Ұлт деген ұлы ынтымақтастық
Амангелді АЙТАЛЫ,
профессор, философия ғылымдарының докторы.
(Басы газетіміздің №10-11 санында)
Балалардың әртүрлі бөлшектерден бір қызықты дүние құрастыратын ойынының атын конструктор дейді. Кейбір ғалымдар ұлтты сол ойыншыққа теңеп, жасанды, тарихи тамыры тайыз, саясатқа қана қызмет жасайтын топ дейді. Ол теорияның аты да конструктивизм. Ол тұжырым бойынша, ұлттық қозғалыстар, мүдделер —қақтығысқа итермелейтін белгілі топтардың, жеке адамдардың мақсатын көздейтін, билікке қызығатын лидерлердің әрекеті. Бұл теорияның негізін қалаушы — батыс философы Эонест Геллнер. Кеңестер Одағы ыдыраған тұста бұл идея орыс идеологтарының құралына айналды. Билікке құштар саяси топтар мәдени, тілдік, басқа да ерекшелікті сылтау етіп, өз төңірегіне адамдарды топтастырып, шоғырландырып, ұлттық мемлекет құруға ұмтылды. Осылай «Суверенитеттер шеруі» (парад суверенитетов) басталып кетті. Ұлт тарихи қауымдастықтың емес, саяси күштердің саяси ойынан пайда болған. Ұлттық территория, мәдени, тілдік, психологиялық, шаруашылық ерекшеліктері — бар болғаны саясаттың конструктор ойыншығының тетіктеріндей құралдары, айла-амалмен, қулық-сұмдықпен мұратқа жетудің жолы.
Конструктивизм теориясы большевиктерден бастау алады. Ұлттардың тарихи болашағы шектеулі, адамзат даму барысында олар тұтас ұлтсыз қауымдастыққа ұласады деп насихаттаған Ресей коммунистері о баста ұлттық егемендікке, тәуелсіздікке, дербес мемлекеттілікке қарсы болды. В.Ленин 1917 жылға дейін Ресейдің унитарлық мемлекет болуын қалады. Кейін ұлт-азаттық қозғалыстардың дүмпуімен ұлттық мемлекеттілікті мойындады. Сонымен бірге, «Алаш» ұлттық партиясы мен ұлттық егемендікті қолдайтын басқа да саяси партиялар мен саяси қозғалыстар аз болмады.
Халықты жаңалыққа жұмылдыру, оның негізінде ұлттық мемлекет құру үшін белгілі бір деңгейде ұлттың тұтастығы, ортақ мәдениеті, тілі, әскері, хұқықтық тәртібі, азаматтығы қажет. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық идея ұлтшылдыққа бастайды. Ұлтшылдық ұлттың тіліне, ұлттық тілде білім алуға, ұлттық тарихқа, әдебиетке, дінге артықшылық береді де, ұлтаралық қатынастарды шиеленістіреді деген ойды большевиктер тықпалады.
Бірақ ассимиляцияторлық саясатқа қарамастан, империялар ыдырап, жаңа мемлекеттер пайда болды. Әр ұлт мүмкіндігіне қарай мемлекеттілікке ұмтылуда. Н.Бердяев жазғандай «это есть здравый инстинкт нации». Дербестіктен, тәуелсіздіктен айрылу ұлттың соры, ауыр індет, ең бастысы, ұлттың рухына жарақат салып, оны жасытады. Отарланған ұлттар тарихи көштен қалып қойған кемсітушіліктің орнын толтыру, ұлттың жанына салған жарақатын емдеу үшін ұлт идеясын жүйелі ұлтшылдық идеологиясына айналдыратыны анық. Ол — табиғи патриотизм, ешкімді кемітпей, басқалармен тең болу, кең болу идеясы.
Конструктивизм идеясын қолдаушылардың бірі Ресей ғалымы В.Тишков болды. Оның «Забыть о нации. Постнационалистическое понимание национализма» деген еңбегі «Вопросы философии» журналының 1998 жылғы 9-санында жарияланған. Бұл мақаланы басқа ғалымдар ұлттардың жаназасын шығару деп қабылдады.
Кеңес қоғамы ұлттар мидай араласқан ұлтсызданған ел еді дей келе, Тишков В.А. ұлт дегеніміз «воображаемая общность становится реальностью по мере того, как массы обретают веру в эту идею и в то, что ее составляет» деп бір тұжырымдады.
Горбачев бастаған қайта құру, қоғамды демократияландырудың сәтсіздікке ұшырауының басты себебі ұлт ұғымын, ұлттың өзін-өзі билеуімен байланыстыруы деген автор: «этнические казахи, русские, украинцы, татары, латыши и прочие как нации должны обьязательно политически самоопределяться и иметь свое собственное государство. Если они не имеют «своей национальной государственности», то они есть некая полу-нация или не полностью составшаяся нация», — деп менменсінген түр танытады.
Адамзаттың тарихи даму барысында әртүрлі қауымдастықтар өмірге келді: олар географиялық орта, технология, мәдениетке байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, дейді автор, бүгін отбасы, туыстық ұғымдардың төңірегіндегі көңіл күй өзгерді. Неке мен отбасының бүгінгі күні дағдарысқа ұшырауы, жиырмадан астам елде бір жыныстық некелердің өмірге келуі, гендерлік саясаттың ықпалымен әйелдің отбасындағы табиғи, тарихи орнының өзгеруі, шамадан тыс ақылға сыймайтын эмансипация немесе еркектенуі, сондай-ақ, ерлердің әйелденуі, ерлерге тән психологиядан айрылуы соған дәлел. Ұлт та сол сияқты өзгеріске ұшырап жатыр. «Нация это слово, наполненное смутным, но привлекательным содержанием», дейді В.Тишков.
В.Тишков конструктивизм идеясын дәлелдеу, ұлттың жай ғана ұран екендігін көрсету үшін Қазақстан және басқа да мемлекеттерді мысалға алады. Мемлекеттік тілден гөрі орыс тілінде көп сөйлейтін, жазатын, ойлайтын олар орыс тілді ұлтқа қарай бет алды деп түйіндейді: «в правительственных кабинетах и в президентских семьях, а также большинство населения столиц разговаривают не на том языке, который обьявлен «национальным» или «государственным». Қазақстан сияқты елдерде ол таңданарлық жағдай қалыптасқан дейді: ұлттық тілді мемлекеттік деп жариялап, басқа тілде сөйлеу. Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайы оны ұлттық құндылықтардың екінші, үшінші дәрежеге ысырылғандығы ұлттың басқа тілге ауысуы заңды құбылыс екенін айтқысы келеді.
Қазақ ұлты ақиқат емес, жай ғана көңіл күй белгі, аңыз, оның мемлекеттілігі де тамырсыз, табаны жоқ деген ойға жетелейді. Сондықтан да «қазақстандық ұлт» идеясын қолдаушылар да қазақ идеясына қарсы болды. Дегенмен, халықтың басым көпшілігі, ғалымдар да, саясаттанушылар да, бұл идеяны қолдамай, оның ел бірлігіне қаншалықты қауіпті екенін ескертті. Бірақ күні бүгінге дейін ұлттық нигилизмді ресми мемлекеттік саясат деңгейіне айналдыруға тырысатындар баршылық.
Бүгінде әлеуметтік ұлт идеясы да алға тартылып жатыр. Көп этностар тұратын мемлекетті біртұтас мемлекетке айналдыру үшін бірлікке, тұрақтылыққа шақырып, ұран тастау аздық етеді. Тарихи тәжірибе ұлттық болмысқа әлеуметтік жағдайдың әсер ететіндігін көрсетіп отыр. Молшылық пен еркіндікке қол жеткізген бай мемлекеттерде азаматтарды мемлекеттің мүддесіне, мәдениетіне, тіліне икемдеуге қоныс аударушылардың да мемлекетті отаным деп тануға, ішкі жан-дүниелерінің де бейімделуіне жағдай туады. Бұл — өте ұзақ жылдар бойы қалыптасатын психологиялық ахуал. Неге Кеңес Одағынан АҚШ-қа, Израильге қоныс аударушылар көбейді? Неге Батыс Германиядан Шығыс Германияға өтушілер көп болды? Егер немістердің тарихи отанындағы тұрмыс деңгейі Сомалидағыдай болса, немістер қоныс аударар ма еді деген сұрақтар кезінде көп қойылды. Мысалы, неге бүгін Қазақстандағы орыстардың Ресейге қоныс аударуы толастар емес? Оның себептері әлеуметтік жағдайда: жұмыссыздық, тіпті қолда бар жұмыстан айрылып қалу қаупі, қымбатшылық, осыдан келіп балаларының тағдыры ойландырады. Жайлы әлеуметтік ахуал, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік әр жеке адам үшін ең басты мұрат. Ол үшін адам басқа тілге де, ұлттық ортаға да икемделеді. Осыдан келіп жеке адам өзінің туған ұлтына қызмет ету үшін өмір сүрмейді, өзі үшін ғана өмір сүреді деушілер де бар. Сөйтіп, Еуропада этникалық емес әлеуметтік ұлт идеясы үстемдік құрып, ұлттық құндылықтардың беті қайтады деген қағида басымдыққа ие болды. Дегенмен, өмірде олай болмады, ұлт мәселесі өзекті бола берді.
Қазақстанда да әлеуметтік жағдай жақсарған сайын ұлтаралық ахуал өзінен-өзі жақсарады деу алдамшы пікір. Елдегі этномәдени орталықтар өз диаспораларының шаруасымен, өз бауырларына білім беру, қызметке орналастыру, дін ісімен, тарихи отанымен байланыстарға басымдық беріп, оқшауланып бара жатыр деген орынды пікірлер айтылуда. Олар қазақты, мақтауды саяси бизнеске айналдырып, Мәжіліске, Сенатқа депутат болғанмен, балаларын қазақ мектебіне беруге асықпай отыр. Бірқатары ұрпақтарының ағылшын тілін білгеніне мақтанады. Бүгінде қазақ мектебінде оқитын диаспоралардың балалары мектеп оқушыларының 1%-на жетер-жетпес, ал диаспоралар еліміздің 30% астамын құрайды. Диаспоралардың бірқатары қазақ еліне тек табыстың көзі ретінде қарайды. Қазақтар туралы тәтті сөз айтылады, бірақ қазақты сыйлаудың бір және жалғыз бірегей критерийі оның тілін білу. Диаспоралардың шетелден ағыл-тегіл келіп жатқан қаржысы бақылаусыз. Заңды сыйламайтын діни топтар да бар.
Бүгінде Еуропада толеранттылық идея төңірегінде үлкен пікірталастар туып отыр. Толеранттылық, бір жағынан қажетті, екінші жағынан міндетті емес сияқты көрінетін, нақты критерийлері жоқ, сусылдап қолға тұрмайтын, психологиялық жағынан тіпті қауіпті көрінетін ұғым екендігіне назар аударылады.
Бүгінгі қауіп-қатерге толы, ұлттық астамшылық пен ұлтсыздық, экстремизм мен радикализм бас көтерген заманда толеранттылықты немесе төзімділік, өзгені сыйлай беруді орындау қаншалықты тиімді? Мемлекеттің тілін сыйламау, меңгермеу, тіпті масқаралау, мемлекеттік рәмізді қорлаумен келісу деген қағиданың солқылдақ екендігі белгілі.
Толеранттылық ештеңеге араласпаушылық, селқостық, ықылассыздық, пәрменсіздік, басқаны қабылдай беру дегенді білдірмейді. Жеке адам, қоғамның басым көпшілігі қабылдамаған, мойындамаған құндылықпен келісу мүмкін емес. 2011 жылдың 5 ақпанында Мюнхен қаласында өткен қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияда Ұлыбритания Премьер-министрі Д.Кэмерон Германия канцлері А.Меркельді қолдап, толеранттылық саясаты ұлт, дін мәселелерінде ойдан шықпай отыр деді. Мультикультурализм идеясының тиімсіздігін мойындады.
Сонымен, тарихи қалыптасқан ұлттық-этникалық қауымдастықтардың тұрақтылығы, беріктігі оның адамдардың маңызды қажеттілігі мен сұраныстарынан, тіпті мұқтаждықтарынан туып отыр.
Адамның дүниетанымы, рухани бейнесі, мәдени таңдауы, өмір салты, дәстүрі, наным-сенімі көп жағдайда ұлттық тегіне байланысты. Сондықтан да ұлттық қауымдастық конструктивистер айтқандай жасанды идея емес. Белгілі бір тарихи қажеттіліктен пайда болып, адам өміріне де зор ықпал жасайды. Өзінің үйреншікті мәдени, әлеуметтік, дәстүрлі, тілдік ортасынан бөтен ортада адам өзін әлсіз, бейшара сезінеді, кейде тіпті күлкілі көрінеді. Оның іс-қимылы басқа ұлт өкілдеріне қораш көрінуі де мүмкін. Оның мәртебесі қаржысымен емес, өмір сүретін ортасы, білімділігі, мәдениеті, тәрбиесімен айқындалады. Ол жеке адамды жатсынудан туған жағдай емес, керісінше өзінің басқа ортада ыңғайсыз сезінуінен туған жайт.
Соңғы тарихымыз ұлттың ұлылығын дәлелдейтін уақиғаларға толы. Мемлекетті бір тілге, бара-бара бір ұлтқа, «мемлекеттік ұлтқа» айналдыруға күш салғандар әлемнің әр тұсында аз болмады.
Еуропада да мемлекеттік ұлт құру идеясын ұстанғандар болған. Мысалы, Франко зорлық-зомбылықпен, қан төгіп, баскілер мен каталондықтардың ұлттық қозғалыстарын басып жаншығанмен де мызғымас біртұтас испан ұлты қауымдастығын құра алмады.
Үш тілде сөйлейтін Бельгия корольдігінде, солтүстігінде 5,7 млн. фламандықтар фламанды тілінде, оңтүстігінде 3,3 млн. құрайтын валлондықтар француз тілінде, шығысындағы этникалық топ неміс тілінде сөйлейді. Әр провинция ұлттық-этникалық негізде автономия құрып, Бельгия федеративтік мемлекетке айналды. Ұлтаралық мәселе елде әлі де шиеленісті жағдайда, бұл мемлекет ыдыраудың аз-ақ алдында.
Испанияның мемлекеттік құрылымы да терең өзгерістерге ұшырады. 1979 жылдан бері Каталония, Баскония, Виленсия, Галисия және Балеар атаулары автономия алды. Этникалық тілдер кастиль тілімен қатар ресми тіл мәртебесін иеленді. Мемлекет жалпы 17 әкімшілік территориялық және ұлттық аймақтарға бөлінген. Ұлттық автономияларға табиғи ресурстарын пайдалануға, ұлттық мәдениеттерін дамытуға, білім және басқа да салаларға еркіндік берілген.
Ал Англияға келсек, онда шотландықтар мен уэлстіктердің ұлттық-территориялық әкімшіліктері құрылған. Орталық билік пен федеративтік байланыстардың жолдары қарастырылуда. Шотландия Парламенті дербес сыртқы саясатқа және өте бай мұнай көздерін дербес билеуге ұмтылуда.
Францияда корсикандықтардың XIX ғасырда басталған ұлт-азаттық қозғалысы 1991 жылы корсикан автономиясын құруға әкелді. Францияның Ұлттық Мәжілісі ұзақ талқылаудан соң, «корсикан халқын» ресми түрде мойындады.
Осылай, Еуропада барлық ұлттық қауымдастықтар әртүрлі деңгейде өз мемлекеттігіне қол жеткізді. Кеңестер Одағының, Югославияның, Чехословакияның ыдырауы Еуропада жаңа конфедерациялық қауымдастыққа жол ашты, бүгінде Еуроодаққа 27 мемлекет кіреді, 5-6 мемлекет кіруге дайындық үстінде еді. Бүгінгі дағдарыс оның болашағын күмәнді етіп отыр.
Сонымен, Еуропада барлық ұлттық қауымдастықтар мемлекеттер жүйесінде өз орнын табуға ұмтылуда. Ал Югославия, Чехословакия жасанды федерациялар сияқты одақтар, КСРО ыдырап, жаңа демократиялық талаптарға сай мемлекеттілігін таңдады.
Қираған империялардың жұртында өмірге келген афро-азиаттық мемлекеттер көп тілді, көп дінді, көп мәдениеттілігімен ерекшеленеді. Неке, отбасы, білім, құқық, мәдениеттілігімен айрықшаланады. Неке, отбасы, білім, құқық, дәстүр, еңбек салаларында бұл этникалық ерекшеліктер дараланып, әр этникалық топтың ішкі қатынасын реттейтін механизмге айналды. «Бір мемлекет — бір ұлт» идеясын іске асырған тұста бұл мемлекеттер өте өткір шиеленісті қайшылықтарға тап болды. Сепаратизм, автономизм, шовинизм идеялары елді жанжалдарға итермеледі. Бұл қақтығыстарға жас мемлекеттер ықпал етуге қауқарсыз болды, қай жеңгенің менікі дегендей сырттан байқап отырған жағдайлар жиі кездеседі. Бір ұлтқа бүйрегі бұрмасын деп, кейде ел басшылары, элита өкілдері жергілікті этностардан болмады, олар барлық этностарға ортақ мүдде көздейді деген ой үстем болды.
(Жалғасы бар).



