Мереке

«Атқа мінгіз баланы…»

Бұл — ақын Сағи Жиенбаевтың бір өлеңінің алғашқы жолы. Соңғы он жылдан бері Ақтөбе қаласындағы «Ат спорты түрлері бойынша №10 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жылқыға жаны құмар балалар көкпар, аударыспақ, теңге ілу секілді ат спорты түрлерінің қыр-сырын меңгеріп жүр. Қазір бұл мектепте 400-ге жуық бала спортпен шұғылданады.

 

Нәтиженің іргетасы — тәжірибе

 

Қашаннан да төрт түлікті ерекше бағалаған бабаларымыздың, әсіресе, жылқыны әспеттеуі тым бөлек. Жылқының жүйріктігін, шабандоздың ептілігін сынға салатын ұлттық спорт түрлерінің ішінде күні бүгінге дейін ат жарысы ғана мәнін жоғалтпай келді. Десек те, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көкпар, аударыспақ, теңге ілу секілді ат спорты түрлері қайта жандана бастады. Елімізде ат спортының  аталған  түрлері бойынша түрлі деңгейде жарыстар ұйымдастырылып жүр. Бүгінде ұлттық ат спортын дамытуда республика өңірлерінің арасында сегізінші орынға табан тіреген Ақтөбедегі ат спорты мектебінде қазір болашағынан зор үміт күттіретіндей жастар тәрбиеленіп жатыр.  

Абат Аймағамбетов, ат спорты мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

— Мектебіміз 2005 жылы ашылғанымен, араға бір жыл салып жастардың ат үстіндегі көрсеткен өнерлерінен нәтиже шыға бастады. Яғни, 2006 жылдан бері жастарымыз республикалық біріншіліктерге қатысып жүр. Бұрын-соңды біздің өңірде көкпар ойыны ұйымдастырылмақ түгілі, аты аталмайтын. Себебі, өңірімізде көкпарды дамыту ісі кенже қалды. Біз бәрін жаңадан бастадық. Бастапқы уақытта шабандоздар мен жаттықтырушыларды іздеп, табу  қиын болды. Бірақ, уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, басқалардан басым түсетіндей деңгейге жеттік. Айталық, еліміздің оңтүстік өңірінде ұлттық ат спорты мектебі жақсы дамыған. Бұл өңірде «жаппай көкпар» жиі-жиі ұйымдастырылғаннан болу керек, ат спорты мектебіне дейін-ақ балалар көкпардың қыр-сырын жетік меңгеріп келеді. Оның үстіне, оңтүстік өңірде ат құлағында ойнайтын шабандоздар көп. Қандай да бір чемпионаттың алдында олар шабандоздарын іріктеп алады. Ал біздің аймақта атқа  шабатын балалар аз. Мектепте балалар екі-үш жыл жаттыққаннан кейін ғана нәтижеге қол жеткізіп жатыр. 

Соңғы кезде мектепке келетін балалардың саны көбейді. Мектептегі 18 атты мінуге кезек күтіп қалады. Кейбір балалар күн ұзағына мектепте болғысы келеді, ата-аналарының өтінішімен оларды үйлеріне әрең қайтарамыз.

Қазір мектепте 400-ге тарта бала спортпен шұғылданады. Арасында өзге ұлттың балалары да бар. Оларға жаттықтырушылар көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу, бәйге түрлерінің қыр-сырын айтып, ойнау тәсілдерін үйретеді. Жалпы көкпаршыға ержүректілік, батылдық, мықтылық керек. Осындай қасиеттерді бойларына жинақтаған жастарымыз ересектер арасындағы чемпионаттарға да қатысып, шыңдалу үстінде.

Мектебімізде келешегінен үміт күттіретін жастарымыз баршылық. Атап айтсам, Нұрлан Додай, Мейрамбек Әлиев, Димаш Жалғасов, Мағжан Ахетов, Серік Үсеновтер бүгінде аударыспақтан спорт шебері атағын қорғаса, Әлихан Бәшімбаев теңге алудан спорт шебері атанды. Арман Сағымбаев, Азамат Серғазин, Қанат Тұрсынбаев сынды жастардан да болашақта зор үміт күтеміз.   

Ұлттық ат спорты түрлері қазір ауылдық жерлерде көп дамымай жатыр. Осы жағдай бізді іштей қынжылтады. «Ақбидай» ауыл спорты ойындары ауылдық жерден бастау алуы керек.

 

Конкурдан маман жоқ…

 

Қазір ат спорты мектебінде балалар классикалық ат спортын (конкур) үйреніп жүр. Дегенмен, облыста спорттың бұл түрінен дәріс беретін бірде-бір маман жоқ. Абат Аймағамбетовтің айтуынша, мектепте жастарды конкурдан жаттықтыратын Оксана есімді қыздың мамандығы өзге сала болғанымен, өзі спорттың бұл түріне епті. Әзірге, ол бар білгенін балаларға үйретуден жалықпайды.

Ат үстінде түрлі кедергілерден секіру үшін бірінші кезекте жылқының жағдайы ескеріледі. Өйткені 50 сантиметр биіктіктен басталатын кедергілерді  бағындыру үшін мығым дайындық қажет. Конкур — бірден-бір қауіпті және экстремалды спорт түрі. Оның үстіне, конкур олимпиада бағдарламасына енген ерекше спорт.    Конкурды дамыту — біздің басты мақсатымыз, — дейді ол.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, әзірге мектепте конкурдың алғашқы дайындық жаттығулары болғасын балалар кедергілерден секіру үшін іштегі аттарды мініп жүр. Классикалық ат спорты үшін арнайы бапталған жылқылар қажет.

 

Жабық алаңдағы жаттығулар

 

Қазір ат спорты мектебі ауласында жалпы ауданы 800 шаршы метрлік жабық алаң бой көтеріпті. Жанында жаңа әкімшілік ғимараты тағы бар. Ат үстінде жаттығу жасауға өте ыңғайлы етіп салынған жаңа нысан заманауи құралдармен жабдықталған. Іші кең, жеріне құм төселіпті.

Бұған дейін қыс айларында оқу-жаттығу сабақтары далада өтті. Ат спортының түрлері бойынша қыста далада жаттығу  жасау қиындық тудыратын. Қазір бұл мәселе түбегейлі шешілді.  Балалар жабық алаңда жаттығады. Мен мұнда үш топқа сабақ беремін. Бұл жерге 9-16 жас аралығындағы балалар келеді. Сабақ кестесі оқушылардың уақытына байланысты қойылады. Әр топта оқу-жаттығу сабақтары 1,5 сағатқа созылады. Мектепке алғаш келген бала ең әуелі ат әбзелдерімен танысып, жылқыға күтім жасауды үйренеді.  Содан кейін жүген салу, ат ерттеу секілді жұмыстарға бейімдейміз. Бұл — баланы жылқыға жақындатудың бір әдісі. Бастапқы уақытта балаға  бір ғана атпен жаттығу жасаймыз. Ол үшін мектептегі ең жуас ат таңдалады.  Бір-екі аптада бала аттың қимылдарын толық біліп болады. Содан кейін ғана балаға ат үстінде отыру тәсілі үйретіледі. Ол үшін атқа отырған баланы жабық алаңда ұзын арқанмен жетектейміз. Содан соң жай жүріске, кейін сыдыртып, шоқытып, ең соңынан шабуға үйретеміз.  Өзін ат үстінде еркін ұстай білгенде ғана балалар көкпар, аударыспақ, теңге ілу секілді спорттың қыр-сырын үйренеді,дейді жаттықтырушы Мейрамбек Әлиев.

Қазір мектептегі 18 аттың 8-і көкпарға бейім. Мейрамбектің айтуынша, мұнда әртүрлі жастағы жылқылар бар. Ақбақай, Мираж, Хан атты жылқыларға балалар көп мінеді. Олардың қай-қайсысы да оқу-жаттығу жұмыстарына әбден төселген жануарлар.

Көкпар ойын ғана емес, спорт. Сондықтан спортқа қатысатын жылқыға да қойылатын талап жоғары. Ептілікті, шапшаңдықты, төзімділікті талап ететін сынды кез келген жылқы көтере алмайды. Сол себепті көкпарға қатысатын жылқылар дене бітіміне, ерекшелігіне қарап таңдалады. Көбінесе семіз жылқылар ойынға қатыстырылады. Өйткені бір-бірімен соқтыққанда, жылқыларда физикалық шаршау болмауы керек, — дейді Мейрамбек.

Мектептегі аттарға ерекше күтім жасалады. Олар екі мезгіл жем жейді. Күйі тайған жылқыларға бидай, арасында дәрумен ретінде сәбіз де беріледі. 

 

Нұрдәулеттің ақбақайы

 

Нұрдәулет Сәлімов, Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектептің 6-сынып оқушысы:

— Ат спорты мектебі туралы сыныптас досым Мирастан естіп, келдім. Мұнда атқа мініп жүргеніме үш айдай уақыт болды. Бұған дейін де осы мектепте дәріс алдым. Мектеп қала сыртында орналасқасын, ата-анамның мені мұнда алып келуге көбінесе қолы тие бермейтін болды. Сөйтіп, араға ай салып, қайта келдім. Өзім атқа мініп, шапқанды ұнатамын. Қазір жаттықтырушылар бізге ат спорты  тәсілдерін үйретіп жатыр. Мұнда мен көбінесе Ақбақайға мінемін. Аударыспақ ойыны бойынша мектеп біріншілігіне қатысып, басшылық тарапынан мақтау қағазын алдым.  Кеңқияқтағы туыстарыма барған кезде де, ол жақта ылғи атқа мінемін.

 

P.S. Қазір Мәртөк ауданында ғана ат спорты мектебінің филиалы жұмыс жасайды. Хазірет ауылының тұрғыны, жаттықтырушы Әкимулла Қарабалин мұнда екі топқа, барлығы 16 балаға ұлттық ат спортының қыр-сырын үйретіп жүр.   

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button