«Сағыныш — жазылмас дерт дәріге түк…»
ЖАНАР НҰРҒАЛИ
Сені іздеп жүрем…
Қол алысайын арманмен,
Кеудемде менің жаншы, үміт.
Ей, бала, кеттің, Алдар ма ең?
Жүрекке түйір тамшы іліп…
Бақыт дегенім, сенгенім —
Өңім түгілі, түс те емес.
Ақиқатым да, көргенім —
Балалық күнім — күшті елес.
Әлдилер әсем әнімен,
Өң менен түстің арасы.
Сені іздеп жүрем бәрінен,
Ауылдың қара баласы.
Тылсым ойларға қамалып тағы…
Отырмын, міне, тылсым ойларға қамалып тағы,
Бұ несі сонша көңіл шіркіннің алабұртқаны?
Бейтаныс жан ғой көріп тұрғаным алғаш, ал мен, мен…
Дірілдеп кеттім, ғайып боп көңіл қара бұлттары.
Ойладым сонсоң, мұның да арай гүл бақтарында,
Бір қара көзі бар шығар жүрек ырғақтарында…
Тоқтамай сөйлей берсе екен дедім, сезбедің бірақ
Бірінші болып, үлкенсіп өзің тіл қатқаныңда.
Әйтеуір білмен, сезімім ойды дара кез деді,
Соңыра қайтем, бітелмей қалса жара көздері?..
«Шынымен бе?» деп таңданып тұрдым, деген кезіңде
«Таныдың ба, біз бірге ойнағанбыз бала кездері?».
Аға боп өзің баладың мені қарындасыңа,
Көңілге осы сенгендейміз кір жағылмасына.
«Өзіңдей бір жан жолықсын маған» деп қала бердім,
Тәуелдіміз ғой жазмыш заңының бағынбасына.
«Сау бол!» демедің кетерде, әлде асыққаның ба?
Келер деп күттім, алапат бір ой тасып қанымда.
Сезімнің маған нәзік гүлдерін үздірдің-дағы,
Өз қолыңменен кете бардың ғой шашып бағымда.
Бойдағы діріл кеткеннен соң да басылмады бір,
Жыр құмар қыздың сырларын қайта жасырғаны бұл.
Кеткенің жақсы, «қалса ғой» дегем, «асықпай қайт» деп,
Қаумалағанда тұрғандар сені қасыңдағы кіл.
Отырмын енді тылсым ойларға қамалып тағы,
Сен бардағыдай көңілім де түк алабұртпады.
Өлеңмен жусам кетер мезгілсіз ала бұлттары,
Айтылған, бірақ ойлап қайтеміз, балалық бәрі…
Қайда жүрсің?..
Қайда жүрсің, сағынып, аңсағаным?
Сені тосып, күтуден шаршамадым.
Өзің жоқта мазасыз жүрегімді
Ұзақ түндер қанша рет паршаладым.
Қайда жүрсің, жанымды жарық қылмай?
Келмейсің бе, телміртіп зарықтырмай?
Сенсіз жүрек қан жылап, тыншыр емес,
Құшағыңда алау боп жанып тынбай.
Қайда жүрсің, жанымды аласұртып?
Таппай жүрмін ұғатын жанашыр түк.
Алдарқатып сен жоқта жұбатады,
Желіменен жасымды дала сүртіп.
Қайда жүрсің, ұшып-ақ келмейсің бе?
Мені өзіңсіз өзгемен тең дейсің бе?
Білмейсің-ау, жанымда сен болмасаң,
Маған әлем тар болмай, кең дейсің бе?
Сағындым ғой, қайдасың, келмейсің бе?!
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен…
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен,
Ай нұрына шыланған кірпігімнен,
Жүрегімнен арайлы жыр-Күн ілген.
Біле білсең, менімен сүрген бір күн —
Менсіз өткен қадірлі мың күніңнен.
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен,
Балдай тәтті мұң тұнған жанарымнан,
Гүлге оранған ару жыр алабымнан.
Түсінсең ғой, айырып алар едің,
Менің ғана «Менімді» дара, мыңнан.
Бақыт көре алсаң, қал, қасымда сен,
Күн шуақты әйбат бар ғұмырымнан,
Назды үнімнен, не ерке қылығымнан.
Ал, қасымда қалмағын, күдігің боп,
Таба алмайды деп сенсең, ғұмырың мән…
Мені жұбата алмайды жылымық ән!
Асқар тауым құлады…
Асқар тауым құлады,
Жерге түсті Аспаным.
Бір дүйім ел жылады,
Жоқтау айтып, жас жаным.
Жастан моншақ тағындым…
Еркелетер кім енді?!
Бұлттан қара жамылдым,
Күнім түн боп түнерді.
Жаратқанға бас ұрдым,
«Өңім бе? — деп, Тәңірім?!».
Сырт айналып, жасырды
Жарық Әлем жарығын.
Жазғанынан озбады,
Пендесіне жар Құдай.
Босатшы деп боздадым,
Босатпады жан Құдай!..
Жарық ай
Жақсының азы қалды, көбі кетіп,
Сағыныш — жазылмас дерт дәріге түк.
Бәріне де төреші, шебер Құдай
Сені ғана қалдырған Жарық етіп.
Мен — балаң боп, мойныңа асылмадым,
Еркелеп еш, анам деп бас ұрмадым.
Қалай, қайтіп ішіңде жатыр екен,
Маған деген сезімің — жасырғаның?!
Өзге ұл-қыз бар, қалғанмен емен құлап…
Келесің ғой қартайып менен жырақ.
Менің Тынық мұхитым толқын ұрса,
Саған барып соғар ой — кемем бірақ.
Бала десе ауырар жаны дәйім,
Жапырағың жайқалсын, кәрі қайың!
Үнсіз, іштей жүрерміз сағынысып…
Сен сөнбегін, ей, менің жарық Айым!
Жан-дәруіш…
Жан-дәруіш, жабықтым,
Кейбір күнім — жылымық…
Күтпесе екен тамұқ-түн,
Сізді сүйем, Ұлылық!
Қайда бақыт — Ай керім?
Өмір — сұлу, арбайды үн…
Сізсіз, сірә, қайтемін?
Ана өмір — жан қайғым…
Өлеңімді мұңайтып,
Іздеп Жерден бір Бақыт…
Ай мен Күнге сыр айтып,
Қартаяды Уақыт.
…Құмға сіңіп кетерміз,
Жаралған соң құмнан біз…
Сізге қашан жетерміз,
Бір — Мәңгілік, бір — Жалғыз?!.
ЛИЗА БАҚЫТ
«ҮМІТ, СЕНІМ — ТАҒДЫР ТЕМІРҚАЗЫҒЫ»
Достар даусын сағындым құрақ ұшқан,
Құстар даусын сағындым жырақ ұшқан.
Шөліркедім сәуірдің самалына,
Шаршадым мына қыстан.
Боз бие қар үстінде құлындайды,
Бозторғай боз бұтақта шырылдайды.
Суреті сұп-суық тіршіліктің,
Сананы сығымдайды.
Сөгілсе мұз көбесі қазым қайтар,
Сұңғыла сыбызғының сазын байқар.
Ақпанның ақ қарына жазылған жыр,
Наурызға назымды айтар.
* * *
Сазсырнай сәуірдің самалы,
(Жаз келер шыдасақ шамалы).
Қырдағы құлпырған қызғалдақ,
Көктемнің жанары.
Жап-жасыл жұмақ па жер беті,
Желегін жайыпты боз дала.
Көретін керімсал келбетін,
Керегі көз ғана.
Табиғат өзіңмен үндеспін,
Жыл мезгілдеріндей күн кештім.
Сәуірдің самалы ескенде,
Көктеммен тілдестім.
* * *
Жаңылмайды өз жолынан жұмбақ күн,
Жел ұшырған жапыраққа тіл қаттым.
Түн ұйқымды төрт бөлген жыр-бесікте,
Тербеледі құндақ-мұң.
Елең-алаң. Орта жолға келіппін,
Елесім боп есте қалды елік күн.
Үміт, сенім — тағдыр темірқазығы,
Осы жайды мен ұқтым.
Жетесізге өмір сүру — тар ұғым,
Жұқарғандай қайрақ-төзім қалыбым.
Жырымды оқы, мені түсін, жарығым,
Бәлкім, бекер налыдым.
* * *
Сағым қуып сабылдым ба, сүріндім бе етегіме,
Тұлпар-уақыт тізгін бермей шаң қаптырып кетеді ме?
Бірде наз боп, бірде жаз боп қайран өмір өтеді ме,
Еншімді алып қалу үшін ердім үміт жетегіне.
Жәдігерге жарай ма деп жырдан моншақ тізбеледім,
Жақсылардың жанарынан ізгі ниет іздеп едім.
Көктем келіп тереземнен күн боп күліп қараса да,
Жаным жақын жапырағын төккен күрең күзге менің.
Қоламта боп қалмау үшін жыр-ошақты көсеген ем,
Жан сырымды жамағатқа жайды тағы өсек-өлең.
(Жазуымды тоқтата алмай келемін-ау, десе де мен).
Көк көйлекті көктем кетіп бара жатыр көшеменен.
* * *
Жүректің көзінен жас тамды…
Қоқысқа тасталды шарана-тастанды.
Біреуге бұл өмір бітпейтін бастаңғы,
Біреулер панасыз, аш қалды.
Қаралы күн жапты тағы да аспанды,
Бозөкпе бозбала неге жер жастанды?
Көруге көп жайды жанарым жасқанды…
Көңілім қалайды басқа әнді.
«Мал құлағы саңырау»… Естиміз, көреміз,
Мынау не қара аспан төндірді демеңіз.
Жапырақ секілді өсеміз, (өлеміз),
Бір кем дүние… Жүріп келеміз.
* * *
Сөгілген тігісінен сейсептей сетінедім.
Жалынсыз жасық ойдан жаншылды көкірегім.
Өмірмен күресуге о бастан кепіл едім,
Тамырдан жетілемін.
Жылжимын алғы күнге жаңылмай кезегімнен,
Жұдырықтай жүрегімнен өлең боп сөз өрілген.
Төлегенше тебіренсем: «менің де бір тойым бар»,
Сеземін мен.
Уақыттың алдаспаны көбейтті «әттеңімді»,
Уайымсыз, қамсыз жандар жаныма жат көрінді.
Дүние ақ-қара боп, тағы да қақ бөлінді…
Жабамын дәптерімді.



