Мұхтар Жұмағазиев: Қос саланың қосындысы осындай

Ертең Хромтау ауданында облыстың ауыл шаруашылығы қызметкерлері бас қоспақ. Оған барлық аудандардан осы саланың озаттары қатысады деп күтілуде. . Осында ауыл шаруашылығы саласындағы жыл ішіндегі атқарылған жұмыстар қорытындыланып, оны одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланбақ. Сонымен бірге, бұл күні ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің салтанатына қатынасушылар осы ауданның Қопа елді мекенінде орналасқан «Молочные история» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды ірі қара өсіретін қазіргі заманғы талапқа сай әлеуетті мал фермасының ашылуының куәсі болады. Осы үлкен жиын алдында біздің тілшіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхтар Жұмағазиевке жолығып, әңгімелескен еді.
— Биылғы жыл ауыл еңбеккерлері үшін қалай болды?
— Биылғы жыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне жайлы, жайсыз болды деп кесіп айта алмаймын, орташа жағдайда өтті. Әрине, биыл мол астық аламыз деп үміттендік. Оған дайындық жұмыстары да жақсы жүргізіліп еді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына көмек ретінде облыстық бюджеттен біраз қаражат бөлінді, республика тарапынан да жәрдем берілді. Жеңілдікпен несие беру мәселелері шешілді. Басқа да шаруалар қолға алынды. Бірақ тамыздың ортасынан бастап, нағыз егін жинайтын кезде, жауған жаңбыр үлкен залалын тигізді. Басқа да себептер болды. Сонымен байланысты облыс бойынша жиналған дәнді дақыл егісінің әр гектарынан орта есеппен 5,5 центнерден ғана астық жиналып, 230 мың тонна астық қоймаға құйылды. Бұл — тұқым мәселесін өзімізден шешуге, азық-түлікке қажетті бидаймен, мал азығындық жеммен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.
— Егіншіліктің шаруасы жыл он екі ай жалғасатыны белгілі. Келесі жылға дайындық жұмыстары басталды ма?
— Әр жылдан үлкен үміт күтеміз. Жаңа егінге дайындық қазірден бастап қолға алынуда. Тұқым сапасын жақсарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Тұқым тапшылық ететін шаруашылықтарға жәрдем беру қарастырылуда. Сонымен бірге алған бережақтарды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елбасының тапсырмасына байланысты әртараптандыру мәселесін шешудеміз. Біріншіден, бидай егісінің көлемін азайту, оның орнына мал азығы алқабын молайту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, былтырғы жылмен салыстырғанда мал азығындық дақылды биыл аймақта едәуір көбейттік. Келесі жылға да сондай шаралар қарастырылуда. Атап айтатын болсақ, Алға ауданында «АқТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жекелеген шаруа қожалықтарының бастарын біріктіріп, оған қаржылай қолдау көрсетіп, судан шөбін егуге жәрдем берді. Соның арқасында шаруашылықтар судан шөбінен жоғары өнім алды. Осы шара арқылы «АкТеп» серіктестігі өзіне жеткілікті мал азығын дайындап алды. «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де осындай жұмыстар ұйымдастырылды. Мұнда судан шөбі екі-үш рет орылып, жоғары өнім алынды. Әсіресе, суармалы жерлер тиімді пайдаланылуда. Облыстың ауыл шаруашылығының басты бағытының бірі — мал шаруашылығы. Бұл саланы түбегейлі дамыту үшін облыстың әр ауданында ірі репродуктор шаруашылықтар құрылуда. Соның бір мысалы, күні ертең Хромтау ауданындағы Қопа ауылында сондай бір ірі шаруашылық іске қосылғалы тұр. Ол негізінен 6400 басқа арналған үлкен құрылым. Биылғы жылы 3000 бас малмен іске қосылады. Әзірге ол жерде 2,5 мың бастай ангус асыл тұқымды ірі қара малы тұр. Келесі жылы екінші кезеңі іске қосылады. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Австралия елінен 4 мың бас еттік бағыттағы ангус тұқымды мал әкелінеді.
— Шетелден мал әкелгендегі мақсат белгілі ғой, малдың тұқымын жақсарту көзделеді. Ал ірі қара өсірудегі ішкі мүмкіндік қандай?
— Әрине, біз малдың бәрін даладан тасымалдай бермей, өзіміздегі жергілікті асыл тұқымды малдарды дамытуды да ойластырып, осы бағытта жұмыс жүргізудеміз. Бұл ретте тек шетелдің малына қарап отырған жоқпыз. Өзіміздегі ет бағытындағы ақбас сиырларды өсіруді қолға алудамыз. Мысалы, Әулиекөл тұқымы да біздің жерге жақсы бейімделген өсімтал мал. Осы үшін облыс әкімі 244 миллион теңге жергілікті бюджеттен ақша бөлді. Мал тұқымын жақсарту мақсатында биыл 680 бас бұқа сатып алынып, жергілікті жерлерге таратылды. Бұл жерде «Агросервис» қаржыландыру құрылымы 5 пайыз өсіммен үш жылға несие берді. Асыл тұқымды мал сатып алушылар 222 мың теңге субсидияларын да алады.
— Елбасы қойған экспортқа ірі қара етін шығарып сату міндеті қалай шешілуде? Мал өнімдерін молайтудың болашағы туралы не айтасыз?
— Бұл мәселелер мал бордақылау алаңдары арқылы шешіледі. Осы жүйелер бойынша экспортқа ет шығару жоспарланып отыр. Осы биылғы жылы 10 мың бас мал бордақылау алаңын Алға ауданында «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және 900 бас мал бордақылау алаңын «Жантизер» шаруа қожалығы Хромтау ауданында ашты. Мұнымен бірге, мың жарым бас ірі қараға арналған алаңды осы жақын арада Алға ауданында тағы бір серіктестік ашпақ. Оған бүкіл дайындық жұмыстары жүріп, құрылыс толық аяқталды. Аймақта ет өндіруді молайтудың, экспортқа шығарудың мүмкіндігі жоғары. Қазірдің өзінде тек «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 7 мыңның үстінде ірі қара малы бордақылауда тұр.
Енді сүт бағытындағы шаруаны айтсақ, бұл жерде де біраз жұмыстар атқарылып жатыр. «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2010 жылы шетелден сүт бағытындағы асыл тұқымды сиырлар әкелген болатын. Бұған қоса, биылғы жылы Америкадан сүт бағытындағы 475 бас сиыр әкеліп, «Анди» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақтөбе қаласының іргесінде үлкен шаруа ұйымдастырып отыр. Қазір мұнда шетелден әкелінген сиырлар бұзаулап жатыр. Бүгінгі күнге 300 бастың үстінде төл алынды. Алғашқыда сырттан әкелінген малдың жерсінуіне байланысты іштей қауіп болып еді, қазір малдың біздің жерге жақсы бейімделе бастағанын көріп отырмыз.
— Сіз мал өсіретін ірі құрылымдар туралы айттыңыз. Ал шағын мал фермаларының жағдайы қалай болады? Олардың дамуына мүмкіндіктер бар ма?
— Мүмкіндік өте мол. Бұл бағытта «Агробизнес — 2020» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жерде «мини ферма» деп аталатын, 20 бастан 200 басқа дейін ірі қара малын өсіретін шағын шаруашылықтар құрылмақ. Оған жасалған жоспарларымыз бар. Шағын фермалар негізінен осы қаланың айналасында, атап айтатын болсақ, Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарында болады.
Облыстың оңтүстік аудандарында да мал шаруашылығын дамытуға байланысты жұмыстар қолға алынды. Негізінен, бұл өңірлерде қой шаруашылығын дамыту көзделуде. Ол үшін алдыңғы жылы 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған асыл тұқымды қой сатып алынды. Қазір бұл мал төлімен көбеюде.. Бұл жұмыс келесі жылы да өз жалғасын табады.
Негізі ет өнімін молайту бағытындағы мемлекеттік бағдарлама үш жылға белгіленген.
— Жылды жоғары нәтижелермен қорытындылап отырған шаруашылықтарды атасаңыз?
— Ауа райының қиыншылықтарына қарамастан, өз саласында жоғары табыстарға жеткен жекелеген шаруашылықтар бізде өте көп. Мысалы, «Родники» шаруашылығы бірыңғай егіншілікпен шұғылданады және жылма-жыл тәуір табысқа жетіп жүр. «ЖосалыАгро», «АқжарАгро» туралы да осыны айтуға болар еді. Екі саланы, мал мен егіншілік шаруашылығын тең ұстап, табысқа кенелген «Степное», «Комсомол», «Айс», «Анди», «Бекарыс», «Жамбыл С» сынды шаруашылықтар да бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал сатып алып, үлкен шаруа бастап отырған шаруа қожалықтары қаншама.
Әңгімелескен Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
Күнбағыс өсіруге дағдыландық
Николай ХАМИТОВ, «Сазды» шаруа қожалығының басшысы.
Облысқа өсімдік майын шығаратын қаламызда зауыт салынуына байланысты 2003 жылы облыстық әкімдік жергілікті жерде семинарлар өткізді. Шаруашылықтарға зауыт қажеттілігі үшін майлы дақыл егудің пайдалылығын түсіндірді. Бидайға қарағанда күнбағыс дақылын өсірудің екі есе пайдалылығы белгілі болды. Сондықтан біз сол кезден бастап, осы жолға түсіп, күнбағыс өсіруге бейімделдік. Зауыт көктемде күнбағыс тұқымын жеткізіп беріп отырды. Егін орағы кезінде техникадан жәрдем берді.
Алғашқы жылы мен күнбағыстан әр гектардан 6 центнерден өнім алдым. Ал бидайдан әрі кеткенде 8 центнерден өнім жинайтынмын. Есесіне күнбағыс өнімінің бағасы бидайдан екі есе қымбат болып шықты. Демек, біз үшін пайдалы болды.
Содан бастап, жыл сайын бұл дақылды өсірудің технологиясын жақсарта бердік. Тыңайтқыш қолданамыз. Егістік көлемін де жыл сайын арттыра бердік. Алғашқыда 100, сосын 200, 700 гектар егіп, өткен жылы 1300 гектарға жеткіздік. Менің егіс алқабымның күнбағыс егісі 40 пайызын алады.
Тіпті, қуаңшылық жылдарының өзінде де күнбағыс егісінен құрқол шыққан кезіміз жоқ. Қатты қуаңшылық болған 2010 жылдың өзінде әр гектардан 2,5 центнерден өнім алдық. Ал егістің 80 пайызы күйіп кеткен өткен жылы бұл дақылдан біз әр гектардан 4 центнерден өнім жинадық. Бұл жылы майлы дақылдың қабылдау бағасы өте жоғары болды. Күнбағыс дақылының әр гектары 28 мың теңге жалпы өнім әкелді. Ал шығынымыз 12-15 мың теңге құрады. Яғни, күнбағыс дақылы 100 пайыз таза пайда әкелді. Биыл да баға жоғары.
Егінді ыждағаттап жинадық
Шамиль МУСИН, «Родники» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы.
Биыл 24 мың 700 гектар алқапқа дәнді дақыл егісін салған едік. Оның 9300 гектары ыстық соғып күйіп кеткендіктен есептен шығарылды. Қалған 15 мың гектардың үстіндегі егіс алқабын жинадық. Содан 14 мың тоннадан артық астық алдық. Егісі жиналған дәнді дақылдың әр гектарына түсім 9,5 центнерден айналды. Өзімізді тұқыммен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Тұрғындарға жер үлесі үшін тиісті астығы толық берілді, 550 тонна бидай, 550 тонна жемдік астық таратылды. Шаруашылық сатуға 9 мың тоннадай астық шығарды.
Дәнді дақылдың сыртында шаруашылық 475 гектар сұлы дақылын еккен еді. Одан да тәуір өнім алынды. Жер үлесі бар ауыл тұрғындарына мал азығы ретінде үйлеріне тегін түсіріліп берілді. Қазір буылған мал азығындық сұлы шөбі көліктерге тиеліп, Ақтөбе, Мәртөк аумағына сатуға шығарылуда.
Биыл біз егінді ыждағаттап жинадық. Бастапқыда ауа райы қолайлы болды. Кейін жаңбырға ұласты. Біздің де 400 гектардай дәнді дақыл егісіміз жаңбырға ұрынды. Бірақ арасындағы ашық күндерді пайдаланып жинап алдық. Түнделетіп те орған кездеріміз болды. Далада қалған егісіміз жоқ.
Техникаларымыз өте қуатты. Жиырма шетелдік комбайндарымыз бар. Комбайншыларымыз да тәжірибелі. Мысалы, Павел Дамрин, Виктор Шабаев, Қонай Нұрымов, Аманкелді Дауқұлов жылда егін жинауға тұрақты қатысады.
Қалай дегенде де, біз үшін биылғы жыл табысты болды. Өткен жылы егістің әр гектарынан 3 центнерден ғана өнім жинаған едік. Биылғы өнім біраз шығынымызды орнына келтірді. Ешкімге бережақ қарызымыз жоқ.
Шаруашылықтың айналымында 30 мың гектардай егістік жер бар. Оның құрамы әртүрлі: қара топырақты құнарлы, құмды, сазды болып келеді. Күннің ыстық болуына байланысты соның құмдақты, құмды, сазды жерлеріндегі астық күйіп кетті.
Қазақы қойдың тұқымын өсіреміз
Сисен БЕРДЕНБАЕВ, «Көптоғай» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігінің директоры.
Біз асыл тұқымды мал шаруашылығымен, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсірумен айналысамыз. Ежелгі кәсібіміз бұл. Қиыншылық жылдарының өзінде сол қойдың тұқымын жоғалтпай, асыл тұқымды мәртебесін сақтап, күні бүгінге шейін алып келдік. Қазір қолда 5 мыңның үстінде қой бар. Содан жылма- жыл асыл тұқымды қошқар шығарып, облыс көлеміндегі шаруашылықтарға сатамыз.
Он шақты жылдан бері Еділбай қойының қошқарыменен будандастырып, малдың салмағын арттырып, сапасын жақсартып келеміз. Біздің малымызды облыс көлеміндегі барлық шаруашылықтар сатып алып, жылма-жыл қошқар, тұсақ өсіруде. Яғни біз өңірге асыл тұқымды мал таратушымыз. Бұл кәсіппен айналысып келе жатқанымызға он жылдан асты.
Бүгінде біздің малымыздың бәсі артып тұр. Қошқарлар барлық шаруашылықтарға керек болуда. Себебі 600 бастан жоғары саулық қой ұстаған шаруа қожалықтарына субсидия алу керек болады. Бұл үшін бізден асыл тұқымды қошқар сатып алуға тиіс.
Біздің қойымыз қысқа төзімді. Салмағы жөнінен де тәуір. Ет бағытында да бағалы. Қыста қар теуіп жайылады. Өткен жылы кей отарларымыз шөпке қарамай, қыстай жайылып шықты. Бір қызығы, жайылғаннан ол қойдың күйі таймайды, төл беруге де еш әсері жоқ. Биыл әр жүз саулыққа 108 қозы ерді. Жеріміз от, саулық қой отарлары жайылып шығады. Мал азығын үнемдеуге мұның көп септігі бар.
Ауыл шаруашылығы: деректер мен фактілер
Инвестиция
Облыстың агроөнеркәсіп кешеніне үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына жедел мәліметтерге қарағанда 5413,6 млн. теңге қаржы салынды, бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен қарағанда 22 пайызға артық.
Үстіміздегі жылы Алға, Хромтау аудандарында үш мал бордақылау алаңдарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Хромтауда 3000 бастық тұқым репродуктор шаруашылығы, «Анди» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 500 бастық тауарлы сүт фермасы, Алға ауданында қуаты 20 мың тонналық құрама жем зауыты, Хромтау қаласында қуаты 1,6 мың тонналық нан-бөлке бұйымдарын шығаратын наубайхана цехы, Қурайлы ауылында қуаты жылына 220 тонна көкөніс шығаруға жететін алаңы 2 гектар жылыжай салынды.
Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін барлығы 4 млрд. теңге шамасында қаржы тартылды. Соның нәтижесінде 213 жаңа жұмыс орындары ашылды. Аталған жобаларды жүзеге асыру ет өндірісін — 9,7 пайыз, сүт өндірісін — 1,1 пайыз, көкөніс өндіруді 14,6 пайыз ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өңдеу
Облыста 100-дің үстінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының кәсіпорындары бар.
Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына сүт өңдеу үлесі статистикалық мәліметтерге сәйкес 36,5 пайыз, ет 42,1 пайыз құрайды. Өткен жылға қарағанда ет өңдеудің көлемі 167 пайыз, сүт 259 пайыз өскен.
Азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қоры
Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 900 тонна картоп, 200 тонна қырыққабат, 250 тонна пияз, 150 тонна сәбіз, 20 тонна қызылша және бірінші сортты 240 тонна ұн сақтаулы. Сондай-ақ, күріштің 50 тонна, құмықтың 50 тонна, қанттың 300 тонна пайдаланылмаған қоры бар.
Өнімдер «Табыс» коммуналдық базары және Ақтөбе қаласының барлық бөлігінде орналасқан 8 коммуналдық шағын базарлар арқылы сатылады. Тұрақтандыру қоры мейлінше төмен бағаны ұстап тұруға жағдай жасайды.
Жәрмеңке
Ақтөбе қаласында және аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері апта сайын өтеді. Жыл басынан бері 288 жәрмеңке өтіп, 400 млн. теңгенің саудасы жасалған. Жәрмеңке күндері сауда орындары тегін беріледі және өнім делдалсыз тікелей сатылады. Мұнда сатылатын өнімнің бағасы өзге базарларға қарағанда 10-20 пайыз арзан болады.
«Сыбаға» бағдарламасы
Соңғы 3 жылда 321 фермерлік шаруашылыққа жалпы сомасы 2 020,4 млн. теңге қаражатқа 10 013 бас ірі қара малы сатып алынып, бүгінгі таңда өз төлі есебінен өсірілуде.
Мемлекеттік қолдау
Облыста агроөнеркәсіп кешенінің дамуына мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Үстіміздегі жылдың 11 айының қорытындысымен 1936,0 млн. теңге ауыл шаруашылығы құрылымдары субсидияланды, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 35,3 пайызға артық.
Ветеринария
Биылғы жылы коммуналдық-мемлекеттік ветеринарлық кәсіпорындарды материалдық-техникалық жарақтандыруға республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Арнайы ветеринарлық құрал-жабдықтар, техникалар толық сатып алынды. Оның ішінде 137 «Нива» , 13 «Уаз», 13 «Джип» автокөліктері бар.
Республикалық бюджет қаржысы есебінен 5 аудандық ветеринарлық зертхананың құрылыс жұмыстары аяқталды.
Мал азығын дайындау
Облыс бойынша мал азығын дайындау межесі биыл 128,8 пайызға орындалды. Немесе облыста 1695,9 мың тонна табиғи пішен дайындалды. Жоспарын орындамаған бірде-бір аудан жоқ. Әр ауданда мал азығының берік қоры бар. Мұнымен бірге, «Айс», «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сүрлем дайындап алды.
Егіншілік
Облыс бойынша 426,9 мың гектар алқаптың егісі жиналып, әр гектардан 5,4 центнер өнім алынды. Қоймаға 230,9 мың тонна жалпы өнім құйылды.
Өңірде биыл картоп пен көкөніс тәуір шықты. Ақтөбе қаласындағы «Пригородное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі картоптың әр гектарынан 400 центнерден өнім жинады.
Облыс бойынша үстіміздегі жылдың 6 желтоқсанына 26 316 гектар алқаптың майлы дақылы орылып, әр гектардан 3,7 центнерден немесе барлығы 9 811 тонна өнім алынды. «Ақжар-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі майлы дақыл егісінің әр гектарынан 9 центенерден өнім алуға жетті.
Көненің ізі
Құйылыс — шырайлы мекен
Елбасымыздың саясатының арқасы, тәуелсіздігіміздің бір жемісі — Қобда өңіріндегі қазақтың жерлері ғасырларға шегініп, өз атауларын тауыпты: Қоғалы, Сөгалы, Көкүй. Алдыңғы екеуі — байырғы атауы болар деген ойға жетелесе, кейінгісі Әбілқайыр хан ұрпағы Айшуақтың ұлдары билік құрған тұсты меңзейді. Сөз жоқ, мұның бәрі тарихи орындар. Осы жерде Исатай-Махамбет пен жауласып өткен Баймағамбет сұлтан суға кетеді. Дерек екі түрлі: бірінде Қобда өзеніне десе, екіншісінде Елек өзеніне дейді. Ел ішіндегі айтылатын әңгіме бойынша, сұлтан Ресей патшасынан генерал-майор шенін алып, көңілі тасып жетсе, көктемгі өзендер арнасынан шығып, буырқанып тасып жатыр екен. Арғы бетке шығуға асыққан сұлтанға нөкерлері «Алдияр, қайық сала көрмеңіз!» деп жалынса да, даңқтың буына піскен төре: «Електің менде несі бар, менің Електе нем бар!» деп көнбеген екен дейді. Бұған қарағанда, сұлтанның ажалына жеткен Елек сияқты. Тіпті қайысысы болса да, таласатыны жоқ. Өйткені осы тұстан бастап Елек пен Қобда өзендері қосылып ағып, әрі қарай Жайыққа барып құяды. Қашаннан құйылыс — шұрайлы жер, жайлы мекен саналады. Хан-сұлтандар қосын тегін жерге құра ма, бір кездегі төрелер салдырған көк үйдің орнындағы Көкүй ауылы бүгінде бұзылмаған саф табиғаттың құшағында отыр, іргеде қалың орман, тізеден шабындық. Жерінің бір беті саздауыт, екінші бір беті құмайтты болып ауысып отырады екен. Сәл жаңбыр бүріксе болды, сазды жол көлікті жүргізбей тастаса, кер құмайтты жағы жауын жауғанды білмейді.
Бұлтты күні малды ауылды аралап, бұл жердің табиғатының осы екі мінезін де көріп, бұрынғы «Қазақстанның 15 жылдығы» ұжымшары атанған, бүгінгі Көкүй ауылына орман аралап жүретін жолмен таяп қалғанымызда, жолбасшымыз: «Ескерткішке орман ішінде суретке түселік» деп өтінді. Түстік. Көкке ұмсынған биік теректер суреттің шарасына сыймайтындай көрінеді. «Мұнан да зоры бар» дейді Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісов. Ол өзі осы жердің жігіті болса керек. Үш адамның құшағы жетпейтін екі терек бар көрінеді. Бала кезінде ондай теректер тіпті көп болған. Осы орманда «Қызыл кітапқа» кірген ағаштың сирек кездесетін бір түрі бар екен. Бірақ оның қандай ағаш екенін есіне түсіре алмады. Бұл орманды алқап 2 мың гектар жерді алып жатыр деседі.
Көкүйдің тірегі
Көкүй осы қалың орманның ығында отырған ауыл сияқты көрінді маған. Әр мекеннің тізгінін ұстайтын біріктіруші бір күш болады. Бұл жерде ол «Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Бір кездегі «Қазақстанның 15 жылдығы» кеңшарының ізінен қалған шаруашылық. Осы кеңшарды ұзақ жылдар басқарған Мұғалжар Бірімбетов сақтап қалған. Шынын айтсақ, бұл жердегі «сақтап қалды» дегеніміз аз сөз, дұрысында, асыл тұқымды ірі қара өсірумен шұғылданатын мал фермасын сақтап қана қоймай, одан әрі дамытқан басшы.
Біз келгенде Мұғалжар ағамыз ауылда болмады. Көкүй іргесіндегі жайлауда мал шаруашылығымен айналысатын екі азамат қарсы алды. Өзін атқарушы директормын деп таныстырған азамат Сырым Жаңажанов:
— Асыл тұқымды мал өсірумен айналысамыз. Қазақтың ақбас сиырының тұқымын өсіреміз. 300 сиыр бар, биыл 200 бұзау алдық. Қазір сатуға асыл тұқымды 70 бұқа дайындап отырмыз. Былтыр 56 бұқа саттық. Қашар табыны мұнан бөлек, — деп шаруадан хабар берді.
Маманның бұл әңгімесінен аңғарғанымыз, қазақтың ақбас сиырының тұқымын тарататын облыста екі шаруашылық болса, бұл соның бірі, біреу болса, соның өзі екен. Бұл ауылдың бірсыпыра отбасы осы мал фермасымен сүйенісіп тірлік етеді. Мал қыста ауылдың іргесіндегі қыстақта тұрады. Жаз айында жайлауда бағылады. Малдың ыңғайына қарай малшы әр жайлауға күрке тігіп, отбастарын ауылда қалдырып салт бағады екен. Сірә, бұл ауылдан көп ұзап кетпейтініне де байланысты болар.
— Бір табын сиырды кезектесіп екі адам бағады. Сонда мал бағуда 12 адам бар. Бәрі де ауылдікі. Жайылымдық жеріміздің көлемі 14 мың гектардың шамасында. Жеріміз құмайтты, жақсы. Мал азығын ауылдың адамдарын жалдап шаптырамыз. Техникамыз бар, бірақ көне. Амандық болса, алдағы жылы жаңартпақ ойымыз бар, — дейді атқарушы директор.
Өзі көрші Жиренқопа ауылының жігіті екен. 1992 жылы қалаға көшіп кеткен. Соңғы үш жылда қайтып оралып, осы кәсіпкерлік жолға түскен. Жанында жүрген осы серіктестіктің бригадирі Кенжеғали Жұмабаевтың да сөзі бір жерден шығады:
— Негізі, өмірін мал бағумен өткізген шопанның балаларымыз екеуміз де. Мектепті бірге бітірдік. Еңбек жолымызды мал бағып бастадық. 1998 жылы сол малдан қол үзіп кетіп едік. Біразырақ уақыт басқа кәсіппен айналыстық. Бірақ бәрібір қайтып сол малға келдік. Үшінші жыл биыл.
Ауылдың дәмі
Қаланың өмірінің де дәмін татқан қырықтың ішіндегі жігіттер кәсіпкерлікті ауылдан, оның ішінде мал шаруашылығынан құруды жөн көрген сияқты. Түрлі бағдарламалар арқылы бұған мемлекет те жағдай жасап қызықтырып тұр. Осының бәрі болашаққа сенім тудыратындай. Жалпы бір кезде жан-жаққа шашырап кеткен ауылдың азаматтары қазір ауылға қайтып оралып жатқан көрінеді. Солардың көпшілігі мал бағу кәсібіне көшкен. Серіктестік басшылары өзге жерлердегідей малшыға зәру емес. Тәуір жалақы төлейтін шаруашылыққа адамдар жақсы барады. Біз шаруа басында малшы Сағынтай Әмірғалиевпен де әңгімелестік. Ол басшылық тарапынан өзіне жасалып отырған жағдайға риза сынды.
Бұл шаруашылық еттік бағыттағы ірі қарамен бірге, жылқы өсірумен де дендеп шұғылданады. Арыстан Жымпитов бағатын жылқы табыны биыл да күйлі, қысқа коңды түскелі тұр. Күздің соңына қарай еркек жабағы-тайларды сатуға шығармақ.
Серіктестік бригадирі Кенжеғали Жұмабаев мал өсіргесін асыл тұқымдысын өсіру керек деген пікірде. Әсіресе, қазақтың ақбас сиырының тұқымына жететін мал жоқтығын баса айтады. Оған дәлелі де мықты, иланымды.
— Ақбас сиырдың бұзауы тәулігіне 650-700 грамм салмақ қосады. Еркек мал одан да жоғары. Мал азығын талғамайды. Суыққа төзімді. Жерді қар жапқан кезде ғана қолға қарайды, — дейді.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



