Мәдениет

Балаңыздың серігі қандай басылым?

Баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқаны белгілі. «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерін біріктіретін

«Жас өркен» ЖШС директорының орынбасары Жұлдыз Әбділдә осы мақсатпен Ақтөбеге келді.

— Балалар басылымдарын насихаттау мақсатымен келдім. Тапсырма беріп, айтқызып, хат жіберіп те шешуге болады. Бірақ бір бала болса да, өз аузымыздан естісе, кездесіп, сүйікті басылымдары туралы жүзбе-жүз айтсақ деген ниет бар. Газет-журнал оқу мәдениеті де бала кезден басталады. Неміс елі екі жасқа, үш жасқа арналған кітаптар шығарады екен. Дамыған елдерде ең әуелі балаларға көңіл бөледі ғой. Өкінішке қарай, бізде керісінше балаларға ең соңғы кезекте көңіл бөліп жатамыз. Әрине, біз әрбір отбасыға басылымға жазылыңыз деп айта алмаймыз, әркімнің жағдайы бар, оның үстіне республикалық, облыстық, салалық газеттерге жазылады, «енді балаларыңызға жазып беріңіз» деп айтуға дәтіміз шыдамайды. Алайда, бұлардың бағасы да қымбат емес: «Балдырған» журналы 1600-1700 теңге тұрады. «Ақжелкен» журналы да, «Ұлан» газеті де екі мың теңге шамасында. Оның қасында біз балаға бір сәтте бояп тастайтын суреттері бар дәптерді де 500 теңгеге алып беріп жатамыз ғой.

Бұл басылымдарға кейбір жекеменшік басылымдардың да залалы тиіп отырғанын айту керек. Кейбір жекеменшік басылымдар балаларға суреттеріңді салып жіберіңдер дейді де, яғни сыныптастарымен топ боп түскен суреттерін жариялайды да, кейін сол суреттегі 30 бала журналды сатып алады. Сөйтіп  те журналдарын таратып отырғандар бар. Біз олай етпейміз, — дейді Жұлдыз Әбділдә.

55 жылдық тарихы бар «Балдырған» журналы — балалардың сүйікті журналы. Мұнда өлең, әңгіме, ертегі, кроссвордтар — бәрі бар. Мұнда ақын-жазушылар туралы және олардың балаларға арналған дүниелері беріледі.

Жұлдыз Әбділдә балалар шығармашылығын жариялайтындарын, ол үшін балалардан басылымға жазылғандығын растайтын түбіртек сұрамайтындарын, себебі бала талантты болғанымен, жағдайы болмауы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ, «Балдырған» журналын екі кәсіби суретші безендіреді, олар балаларға ұнайтын суреттердің бәрін өздері салады.  

 Ал «Ұлан» газеті жас тілшілерді даярлайды. Үнемі жазып жүрген балаларды жас тілші ретінде қабылдайды. Айтпақшы, кезінде жас тілші боп бастаған Жадыра Нармаханова қазір «Ақжелкен» журналының бас редакторы болып отыр. Кейбір жас тілшілер журналист болып жүр. Балалар кейін журналист, жазушы болмай-ақ қойсын, жазу олардың ойын жеткізе білуіне, сауатты жазуға көмектесетіні анық. Сондай-ақ, «Ұлан» газеті жыл сайын Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетімен бірге «Журналист болғым келеді» байқауын ұйымдастырады. Ал бұл журналист болуға талаптанған жастың оқуға түсуіне оң ықпал етеді, себебі  журналистикаға түсерде түлектер шығармашылық емтихан тапсырады.

«Ақ желкен» журналында «Ізінен аңыз ерген», «Кісілік келбеті», «Мәртебелі поэзия», «Бүгінгі проза» айдарлары беріліп тұрады. Ал «Ер жеттім, бой жеттім» айдары балалармен сырласады. Қазақ балалары ұяңдау келеді ғой. Бірі әке-шешелеріне айтуға батпайды, екіншісі әпкелерінен қорқады. Сондайда газетке хат жазып, сырларын ақтарады.

Алдағы жылды «Балдырған» журналы «Үш бәйтерек» жылына арнап отыр. Балалар әдебиетінің үш белді өкілі — Мұзафар Әлімбаевқа 90, «Балдырғанның» екінші редакторы Тұманбай Молдағалиевке 80, «Балдырған» ашылған күннен бастап жұмыс істеген Қадыр атамыздың 80 жылдығына арналады.

Осы басылымдар әр кітапханада, әр мектептің кітапханасында ең кемі бір-бір данадан болса, соған қуанар едік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button