Аққағаз зор қайраткер емес пе еді?!

Қазақтың алғашқы дәрігер қыздарының бірі, бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде жаралы кеңес әскерлеріне медициналық көмек көрсеткен, Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлттық мүддеге қызмет еткен Аққағаз Досжанова жайында күнде айтып отырсақ та артықтық етпейді. Өйткені ел жадынан шығып бара жатқан жақсыларымыздың есімін жаңғыртудың бір жолы осы.
Бұл жолғы мақалаға Аққағаз Досжанованың атына Ақтөбе қаласынан көше беру туралы мәселені қозғап жүрген, облыстық тарихи-өлкетану музейінде көп жылдар қор бөлімін басқарған Шәйзада Мұқашеваның қолында бар деректер өзек болды.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы алағай да бұлағай заманда тәуелсіз ел болуды армандап, қазақ халқы ұлттық болмысынан ажырап қалмасын деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Алаш ардақтыларының арасында болып, олардың жанына жалау бола білген қайсар қыз Аққағаз Досжанованың есімін ұлықтау тірілердің парызы екені сөзсіз. Оның үстіне мұндай мүмкіндік еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана туды.
Аққағаз — Ақтөбе өңірінің тумасы, сондықтан аз өмір сүрсе де, артына жақсы атын қалдырған аяулы арудың қадіріне жету үшін оның өнегеге толы өмірі жайлы кейінгі ұрпақтың есіне салып отырудың жөні басқа.
А.Досжанова 1893 жылы Орынбор губерниясына қарасты Торғай облысы Ақтөбе уезінің бесінші ауылында (қазіргі Мәртөк ауданының Студент ауылы) дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылған Аққағаз ағасы Сағындықтың тәрбиесінде өседі. Ағасы сол заманның сирек оқығандарының бірі, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Ол кезде қазақтың меншігіндегі жер болған Орынбор қаласында оқытушылар даярлайтын мектепті бітіріп, мұғалім болған. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Ыбырай Алтынсариннің шәкірті әрі ізбасары болған Сағындық өздерінің аулында мектептің ашылуына мұрындық болады. Сол мектепке әуелі алты жастағы қарындасы Аққағазды жетелеп апарып, партаға отырғызады. Бұл бір жағынан «Қызға оқу не керек!?» деп қыз балалардың білім алуына қарсылық білдірген жерлестеріне «Заман — оқығандікі» екенін түсіндіргендегісі еді. Жасынан өткір, алғыр Аққағаз мектепте білімге құштар болады. Соны байқаған ағасы қарындасының білімін жетілдіруіне мүмкіндік жасайды. Кісінің ата-тегіне қарайтын патша заманында Орынбордағы гимназияға қарапайым қазақ қызы Аққағазды орналастырудың реті келмей, оны сондағы татар мектебіне беруге тура келеді. Мектептен соң ғана Аққағаз гимназияға қабылданады. Гимназияны үздік оқиды, 1914 жылы күзде «Оренбургский вестник» газетінде сабаққа зерек қазақ қызы туралы мақала жарық көреді. Аққағаз басқа ұлттың қыздары сияқты жоғары білім алуды армандайды. Ағасы да Аққағаздың талабын мақұлдап, 1912 жылы 15 маусымда Торғай болысының губернаторына өтініш жазып, онда болыстықтың стипендиясы есебінен Аққағаз Досжанованы Мәскеудегі жоғары әйелдер курсына жіберуді сұрайды. Бұл өтініштің көшірмесі музейде әлі күнге сақтаулы.
Сағындық Досжановтың Халел, Жаһанша Досмұхамбетовтер басқарған Алашорда партиясының батыстағы бөлімшесінің мүшесі болғаны, Аққағаздың да халық арасында жүріп-тұратын өз қызметінің арқасында барлаушы ретінде Алашорда ісіне үлкен көмек көрсеткені де белгілі.
Ағасы Сағындықтың арқасында Аққағаз мақсатына жетіп, Мәскеудегі әйелдерге арналған жоғары курсқа қабылданады. Бірақ тынымсыз оқып, үнемі ашқұрсақ жүрген А.Досжанованың денсаулығы сыр береді. Сол курстың фельдшерлік бөлімін қысқа мерзімде тәмамдап, «Сестра милосердия» куәлігін алып елге қайтады. Бір жылдай емделіп, жағдайы түзелген соң, Мәскеуге қайта оралады.
Аққағаз оқу бітіргенде бірінші дүниежүзілік соғыстың қызған кезі еді. Мейірбике болғандықтан, жас маман ретінде госпитальмен Польша шекарасына дейін барып, жаралы солдаттарға медициналық көмек көрсетеді. Одан госпиталь майдан шебінен Томск қаласына көшіріледі. Аққағаз да Томскіден бір шығады. Ондағы медицина университетінің студенттерінің көбі майданға алынып, студенттер қатары сиреп қалған екен, осыны естіген Аққағаз өзінің жоғары білім алу туралы арманына жету мақсатында сол оқу орнына барып, өзінің фельдшерлік курсты бітірген куәлігін көрсетіп, 2-курсқа қабылданады. Кейін Абай ауылына курстас құрбысы Таным Сабатаева екеуі тәжірибеден өтуге жіберіледі. Аққағаздың одан әрі Томскіге қайта барып оқуын жалғастыруға құлқы соқпайды.
Орыс тіліне жүйрік Аққағаз өз қатарларының арасында бұратана халықтардың басындағы теңсіздік пен әділетсіздікке қатысты өткір көзқарас-пікірлерімен ерекше көзге түсіп,1917 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен жалпы мұсылмандар съезіне 4 делегаттың бірі болып сайланады.
Қоғамда күнде болып жатқан сан түрлі жаңалықтарға құлағы түрік Аққағаз қазақ ұлты зиялыларының бас қосқан жері Тәшкенде Орта Азия мемлекеттік университеті ашылғанын естиді де, соған баруға тәуекел етеді. Сөйтіп, САГУ-ді бітірген Аққағаздың қуанышында шек болмайды. Өйткені сол кездегі Түркістан Республикасының халық комиссарлары советінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың өзі арнайы қаулы шығарып, Түркістан мемлекеттік университетінде Халық комиссарлары советінің есебінен жергілікті студент қыздарға (яғни қазақ қыздарына) Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындатып, Аққағаздың өзіне 100 мың рубль сыйақы бөлгізеді. Бұл туралы Сәйділ Талжановтың «Адам туралы толғау» («Жазушы» баспасы, 1965 жыл) кітабындағы «Телқара» әңгімесінде мынадай жолдар бар: «САГУ-дің дәрігерлік факультетін бітірген алғашқы қазақ қызына зор мән беріліп, салтанатты рәсім ұйымдастырылды. Түркістанның орталық атқару комитеті «ТурЦИК» 100 сом қаржы шығарыпты және үкімет қаражаты есебінен оған дәрігерлік кабинет жабдықтау тапсырылды. Осыған байланысты Англиядан сол кездегі 10 мың стерлинг құны бар хирургиялық құралдар сатып алыныпты. Себебі Аққағаз бүкіл Күншығыста жоғары оқуды сарқа бітірген тұңғыш әйел еді».
Аққағаздың Алаш ардақтыларының алдындағы абыройы сонша, оның оқу бітіру құрметіне Халық комиссарлары советі төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожановтың үйінде дастарқан жайылып, оған Тұрар Рысқұлов, Әшім Омаров, Санжар Асфендияров, Біләл Сүлеев, Сегізбай Айзунов, Нәзір Төреқұлов, Мұхамбетжан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамбетов сияқты қазақтың марқасқалары қатысады. Сол жолы олар топ болып суретке түседі, сол сурет қазір тарихи құжатқа айналды.
Аққағаз Тәшкенде оқып жүрген кезінің өзінде қаладағы жалғыз перзентхананың бөлімін басқарыпты. Ол туралы оның курстасы, Өзбекстан Республикасының медицина ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Зульфия Умидова былай деп еске алады: «1920 жылдары ұзаққа созылған азамат соғысының салдарынан халық жұқпалы шешек, оба ауруларынан апатқа ұшырап жатты. Ол сол кезде Орынбор, Жизақ, Самарқанд, Бұқар қалаларынан жиналған панасыздарға қамқор болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын уақытта еліміздің түкпір-түкіпіріндегі жетім қалған панасыз балаларды емдеп, жинап, оларды интернат үйлеріне орналастырып, үкімет қамқорлығына өтуіне белсене атсалысты. Аққағаз құрбыларымен бірге сан мыңдаған адамдарға күн демей, түн демей медициналық жәрдем беріп, адам жанына арашашы болды». Курстасының айтып отырғаны — кез келген көзі ашық адам саясаттан тысқары қала алмайтын дүрбелең шақта Аққағаздың Ғани Мұратбаев бастаған елдік шаруаға араласқан тұсы. Сол жылдары Аққағаз Досжанова мерзімдік басылымдарға мақалалар да жариялатып тұрған. Мысалы, 1921 жылы 11 қыркүйекте «Степная правда» деген газетте ел ішінде белең алған жұқпалы аурулардың қаупі туралы «Түркістанда» деген мақаласы жарық көрген.
Аққағаз Досжанова жайлы кітап жазған медицина ғылымдарының кандидаты, зейнеткер дәрігер Жібек Қаңтарбаева Аққағаздың Тәшкендегі қызметі туралы:
«Дәрігер Аққағаз бұл кезде гинекологтың және педиатрдың екі бірдей қызметін атқарып жүрді. Осынша жұмысбастылығына қарамастан, ол өзіне бекітіліп берілген көптеген интернаттарды аралап, мейлінше көп іс тындырды. Тәшкенде транспорт жүйесі жолға қойылмағандықтан, ол велосипедпен жүруді дағдыға айналдырды.
1922 жылы ол безгек ауруына қарсы күресте нәтижеге жетті. Кейін Аққағаз бірте-бірте гинекология саласына ауысты. Ол Петербордың Медициналық әйелдер институтын бітірген, қазақтың алғашқы дәрігер қызы Гүлсім Асфендияроваға қыздарға арналған медицина курстарын ашуға белсене көмек көрсетті», — депті.
Аққағаз Досжанова алғашқы дәрігерлердің бірі ретінде ел ішіндегі ауру-сырқаулардан қолдан келген көмегін аямаған, қоғамдық істерге тікелей араласып, халқына адал қызмет еткен. Сондықтан әріптестерінің, жора-жолдастарының арасында үлкен беделге ие болған. Кітапта өз денсаулығының аздығына қарамастан, ешбір қиындыққа мойымаған, ұлтын сауықтыру жолында жанкештілік танытқан Аққағаздың кісілік келбеті туралы да жақсы айтылған.
Аққағаз өзімен САГУ-де қатар оқыған, Тәшкендегі қалалық білім бөлімі жанындағы балалар мен интернат үйлерінің меңгерушісі болған Әлімгерей Ершин деген азаматпен бас қосып, 1926 жылы Шахбаз атты ұлды болған. Олардың шаңырағында Шахбаздан басқа Сағындық ағасының, қайын жұртының балалары бірге тәрбиеленген.
Әкімгерей аға өз естелігінде: «Аққағаз іске талапты, адамдарға шын ықыласымен қарайтын, зерделі, бауырмал жан болатын. Халықтың қамы үшін атқарып жүрген өзінің күнделікті қарапайым да қиын міндетін жарқын өмір, жаңа тұрмыс құруға септігін тигізетін борышты міндет деп санады…
Отбасында ол жұмсақ мінезді, жинақы адам болды. Барлық істерінен байқалатын нәзік талғампаздық оның тұлғасымен туабіткендей көрінуші еді. Қабақ шытып ашулану, ренжу дегенді білмеуші еді. Сондықтан үйдегі үлкен-кішінің бәрі бір-бірімен сыйласып, тату тұрды. Балалар Аққағаздан ұмытылмас үлгі-өнеге, байсалды тәлім алды», — дейді.
Сондай отбасында өскен Әлімгерей мен Аққағаздың ұлдары Шахбаз Ершин қазақтың маңдайалды ғалымдарының бірі, техника ғылымдарының докторы, қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің профессоры болды. Туабітті сал ауруына шалдыққан Шахбаз Ершин гидродинамика саласына елеулі үлес қосқан. Мұнай құбырлары, одан сапалы мұнай алу, мұнай шығаратын құбырлардың сапасын арттыру жайлы ғылыми зерттеулері тәуелсіз еліміздің мұнай саласына көп пайда әкелді. Шахбаз Әлімгерейұлы 29 ғылым кандидатын, алты ғылым докторын тәрбиелеп шығарған.
«Балапан ұяда не көрсе, соны іледі» дегендей, ата-анасының керемет үлгісі Шахбаз ақсақалдың осындай қайсар тұлға болып қалыптасуына ықпал етті.
Аққағаз туралы айтылар сөздің түйініне келсек, Ақтөбеде қазақтың осындай мықты қызының атын санамызда ауық-ауық жаңғыртып тұратын не бір көшенің, не бір медициналық мекеменің жоқтығы елдігімізге сын емес пе дегіміз келеді. Бұл мәселе үшін Аққағаз Досжанова туралы деректерді жинастырып, халыққа жеткізіп жүрген өлкетанушы Шәйзада Мұқашева қанша шырылдаса да шешімі табылар емес. Қазақтың қаймағын қалқып алған репрессия кезінде талай ардақтымызды үштікке мұрнынан тізіп берген ырғыздық Иванға (Киселевке) қиған көшені елінің алдында ары сүттей таза Аққағаз Досжановаға неге қимаймыз?! Ақтөбеде Киселевтен басқа да көше жетеді, дүниеден кеше ғана өткендердің аты талай көшеге көп қиналмастан беріле салып еді. Аққағазға келгенде кешеуілдеуі қалай?
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



