Көлік ұрлығы көп. Неге?

Соңғы кезде көлік ұрлау, көлікті тонау секілді оқиға жиі орын алып жүр. Деректерге сүйенсек, осыдан бес жыл бұрын елімізде 14 мың көлік қолды болған. Құқық қорғау органдары мамандары ұрланған көліктердің шамамен 20 пайызы із-түзсіз кететінін айтып отыр. Былтыр облыста 181 көлік ұрланған. Соның 48 пайызының ғана қылмысы ашылыпты. Ал көлікті тонау оқиғасы бойынша өткен жылы 302 дерек тіркеліпті.
Тоналып қалдық…
Биыл қаңтар айының басында аулада тұрған жеке көлігін ұрылардың тонағаны туралы редакцияға шағымданып келген Ақтөбе қаласының тұрғыны Назгүл Кеңесқызы былай дейді:
— Былтыр жолдасым 2012 жылы шығарылған «LADA Granta» маркалы көлікті су жаңа күйінде несиеге сатып алған еді. Биыл қаңтар айының 8-нен 9-на қараған түні ұрылар көлігімізді тонап кетті. Көліктің сол жақтағы алдыңғы терезесін сындырып, магнитофон мен бейнеқондырғы, флэшканы ұрлап кетті. Сол түні ұрылар ауладағы 7 көлікті тонаған. Көлігіміздің тоналғанын ертеңгілік жұмысқа барар уақытта білдік. Көршілеріміз де сан соғып қалды. Дереу «102»-ге хабарласып, мән-жайды полицейлерге айттық, сол жерде арыз жаздық. Ұрылар кейбір көліктердің аккумуляторын қолды еткен. Сол түні аулада тоналған көліктердің ешбіріне дабыл қондырғысы орнатылмағаны белгілі болды. Біз де дабыл қондырғысын орнатып үлгермеп едік. Соған қарағанда ұрылар дабыл қондырғысы жоқ көліктерді алдын ала білгенге ұқсайды. Қазір көлігімізді жөндетіп алдық, бірақ ұрылар әлі қолға түскен жоқ. Жаңадан әйнек орнату үшін 8 мың теңге төледік. Магнитоланы 15 мың теңгеге қайта сатып алдық, көлік ішінде орнатылған бейнебақылауды тағы да жаңартуымызға тура келді. Көлікке келтірілген шығынның жалпы көлемі қырық мың теңгеге жуықтайды.
Біз Ақтөбе қаласының Болашақ ауданында тұрамыз. Бұл ауданда көлік мәселесіне қатысты тағы бір проблема бар. Әуежайға барар бағыттағы тасжолдың Болашақ ауданына кіреберіс тұсына бағдаршам қойылса дейміз. Бұл — көптің ұсынысы. Өйткені сол тұста жол көлік оқиғасы жиі орын алады.
Сақтанудың амалы — дабыл қондырғы
Құқық қорғаушылардың келтірген мәліметтерінде Еуропа елдерінен ұрланған көліктердің дені Ресей мен Қазақстанға, ал бізден ұрланғандар Өзбекстан мен Қырғызстан асады екен. Ақтөбелік көліктер көбінесе Ресейге жөнелтіледі. Қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етілген темір тұлпарлардың өзін көлік ұрлаушылар әп-сәтте-ақ үптеп әкететін көрінеді. Өйткені әккі ұрылар бұл істе айла-тәсілдердің бәрін бес саусақтай меңгеріп алғанын полицейлер олардың жасаған әрекеттерінен айқын көреді екен.
Ардагер Уәйдин, облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Соңғы кезде қалада көлік ұрлығы, көлікті тонау оқиғалары жиі тіркеліп жүр. Ұрылардан сақтанудың басты амалы — көлікке дабыл қондырғысын орнату қажет. Өйткені тоналған көліктердің басым көпшілігінде арнайы дабыл қондырғысы болмай шығады. Кейбір әккі ұрылар шетелдік қымбат көліктерге орнатылған дабыл қондырғысының жұмысын тоқтатып, көлік есігін бұзып ашатын көрінеді. Мұндай ұрлыққа баратындар көлік жанында планшеттер мен ноутбуктер арқылы хакерлік шабуыл жасау арқылы көздеген олжасына қол жеткізеді. Өткен жылы облыста көлік ұрлығына қатысты 181 оқиға тіркеліп, оның 48 пайызының ғана қылмысы ашылды. Ал көлікті тонау оқиғасына қатысты 302 дерек тіркеліп, оның 40 пайызға жуығының ізі суымай ашылды. Көлік ұрлығына қатысты болған істің тез анықталуына қаладағы бейне-бақылау қондырғыларының айтарлықтай әсері мол. Өйткені ұрланған көліктің барлық мемлекеттік белгілері орталық базада сақталып тұрады. Егер көлік ұрлығы тіркелсе, сол арқылы тексеріп, көліктің қайда бет алғанына дейін анықтаймыз. Осыдан кейін жол полицейлері мен патруль қызметкерлері көлік тонаушыларды қолға түсіруге әрекет етеді. Жақында осындай бір жағдай тіркелді. «Toyota Land Cruizer 200» маркалы көлігін Ақтөбе қаласынан Ресей асырмақ болған ұры Мәртөк ауданында құқық қорғаушылардың қырағылығының арқасында қолға түсті.
Бір өкініштісі, жүргізушілердің көбісі жеке көліктерді автотұраққа қоюға ынталы емес. Қалтасындағы 100 теңгесін қимай, кейін 100 мың теңгенің үстінде шығынға батып жатады.
Жақында облыс аймағынан Ресейде ұрланған «Мерседес» маркалы көлік табылды. Оның бағасы 150-160 мың АҚШ доллары шамасында. 2013 жылы шығарылған «Мерседес-222» көлігін Қазақстан-Ресей шекарасының Жайсаң автокөлік өткізу жолында Ақтөбе облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері қолға түсірген. Көлікті Белоруссияның 43 жастағы азаматы басқарып келген. Тексеріс және диагностика жүргізу кезінде көліктің алғашқы VIN коды анықталыпты. «Интерполдың» ұрланған автокөліктер жайлы мәліметтер базасына сәйкес, аталған темір тұлпар Мәскеу облысынан ұрланған. Бүгінде осы оқиғаға қатысты облыстық ішкі істер департаменті мамандары қосымша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Салғырттық сан соқтырады
Ардагер Уәйдиннің айтуынша, қолды болған көліктер шетел асады немесе автобөлшек сататын орындарда бөлшектелініп сатылады. Көлікті қара металл қабылдайтын жерге тапсырып, одан түскен пайданы көргісі келетін де ұрылар бар.
— Азаматтардың құқық қорғау органдарына кеш хабарласуы — көлік тонау оқиғасына қатысты деректердің ашылмай қалуының басты себебі. Кейде көлік тонау оқиғасы жүргізушілердің аңғалдығынан да орын алып жатады. Қазір ұрылар үшін ескі көліктердің есігін ашу оңай. Олардың қолында арнайы құралдары болады. Қанша жерден қауіпсіздігі сақталғанмен, қымбат көліктерге де абай болған жөн. Өйткені жүргізушілер көліктің дабыл қондырғысы мен есік құлыптарына сеніп, ішіне қалта телефондарын, қол сөмкелерін тастап кете береді. Мұндай салғырт әрекеттердің арты көлік тонау оқиғасына әкеліп соқтырады. Бұл жерде жүргізушілер жеке басына келетін шығын мен ең ақырғысы — ішкі істер органдарында көлік тонау оқиғасына қатысты деректің көбейетінін қаперіне де алмайды. Полицейлердің тәжірибесінде кейбір жүргізушілердің көлікті аулаға қалдырып, бірнеше күн іссапарға кететіні, кейін темір тұлпарының тоналғанын бір-ақ біліп, құқық қорғау органдарына кеш хабарласатын жағдайлар да жиі кездеседі. Мұндай кезде ұрыны құрықтау тым кеш болады. Өйткені полицейлер үшін көліктің қай күні, қандай уақытта тоналғаны белгісіз, — дейді А.Уәйдин.
Ұрылар — сығандар
Облыстық ішкі істер департаменті мамандары көлік тонау оқиғасына қатысты сығандардың бірнеше рет қолға түскенін анықтаған.
— Көлік тонау оқиғасына күдікті деп танылатын базар маңында жүретін сығандарды қолға түсіру мүмкін емес. Өйткені олар қолды қылған заттарын дереу сатып үлгереді. Өткен жылы «Ақтөбе хром қосындылары» зауыты маңында күндізгі уақытта 4 көлікке ұры түскен. Көліктердің магнитофоны мен кілт құралдарын, іштегі бағалы заттар ұрланған. Көлік тонауға келгенде кейбір ұрылардың белгілі бір көздейтін жерлері болады. Зауыт маңындағы оқиғадан кейін екі-үш күннен соң сол жерге қайта келген екі ұрыны құқық қорғаушылар қолға түсірді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалпы, бұндай іске барғандарды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 175-бабына сәйкес, аса ірі көлемде ұрлық жасады деген айыппен он жылға бас бостандығынан айыру заңнамада көрсетілген, — дейді А.Уәйдин.
Көлік ұрлығының басым көпшілігі мемлекетаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетінен де болып жатады. Олар бір елде ұрланған көліктің ізін жасыру мақсатында екінші мемлекеттегі сыбайластарына өткізіп жіберіп отырады. Ал, керісінше, сыбайластары оларға өздері ұрлаған көліктерін сатуға беріп жібереді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай істерді тергеу амалдары өте қиынға соғады.
«TOYOTA» — ұрылар жақсы көретін марка
Елімізде көлік ұрлау, көлік тонау оқиғасы жиілеп кеткендіктен, көптеген БАҚ көздері ең көп айдап әкетілетін темір тұлпарлардың тізімін жасапты. Bag.кz сайтына шыққан мәліметтерге сүйенсек, ұрылардың ең жақсы көретін маркасы — жапондық «Toyota». Бұл туралы бірнеше сақтандыру компаниялары мәлімдеген. Ең көп ұрланатын көліктер тізімінің екінші сатысында — немістің «Mercedes-Benz» маркасы. «Рorsche» маркалы көліктердің иелері де өз темір тұлпарларын қалайша қорғай алатынын білмей отыр. Бұл орайда Ресейде шығарылатын көліктер де ұрылардың назарынан тыс қалмайды. Осы көліктер халық арасында үлкен сұранысқа ие болғандықтан, ұрылар «Жигули», «ГАЗдарды» айдап әкетіп, бөлшектеп сатады екен. Көбінесе ұрланатын көліктердің қатарына 1991-1998 жылдары конвейерден шыққан темір тұлпарлар жатады.
— Көліктерге байланысты қылмыстың екі түрі болады — айдап әкету және ұрлау. Егер қылмыскер көлікті айдап әкетуді көздесе, онда көлікті иесіне қайтарудың мүмкіндігі туады. Өйткені қылмыскердің басты мақсаты — темір тұлпарды уақытша айдап әкету. Ал қылмыскердің мақсаты көлікті сатып, пайда көру болса, онда темір тұлпарды қожайынына қайтару мүмкін емес, — дейді құқық қорғаушылар.
Статистикаға сүйенсек, көлік ұрлау қылмысы жыл сайын қарқынды түрде өсіп жатқаны байқалады. Айдап әкетілетін көліктердің 75-80 пайызы қожайындарына қайтарылса, ұрланған темір тұлпарлардың 45-50 пайызы ғана иелеріне қайтарылады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



