Денсаулық

ТАМАҚТАНА БІЛЕМІЗ БЕ?

Көп ауру астан болып отыр…

Қазiр елімізге сырттан келетін тағамның түрі көп. Әсiресе, түрлі газдалған сусындар мен шектен тыс тазартылған тағамдар әбден сұранысқа ие болды. Шетелден келетін өнімге жұртшылық та үйір. Ал олардың сапасына мән беріп жатқан халық аз. Осы мәселеге алаңдаған Қазақ тағам академиясы  еліміздің әр аймағынан орталық құруды қолға алды. Осы орайда облыстағы Қазақ тағам академиясы Батыс Қазақстан салауатты тағамдану орталығының директоры профессор Төленді Кәрімовпен тілдестік.

– Орталықтың ашылу себебі туралы айтсаңыз…

– Біздің елімізде бүгінгі күні  тағамтану ғылымымен айналысатын бір ғана ғылыми орталық бар. Ол – Қазақ тағам академиясы. Әрине, бір орталық жеткіліксіз. Сондықтан академияның жанынан еліміздің өзге өңірлерінде де орталықтар ашу қажет болды. Қазақ тағам ғылымының іргетасын қалаушы академик Төрегелді Шарманов осы мәселені көтеріп, облыс әкімінің қолдауымен өткен жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан тағамтану орталығы дүниеге келді. Орталыққа қажетті  ақша бөлініп, бес айда бірқатар  жұмыстар атқарылды.

Жалпы, орталықтың негізгі мақсаты – тұрғындарды салауатты тағамдану жүйесіне уағыздап, тағам арқылы тарайтын аурулардың алдын алу. Қазір халық арасында тағам арқылы таралатын аурулардың түрі көбейіп кетті. Бұл тағамның  сапасыздығына, құнарсыздығына байланысты. Сондай-ақ, сырттан келетін тағамның да түрі көп. Өйткені біздің елімізде жоғарғы деңгейде тағам дайындайтын кәсіпорындар аз. Сондықтан өнімнің басым бөлігін сырттан әкелуге мәжбүрміз.

Дүниежүзілік медицина орталығының мәліметі бойынша аурудың 35-40 пайызы тағамды дұрыс пайдаланбағандықтан пайда болады екен. Мәселен, медицинаның тигізетін көмегі – 12 пайыз, ал қалғаны салауатты өмір салтын ұстанғанға байла-нысты. Яғни адамдар өз денсаулығын күтіп, дұрыс тамақтана білуі керек.

Әйтпесе түрлі ауруларға шалдығады дейсіз ғой

– Тағам арқылы тарайтын аурулардың бірі – семіздік. Сондай-ақ, оның қатарында қант диабеті мен атресклероз, йод, фтор, темір, өзге де микроэлементтер жетіспейтін көптеген аурулардың түрлері бар. Аса қауіпті ісіктің кейбір түрі де дұрыс тамақтанбау-дың әсерінен пайда болады. Сондықтан біз осы жүйені халыққа түсіндіріп, оның ішінде дұрыс тамақтану арқылы аурудың алдын алуға болатынын ұғындыруымыз қажет. Бұған біздің мүмкіншілігіміз бар.

Орталық жұмысының жандануы қаражатқа байланысты. Қазір орталықтың алдында ат-қаруға тиісті қыруар шаруа тұр. Оның ішінде облыста өндірілетін тағамдардың сапасын зерттеу, олардың құрамындағы өзгеріс-терді анықтап, құндылығын арттыру, т.б. өзекті мәселелер бар. Сондай-ақ, қазір Үкіметіміз мықтап қолға алған мектеп жасындағы балаларды тамақтандыру мәселесі де  қатты ойландырып отыр. Осы салада біз жұмыс істеп жатырмыз.

Сонда қазіргі тағамдардың сапасы қандай?

– Қазіргі кезде өндіріліп жат-қан тағамдардың құрамында күнбағыс майы, ақуыздың  құнды түрлері, тағам талшықтарының  жетіспеушілігі байқалады. Оның есесіне көмірсуы басым тағам көп. Сондай-ақ, аса тазартылған тағамды жиі пайдалану да үрдіске айналды. Табиғи азық-түлік аза-йып барады. Тіпті, қазір барлығы консервіленіп, ұсақталып, пісіруді қажет етпейтіндей күйде  ұсынылып жатыр. Түрлі тағам қоспалары қосылмай ас дайындалмайды. Бүгінде  қоспалардың  1000-нан астам түрі бар. Оның барлығы зиянды болмас, бірақ оның түрін көбейтіп, астың түсін,  дәмін келтіру үшін оңды-солды қоса берсек, пайдасынан зияны көп болары анық. Осыдан кейін тағамның құнарлылығы азаяды. Тіпті, қазір тағамнан улану да көбейіп кетті. Мәселен, соңғы кезде диоксин деген у пайда болды. Ол фосфор қалдықтарының ауада азот қышқылдарымен қосылуы арқылы түзіледі. Адам ағзасының әлсіреп, иммундық жүйенің төмендеуіне де осылардың әсері бар.

Тағы бір мәселе, экологиялық ахуал да тағамның құнарына әсер етеді. Қазіргі экологиялық жағдайда көкөністердің құнарлылығы азаймаса, жоғарылаған жоқ. Өйткені көкөністің сапасы топырақ пен судың тазалығына   байланысты. Қазіргі таңда кейбір көкөністердің құрамынан улы заттар кездесіп жүр. Ауыр металдардан, өнеркәсіптен шығарылатын улы  қалдықтар сол жерде өсіріліп жатқан өнімге әсер етпей қоймайды. Мәселен, Америка ғалымдарының зерттеуі бойынша бүгінгі күні сол елде  өсетін кейбір көкөністер мен жемістердің құрамындағы микро, макроэлементтердің, кальций мен фосфордың деңгейі 40 па-йызға дейін төмендеп кеткен.

Ал бізде ше?

– Біздің елімізде көкөністердің сапасын, оның құрамында қандай улы заттар бар екенін анықтайтын арнайы зертхана жоқ. Өйткені бізде сертификаттау орталығының өзі медицина жүйе-сінде әлі дұрыс қалыптаспаған. Ал бұны бір ізге келтіру үшін көп уақыт керек. Егер аталған жайтқа қаржы бөлінсе, тағам сапасын анықтауда қиындық тумасы анық. Сондықтан облысқа тағам сапасын анықтайтын зертхана қажет.

Бүгінде тағамның төрт түрі бар. Бірінші – тиімді тағамдану, екінші – емдік, үшінші – диеталық, төртінші – емдік-профилактикалық тағам. Осының ішінде диеталық және емдік-профилактикалық тағамдарды молырақ өндіру керек. Оны өндіру өз алдына, соны халыққа жеткізетін тағам орындары болуы қажет. Мәселен, бұрын диеталық асханалар болатын. Қазір ондай орындар жоқтың қасы. Гигиеналық талап бойынша асханалар мен өзге
де тамақтанатын орындарда
20 пайызға дейін диеталық үстелдер болуы керек. Астың қандай ауруға арналғаны туралы арнайы тағамдық мәзірі болуы қажет-ақ.

– Ал сырттан келетін тағамдардың сапасы туралы не айтасыз?

– Ресейден келетін тағамдарды сапасыз деп айта алмаймын. Өйткені екі ел арасында ұзақ жылдардан бері қалыптасқан достық қарым-қатынас бар. Кеңес дәуірінде тіпті етене араласып, азық-түліктің түрін пайдаланып жүрдік. Сондықтан бұл елден келетін өнімнің сапасына күмәнданбауға болады.

Ал алыс шетелден келетін тағамдарға сақ болу керек. Оның ішінде қазір Қытайдан келетін тағамдардың сапасынан қорқуға болады. Бұл елден келетін тағамның басым бөлігі сертификатталмаған. Мәселен, жуырда Қытайда балалар құрғақ сүт құрамындағы меломиннен уланып, әлем дүрлікті. Ал меломин – өндірісте қолданатын химиялық қосынды. Өндірушілер сүт құрамындағы ақуызды  көбейтеу үшін сол меломинді аса көп мөлшерде қолданған. Қазір біздің елімізге келіп жатқан Қытай тағамдарының сақтау мерзімі мен шығарылған күнін, тіпті, тағам құрамындағы заттарды да ажырату қиын. Тағамның қай уақытқа дейін жарамды екенін анықтай алмайсың.

Сондай-ақ, қазір тағам, дәрі-дәрмек саласында «Бат-Бақ», яғни биологиялық активті қоспалар пайда болды. Оның адам ағзасына қажетті кейбір микроэлементтерді, ақуыз түрлерін көбейту үшін пайдасы зор. Бірақ қазір бұны кейбіреулер ақша көзіне айналдырып алды. Бұл қоспаны сатпайтын кісі жоқ. Барлық ауруға ем ретінде толассыз сатылып жатыр. Сатушылардың  басым бөлігі – медицинадан хабары жоқ адамдар. Әрине, сату керек. Бірақ дәріхана жүйесінде ғана саудаға шығарылуы тиіс.

– Арықтататын қоспаларға да құмар болып барамыз…

– Иә, адамдардың салмағын азайтатын дәрілер мен тағам түрлері кеңінен насихатталуда. Сапасына қарамастан бұндай өнімдер елімізге ағылып келіп жатыр. Ал адамдар семіздік ішкен астың құрамына байланысты пайда болатынын  түсіне бермейді. Қазіргі  тағамдарда семіздік тудыратын көмірсулар шамадан тыс көбейіп кетті. Мәселен, АҚШ-ты семiздердiң шектен тыс көбейюi алаңдатып отыр. Семiздiк те қатерлi аурулардың бастамасы iспеттi.

Аурулардың негiзгi себебi – тұз, май, қант сынды азықтарды мөлшерден тыс қолдану. Біздің елімізде де семіз жандардың қатары көбейіп келеді.

– Облыста өндірілетін тағамдардың сапасы қандай?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, бізде тағам сапасын зерттейтін арнайы зертхана жоқ. Сондықтан да облыста өндірілетін тағамның сапасы туралы айта алмаймын.  Қазіргі таңда облыс көлемін-де сүт, ет өнімдерін өндіру оң жолға қойылған. Әрине, өнім құрамындағы қажетті немесе қажетсіз элементтердің қай деңгейде екенін анықтау тек қана зертхана көмегі арқылы жүзеге асады. Сондықтан ашып айту қиын. Және осы мәселеде біздің облыс-тың экологиялық ахуалын да ұмытпауымыз керек.

– Орталық жұмысын жандандыруға байланысты қандай шаралар жасалып жатыр?

– Егер облыстық әкімдік және денсаулық сақтау басқармасы қолдау танытса, орталықтан зертхана ашсақ деген жоспар бар. Сондай-ақ, қазір балаларды тамақтандыратын, олар үшін арнайы тағам дайындайтын орталық жоқ. Сондықтан осы мәселені де бір жолға қоюымыз қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемелерімен байланыс жасап, қаладағы білім ордаларының балаларды қалай тамақтандырып жатқанына бақылау жасадық. Зерттеу барысында бірқатар жұмыстардың атқарылғанын байқадық. Бірақ біреуінде ыстық тамақ берілмесе, енді бірінде құнарсыз тағамдар көп.

Үкімет балаларды 4-сыныпқа дейін тегін тамақтандыру мәселесін де қолға алды. Егер осындай игі шаралар қолдау тапса, бұл мәселе де біртіндеп шешімін таппақ. Сондай-ақ, аудан, ауыл мектептерінің жайы да басты назарда. Сондықтан қазіргі біздің мақсатымыз – осы мәселенің барлығын аудан халқына жеткізу. Біздің жасап жатқан шаруамыз – тамақтанудың түрлі ережелері жазылған арнайы кітапшалар шығарылды, түрлі дөңгелек үстелдер өткізіліп, басқосулар ұйымдастырылды. Ал бұны жетілдірудің жолдары тіпті көп.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button