, сонда көз алдында тұратыны: ғажап жарық дүние, көгерген көктемімен, аппақ, жапалаққарлықысыменен құбылып тұрған жаратылыс — ол табиғат байлығы! Енді үйде де, дүзде де, ұйықтасаң да, оянсаң да — сен ылғи Ана тілінің аяулы аймағында, әрбір сәт сайын оның өшпес тәрбиесінде жүресің — олрухани байлық! О байлықтың құнарлы нәрі тыныс таппай, жұтқан ауамен бірге, тән-тұлғаңа, сана–сезіміңе сіңіп жатыр, әсіресе, намазшам кеште сабақ жаятын құнарлы әңгіме-дастан, ертегімен… Бар байлық сол Ана тілінде — тарих та, діл де, ой-өрісің де, сән-салтанат, әдет-ғұрпың да, ән-күйің де, тіпті қазақділді ерекше мәдениетің де…
Жалғыз-ақ тамшы судың дәмін татып, жер бетіне көлбіп жайылған судың ащы я тұщы екенін білесің.
Жалғыз-ақ тіл арқылы күллі адамзатқа ортақ асыл қасиеттерді табасың: ар-намыс, ұят, үміт, сенім, сағыныш, қайғыру, армандау, адамгершілік, атамекен жеріңе деген сүйіспеншілік, азатқұмарлық, достық, махаббат… Бұлардың бәрі аспандағы ай мен күндей — бүкіл адамзатқа ортақ дүние.
Айтқан сөзді құр босқа жаңғырық қылмай, мысалдармен қолдап-қолпаштайын.
Сұрапыл соғыстан кейін қаусап қалған ел… Жарқамыс — мәдени орталықтардан шалғай жатқан жер, «ұзын сирақ, қысқа тон» кедейшілікті айтпағанның өзінде, өз тарихың, елің, халқың туралы инеге іліп алар, таңдай татыр кітаптар жоқ (бірақ «Молодая гвардия» сияқты қазақшаға аударылған не сол тақырыпқа байланысты қазақша кітаптар, әрине, болды. Ал қыршыннан кеткен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» шығармасы қолымызға түсе қалса, бізге бір апталық той-думан, қуаныш). Сонда, ауылдағы барлық рухани байлық — ол туған жерің, ақсақалдардың әңгіме-ертегісі, өз Ана тілің болды…
Тобықтың бір байлығы болды: ол әңгіме-ертекке бай, оның кемеңгер әжесі — Ақлақ! Көрдіңіз бе, оның есімі қандай, ә? Ақлақ — поэзия! Ол Тобыққа Арина Родионовнадан (Пушкин), я болмаса, Зере әжеден (Абай) кем түспейтін еді…
Намазшам бастап берген қараңғы кез… Ақлақ әже кепкен жусан жағып, қазанда құрт қайнатып отыр. Ол кісінің есімі сүйкімді болғанымен, таршылық заман қойсын ба — түсі суықтау болатын-ды, сондықтан мен одан әрдайым сескеніп отыратынмын. Ал Тобық — әжесінің еркесі, бірде оған кенет сұрақ қойды: «Әже, аспанда ешбір белдік-тірек жоқ, сонда ай неге ілініп тұр?», — деп. Менде үн жоқ, оның үстіне сонау алшақ жатқан айда менің тіпті шаруам да жоқ. Міне, екі баланың арасындағы айырмашылық қандай (шындығына келсек, мен 12-13 жасқа дейін «айкезбе» дейтін дертпен ауырғанмын; ай жарықта дала кезіп кететінмін… Енді мүшел жастың құдіретімен, қан тазарып, ол дерттен әрең-әрең айыққанмын, меніңше, айға сол табынғаным да жетеді).
Ақлақ әже: «Бұл дүниені, әйтеуір, бір ғаламат, ғажап күш ұстап тұр ғой, оған бастарыңды қатырмай, бауырларым, оның орнына сабақтарыңды оқыңдар», — дейді. Оған Тобық бола қоймайды. «Қазақ қит етсе «бауырым-бауырым» деп, шыға келеді, неге осы өкпем-қолқам, болмаса, қос бүйрегім деп айтпайды?» деп, әжесіне қадалады. «Осы кемпір енді бізге жекіп тастайды» деп, мен тыпырши бастаймын. Жо-оқ, әже ошаққа жусанды уыс-уысымен салыңқырай түсіп, сосын қайтадан жайғаса отырып, лапылдаған оттан көзін жазбай: «Сендер жігіт болып қалдыңдар ғой, керек десеңдер оны да айтайын… Лақап бойынша, құрсақта жаңадан жаралған балауса балада жүрек деген дүние болмайды, ол керекті қан қорегін кіндік шегі арқылы анасының бауырынан «тартып» алады. Сөйтіп, нәресте анасының бауырынан ауқат-қоректеніп, онан сайын нығая түседі. Оның қан айдайтын ет-жүрегі сосын ғана пайда болады. Сондықтан болар, қазақ жақсы көретін адамын әрдайым «бауырым» дейді».
Астағыпыралла!? Мінеки, саған, қазақтың анатомия пәні…
Ай жарық. Ауыл балаларымен ақсүйек ойнайтын уақыт та таяп қалды. Ол ойынға қыздар да келеді. Сондықтан мен, шоқ үстінде отырған адамдай мазам кетіп, асыға бастаған «жігітсымақ», енді мына әңгімеден кейін мелшиіп отыра бердім… Тобық та солай… Бірақ ол менің көңілімді аулады ма, «жүр, кетейік» деп, біз ойын алаңына қарай беттедік, ал әлгі айтылған әңгіме естен кетпей қойды…
Жол-жөнекей досымды суреттей кетейін. «Ат ерінді, ер мұрынды келеді» дегендей, Тобық — бойы тапалтақ, әлібозбала болса да, ірі басты, маңдайы кереқарыс, жазық, қошқар мұрынды еді. Мінезі шапшаңдау болғанымен, ретсіз ешкімнің сөзін бөлмейді, өзін–өзіне сай деңгейде ұстай біледі, ал енді оны біреу-міреу кекетіп-мұқатса, онда ол сол бойда өткір сөзбен жазасын алады. Тобықтың қуақылығы да мол еді, аяқ астынан ол қисынын тауып, айналасын ылғи күлдіре жүретін–ді… Орысша — душа компании.
Мектепте ол үздік оқыды (сол мектеп қазір Тобықтың есімімен аталады). Бірақ неге екенін білмеймін, мүмкін сол киелі жердің су-топырағынан болар, Тобық Ана тіліне байланысты пәндерді ынталана оқитын–ды. Ал мен болсам, о кезде кейбір сөздердің түпкі мағынасын Тобықтай дәл түсініп, сезбейтінмін. Оған дәлел — бастан өткен мынадай бір жәй. Бірде, біз Жем өзенінде шомылып жүргенде, мен өзімше мәнерлей сөйлеп: «Жемнің суы мөп-мөлдір, адамның көз жасындай екен» деймін ғой. Сонда Тобық былай деді: «Сәду, сен осы таяқты көп жемеген баласың, ә?». «Ол неге?» деймін. «Көздің жасы қанжылым қышқылдау, тұз татып келеді, ал, Жемнің суы — тұщы», — деді ол. Жетім баланың есі, әрине, ертерек кіреді, бірақ… мынау — ересек адамның сөзі ғой. Мен не айтарымды білмей, қысылып қалдым. Ішімнен ойлаймын: «Құрып қалғыр көздің жасы қышқыл екенін өзім де білем, неге ойланбай айттым?». Бұндай жерлерде, не істеріңді білмей, «жетім бала өжет» дегендей, булыққаннан, тіпті төбелескің де келіп тұрады. Бірақ оған тікелей себеп жоқ қой. Сосын, сәл сабырлық тұта, артынан барып өзің түсінесің: «Апыр-ай, сенен біреу ақылдырақ болса да,адамның мазасы кетеді екен ғой»— деп. Аңдап-абайлап сөйлеуді алғаш рет мен досымнан үйрендім, бірақ, қалған жерде де осы қармаққа талай іліне жүрдім…
Тобықтың ол кездегі осалдау жері — осы орыс тілі болды. Құдай жалғап, біз 6-7– класста оқып жүргенде, Ақтөбеден Москалец деген мұғалім келді. Ол өзі пышақ салсаң да қазақша сөйлемейтін-ді. Сол «қырсық» мұғалім болмағанда, көптеген бала (қалалық жерге жеткенше) орыс тілінен қысыр қалатын еді. (Ғұмырында «тірі» орыс көрмеген, кейбір балалар оның өзгеше бет-әлпетіне, тұздай көзіне, ақселеу
тәрізді бозарған кірпік-қабақтарына таңдана қарап отырып, уақытын өткізіп алады). Сол Москалецтың «безбүйректігінен» бірнеше бала келесі класқа көше алмай қалды.
Осы арада менің ерекше айтайын дегенім: өзінің тілін сүйетін, оны жақсы білетін, ұшқыр ойлы адам басқа тілді де ынталанып игереді екен. Ол — Тобық. Сосын, меніңше, қазақтың жаратылысы — еліктегіш. Қазақтардың орыс тілін тез үйреніп алғаны, мүмкін, содан. Біз сол кезде — итальяндық кино көргендіктен бе, әлде, кездейсоқ кітаптан оқыдық па, әйтеуір, «тарантелла», «кампанелла» секілді сөздерді, олардың мағынасын түсінбесек те, сөз арасында қайта-қайта айта беретін едік. Мен сол сөздердің кейбірінің мағынасын осы күнге дейін білмеймін, білгім де келмейді. Неге десең, сөздікпен түрткілей берсең, олардың құпия-әсемділігі де беті ашылған қыздай, жұмбақ тәрізді сағым бейнелілігі жойылып кетеді; мен ол құлаққа жағымды сөздер «сол күйінде, Тобық екеуміздің таза балалық шағымыздай, бұзылмай-жарылмай, ғұмыры қала берсін» деп, ұйғардым…
Бірде — Тобық көз жұмғаннан кейін, шыдай алмай сөздіктен «тарантелла» деген сөздің мағынасын іздедім. Айтқанымдай, не болды? Итальяндықтардың ұғымы бойынша, қарақұрт (тарантул) шағып алған адам, тырысқақ дертке тап болып, оның аяқ-қолы ербеңдей бастайды; сол «секең-ербеңді» науқас бір ритмге салып, оны биге (танцы) айналдыра алса, онда ол осы аурудан айығып кетеді-міс. Осындай ритм-биді итальяндық жұрт «тарантелла» деп атап кеткен. Әр затты білген, әрине, дұрыс. Бірақ мен үшін бұның қызығы кетіп қалды… Содан кейін «кампанелла» деген сөздің мағынасын тіпті іздеуден қалдым. Осынау әсем әуенді сөз — Тоқаң екеуміздің балалық шағымыз сияқты, сол құпия-сағым күйінде ғұмырлық қалсын!
Бірге өскен жолдастар біледі, Тобықтың сол бозбала кезінен маған әсері зор болды. Мектепте жүргеннің өзінде ол тиіп-қашып, қалам түртіп, бірдемелерді жазып жүретін. Өзі ғана жазбайды, мені де қамшылайды. Мен мұғалімдердің үйге берген тапсырмасын (мазмұндама) әрең орындап жүрген жанмын, қалам түртуге тіпті мойным жар бермейді. Біз 15-16-ға, бозжігіт жасқа келіп қалдық. Бірде ғашық болған қызыма өлең жаздым. Сырласым жалғыз — Тобық, оған өлеңім ұнады. «Айттым ғой, сенен бірдеңе шығады» деп, соңыма түсіп алды. «Тобық-ау, мен жүрегім лүпілдеп, ішкен асым бойыма батпай, әбден қояншық бола жаздағасын ғана, осы өлеңді жаздым, менде алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ», — деймін…
Со бір кезеңдерде, Тобық жартылай өлең, жартылай қара сөз ғып жазған «шығармасын» маған көрсетті. Таң қалдым. Есімде қалғаны: әлемнің бір адам аяғы баспаған жерінде, таңғажайып гүл өсетін көрінеді. Ол гүлдің күлтебас жапырақтары тек азанда, тірі жан ұйқысын қимайтын кезде ғана ашылады; сосын көзді ашып-жұмғанша әлгі гүл күлтебасы қайтадан тез жабылып қалады. Сол қылдай уақытта, гүлдің құмырашығында жатқан нәрден дәм татып қалсаң, онда сен ұлы сезім — махаббатқа тап боласың. Ол үшін түнімен ұйықтамай, гүлдің ашылуын күзетуің керек, бірақ көпшілік, әдетте, балдай тәтті таңғы ұйқысын қимай, қалғып кетеді, сөйтіп, ол ұлы сезімнен құр қалады екен…
Содан, Тобыққа еліктеп (мені бұрыннан «Жайық-Қайық» деген егіздей ұқсас сөздер «мазалап» жүретін еді), мен де отыра қалып жұмбақ өлең жаздым. Дәл мәтіні есімде жоқ, бірақ жобалап айтсам:
Тасырлап таудан ағамын,
Бұза-жыра жағаны…
Жатсынбаймын даланы,
Кесіп өтем қаланы…
Басқы әріпті өзгертсең —
Су бетінде қалықтап,
жүзіп кете барамын.
Тобықтың айтуымен осы өлеңді «Қазақстан пионері» газетіне жібердік. Екі-үш айдан кейін (біз оны тіпті ұмытып кетіппіз), әлгі «дүние» жарияланды. Тобық соған менен артық қуанды.Нағыз дос бола білу, ол да — талант, яғни табиғат беретін қасиет. Обалы не керек, Тобық соңғы күндеріне дейін маған сеніп, «сенен бірдеңе шығады»деп, үміт артатын еді.Аяулы досым…
Екі-үш жылды артқа салғаннан кейін, мен Ақтөбеге жиналдым, оқуды сонда жалғастыратын болдым. Оның алдында Жем бойында тұрып, Тобық екеуміз «бір-бірімізге үзбей хат жазысып тұрамыз» деп ант бердік, (өзіміз сонда күліп те қоямыз: бұл баяғыдағы Торғай тауының басында Герцен мен Огаревтың өзара ант бергені сияқты болды ғой деп). Біздің хатты «басқа ешкім оқи алмасын» деп, Тобық шифр ойлап тапты, оның әбдені — әліпбидің әріптерін бірімен-бірін өзара алмастырып жіберу. Сол шифр бойынша, «Тобық» деген сөз «бақыт» деген түсінікке айналып кетеді. Мен осы балалық ойынымызды әңгіме ғып айтпас та едім, егер бұ шифрдың қырсықтау жалғасы болмаса?!. Ұзын сөздің қысқасы, артынан Ақтөбеден менің жазған хатымды бір мұғалім Тобықтың партасының үстінен көріп қалады да, сосын оны қолына алып оқып, «бақыт» деген сөзден басқа ештеңені түсінбей әуре болады. О замандағы ұстаздардың «әдептілігі» белгілі, ол «мынау не пәле?» деп, Тобықты қыспаққа алады. Тобық әбден сасқаннан соң, оған шифрды көрсетеді. Астағыпыралла, мұғалім ерінбей-жалықпай шифрмен хатты оқып шығады. Алдымен басын шайқап, күледі. Сосын Тобыққа жекиді: «Сендер не, шпионсыңдар ма?»…
Бірде қолымызға Ахмет Жұбановтың халық сазгерлері, ақын-әншілері туралы жазған кітабы түсті (Тобық қолына кітап түссе болды, әп-сәтте оқып тастайды, ал мен бірнеше күн мыжғылап жүремін). Сондықтан алдымен о кітапты Тобық оқыды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, досымның әлгі асыл дүниеден алған әсері сондай, бет-әлпеті шырайланып, жүрегі тулап, көздері жалын шашып, тіпті қияли адамға ұқсап кетті: «Ақсұңқардай аспанға атсам, бекіредей тұңғиық теңізге сүңгісем…». «Ау, мынау не айтып кетті» дегенімше болмай: «Осы данышпан күйші Құрманғазы да кезінде біз сияқты бала болды-ау, ә? Шүлдек қақты, асық ойнады», — деп, өз арманының соңынан өзі ұша, ілесе жүретін-ді. Сөйтіп, ол кітапты мен оқып болғанша, Тобық іштегі шерін шығарғандай, мазмұнын маған айтып та үлгерді. О, жалыны өшпес жайсаң жан!
…Тобық университетті қызыл дипломмен бітірді. Оқып жүріп-ақ, әңгімелер жаза бастады, оның тұңғышы —«Екі жүрек» —«Жұлдыз» журналында жарық көрді (Тобық мені әңгіменің бір кейіпкері ғып қойыпты), жас қаламгердің жазушылық бұғанасы содан кейін қата бастады…
Диплом қорғайтын күні ол мені арнайы шақырды. Ондай бақытты, өнегелі күнді лайымда ұмытпаспын. Тобық мінбеге шыға сала, өзі баяғыда армандаған сұңқар құсындай, қос қанатын жая бере, құнарлы-құнарлы сөздерімен сайрай жөнелді, өзіне тапсырған диплом тақырыбын дәлелді, деректі тұжырымдаумен, оны сойған қойдай ғып, боршалап-боршалап тастады. Академик, профессорлардың барлық сұрақтарына мүлт етпестен жауап берді.
Тобықтың жетекшісі Зейнолла Қабдолов: «Тобық аспанға шарықтап бір ұшып алса, енді оны қайта шақырып жерге түсіру қиын», — деген наз білдірді. Тобық ойланбастан: «Ағай, алдымен аспанға шығып алайын, ал о биіктен дүрс етіп құлап түсу оп-оңай ғой», — деп, тыңдаушы жұртты бір күлдірді (сол жылдары «Кенесары ханның» авторы қуғынға ұшырап жатқан–ды, жұрт есіне сол да түсіп кетті ме, кім біледі).
Енді, Тобыққа қойылған барлық сұрақ тәмам болды-ау деген кезде, кенет Е.Ысмайылов: «Дайындығың мығым жігіт екенсің, соған қарағанда, сен мына сұраққа жауап бере аласың, «әріптер осы неге дыбысты және дыбыссыз дауысқа бөлінеді?» деді. Аудитория іші тыныштала қалды. Менің таң қалғаным, Тобық осындай сауалдың түсетінін білгендей, кідірместен: «Ғалым адамдар баяғыдан әріптер жиынтығын осылай құрастырып, іріктеп қойған екен, сондықтан бұл мәселені мен онша көп қазбалай қойған жоқпын», — деді. Мен ішімнен тынып отырмын. Сөйткенше болмай, комиссия төрағасы С.Кеңесбаев қорытынды сөзін бастады: «Жарайсың Тобық, дипломды үздік қорғадың. Ал енді, әлгі соңғы сұрақтың жауабын автордың өзі де білмейді», — деп, қойып қалды. Мәссаған, безгелдек! Мен әскери тәртіппен қалыптасқан офицер, оқымыстылардың арасындағы мынадай сөз бостандығын естіп-көріп, аузымды ашып таң қалдым. «Нағыз демократия мына университет ауласында екен ғой, қап, әттеген-ай, баяғыда Тобық осы оқуға бірге кетейік дегенде, мен Мәскеу жаққа барам деп, досымның сөзіне көнбегенімді қарашы», — деп, сонда мықты өкіндім. Менің қалған ғұмырым әлі сол өкінішпен өтіп келеді…
…Тобық көз жұмар алдында маған хат жазды (Ақтөбеден Алматыға), мен оның хатына жауап бергенше болмай, қоңырау соқты… Ол менімен қоштасқаны екен. Содан іле-шала қайтыс болып кетті.
Біз Өтежан (Нұрғалиев) екеуміз Алматыдан аттанып, жанашыр жұртшылықпен қосыла, Тобықтың денесін Жарқамысқа жеткізіп, ата-бабамыздың жатқан киелі жерінде асыл жанды мәңгілік құшағына тапсырдық…
…Байғанин ауданының 80 жылдық тойы болғанда, мен Қарауылкелдіден аттың басын Жарқамысқа — досыма қарай бұрдым ( «өлі риза болмай, тірі байымайды»). Тобықтың басында құран оқып болғаннан соң, оған арнаған өлеңімді оқыдым.
Тобықтың баяғыда маған: «Сен қазақшылықтан жұрдай болған екенсің», — дегені бар-ды. Оған көнем. Ана тілінен адасып қала жаздадым…
Ас қайтара айтарым, неге Тобықты «жалғыз досым» деймін?
Шын достық — екі жанның еріксіз, бір-бірімен жіпсіз байлануы, ол аспанда ешбір арқан-шылбырсыз бірін-бірі тартып тұрған қос жұлдыз сияқты дүние; енді сен — Қытайда жүр, Қырымда жүр — сол достық шеңберінің «тұтқынынан» шыға алмайсың. Сол шеңберден шыққың да келмейді. Бұл арада ақыл үстемдігі — бәсең, ал жүрек сағынышы — әрдайым еріксіз басым. Сағынып кездесесің, түнімен кірпік қақпай әңгімелесесің — оны түсіндіру қиын, айдалада шаршап-шалдығып, екі жолаушының өзара қуана құшақтасқаны тәрізді.
Шын достық — екі жанның бірін-бірі тек «ымнан» түсіне қалуы, бір-біріне шексіз сенуі, тек Құдай алдында айтатын құпия-сырыңды — досыңа ақтара салу (қалған адамға оны айта алмайсың — жоғарыда көрсетілген көп нүктелер сияқты); шын достар қысылтаяң кезде біреуі үшін біреуі құрбан болып кетуі мүмкін, бірақ бірінің мойнына бірі пендешілік майда-шүйде жүкті артпайды — тіпті қарызға ақша сұрауға бетің бармайды.
Осындай қасиеттің бәрі Тобықтың тұлғасында болды. Құдай алдында айтсам: мен өз басымды ондай биіктіктен көре алмаймын, біздің достықтың ғұмырлық сақталуы Тобықтың ақылына, оның мыңқабат төзімділігіне байланысты. Қалай, енді, оны жалғыз досым демейсің?
Меніңше, ғұмырлық достық — махаббат сияқты — сирек кездеседі. Бұндай тұжырымға мен «Тобық» деген тұлға-құбылыс арқылы келдім…
Р.S. Тобық қайтыс болғаннан кейін ғана, мен қолыма қалам алдым. Алғашқы тырнақалдым досым туралы болды: «Письмо другу – радугой» («Таңшолпан» журналы). Ол, бірақ достың орнын толтыра алмайды, тек жоқтау ғана…
Айтпақшы, естуімше, «Тобықтың Шыңғыс Айтматовқа жазған хаты бар» дейді. Жазушы Т.Жармағамбетовтың 80 жылдық мерейтойына орай Қырғызстан ресми түрде сұрау жіберсе — Айтматов архивінде бар ма, жоқ па?..
Сәду НҰРЖАУ,
Алматы қаласы.
Оқитын өлке
Тобықтың туындыларын оқимыз
Кітапқа деген жастардың қызығушылығын арттыру, қоғамның рухани әлемін жұтаңдатпау, бірлесіп өскелең ұрпақты әдебиет ауылынан алыстатып алмаудың амалын табу мақсатында ұйымдастырылып жүрген республикалық «Бір ел — бір кітап» және «Оқитын өлке» облыстық акциялары туралы соңғы кездері жиі айтатын болып жүрміз.
2011 жылы бастау алған «Оқитын өлке» акциясына бүгінде жастар белсенді қатысып жүр. Сол жылы Ақтөбе жұртшылығы жазушы, аудармашы Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында» романын, 2012 жылы туғанына 85 жыл толу құрметіне орай ақын Мұхтар Құрманалиннің «Жұлдызды жорық» кітабын, ал былтыр 90 жылдық мерейтойы аталып өткен көрнекті жазушы Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романын оқыды.
Жастарды кітап оқуға баулу, олардың оқу мәдениетін қалыптастыру үшін жыл бойы оқитын жергілікті ақын-жазушы, қоғам қайраткерінің бір шығармасын таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Акция ережесіне сай аудан, ауыл аймақтардан кітапханашылар алдын ала ел арасында сауалнамалар жүргізіп, оқырмандардың ұсыныстарын сараптап, қорытындысын ұйымдастыру комитетіне жібереді. Былтыр жыл соңында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында 2014 жылы «Оқитын өлке» облыстық акциясына кітап таңдау мақсатында ұйымдастыру комитетінің басқосуы болды. Мәжіліске журналист
И.Асқар, ақын Е.Ашықбаев, ҚР мәдениет қайраткері Е.Құрманбеков, айтыскер ақын Н.Қалауов, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Ж.Рсалина секілді бірқатар мәдениет саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер қатысты. Басқосуда айтылған пікір-тілектерді саралай келе, «Оқитын өлке» акциясына ұсынылған шығармалар дауысқа салынып, жерлесіміз, жазушы Тобық Жармағанбетовтың шығармаларын оқу туралы шешім қабылданды.
Тобық Жармағамбетовтың үлкен бір повеске пара-пар «Отамалы» әңгімесі — қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл мұра. Жазушы өзінің «Ақ жауын» повесінде отызыншы жылдардағы қиын кезең туғызған халық қозғалысын, сол кездегі жіберілген өрескел қателіктерді батыл ашып көрсетсе, «Бәйтеректің жас шағы» повесінде халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өмір жолының кейбір сәттерін оқырманға шебер суреттеу арқылы жеткізді. Алпысыншы жылдардағы ауыл жастарының тіршілігі, сырласу, нәзік сезім, шын сүйіспеншілік, қазақ ауылының көрікті бейнесі оның «Нәзік бұлттар» деп аталатын повесінде көркем бейнеленді.
Т.Жармағамбетовтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өміріне арнап жазған «Қара жаңбыр» атты туындысы да оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Жазушы адамгершілік, достық, махаббат тақырыбына арнап «Екі жүрек», «Екі дос», «Менің достарым», «Кішкентай махаббат» атты әңгімелер жазды.
23 сәуір — Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқықты сақтау күні «Оқитын өлке» облыстық акциясы салтанатты түрде ашылып, жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Бұл орайда аймақтағы кітапхана ұжымдары жерлес жазушы Тобық Жармағамбетовтың шығармаларын насихаттау аясында кездесулер, конференциялар мен дөңгелек үстел отырыстарын, әдеби сұхбаттар және т.б. мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар, қаламгер шығармаларын оқырманға насихаттауда кітапханалар арасында «Ең үздік кітапханалық блог» байқауы жарияланады.
Құрметті ақтөбеліктер! Биыл «Оқитын өлке» акциясы аясында өткізілетін мәдени шараларға қатынасып, Тобық шығармаларын ауыл, қала болып оқуға шақырамыз. Кітапхана есігі Сіздер үшін әрқашан ашық.
Мекенжайымыз: Ақтөбе қаласы, 11-шағын ауданы, 112 «Е» үй, телефондар: 23-74-00, 90-65-36, e-mail: aktobe_kitap@mail.ru.,
сайт: www.baishev.kz
Гүлстан ХАМЗИНА,
С.Бәйішев атындағы
облыстық әмбебап-ғылыми
кітапханасының кітапханаларды
«Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында таңдалып оқылған кітаптар:
1. Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» — 2007 ж.
2. Мұхтар Әуезов. «Қилы заман» — 2008 ж.
3. Мағжан Жұмабаев. «Жан сөзі» — 2009 ж.
4. Жұбан Молдағалиев. «Мен қазақпын» өлеңі — 2010 ж.
5. Оралхан Бөкеев. «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі — 2012 ж.
6. Фариза Оңғарсынова. «Дауа» романы — 2013 ж.
«Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында таңдалып оқылған кітаптар:
1. Ғалым Ахмедов. «Жем бойында» романы — 2011 ж.
2. Мұхтар Құрманалин. «Жұлдызды жорық» — 2012 ж.
3. Тахауи Ахтанов. «Шырағың сөнбесін» романы — 2013 ж.
4. Тобық Жармағамбетов. Шығармалары — 2014 ж.
Ұстазым ең…
Серік аға… биылғы тамыз айында сіз ердің жасы елу бірге толуыңыз керек еді. Ал мен сіздің қарындасыңыз, шәкірт, әріптесіңіз ретінде құттықтау лебізі мен тілегі бар, балалық, жастық, азаматтық тұлғаңызды бейнелейтін бір сыйлық әзірлеп, іштей дайындықта жүрсем керек-ті…
Адам баласының тілегі емес, жаратқанның бұйрығы алдымен орындалатынын тіршілік заңы тағы бір дәлелдеп, желтоқсанның ызғарлы боранды күні суық хабар жетті. Өзіңіз талай мәрте дәріс оқып, шәкірттеріңіздің санасына құйған өткен ғасырдың бас кезіндегі әдебиет өкілдері айтып кеткен «сұм тағдырдың кезегі» сізге де жетіпті.
Алғаш қаралы хабарды естігенде: «Апырай, тым жас қой. Өмірінің соңғы кездерінде өте асығыс, суыт жүріп еді. Әлденені сезді ме екен?» деп те ойладық. Қазақ айтқандай, шынында да, бой жазып жүрді ме? Дәм-тұзының таусыларын білгендей, қанша ел, жер көріп, шет мемлекеттерге дейін барып, біраз жұрттың дәмін татып, қанша халықпен дидарласты. Өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарындағы өзгеріс те бүгінгі күні естелікке айналды.
Мен сізді студенттік кезімнен білуші ем. Болашақ филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі ретінде алдыңызда отырып, дәріс тыңдадым. Студенттік шақ адамның қызығы көп күндері болғанымен, білім мен білмекке ерекше ұмтылатын кезі ғой. Сондықтан болар, дәріс оқуға келген оқытушының әрбір айтқан сөзін сынмен, талғаммен тыңдайтынбыз. Біз біле бермейтін нендей жаңалық айтар екен деп отыратынбыз.
Серік Жұбандықұлы Бермағамбетов ғалым ретінде өзінің әдебиетке тегіннен келмегендігін, айтары мол, ойы ұшқыр, білімі ұшан-теңіз екенін алғашқы сабағынан-ақ ұқтырды. ХХ ғасырдың бас кезі біз ойлағандай емес, оның қазақ мәдениеті мен тарихы үшін орны ерекше, көрнекті өкілдерімен дара кезең екенін ағайымыздың дәрісінен түсіндік. Талап пен жауапкершілікті қоя білетін ұстаз сөйлеу мәнерінде де қалжыңмен астарласқан тұңғиық ойдың жатқанын аңғартты. Әдебиеттің аталған кезеңінің «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз білімпаз оқытушының алдында отырғанымызға риза болысып, ең бастысы әдебиеттен терең әрі жан-жақты білім беретін маман иесіне тап болғанымызға қуандық. Құр сөзді сапырып, ішінде дәнегі жоқ тоқсан минуттық сабақ емес, мықты деректерге, құнды материалдарға толы дәріс тыңдап, лекция жазатынымызды мақтан еттік. Бұл айтылғанның бәрі құр мақтау емес. Төрт жыл оқып, қаншама филологиялық пәндерден дәріс тыңдап, түрлі оқытушы-профессорлардың алдынан өтсек те, курстастарымыз өзара кездескенде санаулы пәндерден ғана дәріс дәптерлерінің сақтаулы екенін, оның ішінде Серік ағайдың сабақтары жазбасын пайдаланатындықтарын жасырмайтын.
Уақыт өте келе, сәтін салып, Серік Жұбандықұлымен, өзге де сабақ берген ағай-апайларымызбен әріптес болу бақытына ие болдым. Педагогикалық институттың қайта құрылған күнінен бастап, факультет деканы қызметін атқарған ағайымнан алғаш қаймыққаным да рас. Алайда, ұстазымның нағыз ер азаматқа тән кең мінезді, сабырлы, ұстамды кісі екеніне көз жеткіздім. Ол жамандық ойлаудан да, жасаудан да ада, өзіне қалағанды өзгеге де болсын деп тілейтін парасат иесі екен.
Адам баласы жас уақытында, әсіресе балаңдау кезінде тым албырт келетіні, қай істе де шыдамсыздық танытатыны бар ғой. Дәл осындай кезең өз басымда да болды. Балалықпен, байыпсыздықпен айтылатын, жасалатын артық сөз бен ісімізді елемеген Серік Жұбандықұлы өзінің үлкендігін, ағалық қамқорлығын көрсете білді.
Қай кезде болсын, адамға дер кезінде, орынды айтылған ақыл-кеңес қымбат. Небір қияңқы сезім мен пенделікке бой алдырған кеудесі соқыр жанның емес, өмірден түйгені көп парасат иесінің, қазақы салт-санамен ойлай білетін азаматтың сөзі әлдеқайда құнды.
Ағайдың өзімен үзеңгілес азаматтардан ерекшелеп тұратын қасиеттерінің бірі — қазақылығы. Қазақтың ұл мен қызына деген жанашырлығы, қамқорлығы. Тіл мен әдебиетке, дәстүр мен тәлім-тәрбиеге деген ерекше құрметі.
Өмірде артыңда сәулелі із қалу үшін адам жасының саны емес, жүріп өткен жолы маңызды екен. Мұны да түсінгендей болдық. Дегенмен, сіз туралы естелікті осынша тым ерте жазам деп ойламап ем, ағатай…
Гүлжан ТӘҢІРБЕРГЕНОВА,
филология магистрі.



