Мәдениет

Талдықтың түлегі

Әріптес туралы сөз

 Мектеп бітірген бойда студент атану қазіргі күннің бір салтына айналғалы қашан. Ал өткен ғасырдың, шамамен, 90-шы жылдарына дейін ондай жаппай тегіншілік жоқ еді. Тіпті мектепті төрт пен беске бітіргендерді былай қойғанда, алтын медальмен тәмамдағандардың өзі ел қатарлы емтихан тапсыратын. Кеңестік жүйенің білім сапасына қаншалықты мән беретіні осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па. Сол себепті ол кезгі жоғарғы оқу орнында оқу дегеніңіз пәндік бағдарламаны жаттап алмағандар үшін мектептен соң шаруашылықта жұмыс істеуден кейін, тіпті әскерге барып оралудан соң басталып жататын.

Сондай талапкерлердің бірі Әлібек Татанов еді. Ол мектептен кейін сол кезгі Қарабұтақ ауданының «Талдық» кеңшарында өзі тұрғыластары қатарлы ауыл шаруашылығының әр саласына араласты. Ал ол кезгі ауылда қандай шаруалар болатыны және белгілі: мал бағу, төл алу науқаны, егіс салу, шөп шабу, егін жинау… Және бір ерекшелігі, ол кезде де үкіметтің балалар еңбегін қанауға болмайтындығы туралы заңы болғанымен, осы шаруаның басы-қасында ылғи әр үйдің көгенкөздері жүретін. Әлібек сондай шаруалардың ортасында шыңдалып өскен соң 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті. Бірақ бұған таң қалудың және реті жоқ еді. Мектепте оқып жүргеннен-ақ ол кейін өзімен бірге студент болған қатарластары тәрізді өлең, мақалалар жазатын. Сол  қабілетін студент кезінде одан әрі шыңдай түсті. Бірақ сол кезде әскер қатарына шақырылды да, сонау Чехословакиядан бір-ақ шықты. КСРО заманының әскери бөлімшелері өзгеше тәрбие мектебі еді де, офицерлер шын мәніндегі ұстаздар еді. Мағыналы екі жыл солайша зырлап өте шықты.

Әлібектің өміріндегі біріне-бірі жалғасқан салиқалы сапар содан кейін ғана басталды. Ол университеттегі оқуын сырттай бөлімде жалғастыруды ұйғарды да еңбекке араласып кетті. Және сол жолды өзіне етене таныс Ақтөбеден бастады. 80-ші жылдардың ортасы мен 2000-шы жылдардың аралығы қандай болғаны жөнінде қазір біршама ой түюге болады. Аспанда жүрген идеалдар жерге түсіп, романтиканың бұлағы суалған жылдар еді ол. Талайлардың төзімдері тозып, үміттері бұлдыр елеске айналған. Бірақ Әлібек әуелден бойына біткен оптимизмге толы қасиетін жоғалтпаған (қазір де жоғалтқан жоқ). Сол кезеңде сан түрлі кәсіптің тізгінін ұстады. Комсомолдың орнын басқан Қазақстан Жастар одағының Ақтөбе облыстық комитетін басқарғаны бар, сол шақта Ақтөбеде «Жастар үні»-«Вестник молодежи» атты облыстық жастар газеті шығып тұрғаны есімізде. Одан соң холдингтер мен компанияларда, қоңды мекемелерде журналистикаға қатысы шамалы түрлі қызметтер атқарды. Бірақ қайда жүрсе де журналистерге жат болып кеткен жоқ, өзі қызмет атқарған ортаны газеттер мен телерадио комитеттеріне туыстырып жүрді. Өмірбаянынан хабардар емес адамдар ақсары жүзді, дәйім көңілді жүретін осы жас жігіттің әмбебаптығына, ортасымен тіл тапқыштығына сүйсіне қарайтын.

Сол Әлібек 2008 жылдан бастап біржола қайтадан төл кәсібіне оралды. Осы кезеңдерде «Қазақстан телерадиокомпаниясының» әуелі Жамбыл облыстық, одан соң Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдарының директоры болды. Ал осы шақта Қостанайдағы облыстық филиалды басқарып отыр.

Бұл күнде Әлібек Татановты жұртшылық телевизия саласының білгір маманы ретінде таниды. Ол — «Қазақстанның құрметті журналисі».

Ал Әлібектің тап қазір алдына қандай мақсаттар қойып отырғанын саралап айту біздің емес, бәлкім, өзі ортасында жүрген қостанайлық басылымдардың міндеті болса керек. Біз мұндай қызметке басшы әдетте өз жаңалықтарын енгізіп, өзіне дейінгі жетістіктерді одан әрі нығайта түсу үшін келетінін ғана шамалаймыз. Және өзіміз сонау бозбала шағынан танитын Әлібектің қолынан қандай да іс келетінін анық білеміз.

Сол Әлібек, міне, елу жасқа толғалы отыр екен. Қолымызға қалам алған себебіміз, кәсібіне адал, ісіне мығым, ортасына сыйлы әріптесімізді сол мерейлі шағымен құттықтап, одан әрі де табыс тілеу еді.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button