Құлыншақтар тілегі

Жаңа жыл қарсаңында облыстық «Ақтөбе» газетінің қазіргі қызметкерлерінің балаларымен сөйлесіп, құлыншақтардың Жылқы жылынан не күтетінін білген едік. «Бала тілі — бал», ал тілектері қандай? Әлқисса…
«Атқа мінгім келіп жүр»
Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектептің 1 «а» сыныбының оқушысы Арман Серіков Аяз ата бұғы жеккен шанаға мініп орманнан келетінін айтады. Аяз атаны ең алғаш балабақшада көріпті.
— Аяз ата бар балаға сыйлық таратады ғой. Үлгермейтін болғасын біздердің сыйлықтарымызды шанасымен қалдырып кететін. Шыршаны айналып болғасын, ортаға шана толы сыйлық кіргізілетін. Сосын мен сияқты балаларға үлестіретін апайлар. Бірақ, Аяз ата әлі үйімізге келген жоқ. Інім Алмат екеуміз қашан келеді екен деп күтіп жүрміз. Біздер ойыншық джип машинасын, сосын соратын кәмпит жақсы көреміз. Айтпақшы, мен түнде ұйықтар алдында Аяз ата маған Абайдың кітабын сыйласа екен деп тілеп жүрмін. Мен қазір барлық әріпті танимын, жүргізіп оқи аламын. Биыл «Абайдың оқуларына» қатысып, кітап алдым. Мүмкін, оны да маған Аяз ата сыйлаған шығар. Онда сыйлық көп қой, биыл да әкеліп берер. Сосын папам Артём маған жаңа жылдың Жылқы жылы екенін айтты, сосын мені ат спорты мектебіне апарып, атқа мінгізді. Тағы да қара атқа мінгім келіп жүр, — дейді Арман.
«Пульті бар тікұшақ болса…»
№30 орта мектептің 1 «а» сыныбының оқушысы Даниал Әбдібекпен сұхбаттастық.
— Нешедесің?
— Мектепке баратын жастамын.
— Осы Аяз ата қайдан келеді?
— Антарктидадан келеді.
— Оны қайдан білесің?
— «Nickelodeon» арнасында болған Тимми Тёрнер туралы «Очень странное Рождество» киносынан көрдім. Мен білемін ғой, негізі Аяз ата өмірде жоқ.
— Жаңа жылда балаларға сыйлық таратады емес пе?
— Иә, кеше мектепте жаңажылдық ертеңгілік болды. Балалардың барлығы жаңажылдық костюмдер киді. Ақшақарын ертіп Аяз ата келді. Биледік, ойнадық. Бәрімізге сыйлық берді.
— Көрдің бе, Аяз ата балалардың тілегін орындайды, сыйлық үлестіреді. Аяз атадан не сұрар едің?
— Әзірге ойланған жоқпын… (сәл ойланып). Велосипед сұрар едім. Оны қазір берсе, сақтап қоямын. Сосын жазда туған күнімде көшеге алып шығып, тебемін. Айтпақшы, негізі маған пультпен басқарылатын тікұшақ болғаны жақсы болар еді. Жазда Алматыға барғанда, анам маған сондай тікұшақ сатып алып берді. Бірақ, оны ашық алаңда ойнау керек екен, үйде ойнауға болмайды. Маған бәрібір сондай тікұшақ ұнайды.
«Аяз ата — кәдімгі адамдар ғой»
№41 орта мектептің 1 «б» сыныбында оқитын алты жастағы Нұрбек Қошан жаңа жылда Аяз атаның келетініне сенбейтінін айтады. Ағасымен арадағы әңгіме былай өрбіпті:
— Жаңа жылды қатты күтіп жүрмін.
— Неге?
— Сыйлық алғым келеді.
— Шамалы күннен соң, Аяз ата әкеледі ғой.
— Қайдағы Аяз ата? Ешқандай Аяз ата емес, сыйлықты көкем мен апам сатып алады ғой.
— Қой, неге олай дейсің, Аяз ата барлық балаға сыйлық таратады емес пе?
— Аяз ата — кәдімгі адамдар ғой, тек киініп алады аппақ болып, сақал салып…
Нұрбек сыйлыққа ойыншық алғанды ұнатады. «Маша мен аю», «Алдар көсе» мультфильмдерін жақсы көреді. «Балапан» және «Қазақстан» арналарын тапжылмастан көруге бар. Айтпақшы, ол көкесі мен апасына, ағасына сыйлық әзірлеп жүр екен. Оларға «Әзірге, құпия болсын. Сыйлықтарыңды жаңа жылда көрсетемін» дейтін көрінеді.
«Сиқыршы ата-ана керек»
№37 орта мектептің 1 «а» сыныбының оқушысы Мирас Дәрібай жаңа жыл қарсаңында бар баланың тілегін орындайтын Аяз атаға хат жазыпты. Хат мазмұны мынадай:
«Құрметті, Аяз ата! Сіздің бар екеніңізге қуанамын. Сіз неге бізге жылына бір-ақ рет келесіз? Әлде алыста-а-а салқын жақта өмір сүргесін жиі келе алмайсыз ба? Суық тиіп қалмасын, жылы киініп жүріңіз, Аяз ата! Ауырып қалмаңыз! Ауырып қалсаңыз, балаларға сыйлық таси алмайсыз ғой. Балалардың тілегін орындайсыз ғой, менің де сізден сұрарым бар: ең әуелі Ақтөбе қаласы бұдан да әдемі болсын. Сосын отбасыммен бақытты болайын. Бай болайын. Менің ән айтатын өнерім бар, сондықтан да өскенде продюсер болғым келеді. Бұл — болашаққа арналған өтінішім. Осы жаңа жылға маған сиқыршы ата-ана керек боп тұр. «Сиқырлы ата-ана» мультфильмінде бар ғой… Бар тілегімді орындайтын сиқыршы ата-анам болса деп армандаймын. Олардан Аяз атаның өзі үйге келіп, сыйлық әкеп берсе екен деп сұрар едім. Сыйлыққа тәттіге толы қорапша тілеймін. Қорапшаны ашып жатқанда ол жалт-жұлт етіп жарқыраса, сосын тәттілердің арасында маған арналған ақша болса, мен оған өзім бірдеңе сатып алар едім. Тезірек келіңіз. Сау болыңыз. Асыға күтемін».
«Не әкелсе де, қабылдаймын»
№36 орта мектептің 1-сынып оқушысы Ақылбек Тайжігітов бір жыл бұрын «Космос» аялдамасынан «Тұрғындар қалашығындағы» үйіне жаяу барып, таңқалдырған болатын.
Бұл кезде әжесі, ата-анасының қалай әбігерге түсіп, уайымдағанын ол қайдан білсін? Содан жаңа жылда Аяз атасы ата-анасымен хабарласып отырсын деп, сыйлыққа ұялы телефон беріп, оны шырша түбіне қалдырып кеткен болатын.
— Құрастыратын ойыншықтар жақсы көремін. Менде «Лего ситидің» машиналары бар. Енді Аяз атадан «Лего ситидің» ұшағын алғым келеді. Ұшақ қондыратын әуежайы болса, қуанар едім. Бірақ, ол қымбат тұрады. Аяз ата балалардың бәрін ренжіткісі келмейді. Ал егер ақшасы жетпей қалса, мен Аяз ата не әкелсе де, қабылдаймын, — дейді ақкөңіл Ақылбек.
Әбілмансұрдың өнері
Әбілмансұр Сексенбаев қазір төрт жаста. Атасы Сексенбай — ұзақ жылдар бойы жылқы баққан, аттың сырын білетін адам. Әбілмансұр да атасы секілді жылқыны ерекше жақсы көреді. Тау боп үйілген басқа ойыншықтары — бір төбе, олардың арасында аты — бір төбе. Оны ешкімге бермей ойнайды. Жазда нағашы атасының ауылына барып атқа мінгенін әлі күнге дейін айтады.
Әбілмансұр жыл сайын Аяз атаға өнер көрсетеді. Өткен жылы сальто айналып, Аяз атаны мәз қылғаны бар. Кішкентай Әбілмансұр:
— Әжем маған үлкен шырша әкеліп берді. Інім Расул екеуміз оған ойыншықтар ілдік. Аяз атадан мен пультпен жүретін үлкен машина күтемін. Расул екеуміз оны бұзбай ойнаймыз, — дейді.
Әбілмансұрдың тілегін папасы Рүстем орындамақ. Жаңа жылға пультпен басқарылатын машина сыйламақ.
Балалармен әңгімелескен Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



