Аяз атаның сыйлығы өзгерді

Жылдың бас кейіпкері Аяз атаны балапандар асыға күтеді. Мерекелік кеш жақындаған сайын ән айтып, тақпақтарын жаттап, Аяз атаны қарсы алуға қызу дайындалады. Тіпті арман-тілектерін айтып хат та жазады. Он жеті жылдан бері Оқушылар сарайында Аяз атаның рөлін сомдап жүрген Нұрымжан Алдабергенов кішкентайлардың көңілінен шығу оңай емес екенін айтады.
—Аяз ата рөлін ойнау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Себебі баланы иландыру, оларды келесі жылы тағы да келетініңе сендіре білу үшін шеберлік керек. Олар Аяз атаның әрбір қимылын қалт жібермей қарап отырады. Менің дауысым зор. Аяз атаның киімін киіп, үлкен сақал жапсырып «ехе-хе-хе-хи» деп айқайлап кіргенімде кішкентайлар жылап қоя береді. Ал Аяз атаның стилі осындай болғандықтан, дауысыңды жіңішкертіп сөйлей алмайсың. Соңғы жылдары көпшілік арасында бұл мерекені тойлауды тоқтату керектігі айтылып жүр. Менің ойымша жаңа жылды балалар мерекесі ретінде ғана қалдыру керек секілді. Себебі жаңа жылдық кеште балалардың көңіл-күйі тіпті ерекше болады. Олар Аяз атаның бар екеніне шын сенеді, — дейді Нұрымжан.
Нұрымжанның айтуынша, қазіргі балалардың көңілінен шығу қиын. Олар кез келген сыйлықты ала бермейді.
— Бұрын балаларға кәмпит секілді тәттілерді ұсынсақ қуана алатын. Мәселен, «Ромашка» деген кішкентай шоколадты таласып алушы еді. Ал қазіргі балаларға ата-аналары сырт елдің қымбат тәттілерін алып беріп үйретіп тастаса керек, бұндай сыйлықты қабылдамайтын балапандар бар. Біз үшін баланың барлығы бірдей. Сондықтан сыйлықты да бірдей қылып аламыз. Ал біздің бала кезімізде жаңа жыл мерекесі тіпті басқаша өтетін. Мен Ойыл ауданының Қайыңды ауылында туып-өстім. Біздің ауылда жаңа жыл кешіп бұлай дүркіретіп өткізбейді. Ата-анамызға еріп клубтағы кешке барамыз. Мектеп мұғалімі Аяз ата болады. Ауылдың дүкенінде бар тәттілер мен қарандаш, дәптер секілді ұсақ-түйектерді Аяз ата бізге сыйлық ретінде таратады. Соған мәз болып қайтатынбыз. Аяз атадан алған қарандашымызды көпке дейін пайдаланбай, сақтап жүруші едік, — дейді Нұрымжан.
Нұрымжан мереке қарсаңында ата-аналардың тілегі бойынша олардың үйлеріне барып, бүлдіршіндерді қуантып қайтады. Балалар Аяз атаға планшет, ұялы байланыс телефоны секілді сыйлық әкелуін өтініп хат жазады. Ата-аналары оларды алып Нұрымжанға беріп қояды. Аяз атаның кейпіне енген Нұрымжан кішкентайларды мереке күні қуантады. Олар ақсақалға тілектерін орындағаны үшін рахметін айтып, мәз болады.
— Балаларды қуанту үшін кейде осылай өтірік айтуға тура келеді. Бірақ қазіргі балаларды сендіру қиын. Мәселен, мен 5-сынып оқығанша Аяз атаның бар екеніне сендім. Ал қазіргі осы жастағы балалар сенбейді, — дейді Нұрымжан.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



