Денсаулық

Балалар тіс емханасы салынады

Ақтөбедегі қалалық балалар стоматологиялық емханасы дәрігерлерінің адам айналып өте алмайтын аядай жерде  отырып, балаларға медициналық қызмет көрсете бастағанына отыз жылдан асыпты. Құлағымызға заманауи  үлгідегі балалардың тіс емханасы салынады деген хабар тиісімен, емхананың бас дәрігерінің орынбасары Роза Салиховамен тілдесуге асықтық.

— Роза Пиешқызы, өзіңіз отыз шақты жыл қызмет етіп келе жатқан емханаға жаңа ғимарат тұрғызылатын болғаны рас па? Жер телімі қай жерден берілді?

— Өткен жылдың аяғына қарай «Дару» емханасының артқы жағынан жер бөлінді. Биыл сол жерге салынатын балалар стоматологиялық емханасының сметасы, басқа құжаттары әзірленеді, қаржы бөлінеді деген хабар бар. Дәрігерлер де бұл хабарға қуанып жатыр.

Негізі, балалар емханасы деген атқа сай кең, еңселі ғимарат болса дейміз, олар ішіне кіргенде  емін-еркін отырып-тұрса, ойын бөлмелері ойластырылса.  Әр дәрігердің өз жеке кабинеті болса, өйткені баланың аты — бала, біреуі жыласа, екіншісіне әсер етеді. 

Қазіргі емханамыз да заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, күрделі жөндеуден өткізілген, шағын болса да халыққа үздіксіз  қызмет жасап тұр. Мысалы, ата-аналар тарапынан арыз болса, ол тек қана емхананың тарлығы жөнінде айтуы мүмкін. Шынында, 45 мың адамға есептелген жерде 95 мың адамға қызмет көрсетіліп отыр, бір кабинетте бірнеше дәрігер қабылдайды, дәлізде адамдар сығылысып кезекте тұрады.

— Тісі ауырса, ересектердің өзі зар қағады, баланың бабын табу оңай емес шығар?

— Әрине, балалармен жұмыс істеу оңай емес, әр үйдің еркесі, олардың тілін табу, икемге келтіру үшін де тәжірибе керек, оған мамандану қажет. Бізде өз ісін жетік білетін мамандар жеткілікті. Әлия Ибраева, Анар Қыдырова, Құралай Мұратова сияқты тіс дәрігерлері бар. Бақыт Берденова, Роза Бекенова, Дүйсенбаева, Жантөренова сынды тәжірибелі медбикелер балалардың тісін емдеумен көптен айналысып келеді. Біздің емханада  сәбилер туылғаннан бастап 18 жасқа келгенше ҚР Үкіметінің «Тегін медициналық көмектің кепіл берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына сәйкес тегін қызмет көрсетіледі. Тек қана қисық тісті түзету, яғни ортодонтиялық көмек ақылы.

Сәби алты айға толғаннан кейін тіс жара бастайды. Алғашқы сүт тістері кейін түсіп қалады ғой деп, ата-ана олардың қарайып бұзылғанына мән бермейді, оның кейін шығатын тұрақты  тістерге зиянын тигізетінін білмейді.

Газеттегі мақаланы талайлар оқиды, сондықтан  мен мынаны айта кетсем артық болмас деймін. Біздің емхананың жұмыс кестесі былай: жұмыс күндері таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс жасайды, ал сенбі күні кешкі алтыға дейін, мереке күндері күндізгі сағат үшке дейін балаларды қабылдайды. Уақытты өткізіп, тісі ауырып тұрған баланы қинамас үшін мұны ата-аналардың білгендері жөн. Тағы бір ескеретін нәрсе бар   ата-аналар балалардың тісі ісіп, ауруы  асқынып кеткенше күтіп жүрмей, жылына екі рет тексеруден өткізіп тұрса, еш ұтылмас еді. Жалпы, адамның отыз тісі сау болса, денсаулығы да дұрыс болады. Баланың тісі бұзылса, жүрегіне әсер етеді, оның бойында  түрлі дерттердің қозуына түрткі болады. Қалқанша безінің қабынуына, тағы да басқа сырқаттардың бой көтеруіне себеп болады.

Қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі Халел Досмұхамедовтің кезінде  тіс, құлақ-мұрын, көз туралы жазбаларында өз заманындағы адамдардың балаларының осындай сырқаттарын елемей, кейін жұртқа күлкі болып жүргеніне намыстанатынын жазады. Сол айтқандай, тіс — денсаулық кепілі. Ересек адамдардың өзі тісіне көп аса мән бермейді. Бұл — үлкен кемшілік. Асқазанның созылмалы аурулары да осыдан туындайды.

Тісі ауырған баласын дәрігерге апарарда ата-ана артық-ауыс ештеңе айтпағаны жөн, өйткені қазір олар аузын ашып, тісін көрсетем дегенше, дәрігер жансыздандыратын дәріні сеуіп үлгереді. Одан кейін тісін жұлса да, емдесе де, олар ештеңені сезбей қалады. Біздің емханада тегін шетелдік пломба қоятын мүмкіндік бар, балалар дәрігерге келсе, қолдан келген көмектің бәрін жасауға болады. Тек ыждағаттылық жетіспей жатыр. Бала тісін жасынан күтуді үйренсе, үлкейгенде де тісі бүтін болады.

— Қалада осы емханадан басқа қай жерлерде балаларға көмек көрсетіледі? Емханада қай кездері кезек тым көп болады?

— Жазғы демалыс кезінде кезек шамадан артық болады. Хирургтің 1 кабинеті бар, жазда қосымша екіншісін ашамыз. Сол кезде  6 дәрігер тіс жұлумен айналысады. Облыс бойынша 230 мың адам бізге қаралады. Тістерін жұлдыру үшін аудандардан арнайы жолдамамен адамдар келеді. Әр ауданда тіс емдеу кабинеттері болғанымен, оларда тіс жұлмайды, өйткені хирург мамандар жетіспейді. Оқу кезінде бізде кезек азайғанмен, тоқсанаралық демалыс кезінде де кезек ұлғаяды.

Жалпы, қазір пациент қай емхананы таңдаймын десе, өз еркі бар ғой. Ақтөбеде жекеменшік емханалар аз емес. Облыс бойынша мемлекеттік емес елуге тарта стоматологиялық кабинеттер халыққа қызметтерін ұсынуда.

Қаладағы 11 мектепте стоматологиялық кабинет жұмыс істейді, оларға біздің бекітілген дәрігерлер көмекке барады. 800-ден артық оқушысы бар мектепте мұндай кабинеттер болуға міндетті.  Заречный ауылында, қаладағы №1,2,4 емханаларда стоматологиялық кабинеттер жұмыс жасайды. №40, 31 сияқты жаңа мектептерде тіс емдеу кабинеттері толық жаңа жиынтықпен қамтылып, жақында іске қосылады.

Жалпы, біздің емхана1968 жылы ересектерге арналған емхананың құрамында ашылған. 1976 жылы жеке бөлініп шыққан. Алғашқы бас дәрігері — Анатолий Степанович Персань, 1982 жылы осы орынды иеленгенше емхана әр жерде болған.  Қазіргі бас дәрігер —  Нартай Жиенғазы.

— Емхананың құрал-жабдықтары санитарлық талаптарға сай тексерістерден өткізіліп тұратын шығар? Емделушілердің жұқпалы ауруға шалдығу қаупі жоқ па? Жалпы ондай жағдайлар кезікті ме?

— Емханада онсыз да тазалықтың  талапқа сай болуы қатаң бақыланады. Сондай-ақ, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы жоспарлы түрде тексеріп отырады. Оған қоса біздің емхана өзін-өзі бақылау мақсатында жылына екі рет суды, ауаны, құрал-жабдықтарды ақылы тексеруден өткізіп отырады, мұның өзі қауіптің алдын алудың бір жолы ғой. Санитарлық ережені қатаң сақтауға өзіміз де мүдделіміз, балалардың денсаулығына нұқсан келген оқиғалар болған емес.

— Ақтөбеде тіс дәрігерлеріне зәрулік жоқ шығар?

— Ақтөбедегі медицина колледжі, Марат Оспанов атындағы медицина университеті тіс дәрігерлерін даярлайды. Біздің емханада мамандар жеткілікті. Бірақ ертеңгі күні емхана кеңейтілген кезде мамандарға деген қажеттілік артары сөзсіз. Жалпы, тіске арналған құрал-жабдықтар өте қымбат, біздің мамандар болашақта шетелден тәжірибе жинақтап қайтса деп ойлаймыз.

— Балалар тегін медициналық көмекке зәру болмағанмен, ересектер үшін тіс емдету қиын болып тұр.

— Иә, үлкендерге кепілді тегін көмек жоқ. Дегенмен, тісі ісіп, жедел көмекті қажет еткен жағдайда көмек көрсетіледі.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button