Мереке

Жұрт жылқы жылынан жақсылық күтеді

жұлдыз жорамал

Жыл он екі айға болжам жасайтын Күншығыс елдерінің жұлдыз жорамалы бойынша жылқы ең жақсы жылдардың бірі болмақ. Жылқы жылына үміт артқандардың сенімі ақталады.

Жыл иесі жылқы қиындыққа төзімді, күш-қуаты мол, еңбекқор, еркіндікті сүйетін жануар. Жұлдыздар шоғыры жыл бойы адал еңбек еткендердің жолы болатынын меңзейді. Бұл жылы адамдардың көпшілігі табысқа жету жолында тынымсыз еңбек етеді. Шығыс жұлдызшылары адамдар жомарт жылдың несібесін көреді деп отыр. Дегенмен, жұлдызшылардың айтатыны болжам ғана, бәрі өз қолыңызда екенін ескеріңіз. 

 

Тышқан (1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008)

Тышқан жылы туғандар табысқа жету жолында барлық мүмкіндікті қолданады. Кез келген адаммен тез тіл табысып кететін мінезі оның жеке басына қажетті мәселелерін шешіп алуына әрқашан көмектеседі. Ол әрқашан, тіпті ең жақын досына жанашырлық танытқанда да өз мүддесін бірінші орынға қояды.

Жылқы жылы тышқан жылында туғандар үшін әдеттегідей ойлаған мақсаттарын іске асыруға оңтайлы жыл. Олар қыркүйекке дейін жұмыс пен демалысты қатар алып жүріп, мамыражай тірлік кешеді. Күз айларында денсаулық мәселесін бірінші орынға қоюлары керек. Өзіне әдеттегіден көбірек көңіл бөліп, миды шаршатпаған, ағзаны дәрумендермен «тамақтандырған» жөн. Әсіресе, табиғат аясында, таза ауада көбірек демалу тышқан жылы туғандардың жұмысқа деген қабілетін арттырады. Биыл денсаулығын дұрыс күткен тышқандар табысқа кенеліп, қызмет бабында жоғарылайды.

Қызмет бабы демекші, жылқы жылы — жұмысбасты тышқан үшін жемісті жыл. Оның ішінде тышқан жылғылар саясатта, ғылым мен шығармашылық салада кәсіби шеберлікті шыңдай алады. Ал бизнесінен табыс тілеген тышқандар «саудада достық жоқ» екенін ескеріп, серіктестерінен сақ болғаны жөн.

Жылқы жылының астрологиялық болжамы тышқанның ақшадан тарықпайтынын, ол үшін жемісті жыл болатынын көрсетеді.

Тышқан бұл жылы көп жұмыс істейді, соның арқасында жақсы табыс табады. Отбасы бюджетіне лотерея ұтысы, жұмыста берілетін сыйақы сияқты күтпеген кіріс кіруі де әбден мүмкін. Олар кіріс қалай кірсе, солай жұмсауға дайын тұрады. Осы жылы баспананы жаңартып, күрделі жөндеу жасауға, жаңа жиһаздар сатып алуға, демалысқа баруға қаражат жұмсайды. Жалғызбасты тышқандар үшін биыл тапқан табысын тойға шашатын жыл. Жылқы жылында отбасын құрғандары бақытты болады.  

 

Сиыр (1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009)

Сиыр жылы туғандар ұстамды келеді. Туған-туыстарының, достарының қайғысына қатты күйзеліп, кімге болсын көмегін аямайды. Кейде бұл қылығы өзіне зиянын тигізеді. Адамдар бұлардың жақсылығын тез ұмытады, алайда қиыс басса, оған түсіністікпен қарайды.

Сиыр жылы туғандар үшін Жылқы жылы сәтті жыл. Сондықтан оны пайдалана білген жөн. Жаңа істерді қолға алып, табысқа қол жеткізе алады. Қызметте жоғары мансапқа қол жеткізіп, қаржы мәселесін де оңды шешуге мүмкіндіктер туады. Сиыр жылғыларды биыл алыс, қызықты сапарлар күтіп тұр, жаңа қонысқа көшуі мүмкін. Шығармашылық жұмыспен айналысатындардың нағыз өндіріп жұмыс істейтін жылы.

Бірінші жартыжылдықта достарының қолдауына сүйенуге тура келеді. Ал егер жаңа іс бастамақ ниетте болса — ең жанашыр, ең сенімді жандарға ғана арқа сүйеген жөн. Сонымен қатар, қандай да бір жаңа іс бастауға, жалпы, маңызды шаруаларды жоспарлауға жылдың алғашқы жартысынан гөрі, екінші жартысы сәттірек болмақ.

Қаржы мәселесіне келсек, бәрі де сиырдың өзіне байланысты. Табыс көзін тауып, тынымсыз еңбек етсе, тым жақсы қор жинап ала алады. Ал азды-көпті шығындар кездессе, аса қайғырудың қажеті жоқ. Орнын толтыру — өз қолындағы іс.

Ақша табамын деп жүріп, денсаулықты күтуді ұмытуға болмайды, әсіресе, жүйкені сақтау керек. Тағы бір ескерер жайт — күз кезінде созылмалы дерттер асқынуы мүмкін. Асқынуларға жол бермеу үшін дәрігермен кеңесіп, алдын ала қамданған жөн.

Барыс (1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010)

Қызба мінезді, ашуланшақ, басқаға билік жүргізгенді ұнататын барыстардың биыл да әдеттегідей ешнәрсеге көңілі толмайды. Бір істі қолға алса, бөгет болған адамдарды ұнатпайтын барыс жылы туғандар жақындарын ренжітіп алудан сақтанса, ескі жылды табыспен шығарып салып, келер жаңа жылды шаттықпен қарсы алады. Тек өмірдің әр қилы сынағынан сүрінбей өтулері қажет. Осалдық танытпау, кездескен кедергілерге мойымау керек! Кедергілерді керісінше жақсы қабілеттерін көрсетуге берілген мүмкіндік деп ойлағанда ғана ұтады. Жылдың алғашқы жартысында күтпеген қызықтардың куәсі болады. Күйгелектік танытпаса да тынымсыз жыл болмақ. Айналасындағы адамдармен тез тіл табысып, ұрымтал сәттерді жіберіп алмауға тырысқан жөн. Жұмыстағы ортасында және отбасында бедел-мерейі арта түспек.
Астрологтар барысқа бәрін ақылмен шешуге кеңес береді. Ашуға берілмей, ұсақ-түйек шаруалардың өзіне жауапкершілікпен қарап, алдына үлкен мақсаттар қоятын кез жетті.

Жылқы жылы барыстар үшін өзін-өзі тізгіндеп ұстап, шыдамдылықпен күту табысқа жеткізетін уақыт екенін жұлдыздар болжайды. Ал тәуекелге басып, күмәнді жобаларды қолға алудың ақыры сәтсіздікке ұшыратуы да мүмкін. Бұл оларды сынақтан өткізетін жыл. Барыстар өздерінің қабілетіне сай шаруалармен айналысып жүр ме, әлде өздері көтере алмайтын шоқпарды белдеріне қыстырып жүр ме? Бірінші жағдайда, әрине, қорқатын дәнеңе жоқ, ал екінші жағдайда жеті ойланып, бір кескен жөн. Жалпы алғанда, Барысқа сыртқы факторлардың, қоршаған ортаның әсері күшті болады.

 

Қоян (1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011)
Жылқы жылы қоян жылы туғандар үшін тосын оқиғаларға толы. Олар жақсы достарын жолықтырады, думанды күндері көп болады. Оқиғалар олардың өмірінің барлық жақтарын қамтуы мүмкін. Бірінші кезекте, әдеби жұмыстармен, ғылыммен айналысатындарды, өнер адамдарын сәттіліктер күтіп тұр. Бұл жылы қояндарды кедергілер де айналып өтпейді. Бірақ бір жаманның бір жақсысы болатынын еске сақтап, еңсені биік ұстаған жөн.

Кез келген мәселеге аса сақтықпен қарап, маңызды шешімдерді өз бетімен қабылдауға батылы жете бермейтін қояндар жылқы жылы дайындаған тағдыр сыйына қол жеткізу үшін батылырақ болғандары дұрыс.

Қоян жылғылар ортаның сәні бола білетін қасиетімен, өзіне қолдау көрсететін жандарды тез табады. Өмір ағысы бір қалыпты, отбасында жауапкершілігі мол, мейірімді, қонақжай қояндар үшін іштарлық қылатындардан сақтанып жүрген дұрыс. Әркімге ақтарылып сыр айта берудің керегі жоқ. Негізі қояндар бұл ақылды керек етпейді, өздері онсыз да сақ.

Қоян жақын араласқан адамдарының жақсы қасиеттерін бойына тез сіңіріп, керек жерінде қолдануға дағдыланған. Жылқы жылы қоян үшін тосын сыйларға толы болатынын ескерсек, ол осы қасиетін сәтті іске асыра алады. 

Екінші жартыжылдықта қаржылық жағдайы жақсарып, кәсібін дамыту арқылы табысқа кенеледі. Астрологтар күз қосымша қаржы көздерін іздестіруге сәтті уақыт деп кеңес береді. Сол сәтті жіберіп алмау үшін қояндар батыл қимылдаулары керек.

 

Ұлу (1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012)

Жылқы жылы ұлулар үшін де сәтті жыл болмақ. Материалдық тұрғыдан алғанда олар үшін бұл жылдың басты ерекшелігі — қаржысы молайып, қоғамдағы орыны нақтыланады. Барлық жоспарлы істері ілгері басады. Егер кедергілерге тап болып жатса, ұлулар жыл бойы мойымай, кездескен кедергілерді ұсақ-түйек деп қабылдап, аттап өте береді. Жылқы жылы әдетте тұйық мінезді, барынша қарапайым көрінуге тырысатын, байсалды, құпияны сақтай білетін, көбінесе үнсіз жүруді ұнататын ұлулар «өсуге» ұмтылады. Бұл жолы ұлуларды ешнәрсе тоқтата алмайды. Себебі ұлу жылы туғандардың қолынан үлкен істерді атқару келеді, қай мәселені де қабырғасымен кеңесіп, өз ақылымен өзі оңаша шеше біледі.

Кейде осындай тұйық мінезді ұлулар отырыстарда ортаның сәні болып кетеді. Оған үнсіз отырғаннан гөрі әзіл айтып, адамдардың көңілін көтерген жарасады. Әсіресе, жылқы жылын қарсы алатын жаңажылдық кеш ұлуларға өзін танытуға көп мүмкіндік сыйлайды. Сондықтан ұлулардың жарқырап киініп, жарқырап жүргені әлбетте дұрыс.

Ақпарат, психология, экономика, қаржы және сандарға қатысты жұмыстар техниканы меңгеруге қабілеті бар ұлулар үшін табыс әкеледі.  Ұлу жылы туған әйелдерден жақсы дәрігерлер, тәрбиешілер шығады. Сондықтан ұлулардың ұжымнан ұзақ уақыт қол үзіп қалмағаны дұрыс. Олар — қоғамға керек адамдар.

Ұлулар — жауапкершіліктен қашпайтын, әділ шешімге жол бастайтын жандар. Қызмет барысында өткен жылдан қалған кей түйткілдердің дұрыс шешім табуы өзіне тікелей байланысты. Бұл істе ұлуларға салқынқанды сабыр мен ақыл-парасаты көмектеседі.

 

Жылан (1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013)

Жылан жылы туғандар сырт көзге ғана ұяң көрінеді. Шамына тисе, ұяңдығын қойып, шынайы келбетін, мінезін көрсетеді. Жылан жылғылардың көбінесе басына пәле болып жабысатын нәрсе — тілі. Жаныңды жаралап алғың келмесе жыландармен абайлап тілдес.

Бұл жыл жыландар үшін ең сәтті жыл болып тұр. Жұмыста — табысқа, қызметте – мансапқа, ғылыми қызмет пен өнерде, тұтастай алғанда, шығармашылық жұмыста жетістіктерге қол жеткізетін жыл. Бұл жылы жыландар аңсаған армандарына қол жеткізеді. Осы жылы туғандардың көпшілігі үйленіп, үйлі-баранды болмақ.

Жаңа жоспарлары мен жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жетістікке жетеді. Жаңадан танысқан адамдарымен жылы сөйлесуге ұмтылса, олар шешілмей жүрген материалдық жағдайын жақсартып алуына себепші болуы мүмкін.  

Жыландар қандай қиындық көрсе де ішкі түйсігі оған қиындықтан алып шығатын жолды әрқашан меңзейді. Бұл жылы да оларды ішкі түйсігі алдамайды, ақылды, көреген, әр қадамын аңдап басатын жыландар үшін мақсатқа жететін күн алыс емес.

Жылқы жылында жылан жылы туған адамдар денсаулығына ерекше күтіммен қарағандары дұрыс. Алкогольдік ішімдіктерден аулақ болып, асқазан-ішек жолдарына жағымды әсері бар дәрумендер қабылдаулары керек.

Жылқы жылында жыландардың жеке өмірінде, отбасында өте жақсы өзгерістер болады. Өмірге сәби келуі, жаңа үй тұрғызуы, жөндеу жұмыстарына кірісуі әбден мүмкін. Тек тағдырдың сыйын күтуге төзсе болғаны, барлық армандарының қалай орныдалғанын өзі де сезбей қалады.

 

Жылқы (1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002)

Жылқы жылында туғандар — өз жылының патшасы. Олар осыны жақсы сезінеді. Жылқылар үшін бұл жыл сәттіліктерге, жақсы жаңалықтарға, соңы сәтті аяқталатын мүмкіндіктерге толы болады. Олар осы жақсылықтардың бәріне өз еңбегімен жетеді. Нағыз жұмысқа жегілетін ат сияқты еңбекқор адамдар — жылқы жылы туғандар. Олар өз жылының иесі болғандықтан ғана сәттіліктерге табан астынан оп-оңай қол жеткізеді деген емес, ешқашан ерінбейтін, жалықпайтын, бір тыным таппайтын еңбексүйгіштігінің арқасында келетін несібеге лайық жандар.

Жылқы жылының иелері бұл жолы қандай жұмыс болмасын өз қабілеттерін жарқырата көрсете алады. Араларынан мықты хирург, мүсінші, кәсіпорын басшысы, дирижер, аудармашы, дизайнер шығады. Өзгелерді жақсы тани алатын қабілетке ие жылқы өз ортасында патшаның рөлін атқарады.

Астрологтардың пікірінше, басқа жыл иелерімен салыстыра қарағанда, жылқы жылы туғандар өте белсенді, тіпті қатты шаршап тұрғанның өзінде қолға алған ісін соңына дейін жеткізбей, демалуды білмейтін адамдар екені анық. Сол белсенділігі бәсеңдемей, тек қана алға ұмтылған жағдайда барлық қиындықтар, күрделі жағдайлар артта қалып, тек күш-жігер, ертеңге деген сенімнің арқасында бәрін  жеңіп шығады. Сондықтан жылқы жылы туғандар үшін ең бастысы — ертеңге сеніммен қараған абзал.
Жұлдыздар бұл жылы жыл иесінің денсаулығынан ешқандай кінәрат табылмас үшін үнемі спортпен шұғылдануға, дұрыс тамақтануға кеңес береді.

 

Қой (1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003)

«Көршісіне» жылқы жаман қарамас. Сондықтан сәл нәрсеге ашуланып, қисайған бетінен қайтпайтын қой жылы туғандар үшін де жылқы жылы ырыздығымен келеді.

Қой жылы туғандарды жарға жығатын мінезі – шешімді тым асығыс қабылдайтындығы. Олар ашуланған сәттерде өзіне де, жанында жүргендерге де қауіпті. Жылқы жылы осы мінезін бақылауға, өзін «тәртіпке салуға» тырысатын қой жылы туғандар айналасындағыларға жаймашуақ болып, отбасының берекесіне айналады. Бала-шаға күтіміне, отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлетін жыл қой жылғылардың жақын-жуықтарына қатысты барлық тілектері орындалады.

Жалпы бұл жыл қойлар үшін қай жағынан да қолайлы кезең. Астрологиялық болжамдар олардың жоспарлары мен армандары жүзеге аса бастайтынын көрсетіп тұр. Өздерін еркін әрі сенімді сезінеді. Белсенділік, табандылық, еңбексүйгіштік танытқан жағдайда үлкен табыстарға қол жеткізеді. Тек кежегесі кейін тартып, жалқаулыққа салынған жағдайда, тағдырдың мырзалықпен тартып отырған сыйынан құралақан қалуы мүмкін.  

Қойлар бұл жылы өздерінің сүйікті жарларын кездестіреді. Махаббатта жолы болады. Адалдыққа бастайтын қадамдарын жары да бағалап, отбасында сүйкімді сәбилер өмірге келеді. Қой бұл жылы «армандар орындалды деген осы-ау» деп бақытты күй кешеді, арқаны кеңге салады.

Денсаулығын нығайту үшін қимыл-қозғалысты көбейте түскен жөн. Жаттығу залдарына баратын мүмкіндігі болмаған жағдайда, үй шаруасына, ауладағы жұмысқа белсенді араласқан дұрыс.

 

Мешін (1908, 1920, 1932, 1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004)

Өзіне-өзі ғашық болып жүретін сәнқой мешін жылқы жылында әдеттегідей өзі ұнататын басқосуларға жиі барып, ырду-дырдуы көп көңілді орталардан табылады. Өзін өзгелерден артықтау санайтын мешін бұл жылы да ерекшеленіп қалудан тартынбайды. Жұлдызы оңынан туып, тағдыры көп күттірген ерекше сый жасайды. Жылқы жылына разы болған мешін жылы туғандар үшін бақыттың кілті табылып, мамыражай өмір басталады.

Жұлдыздар мешін жылғыларға жұмыс ауыстыруға, отбасын құруға, үй салуға, көші-қон мәселесіне байланысты күрделі жаңалықтардан қорықпауға кеңес береді. Өзгерістердің сәтті болмағы олардың қабілет-қарымы мен алға қойған мақсаттарына байланысты. Бұл жерде әйелдер үшін табысты отбасылық бақыт, еркектердің көпшілігі үшін жұмыстағы сәттіліктер әкелетінін айта кеткен орынды.

Эстетикалық жағынан өте сезімтал, ән тыңдап, кітап оқып, гүл өсіргенді ұнататын мешіндер осы жылы нақты істердің ұйытқысы болады. Араларынан безендіруші, археолог, экономист, ағаш шебері, ұсталар көп шығады.

Мешіндердің еркіндікті сүйетін тағы бір мінезін жақын адамы мойындауына тура келеді. Жұлдыздар шоғыры мешіннің отбасында сәби өмірге келетін қуанышты тойлар болуы ықтимал деген болжамға сүйенеді. Мешіндер өздері үшін тамаша болғалы тұрған жылқы жылында қызметінде жақсы табыстарға, түрлі марапаттауларға қол жеткізеді. Түрлі басқосуларда өз биігін сақтап қалуға әрқашан ұмтылатын олар болмашы нәрселер үшін ұсақтанып, пендешілік танытпауы керек. Олардың бойындағы еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілеті, істің көзін таба білер алғырлығы отбасына табыс әкеледі. Алайда, кейде адамдарға сенгіштігінен опық жейтінін қаперден шығармаған жөн.

Денсаулық мәселесінде де астрологиялық болжамдар ерекшеленбейді. Яғни әдеттегідей күтініп жүрсе, жылқы жылында мешіннің денсаулығы сыр бере қоймас.

 

Тауық (1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005)

Жаратылысынан «үйкүшік» тауықтар жылқы жылында да үй-үйелменіне қамқор болып, отбасына деген адалдығын сақтайды. Ақыл-ойы бір басына жететін олар мақсатқа жету жолында кез келген адаммен тез тіл табысып, істің өз пайдасына шешілетін жағын қарастырып жүреді. Бұл қасиеті тауық жылы туғандардың жылқы жылында көптен жоспарлаған істерін тындыруларына көмектеседі.

Бұл — тауықтар үшін баюға, қызмет бабында жоғарылауға, сүюге, сүйікті болуға бастайтын жыл. Отбасын құрғандарды әлбетте бақытты, шаттыққа толы күндер күтіп тұр. Қаңтардың аязы да оларды осы жылы тоңдырмайды. Көктем келісімен жүректерінде махаббат гүлі бүр жарған тауықтар бақыттан басы айналып, отбасылы өмірдің қуанышына кенеледі. Жаз айлары да қызыққа толы болып өтеді. Жазда аздап сыр беріп жүрген қан қысымын реттеп, буын ауруларына қарсы ем-дом қабылдау туралы жоспарды іске асырған дұрыс болады.

Алақаны ырыздыққа толатын жылқы жылына тауықтың еш өкпесі болмайды.

Жұлдыздар шоғыры осы жылы мақсатқа жетуге бетбұрыс жасайтын оң өзгерістерді меңзейді. Алайда, күнде бірсарынды боп қайталана беретін күйкі тірлік жалықтырып жібермес үшін тауықтар өмірлік қағидаларына сәл-пәл өзгеріс енгізгендері абзал. Мәселен, көпшілікпен көңіл көтеретін орындарға барудан бас тартпаған дұрыс. Кәсіпкер тауықтарға бұл жыл жақсы табыстар әкеледі. Темір тұлпар сатып алу мүмкіндігі де басым.
Адамдарды көп толғандыратын қаржы мәселесіне келсек, тауықтың айы оңынан туды дей беріңіз. Жылқы жылында ірі бір компанияның көп акциясын сатып алулары немесе лотореядан ұтып алулары мүмкін.
Астрологтар жылдың бірінші жартысындағы сәттіліктерден көз жазып қалмаса, тауықтар екінші жартысында өзін күткен сыйлықтарды қиындықсыз алатыны туралы кеңес береді.

Тауықтар, жылқы жылында тағдыр ұсынған тамаша мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыз!

 

Ит (1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006)

Ит жылы туғандар сөзшеңдігінен опық жеп қалады және үнемі осы әдетін тыюға тырысып жүреді. Талас-тартыс, дау-дамайға лезде араласып кеткенін өзі де байқамай қалады. Алайдыа, ит жылғылардың ешкімге зияны жоқ.

Жұлдыздар жылқы жылы ит жылы туғандарға болжам жасау оңай шаруа еместігін аңғартады. Бұл олардың көзге көрінбейтін ішкі әлемінде болатын өзгерістерге байланысты. Ит жылы туғандарды жылқы жылында кездейсоқ сәттіліктер күтіп тұрады. Олар өздерін жаңа бастамада сынап көрмек болып, кәсіп ашуы мүмкін. Жігерлі, төзімді иттердің жеңбейтін қиындығы болмайды.

Ит жылғылар кез келген жағдайға бейімделгіш, ұйымдастырушылық қабілеті мол, білімді. Олар өте сезімтал, қашан бәрі орнына келгенше тыным таппай мазасыз күй кешеді. Көп сөйлегеннен гөрі жазғанды қалайды, денсаулығына үлкен мән береді. Еңбекқор, момын, көмекке дайын болғанымен, өз қажеттілігін өзгелерге сездіре алмайтын ит жылы туғандардың бұл жылы жақын-жуықтары қадірін түсініп, үлкен сеніммен қарайды.

Отбасында бала-шағасына қамқор бола білетін адал иттер жылқы жылында мол қазынаға кенеледі. Бала-шағалылары ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, иығынан көп жүк түседі.

Жұлдыз жорамал ит жылғылардың бірқатары алғашқы жартыжылдықта өз денсаулығына сергектікпен қарауын меңзейді. Ит үшін жылқы жылында сөзшеңдігін қоя тұрып, істің байыбына барып, оны сабырмен шешуге тырысу маңызды. Жұмыс жағдайында кейін арада сенімсіздік қалыптаспас үшін өз әріптестерінен қаржы мәселесінде адалдықты, шыншылдықты талап ету керек. Бұл жылды табысты ету үшін итке уақытпен санаспай еңбек етуге, ұжым мүшелерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға тура келеді.
Жұмысбастылыққа салынып, не мақсатыма жетем деп демалыссыз жұмыс жасай беруге аса әуес болмаған дұрыс. Әсіресе, жаз айларында ескі аурулар сыр беріп, мазаны алмас үшін тынығуға уақыт арнау маңызды.
Ит жылғылардың басы бостары сезімге ерік бергені жөн. Өмірлік серігін таңдар алдында жүректі де, миды да қатар тыңдап, асықпай шешім қабылдаған дұрыс. Сәуір мен тамыз айының аралығында махаббат айдынында жүзіп, бақыттан басы айналуы бек мүмкін.

 

Доңыз (1911, 1923, 1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007)

Доңыз жылы туғандар табиғат аясында, бау-бақшада еңбек еткенді, көңілді кештерге қатысқанды ұнатады. Көп нәрсеге басын қатырмайды, проблемалары жөнінде көп ойланбайды. Отбасында бақытты доңыздардың әрқашан бала-шағасы көп болады.

Бойдақтарды соңы некеге ұласатын романтикалық кездесу күтіп тұр немесе сүйіктілерімен бірге демалыстарын есте қаларлықтай өткізеді.
Жұмысбасты, еңбекақысы жоғары доңыз жылы туғандарға ескертеріміз, үнемшілдік серігіңіз болсын, қаражатты оңды-солды шашудан сақ болыңыз.
Астрологтар көктем кезінде алдағы уақытта үлкен көмегі тиетін адаммен танысудың сәті түсетінін болжап, сол мүмкіндікті жіберіп алмауды ескертеді. Доңыз жылғылар жылқы жылында бар күш-жігерін материалдық ахуалын реттеуге жұмсайды. Есесіне, жоспары жүзеге асып, көңілі марқаяды. Сәттілік сенімді серігіне айналып, қай істе де мол табысқа кенеледі. Көптен күткен бағалы сыйлыққа қолы жетеді.

Жыл он екі айдың ең соңғысына иелік ететін доңыз жылына жылқы жылы қолайлы болатынын жұлдыздар шоғыры жыл басталысымен сездіреді. Бір сарынды жұмысты азап санайтын доңыздарға бұл жылы ерекше белсенділік бітіп, көшбасшылық қасиет қонады. Доңыз жылы туғандар әдетте өмірді сүйетін оптимист жандар. Өте адал, ашық мінезді болып келеді.
Доңыз жылы туғандарға айналадағы адамдармен, отбасы мүшелерімен жарасымды сыйластық тек жағымды жаңалықтар сыйлайды. Олар ағайын-туыс, достары тарапынан үлкен қолдау көреді. Бірқатары қызмет жағынан өседі, енді бірі сенімді ортаға жолығады. Мүмкіндікті пайдаланып қалса, ғылымда, өнерде, шығармашылықта жұлдызы жанғалы тұр. Кейде барын ортаға салатын жомарт доңыздар абайламаса, жиған-тергені ортайып қалуы да ғажап емес.

Жақсы тамақтануды жаны сүйетін доңыз үшін уақтылы тамақтанбау денсаулыққа кері әсерін тигізетінін ұмытпаған жөн. Әсіресе, ұзынсары келгенде тамақтың құнарлысын таңдап жеген абзал.

Айгүл Байменова

 

 

  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button