«Өлең, мен сені аялап өтем…»

… Тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,
кемтар етпей,
кенде етпей ар-санадан,
ғұмыр бітті.
Мен кешкен сәттің бірін
сезіне алмай өтеді қаншама адам?!.
Фариза.
Беу, жалған, күллі қазақ қыздарын «сөйлеткен» Фариза ақын да өтті өмірден. «Апайдың үйіне, шығарып салу рәсімі өткен «Көрме» залына жиналған халықта есеп болған жоқ. Ұлттық пантеонға да 500-ге жуық адам барды. Көпті көрген ақсақалдарымыздың өздері: «Әрине, дүниеден өткен белгілі тұлғалардың бәрі де жөн-жосығымен жөнелтіліп жатыр ғой. Бірақ дәл мынадай құрмет Мұхтар Әуезовтен кейін Фаризаға жасалып жатыр. Ризамыз!» — десті. Көптеген облыстардан келген делегациялар мүшелері осы жұма күні апайдың рухына арнап, жұмалық беретіндерін айтып жатты», — дейді ақынды жерлеуге қатысып келген, Фариза Оңғарсыновамен өмірде етене жақын араласқан сыйлас інісі, белгілі қаламгер Мейірхан Ақдәулетұлы.
Біз төменде ақынның өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Өлең
Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін
мен сені аялаймын.
Біреудің пасықтығынан,
біреудің жасып мұңынан,
жүрегім сыздаған кезде,
жаным мұздаған кезде
мен сені саялаймын.
Біреудің күлкісін көріп,
бақыттының түр-түсін көріп,
шаттанып қалған шағымда,
жеткендей арман-сағымға,
қуаныштан дірілдеп денем,
алдыңа күлімдеп келем.
Ажалмен айқасқан сәтте
қыршын жас көз ілгенін көріп,
өткінші сезімдерді көріп,
кешегі «доспын» дегеннің
минутта жерінгенін көріп,
кімнен өшімді аларымды білмей,
кімдерге кінә тағарымды білмей,
алдыңа лапылдап келем,
жарылуға жақындап келем.
Өмірдің өткелдерінен
қиындық көп көргеніммен,
өртеніп от басқаныммен,
өзіңмен қоштаспадым мен.
Күлкімді, жайлы күнімді,
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем!
Жұрт мені қатал дейді…
Жұрт мені қатал дейді,
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады акыл маған:
өркөкірек, тәкаппар, менменсіген…
ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам
(одан сайын мен шіркін қатуланам).
Біреулер қиялдайды:
мұндай адам ешкімді сүйе алмайды;
өтірік өлең жазады талықсыған,
қайдан ғана бал сезім таныс бұған?
(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды
ойларымен өздерін алыстырам).
Біреудің жаны ашиды: ол ақын ғой өзгеше,
дара сыйлы: ал ақындар сезеді барлығын да,
ақылды да болады, данасиды.
Жастар —
жара түспеген жанына әлі түсінгендей
жанымды табынады;
менің асқақ әм мұңды жырларымды
іздеуі хақ солардың, сағынары…
Мен кешпеген дүние жоқ екенін сезеді олар.
Сезеді бәрі-бәрі.
Мен солай көрінемін,
Жер секілді құбылтқан өмір өңін.
Міз бақпайтын адамдай жүре берем
күйіп-жанып жатса да төңірегім.
Білмейді жұрт (білмесін көңіл емін)
Менің барлық бал қылық, нәзіктігім сенің
ғана алдыңда төгілерін!
Мен — қайықпын…
Мен — қайықпын теңізде шыр айналған,
күйім — қоян бүретін құмай-жалған.
Теңіздердің тұнығын кешсем деп ем,
жағадағы жиіркеніп лайлардан,
лай көрсе, мендегі жылайды арман.
Теңіз — дүлей, тап берсе дауыл — дұшпан,
күйім — қалқан соғылған ауыр қыштан.
Жер де — теңіз, көк — теңіз, жапа-жалғыз
ағыстардың шудалы жалын құшқам,
естілгендей болды бір сағынышты ән.
Жеттің сонда. Жеттің сен қалай маған?!
Күйім — қаңбақ дауылды қар айдаған.
Жамбастаған қайығым жөн түзеді
желкен керіп. Күн шықты арайлаған,
дауыл емес, сұлулық бар айналам!
Ақ желкені өзің боп тағдырымның,
сіміремін теңіздің таңғы нұрын. Ақ желкенді қайығым
— алтын қойма,
ұмытылды бұрынғы жарлы күнім,
байлық кешіп өткендей бар ғұмырым.
Жүрегінде — от сезім, тұлғаңда — айбын,
жанарыңнан саркылмас нұрды аңдаймын.
Жел айдаған тұмандай барады ұшып
мені мәңгі қамаған мұңдар қайғым.
Келбетімнен Күн шығып кең әлемде,
«кемесіндей дарияның бұлғаңдаймын!»
Мен бір қызық адаммын…
Мен бір қызық адаммын:
қатал тағдыр сілкілеп мың сынаған,
құлап-тұрып, сонда да тыншымаған.
Жұртқа деген ызадан булыққанда,
сені орынсыз азаптап ұрсып алам.
Сен асқақсың — білемін.
Маған ғана иіліп кішіресің
(иілу де бұл күнде кісіге сын).
Қуаныштың мен үшін не екенін
бұл жалғанда сен ғана түсінесің.
Жыр жазбасам, жабығам,
онсыз маған дүние жел өтіндей,
жұрт ұқпайды – жүрем мен неге күлмей.
Ал сен болсаң, қайрайсың, құлшынтасың,
содан саған бір пайда келетіндей.
Жандар көп қой
жанашырсып жүретін көтермелеп…
жанымдасың, болғанмен мекен бөлек.
О, мен кейде қорқамын көп ішінде
жалғыздықтан жарылып кетем бе деп…
Мен өзгенің көзіне
асқақтаған адуын, мұңсыздаймын,
ұқпайды олар — көзімде тұнсын қайғым.
Жыласам да, күлсем де мен, әйтеуір,
сенің ғана алдында қымсынбаймын.
Сен жақынсың жаныма,
мейлің тіпті менімен күн-түн егес,
өзгелермен күлгенім — күлкі де
емес.
Дос көп болсын деседі-ау.
Сендей достың
көп болуы адамда мүмкін емес…
Жұртқа жағар құлкым жоқ өзімнің де…
Жұртқа жағар құлкым жоқ өзімнің де,
құлақ аспай ақ ниет, көңілді үнге
(өз-өзімнен құдірет сезінердей)
керек менің өзім де, сөзім кімге?
Сабырлылық көрсетер жерде маған
маңайламай қояды төзім мүлде.
Жанымдағы мұзымды, мұңымды үккен
өкпелетем достарды қыңырлықпен.
Сезе тұрып қатемді, иілмеймін,
темір сынды мендегі жұлын біткен.
Құдай атқан мінезді көрсеттім-ақ
адамдарға жанымның сырын күткен.
Өзімшілдік ізеттің жұтып әнін,
содан жанды қинауда үкім-арым.
Жақсы көрген сезімді сезген сайын
ақымақтау тақсырдай құтырамын.
Қайшылықтан соқтыққан бұл мәнімнен
Қашан, қалай, білмеймін, құтыларым.
Тыпырлатып тастаса торға сені,
көрер едім кейпіңді сонда, сері!
Мықты сезер өзі-өзін адам, егер
мақтан тұтып, қастерлеп, қолдаса елі.
Мені аялар жандардың сезімінсіз
мінезім де, мәнім де болмас еді.
Өлең жазам өзімше данышпансып…
Өлең жазам өзімше данышпансып,
жандай менен басқаға намыс таңсық.
Жарамаймын сөйтсем де құлап жатқан
саз-балшықтан алуға танысты аршып.
Теңдесі жоқ ойшылмын, сөзім — дана,
«ұсақталма» — айтарым, — «төзім жама!»
Басқаға ақыл беруде, сын тағуда
менен мырза адам жоқ — өзім ғана!
Жүрсем деймін жұрт жетпес бағаны алып,
қарсы келмес өмірде маған анық
біреулерді жинап ап айналама,
көсем болып отырам дараланып.
Ұнағым кеп тұрады көпке менің,
сезгіш, сырбаз ортаға беттемедім.
Ойы терең, дана ақыл жанар көрсем,
құтым қашып, ішімнен жек көремін.
Салмақтымын — қопарсын неше сең кеп,
маған жақын жүргендер есесі өрлеп.
Көмей көргіш ортада жақ ашпаймын,
талғап айтар дана адам десе екен деп.
Өкпелімін халқыма жүрмей түйреп
мен секілді тұлғаны Күндей сирек
тас төбеңе шығарып, хан көтеріп,
тайраңдатып қоюды білмейсің деп.
Көре тұра жандарды еңбегі шың,
кердеңдеймін еректей елден ісім.
Қалу үшін Адам боп, өз кеудемнің
менмендігін баса алсам — сол жеңісім!
Поэзия падишасы
Қазақ өлеңіне өлшеусіз үлес қосқан ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың дүниеден озғаны жыр сүйер қауымды қатты жабырқатты.
Осыған байланысты Ембі қалалық №1 орта мектепте 10-қазақ сыныбының ұйымдастыруымен «Поэзия падишасы» атты Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші өтті. Кеш ақын апамызды бір минут үнсіз еске түсірумен басталды. Одан соң оқушылар ақынның өмірі мен қызметі, шығармалары туралы сөз қозғады. Оқушыларға ақиық ақынның өнегелі өмірінен оқушыларға үлкен ой салатын слайд, бейнебаяндар көрсетілді. Біртуар ақын апамыздың алуан жыр шумақтары тыңдармандардың жүрегін елжіретті.
Кешке қатысқан мұғалімдер мен оқушылар Фариза Оңғарсынова туралы көптеген жүрекжарды ойларын білдірді. Ал 9-сынып оқушысы Шынар Исмағұлова мен 10-сынып оқушысы Айсана Ағылман Фариза апаларына арнаған өлеңдерін оқыды. Шынар:
Тағы бір жарық жұлдыз сөнді мәңгі,
Өмірі мағыналы еді мәнді.
Ақынның жаны бөлек, жыры әсем,
Тербейтін жырыменен барлық жанды.
Фариза, Фариза қыз, Фаризажан,
Үлкен рух сыйлайтұғын жыры маған.
Қазақтың ақын қызы Фаризаның,
Әдемі жырларымен сусындағам.
Ақынның қазынасы — қара өлеңі,
Өлеңнің адамзатқа мол берері.
Әлемді өлеңменен тербеген жан,
Өзі де сол әлеммен тербеледі.
Фариза — қара өлеңнің сырын ашқан,
Болмай ма асыл тастан, ақыл жастан.
Қазақтың жүрегінен орын алған,
Фариза — еш өлмейтін мәңгі дастан! —
деп жырласа, ақынға арналған сезімін тағы бір оқушымыз Айсана мынадай жолдармен білдірді:
Тағдырға, Фариза апа, бағынамыз
Өлеңді, өзіңізді сағынамыз.
Қанша жылдар өтсе де алда талай,
Рухыңызға мәңгілік табынамыз!
Еске алу кешін өткізуге мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Шолпан Аменова мен қазақ тілі пәні мұғалімі Гүлназия Дошниязова
атсалысты. Кеш әсерлі өтті.
Ж.АЖБАҒАМБЕТОВА,
қосымша білім беру педагогы.
Ембі қаласы.



